Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қабыл Әбдірахманұлы. Себепші

22.12.2019 1134

Қабыл Әбдірахманұлы. Себепші 12+

Қос салт атты, тораңғыл тоғайын жағалай, қасқаланған бұралаң жолмен дүңкілдетіп, тоғай шетіндегі жалғыз үйді бетке алып келеді. Баяғы «Асау дария, қайратыңа бусанба, Сен де бір күн аңқаң кепкен шөл боларсың» - деп кешу бермес дарияға айтатын Ер Көроғлының көзін көрген дарияның ұлтаны бүгінде тоғайға айналған. Көроғлының заманында бұрқып аққан, бұрылып аққан дарияның табаны делінетін өлі дарияның өзегі, бір-біріне жалғасып жатқан, құмырысқаның илеуіндей болған көлдердің тізбегіне толы. Бұл көлдерді отырықшы ел, «Жәуміттің көлі», «Қайыптың көлі», «Жамалдың көлі», «Шалбар құм», «Шұбар құм», «Қыдырсиықтың көлі», «Нұрай баба», «Шегем тамы», «Моншақты», «Кәлле асқан» деп атайды. Осы көлдерді көмкерген ит тұмсығы өтпейтін қалың тоғай мемлекеттің қорығына алынған. Жазғытұрым, әрбір жантақ, жыңғыл, шеңгелдің түбі жұмыртқасын шайқаған құстың ұясына, қоянның көжегіне толып кетеді. Әсіресе ымырт үйіріле, үйрек-қаз көлде сұңқылдап, тораңғыл бұғып сыр тыңдап, маң төбеттер еріне әупілдеп, мініс аттары жоңышқаны күртілдете шайнап, түйелер шаңдағын шаңдатып, әр жерде үркіп қонған жалғыз-жарым үйлі ауылдың берекесін келтіреді-ақ.

Атандай сары атын сипай қамшылап, киіз қалпақты, жеңі ұзын шәтленкі көйлекті, ұзын қоныш қытайдың қасқа бас брезен етігін киген, алпысты алқымдаған, мұртын қырау шалған, еті ерте қашқан кісі, баласының ат үстіне отыра алмай қомпаң-қомпаң еткеніне іштей кейіп келеді. Тақымы бос, аттан ауып қала жаздап келе жатқан, бозбаладан көре мазалырақ, тобы шағын жігіттің көңіл хошы жоқ. Шілденің кезі болса да, көкнаршы түркмендерше күз киім киіп алған жігіттің, жүзі жарадан іріп тұр. Екі бетінің алмалығы, қабағы мен көзінің асты ғана жарадан сау, саржара сияқты күшіктеп, жанды жара мұрынға да түскен. Әзірге мұрны сау. Ай толыса, тұмсығы үйіткен қойдың тұмсығындай кесіліп,кесіліп, ырсиып кетеді. Ай толысқан түннен әбден запы болған. Жігіттің нағашыларын да мұрнына құрт түсіп, мұрны тесіліп жүретіндер болған екен.

Суланған жарасына шыбын қонбасын дегендей ауық-ауық өз жүзін, өзі, кір сіңді бет орамалын желпуіш етіп,шыбыннан қорып келеді. Қорынып келеді.

Жалғыз үй - ­Әбікеннің үйі. Әбікен тілді кісі. Ығынан бармасаң шалқалай кетеді. Дауыс жетер жерден, аттан түсіп, мініс көліктерін қаңтарып, қазықтады.Үйдің жанынан өтетін өзектің бергі бетінде төбенің басына өскен тораңғылды қоршай жаңадан жазғы қой қора салыныпты. Қой өрістен оралатын уақыт болмаса да, қораны маңайлап он шақты ешкі-лақ жүр...

Қойдан бөлініп қалған ешкілерді, басына қағаздан қалпақ киген бала боқтанып қораға қамағалы жүр. Жолаушы: - Дәуде болса мына мал қосуыт, басқа біреудің малы екен деп ойлады.

Қорадан былайырақта қызыл шыт орамал тартқан бойжеткен қыз бала, аруана түйені сауып тұр. «Імм, Әбікеннің университетте мұғалімшілік оқитын қызы осы екен ғой!» - деп жолаушы іштей түйді. Көк жорға болған тайлақты Әбікеннің кемпірі «жамалдатқыр, әйт-шу деп аулаққа қуып тастап жүр. Көк жорға болған тайлақ үйді маңайлай береді. Әбікеннің, бірінші сыныпқа енді баратын немересі тұз, кепкен нан беріп, жаман үйретіп тастаған тайлақтың кеткісі жоқ. Әжесінің етегіне оралған немересі оң алқанындағы қойдың тобығындай қарауымбеттің тұзының кесегін тайлаққа алыстан көрсетіп қояды. Дәндеп алған тайлақ, тұздан татпай кеткісі жоқ».

Көк жорға болған тайлақты нағашысына жетектеткенім деп бір жиенінің түскен жері осы көктем әкеліп тастаған. Сол тайлақты үйірсек қылған Әбікеннің немересі. Қайдан шығарғанын кім білсін? Тұз жалатып, қатқан нан беріп үйге қарай зытып беретін балдырғанның ізінен осы тайлақ қалмайды.

- Әбікеннің жас кезінде «үш қыздың бәсін беріп алдым, таңдап алдым» дейтін әйелі де кемпір болыпты-ау. Он баланы тауып, оны өсіру, адам қылу да оңай шаруа емес-ау! деп жолаушы хикмет ойлады.

- Ассалаумағалеукум! - деп сәлем берген жолаушыға қарай емес, үйге қарай зытқалы тұрған немересіне қарата, «кісі келеді де, Тектұрмастағы Шағырлар келеді де» - деді. Резеңкесі созылып кетіп, қайта-қайта түсе беретін, күн жеп өңіп кеткен лыпасының ышқырын сол қолымен ұстап алған жалаң аяқ неме, мұрнын бір тартып алды да үйге қарай, жерді теріп-теріп жүгіре жөнелді.

- Әліксалам. Өзі үйде. Бара беріңіздер. Үйде келін бар. «Жаман маяның» тұсауы үзілген екен. Соны тұсаулап тастайын. Бара беріңдер, - деді Әбікеннің кемпірі.

***

Біріне бірін жалғап сала берген көп бөлмелі үй, әуелден жоспарсыз салынған сыңайлы. Бір бөлменің сүйегі ағаш болса, екінші бөлменің сүйегі балшық, үшінші бөлменің сүйегі күйдірілген кірпіштен қаланған екен. Жауын-шашын өтпесін деп кей бөлменің төбесін қалың етіп сылапты. Кей бөлмесінің үстін шифермен шатырлаған. Симметриясы атымен жоқ үйдің төбесі әркелкі бастырылған. Жалпы жиырмасыншы ғасырдың үйі атауымен үйлеспейтін үйдің, алдындағы он сөтек жерге егілген бақша өсімдігі тұнып тұр. Әбікенге сәулет, мәдениет туралы айтсаң жақпайсың.

- Европаның мәдениеті әлі-ақ енеңді ұрады. Осы елдің, ұл баласы қайсы қызбаласы қайсы ажырата алмайтын болып бара жатырмыз. Ата-енені бала-келіннің сыйлауы қалып барады. Жалтыраққа үйір болып қалтырақ болып барамыз. Осы ел үй салғыш болып алған. Дым татпаса да төрт қабырғаға қарап отыруға мейіл. Үйіне қонақ келсе, бір асым ет салып, қазан көтере алмайды. Баяғыда деп мәдениетті кісі туралы әңгіме бастаса-ақ ауыл адамдары төмен қарайды. Не айтатынын осы ауылдың бәрі біледі. Жақтырмай тыңдайды. Әбікенді жаратпайтыны, ескілікті аңсаушы, ескінің сарқыты дейді. Әбікен баяғыда не істеді десеңізші. Әбікеннің сөз мәнерімен жеткізейін. «Баяғыда Қуанышбек деген құрдасым болды. Ол да өлді-ау! Иманды болсын. Сол Қуекең:- Адам мәдениетті болсын, - дейтін, Атқа тәуір ер-тұрман салып, қамшысын күміспен күптетіп,үсті-басына шаң жуытпай сыпа болып жүретін. Кісімсіп сөйлейтін. Бір күні он-он бестей адам болып Қуанышбектікіне сау ете қалайық. Қазан көтере алған жоқ. Дұрыстап шай да бере алған жоқ.Жұмыртқа ма бірдеңе қуырып бергендей болды. Сол Қуанышбек, қазансыз қалпы қатарға қосыла алмай-ақ кетті. Бірде, сол қазан аңдыған қыдырмаларға ілесіп Қуанышбек те үйге келді. Бір бөртемді қуырдаққа, бір марқамды қазанға деп сойып, күттім. Жырау алдырып, жырлаттым. Қонақтарым риза болып аттанды. Кетерінде Қуанышбеккке: - Қуеке, жігіт тоқымды болмасын,қоқымды болсын! - деп тәмсіл айттым. Жер жарылмады, Қуанышбегім кіріп кете алмады. Жігітсің бе? Жиырма-отыз жандығың қораңнан өрсін, бес-алты аруана түйең есігіңнің алдында ыңыранып тұрсын. Жора жолдасың келгенде қызыл қуырдақ былқып тұрсын. Көп жігіттер бала-шағаның айтқанынан шыға алмайды. Балаңды оқыт, дұрыс жерден қатын алып бер. Мен, білмей отырған жоқпын зәулім үй салуды. Ерте ме кеш пе, ата жұртқа ауамыз. Балаларымның қонысы сол жақта. Балаларым оқысын деп жүрмін» - дейтін. Дұрысында да Әбікен балаларын бір-екі оқудан оқытты. Соны көре алмағаны ма? Ағайындары: «Әбікен балаларынан бір-бір Горбачев жасағысы келіп жүр» - деп күндейтін.

Екі адамның құшағы жетпейтін қою саялы қос талдың астына алты қанат ағаш үйдің аумағындай жерді аларлық ағаш еденннің үстіне қабаттап төсек салдырып «Романтик» магнитофоннан зор дауысты «Жақсылық жыраудың» насихатын тыңдап, ала пемкілі, майкішең Әбікен бұршақ есіп отыр. Тіф, тіф - деп алақанын ысқылап алып, шпагат жіптен үш-төрт тінді, күрмеуге молдан келетіндей жіп есіп отыр. Жетпіске таясада еңкеймеген Әбікеннің тарамыстанған қолы, тобылғыны сығып сөлін алардай әлі тегеурінді. Екі табанының қырымен қыса ұстаған жіптің бір ұшы, жіптің өн-бойы ысқыланған сайын жан біткендей сытыр-сытыр етеді.

- Тектұмастағы Шағыйлай келеді-деп атасының жанынан жүгіріп өткен немересі, сол ағысымен ошақ маңында жүрген шешесіне:

- Шәй қой, көпеше сал,мынадай қонақ келеді, - деп балан үйрегімен ортан терегін қоса көрсетті. Әбікен мән бермеді-ау деймін алаңсыз жіп ширатып отыра берді. Келіні:

- Ата, кісілер келе жатыр дей ме, қайда шәй жасайын? - деп жасқана сұрады.

- Басып тасташы мынаны, осы жерге қамдай ғой.Тақиям мен көйлегімді ,шұлығымды әкелші, - деп Әбікен келінін жұмсады.

- Ассалаумағалейкум;-деп брезен етігінің қонышына қамшысын бүктей тыққан, бойы шөккен орта бойлы кісі қос қолын созды. Барған жерінде әкесі не істесе соны істеп амандасуды дағдыға айналдырған жігітте қос қолын созды.

Қонақ десе құрақ ұшатын Әбікен:

- Бәрекелде, жоғары шығыңдар деді.

Сөз, сөздің қуғыншысы әңгіме қоздап берсін. Жолаушы шайдан сораптап қойып әңгіме тиегін ағытып отыр. Баласы бір аяқ шай ішті де шайды доғарды. Жүзін төмен салып, ауық-ауық кірсіңді беторамалын желпуіш етіп шыбыннан қорынып отыр. Көзімен жер шұқый отырып әңгіме тыңдап отыр.

- Әбеке, әуелгілері жат жұрттық бала болды. Кенжем, мына бала, аты Естөре. Өзі жалғыз ұл. Жасы қазір жиырма жетіде. Он екі жасында тілікті ме, білмеймін бетіндегі жара пайда болды. Ай туғанда жара жаңарып, ай толыса беті іріп кетеді. Ай, соңында бір жеті жақсы болады да қайта бастайды. Он бес жыл болды апармаған жерім қалмады. Он бес жыл осы жүрісім. Минвода, курорт,санатория бізден қалмады. Қоныс аудар дегенге Алматыдағы апа-жездесінің қолына да екі-үш жыл жіберіп байқадым. Ташкеннен үй де алып бердім. Қиын болып тұр. Қатарлары үйлі-күйлі болып кетті. Іштегі дертім, арманым осы баланың қатарға қосылуы. Қаралмаған дәрігерім, бармаған тәуібім қалмады. Бір білгіштер Израйлды айтады, оған шамам келмеді. Атаға қатынап жүрсің ғой мені мен баламды ала кет. Зиарат етейік. Ниеттеніп келдім, талайға шапағатшы болған Ата ғой Әбеке, - деп жолаушы қамыға сөйледі. Жолаушының босағанын көріп, шай құйып отырған келін суланған жанарын орамалының үшімен білдіртпей сүртті.

- Жолжан-ау, баланың бейнеті де. Менің Бекет атаға қатынағаныма жиырма бес жылдай болып қалды.

- Одан, хабарым бар, - деді жолаушы.

- Мен, атаға қатынайтын себебімді осы ел біледі. Алпысыншы жылдары шығар деймін, руы - Балықшы Молжігіт дейтін қасиетті кісі Атаның мұртын басып, тырнағын алып қызмет етіп жүреді деп еститінмін. Ол күнде жаспын. Он шақты үй Қазақ, Түркпендермен аралас отырамыз. Бір күні, ымырт үйіріле түйесін жетектеп Балықшы Молжігітпін деп, үйіме бір кісі келді. Сонда айтқаны: «Атаға бара жатырмын, Ата келіп кет деп шақырды. Бүгін қонаға Жаз құрдасымдікіне түсіп едім, Ата: - Бұл үйге қонба албастысы бар, осы ауылда жалғыз үй Шегем бар, отбасы таза соған қон - деді. Мен құдайы қонақ боламын деді. Қонақ асы бердім. Өткен-кеткенннің үрейіне деп, Балықшы Молжігіт бата оқыды. Содан бері түс көремін. Түсімде Бекет ата мен жүздесіп жүремін.

Бірде, маған бөле болып келетін Ақан келді. Ол да дертін айтты. Атасының басына барғысы келеді екен. Дерті ізінде тырнақ жоқ. Жас болса қырықтың бесеу-алтауына келді. Еміренер ешкімім жоқ Атаға алып бар деді. Ол күнде Ата басына келушілер некен саяқ. Ойдағы Атаның басында аят оқып отыр едім, жүрелей отырған бөлемнің оң тізесінің астынан жалт ойнап кеткендей болды. Аятымды оқып болып, Бөле оң тізеңнің астын сипашы дедім. Алланың әмірі оң тізесінің астынан алмас кездік жарқ ете қалды. Құдай берді, үйге барғасын Құдай жолына деп, Ақсарыбас ата дедім. Қазір, сол бөлем бір рулы ел болып отыр.

Бірде қырдағы бала-келінімді алып садағаң кетейін Атаның басына бардым. Зияраттап келушілерде есеп жоқ. Бір отырғанда елу-алпыс табақтық адам болады екен. Содан төмен түсейін. Шеретпен, ойдағы Ата басына жіберіп тұрған шырақшылар мені танып сіз бара беріңіз деді. Ата басына түссем, іштегі шырақшы бала:

- Әбікен дейтін кісі бар ма, Әбікен дейтін кісі бар ма дейді.

- Мен Әбікен дедім.

- Сізді манадан бері бір битап іздеп жатыр. Мұрын атамыз айтты деп битап болмай, сізді күтіп жатыр деді шырақшы.

- Жұқалтаң келген, талдырмаш қана қызалақ екен. Көзіккен білем.

- Ата, Мұрын Ата, сізден бата ал! - деп жатыр- деді.

Қызалақтың әкесі:

- Аға, батаңды берші, көз қырыңды салшы,көптен ауырып жүр еді. Ем түсіп, Алла сәтін салайын деді-ау деймін деді.

Сол, қызалақты көз бұлақтың суымен ұшықтадым. Таңертең ерте бір жігіт келіп тұр аға қызыңыз жазылып кетті. Сізді әкем шақырып жатыр дейді. Қол мен ұстатқандай құлан таза айығып жүре берді. Университеттің соңғы курстарында оқитын бала екен. Кетерінде әкесіне:

- Қарағым енді жазылды. Алла сәтін салды. Көріпкелдік қонса, дұрыс адамнан бата алып бер деп ыждағаттап тапсырдым. Сол, қызалақ маған әлі күнге телефоннан хабарласып тұрады.

Алла сәтін салса Естөре баламыз жазылып кетер. Бейнеттің зейнетін көрер. Алла сәтін салғалы тұр-ау деймін.Ата көрсетіп жатыр. Көз алдыма болып тұрған,толып тұрған жеміс ағашы көрініп, келіп тұр. Иншалла балаң қатарға қосылар. Майбалақтау, «бала табар-нан жабар» қатыны болар. Ол қатыны да жылда туар.

- Әй, ағайын, сонда тойыңа шақыруды ұмытпа. Бәрі бір Алланың қолында, себепші - әуелі Алла, қалды ер Бекет. Тілегіңді Алла берер, ақ бейіліңмен келіп отыр екенсің жолың оңғарылар - деді Әбікен.

- Әумин, әумин, - деп жолаушы бетін сипады. Әбікеннің көзі қызарып кетіпті. Тамағын кенеп алып бүй деді:

- Әңгіме былай. Атаға ниеттенген адам, шаршап баруы керек, сынып баруы керек. Бортты машинамен кетеміз. Мен автобуспен бармаймын. Көнсең сол ағайын. Көнбесең өзің біл деді.

- Әбеке, осы баланың жолында жаным құрмалдық. Шешесі осының дертінен көзді болды. Шешесін аяймын. Мен олай, бұлай болып кетсем осыным қор болады-ау деп ойлаймын. Ал онда біз тұрамыз деп жолаушылар кетуге ыңғайланды. Әбікеннің кемпірі:

- Қап, құрауыз кеттіңдер-ау. Бәтеске сәлем айт-деді. Жолжан көңілденіп аттанды. Әкесінің көңілденгенін байқаған баласы, көңілі жібіп, осы үйге іш тартып қалды.

***

Уаз автакөлігі тастақ жолмен ағызып келеді. Рөлдегі жиырма төрт-жиырма бестегі қырма сақал жігіт көлікті шебер меңгерген екен. Жол жыртығына соқпай, машинаны, бір бүлк еткізбей ынты-шынтымен жүргізіп келеді. Алдыңғы орындықта отырған елу бестердегі кісі:

- Балам, жәйла дейді. Артқы салонда отырған, ақ орамалды, қазақы бешпент киген, күрең жүзді,домаланған әйел:

- Жас бала емес қой. Өзі білед те. Күнім, бес жылдан бері мұнайдың үлкен көлігін айдап та жүр ғой, - дейді.

Алдыңғы орындықта отырған кісі:

- Мейлің білсін деді.

Артқы орындықта өзімен қатар жайғасқан,алдына алып отырған баласының маңқасын аппақ бет орамалы мен тазалап отырған аппақ келініне, бұйырып үйреніп қалған енесі: - Жайырақ, баланың мұрынын ауыртарсың - деді.

- Баяғы, көріпкел ата (Әбікенді айтқаны) болғанда, әңгімеге қарық қылар еді. Естөре есіңде ме? Бізді Атаға алып келе жатқанда ұйықтай бересің деп саған ұрысқаны.

- Ондай, адамдар екі айналып келмейді ғой. Кейде мешітке барғанда, кейбір молдалардың Атаға бармаңдар дегенін естігенде қап,Әбікендер болар ма еді?!-деп ойлаймын деді Естөре.

- Дәм болсын да, Көкемнің (тұңғышы, Көбейсінді айтқаны) атын көріпкел атаның өзі қойды ғой, Атаның берген баласы деп.

- Сонда, он жеті жыл болғаныма көріпкел атаның қайтқанына-деп Бикен,есепке жүгінді.

- Тоқта,Кесікбай туар жылы Әбікен қайтты, Сәлім туатын жылы әкем қайтты-ә?-деп Естөре әйелінен қайта сұрады.

- Иә, дәл өзі. Ана келіндікі (Жалғас дейтін екінші ұлының әйелін айтқаны) ұл дейді ғой, аман-есен тікенін алдырса, Көріпкел атаның атын қойсақ ауыр болар ма екен - деп Бикен шалынан сұрады.

- Атын атай алмай жүрмесек. - деді Естөре.

- Алик, дейміз де деді рөлдегі Көбейсін.

- Алик болса Алик болсын - деп отағасы күлімсіреді.

- О, келінге де келесі апта депті ғой дәрігерлері-деді Бикен.

- Алла қабыл етсін. Осының бәріне себепші, Бекет Атаға бара жатқанда қойылған ат болды-ғой, - деді Естөре.

- Енем қуанатын болды-ау! - деді Бикен.

Мңғыстау облысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар