Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қабдолов қалыптаған әдебиет теориясының негіздері ...

27.05.2022 5477

Қабдолов қалыптаған әдебиет теориясының негіздері 12+

Қабдолов қалыптаған әдебиет теориясының негіздері  - adebiportal.kz

Әдебиеттану ғылымы үш саладан: әдебиет тарихы, әдебиеттің теориясы, әдебиеттің сынынан тұратынын білеміз. Кез келген шығарманы талдағанда осы үш саланы негізге аламыз. Бірінші шығарманың жазылу тарихын айту арқылы әдебиеттің тарихына бет бұрамыз, автордың осы оқиғаны суреттеуде қандай көркемдік құралдарды пайдаланғанын айта отырып, әдебиет теориясына соғып өтеміз. Қазақ әдебиеттану ғылымының мақтаныштары: әдебиет теориясы бойынша 1926 жазылған Ахмет Байтұрсынұлының ««Әдебиет танытқыш» кітабын, әдебиет тарихы бойынша 1927 жазылған Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет тарихы» кітабын, әдебиет сыны бойынша 1971 жазылған Тұрсынбек Кәкішевтің «Сын сапары» еңбектерін әрбір әдебиетші, студент біліп қана қоймай, зерделеп көңілдеріне тоқу керек деп ойлаймын. З.Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» атты зерттеу еңбегінің оқырман қауымның эстетикалық талғамын өрістетуде орны зор. Кітап жарыққа шыққаннан бастап студенттердің әдебиет теориясын меңгерудегі сүйеніші, білім бастауы болды. Еңбекте шығармашылық өнердің қыр-сыры, жазылу машақаты, жазушы толғанысының психологиялық иірімдерін мысалдармен әдемі түсіндірілген.

З.Қабдолов «Әдебиет теориясының негіздері» зерттеуінің «Бастау» атты алғысөзінде: «Қазақтың әдебиет тану ғылымы туу, қалыптасу дәуірінен өткелі қашан! Бұл ғылымды бүгін де жас деуге де болмайды, бұл ғылым қазір жан-жақты даму, үздіксіз өсу, өркендеу кездерін бастан кешіріп отыр. Әлгі күнге кенжелеп келе жатқан сала – әдебиет теориясы»,- деген екен. Зерттеуші әдебиет теориясына қатысты еңбектер жазып жүрген қазақ ғалымдары Қ.Жұмалиевтің, М.Қаратаевтың, З.Ахметовтің зерттеулерін де атап өтеді. Әсіресе, әдебиет теориясынан Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» мен Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» зерттеулерінің оқырманға берері мол екені айтылады. Әрине, Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» кітабы туралы кеңестік тұста З.Қабдолов ашық айта алмады. Ондай еңбектің болғанын біле тұрса да, кеңестік саясат ауыз аштырмады.
Кейін Ахмет Байтұрсынұлы ақталып, шығармаларымен танысуға мүмкіндік туғанда, ол шығарманы ауызға алуға болған кезде алғашқылардың бірі болып З.Қабдолов пікір білдірді. Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған Қазақстан Жазушылар Одағында 1990 жылы шілде айында өткен конференцияда тұңғыш рет ресми түрде «Әдебиет танытқышты» арнайы ғылыми-теориялық тұрғыда талдап, оның тарихи орнын анықтап, З.Қабдолов баяндама жасады. Ұлт зиялылары туралы еркін ой толғауға болған тұста З.Қабдолов: «Демек, күні кешеге дейін кешең қалып келген әдебиет теориясы да бізде, туған әдебиетіміздің тарихы мен сыны секілді бүтінделеді. Әлгі бір Аристотель қалыптастырған ұғыммен тұжырар болсақ, бұл ғылым да бүтін: мұның да «басы, ортасы, аяғы» бар. Басы – жиырмасыншы жылдарда туған Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы»; ортасы – қырқыншы жылдарға таяу басылып шыққан Қажым Жұмалиевтың «Әдебиет теориясы» мен Есмағамбет Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері»; аяғы – алпысыншы жылдардың ақырына таман жазылып бітіп, жарық көрген Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері», - дейді.
Осы еңбегінде З.Қабдолов: «Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік. Себебі, деп жалғастырады ғалым «С.Сейфуллиннің сөзімен айтқанда, «қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртып, арын бірге жақтаған» Ахаңның араға алпыс жыл салып қайтып оралуы ақын-ойшыл-оқымысты ретіндегі өзге қырларын өз алдына қойғанда, біздің әдебиет туралы ғылымымызды, оның теориясын осылай бүтіндеді. Туған топырағымыздағы әдебиет теориясының басы болып табылатын «Әдебиет танытқыштың» айта қалғандай қадірі мен қасиеті, тарихи мәні мен маңызы дәл осы арада жатыр», -деген пікір білдірді. З.Қабдолов А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» қазақ әдебиет теориясына алғашқы түрен болды, әдеби шығарманы талдаудың түрлерін түрлендіре енгізгенін айтады. Қазақ әдебиет теориясына қатысты зерттеулердің басының басы екенін жазады.
А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышында» әр сөзге, тіпті әрпіне дейін мән беріп, терминге ұсынған сөзінің байыбын, этимологиясын, қазақи ұғымға түсінігін үнемі назарда ұстап, жатық тілмен баяндағанын З.Қабдолов зерделейді. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» өнер түрлерін саралап, жіктеуі мен кейінгі зерттеушілер жіктеуіне аз кем тоқталайық. Бұл жерде айырмасы бар жіктеулерді ғана айтамыз. А.Байтұрсынұлы: «Екінші – балшықтан я металдан құйып, тастан я ағаштан жонып, нәрсенің тұлғасын, тұрпатын, сын-сымбатын келтіре сүгірет жасау өнері. Бұл сымбат өнері болады (европаша скульптура) десе, Қ.Жұмалиев ол өнерді скульптура (мүсін өнері) дейді, З.Қабдолов Қ.Жұмалиев жіктеуіне қосылып, мүсін өнері (скульптура)дейді. А.Байтұрсынұлы «Үшінші – түрлі бояумен нәрсенің ісін, түрін, түсін, кескін-келбетін келтіріп, сүгіреттеп көрсету өнері. Бұл кескін өнері болады (орысша живопись)» дейді, Қ.Жұмалиев живопись (сурет өнері), З.Қабдолов бейнелеу өнері (живопись) дейді. А.Байтұрсынұлы төртінші – әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрауын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері. Бұл әуез өнері (европаша музыка) десе, Қ.Жұмалиев музыка өнері, З.Қабдолов саз өнері деп жіктейді.
Әлемдік әдебиет теориясына қатысты зерттеулерде арнаудың бірақ түрі болады деп анықтама берілгенін З.Қабдолов еске алады да:«Арнаудың» бір-ақ түрі айқындалған. Ал қазақ поэзиясында Ахаң осының үстіне үш түр (сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау) қосып, құбылтып, тотының түгіндей құлпыртып әкетеді. Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш түрлі арнауды әрқайсысымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық»,– дейді.
А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышында» арнау туралы мынандай анықтама беріп, түрлеріне мысалдар келтіреді: «Әсерлеу деп сөздің әсерін күшейтіп сөйлеуді айтамыз. Әсерлеу көңіл күйінен шығып, көңілге күй түсіреді. Көңіл қалыпты, тыныш күйінде тұрғандағы адамның аузынан шыққан сөз бен көңіл көтеріңкі иә бәсең уақытта адам аузынан шыққан сөздің екеуі бірдей болмайды». Бұл ұстанымды Қ.Жұмалиев те, З.Қабдолов та қайталаған. А.Байтұрсынұлы әсерлеудің көбінесе айтылатын түрлері мынау: арнау; қайталақтау; шендестіру; дамыту; түйдектеу; бүкпелеу; кекесіндеу.
І. Арнау
Арнаудың өзі үш түрлі болады:
1. сұрай арнау; 2. зарлай арнау; 3. жарлай арнау.
Сұрай арнау мысалдары:
Не жазып ем, Құдай-ау, мен қазаққа?
Мүбтәла қып салғандай мұнша азапқа.
Адамшылық есебіне кірісіп,
Қолы жетсін дегеніміз бе азатқа?
Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным?
Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым?
Аштан өлген аталарың бар ма еді?
Тамақ үшін сатқан иттер иманын. (Маса)
У-шу боп қыбырлаған төрт түлік мал,
Есетін солтүстіктен салқын самал.
Апырым-ай! Қандай жауыз тағдыр деген,
Бұйырған тұтқын болып жат та, қамал. (Мағжан)
Барма, топқа шақырмай,
Жат үйіңде, шатылмай!
Шыдармын ба, япырым-ай,
Жатуға шықпай үйде енді!
Қатыныңның ойнасын,
Көрсең, білсең қоймасын.
Не ойлар едің өз басың?
Сонымен тең біз де енді. (Абай)
Ахаң арнау туралы анықтамасында: «Айталық, арнау – жазушының, көбіне көп ақынның өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен іштей кеңесуі. Арнауды профессор Қ.Жұмалиев үш түрге бөледі: жарлай арнау, сұрай арнау және зарлай арнау. Ары қарай оларға мысалдар келтіреді: «Арнау. Жазушы не өзіне, не біреуге, не көпшілікке қайырыла сөйлесе, арнау дейді. Бұл үшке бөлінеді: жарлай арнау, сұрай арнау, Жарлай арнауға Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасының «Кілт» бөлімінде автордың көпшілікке қарата өзінің қай тапты жырлайтынын, өзінің кім екенін, қай таптан шыққанын мақтана жарлайды, ол таптан шыққанын қалқан ретінде ұстайтын сияқты. «Сұлушаш» поэмасының «Кілт» деген бөлімінің бас жағы толықтай жарлай арнау деп зерттеуші мысалға келтіреді:
Қияға өрлеп, қырандай қанат жайып,
Табым десе, қозады аруағым,
Түпсіз қара тұнықта суды кешсем,
Тап қолыма медеу қып ұстар талым.
Көзсіз көрдей басыма күндер туса,
Табым қолда жарық қып ұстар шамым.
Менің табым – еңбекші, еңбек ері,
Онсыз менде көрген күн – бұлдыр сағым. (Сәбит)
Ыбырай Алтынсариннің:
Бір Аллаға сыйынып
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқысаңдар, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар, –
деген оқуға шақыруы да жарлай арнауға жатады.
Сұрай арнау. Жазушы біреуге не көпшілікке қайрыла сөйлесе және сол сұрағанына жауап күтсе, сұрай арнау дейді.
Мысалы:
Желі толған сары түйе,
Ағажан, кімге тапсырдың?
Қора толған ақты қой,
Ай көке, кімге тапсырдың?
Тоғай толған мың жылқы,
Күн көке, кімге тапсырдың?
Тоқсанда әкең Тоқтарбай,
Алпыста шешең Аналық,
Бірге туған мен зарлық,
Ай көке, кімге тапсырдың?
(Қобыланды» жыры)
Бұл сұрақтарға Қобыландының өзі жауап қайырады.
Ахмет Байтұрсынұлы сұрай арнаудың тағы бір түрі –«риторик сұрау» деп оның грек тілінде шешен деген баламасын келтіреді. Бұндай сұрау жауапты керек етпейтінін айтады. Ал сұрай арнауда жауап беру міндетті емес болса да, тыңдарман бұл сұраудың неге қойылғанына қызығады, яғни жауабын оқырман тосады, оны айту керек. Риторикалық сұрауда сұраудың не үшін қойылғанын оқырман өткен оқиғалар арқылы біліп отыратыны айтылады.
Махамбет бір өлеңінде:
Орай да, борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?
Қаптай соққан боранда
Қаптама киген тоңар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге
Ту байласаң тұрар ма?
Ту түбіне тұлпар жығылса,
Шаппаған нәмәрт оңар ма? – дейді.
Абай бір өлеңінде:
Балалық өлді, білдің бе?
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті көрдің бе?
Кәрілікке көндің бе?
Кім біледі сен кәпір
Баяндыдан сөндің бе?
Баянсызға төндің бе?
Әлде айналып, кім білер,
Боталы түйе секілді
Қорадан шықпай өлдің бе? – дейді.
З.Қабдолов А.Байтұрсынұлының қазақ әдебиетінің тарихына қатысты «Әдебиет танытқыш» зерттеуіндегі пікірлері туралы былай дейді: «Бұл бөлімнің ең бір құнды жері – әдебиеттің Аристотель белгілеген негізгі үш тегін яки жанрын (эпос, лирика, драма) грек тілінен түп-түгел қазақ тіліне ауыстырып алады да, әр жанрдың жанрлық түрлерін өзіміздің төл әдебиетімізден іздейді. Мысалы, лириканың алғашқы үлгілерін қазақтың сонау тұрмыс-салт жырларынан іздеп табады. Сонда, ең жеңілі жоқтау – эпитафияға, мақтау – одаға, даттау – сатираға балама болып шыға келеді. Дәл осы ретпен әдебиеттің үшінші тегін Аристотельше «Драма» деп емес, Ахаңша «Айтыс-тартыс» деп алады да, осы жанрдың жанрлық түрлерін, айталық, Трагедияны – Мерт яки әлекті тартыс, Драманы – Сергелдең яки азапты тартыс, Комедияны – Арамтер яки әурешілік деп алады. Сөйтіп, Ахаң әдебиет теориясының негіздерін қазақтар ортасына осылай әкеліп орнықтырып, әдебиет теориясына айрықша ұлттық сипат дарытудың жолын, әдісі мен амалын, міне, осылай іздеді». Қазақ өлеңінің құрылысы туралы А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» зерттеуінде: «Жалғыз буынды бунақ өлеңде болмайды. Буын саны бунақта екіден кем болмайды. Жоғарыда келтірген «Жар-жар» өлеңінде бунақтың екі буындысы да, үш буындысы, төрт буындысы да бар:
«Бір толарсақ» бунағы – 4 буынды, «бір тобық» бунағы – 3 буынды. «Санда болар» бунағы – 4 буынды, «жар-жар» – 2 буынды,- деп бөлінеді. Қазақ тіліндегі жырдан басқа өлеңде көбінесе бунақтың екі-ақ түрі жұмсалады:
Үш буынды бунақ. 2) Төрт буынды бунақ. Екі буынды бунақ жар-жар түрімен жазылған өлеңдерде болмаса яки Мағжанның «Біраз Фетше» деген өлеңі сияқты сөздерде болмаса, тіпті аз жұмсалады» дейді. А.Байтұрсынұлы өлеңнің буын түрлері туралы:
1. Бас бунағы үш буынды өлең.2. Бас бунағы төрт буынды өлең.3.Бас бунағы бірыңғай емес өлең (Бас бунақ үш буынды, басқалары төрт буынды.4. Бес буынды бунақтар деп саралайды. З.Қабдолов «Әдебиет теориясының негіздері» еңбегінде өлеңнің буын түрлері туралы: «Қазақ өлеңдерін бунағына, бунақ ішіндегі буын санына қарап, негізінде 5 түрге бөлуге болады: 1. Он бір буынды өлең; 2. Сегіз буынды өлең; 3. Жеті буынды өлең; 4. Алты буынды өлең; 5. Аралас буынды өлең».
З.Қабдолов образ туралы: «Образдың қазақшасы – көркем бейне. Бұл – кеңірек ұғым. Біз осыған қарай келе жатырмыз және кейін бұл мәселеге жеке тоқталамыз. Одан бұрын образ деген терминнің мына бір қырын біліп алу шарт. Ең қарапайым мағынасында образ – суретті сөз.
Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлантып әр нені. (Абай)
Осы жолдарды оқығанда біздің маңымызда әдеттегі жансыз табиғат емес, әлдебір тіршілік тыныстап, көз алдымызға кәдімгідей қимыл, құбылыс елестеп кетеді. Аспан жай тұрған жоқ, езу тартып, «күлімсіреп» тұр. Жер жай жатқан жоқ, әлгі бір жадырап, жайнап күлген аспанның қылығына елтіп, бір түрлі «ойланып» жатыр. Осының бәрін біз көзімізбен көріп, көкірегімізбен сезінетін секілдіміз. Аспан күлімсіреп тұрдегенде Абай, әрине, аспанның ашық, нұрлы екенін айтып отыр. Бірақ, аспан ашық деген сөздің әсері аспан күлімсіреп тұр дегендей болмас еді. Өйткені алдыңғысы әншейін хабар, ауызекі айтыла салған сөз ғана да, соңғысы – сөзбен салынған сурет. Бұл әрі нақты, әрі затты. Бұл – бедерлі бейне, көркем образ», - деп сипаттама береді.
З.Қабдолов А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыштағы» тіл тазалығы туралы тұжырымдарына тәнті болады, тура қазіргі уақытты айтып отырғандай деген ой айтады. Қазақ өлеңінің құрылысын талдау мақсатында кеңестік тұста біраз теориялық еңбектер жазылды. Сол еңбектерді салыстыра оқысаңыз, көптеген пікірлер, тұжырымдар А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» кітабындағы жіктеулерден алысқа кетпегенін байқаймыз. Ол туралы З.Қабдолов: «Қазіргі қазақ өлеңінің теориясы Ахаңды аттап аяғын нық баса алмайды. Өлең кестесін айшық деп атаған Ахаң оның ішкі сыры мен сыртқы түрін түрлеп-түстеп шығады. Қазақ өлеңінің құрылысын талдап-тексергенде оның жүйесін, ырғағын, ұйқасын сипаттай келе, айшығын әрлеп, шумағын түрлеген Ахаң атауларын пайдаланбайтын бір де бір зерттеуші жоқ. Ахаң қисындары тәжірибеге осылай көшіп отыр», - дейді.
З.Қабдолов А.Байтұрсынұлының талғамалы бунақтар, таңдамалы бунақ деген терминді алғашында ол не екен деп таң қалғанын жазады да, орысша баламасын іздегенін айтады. «Әдебиет танытқыштағы» талғамалы бунақтар дегені – цезуралар екен де, таңдамалы бунақ дегені – клаузула екен ғой деп, соншалықты сұңғылалықпен А.Байтұрсынұлының әлемдік терминдерді қазақы қалыпқа түсіріп, қазақы ұғым бергеніне бас иеді. Зейнолла Қабдолов 1990 жылы жазған «Ахаңның әдеби қисындары» деген еңбегінде А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» кітабына нағыз әдебиет теоретигінің көзімен қарап, санадан өткізіп, қазақ әдебиеттануының теориясы осы бағытта жазылған әлемдік талдаулардан еш қалыспайтынын дәлелдеп айтады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар