Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Төрт маусым...

30.01.2016 3816

Кәдірбек Сегізбай: Төрт маусым

Кәдірбек Сегізбай: Төрт маусым - adebiportal.kz



cb3f63d3a4730049fa3d96d9a7478a02.JPG


1. Құс қанатының суылы.


Қыстың қысқа күні бүкіл көк күмбезінен тұсаулы аттың жайылымындай ғана жер жүріп өткеніне болдырғандай бір жамбастаған күйі Қызылшағылдың иығына барып сүйенді. Жалқынданған отты шар Қызылшағылдың жартасты жақпарына сіңіп, жұтылып бара жатқандай. Айналаны тұмшалап жатқан кіршіксіз аппақ қар беті де жалқын түске боялды. «Уа, дүние, тағы бір күн көкжиекке сіңді. Күндер тоқтамайды-ау зуылдап. Аққан судай. Соққан желдей. Көшкен сеңдей. Сол зуылдаған күнді қарсы алып, күнді шығарып салып жүріп, айларды ауыстырып, жылдарды жылжытып, қартайғанымызды да білмей қалыппыз-ау...»


Қоңыр шал әншейінде аққан судай зуылдаған күндер ғана емес, зуылдаған өмірі туралы көңіл жүгіртіп ойланып, бас қатырмайтын. Бұл пәниде азды-көпті ғұмыр кешкен алпыс бес жылына, біреуден ілгері, біреуден кейін өткізген тіршілігінің мән-маңызына риза сияқты еді. Енді бүгін ғана өзінің осал тұсы ойына он оралып, көкірегі қарс айрылғандай күйден маталып шыға алмай келе жатқан жайы бар. «Тас жармаса, бас жаруға жараған қызыл тіл» сумаңдап келіп, мұның да жанды жеріне қадалған-ды.


Қарт ой тұзағынан құтылу үшін алдынан домбыраның қос шегіндей тартылып жатқан шана ізіне назар тіктейді. «Сол Қарымсақ қара сақалдың шанасының ізі. Бәлем, бүгін саған атойын салмасам атымды қайта қойсын. Ең аяғы сен қара сақал мені басынған соң, не жорық?! Құрдас болмай құрдымға кеткір, мені көзге ілмейін деген екенсің, көрейін бүгін әуселеңді» деп күбірледі. Шынтауайттап келгенде, құрдасына кәрін тігіп келе жатқаны да шамалы. Әйтеуір, кеудесін қыжылдатқан өз уайымын ұмытып, өзін алдаусыратып келе жатқан беті. Жарты аспан құлап келе жатса да, митыңынан, китіңінен әсте таймас жирен қасқаның сауырына үш-төрт дүркін батыра қамшы сілтесе де, жануар дүңкілдеген ит бүлкегінен танбай қойды. Арқасында алшасынан түсіп отырған шалдан одан әрі дерлік шатақтың шықпасына көп жылдан бері кәнігі жануар ол құқайдан ықпайтынын білдіргендей жол бойының әр жеріне түсіп қалған өз несібесі – көк бурыл жоңышқаны бәрібір назардан қалдырып келе жатқан жоқ. Ит бүлкегімен келе жатып-ақ шөп түсіп қалған жерге жете бере мойынды салып жіберіп, іліп әкетеді.


Шал жирен қасқаның жалын жұлқылап ойнаған желдің күшейе бастағанын сезген бойда Қызылшағылдан асыра аспанға жанар тіктеді. Аспан аясынан кінарат шалынбады, бірақ Аңырақайдың кең арнасынан соққан жел ымырт үйірілген сайын қараған-бұтаны бебеу қақтырып, қиыршық қарды суыра бастаған еді. «Іщу-ай, арам қатқыр» деді Қоңыр тағы қу құлқынына қанағат таптыра алмай жол бойындағы шөпті сыпырып-сиырып келе жатқан жабысын шаужайлап. Күн райы бұзылмай тұрып, қара сақалдың аулына жетіп үлгірмек. Мұның о бастағы ойын дәлелдегендей қос ат шеккен шананың ізі де Белбастауда отырған Қарымсақтың қыстауына туралай жетелеп келеді. Мана пішен қораның түбінен із кескенде-ақ кесірдің өз құрдасынан келгенін іші бірден сезген. Көктемнің көк өзек шағында жас төлдердің талмағанына жақсы деп бөлек үйдірген жоңышқа маясының бір шекесін «ай-шай» жоқ тиеп алып кетіпті. Қоңырға құрдасының бұл ісі құрдастық базынадан гөрі «Ал, енді қайтер екенсің?!» деген күш көрсету сияқты әрекет көрінген. «Жоқ, әлде бұл шіркін арыстай үш ұл, бір қыздың әкесі болып отырғаны үшін желке жүнін күдірейткені ме?! Басындыра алмаспын, аттатпаспын басымнан! Егер мені қарақшы емес, кеудесінде жаны бар адам санаса, алдымнан өтіп алмас па аларын. Бәлемнің ізі суымай тұрып, әктілетіп, айыбын алдына қойып берейін. Көрсін сонан соң шеңгелімнен шығып!»


Ол Белбастаудың иттерін абалатып, жирен қасқаның тұмсығын құрдасының үйінің іргесіне тірей келіп, тізгін тежегенше осы ниетін барынша ширатумен болған. Қарымсақ көзіне түссе, жинап келген ашуын бір өзіне бағыштамақ еді, ниеті жүзеге аспады.


– Ассалаумағалейкум, алдияр, хош келіпсіз! – деп қара шаңырақтың иесі болып отырған Қарымсақтың ортаншы ұлы – Қойбағы жолаушының шаужайына жармасты. «Әкесі құрдастың – баласы құрдас», екі қарт қажаласқан екен деп, Қарымсақтың үш ұлы бірдей Қоңырмен кәрі жезделеріндей әзілдесетін. Қойбақтың қазіргі «алдияры» да сол базынаның ар жақ, бер жағы. – Аттан өзіңіз түсесіз бе, алдияр, әлде көтеріп алайын ба? Биыл тіпті біздің ауылға ат ізін салмай кеттіңіз ғой.


Қоңыр өз ұлындай жақсы көретін Қойбақтың келіп, шаужайдан ұстап, қолтығынан демегеніне көңілі құлап тұрса да ішін бергісі келмеді.


Қайта құрдасының ұлын біржолата тұқыртып алмақ ниетпен ойына түсе қалған оқыс бір жайды айтып қалды.


– Аспандағы «бертөлетті» тоқтата білген Қойбаққа жаман жабы мінген қара шалды тоқтату қиын болып па деп тұрған шығарсың. Дәл бүгін әкең екеуіңнің тулақтарыңның шаңын қағып, кіммен қалай қалжыңдасуды естеріңе түсіріп барып тоқтармын, егер тоқтай алсам.


Қойбақ мүдірді. Аппақ тісін көрсетіп, шалдың бетіне жымия қарады. Осал жеріне тиген сөзден кейін өзінің уәж айтуға дәрежесінің жете бермейтінін мойындағандай. Оның үстіне қыңыр шал мұның ең осал тұсынан ұстаған еді.


Қойбақтың өткен жылғы жаздағы бір аңғырт ісі осы өлкеге күлкілі әңгіме боп тез тарап кеткен.


Бір езуінен шылымын тастамайтын Қойбақтың өрісте жүргенде темекісі таусылып, діңкесі құрыса керек. «Құдай-ау темекісі бар біреуді бұл иен далада қайдан кездестіремін? деп тұрғанда, жер зерттеушілердің бе, әлде шекарашылардың ба, әйтеуір бір вертолет қолтықтан шыға келсе керек. Көп ойланар Қойбақ бар ма, бәйгеге қосып жүрген құласын құлдыраңдатып, вертолетті қуа жөнеледі ғой. Екі етегі далбаңдап, қолына бөркін ала салып, «Постой-еще постойға» басса керек. Ұшқыштар қанша асығып бара жатса да, қыр соңдарынан қалмай, бөркін бұлғап келе жатқан қойшыны көріп: «Не де болса мынау бір сұмдық оқиғаға тап болған кісі болды. Хал үстінде жатқан біреуі бар шығар бұл қойшының, мойын бұрмай кеткеніміз жарамас» десіп, қайырылып келіп, қуғыншының алдына қонады. Жағасы жайлауынан кетіп, астындағы құласын құлаштатып жеткен жігіттің сондағы айтқаны мынау екен дейді:


– Жігіттер, сіздерде темекі мәселесі қалай еді?!


Ұшқыштар жерге бір түкіріп, өзін бір сыбапты да, бір қорап сигарет сыйлапты деседі.


Содан бері Қойбақ «вертолет тоқтатқан қойшы» атанған. Қоңырдың да меңзеп тұрғаны сол жай болатын.


– Шырағым, қолтығымнан демететін құда түсе келгем жоқ, ұмытып жүрген құдайларыңды естеріңе түсіре келдім. Сөзім сенде емес, ана қызыл көз әкеңде, бұзау тіс сегіз өрімнің астында жүндей түтілмей тұрғанда өзін шақыр бермен, – деп жолаушы күшейді.


– Пай-пай, мына шалдың екпіні-ай! Алар болсаң – міне бас! Айып менен, алдыңа жығылдым, тақсыр! – Мал жайлап жүрген беті болса керек, қорадан шыққан бойда өзіне қарай қауқылдай ұмтылған құрдасын көрген соң, Қоңыр ат үстінде үзеңгі бауын төрт қабаттап, тіпті, шірене түскен.


– Әй, қара сақал, сені айдап әкеткелі келдім, әйда, алдыма түс! Басқа балтай-шалтайыңды білмеймін! – Қоңыр шал әңгіме тізгінін қалжыңға бұрсам, әу бастағы доң-айбатымнан айырылып қалармын деген күдікте тұр еді. Айтқандай-ақ, мұның жаңа ғана өз аузынан кескен үкімі шындықтың аулынан шалғайлау, әзілге жақын шықты. Не болса да бүлдірген өзі, сөздің ендігі қасаң қалған пұшпағын жылы үйге кіріп алып, илеуге онша қарсы болып та тұрған жоқ.


– Бәтіреке, айып менен дедім ғой, үйге түсіп, арыныңды басқан соң айтарсың кінәңді, – деп, қолтығынан демеген құрдасының ыңғайына көне берді. Кәрілік ит соңғы кезде алдымен буындарын алып қойса керек, ат үстінде қоқайып қалыпты, Қойбаққа қолтығынан деметіп, әрең түсті.


– Бәсе-бәсе, «жау жеттілеп» келеріңді біліп едім. Аулыңа кісі жіберіп, соғым басына шақыртсам кергіп келмедің. Осы амалды жасауым табылған ақыл болды ма деймін ғой. – Қарымсақ асығы алшасынан тұрғандай кеңк-кеңк күлді. – Жаздай өзіңнің көзің түсе беретін жаясы астаудай кер төбелдің шекесі мен бір мүшесін арнайы сақтап отыр едік. Кеберсіп келген езуіңнен май ағызып жіберейін бүгін.


Есікті ашқан Қойбақтың келіншегі екі шалға иіліп сәлем берді. Қарымсақ әлі қауқылдап келеді.


– Балам-ай, – деді келініне қарап. – Мына жаман атаңның астына төрт қабаттап көрпе сал. Бұл пәлені алдап-сулап аттандырмасақ, бүгінгі екпіні тау құлатардай екен. Әйтпесе атаңды жаяу айдап кетер түрі бар.


Қоңыр құрдасының сөзінен бөгде мінез таба алмады. Қашанғы қалтқысыз көңіл. Өзін айыпкер санағандықтан алдына түсіп жортақыланатын өткінші қонақжайлылыққа ұқсамайды. Дегенмен ол бірден қолқ етіп құлап түспеу жағын әлі де тиянақтап алмақ. Одан бұрын қазан-ошағын көтеріп, көрпе-жастығын төсеп, аяғының ұшымен жүгіріп жүрген келін баламен есендесіп алуды жөн білер әке жолы санады.


– Бақытты бол, шырағым, – деп, ол келіннің жаңағы сәлем еткеніне ризалық білдіріп. – Өздерің тегіс аман-саусыңдар ма?!


Ол сонан соң құрдасына қарап:


– Ал, қара сақалым, айтшы қане, мемлекет мүлкін талан-таражға салғандарға әділ заң қандай жаза кеседі? – деп түйілді. – Жоқ, әлде мені заң білмейтін жаман шал дедің бе? Ай-шәй жоқ әркім барып, қалағанын тиеп әкете берсе не болғаны? Сен екеш сен көзге ілмесең, басқалар басымнан аттап кетпес пе? «Құлды бәрекелді өлтіреді» дегендей, тәуекел деп тас жұтыпсың. Тәубеңе келтіргелі келдім.


Қарымсақ әлі де кәрілікке мойын сұна қоймаған мол денесін селкілдетіп, тағы да кеңк-кеңк күлді.


– Беу, құрдас-ай, екеуіміз де қартайған екенбіз. «Қасқыр тартқан бөксем бар, иттен несін аяйын?» дегендей, талай келген тәубеме сен тағы бір келтірсең, көнемін де...Осы сен екеуіміз шыж-быж болмай, пенсиямызды але-е-еп, шынтақтап жатпасақ болмас. «Алтыннан аттап, талқан жейтін» жасқа келгенде тіршіліктің кәкір-шүкір сөзін қойсақ, қанеки. Маған күйіп-пісіп, жауар бұлттай түйілгенше қайта алғысыңды айтпайсың ба? Тілін көлденең тістеп тұрған кеңшардың жаман-жәутігіне «Пішен жеткізіп беріңдер!» деп шалқамнан түсіп жатсам нетер еді?! Бұл басшылар да қызық... жылда пішеннің қорын ауыл маңына үйгізуші еді, биыл онысын көжеге турап жейтіндей құла дүз, қу медиенге апарып үйдіріпті... Жә, онан да ауылыңның, үй ішіңнің есен-саулығын айт. Әлгі жаман кемпіріңді төркініне қайтарып, бір жас иіске үйленгелі жатыр деп еді, ол не сөз? – Қарымсақ қою біткен қара сақалын саусағымен сауды. Келіні мен жаңа ғана үйге кірген ұлы Қойбақ әкелерінің жүзіне үңіліп еді, күлкінің ізін күн қақты қара сұр өңдері байқатпады. – Ұмсындық байғұста не сын қалды дейсің?! Баяғы бұлықсып отырған бойжеткен кезінде оны алып қашып кетіп, бізді жер сипатып едің... Төркініне қайтарып, қартайған шағында обалына қалғанша осы үйге әкеп тастасаңшы, балаларыма шеше болсын... Менің арқамды қасып берсін... Шамасы келсе...


Осы босағадан аттағалы бері алғаш рет Қоңыр шалдың езуіне күлкі жүгірді.


– «Баяғыда Қарымсақты жер сипатып кетіп едің», деп әлі көз жасын көлдетіп отырады, алып-ақ кетші. «Кәдеге аспас кәрі» деп жүрмесең.


Отағасы құрдастық базынаны осымен доғарайық дегендей әңгіме ауанын салмақты арнаға бұрды.


– Ау, әлгі біздің ұл не бітіріп жүр? Орталықта шопыр деп естіп едім. Қайыр-құтты болсын. Кемпірің екеуің күні кешеге дейін кезек арқалап жүруші едіңдер, жеткерсе жетті деген сол, әне. Екеуімізде, Ұмсындық үшеуімізде не күй қалды дейсің, құлауға таянған кәрі емен сынды емеспіз бе?! Тамырымыздан өнген осылар аман болсын десейші... Өзі биыл жиырмаға толды емес пе сол. Екеуіміз баяғыда Сынтасты жайлаған жылы тумап па еді... Иә, иә, сонда туған. Біздің Ұмияжаннан бес-алты-ақ ай үлкендігі бар... Немене, өзі келін түсіріп, Ұмсындық екеуіңнің қолыңды ұзартар түрі бар ма?


Қоңырдың «Құйрық-бауыр жесіп, бесік құда болған өзің едің, әңгіменің шетін өзің жақсы бастадың. Ұлым ер жетті, қызың бой жетті, ұлықсатыңды берсең, баламды алар уақыт жеткен сияқты» дегісі келген. Бірақ айтпады. Айтты-айтпады, баяғыда осы Қарымсақтың кенжесі Үмияға жасалған шілдеханаға сойылған қойдың құйрық-бауырын пісіріп, алдарына әкелгенде Қоңыр құрдастық базына айтқан: «Қарымсақ, құйрық-бауыр құдалардың асы еді, мынау алдыға тартқан табағың үлкен жоралғының жөні мен жолы болмағай. Жүрсінім мен Үмияштың үлкен тілеуін тілесек қайтеді?!»


«Тірі жүрсек ол күнге де жетерміз, бір жылда туған төл едік, ақ тілеуді бастаған сен болсаң, қостаушың-ақ мен-ақ болайын» деп Қарымсақ та күлген. Бірақ екеуі де содан бері қайтып ол жайды еске алысып көрген емес. Еске алмаған емес-ау, әңгіме ғып, тілге тиек етіп те көрмеген. Еске алып көрмегенмен Қоңыр шал Үмия таралып, зипа бойлы бойжеткенбоп өскен сайын сол бір көнерген сөзді есінен шығарған емес. «Тең-теңімен...» ежелден сыралғы Қарымсақ құрдасымен құда болып, енді қартайғанда сыбаға жесісіп, балалардың қызығын ортақтасып көруді қиялдай берер еді.


Қазір реті келгенде сонау бір жылдардың қатпарында қалып қойған сол пікірді жаңғыртпақ болып еді, жүрегі дауаламады. Біріншіден, құрдасының көңілін қимайды, екіншіден, өз баласының сыртынан тон пішуге батпайды. Бұл күнгінің балалары «сендердің қандай ойларың бар?» деп сұраушы ма еді?! Егер ертең: «Әке, маған келіншек тауып бер дедім бе?» демесіне кім кепіл. Сондықтан алдымен ұлының ау-жайын түйіп, аңысын аңдап алмай тұрып, ондай сөзді айтудың жөні жоқ деп тапты.


– Е, жаман неменің ішіне бүгіп жүрген бір сыры болмаса, бізге оншасын айтқысы келмейді. Әйтеуір, төрт доңғалағына дамыл бермей безектеп, шапқылағанға мәз-ау деймін сол шіркін... – Қоңыр жанына жағар әңгіменің арнасы жаңа табылғанына қуанғандай шынтағындағы қос жастықты илектеп, көлбей түсті. – «Әкенің көңілі – балада, баланың көңілі – далада» деген емес пе, құрдас-ау, сыртынан малданып тоғаямыз да, әйтпесе осы күнгінің жеткен ұлы жетістіріп ақыл тыңдай алар ма? Кемпір екеуіміз де: «Әй, айналайын, қолымызға келін түсіріп бер, сонан соң мәшине айдамақ түгілі сәмөлет ұшырсаң да, жолың әне» дегенбіз. Ұшып-қонып жүрген жынды неме күлкімен жеңеді... Тауда туып, таста өскен біз жазған ғой қой көңінің иісін иіскемесек басымыз ауырардай ол қалаған дырдулы орталыққа барғымыз жоқ. Иен таудың қуысына, бір Алланың уысына о бастан көндіккен біз сияқты кәрі-құртаң болмаса, ұлдың біздің жанымызда тұрғысы жоқ. Әйтеуір, мәшинесін зырылдатып келіп, аптасына бір бас көрсеткенге мәзбіз.


– Е, құр-да-аа-ас-ай, «Көрінген таудың алыстығы болған ба?», қолдарыңды жылы суға малып қойып, немере иіскер күн де алыс болмас.


«Айта түссе екен» деген жерінен құрдасы дөп шыққан сайын Қоңыр өзі даулай келген бір шана пішенді де ұмытып, әңгімеге, ағайынның ниетіне ет жегендей тойынып, қысырақтың қымызын ішкендей елтіп отыр. «Е, бәсе, халқымнан айналдым сол, қалың жұртымның ақ тілегі осы болғанда жынды неме онсыз да қаусап отырған кемпір екеуімізді тірідей өлтіріп кете алар ма?! Кете алмас, ол менің Жүрсінімнің қолынан келер шаруа емес» деп, өз көңілін өзі демдеді.


– Біздің жас кезіміздегі Лақбай қартты ұмытпаған шығарсың. Сол марқұм айтып отыратын: «Халқымнан айналдым, сиырың буаз дейді» деп. Сол айтқандай, өздеріңдей жұртымнан айналдым, тілектес, ниеттес болып отырған. Таңертеңнен бері Қоңырдың кеудесіне шемен боп ұйыған зіл-запыран құрдастың сөзінен кейін еріп кеткендей, өзі де шешіле түскен.


Кемпірі Ұмсындық байғұс «басымның сақинасы ұстап отыр» деген желеумен кеше күні бойы маңдайының қырыс-тырысын жаза алмай қойғаны. Тіпті түнімен дөңбекшіп, «Аhылап-үhілеп» шыққанын естіген сайын, «әй, осы жазғанға бір тықыр таяп жүрмесін» деген қауіп те мұны мазалай берген. Таңертеңгі шай үстінде Қоңыр тері-тарамысына ілініп, шайын әрең құйып беріп отырған кемпірінің боталаған көзін көріп, жыны ұстасын.


– Тағы неңді айта алмай булығып отырсың? – деп зілденген. Көлкемедей ақ жаулығының ұшымен бетіне домалаған жасын сүрткен кемпірі бұл күтпеген бір сұмдықтың шетін шығарған. Әлгі орталықта тұратын Қатия абысыны қант-шай алуға барған көрші үйдегі әйелге: «Біздің Жүрсінжан, осындағы бір қызға үйленбекші. Келінді тауға қаңғыртпай-ақ өз қолымызға түсіргелі жатырмыз» депті.


– Жә, жетер! Адамды қойғанда, құдайдан қорқуды білмей тілін безеген Қатия абысының да, соны сонау орталықтан сөз деп айтып келген көрші әйелің де, енді келіп, менің миымды үңгіп жеп отырған өзің де бар болыңдар, түге! – деп кесесін итере салып, бұлқан-талқан орнынан тұрған. «Таз ашуын тырнаудан алады» дегендей жирен қасқаға бұрын көп көрсете бермейтін теперішін алғаш рет байқатып, жон жақтағы пішен үйілген қорға қарай суыт аттанған. Ондағы ниеті де ойсоқты болып, омалып жата бермей, күнделікті күйкі тіршілікпен шаруамен өзін алдандырған түрі.


Ол қорыққа жетіп, Қарымсақтың ізін кескенше, талай-талай сумаң оймен жарысқан.


«Кісі баласы кісендесе тұрмайды» дегеннің кебі келді деген осы да, бұл сөздің бір ұшығында шындық жатпағай. Оның беті аулақ, беті аулақ! Кәрі сүйегімді сүйреп, кім үшін әлі күнге дейін тыныс алып жата алмай, шауып жүрмін. Сол жаман неме ағайынның қолына қарамасын, жолдас-жорасы келгенде дастарқаны жүдемесін деп жан ұшырмадым ба, мен бейбақ. Ондай атты күнге кездескенімше өлгенім артық» деген ой келді оған. Бірақ мұндай жаманшылыққа ұлын қия алмайды. Қиятындай оның қияс қылығын көрсе бір сәрі.


Баяғы бала кезінде қойды өрістен ауылға айдап келе жатқанда Жүрсін көз көрім жерден құлдырыңдап алдынан шығар еді. «Ататайлаған» тілі қандай! Бұл алдына алып, мейірі қанғанша иіскер еді. «Балам, азамат болғанда мені асырайсың ба?» дегенде: «Сені де, апамды да асыраймын. Екеуің қартайғанда мойныма көтеріп жүремін» дер еді сәби Жүрсін. Сөйткен баладан жұрт сыртынан тон пішердей жаман қылық шығар ма?!


Күні кеше әскери борышын өтеуге кеткенде Жүрсін өздері алғаш тоқтаған бекетке – ауылдан алпыс шақырым жердегі Сарбұлаққа аялдаған сәтінде: «Ата, апа, аялдамай батысқа тартып барамыз. Қастарыңнан бүгін ертеңгілік қана кетсем де өздеріңді керемет сағынып отырмын. Апамды ойлаған сайын көзіме жас тығылады. Бүтіндей екі жылға – 732 тәулікке қалай ғана шыдарымды білмей даламын» деп хат жазып, атасы мен апасын бір жылатқаны, көрші-қолаңды бір күлдіргені бар.


Сол Жүрсіннің бүгін өзгеруі мүмкін бе, сірә?!


Қазіргі кездері, тіпті, өткен аптада үйге келгенде не деп еді: «Ата, анау Қатия жеңгейді түсінуден қалдым. Бірде қытымырланып, отырсам – опақ, тұрсам сопақ қып жаратпай қалса, бірде емешегі үзілердей болып, үстіме түсердей бола қалатыны бар. Өз әке-шешеңнің жанында жүрмеген соң күйісің келмейді екен. Жазға орталыққа көшсек қайтеді?» демеп пе еді. «Әй, Ұмсындық екеуіміздің миымыз ашыған, әйтпесе сол жалғыз ұлдың жолына жанымыз садаға емес пе?! Неге сол орталығына көшіп, соңынан ілесіп жүре бермейміз?» деп тағы да қопаңдап қалған.


Көңіл түкпіріне қатар қоныстанып, алыса алмай күн ұзақ арбасқан екі ұдай ойдың соңғысына көбірек иек артып, соны жұбаныш еткен. «Кісі үйінде күйісім келер емес» деп жүрген ұлдан бөтен ой, бөгде қылық шығады деп ойлай алмайды...


Інісі Қозының осыдан тұп-тура жиырма жыл бұрын: «Аға, екеуіміз бір Тұрағұлдың тұяғы екеніміз рас болса, менен туған баланы бөтен дей алармысың?! Ол да Тұрағұлдың қаны. Бауырыңа басып, бала ғып ал, мынау қырқынан шықпаған Жүрсініңді. Адамның алдында да, Алланың алдында осы сөзім – сөз. Одан тансам, әке аруағы алдында жауап ұстармын. «Сүйегі – менікі, еті – сенікі» дей алмаспын, тек ұлың болып ұзағынан сүйіндірсін!» дегені де күні кешегідей есінде. Сонда ғой, осы Қатия келінінің баланы ұсынып тұрып, теріс қарап бырқылдап, ұзақ жылағаны. Бұл жазған: «Тағдырым салды – мен көндім, анасынан сәбиін бөліп, не марқадам табармын?», деп бір оқталған. Бірақ өзімен жиырма жыл отасқанда төрінен сәби іңгәламағанын уайым ғып, ерте қартайған Ұмсындықты тағы аяп, көкірегіне келген сөзді көмейінде еріксіз тұншықтырған. Айтары не, Ұмсындық та сол күннен бастап-ақ тас емшегін иітіп, алпыс екі тамырын жібітіп дегендей, Жүрсінді өзі емізген.


Сол Жүрсін бір үйдің еркесі болып өскенмен, ессіз болып жетпеген сияқты, мектебін тәмамдап, әскери борышын да жұрт қатарлы атқарып келді. Бүгін келіп ер жеткен ұлға ие болып, Қатия келіні мен Қозы інісі серттен тайса, бұл шіркіндер іштей төгілер де іштей егілер. «Жазмыштың жазуы осылай болды» десіп, тағдырларына мойын сұнар. Әйтеуір, ағайын, жұрт аман болса, көмусіз қалмас... Алайда інісі мен келінін көрмей өтер өмірден... Жүрсіннің өз бұтағының бүршігі еместігін жасыра алар ма?! «Басқа салса – баспақшы», дау айтар ма?»


– Өу, құрдас, өзіңді ат соғып тастаған-ау, әңгімелесуге шамаң келмей қалыпты, түге. Басыңды көтер, ыстық шай ішелік, – деген қара сақалдың сөзі ойын бөлді.


Қарымсақ шай үстінде әңгіме төркінін уақ-түйек шаруашылықтың күйкі сөзіне бұрды.


– Жарықтық биылғы қыстың кірісі тым тұлан-тұтып келгенімен, әзірге, әйтеуір, темір қыспағына алмай тұр ғой. Мал аяғы сергек, уақ-түйек тоқты-торым болмаса, басқасы тау беткейімен-ақ күнелтіп келеді. «Желтоқсан жуас шықса, қаңтарға қарайламай, ақпанның ақырын күт» демеуші ме еді есепшілер. Бүгінгі желемік құс қанатының суылындай өте шыққан сияқты, күн райы да ашық көрінеді, боран соға қоймас, сірә.


Келіннің иінді сүт қосқан қызыл күрең шайы ма, әлде көңіл түкпіріне бұққан суық ойды жылытып салған құрдасының әңгімесі ме, Қоңырдың да маңдайы бусанды.


– «Е, туған ай – туралған ет», желтоқсан да желе жортып өтіп барады. Ай артынан ай, жыл артынан жыл қуып жүріп, екеуіміз ғой қартайғанымызды әлі мойындамаймыз. Әйтпесе, екеуіміз талай қыстың құқайын көрдік емес пе?! Қолға таяқ ұстап қалған ақ сүйек жұтты да көрдік. – Қонақ шал әңгімені тағы бір қырынға тартты. «Қай жерден шығарып, қай уағызына тірер екен сөз төркінін» дегендей Қарымсақ құрдасының сөзін шашау шығармай үнсіз тыңдайды. – Апыр-ай, деймін-ау, бұл күнде ол кездегідей емес қора жылы, жем-шөп мол. Тек бардың қадірін біліп, ұстай білсе болғаны ғой. Соны біле бермей діңкелейміз-ау кейде. Осы мал үшін жиналған жем-шөпті біреу көтеріп әкетердей әрқайсысы өзіне қармап қалуға тырысатындары жаман да...


Қонақтың айналдырып әкеліп, тағы да келген шаруасына бұра бастағанын, Қойбақ сезе бастаса керек: «Қора жақты бір байқап келейін» деген желеумен сыртқа бет алды.


Қарымсақтың келінінің соғымның бір шекесі, жамбастың мырза басы мен бұзылмаған қалпы серейген қос қазысы бар астау толы етті әкеліп, қазанға тоғытқалы жатқанын көрген Қоңыр азарда-безер болды.


– Ой-бу, қарағым, келінжан, маған сыбаға салмай-ақ қой! – Келін ошарылды. Құрдасы! «Е, не көрінді?» дегендей оқшырайды. – Кейін келіп, арнайы жермін. Кемпір де жалғыз еді, елегізіп ұйықтай алар деймісің. Жаман атты екі өкпеге тепкілеумен мен жеткенше түн ортасы ауар. Күннің райын да ұнатып тұрғам жоқ. «Ес барда ел табайын». Ол құрдасының қолқасына қарамай атқа қонды.


– Бұл шал бір қисайса, қайта түзеу қиын болушы еді... Онда, айналайын келінжан, осы сыбағаңды жаман әкеңнің қоржынына қотарып салып бер. Кемпірі екеуі оңашаланып отырып жесін. – Құрдасының өзімсіне айтқан бұл сөзінен де Қоңыр оғаштық көрмеді.


Оның ішкен асын бойына батырып, байыз таптырмаған себеп кемпірінің жалғыздығы да, күн райының бұзылып тұруы да емес болатын. Жүрсіннің бір соғатын уақыты болып қалған еді, «бүгін келе ғап, үйде тосып отырмасын» деген дәме ұялаған еді көкейіне.


Аңырақайдан тағы да аңырай соға бастаған өкпек желге бір бүйірін берген күйі «іщулеп» отырып, Биесыймас қыстауына ол ел жатарда әрең жеткен. Ауыз үй, төр үйлердің шамдары түгелдей самаладай болып жанып тұр. «Өй, құлынынан айналдық сол, келген ғой, тегі» деді күбірлеп. Жирен қасқаның бүгіндікке жанын тағы бір қинап, батыра қамшы салды да асығыс үй айналды. Баласының машинасының тұрғанына көз жеткізбек. Есік алдында қарауытқан машинаның сұлбасы көзіне оттай басылды.


Енді ол асықпай басып, атының ер-тоқымын сыпырып, отқа қойды да, күндегі әдеті бойынша аспанға көз салды. «Е, бүгінгі жел шынында құс қанатының суылындай ғана өкпек өтпе болды. Ертеңгі күннің жылы болатын сыңайы бар» деп ойлады.


2. Қызыл орамал


Жарықтық Кішкенетау қайтадан жасанып, бойжеткен қыздай құлпырып шыға келіпті. Теріскей жақтағы сай-саланың қолтығына тығылған үрінді, сүрі қарлардың жұлым-жұлым қалдықтары ғана әр жерден ағараңдайды. Жүрсін осы жолмен бірер ай бұрын өткенде биыл ұзақ сұлап жатып алған қыстың қарының мұрты да ойылмаған еді. Енді, міне, табиғат ана дүр сілкініп, әрленіп үлгірген. Көктемнің керімсамалы соғып тұрса керек, қыс бойы мал тісіне ілінбей аман қалған ақ құба селдір селеулер баяу тербеледі. Әлі де қар суының екпінімен тау бұлағы тар арнасынан асып, кей жерде жолды барымталап алыпты. Күн шуағына тармыса өскен қалың бетеге әлі мал тісінің іскектеуінен аспаса да, бүкіл тау беткейлерін жап-жасыл түске бояп тастаған.


Жүрсіннің ән айтқысы келді. Ерте көктемнің мынау ерке шуағы, саумал самалы, мына көгілжім түске боялған кең дүние жас жігіттің де көңілін желпитіндей.


Сағынғанда бір келерсің,

Сарғайғанда бір келерсің.

Алотооның баурайына, –


деп бір қайырды. Жақында ғана радиодан естіген еді. Ойнақы әуенді, ерке сазды қырғыз әні. Көңілі әндеткенмен көкейі мүдірді, осы үш жолдан басқасын ұстай алмай қалыпты.


Өз даусы өзіне ұнап қалды. Қырғыз әншісінен аумайтындай естілді. Мөлшерсіз бере салған алып тұлғасы машина кабинасына сыймай екі бүктеліп отырған жүкшісі Қоңқайдың күнқақты жүзін көзінің қиығымен барлатып еді, одан әнге сүйсінген сыңай табылмады. Иен далада келе жатып, дәл жаңағы екпінімен үш жолға қайта оралды.


Сағынғанда бір келерсің,

Сарғайғанда бір келерсің.

Кішкенетаудың баурайына.


Өз тапқырлығына риза көңілмен жымиып қойды. «Тағы да жол жиегінде қол көтеріп тұрса ғой, шіркін. Бұл машинасын ағындатып барып тоқтаса. Асықпай басып жанына барып, қол алып сәлемдесер еді, сонан соң: «Кел, үйіңе жеткізіп тастайын» деп, кабинаның есігін ашар еді... Обадай болып обиып отырған Қоңқайды машинаның қорабына шығарып жіберіп, жаныма отырғызып алар еді. Машинаны от алдырмас бұрын дидарын жанарыммен тінткілеп біраз отырар еді... Сонан кейін сыпайы ғана хал-күйін сұрар еді. Бәлкім... «Жанымда үнемі сен отырсаң, жердің шетіне дейін жүре берер едім» деген сияқты көңіл жықпас момақан әңгіменің ұшығын шығарып-ақ түпкі ойымды сездірер еді. Әттең ертегідегідей мұндай қиял-ғажайыптар қайдан болсын?!.»


– Әй, аға, тоқташы-ей, – деп Қоңқай дүңк ете қалды. Серігінің түбі түскен шелектей даңғырлаған қарлығыңқы жуан даусы оның көкейіне қонақтаған қиял көгершіндерін пыр-пыр ұшырып жіберді. Машинасының жүрісін тежеген Жүрсін Қоңқайдың тұлғасына жымия қарады. «Асқазаның комбаин болып кетсе де, ішіңде бір төңкеріс болса керек еді. Соның дүмпуі болар» деп ойлады ол.


Бағана бері жүрерде бұл кеңшар орталығындағы асханаға кіріп, тамақтанғанда көрген Қоңқайдың әскере қомағайлығын. Бір кісілік қою-сұйығы аралас сыбағаны жеп болғаннан кейін тәрелкелердің түбінде серігінің бір қылайған ас қалдығын қалдырмағанын көріп: «Әй, мына алып денені алып жүру үшін де біраз тамақ керек шығар» деген оймен:


– Қоңқай тойдың ба? – деп сұраған.


– Ә, тойдым ғой, тойдым, – деді ол бөгелмей.


– Тағы ішесің бе?


– Ә, ішем ғой, ішем, – деді. Жүрсін тағы да бір кісілік сыбағаны араластырып әкеліп еді, тағы да қас пен көздің арасында асты жылан жалағандай қылды.


– Қой, сен тұлыпты толтыру менің қолым емес екен. Кеттік, – деп орнынан тұрған.


Жүрсін Қоңқайдың жаңағы өтінішінің түпкі себебін өлшеусіз артық ішкен тамақтың кесірі деп ойлап еді, қателесіпті.


Қоңқай машинадан түскен соң, әлде алпыс, әлде одан үлкен размерлі кенеп сулығын шешіп, жол жиегіне тастады. Сонан соң қатты жүрсе, жерді ойып алардай еппен басып, жолдың шетіне таман жатқан қойтасқа барды. Жылқы сатып алғалы жүрген саудагердей табаны жерге көміліп жатқан үлкен тасты айналып көрді. «Сірә, мына тастың түбінде бұрын бірдеңесін жоғалтып алған болар» деп жорамалдаған Жүрсін. Өзі де бел жазып алмақ болып жерге түсіп еді Қоңқай: «Осыным қалай?» дегендей тасты бір ырғап қойып, мұның бетіне қарап ыржиған. Күлкісі сәбидің күлкісіндей пәк. Сауырдың сары доңғалындай жоталана біткен дөңес тұмсықтың астынан қуалай өсіп келе жатқан түбіт мұрты болмаса жүзінен азамат болып қалған жігітке тән ересектік белгіні байқау қиын. Жанары да мұңсыз, қамсыз, тым бейкүнә.


– Аға, алып тастайын деп едім, аh?! – деді ол қасына келген Жүрсінге. Өзінен екі-үш жас кіші Жүрсінді қойып, бес-алты жас кіші бала-шағаны да «аға» деп атай салу Қоңқайға қиындық туғызбайтын.


– Оны қайтушы едің, күшің тасып бара жатса, қазір жүк тиегенде көрсетерсің өнеріңді.


– Жоқ, аға, өткен сайын үнемі машинаның дөңгелегін қақтырғанша, алып тастайын, аh? – Ол еңкейе беріп, сандықтай зіл батпанның екі шетіне әр саусақтары сабаудай қолын салып ырғап көрді.


– Аhуп! – деді ол ышқынып. Жон жотасы күдірейіп, келінің түбіндей жойдаусыз жуан мойны күреңітті. Жартылай жерге кіріп жатқан кесек тас алғашқы жұлқығанда-ақ қозғалып кетті.


– Туh, сарамас, саған дауа болмас! – деді таңырқаған Жүрсін. Өлшеуі жоқ қара күшке тәнті болып тұр. Ол жүгіріп барып, бір шетінен көмектеспек еді, анау: «Арры! – деді келте ғана. – Мертігесің!» – Тас Қоңқайдың екі-үш ышқынуынан кейін еңіске қарай домалап кетті.


– Әй, Қоңқай, осынша күш қай жеріңе сыйып жүр? Шіркін-ай, өзіңе штанга көтертер ме еді. Олимпиада болмаса да, біраз жерге жетер едің.


– Ой, аға, штанга дейсіз, былтыр Қапсейіттің қара өгізшесі құдыққа құлап өлгенде де, жемтігін сирағынан тартып суырып бергем. Дұрыс емес пе, аh?! Ого-ого-гок.


Жүрсін мұның қисынсыз күлкісіне күлді. «Былтырлар басы жоқ, аяғы жоқ сөздерді тоғытып айтып тастап, аузын ашып қарап отыратын еді, қайта биыл ақылы кіре бастаған-ау» деп түйді Жүрсін серігімен қайтадан машинаға мінген соң!


– Аға, есіңізде ме? Алдыңғы жылы ма еді, қашан еді? Қарымсақтың торы құнанын жұдырықпен маңдайдан бір ұрып сұлатқаным, аh? Шіркін, күшті болған жақсы ғой, аh?


Айтып отырғаны шын еді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын жайлау үстінде Қарымсақтың ұлы Қойбақтың жаңа үйретіп мініп жүрген құнанына қарындасы Үмия мініп, мал қайырып жүргенде асау ат әлденеден үркіп қатты тулапты. Бір үзеңгіден аяғы шықпай қалған қызды сүйретіп, ала қашқанда осы Қоңқай атпен қуып жетіп ұстаған. Аппақ жүзін қараған-бұта тіліп, қан-жоса болып талып жатқан Үмияны көргенде құтырынып кеткен Қоңқай онсыз да шошымалды болып, қалшылдап тұрған құнанды дәл маңдайдан бір ұрып, сұлатып салған көрінеді. Сөйтіпті де, Үмияны құшақтап көтерген күйі үйіне жеткізіпті. Қазіргі мұның айтып отырғаны сол оқиға болатын.


Қоңқай әлденені айтуға батпай отырғандай Жүрсіннің бетіне жалтақтады. Сөйтті де бір жөткірініп алып:


– Үмия қайда екен қазір? – деді. Жүрсін селк ете қалды. «Не айтпақ едің?» дегендей енді Қоңқайдың бетіне сұраулы жүзбен бұл қараған. Бірақ қарсы сауал қойған жоқ.


– Осы біз бара жатқан Тасты фермасындағы қой қырқымының басына медпункті көшіріп апарады деген. Медпнукт барса, Үмия да барады ғой. – Жүрсін сабырлы жауап беруге тырысты.


– Үмия сонда болса, жақсы болды, иә, аға! О-го-го-гок. Көреміз... – Ол Жүрсіннің жүзіне қарады да, оның тымпиып, үндемей қалғанынан секем алғандай, үнін баяулатып, тіл қатты. – Үмия сондай жақсы қыз ғой, иә, аға?!


«Қап, осы дүлейді бекер-ақ жүкші ғып алған екенмін. Өмірі біреудің отынын жарып беріп, біреудің шөбін тасып беріп, бір тойғанына мәз болып жүрген адамды «еңбекке араластырып көрейік, баулиық иен-тегін қара күштің иесі жиырма бестен асқанша осылай жүре бермек пе?» деп кеңшар жұмысшыларының жиналысында сөз сөйлеп, пысықсынған өзім едім. Кесірі тимесе жарар еді» деп ойлады Жүрсін.


– Жүрсін, Қоңқайды жүкші ғып алғаның жөн. Машинаң батпаққа батып қалса, трактор іздемейсің, – деп әзілдеген кейбір достары. – Тек бір ашуланғанда өзіңді бүріп татамасын!


Бірақ Жүрсін алған бетінен қайтпай, қара күші қаптал болғанмен, ақылы кеміс болып қалған Қоңқайды өзіне жүкші ғып алуға тәуекел еткен. Бірде оған Қоңқайдың әкесінің мұңын шаққаны бар еді:


– Осы жалғызым есен-сау жүргенде қатарының алды болар еді, есін жимай жатып, есінен айырылды ғой. Шешесі жазған өзі мерт болып, жер соқтырып кеткені аз болғандай, жалғызды да жарымжан ғып аттанды емес пе, – дейтін ол аh ұрып. Ол кісінің айтысына қарағанда, Қоңқайдың бес жасында болса керек, күздің салпы етек жаңбырынан кейін су болған қиды тұтатпақшы болып, отқа керосин құйып жіберсе, лап еткен жалын етегіне тиіп, өртеніп қайтыс болған көрінеді. Сол сұмдықты көрген бала екі-үш жыл тілінен айырылып, мақау болып қалады да, кейін тілі шыққанмен, ақылы сәби қалпындағы күйде қалған.


Бірақ Қоңқай соншама алып күштің иесі бола тұра жан адамның жағасынан алыпты дегенді Жүрсін естіп көрген емес. Тіпті денесі өзінің жартысындай кісімен белдесе кетуге қорқатын. Бұған! «Қопарып таста, бұзып таста, аналарды көтеріп, мұнда апар» деген сияқты жұмыс көрсетсең жетіп жатыр. Өлген-тірілгеніне қарамай жұмысын бітіргенше дамыл көрмейтін.


Қоңқайдың жұмыс істемейтін бір-ақ уақыты бар. Ол кеңшардың клубында бір киноның қанша сеансы болса, соның бәрін көрсетіп болғанша, орнынан тапжылып көрген емес. Бір фильм екі қайтара, үш қайтара қойылса да, ол үшін бәрі бір есеп, ең бірінші қатардан бір орынға жайғасып алып, көре беретін. Егер ол біреуге істеген жұмысы үшін ақы сұраса, тек күнделікті киносына жеткілікті ақша сұрауды біледі. Қоңқай үшін ақының бір-ақ өлшемі болмақ, ол – киноға билет алатын ақша.


Өткен жылы біреудің асар жасап, үйінің қабырғасын қалаған кезде мұның жойдаусыз күшіне Жүрсіннің тәнті болғаны бар.


Жалғыз өзі бүкіл бір үйдің балшығын илеп, кешке дейін лайды даярлап, зембіл, шелектерге толтырып берді де тұрды. Тек лайды тасып үлгір.


«Беу, Қоңқайдың күші-ай, нағашың Дәрібек палуанның күші де сенің қайратыңа пара-пар келмес-ау!» деп қойсаң болды, шаршауды білмейтін.


Мұның әу бастағы есімі Сағындық көрінеді, кейіндер өз қатарласынан озып, сұраусыз өскен алып денесіне қарады ма, әйтеуір, жұрт мұны қоңқай атандырып алған.


Сол Қоңқайдың жиырма бестен аса бере тұңғыш рет еңбек істеп, жұрт сияқты кеңшар шаруасына араласқалы келе жатқан беті осы. Жалғыз әкесі былтыр дүние салған соң, есігін құлыптап тастап, алыстау жамағайыны болып келетін кеңшар қоймашысының отын-суын даярлап, қора-жайына иелік қып жүретін.


Кеше сол кеңшар қоймашысы Жүрсінге көшеде жолығып қалғанда:


– Әй, белсенді, – деген. – Сенің кешегі жиналыста анау жындыны мен малай ғып, жұмысыма салып отырғандай ғып, маған кіна арта сөйлеп едің. Мен оныңды жалынып немесе алдап-арбап малай ғып ұстап отырғаным жоқ. Қолдарыңнан келсе, істете беріңдер жұмыстарыңды. О, несі-ей, түге! Бірақ қашан айттың деме, ертең «шариктері шашылып» қалған жынды немең бірдеңені бүлдірсе, мен жауап бермеймін. Айтты деген осы!


Содан кеше ферма меңгерушісіне барып, Қоңқайды өзіне жүкші ету жөніндегі оның келісімін алған болатын. Кілтшіге де, құрдастарына да егескен түрі. Қанатының астына алып, қатарға қосып көрмек. Қоңқай болса: «Жұмыс істе дейсің бе, аға, аh? Жүр кеттік» деген ойланбай-ақ. Содан келе жатқан беттері осы.


– Шіркін-ай, атам болса ғой. Үмияны алып берер еді. Үмия жақсы қыз ғой, аh?! – Қоңқайдың жаңағы бір күлді-көмеш сауалы енді жалаңаштанды. Ол ойын іріккен жоқ. Жүрсіннің енді ызасы келе бастады. «Осы жынды бірдеңені біліп, көңірсітіп отырмасын», деп ойлады.


– Әй, атаң болмаса қатын алмаушы ма едің? Өзің барып, сөйлесе бермейсің бе? О, несі-ей!


Қоңқай ажарын төмен салды. Мынау алып тұлғаға бала сияқты қолбырап, жасқаншақтап отыру жараспайды-ақ екен. Оның мынау бейкүнә түрін көріп, Жүрсіннің бір түрлі жаны ашыды. Серігінің махаббат мәселесінде өзіне бәсекелес бола алмайтынын сезінген сайын аяушылығы арта түскендей.


– Қайдам, мен сөйлесе алмаймын ғой. Атам болса ғой шіркін, алып берер еді ол қызды... – Сонан соң тағы бірдеңе ойына түскендей жымиып күлді. – Баяғыда торы құнаннан құлағанда Үмияны үйіне көтеріп әкелдім ғой. Иә, сонда ол бір қолын мойныма салып жатты. Өзі қаңбақтай жеңіл еді... – Жүрсін алдынан кездескен бір жарлауыттан машинасының жүрісін тежемей өте шығып еді, Қоңқай маңдайын кабинаның дөдеге теміріне ұрып алып, миы аузына түскендей ауырсынып, қабағын тыржитты. Сонан соң басының темірге соғылғанына өзі ғана кінәлі болғандай ат тістерін көрсетіп, қолқ-қолқ күлді.


– О-го-го-кок! Былтыр бір рет сөйлескем онымен. Үйлеріне кешке таман баспалап барсам, жалғыз отыр екен... Әншейін, сұлу болғанда да керемет...


Машина тағы секірді. «Батырға да жан керек» дегендей, бұл жолы Қоңқай алдын ала бұға қалды. – Сонан соң: «Жоғары шық, Сағындық», деп Үмия маған орындық әкеліп берді.


– Иә, әрі қарай? – деп тістенді Жүрсін.


– Әрі қарай ма, аh? Әрі қарай. «Халің қалай?» деп сұрады. «Жақсы» дедім мен.Өзі ұнын елеп отыра берді. «Үмия!» дедім. «Не, Сағындық?», деді. Мен өзімнің Сағындық екенімді ұмытып қалыппын. Бір заманда есіме түскені. «Ұныңды шашып жіберейін бе?» деп едім. «Бала болмасаңшы» деп күлді. Сонан соң мен айтатын басқа сөз таба алмадым да үйінен тез кетіп қалдым...


– Сөйлескенің сол ғана ма?! – Жүрсін бар даусымен рақаттана күлді. Қоңқай өкпелеген баладай бұртиып отырып қалған. «Е, байғұс-ай, жақсы қыздан мұның да дәмесі бар» деген бір ой кимелеген Жүрсінді.


Осы өткен қыста болатын, мұның да әскери қызметін өтеп келгеннен кейін алғаш рет Үмиямен кездесіп қалғаны. Әскери киімін шешпей, ағайындарын аралап, он шақты күн дем алған болды. Әрі қарай селтеңдеп жүргенді ұят көріп, жұмысқа шыққан. Өздерінің фермасына бекітілген жүк машинасының рөліне отырды. Алғашқы сапарлардың бірі болса керек, орталықтан Кішкенетауға малдың жемін апарып тастаймын деп жолға шыққан. Биесыймас қыстауынан көшсе, құттары көшердей болып, мекендерінен жылжымай қойған атасы мен апасына іштей ренжіп жүрсе де, аз күнде сағынып қалғаны рас еді. Сондықтан тым болмағанда жолай соға кетудің сәті түскенге қуанып келе жатқан.


Аудан орталығынан келетін жолды қиып өтер тұста тұрған бір кісі қол көтерсін. Сырт киіміне қарағанда не қыз, не келіншек болар деген оймен:


– Құрбым, беталыс қалай? – деп сызылған бұл кабинаның есігін ашып жатып.


– Кішкенетауға, – деді түбіт шәлісін көзіне түсіре байлаған қыз. – Белбастау қыстауына бармақ едім.


– Кел, ендеше, жолыңыз болады екен... Өй, сен Үмиямысың?


– Жүрсін! Иә, есен-сау оралдың ба? – Қыз кабинаға отырған соң қолғабын шешіп, қолын ұсынған. Үні байсалды, артық жалпылдаған да жоқ, артық қылымсыған да жоқ, жылы ғана есендесті. – Әскерден келді деп естіп едім... Арнайы келіп сәлемдесетін жөнім бар еді, бүгін, міне, өзің жолықтың...


Жүрсін өз көзіне өзі сенбегендей. Талдырмаш қана үкідей сары қыз сияқты еді, бойы таралып, дидары да нұрлана түскендей. Қоңырқай көздері аялы, күлген кезде ерекше мейірім шуағын төгетіндей. Әншейінде сөзшең Жүрсін не айтарын білмей мүдірген. Бір тәуірі, қыз өз жағдайын, жай-жапсарын түсіндіріп шықты. Оныншы класты бітірген соң, екі жылдық кіші дәрігерлік училищені тәмамдаған екен, қазір сол Кішкенетау фермасына қызметке орналасыпты. Бұл беталысы ауданнан қайтып келе жатып, жол тосыпты. Егер машина табылмаса, бүгін кеңшар орталығына түнеп, ертең басшылардан көлік сұрамақ екен. Бірер сағат жол тосамын деп тоңыңқырап қалғанын да айтқан.


Жүрсін алдымен қызды үйіне жеткізіп салмақ оймен бірден Белбастауды бетке алған.


Үмиясын алып келген жігіттің Қоңыр құрдасының жалғызы Жүрсін екенін таныған соң, Қарымсақ келіп мұның бетінен сүйген.


– Апыр-ай, әлгі жаман әкең жирен қасқамен тепектеп жаңа ғана аттанып еді. – Шалдың мұның әкесімен құрдастығы есіне түссе керек бір жымиып алып, сөзінің аяғын әзілге бұрған. – Мені пішен ұрлаған айыпкер ғып әктілеймін, прөтөкөлдаймын деп қырардай болып, бетқаратпай келген сияқты еді, шытынаған шекесін шаймен жібітіп алды да, жуасып аттанды...


– Е, қарағым-ай, қорықшы болып оның қоқайып жүргені, айғайшы болып менің алпиым отырғаным болмаса, бізде не қалды дейсің? Осы сендер аман болсаңдар – бізге үлкен олжа сол.


Бұл үйге кіріп, шай ішкен соң, жүрмек болды. Күн бұзылып кетпей тұрып, үйіне жетіп алмақ. Үмия да тысқа шығып:


– Ал, аулың осы, жолың түскенде соғып жүргейсің, – деген. «Соғып жүргейсің» деген жалғыз ауыз сөзде үлкен мағына жатқандай көрінген жігітке. Тек осы бір ауыз жылы сөзбен қанаттанып аттанған Жүрсін, неге екенін өзі де білмейді, Биесыймаста отырған үйіне жеткенше ойынан Үмияны шығара алмай қойған. Қоңырқай жанары мөлдіреп, әлі де қасында отырғандай елегзи берген.


Үйге келгенде апасы жалғыз отыр екен, ұлы әскерден осы бүгін келгендей айналып-толғанып жүргенде мұртына мұз қатып, атасы кірген. Әке ұлының бүгінгі келісін солай болуға тиісті заңды дүние ретінде қабылдағандай.


– Кемпір-ей, Жүрсінжан шаршап келген шығар, шайыңды қамда. Мына аязда көк темірмен алысу оңай дейсің бе, оны қойып, жаны бар жирен қасқаны «іщулеумен» мен де шаршадым. – Ұлының машина жүргізіп, ферманың шофері болғанының өзін бел көретіндей, үнінде мақтаныш лебі бар.


Шай үстінде әке ұлының жаңа Белбастау жақтан түскенін, онда құрдасының кенже қызы Үмияны апарып келе жатқан беті екенін естігенде әлденеге таңданғандай Жүрсіннің бетіне барлай қараған. «О, жаратқан, бергеніңе шүкір, бұл заманның баласы ата жолын сыйлапты, ата-ананың дегендерін айтқызбай ұғыпты дегенді ойламаппыз-ау. Оңғара гөр жолдарын» деп іштей сыйынған. Қария ұлдың бүгінгі лебізінен кейін: «Бұлар біздің о баста құдаласып қойғанымызды білетін болды-ау, білгеннен кейін шығар, екі жастың бір-біріне ыңғай танытулары» деп өзінше тон пішкен. Бірақ Жүрсіннің де, Үмияның да бұл ойлағандай, бір-бірімен тілектерін, ниеттерін жалғастыра қоймағандарынан, тіпті бұл құрдасы екеуінің бір кезде ойнай барымта ғып бесік құда болғандарынан екі жастың мүлде білмейтіндігінен хабарсыз еді.


Қарт көңіліндегі түйткілдің бір ұшығын шығарған.


– Бәсе, менің балам өйтпесе керек еді. Осында бір желауыздар! «Ойбай, Қоңырдың жалғызы анау Қозының үйіне келін түсіргелі жатыр екен» деп мына шешеңнің шалабын шайқап кетсе керек. Сенбеп едім... рас, балам, «Адамнан жасырғанмен құдайдан жасыра алармысың» дегендей, оңды-солын таныған сенімен де тығылмақ ойнау артық, білем. Әкелі-балалы болып арылып, ағарып алалық. Туған әкең анау менің кіндіктес інім – Қозы, шешең Қатия болғанда, шаранаңнан сыпырып, қойынға салып өсірген әкең – мен де, қойнына салып, тас емшегін жібітіп емізіп өсірген шешең мынау – Ұмсындық.


Шал бұрын-соңды ұлына сездіріп көрмеген сырының аузын ашып, ендігі жерде жасырынбақ ойнамауды жөн көрді. Өмірі айтпасам деген сөзін көңіл толқынымен бірге ығып отырып, айтып салғанынан ба, жаңағы жайдары қабағы долының бұлтындай түнеріп салды. – Кәрі қойдың жасындай ғұмырымыз қалғанда бізді шерменде қылмай, «Жоқ болсаң бере алмайтын, бар болса көре алмайтын» ағайынның қаңқуына қалдырмай бір жағына шық, құлыным. «Кісі баласы кісендесең тұрмайды» дегенге аузым бармайды, егер сол жайдың түйінін жүрегіңмен шешіп қойсаң, өсіріп, жеткізгендерді емес, өмірге әкелгендерді табайын десең қарсылық айтсам, қанеки.


Шешесі шай құйып отырып, ақ құманның қақпағын кесеге түсіріп алды. Кеседегі қақпақты алуға шамасы келген жоқ, көлкемедей ақ жаулығының шетін көзіне апара беріп еді, үні де шығып кеткен.


– Өйткенше, қос мұңлығыңды тірідей жерге көміп кет, жалғызым!


– Болды, кемпір. Сөзге қонақ бер, – деген Қоңыр баяу ғана тіл қатып.


– Ата, апа! Бүгін не болған сіздерге? Мен сіздерден басқа әке-шешені білмеймін, білгім де келмейді. Керек десеңіздер бұдан былай мен олардың үйінде де тұрмаймын! Тағы да сол Қатия жеңгем шығар бірдеңені көңірсітіп жүрген...


– Құл-де-ғем, сол! – Шеше ұлын баурына басқан. Қуаныш жасын ірке алмай, ұзақ аймалаған. Бүкіл жаратушы пайғамбар, әмбиелерге атап-атап алғыс айта келіп, «осынымның жолына екі кәрінің жаны құрбан» деп, тәубеге келген.


– Ал, қарғам, заман да, үлкен өмір де – өз еншің. Аяғымды матаймын дер болсаң, құптамасақ қарсболар біз емес. Бұл ел көріп-білмеген той өткіземіз дүрілдетіп. Сенің қызығыңнан аяп қаларымыз жоқ. Малды қойғанда, жанымыз садаға! Таңдауың болса жасырма, ата-ананың ақылын қосалық...


– Ой, ата, қызықсыңдар, менің әзірге ондай ойым жоқ, – деп Жүрсін қашырта сөйлеп еді, атасы қырын шапқан.


– Е, шырағым, өзіңді ойламасаң да бізді ойласаң етті, шешеңнің түрі мынау, етегіне сүрініп, өлуге қолы тимей жүрген. Көңіл мастығынан өте алмай жүрмесең жаспын демессің... – Шал бұның бетіне барлай тағы бір қараған. – Бүгін анау «Өзім үйіне апарып келдім» деп отырған Үмиялар кімнен кем?! Қай азаматтың тақиясына тар келер? Сен де, құдайға шүкір, кез келген қыз жарым болсашы дейтіндей болып ержеттің...


... Аузымызға құдай салды ма, баяғыда, Үмияжанның шілдеханасында отырып, Қарымсақ екеуіміздің «Құдай дескен құда болалық!» десіп құрдастық базына айтқанымыз да бар еді... Егер екеуіңнің әңгімелерің жарасып жатса, біздің тарапымыздан: «Бұларың қалай?» деген сөз болмайды. Ғұмыры бірге келе жатқан сыралғы Қарымсағым теңім емес пе?! Оны да ойлана жүр, балам...


Сол жолғы әңгіме осымен тәмамдалған. Мұның ойын Қоңқайдың сөзі бөлді.


– Былтыр ма, білмеймін, ұмытып қалдым, Қайырбек шалдың үйін тұрғызған асарда төбеге қойып жатқан матша ағашы құлап, мен иығыммен тіреймін дегенде ағаштың шегесі бар екен... ого-го-гок. – Ол ат тістерін көрсетіп, мағынасыз күлді. – Содан, әлгі шеге білегімді сойып кетті емес пе?! Ого-гок-го. Сонда білегімді Үмия өзінің қызыл орамалымен байлап берген. Міне! Ого-гок-го!


Ол төс қалтасына қаттап салып қойған қызыл орамалды суырып алды. Жүрсіннің өкпе-бауыры төңкеріліп түскендей болды. Мынау аяқ астынан пайда бола кеткен сәбидей пәк әрі өзінің осынау халін бағамдап білмеген, өмірдің ұлы жіңгір бәйгесінде өз бағын сынар шақ туар болса, сөзсіз сәтсіздікке ұшырарын да сезе алмайтын бейкүнә бақталасының қылығына тағы да жыны келген, сөйте отырып, жаны ашыған. Өйткені Жүрсін мен Үмия бұл күнде өмірге қол ұстасып, қатар аттануға сөз байласып, бір-бірін ұғып болған кез еді. Екі баланың ынтымағын құлақтары шалған қос қария Қарымсақ пен Қоңыр бұрынғыдан да қойындасып, бір үйінде мал сойыла қалса, араларына сыбаға жүгіртісіп, «ә құдайласып» жүргендерін де сезетін. Жастар жағынан ұлықсат сұрар күн туса, қопаңдасып отырған екі қарттың да «Бұларың бекер болған екен» дейтін біреуінің болмасын да жақсы біледі.


Қоңқай қызыл орамалды ең киелі мүлкіндей ғып қайтадан қойнына тықты.


«Байғұс-ау, ол қыз – менің қалыңдығым ғой, биыл үйленбекшіміз» деп айтуға, сөйтіп мынау жазықсыз жанның көңілін біржолата суытуға Жүрсін бір оқталған. Бірақ ол ойынан тез айныды. «Дүлей неме ен далада мына келсаптай қолымен төбемнен бір ұрып, сұлатып салар» деген оймен айныған. «Өзі көрер, естір, сонан соң ғана көңілі суыр» деп шешті.


Бұлар қырықтықшылар аулына түс ауа келді. Жүрсіннің машинасының келгенін сезгендей Үмия да тысқа жүгіріп шыққан. Жүрсін қыздың медициналық пунктін осындағы жиын жерге көшіріп әкеліпті деп естіген болатын, енді ол сөздің растығына күманданбады. Қоңқайдың көзі де бірден қызға түсіпті.


– Ого-го-го.. Әне, Үмия! – Ол қомданып, орнынан ұша жөнелердей тесірейе қалыпты. Жүрсін қыз қасынан өтіп кете алмады. «Ел не десе ол десін, күні ертеңгі жарым емес пе». Үмия да осы ойға бекінсе керек, қарсы жүгірді. Бірақ екеуі де бір-бірін жанарларымен аймаласып, қол қысысудан әріге бара алмады.


Кабинадан түсіп, анандай жерде тұрған Қоңқай жақындауға батпағандай екі-үш дүркін «О-го-го-лап» тынды.


– О, Сағындық та келіпті ғой.


Қыз таудай болып тұрған жігітті жаңа көргендей соның жанына қарай жақындады.


Қоңқайдың бар қаны басына шапқандай жүзі күреңітті. Қыздың ұсынған қолын байқамаса уатып алатындай еппен ғана ұстады.


– Ого-го-гок.


– Жүр, Қоңқай, сен жүгіңді тией бер. Мен машинаны жақындатып берейін. – Жүрсін орнында әлі аңырып тұрған Қоңқайды машинаға қарай жетеледі. Сонан соң қызға қарап былай деді:– Үмияш, мен қазір келемін.


Тең-тең ғып, сығымдап тастаған сексен, тоқсан килограмдық жүн бумаларын Қоңқай машинаға жастық лақтырғандай жеп-жеңіл тастайды.


Қоңқайдың атағына бұрыннан құлағдар қырықтықшылар оның кереметін көзбен көрейік дегендей бәрі де жұмыстарын доғара салып, жүгіріп сыртқа шыққан.


– Ойпырм-ай-ай, мұндай дүлей күшті кім көрген? – десіп жұрт жағасын ұстаған. Текше-текше бумаларды машинаға тиеп тұрған екі жігіт демде қара сорпа болды...


– Әй, дүлей, бастырмалатпай тұра тұршы! – деседі олар күліп.


Жүк тиеліп, арқаны бастырылып болған соң, Қоңқай жаңа Жүрсін кірген медпунктке қарай жалтақтай берген.


– Әй, немене, жалтақтап отырсың? Жүрсін мен Үмияның тойы тақаған білем. Сөйлессін, онда нең бар? Ғашықтар мауқын басып дегендей... – Тұрсын деген қайрақшы жігіт көсемсіді.


– Не?! Екеуі үйлене ме? – Қоңқай алып денесін ықшам қозғап, орнынан атып тұрған. Сөйтті де медпунктке қарай адымдай жөнелді.


– Ойбай-ау, мына сорлыға не болды? Түк ұқсам бұйырмасын! Беті жаман, Жүрсінді жазым етіп жүрмесін, – деп жігіттер оның соңынан жүгірді. Жүзі өрт сөндіргендей Қоңқай екі бүктеліп, үйге кіргенде Жүрсін Үмияны құшақтап тұрған. Екеуі де бір мезгілде селт етіп, шегіне берген. Сол кезде үйге басқа жігіттер кірді.


– Сен аласың ба, аh?! – деді ол Жүрсіннің төбесінен құдиып. Жігіт енді бұлтара алмады.– Иә, Сәке, екеуіміз жуырда үйленеміз.


Үмияның беті күреңітті. Қоңқайдың иегі кемсеңдеді. Иегі кемсеңдеп еді, екі кісі мінгендей екі иығы қоса селкілдеді.


Сонан соң тұңғыш рет Үмияның жүзіне тіктеп қараған. Қыз да бірден ағынан жарылып, бетін ашып алғысы келген.


– Сағындық аға! Сіз мені бір кезде ажалдан құтқарған соң туған ағайымдай көргенім рас... Ғұмыр бойы сыйлап өтер адамым болыңыз.


Қоңқай қойнына қолын салып, от болып жанған қызыл орамалды суырып алды. Тағдырынан алар өші қызыл орамалда қалғандай қақ бөліп, жерге тастады.


– Мен жындымын ғой, аh! – Жүрсіннің көзі оның жанарымен ұшырасып еді, қарашығы азайып, аласы көбейгендей көрінді. Тұла бойы мұздап кеткендей, ол әйтеуір, бірдеңе істеу керек қой дегендей қақ бөлініп жерде жатқан қызыл орамалға қол соза берген. Сол кезде мұның білегін қапсыра қысқан қарулы қол итеріп қалды.


– Жо-о-оқ! Бұл – менікі. – Қоңқай қызыл орамалды қолына алғанда оның жанарынан домалап түскен қос тамшы шүберекке тамып, қос ноқат қалдырды. Ол дірілдеген қолымен жыртылған орамалды асығыс қойнына тыққан.


– Жазған, байғұс-ай, бұлай боларын біліппін бе? – деп қалды әдемі жанары боталаған Үмия.


Қоңқай адымдаған күйі үрпиіп тұрған тамам жұртты қақ жара жүк тиеулі тұрған машинаның қасынан өте берген. Әлдене есіне түскендей ол көпшілікке жалт қарады.


– Мен жындымын ғой, аh?! Ай-й, әкең, – деп ол жабайы аңдай күркіреді. Сөйтті де тау ғып жүк тиеп қойған машинаның қорабының астына кіріп, жаурынымен тіреп тұра қалды.


– А-а-ау-уп! – Ол адам айтқысыз дүлей күшпен машинаның бір жағын көтере бастаған. Қораптың ағашы мен Қоңқайдың сүйектері қатар сықырлады. Алапат күшпен үш-төрт дүркін көтеріп, аудармақ болса да бірнеше тонна жүгі бар машинаның бір жағы сәл сықырлағанмен адам күшіне ырық бермеді. Үрпиісіп тұрған жұрт мынау тұңғыш рет буырқана тулаған алапат күшті алыпқа ләм дей алған жоқ. Машинаны төңкере алмасына көзі жеткен Қоңқай жер тістей құлады. Біраз тыныссыз жатты да тағы да ақырды. Бұл жолы құлаштап тұрып, жерді бір ұрып, орнынан атып тұрып, бағана өздері келген жолға түсті. Тордан қашқан арыстанды ұстау қаншалықты қиын болса, мынау адам-арыстанды тоқтату да сонша қиын болатын.


– Мына сорлы жазым болар, барсаңдаршы, – деген бір шалдың сөзінен кейін төрт-бес жігіт оны соңынан жүгіре басып қуып жетіп еді, олар Қоңқайдың бір ақыруынан қалмай кейін серпілді.


– Ого-го-гок! – Ол күлкіге ұқсас тым бір жабайы дыбыс шығарды. – Ах-ха-ха! Мен жындымын, жын-ды-мын! Ах-ха-ха!


Алып адам бар даусымен күлгенде тау жаңғырықты. Енді Жүрсін мен Үмия жүгірген соңынан.


– Барыңдар, – деді оларға есірік күлкісін сәл саябырсытып. – Мен әкемді іздеймін! Әке, қайдасың, әке! Ого-го-го. Ах-ха-ха!


Қоңқай жотаның басына шықты да, бұларға қарап қызыл орамалын бұлғады. Жүрсін мен Үмия әлі естерін жия алмай тұрған жұртқа қарай үнсіз аяңдап келе жатты.


3. Аптап


Жалынмен тыныстаған күн деміне іргеде ғана шалқып жатқан теңіз лебі бесін ауа әрең араласқан.


Өз қызуынан өзі де ыстықтағандай күн сол лапылдап жанған күйі бір шекесін теңізге малып еді толқын бетімен қызыл жалқын жарыса жүгірді. Ала таңнан бері тыным көрмей ен даланы гүрілге толтырған тәмам машина-тракторлар да топ-топ пішеншілерін арқалап, қоналқыға ұясына оралған құстардай көл жағасындағы қосқа жан-жақтан шұбырып, келіп жатты.


Ертістің теңізге құяр сағасына қоныстанған пішеншілер қостары да ақшам үйіріле қайта жанданып, машина-тракторларының гүрілімен, жарқылдаған оттарымен у-дуға толтырғандай. Қанаттары сусылдап сұқсыр үйректер төбеден ұшып өтті. Кешкі қоңыр салқын мезгіл олардың да асыға тосқан рахатты бір сәттері сынды.


Жүрсін өзеннің салқын суына бір сүңгіп шығып еді, күні бойы шаршағанын да, ыстықтағанын да ұмытқандай тыңайып қалды.


– Бүйте берсе мына күнің барша тіршілік атаулыны өртер. Қарашы, жылда жаз бойы өңін бермей жап-жасыл болып жатар Сауырдың сілемдері де шүкірге малғандай сарғайып жатқанын. – Тракторист Нұртай Жүрсінге жаңалық айтқандай күніне жүз рет айтылып, жауыр болған жайды тағы қоңырлатты.


Жүрсін үн қатқан жоқ. Баяу басып, қосқа қарай бет түзеді.


Жаздың жылдай ұзақ күні көкжиектен көрінгеннен бастап батқанына дейінгі уақыт бойына айналаны аптабымен қуырып жердей құтырынып тұрғанына көп болған. Батыстан оқта-текте қара барқындатып көтерілген бұлттың бұл өлкеге бір тамшысын қимай не Алтай, не Сауыр ауып кетіп, жұрттың қыжырын кетіріп, жүйкелерін жұқартып тұрғанынан бері де екі ай жаңарыпты.


Бүгін де түс ауа күн бетін далдалаған алба-жұлба қара қошқыл бұлт тәмам пішеншілердің кәрі-жасын дәметтіріп еді, бірақ жеме-жемге келгенде о да тауды бетке алып аунап кеткен.


– Дәл биыл осы Алтай мен Сауыр біз үшін тау болмай жау болды-ау деймін. Жауғалы келе жатқан бұлтты да демімен соратын диюдай үйіріп өзіне тартады да жатады, – деген тағы да үмітін үзіп кеткен бұлтқа налыған жігіттердің бірі.


Шындығында Жүрсін өзі ес білгелі биылғыдай қуаңшылықты, биылғыдай аптапты көргені осы. Тіпті, арғы жағында тұрған адамның айқайы бергі жағындағыға әрең жетер алып дария Ертістің өзі де биыл әбден діңкелеп, кей жері жаяу өткел болып қалған.


Ойдың көк шалғынын орып, маялап алатын шаруашылықтар бұрындар көл жағасы мен өзен бойының қамыс-қоғасын қойғанда, қырдың ақтығына мандытып орақ салмас еді. Қатарынан екінші жыл көктемнен кейін жаңбыр тамбай, бұрын түгін тістеген мал көп шөліркей қоймайтын ойпаң жерлердің өзінің кенезесі кеуіп, бұрқырап шаңы шығып жататынды шығарды. Мыңғыртып мал өсіріп, соның ауанымен шаруа күйттейтін көл жағалаған үш-төрт аудан биылғы жаздан да күдерін үзе бастаған соң, өзен бойы мен көл жағасының жылдар бойғы тоғай боп өсіп кеткен қалың қамыс-құрағын пышақ үстінен бөліске салысып, бар техникаларын бірер айдан бері жауып жатқан. Тау қойнауын бермей өскен мыңғырған малды келер қыстан қалай да аман алып қалу үшін ағаштың бұтағы, тал, қамыс-құрақты, барлық қылтиған қылтанақты жеммен қосып, ұнтақтайтын цехтар салынып, әр шаруашылық әр ферманың адамы тайлы-тұяғымен осы шаруаның шетіне шыққан.


Жүрсін де мынау науқан басталған бетте-ақ машинасын гаражға доғарып тастап, осындағы тракторға тіркелген шөп машинасының біріне келіп мінген.


– Әй, ұл, келе қал. Өздеріңе арнап, үш түрлі балықтан үш қайнатқан сорпа жасап қойып едім. Соңғы қайнатпасы Қара Ертістің алтындай сары сазаны. Дәмі тіл үйіреді, жарықтықтың. Кеше кешкілік өзенге ау құра салып едім, сендер бір тоярлық балық түсіпті. – Қашан көрсең де ақ халатын үстінен тастамайтын, қашан көрсең де майысып, қазан-ошақтың қасынан табылатын Ералы көсе Жүрсінді арнаулы сый дәміне шақырды. «Өздеріңе» деп өзімсінгені де жай сөз, жұртқа бірдей беретін асының өзінің құнын арттырып: «Шаршап жүр-ау деп осы бес-алтауыңа жеке даярладым» дейтін қашанғы әдеті. Алпысты алқымдаса да бет-аузына бір қылтанақ шығып көрмеген әйел жүзді, әйел мінезді Ерекеңді Жүрсін білгелі бір үйде жалғыз тұратын. Кеңшардың қырықтық қырқар, егін орар, пішен шабар науқандары кезінде ол өзін аспаздық жұмысқа жіберу жөнінде бастықтардан бұйрық күтіп көрген жан емес, тайқазанын жуып, ожау, оқтауын қамдап, «ал кеттік» деген күні даяр тұратын. Бастықтар да: «Е, Ерекең барда не қам бар?» десіп, аспаз іздеп, бастарын қатырып көрген емес. Науқандық жұмыстар саябырсып, дала қостарының қазандары ошақтан түсіріле Ерекеңнің жастайынан үйренген екінші кәсібі – сауыншылығы даяр тұрар еді. Сонан соң ауыл-жұрттағы Ерекеңнің ең бір қадірі артып, айтқанын тәмам қатындардың екі етпейтін тұсы «торқалы той, топырақты өлімнің» кезі. Ең қарапайым деген бауырсақ пісіруден бастап, кәделі табақтарды кімдерге қалай тарту керек деген мәселеге дейін Ерекеңсіз шешілмес еді...


Әлде әйел затына тән шаруаларға үйірлігі, әлде ағайынға айғайы, іні-қарындастарына іш-шәйі жоқ көндікпелі мінезінен бе, бұған егде кісі еді-ау деп, ешкім сызылғанды білмейді. Кім көрінгені келіп: «Әй, көсе, көженің бетінен ала, түбінен сала құй» десе Ерекең бойжеткендей бір тәтті жымиып алып, деген жерінен шығуға тырысар еді. Ерекеңді ызаландырудың бір-ақ жолы бар, ол пісірген асына мін тағу. Ондайда ол өзінің сонау жылдары облыстағы ірі бір ресторанның бас аспазы болған кезінде де, тіпті, аудан, облыстан келіп жататын не бір дөкейлерге ас әзірлегенде де мұндай сұмдықты естіп көрмегенін айтып, бір ет асым сөйлер еді. Сүйіп айтар әңгімесі де қай тағам қалай әзірленеді, кімнің тойында қандай тағам пісірілді деген сияқты төңіректе өрбитін.


Жүрсін ақ көңіл қарияның ұсынған сыбағасын кідіртпей, ұзын үстөлдің шетіне кеп жайғасты.


– Ұлдарым-ай, бекіренің бес кеспесі болмағанмен, алабұға, қарабалық пен сары сазанның үш дүркін қайнатқан балдай сорпасы ғой б7л. Әлгі әйелі ұл тапқыр, Шоқат бригадирге қалаға соғып, тым болмаса бір-екі жіліншік жусәй мен азын-аулақ у сарымсақ ала кел деп едім. Әкелмепті. Әкелгенде бұл керемет сорпа болар еді. «Барымен базар». Тойып алыңдар. Жақсы әзірленген балық сорпасы – бағлан сорпасына дес берген бе?!


– Ереке, «үш қайтаңызды» үш қайтара айтсаңыз да ұқпадым, – деді аспаздың сөзін бөлген Нұртай.


Аспазға бұлар тамақ ішіп болғанша оқыр лекциясының тақырыбы табылды. Студентінің сұрағына жауап берген профессордай Ерекең балық сорпасының түр-түрін жіліктеп, олардың тарихын да қамтыған әңгімеге кірісіп кетті. «Үш қайта» дегенің балықтың қазанға бір салғаны езіліп піскен кезде екіншісін, ол піскенде үшіншісін салып пісіретін сорпа екенін, әр салмасына майлы балықтың әр түрін асса, тіпті жақсы болатынын айта келіп, бір әңгіменің ұшығын шығарды.


– Баяғыда осы Ертіс бойына тағы да шабындық бөлісу мәселесімен үш шаруашылық дөкейлерінің бастары қосыла қалғаны бар. Атқа жеңіл – желпекбай тағы мен барайын. Оның үстіне ұжымшарымыздың бастығы келіп жат та жабыссын: «Ереке, өзіңізден басқа адам астың дәм-татуын келтіре ала ма? Жұрттың сізді тағамның тәңірі деп текке атап жүрмегенін көрсетіңіз мынау көршілерге» деп астыма алты қабат көпшік қойған соң, оны-мұнымды арқалап жеткенмін. Облыстан келген де кісі бар білем.


Түскі асқа арқардың бауыры мен тоқтының құйрық майын араластырып кәуәп даярламақ болып жатыр едім, бір балықшы әрқайсысы баладай-баладай екі бекіре балық әкеліпті...


– Иә, – деп әңгіме отына май құйды әлдекім. Ерекең қосымша сорпа сұрағандарға «үш қайтасынан» құя жүріп, әңгімесін рахаттана сабақтады.


– Екеуін де пешке бітеудей пісіріп, сары майға шыладым да, буын бұрқыратып, қонақтарға сый табақ тарттым. «Әй, Ереке, қанша ел, қанша жер араласақ та асты сендей дәмді етіп әзірлейтін кісіні көрмеппіз» деп мақтағаны бар солардың... – Ол әңгімесін кілт доғарып, жұмыстан қайтқан бір топ пішеншілерге жанар тіктейді.


– Әй, мына Қоңқай байғұс бір-екі айдан бері көрінбей кетіп еді, мұнда қай жақтан келіп қалды? – деді.


Жүрсін Ералы қараған жаққа мойын бұрған. Айтқанындай-ақ Қоңқайдың жойдаусыз кесек батыр тұлғасы кешкі алакеуімде әлдебір қорқынышты елестей боп, бұларды бетке алып келеді екен. Қасындағы жә деген белжемді жігіттердің өздері Қоңқайдың иығына деңгейлесе алмай, атанға ерген тайлақтай көрінеді.


– Қоңқай пішен даярлауға көмектесуге келіпті. Қарсы алыңдар, – дейді жігіттердің бірі. – Өзінде жан жоқ қой деймін ғой. Құр атты болдыртатын орталықтан бері жаяу келіпті.


– Е, өйтпесе Қоңқай бола ма?! Ағылып жатқан машиналардың біріне кезікпеуін қарашы. Бұл шіркін, жолсызбен төте келген шығар. – Шоқат бригадир болжау айтты.


Өзінің бұл келісін айып санағандай әркімге бір жалтақтап тұрған Қоңқай әлдене есіне түскендей денесіне үйлеспейтін шалт қимылмен келіп, бригадирдің қолын алды.


Сонан соң ол Жауhарды көріп, айыпты болған адамдай төмен қарап, аяғының ұшымен жер сызды.


– Іhі, келдім, – деді мағынасыздау үнмен.


Жүрсіннің жанары Жауhардың бетіне сүрініп еді, келіншектің қоңырқай жүзі сәл қызарғанын байқады. Мына алып тұлғалы адамның өз алдына келіп, жас баладай берекесізденгеніне қысылса керек... үстел үстіндегі бос тәлеңкелерді жинауға кірісті.


Қоңқай қайтадан есін жинады.


– Ас-са-лау-маликім, аға! – Сонан соң жағалай тұрған жігіттердің қолын ала бастады. Жүрсін оған қолын өзі ұсынған. Мұның қолы дәудің мөлшерсіз үлкен алақанында көміліп қалды.


– Ас-са..ә, аға... саусыз ба?


– Есен-сау келдің бе, Қоңқай? – Қарсы алдында тұрған адамның жанары мен Жүрсіннің жанары ұшырасып еді, әншейіндегі тым жасқаншақ қарашық тайғанамай, өзіне тесірейе қарады. Бүкіл болмысы қанды мойын кұныкерін жаңа тауып, бүре түсуге оңтайланып тұрғандай. Жүрсін ажарын төмен салып, теріс айнала берді. «Қап, сен дүлейден қалдым-ау бәлеге. Бүгін тағы қайдан сап ете қалып еді?», деп хауіп ойлады ол.


Жүрсін мен Қоңқайдың бұдан бұрын ұжымшар орталығында тағы бір ұшырасқаны бар.


* * *


Бір күні жұмыстан шаршап келген соң, қолына әдеби журналдың соңғы санын алып, диванға қисая бергені сол еді Қатия жеңгесі келіп, әдеттегідей тағы да аса бір қамқор үн қатқан.


– Әй, ұл-ей, күн баласы қарыңды талдырып, көк машинамен алысасың, түн баласы көз майыңды тауысып, қағазға шұқшиясың. Бүгін бір үндінің киносы болады деген соң бағана балаларға бір билет алдырып қойып едім, былай сергіп барып қайтсаңшы, – деп, қалтасынан киноның билетін суырып берген.


Бұлармен көрші тұратын мұғалім қыз Іңкәрдің орны да Жүрсінмен қатар болып шықты. Іңкәр осы ауылдың бастауыш кластарына мұғалім болып, былтыр күзде басқа ауылдан келген болатын.


– Жүрсінжан, мына сиыршы Жақыптың үйінде пәтерде тұрған қыз өзі бір үріп ауызға салғандай бала көрінеді. Ауылдың сәукілдеген көп сүр бойдағы қағып кетпей тұрғанда тамырын басып көрсейші былай, – деп Қатия жеңгесінің қот-қоттағаны бар ол келген бетте. Қатияның өзінің туған шешесі екенін іші сезсе де, шешем деп мойындап көрмей жеңге есебінде еркін сөйлесетін дағдысымен: «Е, бұйырған қыз болса көремсіз» деген. Екі-үш күннен кейін сол қызды ертіп, биге бір баруы мұң екен, содан Қатияның өзі ауылдың талай үйіне кіріп жүріп, қуанышына талай әйелді ортақтастырған.


– Өйбай-ау, әлгі біздің жаман ұлдың өзін тұмсығынан сыпырып, баурына салып алған Ұмсындық абысын мен Момын қайнағаға барғысы жоқ сияқты. Өзі анау жаңа келген мұғалім қызға сөйлесіп жүрген көрінеді ғой. Ертең келінді менің үйіме түсірем десе, жалғызымыз деп ет-бауырлары елжіреп жатқан анау қайнаға мен абысынға не бетімді айтамын?! Ұяттағы-ай, – деп өсек өртіне өзі еселеп май тамызған.


Тау қойнауында жатқан Ұмсындық пен Қоңыр қарияны осы өткен қыста айдың-күннің аманында шала бүліндірген де осы сөздің жалғыз аяқтап жеткен бір шеті болатын. Бұл сөздің бір ұшқыны айналып келіп, өз құлағына жеткен соң және Үмия екеуі мәңгілікпіз деп ұғысқан соң, Жүрсін көрші қызға кездескен кезде сыпайы аман-саулықтан әріге бармайтын.


Ал, үнді киносына екі билетті тағы да Қатияның әдейі алғызып, «ойда жоқта» қатар отыруларына сырттай себепші болғандығынан екеуі де бейхабар еді.


Кино аяқталған соң бұлар ауыл ортасындағы ұзын жалғыз көшені құлдап, үйлеріне қарай аяңдап келе жатқанда соңдарынан әлдекімнің көлеңкедей ілесіп қалмай қойғанын Жүрсін байқаған. Бірақ қыз көзінше қорыққан кісіше ту сыртына жалтақтауды ар санап, «қуғыншыны» елемеген кісі болған.


Іңкәрді үйіне кіргізіп, енді бұрыла бергенде әлдеқандай бір қарулы қол мұның жотасынан бүре түскен. Өзім деген бір жігітке есемді жібермеспін деп есептейтін Жүрсін өзін лақтай тулатып, сүйрей жөнелген мынау алапат күш иесінің бет алысынан шошынған.


– А-ғ-ғай, Үмияны ала-ты-ның қай-да, аh? – «Қоңқай ғой, бұл дүлейге қалай түсіндірсем екен? Қап, қор қылды-ау, мына бәтшағар» деп ойлаған Жүрсін құтылмақ болып,бұлқынып көрген. Бірақ әлуетті қол мұның дегеніне жібермеді, ауыл сыртына қарай дедектетіп, сүйреп келеді.


– Әй, дүлей, менде қандай атаңның құны бар? Қоя бер деймін саған! – деді булыға ышқынған Жүрсін өзінің мынау алыптың алдындағы дәрменсіздігіне намыстан жарыла жаздап.


– Үмияны ала-а-тын-ың қайда, аh? Оны да, мені де алдағың келеді, а?!


– Онда сенің не ақың бар? Әйтеуір, сен дүлейге Үмияның тимейтіні анық қой, – деді жазықсыз жапа шеккеніне күйіп кеткен Жүрсін.


– Не-ме-не, сен де мені жынды дедің бе, аh? Сен де мені дүлей дедің ғой, аh? – Ол әлдебір есірік күшпен Жүрсінді алып ұрып, кісі алатын бураның шөккеніндей екі тізесімен үстінен баса отырды. Бірақ қол жұмсаған жоқ. Гүрілдеген үні бұзылып, бірте-бірте тарғылданып естілді. Өксік араласқан сияқты. – Егер Үмияны алдасаң сені де өлтірем, өзім де өлемін!.. Әттең, атам болса ғой... бүйтіп жүрмес едім.


Алып дененің бар ашуы сонымен басылғандай, мұны жатқан жерінде қалдырып, ауыл сыртындағы қамысты көлге қарап жүгіре жөнелді.


– Ох-гок, го! – Жүрсін оның осынау есірік үнінен жылап, иә күліп бара жатқанын айыра алмаған.


Содан бері бір-екі айдың мезіретінде Қоңқай ел төңірегінен шаң бермеген. Қамысты көлге шым батып, мүлде жоғалғандай еді.


Содан бері ел шетіне, ел болғанда да иендегі қалың қамыстың арасында жатқан пішеншілер қосынан келіп шыққан беті.


– Сағындық, салқын сумен жуына қойшы, айналайын. Түтігіп кетіпсің, тамақ ішіп, әл жина. – Ерекең де күтпеген қонағын о бастағы өз есімімен атап, ерекше жылы қабақ танытты.


Жуынудың орнына сыртқы шоқпытын шешіп, Ертіске сүңгіп кеткен Қоңқайға әлі мүсіркей қарап тұрған Ералы аспаз:


– Жазған бала жарымжан болып кетті ғой. Әйтпесе, қандай жігіт болар еді, шіркін. Жастай жабысқан дерттің емі де қиын болса керек... Келе ғой, Сағындық. – Ол кесек еті ме-ау, «үш қайта» балық сорпасы ма-ау, тәтті-дәмдісін Қоңқайдың алдына тоғытты. Алып жігіт асқа жауша тиді. Әбден қарны ашқан болса керек, екі бөлкедей нанды, үш-төрт сыбаға қою-сұйығы бар тағамдарды асқазанына қондырған соң ғана дастарқаннан бас көтеріп, тілге келген.


– Ы-р-рақмет, аға, іһ, – деді ол мағынасыз күліп. Ералының сыйына, пейіліне риза болған сыңайын танытқаны.


Сол кезде бағынадан жұртты тағы да дәмелендіріп, батыстан түйіліп келе жатқан бұлт теңіз шетіне іліне бере күркіреп, от қамшысын лақтырды.


– Апыр-ай, бүгін жауса екен болмаса. Тым құрығанда қыс түскенше мал жайылымы болатын тау бөктерлері қайтадан алсындар еді, – деді Шоқат бригадир биыл жаз әбден сағындырған жаңбырды әкеле жатқан бұлтқа сенімсіздеу көзбен қарап. – Тағы да үйренген соқпағымен тартып, тауға қарай бұрылып кетпесе.


Үкілі бөрік киген қалың қамыстың әр талы әуелі бір-бірімен күбір-күбір сыбырласқандай еді, демде олар тұтас денеге айналып теңіздей толқып, ұлардай шулады.


– Ойбай, Жауhар, отты өшір, дауыл тұрып келеді! – Ералы өзінің көмекші аспазын шақырды да, екі шелекті ала өзенге жүгірді. Екі-үш жылдан бері Ерекеңе осы Жауhар көмекші болып жүрген. Көрші аудандағы әлдекіммен бірер жыл ғана отасып, төркініне қайтып келген бұл келіншектің тал бойындағы міні бір аяғының кемдігі болатын. «Алған күйеуі де осы кемістігін бетіне баса берген соң, қайтып келіпті», десетін жұрт.


Жалғыз шешесі былтыр қайтыс болған соң, ұжымшар орталығындағы шағын мекенжайға өзі ие болып отырып қалған.


Жауhар бірден мінез көрсеткен қатты жел әлі жанып жатқан қазандықтардың астындағы оттың ұшқындарын алып қаша бастаған соң, сасқалақтап, қоламтаға Ерекеңнің «үш қайта» сорпасын шөміштеп құя бастаған.


– Жігіттер, отты, отты өшіріңдер. – Бір тұстан Шоқаттың қарлығыңқы даусы шығуы мұң екен, тәмам пішеншілер жабылып жүріп, демде үш қазандықтың да қоламтасын борылдатып суға бөктірді.


– Ешқайсың шылым шеге көрмеңдерші, көкетайларым, мына желде қурап тұрған қамысқа шоқ түссе бүкіл өңір тып-типыл болады. – Бет-аузына су құйғанда ұшқан күл жабысып қарала-құрала болған Ерекең ендігі сақтық жайын сабақтады. Жарты аспанды торлап үлгірген жаңбыр бұлты алдын дауылдатып бастағанмен, соңын жауындатып жалғастырарына көптің көзі жеткендей. Бұлттан бастап жерге жеткенше көлбей сүйретілген қалың нөсердің қазіргі бағыты Ертіс бойына бұрылмағанмен ұжымшардың орталығын қоса тамам жайылымдық бөктерді бетке алғандай.


– Е, бәсе жердің кенезесі кеуіп кетіп еді, бұл дұрыс болды, – десті жігіттер қуанысып.


Іңір қараңғылығы тез үйірілді. Пішеншілердің құрған бес-алты шатыры да қамыстардың шуылына қосылып, етектерімен жер сабалай жөнелген. lргеде ғана шалқып жатқан әншейіндегі маңғаз теңіздің айбарлы гүрілі құлақ тұндырардай. Биылдар діңкесі құрып, жайдақталып қалған Ертістің суы арнасын толтырып, теңізден кері лықсыды.


– Е, нөсердің екпіні ғой, біздің Шоқаңның мінезі сияқты демде басылады, – дейді суып қалған шайын асықпай ұрттап отырған Нұртай.


– Ой-бай, өрт! Ананы қараңдар, өрт! – Дәл осындай сәтте бұдан үрейлі, бұдан қорқынышты сөз жоқ еді. Қазандарын тықырлатып жуып жүрген Жауhардың жан ұшыра ышқынған үнінен кейін барлық жұрт үріккен арқардай орындарынан сатыр-сұтыр бір демде көтерілген еді. Әу баста өрт өз орталарынан шыққандай алақтасып, абдырасып қалған жігіттер үйіріліп үлгерген қараңғылықтың батыс жақтағы терең түкпірінен аспанға шапшыған жалынды көрген еді. Теңіздің ішкертін тұстағы жағалауындағы қалың қамысқа тиген от қызыл тілін сумаңдатып, бұлар ес жиып үлгергенше-ақ қанатын кеңге сала берді.


Алдымен ес жиған Шоқат бригадир болды.


– Қане, жігіттер, кеселдің үлкені енді басталды. Дереу қостарды Аққұмның жотасына көшіріңдер. Аудан мен кеңшар да мынау алапатты көріп, қам жасауға кіріскен болар. Дегенмен, біз де қол қусырып отырмайық. Нұртай, сен менің атыма мін де орталыққа шап. Машинамен бірнеше соқа жеткізсін, өрттің жолын кесіп жер жырту қажет. Жер жыртуға екі-үш шынжыр табан трактор қалсын да, басқа техниканы түгелдей Аққұмға шығарыңдар. Қалғанымыз тегіс жеңіл тракторлармен өрт сөндіруге аттанамыз.


Мынау ойда жоқта басталған сұмдыққа қарсы жасар істің бар-байламы осы болды. Абдырап, есі шыққан Ералы ең алдымен қазан-ошағын жинауға кірісті.


– Жауhар, әлгі қара бұрыш салған құтыны көрдің бе?! – дейді онсыз да шашылған ыдыс-аяқтарды бас аспазшының бұйрығымен дереу жинауға кіріскен көмекшісіне. Жүрсіннің күлкісі келді. Жолдағыны жалмап келе жатқан өрт Ерекеңнің де есін алған сияқты. Бүкіл ауданның көңілге медеу ғып, жабыла шауып жатқан Ертіс бойының қамыс-құрағы күйіп бара жатқанда оның «қара бұрыш салған құтысын» жоқтауы жұрттың бәріне де ерсі естілген.


Қоңқай алдымен Жауhардың жәшіктерге салған ыдыс-аяқтарын көтеріп, айқайлаған дауыс жетер жерде қарауытқан Аққұмның жотасына жаяу тартты. Асығыс сапырылысқан жігіттер де шатырларды жығып, төсек-орындарын тракторларға тиеп, дереу қотарыла көше бастаған. Шай қайнатым уақыт өтпей пішеншілер қосының жұрты ғана қалып, трактор атаулының дарылдаған үндері де сап болды. Олардың доңғалақты жеңілдерін мінген жұрт өрт сөндіруге кетіп үлгірген еді.


Шоқат бастаған топ өртке жеткенде түн ортасы болып қалған. Жан-жақтағы шаруашылықтардан жеткен адамдар мен машиналарда қисап жоқ. Жел үрлеп құтырынған жалын сатыр-сұтыр еткен ерекше сұсты үнімен айналасын түгел жалмап қоярдай боп, бірнеше шақырымға құлаш жайған. Қамыс емес, әлдебір бүтін дене жанып жатқандай, тік шапшыған жалынның отты демі бет қаратпайды. «Сені де жалмап жіберемін!» дегендей, маңайлатар емес.Көзді удай ашытар қою қара түтін де алапатпен арпалысқан адамдарды титықтатып тастағандай. Әр жерде аудан орталығынан келген өрт сөндіргіш машиналардың ақ бұршақ қып атқан суы оттың жарығымен шағылады. Бірақ өркеш-өркеш болып лаулаған от адамдарды бірте-бірте шегіндіріп, өз дегенін істеп келеді. Тілсіз жау адамдарды шегіндіріп, тықсырып келеді. Өрт бір тұстан бәсеңдеп, сөнетіндей көрінсе, екінші жағынан лап қояды. Көлденеңі екі-үш шақырымға созылып жатқан ну қамысты тракторлар белінен қиып бірнеше қайтара соқамен жыртса да жел ұшырған ұшқындар бес-алты құлаш келген айдау жерден оңай секіріп кете береді. Әлсін-әлсін түйіліп келген бұлт жел шақырып, өртті одан әрі өршіте, елірте түскені болмаса, әлі де бір тамшы жаңбырын тамызған жоқ.


Жүрсіннің қолына іңірде іліккен ескі брезент сулықтың сау тамтығы қалмаған кезде өзінің де діңкесі таусылған еді. Ащы түтін көзіне біз сұққандай қадалып, шыдай алмаған соң, тізе бүге бергені сол еді, әлдебір жантүршігерлік ащы айқайдан шошынып ұшып тұрған. Әлдебіреудің киіміне от тиген екен, ешкімге ұстатпай айдау жерге түсіп алып, қасынан жүгіріп өте берді. Байғұстың есі шығып кетсе керек, жанын алып қалар суға қарай жүгірудің орнына, керісінше бағытты бетке алған еді. Киіміне жер майы сіңген тракторшының бірі болса керек, мұның көз алдында етектен ілінген жалын жаңағы жігіт тұла бойын түгелдей орап үлгірді. Жүрсін қапелімде сасқалақтап қалғанмен дереу ес жиып, мынау бақытсыздыққа ұшыраған жанды қуып келе жатқандарға ілесе жүгіре жөнелген. Оның дәл жанынан әлдебір алып дене басып оза берді. «Қоңқай ғой, мынау, өзінің жүйрігін қарашы» деп ойлады. Сөйткенше үрей есірігімен бажылдай айқайлап, лапылдап жанған күйі жүгіріп бара жатқан адамды қуып жеткенде анау жанұшыра алыса кетіп еді, Қоңқай отқа оранған денені көтеріп алды да біраз қырын қалып қойған дарияға қарай төтелей салды. Осы кезде қуып жеткен Жүрсін оған көмектеспек еді, «Ар-ры-ы, өр-те-не-сің!» деп гүр ете қалды Қоңқай. Тіпті, от тиген денеден ұстау да оңай емес еді. Үшеуі сол жүгірген қалпы беті жалын сәулесімен талаурап жатқан дарияға келіп құлады. Жүрсіннің ойы енді судан алып шығуға көмектесу. Оның көз алдында екі денені бірдей орап алған от бір жарқ етіп барып, суға батты. Жүрсін жанталаса тырбанып, су бетіне қайта шыққан кезде Қоңқайдың даңғарадай басы көрінді. Екеуі екі жақтан жүріп, өртенген адамды жағаға жақындатқанда таяу маңдағы өрт сөндірушілердің көбі келіп үлгеріпті. От тиген жігітті жағаға шығарғанда ол қатты ыңыранып, аунақши берді. Жерге сұлық отыра кеткен Қоңқайдың жүзі де адам танымастай еді. Көптен қайшы көрмей будырап жүретін қайратты қара шашының біразы үйтіліп үлігіріпті. Күйген шаштың қоңырсық иісі шығады. Қою біткен қасының да ештеңесі қалмапты. Қасына барып, тізерлеп отыра берген Жүрсіннің иығынан ол қапсырып уыстай алды


– Сен білесің бе? Менің тәтем... тәтем байғұс та өстіп қиналған екен ғой. Қарашы, өне бойымды біреу кескілеп жатқан сияқты.


– Дереу екеуін де машинаға салып, ауруханаға жеткізіңдер, – деді әлдекім.


Су жиегіндегі құмға алып денесін созып жіберіп, шалқасынан жата кеткен Қоңқайдың жанына жылап келіп еңкейе берген әйелдің Жауhар екенін Жүрсін үнінен таныды.


– Сорлы, байғұсым-ай, – деді ол кемсеңдеп. – Жаның қалса болар да. – Келіншек басына тартқан қызыл орамалын алып Қоңқайдың бетіне жұққан күйені сонша ептілікпен сүрте бастады.


– Жауhар, бұл сенбісің? Тәтемді айтам, байғұс өстіп қиналған екен ғой... – деді Қоңқай қарлығыңқы дауыспен.


«Байғұстың өзі кішкене кезінде шешесі өртеніп өліп, содан кейін, ақылы ауысыпты деуші еді жұрт. Соны айтып жатыр-ау» деп ойлады Жүрсін. Әлде өрттің ащы түтіні, әлде көңіл шіркін осалдық жасады ма, әйтеуір ол теріс айналып, көзін сүрте берді.


Қорабына қалың етіп құрақ шөп төселген машинамен Қоңқай мен ол құтқарған жігіт дереу ауруханаға жөнелтілді. Жауhар мен екі-үш жігіт бірге кетті. Жүрсін өртенген жігіттің Тұраш деген тракторшы екенін, үстіндегі майсіңді комбинизонын шешуге үлгірмей, өрт сөндіруге кіріп кетіп, мынадай күйге ұшырағанын соңынан білді.


Ойда жоқта болған мынау оқиғадан соң жұрт тағы да отпен арпалысқа шықты. Енді бәрі де сақтық ойлап, Ертістің суына бір-бір сүңгіп алған еді.


Таң аппақ болып атқанша жұрт тыным көрген жоқ. Бірақ жел басыла өрт те бұрынғыдай өршеленбей, жуасый бастаған еді. Сан жылдар бойы қопа болып, шымтезекке айналған өсімдік тамырлары қозданып, бықси бергені болмаса, аспанға атылған жалын тоқтаған. Өрттің жүріп өткен жолы қап-қара болып, бір-екі көштік өзен жағасы жылан жалағандай жұтап шыға келді.


Тамам өлкені жаз бойы сағындырған жаңбыр да «адамдардың қайсарлығын бір сынадым ғой, енді қинай бермейін» дегендей жұрт өрттің бетін қайтарып, енді тізе бүге бергенде нөсерлетіп жауып берді. Мынау мол жауынынан соң қоздап сөнбей жатқан шымтезекті бүкіл өртең жағалаудың буы аспанға шапшыды.


Сол кезде бүгінгі алапатты түннің зауалына ұшыраған Тұраш пен Қоңқайды ауруханаға әкеткен машина да қайта жеткен еді. Машина кабинасынан түскен жас жігіттің киім киісіне, сөз ләміне қарағанда дәрігер сияқты. Ол екі жігіттің де халдерінің ауыр екенін, денелерінің күйікке біраз шалдыққанын айта келіп, оларды ажалдан алып қалу үшін жолдастарының көмектері қажет екенін білдірді.


– Егер он бес, жиырма адам күйікке шалдыққан жігіттердің денелеріне тігу үшін бір-бір алақандай сан еттерінің терілерін берсе, оларды аман алып қалуға болар еді... – деді ол келген шаруасының жайын жұрт жиын кезде бірден бітірейін дегендей. – Тілек білдірушілердің мына машинаға отыруларын сұраймын.


Қоңқайдың: «Сен білесің бе, тәтем байғұс та осылай қиналған екен ғой» деген кездегі әлдебір таңданыс, ие қиналу деп жіп тағуға келмейтін жүзі Жүрсіннің көз алдына елестеді.


Түні бойы өртпен алысып, шаршап-шалдыққан жұрт дәрігердің өтінішін естігенде оның мәнін ұқпай қалған адамдай бір сәтке үнсіз қалған. Ералы қарт алдыға шықты. Дәл қазір өзінің осынау бір сапарға аттанып кетеріне әбден сенген адамдай соңына қарады.


– Әй, Шоқат, қайдасың?


– Мұндамын ғой, Ереке, – деген бригадирдің жіңішке үні естілді топ арасынан. Ерекең жолға шығып бара жатқанда бала-шағасына шаруасын тапсырар әке сияқты өз тілегін мәлімдеді.


– Екі боздақтан жаным артық емес, жарты терімді алса да. Бірақ бригадир, мен келгенше ыдыс-аяқты шашып, жоғалтып жібермесін. Соған абай бол. Азық-түлікті де ысырап қылмауына өзің бас-көз боласың ғой...


– Қария, ниетіңізге әбден ризамын. Бірақ бізге жас жігіттер керек, – деп дәрігер Ерекеңнің алдын кес-кестеді.


– Ой, балам-ау, терінің де жас-кәрісі бола ма екен? Қой, шырағым, мені де ала кет. Бір жапырақ терім бір кәдесіне жарар.


– Мен барамын! – деді Жүрсін. Ойланбай айтты. Көрініп қалайын дегендей де ой жоқ-ты. Әйтеуір, әлдебір күш жетектеп ортаға алып шыққандай.


Аз уақыттың ішінде баруға тілек білдіргендердің саны жиырмадан асты.


– Халқымнан айналдым сол. Азаматтарымнан айналдым сол, – деді Ералы көңілі босап.


Нөсердің соңы ақ жаңбырға ұласып, сіркірей жауып тұрған. Жалын тілі жетпей қалған қалың қамыстың үкілі бастары салбырап, су тамшылайды.


4. Таңгүлі


Бұл өлкенің биылғы жазы барша тіршілікті қуырып, өсімдік атаулының тамырына дейін күйдіріп құртардай орасан қатыгез қуаңшылықты болғанымен, тамыз ауа табиғат ана қайтадан мейірі түсіп, ықыласын төккен. Жер дүние дәл бір көктем айындай қайта көктеп, сай-сала жасаң түске енген. Ала жаздай қараған-бұта, ши-қоғаны қаузап қалған ой елінің жайлау көрмейтін малдары бұл кезде жер тістегендей екінші рет көктеген қылайғанға қадала жайылады.


– Көктем сияқты, аh? – деді терезеден сыртқа қарап отырған Қоңқай. – Айнала жап-жасыл.


Жауhар жылы жымиды!


– Әнеукүні нөсерлеткен жаңбырдың әсері ғой. Одан бері де бір-екі дүркін жаңбыр жауды... Сені енді екі-үш күнде ауруханадан шығармақшы. Құдай амандық берсе, жазылып қалдың.


– Сенің келгенің жақсы болды, аh?! – Қоңқай тағы да мақсатсыз күлді. Жердің кешігіп шыққан көгіндей жаңа қылтиып-қылтиып келе жатқан шашы мен қасы бояғандай қап-қара. Күйіктен қалған бет-аузының жаралары да ақтаңдақтанып жазыла бастаған. Бұлшық еттері білеуленген қос білектің, аршын төс кеуденің жарақаттан сау жері жоқ. Дәрігерлердің бөтен адамдардың терісін жамағандағы жөргеп тіккен жіптің ізі айқын көрінеді.


– Денедегі тыртықты қойшы, бетімнің тыртықтары кетер ме екен, аһ?


Жауһар сәби жанды аңқау да аңғырт алыптың бетіне күле қарады да:


– Кетеді ғой, Сағындық, кетеді. Тіпті беттегі тыртық сен сияқты батыр жігітке жараса түспес пе?!


– Солай ма, аһ? Онда кетпесе қойсын, иә!


Оның осы бір қалпы Жауhарға бұрынғыдан да бейкүнә, тым момақан көрінді.


– Сенің келгенің жақсы болды, аh?! – деді ол алдыңғы сөзін қайталап. Сонан соң ол есіне әлдене түскендей ойланып қалды да, тың бір әңгіме бастады. – Шіркін-ай, атам болса ғой...


– Онда не болар еді? – Келіншек алыптың бетіне сұраулы жүзбен қарады.


Қоңқайдың ақ таңдақты беті алаулады.


– Ұяламын, қайдан!


– Неге ұяласың? – Қарсы алдында отырған ер тұлғалы, балаң ойлы жігіттің мына пікірі келіншектің қабағына реніш салқынын сепкендей.


– Шіркін, атам болса... атам болса, саған сөйлесіп берер еді... Кеше түс көріппін. Атам тірі екен деймін. Маған айтады «Қарғам Сағындық, – дейді ол есіміммен атап, – Сауырдың, қарлы шыңдарының баурайына таң атарда барсаң, мәңгі мұздардың етегінде таңгүлі деген көкшіл гүл қауашақ жарады. Соның біреуін алып бойыңа тұмар ғып тағып жүрсең сауығып кетесің» деді. Осыдан ауруханадан шықсам-ақ Сауырға шығармын...


Жауhар Қоңқайдың бұл сөзіне қарап таң қалды. Жаңа ғана жас бала сияқты сөйлеп отырған жігіттің мынау арманға толы аз ғана пікірінен ол ағаттық таппады. «Өз шешесінің ойда жоқта өртеніп мерт болғанын көрген соң, қаршадай кезінде ақылынан адасып, сана мүгедегі болған мынау бейкүнә жан есейген шағында тағы біреуді өз жанын шүберекке түйіп, от құшағынан құтқарғаннан кейін, мүмкін жоғалтқанын қайта тапқан шығар, мүмкін, сауыға бастауының алды осы болар ма?» деп ойлады келіншек. Және де жігіттің де соңғы өрттен болған тән жарасынан емес, жастай киліккен жан жарасынан айығуды армандап отырғанын есті әйел қалтқысыз аңдаған еді.


– Сағын, сен алдымен осы ауруханадан сауығып шық, екеуіміз сонан кейін таңгүлін бірлесіп іздейтін боламыз, жарай ма? – деді ол жігіттің иығынан сипап. – Мен барлық жақсылық жорасын сенімен бірге іздейтін боламын. Бірақ «Биікке шығуға аяғың жарамайды» деп жол ортаға тастап кетпейтін болсаң... – Келіншектің ендігі тірлігінің нар тәуекелін астарлап жеткізгенін, әрине Қоңқай біле алған жоқ, алайда оның аялы жанарында қуаныш ұшқыны ойнады.


– Аhа! – деді ол оп-оңай келісіп. – Сен жүре алмай қалсаң, көтеріп жүремін ғой...


Мына сөзден кейін Жауһардың жанарынан мөлдір моншақтар жылтырады.


– Жауhар, білесің бе, өткенде Жүрсін екеуіміз төбелесіп қалып едік...


Келіншек бұл не айтқалы отыр дегендей оның бетіне сұраулы жүзбен қараған.


– Кинодан шығып барады екен. Қасында әлгі мұғалім қыз бар еді ғой, Іңкәр деген, сол екеуі. Мен шыдамай кеттім. Қызғандым. Жо-жоқ, Іңкәрді емес, – деп абдырады ол қате сөйлеп қойдым-ау дегендей қысылып. – Іңкәрді емес. Мен дені сау адамдардың қылығына шыдамадым. Ол осы көктемде Үмия екеуі бір-бірімізді жақсы көреміз деп еді. Соны қызғандым ғой деймін. Жо-жоқ! Үмияны қызғандым ба? Жүрсін мен Үмия екеуі қолтықтасып үнемі бірге жүрсе мен сырттарынан қорғап жүрер ем ғой. Жоқ, әлде Үмия үшін Іңкәрден Жүрсінді қызғандым ба? Туh, өзі не деп кеттім? Әйтеуір, қатты жыным келді. Сонан соң ол қызды үйіне шығарып салған соң, Жүрсінді оңаша апарып төбелестім. Жоқ, төбелескем жоқ, жығып алдым да үстіне шығып отырдым. «Үмияны неге алдайсың, алатының қайда?» десем: «Онда сенің не ақың бар, бәрі бір саған тимейді» дейді. Содан мен әбден ыза болдым да ауылдан қашып барып, Кеңөткелдің жағасына отырып, ұзақ жыладым. Атамды сағынып жыладым. Өзім жақсы көріп жүрген Жүрсіннің мені «дүлей» дегеніне ыза болдым. Мен сол екеуінің қосылуына тілеулес болған соң, айтып едім ғой. Үмия Жүрсіндей жақсы жігіттің әйелі болсын деген ой ғана болатын...


Жауhар Қоңқайдың сөзінің басын тыңдағанда: «Мұны маған несін айтып отыр?» деп ренжіген де еді, енді мынау батыр тұлғалы жанның аузын ашса жүрегі көрінер тым пәк қалпын ұғынған соң, оған риза көңілмен қараған. Қоңқай әңгімесін әрі қарай сабақтады.


– Жауhар, мен шынында «дүлей» шығармын. Сол жолы Жүрсінді неге ренжіттім екен? Қазір сол ісіме үнемі өкінемін. Сен білесің бе, менің білектеріме, мойныма, арқам мен кеудеме жамаған терілердің ішінде сол Жүрсіннің де алақандай терісі бар ғой.


Өртеніп жүргенде мен құтқарам деп өзім осындай күйге түскен Тұраш дейтін жігіт бар ғой. Ол да оңалып қалыпты. Сол маған кеше келіп кетті. Маған айтады: «Мен ең алдымен өз жаныңды аямай ажалдан құтқарушым – саған қарыздармын. Ал сен екеуіміз біздің жанымызды алып қалу үшін денелерінен өз терілерін кестіріп берген адамдарға қарыздармыз» дейді ол... Мен осы қалпымда да, ақылым аз, дүлей болсам да жұртқа қажет екенмін ғой. Мен, мен... жазылуға тиістімін. Таңгүлін тез тауып сауығуым керек. Сонан соң жұртқа жақсылық жасауым керек. Біреуге асармен үй салу қажет болса... Көмектесемін... Біреулер тағы да... өртенсе де аянбас едім... Сонан соң барлық жұртқа жақсылық жасауым керек.


Жауhар Қоңқайдың бетіне ерекше таңданыспен қарады. «Біреулер тағы да өртенсе де...» деген сөзі тым ойланбай айтылған пікір болса да, бұны шынында да сана науқасына ұшыраған жанның пікірі деу қиын еді.


Ол жігіт арманын тыңдай отырып, өзі де тәтті қиял құшағына бойлаған еді. «Енді шегінер нем бар? Тәуекел етіп, қол ұстасамын осымен. Бәлкім, бәлкім.. ақылының жетілмей, сәби қалпында қалғаны да жөн бе екен?.. Адамдар өсе келе ақылы да толысады. Толысқан ақыл тек кісіліктің жолына жетелесе қанеки... Сонымен бірге аярлық пен арамдықты да сол ақылдың арқасында үйренеді ғой... Бәлкім, бәлкім осы сәби көңіл, пәк мінезбен қалғаны да жөн болар?! Сауығар, айығар дертінен. Бұл күнге дейін мұны кім емдетті дейсің. Бағым жанса ем қонар. Шын жанашырын тапқан соң, өз ұясынан ұзамас. Өзімнің бір рет бағым қайтып, сағым сынған екен, ендеше біреуді неге бақытты ете алмаймын?!» деген ой жетеледі оны. Сонан соң екеуінің осынша жақындасып, бір-бірінің қимас халге түсуіне себепші болған түнеугүнгі бір жайды ерекше ықыласпен еске алды...


* * *


Бұл жылдағы әдетімен көкке орақ салар мезгіл тақаған соң жауын-шашынмен сыртқы сылағы түсіп, қара жалақтанып сыйқынан айырылыңқырап тұрған үйін жөндеп алмақ болып, сары топырақ ойған. Жас кезінде аттан жығылып сынған жамбас сүйек кем болып біткенімен қоймай ауыр күш түссе шаншып ауыратын. Бұл жолы да кемтар жамбас тағы сыр берді. Ойға алған ісінің орындаларына көзі жетпеген бұл күрегін тастап, енді отыра бергені сол еді, жанына Қоңқай келіп тізе бүккен.


Бұлар бұрындар бір-бірімен сырттай аман-сәлем жасасып жүргендері болмаса, көп сөйлесіп көрген емес-ті. Әйел жүрегі сырттай ғана: «Е, бұл байғұс та бір кемтар жан ғой» деген сияқты мүсіркеуден көп аспайтын.


– Сәлеметсіз бе, аh? – деді Қоңқай еш уақытта өзгертпейтін сәлемін қайталап.


– Өзің де сәлемет-саусың ба? Иә, қай жақтан соғып келесің? – деген бұл жылы қабақпен.


Қоңқай қашанғы әдетімен жасқаншақтап, ажарын төмен салды.


– Осындағы әлгі менің қоймашы болып істейтін Қайыңбай туысым екі күндей ат қорасын салдырды да... содан киноға тиын бер десем, әйелі: «Сен жынды-ақ, киношыл екенсің осы!» дейді. Содан қашып кеттім. Ат қорасының төбесін өздері жауып алсын, енді бармаймын...


– Әй, Қоңқай-ай, елдің жұмысын істеп әуре болғанша шаруашылықтың бір жұмысын істемейсің бе?


– Қайдан, – деген Қоңқай, тағы да жанарымен жер шұқып, – жұмыс істесем елдің бәрі күлетін сияқты. Бірдеңені бүлдіріп алсам, басқа сөз таппағандай ылғи «дүлей-жынды» деп ұрсады.


– Өзіңіз не істеп жатырсыз? – деген Қоңқай мұның бетіне тіктеп қарап.


– Науқандық жұмыстар қызбай тұрып, мынау үйдің сыртын сылап аламын ба деп едім. Менің де денсаушылығымды білесің. Топырақ ойып, оны илеу сияқты қатты қайырымға келер емес. Әлгі Шоқат бригадир: «Күзде ұжымшардың жаңа үйінің бірін алып қаларсың» деп еді. Енді соны тоспасақ, шара болмады. Киноға барсаң мә, мен саған екі-үш кинолығыңды берейін, – деп бұл Қоңқайға ақша ұсынған. Қоңқайдың бұл дүниеден өзіне еншілеп алған жалғыз қызығының кино екенін және бір фильмді бір күнде екі-үш рет көрсе де, жалықпайтын ерекшелігін Жауһар жақсы білетін.


Қоңқай конфет көрген жас бала сияқты мұның алақанындағы ақшаға қызыға қарағанмен қол соза қойған жоқ.


– Ал, Қоңқай, ұялма. Кейін жұмыс істеп ақша тапқанда бір қайтарарсың, – деп шытырлаған үш сомдықты жігіттің күректей алақанына салған.


Келіншек өзі бастаған ісінен ештеңе шығара алмаған соң, сол күні дәрігерге қаралып қайтпақ болып аудан орталығына жүріп кеткен-ді. Ертеңінде ауылға қайта келгенде өзінің тоқал тамын танымай қалды. Үйдің алабажақтанып түскен сыртқы сылағын бәрін әлдебір іскер қол күрекпен қырып түсіріп, орнын сары балшыққа топан қосып, мұнтаздай ғып сылап тастапты. Ол аздай құм сылақпен тегістепті.


– Сенің өзіңе бұл оңайға түсетін шаруа емес еді, әр қайсысы Қабанбай батырдың гүрзісіндей қос қолын алдына сыйдыра алмай көшеде сенделіп жүрген иен-тегін күшті сөйтіп алдап-сулап пайдаланғаның ақыл, – деген көршісі Қатия көзін бір қысып қойып. – Айыбы ақылы аз демесең, жігіттің төресі сондай-ақ болсын. Әттең, ойхой жиырма бес өтіп кетті... Әйтпесе, бар ма, мындай бура сан дәудің өнерін көруден қашпаған да болар едім...


Қатия тағы да мұның бетіне зымияндана, көп мағынамен күле қараған еді.


– Апай, сіз де қайдағыны айтады екенсіз, – деп Жауһар теріс айналған.


Бұл сол күні Қоңқай еңбегінің адал ақысын қолында бар қаржысымен төлеп, алғысын айтпақ болып, кілтші ағасының үйіне іздеп барған еді, таппады. Қас қылғандай ол тағы да ауылдан ізін суытып, белгісіз бір жаққа тайып кетіпті.


Содан оны көргені Ертіс бойындағы өрт болатын күн. Ол күні де Қоңқай «ойбай, өрт шықты» дегенде ең алдымен мұның жүгін тасып, ерекше ықылас көрсеткен. Енді сол жігіт мынандай күйге ұшырап жатқанда өзге үшін өз жанын пида ете жаздаған жігіт еді, жалғызбын деп жабырқамасын деген оймен оның ауруханасына жиі келіп жүрген.


Енді бүгін Жауhар ойлап отырса, өз тағдырларының тірелер тұйығы да, көрер қуаныштары да мұнымен тым ұқсас сияқты. Жігітпен жақындасып, тілдесе келе, оның өз ойына шақ мақсаттарын тыңдай келе, әу бастағы өзінің әншейін жанашырлық қана деген сезімі жаңа бір ұлы арнаға бет алғанын мойындай түскендей. Тым аңқау да, тым адал жанды ол осы қалпында-ақ, сәбилік пәк қалпынан танбаған күйінде таныған. Келіншек өз ойына өзі беки түсті.


– Сағындық, – деді ол жігітті өз есімімен атап, – екеуіміз таңгүлін бірге іздейік, жарай ма?! Сен білесің ғой, менің бір аяғымның алыс жолға жарамайтынын. Сауырдың қарлы шыңына жете алмай жүрсем, қайтесің? – деді бағанағы сөзін қайталап.


Аңқау жігіт тағы да ағынан жарылды. Ол тұспал сөзді тура мағынасында қабылдап, бұлтармас жауабын айтты.


– Сен ұлықсат етсең мен көтеріп-ақ жеткіземін дедім ғой. Өмір бойы көтеріп жүрер едім...


Келіншектің әдемі жанарынан мөлдір тамшы – қуаныш тамшысы бетіне домалап түсті.


– Жауhар, мен, мен артық бірдеңе дедім бе? – дейді аңғал жігіт қалай ренжітіп алдым дегендей.


– Жоқ, Сағыным, мен қуаныштан жыладым. Сенің тұмар ғып тағар таңгүлің менің саған деген ықыласым болар. Ұғасың ба, мен сені емдетемін. Сен сауығуға тиіссің. Ұғасың ба, менің сәбиім, екеуіміз бір үй боламыз...


Ол әлде аяқ астынан келген шексіз бақытты сезініп, әлде өз жанын ұғар адамның жүрекжарды ниетін ұғынып үлгірмей, сол аңқау қалпында мұның бетіне бағжиып қараған жігіттің от күйдірген алабажақ бетіне еңкейіп келіп, ернін тигізді. Сол-ақ екен, жігіт есін жинап үлгірді. Қарулы қол келіншектің нәзік денесін лып еткізіп қапсыра құшақтай жерден көтеріп алып, кеудесіне басты.


Сөйтті де ол бұрын-соңды айта алмаған, бұрын-соңды ойына келмеген тың сөздерді қалтыраған үнмен қайталай берді.


– Мен күндіз-түні жұмыс істеймін. Тас қопар десең, тас қопарамын, тау қопар десең, тау қопарамын. Мен саған ауылдағы ең биік, ең әдемі үй салып беремін. Қай жұмыс болсын істеймін. Тек «Қаңғыбас Қоңқай» демесе болды. «Жынды Қоңқай, дүлей Қоңқай» дегізбеші елге. Мен енді тек ойланып сөйлеймін. Мені Сағындық деп Үмия мен Ералы ғана айтушы еді. Сен де Сағындық дедің ғой. Бұдан былай осылай аташы. Мен сені, өмір бойы көтеріп жүрейін.


Жауһар да өзі өз болғалы сезініп көрмеген, ең бір қуанышты сәтін басынан өткізіп тұр еді. Біреулердің жүрегімен емес, ернінің ұшымен ғана оп-оңай мәлімдей салар «күйдім-сүйдімінен» Қоңқайдың сөздерінің басы бірікпеген мына былдыры мың-мың есе құнды еді.


Рас Жауһар да өзін қатарымнан қалдым деп ойлап көрмеген. Бір аяғының аз ғана кемдігі, сонан соң «байдан қайтып келген» бетіндегі шіркеуі болмаса, әлі де өзін ешкімнен кем санамайды. Тек күн өткен сайын жанын қинайтын бірақ мәселе бар-ды. Ол – «иесіз үйдің иті осырақ» деп, осы ауылдың текешік-бұқашық бозымдары мен үйде жатқан мұны оңай олжа қылғысы келетіндер көбейіп тұрған. Бірін ит-терісін басына қаптап, қайта келместей ғып қоя берсе, екіншісі келіп, терезе қағатын. Ол аздай, қамқорлық жасағансып, бір шана отын-шөп түсіртіп берер белсендісымақтар да еркекше қарымта тілейтіндерін еріндерінің емеуірінен білдіретін. Енді міне, сол бір үрейлі түндер мен азапты күндерден құтқарушы - ұлы қорғаны мұны кеудесіне басып тұр еді.


Жігіттің үні бұзылды. Отқа күйгеннен кейін қайта тебіндеп өніп келе жатқан аласа кірпіктер жасқа бөкті.


Бұлардың ыстық құшағын есіктен кірген кезекші дәрігердің сөзі айырды.


– Өй, батыр, «Үйленгем де жоқ, қалыңдығым да жоқ» дегенің қайда? – деді ол зілсіз жымиып. Ол бұл сөзінің жауабын күтпестен Жауhарға қарап: – Науқастың дем алатын уақыты болды, – деді.


Қоңқай Жауhарды жанарымен ұзатып жатып:


– Ертең де келші, – деп қалды.


Палатаның есігін жауып жатқан келіншек Сағындықтың дәрігерге айтқан келесі сөзін де анық естіді.


– Қалыңдығым ғой.


* * *


Қоңыр шал өткен жылы: «Кәрі қойдың жасындай ғұмырым қалды, олай-бұлай болып ктесем, сүйегіме түскен кісі киер» деп бір қабат киімдерін ине-жіптен өткен күйде төрт бүктетіп, сандықтың түбіне салдырып қойған болатын. Анда-санда кемпіріне алдырып, жел қақтырғаны болмаса иығына ілмеген қалпы, арасына қалампыр салдырып, қайта тықтырып қоятын. Қызыл мақпалмен тыстаттырып, алтайы қызыл түлкі терісінен етекті ғып тіктірген тымағын да «біреу-міреу қалап, сұрап жүрер» деп сырт көзден таса ұстайтын. lнжумен кестеленген қызыл ала тақиясын да үш-төрт жылдан бері әспеттеп тығып қойып еді. Оны да алдырды. Ол аздай lсләмға барып, сақал-иұртты бастырып, шашын алдырды.


Бүгін кемпірі Ұмсындыққа соның бәрін алдырып, түгел киіп алды.


– Байғұс-ау, қайын-жұртыңа ұрын түсе баратындай мұның бәрін неғып киініп алдың? – деді кемпірі шалының бүгінгі қылығына таң қалып.


– Өй, бар болғыр, жалғыз ұл келін түсіргелі жатқанда өлімді ойлап, менің де миым ашып, көже болып кеткен шығар. Халқымды аралап, той болар күнді айтып шығамын.


Қоңырдың қосағы болғалы мұның екі сөзінің бірін жоққа шығаратын әдеті бойынша Ұмсындық тағы аяқтан шалды.


– Бәтіреке-ау, тойды туар айдың алғашқы сенбісіне өткіземіз деп кеше ғана Қарымсақ құдамен пәтуаластыңдар емес пе? Оған дейін әлі жарты ай бар, желпілдемей тұра тұрсаң етті. Оның үстіне бала емес, шаға емес «Тойға келіңдер» деп сақалды басыңмен өзіңнің шапқылағаның да жарасып тұр ма, түге?!


Шал жеңілгенін мойындаса да, райынан оңай қайтқысы келмеді.


– Сен-ақ аяқтан шалғаныңды қоймадың-ау, ал, бармасам бадалып отырайын, ендеше. Бірақ киімді енді шеше алман. Той жабдығымен келіп-кетер кісің көбеймек бұдан былай. Қызыл ала тақияның інжулі тасын көрсете шекелете киіп, айдынымды асырып отырмаспын ба? – Шал сөзінің аяғына күлкі шақырды. Сөйтті де жаңа ғана қонаққа келген, бұл үйді алғаш көріп тұрған адам сияқты құрым етігін сықырлата басып, тысқа беттеді. Қолынан тастамайтын қайың таяқты бүгін ұстаған жоқ. Шірене басып, шырт түкіріп барады. – Айтпақшы, теңіңді шешіп, жаңа текемет, сырмақтарыңды төрдің алдына жайып қой, былай, жұтатпай.


– Келісіп қалыпсың, – деді кемпірі қыры сынбаған жеңіл мауыты ішігімен бірге иліге алмай шығып бара жатқан шалының ту сыртына зілсіз жанар тастап.


Жаңа ғана ханға сәлем берместей болып шыққан қарт тізгін ұшынан үйге қайта кірді.


– Кемпір, әй, кемпір. Келіп қалды.


– Кім, үй-бай, апыр-ай, апы кіріп, күпі шығып жүретінің-ай сенің осы. Кім келіп қалған?


– Жүрсінжанның машинасының даусы. Той жабдығы жайлы әңгімелескелі келе жатқан шығар.


– Беу, сол үшін сонша абдырамай-ақ қойсаң нетті?!


Сөйткенше есік алдына келіп тоқтаған машина даусының шынында өз ұлы Жүрсінінің машинасыныкі екеніне Ұмсындық та шек келтірмеген. «О, тәңірі, жеткізгеніңе шүкір» деді ол жер таянып, орнынан тұра алмай жатып.


–Апа, келін келіп қалды, шашуыңды даярла. – Жүрсіннің жайраңдаған мына үнін естігенде кемпір, тіпті, састы.


– Мына көп жасағыр не дейді? Туар айдың алғашқы... – Жүрсін үйелеп орнынан тұра алмай жатқан шешесін қолтығынан демеді.


– Ой, апа, өз келінің емес. Әлгі орталықта тұратын Қоңқайды білесің бе? Өй, әлгі Қожақай шалдың Сағындығы бар ғой. Сол үйленіп, келіншекті осы үйге түсіргелі әкеліп тұрмыз.


– Ау, мына көп жасағырдың баласы не деп тұр? – деді кемпір әлі ештеңенің байыбына бара алмай.


– Ас-са-лау-мәликүм, – деген әлдекімнің жуан даусы естілді. Сөйткенше аласа маңдайшадан екі бүктеліп кіріп келе жатқан сәлем иесі де көрінді.


– Апа, мінеки, келін әкелдім, – деді Қоңқай балаша ыржиып. Үйге сылти басып кірген Жауhар қариялардың алдына жете бір жарасымдылықпен сәл иіліп, сәлем берді.


– Асса-лаумәликүм, ата, – деді Қоңқай шыт-жаңа болып, Қоңырдың қолын алды. – Кеше ауруханадан шығып, бүгін үйленіп... Содан мені мына Жүрсін машинама жүкші болады деп сұрап алды. Міне, көшіп осында келіп... Алдымен сіздерге...


Қоңқай әлдекім қуып келе жатқандай асығып-аптығып сөйледі. Ұмсындық қана емес, Қоңыр шал да бұлардың сөзінен ештеңе ұға қоймаған.


– Жә, дабырламай, түсіндіріп айтыңдаршы, – деді шал ұлына қарап. Жауhар жымиып күлді.


Жүрсін әңгімені қайта бастап, Қоңқай мен Жауhардың үйленгенін, Жауһардың даяр үйі тұрса да, Сағындықты онда апарғанды ыңғайсыз көріп, бұлар да осында тұратын болған соң, бірден осында тартқанын айтты.


– Менің машинамды да осы қой фермасына біржола бөлді. Енді орталыққа көшеміз деп әуре болудың қажеті жоқ. Үмия екеуіміз той өткізген соң да осында тұрамыз. Ал енді менің машинама жүкші болып бекіген Қоңқайдың осында тұруы да заңды емес пе? Сағындық осындағы ескі иен үйлердің біреуін жөндеп алған соң, ойдағы жүктерін көшіріп әкелеміз.– Жүрсін тік тұрған бойы әкесіне мән-жайды түсіндірді.


– Үйбай, қарғаларым-ау, бақытты болыңдар! – деп, Ұмсындық алдымен Жауhардың бетінен сүйді, сонан соң басы үйдің төбесіне жетіп тұрған Қоңқайдың бетінен сүймек болып еді бойы жетпеді. – Өй, дерейген неме-ау, еңкейсеңші бермен, – деп жігіттің де бетінен сүйді. Сөйтті де үстел үстіндегі тәлеңкеде тұрған қант-конфетті шашты. – Ұзақ жасаңдар, қосақтарыңмен қоса ағарыңдар!


– Жә, шырағым, Жүрсінжан. Бұл – қуаныштың басы екен. Екеуіңнің қызығың екі бөлек. Бүгін анау жемдеуде тұрған ақ сарбастарымның бірін соя берейік.«Шабан үйрек бұрын ұшар» деп тойға деген әлгі «жынды суларыңды» да алып қойып едім. Кемтігін кейін қайта толтырармыз. Сен жақын маңдағыларды тілеуге шақыр.


– Жарайды, әке, – деп шығып бара жатқан ұлына нығыздап тағы бір шаруасын тапсырды. – Әй, алаңғасарланып жүріп ұмытып кетпе, әлгі менің Қарымсақ құдама да айтарсың. Арбиған екі қолын алдына сыйдыра алмай отырған Қоңқай да сыртқа беттеп еді, оған ілесе Жауhар да орнынан тұрды.


– Таңгүлін іздеуге той өткен соң бір-ақ барармыз, аh?! – деді Қоңқай соңынан шыққан келіншегіне күле қарап.


«Бір келінін ойда жоқта түсіріп, екіншісінің жолын тосып отырған менен өткен бақытты шал мына Кішкенетау, Маңырақта, әй, жоқ шығар» деген бір пендешілік ой кимелеп еді Қоңырды. Ал Ұмсындық болса, «Әй, таң атар-атпастан қудай жұлынып, су жаңа болып киінуі жаман еді, осы қызықшылыққа көрінген екен-ау» деп ойлады.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар