Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Қосқора...

01.02.2016 3727

Кәдірбек Сегізбай: Қосқора

Кәдірбек Сегізбай: Қосқора - adebiportal.kz



1cff67892605e451f79ced3a1c7df0db.jpg


Қойын қораға енгізіп, атын отқа койып, Қазтайдың үйге кіргені сол еді, алдынан кішкентайы Ақкенже жүгіріп шыққан.


– Әке, шешем жылап жатыр! – деп ол суық хабар жеткізді.


– Жылағаны несі, тағы? – деп Қазтай сырт киімін де шешпес­тен тік тұрған қалпы тіксініп қалсын. – Оған не көрініпті, Айдың-Күннің аманында жылайтындай?!


«Шынында да намаздыгер намазшам, бейуақытта осынша еңіреп, етегімді жасқа толтырардай маған не көрінген?» деген ойға тірелсе керек, Мәнсия да ербиіп, орнынан тұрып келеді екен. Қазір той-томалақ емес, қазан-ошақтың қасында-ақ басына қалай болса солай орай салғандықтан «қызметі» әбден құлдырап, беделінен береке қалмаған жапонның жылтырақ орамалының астына будыраған шашын жинап, жасырып болған соң асықпай барып, қабырғадағы электр тоғын қосқыштың түймесін басты. Жарқ еткен өткір сәуле кезінде-ақ зайыбының дидарына жалт етіп бір қараған жұбайы оның бір замандары теңдесі жоқ әдемі болған, бірақ кейінгі жылдары айналасына әжім кестесі байқатпай түсе бастаған жанарының қызарыңқы екенін байқаған. «Сәменнің басын кезексіз жау­ған жаңбыр тоздырса, қатынымның жүзін керексіз төккен көз жасы тоздыратын болды» деп Нұрлы марқұм жігіттерге әзіл айтып отырушы еді, сол айтқандай, «керексіз жас болғай да» деген ойға келді. Бірақ жар дегендегі жалғыз зайыбының куанған иә ренжіген сәтіндегі жан толқынын тысқа сұрақпен зорлап шағаратын қасиет – оның екеуі отасқан отызға жете қабыл жылдың ішінде әдетінде болып көрмеген. Алайда сөз толғағынын қаймыжықтай қағанағы оп-оңай жарыла салатын Мәнсия екені рас болса, шай қайнағанша ләм демек жүре алмаса керек-ті.


Жоқ, шыдады. Қазтай қара тонын оның ішіндегі кар кү­пәйкесін, оның ішіндегі қара пенжагын, оның ішіндегі қара елтірі кеудешесін шешіп, саптамасын сыпырып болған соң асықпай жуынды. Ыдыс-аяқ сылдырлап, суы ақ бұршақ болып қайнаған шәугім ыстық плитаны шыжылдатып, шырт-шырт түкірді. Басындағы жапон орамалының окалы талшықтары электр жарығымен жылтылдаған Мәнсия қайқаң-қайқаң әрі-бері өтеді, бірақ әңгіме бастар себепті таба алмаса керек, шыдап-ақ жүр. Отағасы жеңілденіп, жуынып-шайынып болған соң төрге барып, көлденеңінен сұлады. Егескендей бұл да қолына алғашқы кесе шайды алған кезде ғана зайыбына тіл қатқан.


– Бүгінгі күнің, тіпті, жалап тұр екен, қара тонның өзі қамсау болмай кетті. Ертең тұлыбымды да бөктере кетейін, оңайға алып қойшы, жарықтық өлара үскіріктеп басталды, аяздың беті аз күнде қайта қоймас, – деп, Қазтай қосағының көңіл-қошсыз екенін елемегендей, ештеңені көрмегендей мүлде бейғам, күнделікті күйбеңнің күйкі сөзін әдейі коңраулатқан. Жаңағы жиналып алып, жанартаудай атқылауға дем шығарар тесік таба алмай тұрған Мән­сия бойындағы «сөз қағанағына» біз сұққан тәсілі.


– Иә, сен сөйтіп өз басыңды күйттесеңші!!! – Үш бірдей леп белгісімен айтылған алғашқы сөйлемнің алғашқы дем шығарыс екеніне ешқандай күдік жоқ еді. Әрі қарай сөздің отты селі ағылмақшы. Қателеспепті: – Әке болып балаңа сөзің жүрмейтін, еркек болып басқаға сөзің жүрмейтін қандай еркексің осы сен?! Өмір бойы қой соңынан ілесе берген соң өзің де қой мәнзелдес миғұлалау бірдеңе болып кеткен шығарсың, түге!


– Бір үйге бір бастық жетпей ме? – деп, Қазтай сөз тасқынының алдын алу үшін «қаша соғысу» саясатына көшіп, ыстық шайды құныға ұрттаған. Әкесінің оң тізесіне шынтақтай жайғасып алып, ол да қойдан жаңа келгендей нанына сары майды үйдің қара сылағының қалыңдығындай ғып жағып отырған кішкентай Ақкенже де әңгімеге түк қатысы жоқ бірдеңені бастады:


– Әке, бүгін қасқыр көрмедің бе?


Бірақ шешесі, өзі әлі жөндеп қыздыра алмай отырған әңгі­меден, оны жалғыз ауыз сөзбен-ақ ығыстырып тастады:


– Қасқырда басың қалғыр, тұра тұршы-ей, сен де бір жағынан қосамжарласпай!


Әкесін көргенде еркелігі асқынып кететін Ақкенженің сүп-сүйкімді аузы бір жағына қарай көпе-көрнеу қисайып, өңі бұзынып бара жатыр еді, көмекке Қазтай келіп, абырой болғанда, арзан да болса ақтарыла жаздаған тағы бір көз жасына дер кезінде бөгет қойып үлгірді.


– Көрдім, құлыншағым, көрдім, – деді ол баласын бауырына басып. – «Сенің жылауық балаң бар ма?» дейді. «Маған берші» дейді. «Кет әрі, менің балам жыламайды!» деп, басынан таяғыммен бір салып едім, таудан асып, қашты да кетті!..


– Бәйбіше, тыныштық па әйтеуір? – деген ол қабағын сәл түйіп. – Баланы мүйіздемей отырсаңшы, мүйізің сынғыр... Иә, «Ел көшті, жау жетті» дейтіндей тағы не болып қалыпты?!


– Қайдан тыныштық болсын?! – Бірақ осынша өз шарамнан асып-тасып төгілуге бүгінгі естіген өсегім шынында ұра қояр ма екен деген ой Мәнсияның өзіне де дер кезінде еле кетсе керек, үнінің бояуы оңыңқырап, сәл солғындау шықты. Жаңа ғана ойда жоқта бұрқыратқан ақборан шабуылын ұмытып, әңгімені жаяу ақпар айтудан бастаған. – Бүгін осы ауылға әлгі есепші Еламан келіп кеткен...


– Е, – деді, Қазтай Еламанның келіп-кеткенінен аса Жаңызды хабар күткендей.


– Сол Еламан жақында Алматыға демалысқа барып айтқан екен. Біздің әлгі жетесіз ит Еламанға сәлем бере барады білем...


– Е, «Көргенді бала – көш бастайды». Үлкен кісіге іздеп келіп, сәлем бергені көргендігі. Онда тұрған не бар кен?!


– Тұра тұршы, әрі, сөзді кимелеп, берекесін алмай. Әңгіме сәлемінде болып тұр ма?! Әлегінде болып тұр емес пе! Еламанға барғанда жанында мына үйдің әлгі оқудағы шөпжелкесі бар дейді.


– Е, – деді, Қазтай мына хабарыңның тұзы шығымсыздау ғой дегенді көпе-көрнеу сездіріп. – Болса несі бар екен? Қаршадайынан бірге өскен балалар басқа қалаға барғанда бір-бірін ұмытып кетер дейсің бе?.


– Екіленіп қалғыр-ау, неменеге «е-е» дейсің? Осыдан мына іргежауымның сол шөпжелке Алауын босағамнан аттатып көрсін. Әкесіне көрістіріп, көрмей кетсе де маңымды түгілі шаңымды бас­тырмайын. Елдің баласы бала сияқты да, біздің бала пәле сияқты... Өзіңдей ана Қапаннын баласын қарашы, төменді көрсетсең төріңе шығады, төріңді көрсетсең төбеңе шығады. Бір мықтының қызын алып, Алматыда қалды. Әке-шешесі ғой, сол жаман ұлдары Алматының аспанын төбесімен тіреп тұрғандай шірейді-ау. «Әлгі ұлымыз бен келін шақыртқан екен» деп астанаға кетіп бара жатады. Біздің өлездің жүрісі – анау, Зейтіннің сары қызынан басқа Алматыда қыз құрып қалғандай... – Мәнсия өз сөзіне өзі булығып қалды. Қаймыжықтай ерні көгіс тартып, бір көздері теңдесі жоқ әдемі болған, алайда қазір айналасын әжім кестесі әшекейлей бас­таған жанарына тағы да жас іркілді. – Алмайды! Алдырмаймын! Білдің бе?! «Биыл оқуды бітірген соң тойымызды жасайтын шығармыз. Жолдаманы ел жаққа сұрап жүрміз!» деп шатитын көрінеді. Өйтіп, Зейтіннің қызын алып, елге келіп тұратын болса онда неменеге мектебін алтын медальмен тамамдап әуре болыпты. Онда не үшін университетін қызыл дипломмен бітіремін деп мәнтіреп жур?.. Жұрттың жақсы оқыған баласы сияқты не оқудың түбіне жетпесе, не көрнекті орынға отыра алмаса баяғыдан басын ауыртпай-ақ қойын жайып кетпей ме?! Жетесіз неме сол, «Көң қатса – қалыбына барады». Сенен озып, қайда кетсін!


– Е, анау болды де! – Қазтайдың аяз қарып, қара күрең тартқан жүзіне күлкі жүгірді. Бұл «анауының» қай «анау» екенін әйелін қойып, өзі де сол сәтте біле алмағаң. «Немене, сенің ұлыңның министрдің қызына үйленуі керек пе еді? Ондай белдімен құда болсаң сенің осы ауыл арасындағы беделің өсуі мүмкін-ау, бірақ сол беделдің менсінбей: «Қойшымен құда қылған қай құдай?» деп жүрсе, көрер едім өнеріңді. Әлде, қай жағынан келсең де, өзіммен терезесі тең тұрған Зейтін тақияңа тар келіп отыр ма?!» дегісі келген. Алайда жиырма жылдан бері қосқора болып, бір қыстауды қыстап, бір жайлауды жайлап келе жатқан іргелес көршілері – Зейтін мен Сәнімді құда-құдағи қып кердеңдеткенді қойып, қолынан келсе қолына су құйдырғысы келмей жүрген Мәнсияның шыбын жанын одан әрі ереуілдетіп кайтем деп түйген. Тек әйелінің әңгімесінің соңын: – Жә, жә, бәйбіше, жүйкеңді жұқартып қайтесің? Ұлың үйленемін десе – ержеткені де. Мұндай хабарға қай әке-шеше қуанбаған. Қойкен ақылсыз бала емес қой, өлер жерін бізсіз де білер, – деп жаймашуақтатқан.


– Білмей қалсын, білсе ірге жауымнан сөз естіртіп қояр ма еді?.. Әлгі, қатын сияқты аузынан сөз пана таппайтын Еламан Сәнімге де бірдеңені қоңырсытса керек, омай-ау, жаман қар келіп, отымның басын сабаласын: «Ана өлімтік Қойкелділеріңе қойсын деңдер. Қызымның «басын айналдырып» жүрген көрінеді. Тыйылсын! Әйтпесе бар ма, өлсем қолым кеңірдектеріңде кетеді!» деп бүлінеді. «Қуанғаныңа көрінсін, жаман қар! Менін Қойкенімдей жігітке тисе қызың да өле-өлгенше қуанғаннан жымыңдап, екі санын қайта-қайта шапалақтап отырар. Бір-а-а-қ, сорыңды қайнат­қанда мектепті алтын медальмен тауысқан, университетін қызыл дипломмен бітіріп, күні ертең сот болғалы отырған Қойкенім сенің домбыра дыңылдатудың болымсыз оқуында жүрген шипая сарыңды алмай қояды ғой» деп күйдірдім. Сонан аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, түбі бұл жерден көшетінін айтып кеткен. «Көшсең соныңнан бір уыс топырақ». Аман-есен құтылғаным үшін қайта бір малымды сойып, қалған көрші-қолаңға шай берейін» деп қалдым мен де есемді жібермей. Жоға, тіпті «Ұлыңды тый!» дегені батып кетті. Ыза болғаным сонша, көзімнің жасын тыя алсамшы! «Таяқ – еттен, сөз – сүйектен өтеді». «Етегім бе, жеңім бе, Сәнім менің теңім бе?» деп жүргенде басынғанын айтам-ау! – Мәнсияның жанартауы жуасып, отты жалынның орнына бу шығара бастағандай. Екі кештің арасында жылап-сықтаған аңдаусыз қылығын жуып-шая бастағандай. – Ыза қылғанда ертең жүремін тура Алматыға. Ол ұлдың менен туғаны рас болса көрейін, әуселесін!


* * *


Ол кезде осы Қойкеннің мектеп есігін жаңа ашқан кезі. Үш колхоз қосылып, екі совхоз болды ма-ау, әлде бесеуі қосылып, үшеу болды ма-ау, біреуді-біреу білмей жүрген тұс болатын. Бір колхоздың қоңсы отырған қанаттас қойшылары шаруашылықтың жаңа жер бөлісі бойынша әр совхозға бөлініп кетіп, әке-қойшы «Ақбұлақта» қалып, бала-қойшы «Сарыбұлаққа» ойысып жатқан кез. Сонда ғой, Қазтайдың кой баққалы қыстап келе жатқан Булысайға Зейтінді әкеліп, қосқора ғып қондыратыны. Бұрындары бас­қа колхоздың қойшысы болғандықтан сырттай білгені болмаса араласып-құраласып көрмеген кісісі. Олар да бірер баласы бар, өздері сияқты жас талап, жаңа тірлік екен. Екі келіншек апалы-сіңлілердей шұрқыраса табысса, екі жігіт жұрт сияқты өріске таласып, өнеш жыртыспай жедел түрде достасып кеткен. Бір үйі мал сойса, қызылы таусылғанша екінші үйі сонда дегендей, несін айтасың, мәре-сәре болды да қалды. Қазтай бұрын бір колхоздың маңдайға басқан озаты болса. Зейтін екінші колхоздың мақтанышы екен. Екеуі қоңсы қонып, бір шаруашылық, бір ферманың қойшылары болғанға дейін сырттай бір-бірін жарысқа да шақырыс­қан. Енді ғой екеуі бірдей жиналыс атаулыда басшылардың ауыздарынан тастамайтын тізімнің кеуде тұсында қатар жүреді, Бірінде алдымен Қазтайдың, бірінде Зейтіннің есімі аталады. Тітті біреуі аталмай қалса: «Оны неге атамайсыз?» деп, екіншісі дау айтарын қайтерсің.


Алғашқы екі-үш жыл төл алу, жүн қырқу сияқты қойшы еңбегінің көрінетін тұсында екеуінің аты бірі кейін, бірі ілгері дегендей қатар келіп жүрді. Жарықтық, Булысайдың жері тұнып тұрған құт қой, қыс баласы мал жұтамайды. Шағылды күнгейдің көп қар жатпайтын өрістері қыс баласы екі отар қойды жүдетпей алып шықса, күздің қара суығы мен көктемнің көк өзек шағында теріскейі тұнып тұрады. Жайлаулары да қоныстас, өрістес. Түгін тартса май шығатын Сандықтастың салқын сары дөңі.


Алғашқы дүрдараздық бесжылдықтың қорытындысы бойынша Зейтінге орден, Қазтайға медаль берген күннен басталған. Соңғы үш-төрт жыл қатарынан өзінен төлден де, жүннен де сүйем қарыс болса да озып жүрген Зейтінді досы еш бүкпесіз келіп құттықтаған. Ұмытпаса қызғаныш деген қызыл ит ол тұста да төбе көрсете қоймаған. Тек үйге келген соң ақылға кемел Мәнсия бір келеңсіз әңгіменің шетін шығарсын:


– Қазтай-ау, алған төлі де, қырыққан жүні де біздікінен көп-ақ болсын. Ал «соңғы екі жыл бойына бір де бір бас шығын бермеген» дегендеріне жол болсын. Өткен жылы жазда екі қойын қасқырға жегізіп алғаны, күзде ғана қорадан арам қатып қалған, жуырда таудан тас домалап, өлтіріп кеткен екі қойы қайда? Тіпті, екі жылды қойып, соңғы жарты жылда мен білетін шығынның өзі бес-алтыдан асады екен, Өтірік шіркінді айтқан соң қиыстырып, қиюын келтіріп айтса екен-ау. Малды қойғанда адам да өледі, мыңғырған бір отар қойдан екі жыл бойына бір бас шетінемеді дегенге кім сенеді?


– Жә, қой! – Жұртқа үлгі болсын деп айтады да. Әйтпесе, ұрып өлтірген малы емес, ажалы жеткенін актілеп, қасқырға же­гізгенін төлеген болар, – деп Қазтай әйеліне басу айтқан. Бірақ өзінің көкейінде де «бұл қалай?» дейтін үлкен сауал тұрып алған. «Бұл қалай? Ол баққан қойды бұл да бағып жүр. Сырын білмейтін дүниесі емес. Әйтеуір, бір отардың соңынан ерген соң жаманатты болмайын деп тыным тауып, тыныш ұйықтап көрген жоқ. Еңбегіне қарай алды қырсыз болып, жаман аты шықпапты. Ерте өргізіп, кеш қоралаудың арқасында малының көтерем шыққанын көрсеткен жоқ. Қойдың жемі болса төлі де болмақ, жүні де болмақ. Бірақ, не пәлесінің барын кім біледі, отарлар төлдеген кезде қозы саны мен қой саны шамалас болса да көршісінің маңдайы жарқырап шыға береді. Бұл шіркін: «Уһ, биыл жүзінен жүз он бесті айналдырдым-ау!» деп тынысын кеңірек алса, Зейтін жүз он алты не жүз он жетіні айтып қарап отырады. Бұл: «Өліп-тіріліп жүріп, жүз жиырманың да төбесін көрдік» десе Зейтіннің тағы да бір-екі тұяғы артық болып тұрады.


Қазтай осының бәрі де осылай болуға тиіс шығар деп, бәріне де көнген, көндіккен сыңаймен жүре берер ме еді, мәселенің себеп-салдарын әрі қарай індете зерттеу мәселесін Мәнсия түбегейлі өз қолына алмаса.


Бір күні қойдан келсе, бәйбішесі тағы да екі иығын жұлып жеп отыр. «Жай ма?» дейді бұл шіркін баяғы. «Қайдан жай болсын!» Сөйтсе Мәнсия «ұлы жаңалық» ашып отыр екен. Атақты да, абыройды да жол ортадан қағып әкетіп жүрген көршісінің қулығын ойда жоқта әшкерелепті. Шамасы Сәнімнің өзі ашықауыздық танытқан. Молдап ұстаған меншік қойының төлін де, жүнін де совхоз малының есебіне керегінше қосып, оп-оңай озат бола салады екен.


– Үндеме, – деген Қазтай. – «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам!» Қайда барар дейсің? Бізсіз де олардың опа бермес теріс жолға түскендерін көретін, білетіндер табылар. Жалған да болса өздері жарастықты ғып жүрген «бақтарын» көре алмағандай бажылдағанымыз жараспас.


Осы бір қолайсыздау әңгімеден кейін араға апта түсті ме, түспеді ме, ауданнан бір топ басшы сау ете қалсын. «Біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп бәрін ертіп жүрген совхоз директоры.


– Көп жылдан бері көрші болып, тізе түйістіре қатар келе жатқан озаттарымыз осылар, – деп күпілдесін ол. – Әсіресе, соңғы жылдары Зейтін дес бермей-ақ жүр.


Қазтай оған да мән бермеген. «Айта берсін!» деген. Тек салмақтылау басшылардың бірі:


– Ал, Қазеке, келер жылға қандай жоспар, кандай міндеттеме белгілеп отырсыз? – дегенде, шыдай алмай кеткен.


– Жоспарды белгілейтін мына басшылар бар ғой. Ал мін­дет­теме қабылдап көрген емеспін, – деп бәрін тығырыққа тіреген. – «Пәлен қойдан пәлен қозы аламын» дейтіндей әр қойдың ішіне кіріп, қо­зысын санап шыққаным жоқ. Менің міндетім – малымды жүдетпей бағып-қағу. Уақытында суарып, уақытында жем-шөбін беру, уа­қытында өргізіп, уақытында қоралау. Бұйырған төлді аман алып қалып, енесінің артынан ерту. Менің міндеттемем – қанша төл санаққа жетсе – сол, қанша жүн қырқылып, қанарға түссе – сол!


Бұл сөз өзінің қазіргі өмір тынысынан хабары жоқ, көр-со­қыр екенін мына жұрттың алдында оп-оңай әшкерелеп берді. «Бұл неғылған оспадарлық, неғылған сауатсыздық?» деген кінәлаулар айтылмаса да, ол өкілдердің ата қараған көздерінен соны ұққан.


– Менің мына көршім көріпкелі бардай міндеттеме қабылдағыш болатын, мүмкін сол айтар, – деп, ол тұңғыш рет қоңсысына деген наразылығының шетін шығарған.


– Онда сенің жұмысың қанша?! Өз жөніңді білсейші, – деп, директор да ұятты кісілердің алдында ашуын тежей алмай қалған. Сол-ақ екен, майысып шай құйып отырған Мәнсия әңгімеге тосын тұстан келіп, ат қойған.


– Ел сияқты меншік қойының төлін қосып, жүнін қосып, озат атанып, ұшпаққа шығып көрген жоқпыз. Жеткен жеріміз – еткен еңбек, төккен теріміз. Қоспасы да жоқ, қосары да жоқ, – деп ақ құманға шай еселеді.


– Жеңгей, ондай сөздің не қажеті бар? – деп, директор кесесінің бетін алақанымен жауып, дастарқаннан шегініп кетті. Бырп етіп жарылып кетердей. Әлде түсініп отыр, әлде түсінбей отыр, қонақтар да шайды самарқау ішісіп, орындарынан тұрған.


Міне, осы сөзден кейін бейбіт қатар тіршілік етіп отырған екі әулеттің арасынан қара мысық жүгіріп өтті. Қиюы қашып, қисыны кете бастаған достықты қайта кіріктіру үшін екі еркек өрісте болсын, үйде болсын қанша күш салғандарымен Мәнсия мен Сәнімнің арасы ешқандай дәнекерге көндікпей, барған сайын алшақтай берді. Ақыры ойда-жоқта тұтанған бір күнгі сөзбен ат­қыласу майданы жүріп өткен соң-ақ қосқора болып отырған екі әулеттің кос аруының ара қатынастары, үлкенірек ұғыммен айт­қанда, антагонистік қайшылықда айнала жаздап тұр еді. Ортақ қазан -­ошақ бөлінді, тіпті бір кездері өтіл болып өтіп кеткен алыс-беріс дүниелер де қатал есепке алынып, өз иелеріне қайтып жатты.


Мәнсияның ақылымен, Қазтай да ақшасын аямай меншік қойының санын күрт көбейтіп, соның көмегімен Зейтіннің өз бидайын өзіне қуырып беретін болды. Жылдағыдай: «Болған бұйырғаны осы еді» деп екі алақанын жайып қарап отырмай, алдымен көршісінің жетістігін қағазға түсіріп болғанша санақшыларды қотан­ға жуытпайтын әдет тауып алған. «Зейтінде қозы қаншадан айналып тұр?» дер еді алдымен. Айталық көршісінде қозы саны әр жүзге жүз жиырма екіден айналды десе, Қазекеңнің цифры енді одан ең кемі бір-екі санға болса да асып жығалатынды тапты. Бірлі-жарым малы өлім-жітімге ұшыраса, ит-құсқа алдырса, ол үшін де көп қинала бермейтін. Бар шіркін неге жаман болсын, ондайлардың орнына меншігінен есепке кіргізе салады. Сөйтіп, мұның да отары үшін «шығын» деген мүлде жат ұғымға айналды. Сөйтіп, кеткен есені түгендеп, кетігін бүтіндегендей болған соң зайыбы екеуі тыныстарын кеңірек алған еді. Бірақ екі келіншектің бәсекелерінің түбі бір-бірін қалт жіберіп, қадам аттатпайтын бақталастыққа айналып кеп кеткені. Одан құтылу үшін біреуін баска қыстауға немесе мүлде басқа совхозға біржолата көшіріп жібермесе, бөгде айла жоқтың қасы болатын. Бір-бірінен тістесіп, айырылмайтын ызақор балалар сияқты қос келіншек әрқайсысының қылт еткенін қалт жібермей, бақшиып бақылайтын да отыратын. Бұл тым ұзаққа созылып кеткен бәсеке о баста «озат қойшы кім?» деген мәселені шешуден, яғни ірілеу әңгімеден басталса, кейіннен ұсақтай-ұсақтай келіп, екі әйелді дүние-мүлік сатып алудың жарысына қосып жіберіп еді.


Мәнсия өздері өмір бойы бағып келе жатқан қойдың тері­сінен әдемілеп тіккен қызыл күрең тон киіп еді, Сәнім де оны бір аптаның ішінде індетіп жүріп тауып алды. Сәнім маржандай бүтін тістерінің екеуін алтынмен қаптатқан екен, Мәнсия барып лағылдай мөлдіреген тістерінің бесеуін текті металмен қаптатты да тастады. Сәнім құнан өгіз, құнажын дегендей үш-төрт ірі-қарасын етке өткіздіріп, оның қаржысына бұрынғы ақшасын қосып дегендей, Зейтіннің өзі жүргізе алмаса да, кейін балаларым үйренер деген жақсы оймен «Жигули» машинасын сатып алдырып еді, Мәнсия жиған-терген қаржысына құнан өгіз, тайынша-торпағын, оған биесін қоса етке өткіздіріп, біраз ақшаның басын құрап алды да, Қазтай міне алмаса да балаларының тілеуін тілеп тұрсын деп «Нива» машинасын алдырып қойды. Қазтай мен Мансия облыс орталығындағы туған-туыстарына жұмыстарынан сұранып, екі-үш күнге арнайы барып қайтып еді, Зейтін мен Сәнім астанада оқып жүрген қыздарын сағынғандарын дәлел қып, демалыстарының есебінен оншақты күнге босанды да, дереу жол жүріп кетті. Көргендердің айтысына карағанда, қосқора болып көп жылдан бері қоңсылас отырған екі үйдің дүние-мүліктері де егіздің сыңарындай соншама ұксас екен.


Бірде Сәнім мен Мәнсия автобуспен аудан орталығына барады ғой. Ол кезде екі үйдің ара-қатынасы соншама шиеленісе коймаған тұс. Тек қайсысының атының басы қай тұстан озып кетеді, қай мәселеден алданып қаламыз дегендей бір-бірін жіті бақылап отырған уақыт болатын. Екі әйел сырт көзге соншалықты тату, араларынан қыл өтпес сырлас достардай болып, магазиндерді түгендейді, қалталарына салып келген қаржыларын тамамдап, енді ауылға артынып-тартынып бет бұрамыз деген кезде Сәнім Мәнсия­ның өңі түгілі түсіне кіріп көрмеген әңгіме бастаған:


– Әй, қатын, кешкі автобус жүргенге дейін әлі екі-үш сағат бар, жүр біздің балалардың үйіне барып, шай-пай ішіп дегендей әлденіп алып, жолымызға бір-ақ түсейік. – Мәнсия жазған бәсекелестерінің өздерінің ауыздарын артына оңдырмай қаратып кеткенін қайдан білсін:


– Қайдағы балалардың үйін айтасың? – деген ойында түк жоқ.


– Үйбай-ау, «қайдағы баласы?» несі. Өзіміздің балаларды айтамын да. Интернаттың көп шуылдақтарының ортасында сабақ қарай алатын емес, тіпті. Құдайға шүкір, өсіп келе жатқандары да бар. Ертең біреулері отау шығып, орталықта тұрамыз десе үйлері даяр тұрсын деп өткен аптада бір көшкен кісінің қора-жайын сатып алғанбыз. Ақшада коз бар ма, ақыры көр-жерге ұстап тауысамыз ба деген ой ғой біздікі, – Мынау күтпеген әңгімеден кейін Мәнсияның бүкіл ішкі құрылысы түгелдей төңкеріліп түсіп, өңі бұзылып кетті. Ашық ауызданып жүріп, Қазтай екеуінің дәл осы жолы мықтап тұрып ұтылғандарын іштей мойындаған. Бірақ бұл жарық дүниеде ұтылғаныңды мойындағаннан өткен қандай сұмдық болсын, өздерін ең бір сәтсіздікке ұшыраған соры қалың пенделердей сезініп, қараптан-қарап ит-жыны қозсын. Қаймыжықтай жұп-жұқа ерні көгіс тартып, ызаға булыққаннан ештеңе дей алмай қалған. Тек қана:


– Алла-ау, іргелес отырып, жаңалықтарыңды айтсаңдар қайтеді? Жау сияқтысыңдар ғой, түге?! – дейді күйіп кетіп. Сәнімге де оның осы күйіп кеткені керек болатын. Сыртынан: «Е, жаңа үйдің қоныс тойын әзір жасауға шама-шарқымыз келмейтін бол­ған соң бұл жөнінде ешкімге ләм деп аузымызды ашқан жоқпыз, әншейін көрші отырған соң өзіңе айтып жатқаным ғой» деп жуып-шайғанмен, ішінен: «Шоқ, шоқ, бәлем! «Аттыға ілесіп, жаяудың таңы айырылыпты» дегендей меніменен бақталасатын кісісің ғой, сол керек!» деп айызы әбден қанған.


Келсе шағын ауласы бар, шағын ғана ауласының ішінде шағын ғана бау-бақшасы бар дегендей, ұядай-ұядай төрт бөлмелі мекен екен. Зейтіннің сыптығыр қара ұл мен қыздары ата-бабаларынан қалған мекен жайларындай әбден жайғасып алып, жайраң-жайраң етеді. Мектепті келесі жылы бітіретін үлкен қызы Алау да інілерін тәртіпке салып, үйдегі бар жасауды орын-орындарына жайғастырып дегендей, жайнатып жіберіпті.


– О, апайым да келіп қалыпты ғой, – деп құрақ ұшып жұр.


– Айтпадың деп едің? Міне, елдің алды болып Алаужанның үйінің босағасынан өзің аттап отырсың. Алғашқы көрімдік те сенен болады енді, – деп Сәнім алтын алқаларын жарастықпен ыр­ғаңдатып қойып, мұның бетіне жымия қараған.


– Ал, ойбай, ала ғой! Алаужанның үйінен аяған көрімдік маған байлық болар дейсің бе? Қызыл қасқа сиырдың көк тайыншасын атадым! – деп Мәнсия жаңа ғана іш құрылысын түгелдей төңкеріп кеткен мына оқиғаға өте қатты тілеулес адам екендігін қолма-қол дәлелдей салды. Бірақ екі әулеттің арасында өрттей өршіп тұрған бұл бәсекенің кез келген көлденең өткен көк атты бірден ұға алмайтын қалтарыс-бұлтарыстары, жыра-жықпылдары көп болатын. Сондықтан да Мәкеңнің қосағымен де ақылдасып жатпай-ақ лақ етіп, дарқандық көрсете салуының сондай-ақ бір бұқпа саясаты да бар болатын. Біріншіден, екі үй біріне-бірі сылтауы келіссе кесек дүниені ұстата салатыны, былайша айтқанда, ашық қолдылық бәсекесінде де бір көрініп қалса, екіншіден, «күні ертең мен де Қойкеніме арнап, үй сатып алғандай болсам, қайта оралып келер малым ғой» деген есебі де жоқ емес.


Екі келіншек Алау қайнатқан шайға маңдайлары жіпсіп, кешкі автобуспен тау қойнауындағы қыстауларына қайтқан. Бірақ бәрін де тереңнен толғап, әріден шешіп қоятын Мәнсия ауылға тақай бергенде сырласына күні ертең орталыққа қайтадан түсуі қажеттігін білдірген. «Осы бір бүйірім көптен шаншып, мазамды бек кетіріп жүргені. Дәрігерге көрініп, ем-дом алмасам болмайтын шығар. Алай-бұлай жатқызып тастаса, балалардың азық-түлігін керек-жарағын әкеліп тастайын деп бүгін әдейі түсіп едім» – деп инені ұрлап шанышқан тігістей ғып мәймөңкелеген. Бірақ кез-келген сылтауға етпетінен түсіп, ұйый қалар Сәнім қайда, ішінен сақ-сақ күлген. «Осы қазірге дейін ауырып, әкетіп бара жатқан бүйірің жоқ сияқты еді, білем ғой, неге қайтадан орталыққа аттанғалы отырғаныңды». Бірақ сырласын сырттай қостай кетті.


– О не дегенің, дер кезінде емделмесең асқынған ауру... – «алмай қоймайды» дей жаздап, тілін тістей қойған, – асқынған аурудың бетін қайтару қиын. Әй, Мәнсия-ау, екеуіміз болмасақ, анау Қазтай мен Зейтінді қой, олар ма, олар арам өледі. Сондықтан өз жанымыздың да қадір-қасиетін біле жүруіміз керек...


Қазтай зайыбының ниетіне көп жағдайдағы сияқты біраз қарсылық айтқан болып, енді өзінің жиілеп кеткен базаршыл, магазиншіл «шапқыншылығынан» кейін жиған-тергеннің басына біржолата су құйғысы келмесе алдағы күзде салмақ тартатын малдарды өткізіп, қаржы жинағанша осынау жарқын ойын былайғы жұрттан жасыра тұруы керектігін айтып, әбден түсіндірмек болып көріп еді, онысынан еш нәтиже шықпаған соң ақыры: «Мейлің, тек әйтеуір үй алуым керек» екен деп тым қымбаттысына ұрынып калмай, жаныңа жөн-жоба білетін қайындарыңның бірін ертіп алып, саудалассаңшы» деп келісімін берген.


Мәкең сол кеткеннен табаны күректей бес күн жүріп оралған. Көк қақпалы, көк есікті, ат шаптырым ауласы бар, ат шаптырым бағы мен бауы, сыңғырлаған бес бөлмесі, моншасы мен жаздық шай ішетін шошаласы тағы бар, әншейін, дәл орталықтан жұмақтай жай тауып келіпті. Жақсы үйдің нарқы да жақсы ғой, «он сегіз» сұрайды екен, тек бұлар жанкештілікпен ұзақ саудаласып, «он алтыға» «иә» дегізіп, алақан ұрысыпты.


– «Он алтың» он алты мың сом ба? – деп, Қазтайдаң соңғы жылдары төбесін жалаңаш қалдырып, қарақұсқа қарай біраз шегініп кеткен аз ғана шашы тік тұрған. – Мені сатсаң да «он алтыңды» толтыра алармысың? – деп аса сирек көрсететін мінезіне салып, отырған жерінде ал кеп туласын. Әрі тулады, бері тулады, ер-тоқымын бауырына алып мөңкіді, ақыры тағы да: «Мейлің, маған десе сарай сатып алсаң да өзің білші» деп құтылған.


Көнбей де қояр еді, ақылы артық туган Мәнсия есепшотты қолына алып, дәлелдемелерді нөсерлеткен кезде әнгімесінің қисынды екенін өзі де сезе бастаған. Алдымен қаражат жағы былай шешілмек: «Он алтының» төрттен бірі өздерінің сақтап беруге өткізген кассаларында жатыр екен. Анау Қойкенжанға деп былтыр алған, бірақ әлі қарығы ашылып, қара жолдың шаңын бір бұрқырата алмай тұрған «Ниваны» жазда күнге, қыста аязға қаңтарып, тығып қойғанша өз бағасына өткізу керек. Мұнда тұрып тозғанша, онда жүріп тозсын. Оны сатып алатын кісімен де келісіп келіпті. Қалған екі-үш мыңды совхоз орталығындағы Жуас қайнағасы келер қүзге дейін ауыса тұратын болыпты. Екіншіден, «Өзімдікі деген басын ұстайды», мәңгі қой соңында жүрмек пе, ертең пенсияға шыққан соң да барып орналаса қоятын құт мекені даяр тұрады екен. Ал Қойкенжан аман болса, мектептен кейін іш­кертін барып оқу іздесе керек, ол келгенше машинаның қаңылтыры ғана қаңырап қалмақ екен».


Мәнсия бәрін де қапысыз ойластырған-ақ екен.


– Сенбесең Зейтіннің гаражына сығалашы. Олар да өздері міне алмайтын машинаны өткізбегенде анадай үйді біреу Сәнімнің көркіне қарап берді дейсің бе? – Осы сөзден кейін Қазтай Мәнсия ұсынысының оңдылығын миына сіңдіре бастаған еді. Айтып айтпай Зейтіннің «Жигулиін» осыдан бірер ай бұрын бөтен бір ағалардың келіп мініп кеткенін кішкентай Ақкенжеге дейін дәлелдеп берген.


Сөйтіп, Қазкең де аз күннің ішінде үйлі болып, интернаттағы бар баласын көк қақпалы көк тебел мекенге көшірген. Даладай-даладай бес бөлмені жасандыру кайдан оңай болсын, Мәкең үйдегі тау-тау көрпе-жастық, текемет-сырмақтың денін тасып жүріп, әзірге деп арзан қол темір кереуеттерді сатып әкеліп салып, тәп-тәуір тұраққа айналдырған. Тіпті өмірі қой-қозыдан басқаны бағып көрмеген Казтай күні ертең пенсияға шыққан соң «мына алмаларды, таңқурай, қарақаттарды бағып-каға алар ма екенмін», деп сары уайым жеген.


* * *


«Қойкеннің менен туғаны рас болса әуселесін көрейін», деп Мәнсия шұғыл түрде жол жүріп кеткен соң Қазтай қойын бүгін Зейтіннің өрісіне қарай қаптатқан. Екеуі сыртқыларға сыр бермегенмен қос келіншектің ығытына жүреміз деп, іштей қырбай болған кейінгі біраз жылдың беделінде ұрыспай-таласпай енші бөлгендей ғып, өрістерін бөліп алған. Қазтайдын өрісі қыстаудың батыс жағы болса, Зейтін шығыс жағын иемденген. Содан бері бір-бірінің өрісіне қаратып қойын маңыратпай, өзара тәуелсіздіктерін қатты сақтайтын. Иә, жақсылықтың басы, иә ат құйрығын кесі­судің басы Қазекең бүгін тәуекел деп «шекара» бұзған. Баяғыда араларынан қыл өтпей тұрған кезде екеуі қойын күн сайын осылай қатар өргізіп, отардың арыны басылған тұста бір жотаның басында табысып, әңгіме соғар еді: «Е, ол да бір өтті-кетті уақыт екен ғой. Адам өзгерді ме, заман өзгерді ме, кім білген?» Қазтай осы оймен Сарыдоңғалдың басына көтерілген. Зейтіннің қай тұста жатқанын барлағысы келген. Биіктің басына шыға бере алдында бытырап жатқан көр­шінің отарын көріп, бір түрлі күйге бөленген. «Бұл жаққа аяғыңды неге басасың?» деп жүрсе не демек. Бірақ Зекең де ойланбай іс қылмайтын азамат қой. Ондай ағаттыққа бармас». Аңдып тұрғандай бір жақпар тастың қалкасынан Зейтін де шыға берген. Күнде көріп жүрген көршісі емес, аспаннан түскен адамды көргендей үдірейіп біраз тұрды да, атының басын бері бұрған.


Ол келгенше Қазтай атын бос қойып, дәл бұдан пәлен жыл бұрынғы сияқты бір жамбастап, қар үстіне жантайған. Зейтін де атынан түсіп, қасына жаяулап келіп қолын ұсынған. Осынау түсінбеушілікке өзі ғана айыпты сияқты, біртүрлі қимылы кібіртік.


– Калай, үй іш, бала-шаға тегіс аман ба? – деді Қазтай да өрісте ұшырасқан екі совхоздың қойшысына ұқсап.


– Тегіс амандық қой, Қазіке, өз денсаулығың жақсы ма, әйтеуір? – «Бәсе, өріс үшін өндіршегін жыртатын кісі сияқты емес еді!» деп, Қазтай да қуанып қалған.


– Бүгін қойымды осылай өргіздім, Зеке. Сарыдоңғалды, сонан соң, Сарыдоңғалдың басындағы әңгімені сағындым.


– Мен де Ақшоқы жақты сағынып жүрмін.


– Ендеше ертең қойыңды солай қарай өргіз.


Сонан соң екеуі де еш себепсіз бір-біріне қарап күлген. Күлкілерін тыймаған қалпы алдымен Зейтін Қазтайды иығымен бір түйген, Қазтай да қарап қалған жоқ. Дәл баяғыдағы сияқты. Екеуі де атып тұрып, алыса жөнеліп еді, жайбарақат жайылып тұрған қос ат: «Мыналарға не көрінген-ей?» дегендей үдірейіскен. Қос қойшы, ұзақ алыса алмай барып, қатар құлады. Дәл баяғыдай емес тез шаршайтын болыпты. Шалқаларынан жатқан күйі Қазтай сөз бастады.


– Екеуімізге не жетпей жүр-ей, осы?


– Бәсе десеңші. Соған өзім де аң-таңмын.


– Екеуіміз де осы әйелдердің жетегінде кеттік-ау деймін.


– Жетекті енді қиятын шығармыз.


– Бар кесел кім озат болады деп екеуіміз таңымыз жыртылғанша меншік төлімізді қосып, жасанды жақсы боламыз деген пендешіліктен басталды-ау.


– Рас, айтасың, – деді Зейтін, – алдымен бастаған кінә менде ғой. Кеш те болса, бүгін мойындап жатырмын.


– Сен бастағанмен мен қостадым. Екеуіміз де оңып тұрған жоқпыз. – Қазтай басын көтеріп қойына қарады. Көп жылдан бері келмей кеткен өрісінің өзгерісін білгісі келгендей ай мүйізді қара серке қайқаң қағып, өрлеп келеді екен: «Қайт, кебенек келгір!» Иесі бір зекіп серкені қайтарған. – Әйтеуір, жауырды жаба тоқып, «сен жақсы да мен жақсы» деген заманнан да өтіп, әділін айтып, ағынан жарылар күнге жеттік. Мықты болсақ енді жарысып көрелік. Өкпе де, наз да болмайды.


– О не дегенің, Қазіке? – Ол әлдене айтқысы келгендей мұның бетіне қараған. – Мәнсия бір жаққа аттанды-ау деймін.


– Иә, Алматыға ұлыма барып қайтамын деп... – Енді Қазтай күмілжіген. – Барма десем болмай... Кеше Сәнім екеуі тағы да түсінісе алмай қалған ба, немене?!


– Біздің қатын да ертең Алматыға, қызына барамын дейді. «Бәрібір балалардың айтқанына қарсы тұра алмайсың» десем тыңдамайды...


Қазтай орнынан ұшып тұрған.


– Алла, ақ жүрек, досым-ай! Екеуіміздің ойымыз бір жерде екен ғой. Маған сенен артық құданың қанша қажеті бар еді?!


– Маған да, Қазекем!


Екі дос, Сарыдоңғалдың басында араға талай жылдар салып, құшақтары қайта табысқан кезде қара серке бастаған Қазтайдың отары Зейтіннің отарына қосылып, миша былығып кеткен болатын.



1986 ж


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар