Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай. Қара қасқыр...

13.08.2015 6945

Кәдірбек Сегізбай. Қара қасқыр

Кәдірбек Сегізбай. Қара қасқыр - adebiportal.kz



hqdefault.jpg

Күздің соңына ала түскен қар көп жата алмайтын сыңай байқатып, айналасы бірер аптаның ішінде ойдым-ойдым еріп, ала шабырлана бастаған тұста дауылдатып қара боран тұрды да, арты үскіріктетіп келіп, қарға ұласты. О баста қиыршықтанып түскен қар жел басылған кезде торғай бастанып, бір күн, бір түн тынбай жауған. Күні кеше ғана өлара шақта күш алыса алмай тұрған қос маусымның өзара тіресі соңғы қалың қармен біржола шешіліп, «кәрі құда» өзінің түбегейлі келгенін танытқан сияқты. Қалың қара шеңгел мен ну болып өскен шидің ортасын ойып орналасқан ферма орталығының он шақты үйі де қалың қарға омбылап, бүрісіп-бүрісіп қалғандай. Бұған дейін ну болып біткен шидің арасынан күнделікті нәпақасын айырып келетін сиыр атаулы үй маңынан ұзай алмай, шарбақ қоршаулардың ішінде үюлі тұрған көк пішенге көздерін сатып, ұзай алмай қалыпты.


Өңшең дәмелі-дәмелі жүйрік мінген бес-алты жігіт ауылдан ертелетіп шығып, күнбатысқа қарай бет алған. Бір-екеуінің қолында мылтық, қалғандары тақымға шоқпар басып, сойыл сүйреткен. Түстері суық, жүрістері суыт. Есік пен төрдей шабдар мінген топтың алдындағы қапсағай денелі қараның қаусырма қара тұлыбынан ақ тазының сүйір тұмсығы көрінеді. Алдына бала мінгестіргендей ерге отырғызып алыпты.


– Әне, анау төбешіктің арғы жағына апарып жығыпты жыл­қыны. Мүмкін, жемтікке қайтадан оралғандай болса, әрқайсымыз әр тұсынан келгеніміз жөн болар, – деген ол қасындағы серіктеріне мойнын бұрып. – Сонан соң көзге түскен бетте оқ жетер жерге жеткізбей тайқи жөнелгендей болса, бәріміз бірдей тырағайлатып қуа жөнелмей қара тажалдың соңынан бір-екеуіміз ғана түсейік. Басқаларыңа аттарды босқа болдыртпаған жөн. Мүмкін кезектесіп қуалауға тура келер. Қасқырлар қанша тоқ, жерде көбік қар қалың болғанмен, олар да оңайлықпен жеткізе қоймас. Тек тау жаққа бет алдырмай, алдын кес-кестерсіңдер.


Оның байламына бас шұлғысқан басқалары бөрік, тымақтарының бауларын шарта байласып, аттарынан түсіп, айылдарын тартқан. Қаһарлы қару асынған екеуі мылтықтарын оқтап, басқалары шоқпар, сойылдарын оңтайласып дегендей осы қазір ұлы жіңгір майдан немесе сүргінді қуғынға араласардай шағын ғана қам жасаған бес-алты аңшы қолдың саласындай болып, төбешікті кеңінен қоршай ұры аяңмен қозғалып кеткен. Ердің қасына алдыңғы екі аяғын тіреп, қаздиып отырған ақ тазы да өзінің бір сын­ға түсер шағы туғанын сезгендей жан-жағын көзімен тінтеді. Бір түп шеңгелдің түбінен марқадай ақ қоян ыта жөнеліп еді, ақ тазы аттың үстінен секіріп кете жаздаған. Тек иесінің: «Тыныш отыр, Лашын!» деген бұйрығынан кейін ғана «апыр-ау, текке жіберіп қойдық-ау!» дегендей ақырын қыңсылап, наразылық білдірді. «Табаның қышып отырса, өнеріңді қоянның көкесіндей бөрілерді қуғанда көрсетерсің!» деп күбірледі иесі.


Сарман төбешіктің арғы жағына қанша баспалап қараса да арамға бұйырған торы биенің жемтігінің жанында дәнеңенің жоғына көзі жеткен. Ол бір күрсініп қойып, жан-жағына қарады. Сақалына қонған ұлпа қарды көтере алмай, шоқ-шоқ болып иіліп қалған ши түбірлері ғана ақ бұйраланып көрінеді. Ол аяңдап, жұнттай семіздігімен көптен бері көңілін тойдырып, көзін қуандырып жүрген соғымының жемтігіне жақын келген. «Амандық болса қазың сере шығып, аузымды майға толтырар­сың» деп жүрген торы биенің «амал қайсы, осылай болдық» дегендей жартылай мұжылған басынан күрек тістері ақсияды. Сарман күрсініп салған. Алдында отырған ақ тазы да өз малдарының қалдығын танығандай қыңсылады. Сол кезде басқа аңшылар да жиналған.


– Зәнталақтар бұл маңға қайтып жоламаған екен-ау, – деді тракторист Алқанбай құс мылтығын қайтадан мойнына іліп жатып.

– Жануардың өзі де майдан жүре алмайтындай-ақ семіріп еді. Амал бар ма, қорадан бекер-ақ шығарған екенсің. – Сәлім де торы биенің ұшыраған күйіне әлі сене алмағандай, өкініш білдірді.

– Бұйырмайын деп тұр ғой. Жылқылармен бірге жайылып, қарға аунасын деп, кеше осы ақшам мен екіндінің арасында қорадан шығара қойып едім. Көрмейсіңдер ме, ауылдың дәл іргесінде жайратып салғанын. Өзім де осы қара тажал ұшырасып қалды ма екен деген күдікпен үйден ерте-ақ шығып едім. Қара тажал бастаған төрт қасқырдың кан талапайының үстінен түстім ғой, – деп, Сарман «торыны жыққан күні ауыздарыңнан ақ май ағызамын» деп жүрген достарына мұңын шаққандай үнмен тіл қатқан.

 – Жә, «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей торының қартасы мен қазысын аузымыздан жырып кеткен жырындыны бүгін ала алмасақ, сірә да ала алмаспыз. Тоқ қасқырлар ұзай қойған жоқ, осы қалың шидің бір жерінде қазір бауырларын қарға төсеп, ұйқы соғып жатыр.

– Лашын ізге түспес пе екен? – деген тағы біреуі. – Таңертеңнен бері жауған қардың соңы ізді жасырып үлгерген екен. Бізге бөрілердің жатқан жерін тауып берсе – арғы жағын өзіміз көрер едік.

– Оны да байқайық. Қане ізде, ізде, ізге түс! – деді Сарман да ақ тазыны жерге түсіріп. Бірақ Лашын торы биенің басын, арбиып жатқан қабырға сүйектерін иіскеді де, «маған не істе дейсің?» дегендей қыңсылап, иесіне қарай берген. – Қасқырды ізде деймін, өй, топас неме!

– Бұл шіркін әлі бұйрығымыздың мәнісін түсіне алмай тұрған шығар. Қалада, балконда өскен ит «ізде, ізге түс!» дегеніңді қайдан білсін? – деген Алқанбай жымиып.


Сарман бірер ай бұрын осы Лашынды қаладағы бір досынан қалап сұрағандай ғып, оның үстіне қарғыбауы деп мол сый-сияпат беріп жүріп, ауылға әкелген соң: «Қара тажалдың ақ перісін алып келдім, жігіттер! Тек қансонарда қызығын көрсетемін!» деп күпінген. Ад -ала білгендей-ақ қара қасқыр да жемін ұшырып, суын жылытып беріп, байлап отырған Сарманның соғымын дәл сол қансонар болатын күні жайратып кетіп, қасқыр аулау ісін оқыс жылдамдатқан болатын. «Қызық көрсетеді» деген Лашынның иіс тартып, із кеспек түгілі істиген танауын көтере жалтақтап, шабдар мен иесіне қарай берген мінезін Сарман жуып-шайған болды.


– Иә, бұл жазғанды кім аңға алып шығып тәрбиеледі дейсің? Оның үстіне қасқырлар бұл жерден кеткелі түсіп қалған қалың қар олардың ізін ғана емес иісін де басып қалған шығар. Кел, Лашын, келе ғой, – деп ол ердің алдыңғы қасын алақанымен қағып-қағып қалып еді, тазы лып етіп, жылы орнына оңай жайғасып алды.


Салт аттылар бөрілер жатады-ау деген өзен жағасындағы қалың қара шеңгелге қарай бет алған. Сарман да бұрын ит жүгіртіп, құс салып, аң қағып көрмеген пенде болса да аңшылардан еміс-еміс естіген қағидаларын айтып келеді. Мұндайда дабырламай жұрудің қажеттігін серіктеріне сан мәрте ескертсе де, бұрын-соң­ды аң қағуды кәсіп қылмаған, әншейін демалыс күндерінде қара тажалды сылтау ғып, бой жазуға шыққан өңшең қызық құмар жігіттер аттарын сипай қамшылап, кеу-кеу әңгімелерін тоқтатпаған. «Не болғанда да осы топтың бүгінгі бұйда ұстары өзім ғой» дегендей-ақ тазысын құшақтаған қалпы басқалардан таяқ тастам алда келе жатқан Сарман бір қырында дөңкиіп қалып бара жатқан қоян жон маяға қарап тұра қалған. Ол маяның түбінен әрі қарай қалың шиге жосылып кірген шұбырынды ізді көрген еді. Бұлар ойлағанындай-ақ төрт қасқыр маяның іргесін үңгіп ұйықтапты. Осы жаңағы сәтте ғана бұлардың дүбірін, даңғыр-дұңғыр дауыстарын естіп, жылыстап кеткен сыңайлы.


– Қап, дабырламаңдар деп едім-ау! – Әлгінде ғана кеткен сияқты. – Сарман қабағын кіржитті.

– Ау, дабырласақ та, дабырламасақ та Сарман қашан келер екен деп қара тажал тосып жатады деп пе едің? Не болса да ізіне түсейік енді. – Алқанбай төрелік айтты.

– Алқанбай, онда екеуіміз ізге түсейік. Өзенге мұз қата қойған жоқ, кешелі-бері ілінген шарбы мұз қасқырды қойып, қоянды көтермес. Демек олар арғы жағаға әзір өте алмайды. Соңдарынан қуғын түскенін сезсе-ақ күш-қуаттарының мол кезінде бірден беттерін тауға қарай бұрар. Сондықтан қалған төртеуің де шашырай шеп құрып, осы маңда тосыңдар. Әйтеуір, қанды бастарын жазыққа қарай бұра берсеңдерші. Оқ жетер жерге келтірсе алдымен нысанаға қараны байларсыңдар. – Сарманның осы нұсқауынан кейін тосқауылда қалуға тиісті төрт жігіт бытырап бөліне бас­таған. Басшылары оларға аттарын көп болдыртпай, тың ұстауы керектігін тағы бір ықтияттады.


Қасқырлар бұлардың дауыстарынан үркіп қашқанға ұқсамайды. Кей жерлердің ұлпа қарына «тондарының» шаң-тоза­ңын қағып-сілкігендей еркін аунап-қунапты. Төртеуі көбіне қаздай тізіліп, бірінің соңынан бірі жүріп отырыпты. Демек бұл безіне қашқан аңның сорабы емес. Онда бүйтіп аңдып із басып жүрмей, қатар құлаштай сермер еді.


Аң қағуды міндетіне алған қос салт атты қалың шеңгел, шиден шығып, Жайдақтың құмдауыт төбешіктеріне ілінген кезде қыстың қысқа күні де түске тармасып қалған. Көкпек, баялыш, көтібос сияқты бұйра-бұйра болып біткен құмның өзіне ғана тән өсімдіктері де ұлпа қарға бастарын иіп, тұнжырай қалыпты. «Күн көзі сәл жылынса, қара оты таусылмас құм төбелердің күнгей беткейлері мал жүдетпейтін жер ғой, шіркін. Содан ғой айналаның аңдарының көбінің құм арасына келіп паналайтыны» деп ойлаған Сарман Лашынды елеңдетіп, тоқтыдай қояндар мен сидам сирақ еліктер қашқан кезде. Қараның тобына, әбден өшіккен соң ба, ол басқа жүгірген аң, ұшқан құсқа тіпті назар салғысы келмеген.


– Әне кетті! – деп Алқанбай иығындағы мылтығын жұлып алып, көздер-көздеместе таңқ еткізді де, астындағы шаңыт қараға тақымды қысып қалған. – Жібер, итіңді алдыңа алып әлдилей бермей!


Үш қар басқанмен, әлі аң қағып, дәнігіп көрмеген тазы да өзін бүгін мәпелеп текке әкеле жатпағанын әбден түсінгендей мылтық даусы естілісімен-ақ жылы тұлыптың ішінен лып етіп жерге секіріп түсті де, алдарында екі етегі далбырлап, құйын-перен шауып бара жатқан Алқанбайдың соңынан салды. Итінің талабына іші жылып қалған Сарман да: «Иә, сәт, үйіріңмен үш тоғыз!» деп, өзі әлі ештеңені көріп үлгермесе де атына тақым басып, ақ бауыр сойылын оңтайлап алған. Құм төбенің басына ат тұяғы іліге бергенде екі-үш белегірдің арғы жағындағы қатарласа жосылтып бара жатқан төрт қанды ауызды ол да анық көрген. «Осылар қайбір қирата қояр дейсің?» дегендей әлі де соңдарына жалтаң-жалтаң қарасып, бауырларын еркін жазбай ықылассыздау шауып бара жат­қандай. Ақшуланнан гөрі түтін көкшілге келіңкірейтін үш көкжалды өз денесімен қорғайын дегендей қара қасқыр ең соңында әлі де шоқырақ шабыстан аспай барады. Өздерінің іздеп шыққандарының осылар екенін сезгендей Лашын да екі бүктеліп атылған сайын шапқан аттың адымындай жерін алып, Алқанбайдың алдына түсіп үлгіріпті. «Иә, сәт! – деді ат шабысымен жасаураған көзін сүрткен Сарман. – Қара тажал, сені ме бәлем, бүгін жер жастандырып, арам қаныңмен ақша қарды былғамасам атым өшсін!»


Ақ тазысы мен ақ сойылынан басқа өзінде қаруы жоғына қара­май ол тым артықтау серт ұстанғанын байқамай да қалған. Бәрібір оған өкінген жоқ, аудан сәйгүліктері жиналған дүбірлі жарыстардың қай-қайсысынан болсын сыбаға алмай қалмаған шабдардың бойы қызған соң төселіп, ұзақ шабарына сенген. «Әттең, бабын келістіріп, арнайы жаратуға уақыт тар болып қалды. Әйтпесе қара тажал, жоныңда ақ сойылымды ойнатып, теріңнің шаңын қағар едім!» деп кіжінді. Алқанбайдың ұшқыр шаңыт қарасы төрт тұяғымен қарды лақтырып, енді өздері келген қалың шилі жазыққа қарай кеңінен орап, қырындай салған қасқырларға сәл жақындай түскендей. Әйтеуір, мылтығын ат үстінде оқтап, бытырлатып атып келе жатқан қуғыншылардың бүгінгі ізге түсулерінің ешқандай әзіл емес екенін ұққан көк­жалдар да құлаштарын еркін жазыпты. Шұбатылған бауырларымен қар сызып, төртеуі қатар сілтеп барады. Шеңгел мен ши арасын пана көріп бара жатпағандарын, негізгі бағыттарының оның арғы шетіне жақын, төрт-бес-ақ шақырымнан басталатын Кішкенетаудың атқа қиын қызыл тасты быдырығы екенін Сарман да болжалдап келеді. «Әлгі төрт мылжың тосқауылды тастап, елік-қоян аулап лағып кетпесе жарар еді-ау». Әлі құлағының түбі де бусана қоймаған шабдар бір қалыпты шабыспен келе жатқанмен Алқанбайдан, оның алдында оқ бойы кетіп бара жатқан Лашыннан көп кейіндеп қалғанын сезді. Ал тазысы болса, қасқырларды қалың шилеуітке іліндірмей-ақ қуып жететін сыңаймен зулап барады. Әншейінде іші арқасына жабысып, белі аспанға шығып жүретін ақ тазы ақша қардың үстіндегі аппақ елес сияқты ұп-ұзын болып жүйткиді. Тақымдап келіп қалған итті жаңа көрсе керек, қасқырлар да күдіс мойындарын бұрып, жалтақ-жалтақ қарасады. Қара қасқыр қуғыншыны тосқан жеке батыр сияқты шабысын баяулатып, соңына жиі қарай берген. Лашын тас лақтырымдай қалғанда бар айбатын шашып, қарсы қарап тұра қалды. «Келсең келдің» әрекеті... «Апыр-ай, мына сорлы қараның бір мытуынан қалмайды-ау» деген суық ой ит иесінің зәресін ұшырып, атына қамша салдырған. Лашын арланға есік пен төрдей қалғанда дұшпаны қара жасындай болып қарсы атылды. «Әттеген-ай!» О ғажап, арандай ашылған ауызға тазы ілінбей, жауының жанынан болат серіппедей атылып, бір қапталына қарай бұлт ете қалып еді, қара ауаны қауып, бет алды лағып кетті.


Лашын қараға мойын бұрған да жоқ. Зымыраған күйі көкшуландардың соңынан салды. Қараның да қасқыр екенін мойындағысы келмеді ме, әлде өзін кідіртер дәрмен жоқтығын сезді ме, болмаса ілгерілеп кеткендерді тоқтатпақ ниет ұстанды ма, әйтеуір, көзді ашып-жұмғанша үшеудің соңғысының таңынан түре көтерген. Қасқыр да, ит те қарды бұрқырата омақаса ұмар-жұмар құлады. Ит көк шуландарды қуалап жүргенде, қара тажал иттің үстіне төніп келіп қалған. Осы сәтте тазы тағы орасан ептілік көрсетіп, қанды қақпанға ілінбей тайқып кетті. Ат дүбірі мен жиі-жиі тарсылдаған мылтықтан зәрелері ұшқан бөрілер ілмиген ақ тазыны ортаға алуға мұрсалары болмай, қалың шилеуітке кірген. «Ақ тазыны бүктеймін деп жүргенше өз күнімді көрейін» дегендей қара қасқыр қалыңға бірден кірмей, оны жағалап бір қырындай салды. «Е, бәлекет, қуғыншыларды соңыңнан ілестірмек екенсің ғой. Жоқ, ол қулығыңды да жүзеге асырта қоймаспын. Менің кегім сенде ғана!» «Қайсысының соңына түсеміз?» дегендей бұған қараған Алқанбайға үш көкжал мен Лашын кірген қалың шиді нұсқап, өзі атын бұрып, әдейі бой көрсетіп бара жатқан қараның соңына түскен. Кере қарыс жалы күдірейген шолақ құйрық қара арлан бұл қуғыншының қолында мылтығы немесе алдына түскен иті жоқ екеніне көзі әбден жеткендей мұны әбден жақындатып, дәмелен­діріп барып, қалыңға бір-ақ сүңгіді. Аттың көсіліп шабуына барынша қолайсыз шидің ішіне енген соң-ақ қара өнерді көрсеткен. Қап-қара жоны әр жерден бір қылтыңдап, бірте-бірте ұзап бара жатты. «Мына шіркін омбы қар басқан ши түбірінен сынапша сырғиды ғой, тіпті. Бәрібір жосылып жатқан мына ізіңнен бүгін қалмаспын-ау. Әттеген-ай, Лашынның да мұның соңына түспей, анау үшеуінің артынан босқа лағып кеткенін қарашы енді!»


Сарман ұзақ қуса да, қасқырдың жонынан көз жазбаған қалпы бір қырындағы Кендірліктің қамысекті қалың құрағына келіп кірген. Киіздей болып өскен құрақ үзеңгіліктен сәл асса да бөрі көзден таса болған. Аңшы бәрібір оған көп қамыға қойған жоқ. Себебі қараның тай тұяғындай ерекше кесек жаратылған ізі қар үстінде мөрдей болып, анық көрініп жатыр еді. Неге екенін кім білсін, қара қасқыр құрақтың ішіне кірген соң тауға қарай төтелеп тарта бермей кеңінен оралып, жаңа ғана жүріп өткен өз ізін қиыпты. «Мұнысы қай сасқаны жазғанның, бүгінгідей қуғынды көрмеген соң басы айналып, қайда барарын білмей сасқаны-ау» деп түйді аңшы. Бұл кезде жердің түбінен естілгендей мылтықтың даусы құмығып, алыстан аңда-санда талып жетіп тұрған. Шабдарды бір қалыпты шабысқа салып қойып, Сарман мылтық үніне құлақ түрген. Шамасы тосқауылдағылар да қосылса керек, қос мыл­тықтың қатар таңқ еткен үні естілді. «Үшеу емес үш жүз қасқырды қуғандай осынша гүрсілдеткенде неғып біреуіне дарымайтын оқ! Өздері итімді жазым қылар ма екен?»


Қара қасқырдың шынында, басы айналғандай, ізінің мәні кете бастаған. Өз сорабын өзі шиырлап, бір жүріп өткен жеріне қайта-қайта келуі көбейді. «Бұл шіркіннің не білген ойы бар?» Бірақ есті хайуанның омбы қарда салт аттыдан құтылудың ең әдемі жолын таңдап алғанын аңшы да көп ұзамай байқай бастаған. Себебі, іздердің тағы бір қиылысында бұл бөрінің ең соңғы бағытының қайсысы екенін білмей аңырған. «Осы қан жауғыр, мені шатастырып жүрмесін!» Бұл күдігі шай қайнатым уақыт өтпей-ақ шындыққа айналып, оңға да, солға да жосылып жатқан көп іздің қайсысына түсерін білмей, оның басы біржола айналды. Түзу бағытпен туралай салған емес, айналма болған қой сияқты қалың құрақтың арасын оңды-солды шиырлай берген соң шабдардың да өне-бойы түгел түтіндеп, сыр бере бастады. Жаңа ғана өзіне қойған тым ауыр сертінің орындалмай бара жатқанына Сарман енді-енді сене бастағандай. Иен далада құр сойылмен қасқырды ала алмасын, тіпті қара тажалға қару сілтердей жерге жақын барудың қауіпті екендігін де Сарман жақсы білетін. Оның ойы тың ат мінген, қолдарында қаһарлырақ қаруы бар жігіттер жаққа қарай қуалап шығару болатын.


Енді онысынан да дәнеңе шықпайтынын, қара тажалдың өзін біржола адастырғанын мойындап, бағанарақта мылтық даусы көбірек естілген Көктал жаққа төтелей салған. Ол үш қасқырдың да аталарына нәлет айтып, Алқанбайды да осы қараның соңына салмағанына өкінді. Ендігі ойы жігіттерді таба алса, көптеп жүріп, оның шиыр салған қалың құрақтан шығар ізін кесу немесе сол қалың жыныстың ішінен қуалап шығару болатын.


Басқа жұртты, бүтін бір ауылдың тұрғындарын қараның соңғы бірер жылда қаншалықты қан қақсатқанын айтпағанда, өзіне келтірген зиянын ойлағанда, оның зығырданы қайнаған. «Әй, шіркін, кек алудың бүгінгідей сәті енді келе қояр ма екен?!»



* * *



Кішкентай Жібек бір күні жылтың қаққан сары аяқ төрт көз күшікті ертіп келіпті. Көшкен қойшылардан қалып қойған тас­танды бірдеңе болса керек, іші бұраудай болып өзі де әбден ашыққан екен. Көздерінің үстінде түймедей екі сарғылт дағы бар мұндай иттерді жұрттың «төрт көз» дейтінін және төрт көз итті «құтсыз болады» деп, кез-келген үлкен кісілердің жаратпайтынын бала кезінен жақсы білетін Сарман күшікті көргенде пәлені көргендей ытырынған.


– Қайдағыны қайдан ертіп келесің осы? – Жаңа ғана отарларды аралап оралған ол атынан түсе бере-ақ Жібекке жәркелештеніп, шапшып, қолын жалап жүрген төрт көзді ойбай салдырып, қамшымен бір тартқан. Соққыдан бір аунап тұрып сүйретілген қалпы ауладан қашып жоғалған күшіктің қаңқылдағанын қойшы, таяқ жеген күшігі үшін қызының салған ойбайы жер-көкті басына көтерді.

– Күшігімді өлтірдің-ау, өлтірдің-ау! – деп қара күшіктің соңынан безектеп бірге кеткен.

– Жазықсыз хайуан ырысыңды ішті ме? – деп үйден жүгіре шыққан әйелі Сақым көсемсіді.

– Жарайды, ендеше жұртта қалған өңшең қаңғыбас күшік пен мысықты жинап әкеліп бағыңдар, түге! Онысы бір ит сияқты ит болса екен-ау, – деп ол күңкілдеп сөйлеп жүріп, атының ер-тоқымын сыпырған. Бірақ «Жазықсыз бейшараға қолым қатты батып кетті-ау!» деген бір аяныш сезімі өзін де өкіндіре бастаған. Өкінгенмен сыр берген жоқ, кісінің көңіл-қошы келмей тұрған кезде итті қойғанда туған баласын да жазықсыз жазалайтын сәті де болады. Оның үстіне бұл шіркін бір түсі-түрі келіскен ит болса екен-ау, сұмпайы сияқты сары аяқ, төрт көз қара.


Қара күшік ақыры осы үйдің есігін күзететін, кісіні қойып төңірекке жолап кеткен бөтен малды да түре қуып тастайтын аса сақ Майлыаяқ дейтін қара қаншыққа айналған. Сарманнан басқаның бәріне де қылығымен жағып, біржола сіңісіп кеткен. Тек Сарманды көрсе ғана есік алдында көп бұлаңдай бермей, қарасын батыруға тырысатын. Әрине, Сәкеңнің де оған осы үйдің тілеулесі ғой деп іші жылып көрген емес. «Әй, нәлеті сары аяқ, төрт көз қара ит құтсыз болады деуші еді» деген бір солақай ырымның кесірі ме, болмаса әлдекімнің жұртында қалған қаңғыбас еді-ау деген ой көкейіне біржола қоныстанып алған ба, әйтеуір сыпсың қара күшік өсіп, үлкен ит болғанша оған түсін жылытып көрмеген. Шынында бұл жазғанның о бастағы ырымы қырын бастады ма, болмаса сәбидің жарық дүниедегі өз еншісі таусылды ма, тәтті қылық, балдай тілімен өзін үйіне жеткенше асықтыратын Жібегі ойда жоқта Сарман әулетін қайғыға батырып, шетінеп кеткен. Бүлдірген тере барғанда жылан шағып алып, бұлар орталықтағы дәрігерге жеткізгенше жол үстінде көз жұмған. Ойда-жоқта от басының күлін көкке ұшырғандай болған осынау оқиғадан кейін Сарманның көзіне қара қаншық «барлық бақытсыздықтың бастаушысы» болып елестеп еді. Өзінің кішкентай қамқоршысынан біржола айрылғанын сезініп, Жібектің бетін жасырған топырақ үйіндісінің жанына барып, оны адамнан бетер жоқтап, озандап ұлып отыратын еш жазығы жоқ Майлыаяқ сәбидің қазасынан кейін екі күн өтер-өтпесте қатал бір үкімге кесілген еді. Ауыр қайғыдан тұралап қалған Сарман ел аяғы саябырсыған бір сәтте ешкімге көрсетпей үйден мылтығын алып шыққан. Бұл оқыс шешімге келуге үйіне кіріп шыққан көрші кемпірдің сөзі себепші болып еді.


– Сәби жаны бейіштің құсы деуші еді. Ұшты келді, ұшты кетті, қайғырғанмен қайтпас. Берік бол, Сарман. Адам – бізді айтпағанда, төрт аяқты мақұлық Майлыаяқтың жас қабірдің басында ұлып отырғанын көргенде көз жасыма ие бола алмадым, – деген. «Ә, қара пәле, түріңе қарап түңіліп едім, ақыры бізді қан қақсатып алып, енді өзің де зарлауға кіріскен екенсің ғой. Ондай болса, сені де аттандырайын иеңнің соңынан!» деген шешімге келген.


Біздиген тұмсығын көкке шаншып, озандай ұлып отырған Майлыаяқтың қос өкпесінің тұсын қарауылға іліндіре беріп, мылтық дауысымен айналаны селк еткізді. Қара қаншық өз жамбасын жан ұшыра бір қауып алды да, төбе басында сепсиіп тұрған иесі Сарманға таңырқағандай қараған.


Әншейінде мұны көрсе, жеті қыр асып безе жөнелер иттің дәл сол сәтте меңірейген бір күйге түсіп, аңырып қарап қалғаны Сарманның жүрегін тіксіндірді. Екінші рет мылтық кезенуге дәті шыдамады. Теріс айналды да, қаруын мойнына асынып, жүре берген. Атқаны үшін емес, жанды жерден дәл тигізіп, өлтіре алмағаны үшін өкінген. Ол үйге қарай бес-алты қадам жүрген кезде ғана Майлыаяқтың зарлана қаңқылдаған ащы даусы естілген.


Қара қаншық сол кеткеннен мол кетті. Сарман оны «бір жерге барып, өлген болар» деп ойлаған. Тек әйелі Сақым ғана Жібектің өлгеніне көзі жеткен соң Майлыаяқтың да қаңғып кеткенін жиі айта беретін. «Құйтақандай қамқоршысынан айрылған соң бізден жылы қабақ таппайтынын білді-ау» деп көз жасын іркіп алып отыратын.


Арада бірер ай өткен соң-ақ бұл үйдің қаз-тауығы түн ішінде жоғалатын кеселге душар болды. Ұры жоқ, қары жоқ заманда құстарын түннің ішінде кімнің алып кететінін ешқайсысы біле алмай, оның үстіне көршілеріне мұндай зобалаңның келмегенін білген соң, тіпті аң-таң болысқан. Ақыры бір түні арнайы аңдыған Сарманның ұлы қораға кірген бір қара итті аттандап жүріп, қуып шығыпты. Айтысы: артқы бір аяғын сүйрете басатыны болмаса, із-түзсіз жоғалған Майлыаяқтан аумайтын көрінеді. Сонда ғана Сарман келімсектің өздерінен өш алуға кіріскен төрт көз екеніне шүбә келтірмеген.


Майлыаяқ содан кейін тағы да ұзақ уақыт көрінбей кеткен болатын. Тек, бір ақсақ қара иттің иен тауда жүретінін, адам баласын көрсе безіп қаша жөнелетінін көргендер көбейе бастады.


Жаз бойы бір үйір қаз-үйрегін ұрлаған Майлыаяқтың зиянкестігі үлкен қарақшылықтың бастамасы ғана екен. Ерте түскен қыспен бірге бұл өлкенің ит-құсы да сол жылы тым қатты болып кеткен. Бұрындары еркінше жайылып, кешкілік қана ауылды табатын тайынша-торпақтың шығыны көбейді. Тіпті кей кездері ауылдың іргесіндегі малды жарып кететінін қайтерсің. Осы кесапаттың көбі екі көкжалға ерген ақсақ қара иттің зобалаңы екенін де жұрт әбден біліп болған. Ең сұмдығы, ит пен қасқырлардың ойда-жоқта табысқан осынау шағын ғана одағының алдына қойған негізгі мақсаты – Сарманың малын іздеп жүріп, жайратып кету сияқты. Сол бір қыста, ұсақ малын жегенін айтпағанда, тайынша-торпағы бар екі-үш ірі қараны қарға аунатып кетті. Қара қаншықтың – ақылы, қос бөрінің азуы тау қойнауында талай жылдан бері дәл биылғыдай дүрлігіп көрмеген шағын ауылдың тұрғындарының берекелерін бек кетіріп тұрған. Тіпті ауылдың іргесіне жайбарақат келіп, талай малды тал түсте жейтін өнер шығарды.


Тағы болып кеткен қара қаншық бір күз, бір қыстың ішінде-ақ шағын ауылға қисапсыз зардап шектіріп, ақыры мал төлдеп жатқан тұста ажалын Сарманнан тапқан. Бұрын бұл ауылдың бір малын жайратып кетсе жемтікке де қайтадан оралмай, әбден ізі суығанша төңірекке апталап жоламай қоятын қара қаншықтың әккілігінен әбден зәрезап болған Сарман мойнынан мылтығын тас­тамай, үнемі қараның үйірін көрдім дегендерге құлағын түріп, із кесе жүретін. Содан ба қасқыр апаны болады-ау деген қиын, қараған-бұталы сай-саланы тінткілеп жүретін. Бір күні қаншықтың жалғыз өзінің қалың ұшқаттың арасына сіңіп бара жатқанын көріп қалғаны. Аузында тістеген жемі бар екен. Осы беткейде қасқыр апанының бар екеніне ол күмәнданбаған. Ештеңені көрмеген кісі болып кете барған. Бірақ дүрбі, мылтығын сайлап, түн ортасында бір жартастың түбіне келіп бекінді. Ойы – сәті түссе, кешегі өзінің Майлыаяғы – бүгінгі қанды ауыз қара қаншықты мылтық қарауылына іліктіру. Қателеспепті. Қара қаншық түнгі жортуылдан оралса керек, таңға таяу дәл жанынан көлденеңдеп өтіп барады екен. Бұрын­ғы ілмиген сары аяқ төрт көз, жәркелеш қара емес, бауыр жүні түспесе де, тұлғаланып, жылтырап алғандай. Күздегі бір аяғын сылти басатын кемдігі де жазылып кеткенге ұқсайды.


– Майлыаяқ! – Бұл сөзді не үшін айтқанын Сарманның өзі де аңдамай қалған. Таң қараңғылығында қап-қара елестей болып, сумаңдап бара жатқаи ит бұл жатқан жаққа жалт қараған. Айтулы аңшы болмаса да бала кезінен мылтық атуға аздап машығы бар Сарман суық қаруын кезене берді. Бір сәтке ғана тұрып қалған қара иттің қайтадан есін жинап, орнынан жалма-жан секіре берген мезетінде мылтық үні таңғы тыныштықты қақ айырды. Оқ жанды жерінен тиген соң бір-ақ рет қаңқ етуге шамасы әрең келген Майлыаяқ ұзынынан сұлап түскен.


– Тілеуің құрғыр, зәндәм! – деп Сарман итінің маңдайынан бір тепкен. Жарты жылдың ішінде талай зобалаңды көрсетіп үлгерген, күні кешегі өз босағасының күзетшісі, дүние қызығын көрмей дүниеден өткен кішкентай сәбиі асыраған Майлыаяғының екінші оғын құлақ шекесіне қадағалы тұрғанда оның көзі иттің бауырына түскен еді. Қаз-қатар шошайған емшектерді сүт кернеп, едірейіп тұр екен. Иттің бауырына одан әрі қарауға оның жүзі шыңамады. Апанды тауып, бөлтіріктерді алсам-ау деген ойынан айнып, ауылына бет алған. Себебі жаңа ғана өз ұрпақтарына жете алмай жол ортада о дүниеге аттанған қара қаншықтың тағылық тірлігіне, қасқырлық қиянатына өзінің де кінәлі екенін сезіп бара жатқан...


Ол ауылдастарына бір кезде өзі асырап, одан ешқандай жазығы жоқ хайуанға мылтық кезенемін деп ит екеш итті де адамнан бетер өшіктіріп алғанын, сол өштіктің бодауына тағы да түк жазығы жоқ қаз-тауықтан бастап, қой-ешкі, тайынша-торпаққа дейін дегендей, өз қорасынан өрер біраз малын өтеп жүріп, ақыры қара қаншықтың мазасыз, әрі басқа тұқымдастарында кездесе бермес сонша кереғар, қайшылыққа толы тіршілігіне тыныштық алып бергенін айтпаған. Күшік кезінен қамшының астына алып, кейіндері сәбиінің ажалы үшін тырнақтай кінәсі болмаса да оны оққа байлаған өз қаталдығынан қара қаншықтың жасаған қысастығы кем болмаған соң, сол қаталдық пен қысастық бір-біріне есе болып толса жеткені деген ойға беріліп, көңілін тыншытқан.


Ол сол жылы жазда қой фермасының меңгерушісі деген атқа мінерлік қызметін басқа біреуге өткізіп беріп, тау етегінде жатқан туған ауылына көшіп келген болатын. Жаз шабындық, қыс пішен маяларының қарауылы дейтін жаңа қызметін атқарып жүріп жатқан. «Ойбай бір қара қасқыр шығыпты дейді. Қорадағы малды тал түсте келіп жайратып кетеді екен» деген сөзді алғаш рет естігенде екі-ақ жыл бұрындары өзінің қара қаншығынан, оның зардабынан әбден запы болған Сарман селк ете қалған. О баста «қара қасқыр бола ма екен?» деп таңданғанмен оны көргендердің сөзін естігенде: «Япыр-ай, баяғы қара қаншықтан қалған тұқым болмаса не қылсын, енесі өлген соң ол қалай тірі қалып, қатарға қосылды екен?» деп таң қалған. Қара қасқырды бөлтірік кезінде қара қаншықтың бауырынан көрген ешкім болмаған соң «бұл да бір бөрінің не сырт­таны, не түсі бөлек нысаналысы болар» дегенге сайыған. Тау елін біраз зәрезап қып, атағы өзінен бұрын жеткен қара тажалдың дәл жаз ортасында қасқыр тектінің жайлаудағы малмен бірге биікте жүретін уақытында керісінше ойға түсіп, етектегі бейғам елдің меншік малына ауыз салып, бүйідей тигені ешкім күтпеген оқиға еді. Әне-міне дегенше Сарманның бір бұзауының жемтігі де іргедегі бұлақтың басынан табылған. Бұл үйірге жаз ортасында біраз малын жегізген жігіттер қара жерде қасқыр соғу оңай болмаса да ат, мылтықтарын сайлап, даярланып болғанша бөрілер жым-жылас жоғалған болатын. Содан қайта оралып соғып, лаңды жортуылдары біліне бастағандарына бірер аптадай ғана уақыт өткен. Оның үстіне дәл бір сертке тұрғандай, ондаған түтіні бар ауылдан өретін көп малдың ішінен қиналмай келіп, Сарманның күні ертең сойғалы жемге байлап, мәпелеп отырған соғымын тапқанын қайтерсің. Қолда өскен қара қаншық иесінің қатал жазасы үшін керемет естілік танытып, мұның малын егеспен жеген шығар, ал қара қасқыр тіпті Майлыаяқтың тұқымы болған күнде де дәл осындай ұрпақ қуған өшпенділік танытпаса керек еді. Тіпті мұндай оқиға болады дегенге естімеген-көрмеген адамды сендірудің өзі қиын еді. Сарман бұған иланғысы келмейді. Кездейсоқ ұшыраған бір қырсыққа жори берген. Не болғанда да, қараны құртудың сәті бүгін түспесе, бұл қанды ауыз топтың әлі талайдың санын соқтырары кәміл еді.



* * *


Ақ тазыны ерткен Алқанбай мен бірге басқа жігіттер бұл Көкталға жақындай бергенде қарсы жолықты. Аттарының буы аспанға шығып, өздері де қасқыр қуудың қызығымен танаулары делдиісіп, әбден қызынысып алыпты. Біріне-бірі сөз берер емес. «Біреуін жайраттық пәлекеттердің» деп күпілдеседі олар Алқанбайдың артына шұбалтып бөктеріп алған бөріні көрсетіп. Терісін сыпырып үлгерместен, арам қанымен ат сауырын жирендіріп, арыс­тай ғып көлде­нең салыпты. Әлде тірі кезінде, әлде өлген кезінде бәрі де сойыл, шоқпарларын аямай сілтесе керек, жырта қарыс қап-қара езуіне қызыл қаны қатып, бас сүйегі мылжаланып қалыпты.


– Әттеген-ай, мына миғұлалар бағана сіздің айтқаныңызды істеп, тау жаққа шығар жолды тосқауылдады бар ма, біреуін тірі жібермейтін едік, – деді Алқанбай серіктерін кінәлап. – Қасқырларды көрген бетте бірінің артынан бірі шұбалып, бір бүйірден лап қойды емес пе! Тіпті қасқыры бар болсын, менің оғым бұларға, бұлардың оғы маған тиіп кетіп, біріміз жазым болар ма екенбіз деп қатты шошыдым. Әйтпесе Лашын көкжалдардың адымдарын аштырмай, бастырмалатып-ақ еді. Бірімізге-біріміз кедергі болып жүргенде Кішкенетауға иек артып-ақ кеткендері... Айтпақшы, әлгі қара тажал жеткізбей кетті ме?


– Жә, кеттік қараңғы түспей тұрып, мына Кендірліктің қамысекті қалың құрағын бір сүзіп шығайық, – деп Сарман атын кері бұрып, бірден көсем аяңға салған. Қасындағыларға ол қара қасқырдың өзін қалай адастырып кеткенін айтып, ендігі саяттың жоспарын мөлшерлеген.


– Әлі ол пәлекет бұл қалыңнан шыға қойған жоқ. Шықса да ізін оңай тауып алармыз. Тек енді айырылып қалмай, ол жасырынған құрақтың бергі бетін алыстан торауылдаңдар. Жерге сіңіп кетсе де Лашын тауып берер. – Жаңа ғана бұлар тоқтаған бетте секіріп келіп алдына мініп алған ақ тазының алғашқы аңшылығына көңілі әбден толғандай оны тұлыбымен қымтап қойды. – Мына шіркіннің бағана қара пәленің ізіне түспегенінен болды емес пе бар шатақ. Әйтпесе, бүгін оның соңынан қалар ма едім.


– Көкшулан көкжалдар кетіп бара жатқанда тазыңыз қаңғырған қара төбетті қуалап қайтемін деген болар. – Сәлім әзілге сүйесе де шындыққа жанасымды болжам айтқан еді.


– Шіркін-ай, тазы тұқымы нағыз иттің сырттаны екен-ау, – деді жігіттердің тағы бірі. – Екі-ақ секіріп барып, қылтасынан түре бір көтеріп тастап-ақ жібереді екен. Бірақ белдесіп алыса кетер дәрмені болмаған соң, өзіне ұмтылған арандай азудан тағы да сол ылпың-жылпың жылдамдығымен жалт беріп, қашып үлгереді. Қасқыр аулауға бұрын шығып дәнікпегендікі ме, әлде жастығы ма әлі де айла-тәсілі аздау екен. Әйтпесе аңкөс, кәнігі тазылар қас­қырды тақымнан көтеріп, төңкеріп тастасымен-ақ шабын жарып тастайды деуші еді...


– Е, үш қасқырдың ортасында олай да бұлай секіріп, осы неме жүріп алған соң да жөндеп ата алмадық емес пе, – деп екінші мылтықты асынған Қайран дейтін жігіт ақталды.


– Мынаны қалай алдыңдар? – деген Сарман Алқанбай бөктерген қасқырды иегімен нұсқап. – Атып алдыңдар ма, әлде соғып алдыңдар ма?

– Алдымен менің оғымның тигені, – деді Алқанбай атын сипай қамшылап қойып.

– Кім біледі, мүмкін менің оғым тиген шығар... – деп, Қайран қарсылық білдіріп еді, Алқанбай жасының үлкендігін пайдаланып, жаратпаған үнмен зекіңкіреп, тіл қатқан.

– Қасқыр атқаның сол, атыңның басына ие бола алмай, бір далада өз алдыңа далбаңдап жүр емес пе едің... – Қайран қыза­рақтап, дау айта алмай қалған соң ол әңгімесін әрі қарай сабақтады. – Көкжал қашанда көкжалдығын қойған ба? Оқ тиіп қиралаңдап жатса да, жанына тақай бергенде, маған қарсы атылғаны. Атым жалт берген кезде өзім үстінен түсіп қала жаздағаным. Әйтеуір, абырой болғанда, азуы денеме дарымай, тонымның етегін ғана алып түскені, – деп, бір шалғайы жыртылған тонын көрсеткен. – Мылтығымның дүмі де қара тұмсығына тиген екен, сеспей қатты... Сол кезде қашқан екі қасқырдың алдын орағанның орнына өлген бөріден мына шіркіндер өштерін алып, жүріп алды емес пе! Қиынға шығып үлгерген қос бөрінің соңынан қалмай жүрген Лашынның өзін әрең шақырып алғанымыз.

– Жә, бопты! – Сарман шылымын алып тұтатты. – Қасқырды соққан еңбегің бар екен, олжа өзіңдікі болсын.

– Сәке-ау, жол сіздікі ғой. Мұны менің соғып алғанымды мойындасаңдар болғаны, көк шуланды өзіңізге байладым.

– Мен қара тажалдың төрісін сыпырмай тынбаймын. Лашын аман болса бүгін немесе биыл қыста терісін шұбатылтып, ат артына бір салармын.


Сол кезде суыт жүріп келе жатқан аттылар да қалың қамысекті аралға оқ жетер жақын жерге келіп қалған болатын. Сарман серіктеріне «Ал енді» деп келесі жоспарын айта берем дегенше әлдебіреуі атын тебініп қалып: «Ойбай, әне кетті!» деуге шамасы әрең келген. Бәрі де жаңағы жігіт ұмтылған жаққа қарады. Тайыншадай шолақ құйрық қара қасқыр аңшылардың қарсы алдынан қайта шыға келерін күтпеді ме, әлде ит ерткен бір топ атты соңына түскен кезде қамысекті аралдың пана болмасына көзі жетті ме, әйтеуір құлаштай сермеп, бір қырындаған күйі қозы көш жерде жатқан тауға қарай салып барады екен. Ақ тазы секіріп жерге түсті де, қалың қарды омбылап, қараның жолын қия тартты. «Иә, сәт!» дескен салт аттылар да сойылдарын оңтайласып, аттарына тақым қысысқан. Алқанбай да, Қайран да шауып келе жатқан күйлері мылтықтарынан екі-үш дүркін оқ шығарып еді, бірде-бірі дарымаса керек, қараның адуын шабысын кідірте алған жоқ. Шапқан сайын бүйірін соғып келе жатқан өлі қасқарды Алқанбай аударып тастады. Бағанадан қатты шабыс көрмеген Сарманның шабдары жұрттың алдына түсіп, қос танаудан буын атқылап, еркін сілтеп келеді. Жануар бүгінгі шабыстың мақсатын түсінгендей тынысын жиі алып, Лашынның ізінен жаңылар емес. Бірақ тазы ит жетіп кідіртпесе, қара тажалдың әзірге маңайлатар қояр түрі жоқ. Батар күннің қызғылт сәулесімен ойнаған ақша қардың үстінде сырғып бара жатқан қап-қара сағым сияқты.


Соңғы қуғын басталғаннан бергі сүт пісірімге жетер-жетпес уақыттың ішінде Лашын да қасқырға қатарласқан. Бірақ екеуі де сайлауытқа жетіп, көзден таса болды. «Апыр-ай, ана сорлыны бүктеп кетер ме екен?!» деп зәресі ұшқан Сарман шабдарға қамшыны баса түскен. Әне-міне дегенше қара сағым мен ақ сағым салғыласқан қалпы арғы белегірден көрінді. Ит тақай бергенде қасқыр арс етіп, қайыра шапшиды. Жыртқыштың бұл шабуылынан құтылудың тәсіліне осы бүгін-ақ кәнігі болып қалған Лашын да бір бүйірге қарай жалт береді. Тілі салақтаған қасқырдың тақап қалған ат дүбірі жанына байыз таптырмай, екі жағына кезек жалтақтатып, қайтадан созыла сілтетеді. Ит те өз міндетінен танбай, шыбын жаны үшін безектеп бара жатқан сорлыны бірер минутқа болса да тағы кідіртеді.


– Иә, сәт! – деп айқайлады Сарман. Итіне дем бергені ме бұл айғайының мәнін өзі де түсініп келе жатқан жоқ. – Қанды басың бері тарт, жауыз!


Бұл ит пен қасқырға арқан бойы қалған кезде шабысынан танбай бара жатқан бөрі оқ тигендей етпетінен түскені. Дұшпанынан мынандайды күтпеген ақ тазы сасқалақтап қалса керек, өзін-өзі тоқтата алмай барып, қараның үстінен секіріп барып, сүрініп кетті. Сол кезде сақпаннан ұшқан жасындай атылған қараның арандай азуы ит құймышағына ілінген. Бойлары ауқымдас болғанмен сүйекке тері қаптап қойғандай тазының арбиған әлсіз аппақ денесін қас пен көздің арасында қара албасты астына бүктеп, аппақ қарға біржола сіңістіріп жібергендей болды. Күтір етіп сынып түскен әлдебір сүйектің үнін Сарман анық естіді. Өз сүйегін шайнап сындырғандай төбе құйқасы шымырлады.


– Таста, жауыз! – Ол итті тастай беріп, енді қашпақ болған қараны сойылмен қиғаштай көміп өтті. Бірақ соққы жанды жерінен тимеді ме, әлде тайыншадай қара тажал жеңіл қарудың соққысын елең құрлы көрмеді ме, бір аунап тұрып, қайта құлаштай жөнелді. Сарман шабдардың басын бұрғанша, соңынан таяп қалған қуғыншылар гүрс-гүрс мылтық атты. Қара қасқыр қаңқ етіп, етпетінен түскен. Сарманның өзінің де бірер дүркін қасқыр соққаны бар еді, кәнігі аңшылардың әңгімесін талай естігені бар еді, бірақ жаралы болған қасқырдың қаңқылдағанын көрген де, естіген де емес. Дәл осы сәтте әбден қызынып, қараға деген өшпенділігі шегіне жеткен Сарманның ондай жайларды ойлауға шамасы жоқ болатын, қаны көзіне құйылып, сойыл оңтайлай берген. Қара қирелеңдеп, орнынан тұра алмай қалыпты. Оның есесіне етпеттеген қалпы иегін қарға тығып, гүр-гүр айбат шегеді. Қос жанары шоқтай жанып, желке жүні күдірейіп кетіпті. «Келсең кел, қолыңда өлейіннің!» кері. Жақындаса болды – соңғы қайратын жинап, өзіне атыларына күмән жоқ еді. Сондықтан да ол көзсіз ерлікті жинап қойып, шабдардың басын тежеді. Алқанбайдың көздеп атқан келесі оғы дәл бастан қадалған соң ғана бірер жыл бойына осы өңір тұрғындарын қан қақсатып, үрей тудырған сонша айлалы, сонша қарулы тірлік иесі біржола сұлық түсті. Сол сәтте Сарман қараның да баяғы Майлыаяқ сияқты сары аяқ, төрт көз екенін көрген. Бірақ ешкімге ол туралы тіл қатпастан өз тұқымдасы мен дала жыртқышының ортасынан туған тағыны құрту жолында құрбан болған Лашынның өлімтігіне қарауға да дәті шыдамай, шабдардың басын ауылға қарай бұрды.


Ол бір-ақ рет жаза басып, қателесудің зардабын жоюдың осыншама қиыншылыққа айналатынын осы жолы ғана пайым­дағандай еді.



1986 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар