Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қабдеш Жұмаділов. Кәрілерге ем болатын дәрілер...

29.07.2019 6009

Қабдеш Жұмаділов. Кәрілерге ем болатын дәрілер 16+

Қабдеш Жұмаділов. Кәрілерге ем болатын дәрілер - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Бұл күнде адам баласына асатынан төнетін қауіп-қатер аз ба? Біреу оттан, біреу оқтан, енді біреулер соттан қорқады. Аттап бассаң жол апаты. Үйреншікті ұры-қары тұрыпты ғой, бұрын көз көріп, құлақ естімеген діни экстремизм, лаңкес дейтіні тағы бар. Енді бір білгіштер: «ғаламдану, жаһандану» деген тажалдар келе жатыр. Солардың өңешіне түсіп кетпейік, құдай содан сақтасың деп жал-барынады. Олардың сөзіне сенсең, заманақыр әне-міне тақап тұрған секілді.

Ал біздің Бабағұмар ақсақал осы қашыртқы сөздердің бірде-біріне «мәу» деп айылын жиған емес. Соның бәрі жәй даңғаза дақпырт секілді. Көз алдына ештеңе елестемейді. Ал тіпті сондай қауіп-қатер ел басына төнгенінің өзінде, одан шошитын ештене жоқ, көппен көрген ұлы той. Бүгінде жасы жетпіске толған Бабағұмардың бір ғана жауы бар. Ол басқа емес, ол – баса көктеп келіп қалған кәрілік. Жұрт оны «дауасы жоқ дерт» дейді екен. Уақыт өткен сайын әл-қуатыңды азайтып, қол аяғыңа тұсау салып, әр алуан ауру-сырқауды да өзімен бірге ала келіп, адамды жекелеп апарып жығатын көрінеді. Міне, күрескіш болсаң, осы кәрілікке қарсы күрес!

Бабағұмар кәрілік туралы ертеде өткен даналар не айтты екен деп, соңғы уақытта біраз кітаптарды сүзіп шықты. Қазақта тоқсанға келген, тіпті жүз жасаған кәрілер де аз болмапты. Бір қызығы, солардың ешқайсысы кәрлік жайында бір ауыз жылы сөз айтпаған екен.

Тоқсан деген тор екен, Т

өңірегі қазып қойған ор екен.

Ел қонбайтын шөл екен,

Келмейтұғын неме екен! – депті Бұқар жырау. Тоқсан жыл жасағанына қуанбайды. Жаны күйіп өкінеді. Жасы тоқсанға толған соң хан ордасымен қоштасып, өз еліне келіп, тыным алған екен жарықтық.

Ал өзінің тоқсан беске келген жасын «екі қырық, бір он бестен асып тұрмын, аяқты апыл-тапыл басып тұрмын» деп жұмбақтаған Ақтайлақ би не айтты екен бұл туралы? Ол кісі де кәрілікті жақсы атамайды, керек десеңіз, кәрілікке өлердей өш. Әрі би, әрі ақын Ақтайлақ:

Сексен жас аузымдағы тісімді алды,

Бір-бірлеп бойымдағы күшімді алды.

Жарыммен құдай қосқан енші айырып,

Сүйектей арулаған бөлек салды,– депті бақиға аттанардан он бес жыл бұрын. Жасында өзі сері және аса көрікті болған ұлы би ең алдымен кәріліктің қас қылғандай адамның көркін, сыйқын бұзатынын кешірмейді. «Аузымдағы сөзді алды, маңдайдағы көзді алды, бұтымдағы безді алды» деп кәрілікті кәдімгі тонаушы ретінде айыптайды. Егер сол үшін үкім шығар десе, қара қылды қақ жарған қатал би кәрілікке ердің құнын кесіп қана қоймай, дарға тартатын түрі бар.

Ал он сегізінші ғасырда өмір сүрген Шал ақын не айтқан дейсіз ғой? Ол кісі:

Бұл сексен қойды-ау мені қалжыратып,

Қайтып өлең айтамын алжып жатып.

Сексен түгіл, тоқсанға бойбермесем,

Ұсақ тұрап ет берсе балбыратып, – деп кәрілік пен кедейшіліктің қосарланғаның айтып шағымданады. Демек, кәріліктің бір емі жақсы күтім, жайлы көлік, жылы-жұмсақ ас болғаны ғой. Айтты-айтпады, өзі аш-аламан отырған жоқ жітік-адамға кәрілік келіп қабаттасса, істің құрдымға бет алғаны емес пе?

Ал осы кәрілік пен адамның өмір жасы туралы ұлы Абай не айтты екен? Ұлы ұстаз жасы алпысқа келмей тұрып-ақ, өмірден түңіледі: «көңілім қалды достан да, дұшпаннан да, алдамаған кім қалды, тірі жанда?» немесе «келдік қой талай жерге енді, кіруге-ақ қалдық төрге енді» деген өлең жолдары сол сөздің айқын дәлелі. Абайдың тірліктен безінгені сонша, «жайнаған туың жығылмай, жалын жүрек суынбай, жақсы өліпсің, япырмай» деп өмірден ерте қайтқан інісі Оспанның өліміне қызығады. Демек, ілім-білімге жетік, не ішем, не кием демейтін, шонжардың баласы Абайға да өмір сүру оңай болмағаны ғой.

Бірақ, өткен даналардың шегелеп айтып кеткен өсиетіне қарамай, адамзат баласы, әсіресе біздің қазақ ұзақ жасауға неге құмар? Кейінгі жастарға «ақ сақалды, сары тісті бол! Жасың ұзақ болсын» деп бата беретіні несі? Әлде бұл адам пендесінің жарық дүниені қиып кетуі оңай емес. Сондықтан ұзақ өмір сүріп, тіршіліктің ащысы мен тұщысына әбден тойып, бұл дүниеде қимайтын ештене қалмаған кезде, жер қойнына қуана-қуана кірсін дегені ме екен? Ия, солай болуы да бек мүмкін. Қалай болған күнде де, адамға бір-ақ рет берілетін жарық дүниеден артық не бар дейсің?!

Ал сонда Бабағұмар секілді жетпіске қадам басқан қарттарға не істемек керек? Кәріліктің кісі қызығатын ештенесі жоқ екен деп тірлікті тоқтату керек пе? Не болмаса Алланың бұйыртқан несібесінен ақырына дейін пайдаланған жөн бе? Егер, Бабағұмар бұл тіршілікке алаң болмай, төргі үйде төредей болып жатам десе, оған шарты толып тұр. Шүкір, бәйбішесі Күмісай екеуі қатардан қалмай он бала тәрбиелеп өсіріпті. Алты ұл, төрт қыз. Қазір ұлдары – ұяда, қыздары – қияда. Бәрі де өз алдына отау тігіп, қанаттанып кетті. Бірлі-жары болмаса, шетінен жоғары білімді. Құдауанда, сол балалар кімге тартты екен, бәрі де оқуға алғыр, зерек болды, әйтеуір. Бірнешеуі мектепті алтын медальмен бітіріп, жоғарғы оқуға өз күштерімен түсті. Ал балы жетпегендеріне ақшасын аямай, ақысын төлеп оқытты. Бабағұмар ұзақ жыл аудандық тұтынушылар одағында шикі зат дайындайтын агент болды ғой. Обалы кәнеки, табысы жаман балған жоқ. Бала-шағасын бағуға да, оқытуға да молынан жетіп тұрды. Қазір бұл маңайда ешкімде жоқ, ауласы ат шаптырым кең қоражай да, бір кезде жүн мен тері маялаған зәулім склад-қойма да сол кең құлашты тірліктің арқасы. Кеңес дәуірінде заготовитель дегендерін еркін саудамен айналысатын ең бақуатты адамдардың бірі еді.

Аллаға шүкір, балалары сол еңбегін ақтап, бұл күнде жақсы-жақсы қызметте жүр. Үлкен ұл – Астанада, министрдің орынбасары, екінші ұл – облыста полиция бастығы, үшінші ұл – Алматыда, дербес сауда орталығы бар ірі биснесмен. Осылай кете береді. Қолындағы кеңжесінің өзі – осы ауылдың әкімі. Ал қыздар жағы – оқу ағарту саласында. Ең өле жатқаны мектеп мүдірі, ғылыми мүдірі пән мұғалімдері. Ал осынша баланы тәрбиелеп шығарған Бабағұмар – осы ауылдың бетке ұстар ақсақалы.

Алайда балаларының беделін пайдаланып, ас пен тойда төрде отырғанына мәз болатын шалың – Бабағұмар емес. Әркімнің өз тірлігі өзіне. Бұған енді бұдан былайғы өмірін мүмкіндігінше көнілді өткізу керек. Ең бастысы, күрт қартайып кетпеу. Ал қартаймау – бойындағы жастық қуатыңды сақтау деген сөз. Жасым ұлғайды екен деп, кәрілікке бірден қол көтеріп, бағына салмау. Бұл жағынан ауылдағы өзі қатарлы біраз қарттар бұған серік бола алмайды. Бұл ауылда жөні түзу қарт та қалмапты-ау өзі. Бір екеуі балаларының қолдауымен қажыға барып келді. Қалғандары да – өңкей бір ақ кепеш киген бірәдарлар. «Ұры қартайса сопы болады» дегендей, бір кездегі ұры-қары, маскүнемге дейін құдай жолын ұстап, таспих тартып жүр. Айтатындары – ылғи да ана дүниенің әңгімесі. Ауыздарынан еңсе көтеретін бір көнілді сөз шықпайды-ау!

Сондықтан Бабағұмар ауылдағы шалдармен көп араласпайды. Адамға ештене бермейтін бос мылжыңнан гөрі қолы боста кітап оқығанды қолай көреді. Сауда саласында істегенінің бір пайдасы, түбі балалардың оқуына қажет болар деп, бұл кезінде кітапты көп жинаған. Қазір өзіне таптырмас ермек болды. Бір кезде оқуға қолы тимеген кітаптарды еңді оқып жүр. Сонан кейін күйттейтіні – өзінің күтімі. «Ұсақ турап ет берсе балбыратып» – дейтін Шал ақынның арманы – көкейінде. Апты аралатып, бір бағанаға бата жасап отырады. Негізі сусыны – қымыз. Екі бие байлайтын Оразай шал күніне бір торсық қымызын осы үйге құйып тұрады. Сонан кейінгі бір ермегі – бір уақыт атқа мініп сейілдеу. Құдай жаяу қалғаннан сақтасын! Атқа мінуден қалдым дегенше, бәрі бітті дей бер. Осының бәрі – Бабағұмардың ойынша, кәрілікті тежеп, адам өмірін ұзартатын дәрілер. Бұлардан басқа бойыңды қорғасындай балқы-тып, алпыс екі тамырыңды идіретін тағы бір дәрі бар. Еңдігі әңгіме сол туралы.

Жалпы, Бабағұмардың таяудағы бес-он жылда жығыла кететін ойы жоқ. Әлі де өзіне сенімді, күш-қуаты мығым. Әсілі, бұлардың әулетіңде жүз жасаған кісілер көп болған. Он сегізінші ғасырда өмір сүрген Жолымбет деген атасы 136 жасқа келіпті. Жолымбет биден жеті ұл тараған ғой. Кейін «жеті Жолымбет» аталған солардың ұрпағы бұл күнде Ақсуат халқының қақ жарымын құрайды. Жолымбет би 130 жасқа келгенде, жасы жүзден асқан тұңғыш ұлы Қыдыр алжынқырап отырса керек. Сонда әлі де ақыл-естен танбаған дана би: «Бұл қарғам не көрмеді, ылғи да желдің өті, жаудың бетінде жүрді ғой. Бұл құлынымның шаршайтын уағы болды» деп баласының маңдайынан сипайды екен. Жолымбет би «Ақтабан Шұбыранды» кезіңде елмен бірге Арқаға ауып барып, сол жақта қайтыс болған. Зираты – Ақмола маңындағы «Жолымбет бекетіне» жақын жерде. Кезінде бір жарым ғасырға жуық өмір сурген сол Жолым-беттін тұқымы ғой – бұл Бабағұмар.

Отағасының сәскелік қымызға қанып алған соң, бір уақыт атқа мініп сейілдейтінін жоғарда айтқанбыз. Осының бәрін ретке келтіріп, басқарып отыратын – Күмісай бәйбіше. Омырауынан он бала өргізген алтын алқалы «батыр ана». Бабағұмардың өзінен бір-ақ жас кіші, ата жолдас, қу кәрі. Кезіңде аса ажарлы, сұлу әйелдердің бірі еді, амал не, балалардың әуресімен бұл да қартайды ғой. Дегенмен, ұл-қыздары осы Күмісайға тартқан, бәрі де келбетті, ажарлы. Ұлдары көкжал бөрі-дей, қыздары қызыл түлкідей. Бір сөзбен айтқанда, бұл отбасының тірлігі еш уайым-қайғысыз, былайғы жұрт қызыға қарайтындай тату-тәті жүріп жатқан. Тек, ойда жоқта құйындай соғып өткен бір жағдай бұл шанырақты шайқалта жаздады.

Тәйірі, алақандай ауылда жасырын сыр жата ма, көп ұзамай ауыл әйелдері арасында сыпсын сөз тарады. Сөйтсек, Бабағұмар күн сайын атқа мініп қырға шыққанда, жай ғана сейілдемейді екен. Жоғарғы сай аузындағы сиыр базында жалғыз үй отырған жесір келіншек Қырмызының үйіне барып тұратын көрінеді. Басында бұл сөз ауылдың табын сиырын бағатын бақташы шалдан өрбіген екен. Көп ұзамай ауыл-үйді аралап кетті. Басында бұл хабарды мектепте мұғалім боп істейтін осы үйдегі кіші келін естіген екен. Ол бұл жаналықты сұмдықтай қабылдап, үйдегі енесіне жеткізгенше асықты. Бір ғажабы, Күмісай бәйбіше бұл хабарға бәлендей таңданған жоқ. Сондай-ақ, бұл сөздің жәй өсек емес, шын нәрсе екеніне де күмән келтірмеді. Қайсыбір әйелдерше от алып, қамысқа түсіп, сыр да шашпады.

– Жә, болды, жұрттың өсегіне ілесіп, соны бірге жайып жүрсіңдер ме? Жетпістегі шалға кім дайын тұр дейсің, – деп келінін басып тастады. – Қырмызы – оның жақын келіні, анда-санда туысына барып, хал жағдайын білгенде не тұр?

Ал Күмісайдын ішкі ойы мүлде басқа бағытта жүріп жатыр еді. Осындай бір жаналықты ол көптен күтіп журетін. Өйткені шалының сыры өзіне мәлім, оның күн сайын атқа мініп, үйге тоқтамай қоюында да бір мән бар деп білген-ді. Бабағұмардың осал жері – әйел. Не сыры бар екен, осы күнге дейін күш-қуаты қайтқан жоқ оның. Қашан көрсең бесті айғырдай жер тарпып тұрғаны. Ал Күмісайдың өз басы төсектен қалғалы қашан. Соңғы жылдары күйеуіне «Алда разы болсын» айтып, қасына жолатуды қойған. Тіпті соңғы бір жолы түс шайысып қалатын болған соң: «Айналайын, саған екі дүниеде де мен разы, құдай разы. Бұдан кейін мені әурелеуші болма. Күшің тасып бара жатса жастау біреуді тауып ал!» – деп біржола рұқсатын да беріп еді.

Демек, Бабағұмар бекер қарап жүрмеген болды ғой. Дегенмен, сол шалдың талғамы бар, қармақты басқа біреуге емес, еркектердің көз құрты болған Қырмызыға салғаның көрмейсің бе!

Әлі отызға да келе қоймаған жап-жас келіншекті қалай айналдырып алды екен? Егер күйеуі өзінің тырнағына да тұрмайтын қайдағы бір салпы етекке ұрынса, Күмісай қатты қорланар еді. Ал Қырмызыдай қылықтыға бәрін де қыюға болатын сияқты. Мейлі, қамшының сабындай қысқа ғұмыр ғой, сол ақ қартайғанда құмардан шықсыншы. Өзінен қалған, өзі тояттап болған сарқытты Қырмызыдан аяй ма. Тек, сыпсың сөз жұртқа жайылып кетіп, қызметтегі балаларға кесірі тимесе болғаны.

Әсілі, Бабағұмар серілік, жігітшілік жағынан бұрын да құр алақан еместі! «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда» дегендей, өзі көз сүзген әйелдің меселін қайтару ер жігітке жараспайды деп қарайтын-ды. Жас кезін-де көрікті болды, ақшалы болды. Қай заманда болсын, «күлшелі бала сүймейді».

Айтпақшы, Бабағұмардың домбыраға қосылып ептеп ән айтатыны бар. Ауыл аралап жүргенде «кәнеки сонымен шыққан мүйіз, қасына сұлулардың көп жантайдық» деп, Біржаның «Жамбас сипарын» жиі айтатын. Ал өзі әйелі Күмісай болса үнемі тоқшылықта, бейшара жылара ауыр аяқты болып, аузы мұрнынан шығып отырғаны. «Сұлуды сүймекілік – пайғамбар сүннәті» депті ұлы Абай. Соған қарағанда, жастық шақта ойнап-күлу күнаға жатпайтын болу керек.

Ал Бабағұмардың Қырмызымен ұшқасқаны саңғы бірер жылдың айналасы. Осының алдыңда ғана жол апатынан қаза болған келіншектің күйеуі бұған аталас ағайын болатын. Бастабында кішкентай қызымен жесір қалған әйелдің хал-жағдайын сұрап, тұрмыстық жағынан көмектесіп дегендей, ара-тұра барып тұрды. Бұрын фермада сауыншы боп істеген Қырмызы шаруашылық тараған соң мүлде кәсіпсіз қалған-ды. Орталыққа екі сиырдың сүтін өткізіп, ілдебаймен күн көріп отырған.

Бертін келе Бабағұмардың сиыр базына соғуы жиіледі. Бұл келістің астарында не жатқанын Қырмызы да сезіп жүрді, әрине. Еркектің бойындағы қабындағы күш-қуатты бір жылдан аса жесір отырған ту байталдай күйлі келіншектің сезінбеуі әсте мүмкін емес еді. Олай дейтініміз, Қырмызы да өзіне сенімді болатын. Әлі де ажары таймаған нұрлы дидар, жастық сыны бұзылмаған сұлу мүсін, зипа бой, әлгі романдарда айтылатын қаз омырау, қыпша бел, бәрі де Қырмызының бойында еді. «Маған сұқтанбай гөр, сүймей гөр» дейтіндей. Ал осыған енді жетпістегі қарттың көзімен қарап көр! Бұл жағынан тәжірибесі мол Бабағұмар «Міне, бұрын қолға түспей келген хаса сұлу осы» – деген алғаш көрген сәтте-ақ, – Енді қалған өмірді осы әйелмен өткізсем арман жоқ».

– Әу, Бәке, өзің бір ауылдың жә деген ақсақалысың. Бала-шаға болса анау... Бүйтіп, жас жігітше желіккенің өзіңе жараса ма? – деген бір ішкі дауыс. Бабағұмардың оған қайтарған жауабы қысқа болды.

– Атақ пен абыройды осындағы ақ кепеш киген құрдастарыма қалдырдым. Тәйірі, сол айтқаныңның бәрі сұлудың құшағында бір сәт балқығанға жете ме? Қысқасы, менің өмір сүргім келеді.

Бабағұмар мен Қырмызы бір-біріне көп сөз айтып та әуіре болған жоқ. Егер жаттанды жылтыр сөзге айналса бойдағы буырқанған бұла сезімнің құты қашар ма еді, қайтар еді. Екеуі сөзбен емес, көзбен, елжіреген емеурінмен ғана түсініскен. Тіл дәрменсіз, тұла бойың – тұтқын, қол-аяқ жіпсіз байланған.

– Аға, мұнымыз ел-жұрттан ұят болмай ма? – деген Қырмызы екеуі алғаш оңаша қалғанда, іш киімдерін асығыс сыпырып жатып.

– Несі ұят? Қазақ ғұрпымен алғанда, сен менің әменгерімсің. Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді.

«Айтпақшы, солай екен-ау» дегендей, осы сөз келіншектің көңілін мүлде орнықтырып тастады. Көп ұзамай алғашқы ұят-ибаның орнын ашқарақ құштарлық басқан. Бабағұмар алдын ала мөлшерлегендей, Қырмызы от құшақты, нағыз құймыр әйелдің өзі боп шықты. Еркек көрмеген бедеу айлардың қарымтасын бүгін бір қайтарды-ау!

– Аға, қандай қайраттысыз өзіңіз! – деді Қырмызы таңданысын жасырмай. – Жастардың өзі сізге ілесе алмас.

– Бәрі көңілге байланысты, – деді Бабағұмар келіншекті қайтадан бауырына тартып. – Мен саған ғашықпын ғой, сен соған сенесің бе?

– Бәлкім солай шығар! – деді Қырмызы әлі де алғашқы әсерден айыға алмай. – Сізді жолықтырған мен қандай бақытты әйелмін. Тек, мені жол ортада тастап кетіп жүрмейсіз бе?

– Екеуімізді енді өлім ғана айырар? – деді Бабағұмар үлбіреген ақ тамақтан түшіркене өбіп жатып.

Сөйтіп, бұлардың арасында кәдімгі ғашықтардай тұрақты байланыс орнаған. Бабағұмар екі-үш күн сайын сиыр базына соғып тұрады. Мінген атын жабық қораға енгізіп қойып, жас жесірмен тар төсекте емін-еркін айқасады. Тал бойында бір міні жоқ, сүліктей сұлу дене Бабағұмарды оттай шарпып, қорғасындай балқытады. «Бетіңдегі бір меңіне Бұхара мен Самарқантты бере салар едім» деп Хафиз ақын сұлуларды неге сонша әспеттеді дейсіз. Бабағұмар да жиған-терген бар байлығын осынау ләззатты минуттар үшін құрбан етуге бар еді.

Өзінің қазіргі халіне Қырмызы да дән риза. Күн өткен сайын құлпырып, бұрынғысынан да сұлуланып барады өзі. Мінезі ашық екен, Бабағұмырға балаша еркелейді.

– Қандай қызық, ә! – деді бір күні қайнағаның бауырына ене түсіп. – Сіз – жетпісте, мен – отыздамын. Екеуін қосса жүз жас болады екен. Жүз жасау деген осы емес пе?

– Менің жетпісімді сен өзіңе қосып ал, – деді Бабағұмар – сонда жүз жаста болып шыға келесің...

– Жоқ, менің отызымды сіз қосып алыңыз. Сіз жүз жасауға әбден лайықсыз! – деді келіншек Бабағұмардың дөңгелете қиған, енді ғана бурылдана бастаған сақал-мұртын аялай аймалап.

– Неге олай дейсің?

– Сіз сондай сұлусыз? – деді Қырмызы жас балаша шолжыңдай тіл қатып. –Тұла бойыңызда артық ет жоқ. Қалай сақтағансыз өзіңізді?

– Сен үшін сақтағам. Енді менің бойымдағы өзің ұнатқан нәрсенің бәрі – сенікі. Ешкімнің таласы жоқ.

– Ал, бәйбішеңіз ше?

– Ол тояттап болған. Айналасында он бала өріп жүр, сол жетпей ме?

– Бәйбіше де сізді өлердей сүйген-ау, шамасы.

– Оны қайдан білдің?

– Сізді сүймесе, азаптанып он бала таба ма?

– Күмісай сұлу ғана емес, өте ақылды әйел болды. Осындай күндердің бірінде қолдарындағы кенже ұлдың жасы отыз беске толып, соның туған күніне осы аудандағы ұл мен қыз түгел жиналған. Тек Астанадағы, Алматы мен Өскемендегі үлкен ұлдар ғана келе алмады. Әкелері туралы хабарды бәрі дерлік естіп алыпты, кешкі дастарқанға отырмас бұрын, әкелерінің үйде жоқтығын пайдаланып (Бабағұмар бүгін де атына мініп, сиыр базына кеткен-ді), бәрі бір бөлмеге жиналып, кеңес құрды.

«Бөрік кигеннің намысы бір» дей ме, ұлдар жағы өздерің сабырлы ұстап отыр. Әкелерінің қылығын сұмдықтай қабылдап, белсенділік танытқан – осындағы мұғалім қыздар. Өмір бойы педагогикамен суарылған ағартушы мұғалімдер тақ бір педсоветте отырғандай алма кезек сөз алып, әкелерін біраз жерге апарып тастады. «Ақсақалдың бұл қылығы шектен шыққандық, отбасының абыройын ойламағандық, осыдан кейін ел бетіне қалай қараймыз» десті.

– Мұндағы бізді қойшы, ертең біреулер «Әкелері моралдық жағынан азғындаған» деп, жоғарғы қызметте жүрген ағалардың үстінен арыз жаза ма деп қорқам, – деді аудандық оқу бөлімін басқаратын үлкен қыздардың бірі. Мына сөзді естігенде, бәрінің де қабақтары түсіп, жабырқап қалды.

Кенже ұл кішкентай кезінен қылжақпас, еркелеу болатын. Оның әкесіне жаны ашып кетті-ау деймін:

– Осы сендер қызықсыңдар! – деді апайларына қарап. – Жұрттың әкелері шөккен түйеге міне алмай отбасында омалып отырғанда, біздің әкеміз қызбен қыдырып жүр. Оған бола қорланғанша мақтанбайсыңдар ма, қайта?! – деген отырғандарды еріксіз күлдіріп.

– Саған ойын керек-ау? – деп мектеп мүдірі боп жүрген апайы оны тиып тастады. – Бұл іс асқынбай тұрғанда тиым салмаса болмайды. Келесі жолы орталықтағы ағаларды да шақырайық. Бәріміз ортаға алып, әкейдің тәртібін мықтап тұрып талқылауымыз керек.

Қыздарының сөзі ішіне симады ма екен, осы тұста манадан үнсіз отырған Күмісай тамағын кенеп, қозғалақтады.

– Әй, қойыңдар түге! Үндемегенге өршіп барасыңдар ғой өздерің. Болымсыз шаруаға бола алыстағы балаларды алаң етпексіңдер ме? –деді ол ренжи тіл қатып.

– Сонан соң, әкелеріңнің ісін талқылайтындай, сендер кімсіңдер соншалық? Ұят, намыс деген бар ма сендерде?

Мұндайды күтпеген мұғалім қыздар аналарына қарап, бақырайды да қалды. Тек әлден уақытта:

– Міне, қызық!

– Біз сіздің намысыңызды қорғап отырсақ...

– Сонда, не істеуіміз керек? Әкемізді тәртіпке шақырмай сол беті қоя беруіміз керек пе? – десті жамырап тіл қатып.

– Түк те істемейсіңдер. Тек, әкелеріңді ел көзіне түсетін артық жүрістен құтқару керек, – деді Күмісай.

– Ол үшін ана сиыр базындағы Қырмызы деген келіншекті осы қораға көшіріп алсаңдар болғаны. Ол өзі жұмыссыз жүрген көрінеді. Әрі үй қызметшісі ретінде бізден жалақы алып тұрсын!

– Мама, сіз өзіңіз не айтып тұрғаныңызды білесіз бе? – деді аудандық оқу бөлімінің бастығы анасына шошына тіл қатып.

– Білем, – деді Күмісай мырс-мырс күліп. – Тәйірі, қос қатын алған қазақты жаңа көріп жүр дейсің бе. Қос қатын алу сұмдық болса, орысша тәрбиеленген сендерге сұмдық. Әйтпесе, бұл – қазақтың мың жылдық салты емес пе?

Қыздар үнсіз қалды. Осы тұста аудандық сотта тергеуші боп жүрген ортаншы ұлдардың бірі сөзге араласты.

– Мама, сіз сонда әкемізге ешқандай кінә артпайсыз ба?

– Оған не кінә қоям? Кінә – әкелеріңде емес, менде – деді Күмісай отырғандарды тағы да таңғалдырып. – Көп бала табам деп, мына мен ерте қартайдым. Жұбайылық міндетімді ақырына дейін атқара алмадым. Ал, тұғырдан таймаған еркек мұндайда қатын алмағанда не істейді?

Ақыры, бәрі де Күмісайдың сөзіне тоқтаған. Арада бір апта өткенде, Қырмызы Бабағұмардың қорасына көшіп түсті. Бұрын ұлдардың бірі отырған үш бөлмелі отау үй бос тұрған, қызымен екеуі соған кіріп алды.

Ешқандай сөкеттігі жоқ, жұмыссыз жүрген келіншек үй шаруасының жалданған кісі болып есептелді.

Екі әйел артық сөзге бармай, өзара іштей ұғысқан. Осының бәрін реттеген Күмісай бәйбіше екенін білгенде, Қырмызының төбесі көкке жеткендей болды. Мұндай адамның жолында құл болу аз, құрбан боп кетсең болмас па?!

– Сен енді осы шаңырақтың бір мүшесісің, – деген Күмісай келесі күні-ақ Қырмызыны қасына шақырып.

– Бүгіннен бастап малға да, жанға да, шалға да сен ие боласың. Ал, маған өле-өлгенше тік тұрып қызмет етесің, ұғып тұрсың ба?

– Әміріңізге құлдық, ханым! Бәрі де сіз айтқандай болады, – деді Қырмызы басы жерге жеткенше иіліп.

Бұрынғыдай алысқа сабылмай, іздегенін өз қорасынан тапқан Бабағұмар да бәйбішесіне дән риза. Жаңа жағдайға балалары да көндіге бастаған. Қалыпты тіршілік өз ырғағымен өтіп жатқан-ды.

– Ойбай, Бәке, масқара болдық? – деді Қырмызы бір күні екеуі төсекте жатқанда. – Мен, сірә, жүкті боп қалған сияқтымын.

–Оның не масқарасы бар? Сүйінші сұрамайсың ба, қайта?!

– Ұят-ай, ел-жұртқа не бетімді айтам?

– Несі ұят, баланың әкесі қасында отырса...

– Балаға фамилияңызды бересіз ғой? – деді Қырмызы сәл ойланып қалып.

– Әлбәтта. Ұл туса атын Жетпісбай қоямыз.

Қазір Қырмызының іші білініп қалды. Алда – шілдехана. Көптен көрінбей кеткен Жетпісбай келе жатыр жарық дүниеге. Апырай, қайдағы бір қатып қалған қасаң қағидаларды ұстанамыз деп, өмірге келетін қанша перзенттің жолын кестік десейші?! Бауы берік болсын жарық дүниеге талпынған Жетпісбайдың!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар