Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Соңғы шабыс...

30.12.2015 2617

Кәдірбек Сегізбай: Соңғы шабыс

Кәдірбек Сегізбай: Соңғы шабыс - adebiportal.kz



images.jpg


Сайқанның қарлы шыңдары таң арайына шомған алакеуім, ала көлеңке шақта сары дөң асып, салт атты ылдиға қарай құлап келе жатты. Бағыттары – бүгінгі дүбірлі той өтетін Қойбастың жалпақ жазығы. Бұлар – Нұрым қарт пен жігіт болып қалған баласы Қасымбек еді. Кеше кешкілік ферма меңгерушісі келіп:


– Нүке, биыл тойға барып, бір қызықтасаңызшы. Отарды бірер күн Қалиға тапсыра тұрарсыз. Қасымбек те барсын. Жас неме ғой, құрбылары қыз қуып, көкпар тартып, қызықа батып жүргенде тоқтай алмас. Мұндай жастардың көңілін осындайда тауып қоймасаң, кейін тіліңді алар ма, – деген болатын.


Ғұмыры той-қызық қуып көп әдеттенбеген қарттың өзінің де осы жолы бүйірі қызып, ықыласы ерекше ауып жүрген еді. Бірақ «биыл бір көкпарға түссем» деп ішкен асын бойына сіңіре алмай ала өкпе болып жүрген Қасымбегіне: «Сен қойда қал, мен барайын» деуге батпаған. «Баланың алдына түсіп, кес-кестеуім жараспас, той қызығы осыған лайық» деп өзіне-өзі тоқтау айтқан еді. Меңгерушінің сөзі оны қайтадан қанаттандырып кеткендей болды. Оның үстіне бірер күн малды қайырмалай тұратын адам да табылып, Қасымбегі де алакөңіл, нәумез болмайтын болды. Сондықтан да болар, тойлы күннің таңы саз бергенде-ақ әкелі-балалы екеуі атқа ер салған.


Екеуінің астындағы көліктері – Нүкеңнің талай жылдан бергі қос қанатындай болған қос аты. Нұрым қарт өзінен басқа адам жақсы ат деп ешуақытта айтып көрмеген, қойға мініп жүрген серігін ешкімнің серке сан сәйгүліктері мен тұлпар тұяқ арғымақтарына айырбастамас еді. Борт-борт тұрпайы желісі мен митыңнан аспайтын аяңсымағы ғана бар, осынау шолағынан аяқ артып, қой соңынан ілестіргеннен басқа өнер дәметпесе де сыралғы кәрі серігі бұған бөлекше қымбат. Месторының иесіне жағып алуының басты сыры бала-шаға бауырына өтіп жатса да ішін жимас иіс алмас жуастығы мен жыл он екі ай жүген сыпырмасаң да қоңын бермейтін, желіп келе жатып шөп басын шалып, әл жинайтын местігі екенін Нүкеңнің өзі де жақсы білетін. Желөкпе жігіт емес, жер ортасынан асқан жасамыс жанның шаруасына ең қолайлы көмпіс көліктің осындай-ақ болатынына шек келтірмейді.


Төрт аяқты хайуан мінезінің де өзінен зерде-зияны мүлде бөлек адам мінезіне ұқсастығы болатынын, олардың да сабырлы, салмақтысы,олардың да шыдамсызы, бәтуасызы болатынын қарт өзінің екі атына қарап-ақ әлдеқашан аңғарған. Қолындағы айналдырған қос қылқұйрықтың жаратылысында да бір-бірінен мүлде бөлек өзгешелік бар. Қарт өзінің екінші көлігі, бүгінгі Қасымбектің үміт артып келе жатқан Ақжалдың жылқы баласы үшін саркідір тартқан шақ есептелетін он бес–он алтыға келіп қалса да, айғай шықса ала қашатын, арындауы мол болғанымен алымы аз, жылт етіп көрініп қалар желөкпе қасиетін ұната бермейтін. Екі аттың басы қосылса, Ақжалдың қас тұлпардай ауыздығын қаршылдата шайнап, бәйгеге түсердей албарынды болатынын жасы өтсе де жастығынан қалып қойған кәрі жыны деп қана пайымдайды. Төрт-бес күн суыт мініс көрсе, сыланып сала беретін Ақжал өнерін бұрқ етіп жанып, лап етіп сөнетін қамыс жалынындай қауқарсыз тұрғыда ғана сезінеді. Сондықтан да Нүкең Ақжалды көп қинауға салмай, баппен күтіп, жігіт болып, ауыл-елдің ит атаулысын түнде шулатуға жарап қалған үлкен ұлы Қасымбектің бір мінеріне қояды. Өзі де сымбатты жануар. Жібектей ақ шулан жалы қос тізеге төгіліп ойқастағанда нағыз ер қанатындай дерсің. Астаудай төңкерілген жалпақ жая, тас төбеде ойнаған қамыс құлақ, сәнмен тасталған төр тұяқ нағыз мүсінді жылқы баласының ішіндегі ерекше бір тектісі екенін танытқандай. Бәрібір Нүкең мұны жемге байлап қойып, бір сапарға ғана көлік еткені болмаса, қойшы-қолаңның төзімділікті, шынайы шыдамдылықты қажет ететін шаруасына қол емес жылқы деп біледі.


Қараша айы жақындаған сайын Нүкең жылдағы әдетінше Ақжалды жарата бастаған. Ондағы ойы Қасымбегі құрбы-құрдастарымен бірге көкпар тартып, «қыз қууға» түсе қалса, үзеңгілес құрбылары алдында тауы шағылмасын, ұятқа қалмасын дегендегісі. Бірақ жануар кәрілікті мойындап қалған ба, бұрынғыдай ащы терді алған соң жеңілдеп, желпініп салмай, қайта у шөп жеген көбдік тоқтыдай кіртиіп қалды. Сонда да енекөкіректік жасап, Ақжалға ер салды. Өзінше кәрі атының шабысы мен жас талапкер ұлының көкпар тартқандағы өнерлерін қызықтамақшы. Сөйтіп әкелі-балалы екеуінің той іздеп келе жатқан беттері еді.


Нүкең жол-жөнекей шабандоздығы өзінен көш ілгері ұлын «оқытумен» болды. Додаға көп араласа бермей, көкпарды жеке-дара шыққанда іліп әкету керектігін, әйтпесе кәрі тұяқ Ақжалдың жеме-жемге келетін жұлысқа белі шыдай бермейтінін айтты. Егер көкпарды олжалай алса қара шаңырақ, үлкен үйдегі Тойжан ақсақалға тартып, батасын алу керектігін де есіне салды.


– Бұл өзі үлкен дүбірлі той болса керек қой. Анау «Қарабұлақ», «Айнабұлақ» колхоздары да бүгін Қойбасқа жиналады білем, – деді ол Қасымбекке қарап.


– «Үш колхоз он-оннан отыз бәйге атын жаратып отыр екен», деп кетіп еді кеше Молдағам. «Біздің бастық ішінде өзінің Ақтангері бар он бәйгені жарататын атбегіні ішкертіннен шақыртыпты», деп күпілдеп отырды әйтеуір...


Әншейінде сөзге сараң Қасымбек те тойлы жерге жылдам жетейін дегендей әңгімешіл болып алды.


– Әке, осы Месторыны дөненінде Қозы атам бәйгеге қоспақ болып, жаратыпты деген не сөз? Мұның қай мүшесіне қарап үміттенді екен жарықтық?


– Иә, онысы рас. Ол бір қызық хикая, – деп Нүкең серке мүйіз шақшасынан насыбай алып атты да, шырт түкірініп тастады. Сонан соң китіңдей аяңдап келе жатқан Месторының жалына шұқшия қадалып үнсіз отырып қалды. Есіне әлдене түскендей жылы ғана жымиып күліп алды. Ұзақ әңгіме айтар алдында әдеті осылай. Тыңдаушысын өстіп тамсантып, зарықтырып алатын әкенің мінезіне ежелден таныс ұл оны асықтырған жоқ.


– Иә, ол бір қызық та өкінішті хикая, – деді ол тағы да. Бірақ олар осы кезде Сардоғалдың шоқтығына ат тұяғын іліндіріп, алдарындағы жайылып жатқан жалпақ жазыққа көз тастады.


– Оу, халқың әлден-ақ жиналып қалыпты ғой, – деді қарт сары жазықтағы аттылы-жаяулыларға қолымен күн сала қарап. Асығайық дегендей Месторыға шып еткізіп қамшы салды. Әншейіндегі жамбасына қамшы тисе бес тал құйрығын сипаңдатып алып, бөксесін бір көтеріп тастайтын ат өзінің үнсіз ғана қарсылығын көрсетпей, үйреншікті, тұрпайылау келген дүңкілдек жаман желісіне салды. Онсыз да ұшарға қанаты болмай келе жатқан Қасымбек атты сауырға бір салып, тартып берді.


– Әке, мен бара берейін, көкпар шыға бастаған-ау деймін, – деді ол енді әңгіме тыңдап жүруге төзімім жетер емес дегендей. – Месторы хикаясын артынан айтып берерсіз.


Нұрым қарт сол ит бүлкекпен сары жазықтағы жиналғандарға жеткен соң шоғырланып алып, кеу-кеулесіп тұрған бір топ аттыларды көріп, соларға қарай бұрылды. «Балуан түсіріп жатпаса игі еді мыналар таң атпай» деп ойлады ол.


Жұрттың дүрлігіп жүргені сөреге аттанғалы жатқан бәйгелерді қызықтасып, өздерінше тон пішіп, ауызбен-ақ ат шаптырып тұр екен. Құйрық-жалдары таралып, үкіленіп тасталған жүйріктер керген төстіктей бірегей сұлу, ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, қаз мойындарын созысады. Еркінше бір бауыр жаза сілтеуге сұранғандай, үстерінде томардай-томардай болып отырған аткер балаларды тізгінмен тартып, қопаңдатып алады.


– Ай, осылардың ішінде біздің Ақтангерге жетер жылқы жоқ білем. Жануардың жеміне сорғалаған сұңқардай бітісі бөлек қой. Бәйгеге түсер алдында айға қарап есінейтін алтайы арғымақ пен алты ай мінсе арымайтын қазақы қарабайыр жылқының қаны бар мұнда. Әй, мынау ма, мынау қылқұйрықты дәмелендірер мал емес түрі. Мен Садық болып бірдеме білетінім рас болса, бәйге осыныкі!


Шоқша сақал, жіпсиген сары шал өзінше сәуегейсіп, Әміртай бастықтың Ақтангерінің төрт аяғын жерге тигізбей аспандата мақтаумен тұр. Сол өзінің ең басты борышы сияқты бейне. Қанша айтқанмен пенде емес пе, қатарынан екі жыл бәйгеде жүлде әперген атының тағы бірінші келетініне сары шалдың сөзі әбден сендіргендей болған соң ба, әйтеуір Әміртай ерекше бір мақтаныш сезіммен топтың ортасында шалқақ тұр. «Көрдіңдер ме, ол аттың иесі мен» дейтін сияқты.


– О, міне, – деді ол Нұрымды көріп. – Иә, ақсақал, той құтты болсын! Мен бір сенсем, Нүкеңе сенемін!


Оның «сенем» деген сөзінен-ақ осы шіркін мені бір жаққа жұмсамаса игі еді деген сезікті ой келді Нұрымға.


– Бәйгелер аттанғалы тұр, ақсақал.


– Е, оң сапар, қосарың мерейлі болғай!..


– Соған, үш колхоздың тәмам аттары мен біздің шабандоз балаларға өзіңіз бас-көз болып барып, жолға салып жіберсеңіз... Ат басын бұрып, айыл тартар жеріңіз Сарыбұлақтың қарала көпірі.


– Жөн сөз, шырағым. Бірақ зәуіммен бір қызық көрейін деп қартайған шақта жаман торыны ілбітіп ортаңа келіп қалып едім. Енді менен қызығыңды қызғандай болғаның қалай болар?! Оның үстіне мынау жаман аттың жарты жолда қалдыруы да кәдік, – деп себепті қарсылық білдіріп көріп еді, Әміртай қолқалап қоймады.


Ол ат айдаушы болып кез келген кісі емес, жөн білер жанның баруы керектігін, үш колхоздың ат қосқандары тек Нүкеңе ғана құрмет білдіріп, сенім артып отырғанын, тіпті қайтар жолда өзін машина жіберіп алдыртатынын айтып, ақыры қартты иліктіргендей болды.


Отыз шақырымдық жерге айдаушысымен отыз бір салт атты көп кідірмей аттанды. Олар желе-жортумен күздің сүреңсіз көрінісінен сұрқы кеткен боз көкпекті бозалаң тартқан талай-талай белдерді, сары бетеге, ақ селеулі сары ала жазықтарды басып өтіп, Сарыбұлаққа жеткенше қарашаның қысқы күні сәске түстен ауып кетіп еді.


Месторы қатты жүріске сыр берген жоқ. Өзіне «Мес» деген қосымша есімнің текке берілмегендігін дәлелдейін дегендей бір жүрісінен танбады. Нүкеңнің бес батпан саптамасының екі бүйірден тынымсыз тепкілеуін де көп қажет еткен жоқ.


Отыз бір адам аттарынан түсе-түсе қалысып, бәйгелердің арқасын жел қақтырып алған соң қайта ерттеді. Отыз бала, отыз ат сын сағаты алдында белдерін босатысты.


Месторының биенің қарнындай жер сызып жүретін іші де тартылып қалыпты. Нүкең мұны ұзақ жүрістің әсеріне ғана жорыды.


– Ал, балалар, атқа қонып, сапқа тұрыңдар! – деді ол сабырлы жүзбен. – Аттардың аяғы суынып қалар... Жел құбыла жақтан тұр екен, алдарыңдағы атты басып озғанда қамшылар жағынан өткейсіңдер. Әйтпесе ат тұяғымен ұшқан тас артындағылардың көзіне тиюі мүмкін.


Сол-ақ екен, бәйгеге мінген бар бала жапа тармағай атқа қонып, сары даланы бел ортасынан қақ жара тартылып жатқан жалпақ жолдың екі жағын қапталдай тұра-тұра қалысты. Бәрі де тас түйін, тізгіндерін тежей ұстап, ұшатын қырандай қомданысып, сақ отыр. Жұрттан үш ат бойы шеткерірек тұрған айдаушы аузынан «Лап!» деген сөз шықса жоғары көтерілген қамшылары ат сауырында ойнап, ытып кетуге даяр. «Бәйгеге шапқан да дүниенің қызығы-ау» деп ойлады Нүкең. Сонау бір бала кездерінде бәйгенің рақатына талай-талай қанып еді, одан бері қайда, Қасымбегі үшін ара-тұра Ақжалды баптағаны болмаса, бәйгеге ат қосып, ата-бабаның ел намысын шешіп тастайтын осынау сүйікті ойынына араласып көрмегелі нелер уақыт өтіпті.


Ол бүлдіргесіне қызыл орамал байлаған бұзаутіс қамшысын жоғары көтерді. Барлық көз сол қызыл орамалдың төмен түсер сәтін асыға күтіп, қадала қалған. Бәрі демін ішіне тартып алыпты. Енді бірер минутта қамшы басындағы жалауша төмен түспесе төзімдері таусылып, ат бүйіріне тақымды өздері бір-бір қысып, дүбірлетіп жөнелердей.


– Жолдарың болсын!


Қамшы сәл қимылдай бастағанда қалың тұяқ бірдей жер солқылдата дүбірлесіп, бар бәйге бірден қара нөпір умақ-шумақ тұтас дене болып алға ұмтылысты. Қапелімде Нұрым қарт ештеңе аңғара алмады. Сақпаннан ұшқан сары жасындай басы-көзіне сатырлай тиген қиыршық тас пен бұрқыраған шаңнан қорғана берді. Ә дегенде алдыға түсуді көздеген бәйгелер бірінен-бірі қалыспай көз алдында өзінен қашықтап бара жатты. Месторы да жұртта қалу күйігіне шыдамағандай басын шұлғып, иесінен тізгінді босатуды өтінгендей болды. Нүкең төңірегіне қарады, құлазыған құба жондар қалыпты, жаңа ғана жанында тұрған қалың аттының бұрқыраған шаңы ғана шудаланып шөгіпті. Қалың нөпір оқ жетер жерде кетіп барады.


Қарт осының бәрін қас қағымда шолып өтіп, жан дүниесінде бұрқанған әлдебір қызба сезімді байқағандай болды. Байқаған да жоқ-ау, бар болмысы өздігінен әрекетке көшіп, саптама етік ат бүйіріне сарт етті. Ат дүбірі естілсе арқасы қозатын халқының қасиеті ме, әлде бала кезінде талай-талай бәйгеге шауып үйренген ескі әдеті ме, әйтеуір ол да жалғыз өзі ұрандап, жаман атына қамшы басты. Месторы да үлкен сынға тәуекел еткендей ширақ шабысқа салды. Қарт ат үстінде келе жатып, етек-жеңін қымтанып, тымақ бауын байлап алды. Әудем жер құлперен шапқан соң барып бойы жеңілдеп салғандай болды. Ол ендігі қызбалықтың қартқа тән емес мінез екенін ұғынып, тізгінін тежеді. «Біреу-міреу көрсе ұяттағы» деп ойлады. «Сабыр, жаман торы, сабыр! Төрімізден көріміз жақындағанда екеуіміз шауып бәйге алмай-ақ қоялық» деді ол іштей. Бірақ тізгінді тежегенге ауыздығы салынбаған ат иесіне бөтен бір мінез байқатып, бағынбады. Отыз аттың қарасына ілесіп алып, бір қалыпты шабысқа салды да отырды. «Е, қайда барам дейсің. Қазір-ақ жөнге көшерсің». Ол ерікті Месторының өзіне берді. «Жануар баяғыда Қозы марқұм үміт еткен кәрі жыныңды енді көрсетейін дедің-ау!». Бәйгелер қуалап келе жатқан жол қашқан күйі бел-белестен асумен келеді. Бел-белестен асқан сайын Нүкең бәйгелердің соңын көріп қалады. Алдыңғыларының қай шамада кетіп бара жатқанын Нұрым бажайлай алмады. Әйтеуір алғашқы сәтте ішінде шаңқан бозы бар бес-алты сәйгүліктің жұрттан оқшау шығып кеткенін көрген.


Месторы бірте-бірте бүйірін қағып, алқына бастады. «Ендігі далбаңдауымның жөні болмас, обал ғой хайуанға». Шал осылай шешкенмен ат иесіне бағынбай, соңғы тынысым біткенше шабамын дегендей алға қарай өршелене ұмтыла берді. Соңғы бәйгегер де қара үзгізіп кетті. Қарсы алдында қасқайып жатқан сары қасқа дөңнің басына жете бере Месторының демі бітіп, төбеге шоқпармен ұрғандай кілт тоқтады. Бүкіл тұла бойы қалшылдап, көздің жасын ағызардай ащы тері төгілді. Екі бүйірін соғып, тынымсыз солықтайды. Талтайып тұра қалып, құмалақтап зәрін төкті. «Аттың зәрі – у, шабар алдында ішін босатып алмаса, денесіне жайылып, тынысын алады» дейтін ат бапкерлерінің қағидасын Нүкең жақсы білетін. Енді аты дұрыстап тыныстар деп түйді. Ол мынау содыр мінезін тағы қайталамас үшін Месторыны ауыздақтап алды, бірақ аяғы үзеңгіге тиер-тиместен тағы да ала жөнелді. Тізгінді қос қолдап тартса да торы өз бетінен қайтар емес. Ауыр жүктен құтылып алғандай, құлперен суырыла салды. Қос танауы делдиіп, жер апшысын қуырып келеді. Бірте-бірте бауыры жазылып, шауып емес, жер бетінде ұшып келе жатқандай көсілте зымырады. Бағанағыдай емес, ащы тер орнына көз жасындай мөлдір тер сорғалайды. «Жүйрік танауы емес, терісі арқылы тыныстайды, терідегі тыныс жолы еркін ашылған қаса жүйрік қас қағымда қыруар жер алады...» Осындай құбылысты сезген қарт Месторының әлі біраз сілтеуге шамасы барын байқады. Ат шабыс үстіне шабыс қосып, аршындай, арындай түсті. Торы жылқы түлігіне тән кәрілік жасына жеткен шағында, бойына біткен ерен қасиетін осы ғұмырында қалың елге бір көрсете алмай өтер қауіп төнген шақта ең соңғы мүмкіндікке бар сенімін артқандай екілене сілтеп келеді.


Ол егер ойлай алса, өзінің ғұмырында осымен екінші рет сынға түскенін хайуанға тән ғана зиынмен есіне түсірер еді. Соңғысында әбден қартайып, сынық тұяқ, сары тіс болған шағында әдейі адақталып, бәйге алдына шықпаса да өз еркімен «өлегөрдім» деп өкірештеп келе жатса, алғашқысында күш-қуаты мол дөнен шығар кезінде қара жарысқа түсіп еді. Бұл жолы қанша жерге жетері белгісіз, ал бірінші жолы өзінен көп өнер күтетін Қозы ақсақалдың үмітін мүлде үздіріп, жұрт соңынан келген. Шор болып біткен қызыл асықтағы жарақат жүз қадам шаппай-ақ сыр білдіріп, желмен жарысуды қалайтын көңіл отын өшіріп кеткен еді ол жолы. Содан бері талай-талай жыл өтсе де «жылқы баласының басты мұраты – жету, озу» деген қасиет мұның да бойынан кете қоймапты. Сол жолғы ыза, сол жолғы кеткен есені осы жолы алғысы келгендей құлаштай сермеп, іркілмей тартып келеді. Сол шабыспен бірінің соңынан бірі арқан бойы кетіп бара жатқан негізгі топқа ілікті. Бағанағыдай емес, Нүкең бойындағы сабырлық та барған сайын тұздай еріп, оның орнына әлдебір қызды-қызды еліктірме сезімнің бас көтере, алдындағыға жетсем деген, оған жеткен соң келесі деп үдемелей түсетін пендешіліктен гөрі намысқойлыққа жақын қызба күшке беріліп, торыны бағанағыдай тежемей, қайта тақым қыса түсті. Месторы бес-алты аттың жанынан іркілмей еркін өткенде, ол тіпті шыдай алмай бар даусымен ұран салды. Әр атты қуып жеткенше асық, әр атты қуып жетіп, басып озу да өзінше бір ғанибет. Месторы алға шығындап шығып кеткен төртеуге жете алмай қиналды. Екі көзінен жас сорғалап, алдында сағымдай ойнап жеткізбей келе жатқандарды өкшелеуден танған жоқ.


«Ұмтыл, жануарым, ұмтыл! Көзіңнен айналайын, Қозы марқұм жабағы кезіңде-ақ таныған екен ғой қасиетіңді. Қой соңында салпаңдатып обалыңа қалыппыз-ау талай жыл». Оның есесіне бағана Қасымбегіне айтпай қалған оқиға есіне түсті. Месторы басынан өткен сол бір сәтсіз оқиға көз алдына елестей берді.


... Шілікті жақтағы жиеніне қонақтай барған Қозы ақсақал жабағы шығар осы Месторыны көріп: «Жануар, болайын деп тұр екен. Отыз-қырық жылда бір туатын, қолтығының астына қанат біткен нағыз дүлдүл ғой мынау» десе керек. Жата жабысып, астындағы атын түсіп беріп, жиенінен қалағандай ғып әкепті. Сол жаман жабағысы құнан шыққанда-ақ жетпіс аттық үлкен бәйгеге қосуға әкеледі. Ертең бәйге деп отырғанда ат танитын бір сұм түн жамылып келіп, Торының қызыл асығынан темірмен ұрып, шөкелетіп кетеді. Қозы байғұстың маңдайын төпелеп жылағанын өз көзімен көріп еді. Келер жылы дөненінде қара жарысқа салып көріп, шаппаған соң мүлде күдер үзген. Ат иесі қайтыс болған соң аяқ лауға шыдамды мал болар деп, торыны бұл өз қолына алған болатын. Бұл күнде осынау жаман торыдан Қозы қарттың «бәйге бермес» деп үміт күткенін жұрт біле де бермейтін. Қозы қарт жаңылмапты. Лақса болып әбден кәртейген шағында осындай өнер көрсетіп келе жатқан торының дер шағы өте берді-ақ, әттең...


Қарттың ойы бөлініп кетті. Аты алдағы төртеудің біреуін қуып жетіп, бастырмалата басып өтіп барады екен. Әне-міне дегенше отыз шақырым отыз қадамдай болмай шеті көріне бастады. Нұрым тартпаны ағытып жіберіп, өзі жалдан ұстады да ауыр ағаш ерді артқа қарай серпіп тастады. «Арық атқа қамшы ауыр». Нұрымның атына қосқан демеуі осы болды.


Шынында Месторы бұдан кейін бәйгелердің тағы бірінен озып, қалғандарын өкшелей ұмтылды. Ең алда «Қарабұлақтың» Арқарқарасы, одан кейін Әміртайдың Ақтангері кетіп барады. Арқарқара да сүліктей созылып алып, іркілмей тартады. Месторы бірінші жүйрікпен өзіне дейінгі жүз қадамдай ара қашықтықты азайта алмай әбден діңкеледі. Екі-үш минуттан кейін жұртты таңдандырар, тамсандырар сәті еске түскенде Нүкең де бар жан-тәнімен алдағы жалғызды басып озуға құмарлана құлшынды. Жеміне сорғалаған кәрі сұңқардай түйіліп, еңсеріле ат жалына етпеттейді. Месторының екі көзіне құйылған терді ұмтылып барып қол орамалымен сүртіп отырды. Соңғы шақырымдар. Алдынан қарсы шапқан бірнеше аттылар көрінді. Екі аттың арасы жақын қалғанымен көмбесі құрғыр да алыс емес. «Жету керек, қалайда жету керек». Шал бағанадан іштей жүз рет қайталаған ата-бабаларының құлағын шулатып, дауыстап ұрандай бастады. Әне, қалың нөпір анталап қарсы келе жатыр. Месторы Арқарқарамен құйрық тістесіп біраз шапты. Арт жағындағы Ақтангердің де ырсылдаған дыбысы мен тұяғының топ-топ дүбірі қалмай ілесіп келеді. Шал тоны мен тымағын қоса шешіп алып лақтырды.


– Аруақ! Санияз! Санияз!


Ол өз даусынан өзі қапелімде ұялыс тапқандай болды. «Бала кезінде осылай ұрандаушы еді. Ұмытылмай жүре береді екен-ау».


Месторы Арқарқарамен тұмсық теңестіріп алды. Қараның үстінде отырған бала да тырбаңдап, атын оңды-солды сауырлап келеді. Шешуші соңғы минутта бәйгені қолдан бергісі жоқ.


– Абырой, «Правда»! Абырой!


Шал ұранын қалай өзгертіп алғанын өзі де сезбей қалды. Бағанадан айтып келе жатқан руының аты емес, колхозының атын дәл жеме-жемге келгенде пір тұтқандай болды. Торы көмбеге санаулы жер қалғанда суырылып алға шыға берді. Ақырғы күшін жұмсап, барынша ұмтылды.


– Абырой, «Правда»! Аруақ, Аруақ! Санияз! Санияз!


Нүкең ештеңені көрмей кетті. Әлде қуаныш, әлде толқу, әйтеуір оның бүкіл жан дүниесі ерекше бір сезім қопарылысынан дем ала алмай қалды. Бетіне жылы бірдеменің тамып келе жатқанын аңғарды. Көзі құрғыр бұлыңғырлана берді. Ол өзінің жылап келе жатқанын сезген жоқ. Қапталдап келіп Ақжалмен жетекке алған Қасымбегін де, өзінің Ақтангері емес, айдаушының жаман атына мүдделес болып жанасалай шауып келе жатқан Әміртайды да көрген жоқ. »Абырой, «Правда»! Абырой! Аруақ, Санияз!» дегенді қайталаумен болды.


Бұл кезде Месторының халі тіпті мүшкіл еді. Бәсекелесінен озсам-ау деген ынтығудың өзі де бірте-бірте бұлыңғыр тартып, тек бұрынғы жетсем, озсам деген ойдың елесі ғана сүлдесін сүйреп келе жатқандай. Алдына түскен тұқымдасын қалай да қуып жету, бар мүддесі, бар мақсаты сияқты. Сол үшін де ол өзіне бағынудан қалған төрт тұяқтың бір қалыпты қозғалысына өзгеріс енгізуге барын салды. Ақыры алдындағыдан озғанын, біреулердің жанасалап келіп, көтермелей шаужайдан алғанын, біреулердің сауырына тызылдатып қамшы салғанын сезгенде бойын бір рақат жалын шарпып өтті. Ол орындалған ең соңғы арманының рақаты еді. Өзі топ ортасынан қақ жарып өтіп бара жатқан атты-жаяулы жұрттың бәрі билеп кеткендей, жер мен аспан тұтаса тулап жүргендей болды оған. Ол қалың топтан өте бере ұзынынан құлады. Әлде кәрілік, әлде аяқтың кемдігі, әйтеуір өз денесін ұстап қала алмады. Ат мойнынан аса құлаған Нүкең денесінің ауырғанына қарамай жан дәрмен Месторының қалшылдап жатқан басын көтерді. Оның жанарынан әлде жас, әлде тер ерекше бір мөлдір моншақтар иесінің қолына үзіліп түсті.


Кім біледі, хайуан да жылайтын болар... Күн еңкейіп, Кішкенетауға иек артқан шақ еді...


Өмірінде жалғыз-ақ рет болса да бойындағы барын көрсетіп үлгірген жануар соңғы рет қорқырай тыныстап алды да қимылсыз қалды.


1969 ж.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар