Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Ұзақ жолдың адамдары...

04.02.2016 4116

Кәдірбек Сегізбай: Ұзақ жолдың адамдары

Кәдірбек Сегізбай: Ұзақ жолдың адамдары - adebiportal.kz



469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


Қаңтардың қысқа күні түс әлетінен ауған кезде жүк машинасы совхоз орталығынан батысты бетке алып, жолға шықты. Қызыл шұнақ шыңылтыр аяз ақ мамыққа оранған жалпақ жазықты мұнарландырып, әудем жер болмаса, алысты көзден тасалай береді. Облыс орталығы мен қиыр шеттегі ауданның арасын қосар қан тамыры іспетті күре жолмен қанша машина ағылып жатса да толассыз соққан жаяу борасын қасат қарды жол үстіне жал-жал ғып үйіп тастапты. Машина доңғалағын шоқалақтатып, жүрісті өндірмейді. Анау-мынау ауыл арасы емес мұндай ұзақ сапардағы жайсыз жол машинаның да, шофердың да соры. Әйтсе де шаруа жайы күй таңдатып күттірмейді екен.


Соңғы жарты айдан бері дүркін-дүркін қар жауып, жиі соққан ақ түтек алысқа қатынайтын жүргінші атаулыны қатты елеңдетіп тұрған. «Пәленшенің машинасы жолда қалыпты, пәленше үсіп, ауруханаға түсіпті» деген алыпқашты сөз де құлаққа жиі шалынып жүрген-ді.


Кабинада отырған екеудің де облысқа дейінгі жарты мың шақырымдық жолдың жаздағыдай «бір түнгі ұйқылық» сапар емес, ең азапты, ең ауыр жол екенін біліп, нар тәуекелмен өздерінше сақадай сайланып шыққаны еді.


Олардың бірі – бел-белесті бұл ұзақ жолмен талай жүріп өткен, таусылып бітпейтін жалпақ жазықтың осындай қыс айларында да талай тәлкегін көріп, әбден көндіккен шофер жігіт. Темір жолы жоқ шалғайдағы ауданның бар тіршілік-тынысын ұлы дене іспетті облыс орталығымен, одан әрі бүкіл елмен жалғастырар төрт доңғалақтың пірлерінің бірі еді. Өздерінің сан қыр асып, қиыр кезер шаруаларына әбден «пісіп», көндіккен жандар. 'Оларға алыс та болса бұл жолдың ой-қыры, қилы сыры әбден таныс.


Екінші жолаушы – ауыл шаруашылығы институтын өткен жылы бітіріп келген совхоздың қазіргі бас инженері – Әділ. Ол да бұл жолмен институтта оқыған бес жылының ішінде талай жүріп өткен.


Бірақ, жаз айлары болмаса қыста жүрудің сәті түспепті. Бұл жолдың қыста соншама қаһарлы, соншама қатулы екенін жиі еститін. Бұл жолы да «ауыл шаруашылық машиналарының ауданда жоқ саймандарын ерте бастан өзің барып тауып әкел» деген совхоз директорының кесімді сөзі қамшы болды. Әйтпесе бұл сапарға шыққысы жоқ-ты.


Ұзақ жолға бір шыққан кабинадағы қос жігіт ауылдан шыққалы бір-біріне тіс жарып, тіл қатысқан жоқ. Қасым теңіз толқынындай жал-жал болып үйілген қасат қарымен ақбұйраланып жат­қан жалпақ жазықты қуалаған жол үстін талмай сүзеді. Шыққаннан кітапқа үңіліп келе жатқан Әділ де мойны талды ма, әлде дамылсыз шоқалақтаған машина жүрісі қажытты ма, біраздан кейін кітабын жауып қойып, жолмен жарысқан қожыр-қожыр жартасты адырларға назар салды. Сонан соң изектеп қалғи бастады. Олар сол үнсіздікпен түнді қарсы алды. Ойлары жолдың жуан ортасындағы Көкталға жетіп, бір-ақ бел жазбақ. Сол жерде тамақтанып, әл жиған соң кідірмей аяңдай беру.


Түннің бір уағында оянған Әділ жолға шыққаннан бергі бес-алты сағаттың ішінде тұңғыш рет тіл қатты:


– Қай жерге келгенбіз?


Қасым «сенде де тіл бар ма еді?» дегендей оған бажырая қарады.


– Немене, танымай отырмысың?! – деді ол да сапарласының бұл қарасы қитығына тигендей.


– Е, сені танып болған жоқ па едік?!


Әділдің ұйқысы шайдай ашылды. Ұйып қалған аяғын жазып алған соң, Қасымға қарай күржиген қалың киімімен ебедейсіз еңсеріле бұрылды. Сонан соң:


– Жігітім, сен немене қыңыратқи бересің, осы! Менде қай әкеңнін ақысы бар, соңыма шырақ алып түсетіндей? – деді сызданып.


Қасым серігімен әңгімесі сәтсіз басталса да тілдесіп отыр­ғанға қуанғандай жылы жымиып қойды. Қаншама зілсіз жимиған сияқты көрінгенмен езу тартыстың өзінде екі батпан зіл жатқанын серігі сезбей қалған жоқ. Жасаған болған айбарыңа қарсыласың айылын да жимаса – одан өткен азап бар ма?! Сойылға балап сілтеген сөзі сабау құрлы әсер етпесе, одан өткен қорлық бар ма?! Ықпадым, бұқпадым дегендей, айылын да жиған жоқ. «Бүйткенше беттен салып жіберсе нетті» деп ойлады Әділ. Қасым болса жымиған күйі біраз отырған соң ғана:


– Өзіңе солай көрінген болар, – деді.


– Қысқасы, екеуіміздің біріміз ғана істерміз бұл совхозда!


– Көрейік, – деді Қасым оп-оңай-ақ келісе кетіп. Тағы да тірессең де, күрессең де, шыдадым дегенді сездіріп отыр. Әділ көмейіне келіп кептелген сөзін айтқан жоқ, онысын ата қараған көзімен ғана жеткізгендей сыңай танытты. Сойыл емес, сөзбен сал­ғыласуды ер жігітке жатпайтын қасиет деп білді. Сонан кейін екеуі жолға тесілген күйлері тағы да томаға тұйық, томсырайып-томсырайып отырып қалды. Қысқы дала енжар көңіл, егесті көзбен іштей «еһелесіп», іштей тіресіп келе жатқан жүргіншілерінен көңілі әбден қалғандай тоң-теріс жатыр. Таусылып бір бермейтін медиеннен сағындырып ұшырасатын елді мекендер де қараңғылық арасынан тым-тырыс көрініп, тымырайған күйі қала береді.


Бір кезде жаяу борасын басталды. «Байбураға тақағанда жел лебі білінсе, Көкталдан әрі бір қадам аттаудың қажеті жоқ» дейтін шоферлардың сөзі есіне түскен Қасымның ендігі ойы – сол Көктал­ға жету ғана. Ақ тықыр жолды кес-кестеген сүйретпе борасын ирелеңдеген мың сан әбжыландай жөңкіліп, әлдеқайда үдере көшіп барады.


«Бұл шіркін шынымен-ақ мені Нағима үшін кек қайтарып жүр дей ме екен? Мұндай да арамдық болар ма?! Бір-бірін теңім деп тапса бітіспес менің нем бар-ды? Қайта ақ тілекті бұзып, ақ ниетке дақ салған Нағима үшін енді келіп, мұнымен қырқылжыңдассам өз басымды кемсіткенім емес пе?! Соны неге ойламайды бұл! «Жеңген иттің желкесінен» деп жазыла бастаған жан жарасына неге тырнақ салады? Беті бүлк етпей, бүкіл совхоз механизаторлары мен шоферларының алдында «Қасымның менен бұрыннан ала алмай жүрген кегі бар. Қыздың сенен жерініп, мені қалағаны үшін кінәлімін бе? Ондай кегің болса, аяқтан шалып қайтармай, жігітше жағадан алып қайтармаспысың?» деп қойып қалды-ау. Несі бар, жағасынан алуымды тілеп жүрсе, онысын да екі етпеспін. Бірақ оны да Нағима үшін жанжалдасты деп жар салар. Мейлі, қайсы тілегі болса да қасқайып қарсы алмасам қашарым жоқ» деп ойлады Қасым.


Рас, Қасым әлі күнге дейін Нағиманы ұмыта алмайды. Одан біржола қол үзіп қалғанын біле тұрса да, Нағима бейнесі оның көңіл қойнауының бір түпкірінен біржола орын тепкен. Қазір де күнде көріп жүрген, қасындағы жанарымен атысып, іштей жауласып отырған инженер жігіт Әділдің зайыбы Нағима емес, сонау мектеп бітірер шақтағы армандаспыз дейтін, деп қана қоймай ыстық дем, кінәратсыз, кіршіксіз қос жүректің лүпілімен түсінісіп, бір-біріне секемсіз, сезіксіз сенім артқан пәк дидарлы оқушы Нағима бейнесі мұның «оралмас арманым, қол жетпес іңкәрім» деп санары.


Екеуі бес-алты жыл бірге оқыды. Үйлері көрші болғандықтан көбіне сабаққа бірге барып, бірге қайтатын. Сабақты да әр уақытта бірге қарайды. Ара-тұра жоқ нәрсеге бола бір-біріне зілсіз бұртиыса қалатындары болмаса, тату өсті. Екеуінің бір түрлі жарастықтарын таныған үй-іштері бұлар кештетіп киноға барса да іштерін жимайтын. Қасымның жалғыз шешесі үйге Нағима келгенде барын аузына тосып, айналып-үйріліп қалатын. Екі-үш күн көрінбей кетсе, «Апыр-ау, әлгі бала неғып көрінбей кетті, тағы да сен бірдеңе деп өкпелеткен жоқсың ба?» деп мазасызданатын.


Олар мектепті бітіргенше бір-бірімен қаншама етене жақын жүрсе де бірі бойжеттім-ау деп, бірі ержеттім-ау деп ойламай, бала мен баланың ынтымақты достығы шеңберінде ғана ұғысатын. Сөйтсе, де олар болашақтарына ой жүгіртсе өздерін бөлінбес бүтіндей сезініп, бейнелерін берекелі, бірлікті бір шаңырақ астынан елестетін-ді.


Екеуі оныншы класта жүргенде Әділ басқа мектептен бұлардың мектебіне ауысып келген еді. Жер жылжыса жылжымайтын сабырлылығы ма әлде «ішінде ит өліп жатса да», сыртқыларға сыр бермейтін тұйықтығы ма, ешкіммен жас болып іштеспейтін. Әйтеуір, басына кітап жастап ұйықтайтын, кітапқұмар екенін білетін бұлар. Мектепті бітірген соң бір класта оқыған отызы сан салалы өмір жолдарын қуалап, аттанып жатты. Әділ бұл ортаға қалай үнсіз келіп қосылса, кетерінде де біреуіне «сау бол» деместен жым-жылас жөнелді. «Алматыға, ауыл шаруашылық институтына кетіпті» дегенді Қасымдар соңынан бір-ақ естіген.


Нағима да жол жүретін болды. Ұстаз болмақшы. Ол оқуға аттанатын күні бұлардың үйлеріне кірді.


Қоштаса келген Нағиманы көргенде ана ойына тағы да ұлының болашағы оралды ма, қызды құшақтап тұрып:


– Қарағым, жолың болсын! Туған баламдай едің, оң сапар ғана тілерім. Екеуіңді егіз қозымдай көруші едім... – деп көмейіне кептелген ақ тілеуін қалай жеткізерін білмегендей сыңай танытқан. – Қасымжан биыл бара алмады.


Қасымның анасы да жеткер деген жалғызының жеткенін көріп қаншама қуанса оның думандас достарынан бөлініп, адасқан қаздай өзі үшін қалып бара жатқанын ойлағанда соншама мұңай­ған. Жалғыз-ақ, Қасымның: «Апа-ау, мен үшін қиналма, оқу қайда қашар дейсің» деген сөзін медеу тұтады. Сөйтсе де Қасымның достарынан бөлініп, жалғыз қалу тауқыметіне қиналып жүргенін ана жүрегі сезгендей. «Нағима да Алматыға жүргелі жатыр екен» деген сөзді естігеннен кейін ана ұлына «жолыңнан қалма» дегенді екі-үш рет айтқан-ды. Бірақ Қасым өз шешімінен қайтпай қойған.


Содан кейін Қасым Нағиманы автобусқа шығарып салды. Дәл жүрер алдында ғана Қасым қыз қолын қысып тұрып:


– Мен сені ғана жақсы көремін, – деген.


– Мен де, – деген Нағима. Бірақ екеуінің одан әргі сөздерін айтқызбай, автобус қозғалып кеткен еді.


Нағима мен Қасым сол күннен кейін бірнеше жыл көрісе алған жоқ. Ол әскери міндетін өтеп жүрген соңғы жылында Нағиманың тұрмысқа шыққанын естіді, бірақ Әділге жар болғанын естіген жоқ еді. Берілген серт, алысқан қолдың қыз тарапынан неге ақталмағанын ол білген жоқ, білгісі келген де жоқ. Қасым бәрін де ұмыттым деп жүргенде жас жұбайлар оқуларын бітіріп, ауылға келген. Қасым жар таңдау деп аталатын болашақ жолындағы бәсекеде өзінен жұлдызы жарығырақ туған Әділге қызығатын. Бірақ қызғаныш дегеннен аулақ еді. Өйткені, қызғаныш – әлсізге тән қасиет деп түйеді ол. Өткен жолғы сол бір жиналыстағы ренжісіп қалғандары болмаса, мүмкін Әділмен жарасып та кетер еді. Келгеннен ішін бермей жүрген Әділдің мінезін баяғы тоңмойындығына ғана жорыған. Жалғыз мен емес, жұрттың бәріне «ішімдегіні тап» деп тұрмай ма, оған несін ренжимін деп ойлайтын. Бірақ Әділдің жұмыс жайын өздігінен шеше алмай, совхоз директорының ымымен ғана жүріп-тұратын қорғаншақ мінезін жаратпайтын. Ол жиналыста да осы бір жайды айтамын деп соққыдан қатты сөз сотасын өзіне тигізіп алды. Әділдің жұмыс бабындағы әңгімені жеке бастың ісімен бытыстырарын ойлаған жоқ-ты...


Енді, міне, одан бері бір-біріне сәлемдесуден де қалған екі жігіт ұзақ жол үстінде, бір кабинада отыр. «Жігітше жағадан алып» деген Әділ сөзі Қасымның ойына оралды. «Нағыз күш сынасар ен дала. Ұлыған бораннан басқа ештеңе жоқ. Қазір машинаны тоқтатып, қане, ер жігітше есептесуге шақырып едің ғой, түсе қал десем бе екен?».


Қасым өз ойына өзінің күлкісі келді. Ұзын жолдың бойындағы ақ боранның арасында арпалысып жүрген екі адам елестеді оның көзіне.


... Әділ баяғы үнсіз қалпы әлі бұйығы отыр. «Ұйықтап отырған болар» деп ойлады Қасым. Бірақ ол да өз ойының құшағында отыр еді. «Бұл мені неге кінәлайды? Жиналыста басқа жігіт сынаса дауым жоқ, ал мұның мінбеге шығып алып, саусақ безеуі жүрегіне қатқан шерді жібітудің, я кек алудың амалы емес пе? Мейлі қай қоқайына да шыдадым» деп ойлады Әділ де.


Рас, Әділ Нағима мен Қасымның арасындағы бір жарасымды ынтымақ барын сезетін, бірақ ол ынтымақтың қаншалықты дәрежеде екені бұған беймәлім-ді. Нағима да, бұл да жолдары болып, оқуға түсті. «Жерлес» дегенді желеу етіп, жиі жолығып тұрды. Бірақ Әділ де бөлек ойдан аулақ-ты. Өйткені ол досқа опасыздық жасау оңбағандықтың шегі деп білетін. Туған күні, анау кеш, мынау кеш деп жиі шақыратын кластасы Нағиманы ол бірде ренжітіп алған.


– Қасымнан не хабарың бар? – деген сұрағына:


– Неге сұрайсың оны менен? – деген Нағима жақтырмаған сыңай танытып. – Әскери міндетін өтеуге аттанды деп бір есті­генмін, одан кейінгісінде менің не шаруам бар?


– Жәй, хат алмайсың ба дегенім ғой. Дос едіңдер, сонан соң... – деп кібіртіктеген бұл.


– Дос болғанымыз рас. Бірақ қисынсыз достықты қирағаттай бергеннің қызығы бар ма?


Ол сөзінің «басым бос» дегенді меңзеп тұрғанын Әділ ұқпай қалған жоқ. Бірақ ол Нағиманың Қасымға берілген серттей сөзден айнып кеткенінен бейхабар еді. Оның бәрін де екеуі отау тігіп, бөлек от жаққанда ғана естіген. Сондықтан да болар ол Қасым алдында өзін еш кінәлі санамайды, қайта Қасымның ендігі кінәласуын тым ұсақшылдық деп біледі. Ол өзін түсінбеген Қасымды өзі де түсінгісі келмейді...


Олар осы тоң-теріс қалыптарында түннің бір уағы болғанда Көкталға жеткен еді. Аз тыныққан соң Әділ жүру керектігін айтты.


– Өле алмай жүрген жоқпын. Байбураның бораны оңайшылықпен жібере қоймас бізді.


Қасымның заңды қарсылығын Әділ пышақ кесті мойындағысы келмеді.


– Ештеңе жоқ. Ол жерде күндіз-түні бульдозерлердің жүретінін білмеуші ме едің? Онан да қорқып тұрмын десеңші.


– Кеттік, онда, – деді Қасым оп-оңай келісе кетіп. – Сенің батырлығыңды көріп алайын!


Қасым Байбура аталатын жалғыз сайдың ежелден «қанды өткел» аталатынын жақсы білетін. Басқа жерде күн шайдай ашық болса да, әр жақ бер жағы екі-үш шақырымнан аспайтын Байбура сайының қыс болса аңыраған бораны бір үзілмейтін. Кейде он шақты күн тынымсыз соққанда сол екі-үш шақырым жол бойын күзеткен бес-алты трактор қарды тазалап үлгіре алмай, екі жақтан келген машиналар керуені тізбектеліп, жіпсіз байланатын. Сондықтан қыс ішінде «жүрегінің түгі бар» шоферлар болмаса, көбісі түнделетін Байбураны басына бермейді.


Енді міне, сол қауіпті жолға екеуі түн ішінде тәуекел етті. Екеуінің ойлары да бірінің алдында бірі әлсіздік көрсетпеу, өздерін ауыр жолда сынға салу.


Бет қаратпайтын шыңылтыр аяз кабинаның әйнектеріне ақ жабағыны жаба салғандай, қалың қыраумен құрсап алған. Мотор­дан келіп тұрған жылу әйнекке қатқан қалың қыраудың қос алақандай жерін ғана ойық күйінде қатырмай ұстап тұр.


Бір кабинадағы екі жігіт бір-бірімен іштей аңдысқандай әлі үнсіз отыр. Қасым сол әдетінше әйнектің етек жағындағы әлгі соқыр саңылауға үңіліп, жол қуалайды. Әділ әлденені ойлап отыр ма, әлде қалғып отыр ма, әйтеуір қонақтаған құстай иегін жылы тонның жағасына сүңгітіп жіберіп, құнысқан күйі қимылсыз қатып қалған.


«Енді біз жарты сағатта Байбураға жетеміз осы жүрістен танбасақ. Одан мүдірмей өтсек, қалған жолда қауіп аз. Басымды алса да, әрі қарай жүре алмаспын», – деп ойлады Қасым. – Сонау жайлаудан екі тәулік жүріп, қарағайды әкелгенім кеше. Анық жарты күн тыныға да алмадым. Енді міне, мен бармасам дүние бүлінгелі тұр­ғандай болысты түге. Қит етсе, «машинаң жаңа» деген сылтау айтады. Жаманатты болып қашанғы керілдесе берерсің. Оның үстіне мұндай ұзақ жолға жалғыз машинаны жіберуден де қорықпайды өздері. Осыдан есен-сау оралсам, машинасын дөңгелегіне бір теуіп, өздеріне қайтарамын. Иә, сөйтермін. Осы да жұмыс болып па?! Тым болмаса тілдесіп отырар серіктің түрі мынау. Әкесін мен өлтіргендей, болмаса бір жағы қарысып қалғандай, сіресіп отырғаны. Сірес, сіресе түс тағы да. Сенен бұрын қық десем маған серт».


Осы кезде оның көзі жол жиегіндегі шоқы басында тұрған таутеке мүсінін де анық байқап қалды. Жүрегінің соғысы жиілеп, маңдайы бусанып қоя берді. Жартас басына қойылған таутеке мүсіні оған «байқа, екі айналымнан кейін «ақ түтекті асу аталған Байбура» дегенді ескерткендей. Әншейінде ағылып жататын қалың машиналар да пышақ кесті тиылып қалыпты. Қыбыр еткен біреуі болсайшы.


Машина қасқайып жатқан қарсы жотаға іркілмей шықты да, кілт тоқтады. Қасымның есікті ашуы мұң екен ішке лап қойған түнгі аяз оның бетін суық тілімен бірден жалап өтті. «Әй, бір қырықтан асып тұрған шығарсың» деп ойлады. Әділ де тонның жағасына көмілген күйі сыртқа шықты. Оның қалың киіммен қорбаңдаған жүрісі ебедейсіз-ақ. Машина фарының әншейінде қозы ­көш жердің қараңғылығын үркітетін өткір сәулесі алдында түйені жүгімен жұтардай болып түнеріп жатқан сайға ұйыған қою қараңғылықты серпіп тастай алмай, ақ шаңдаққа жұтылып жатыр. «Не болса да тәуекел» дегендей мотор жуас қана бүлкілдейді.


Ыра төмен тағы да құлдилай жөнелісті. Жаңа ғана көкжиектен жымыңдаған сансыз жұлдыздарды белгісіз бір күш сыпырып-сиырып жинап әкеткендей. Қар қиыршығын жол бойымен қуалаған ақ боран тағы да кес-кестей жөнелді. Жол жиегіндегі қараған-бұталар да табиғаттың дүлей де тым қатал ойынынан әбден запы болғандай дірдек қағып, теңселіп қалып жатыр. Әр метр жылжыған сайын қараңғылық күшейіп, таяқ тастам жерді көзден тасалайды. Машина бұрынғы екпінінің ширегін де ұмытқандай, мимырттаған жүріске салды. Артқы доңғалақтарға оралған шынжырдың да пайдасы бірте-бірте азайғаны байқалады. Рульді оңды-солды бұрып, жылдамдықты ауыстырған Қасымның қабағы қарс жабылып, мыңға қарсы атойлап жалғыз ұмтылған қаса батырдай түксиіп, түйіліп отыр. Машина да бүкіл тұла бойымен селкілдеп, жан ұшыра алға ұмтылады. Қасат қарды бауырдай тіле алмай оңды-солды қиқалап, ілдалдап келе жатқан машина бір сәтте орнында селкілдеп тұрып қалды. Жол қиындығы артқан сайын осы бір тоқырау сәтін екі жолаушы секунд санап күткендей еді. Қасым жан дәрмен машинаны артқа шегіндірді. Жараланған тағы жыртқыштай алға қарай ышқына қайта ұмтылғанымен алдыңғы жеткен ізден бірер сүйем озып қайта тоқтады. Бұл жан ұшырған ақтық әрекет үш-төрт рет қайталанған соң, тайғанақтаған машина шофердың басқаруына бағынбай мүлде бір қырындап, жол шетіндегі жардан құлауға шақ қалды. Жолы келіссе – желмен жарысар жүрдек көліктерінің көтерем жылқыдан да күні төмендеп, мүшкіл болған халі қос жолаушы көңіліндегі күдікті көбейте түскендей.


Қасым серігіне қарады. Ол сұп-сұр болған күйі қоладан құйылғандай жел қуған ақ түтекке шаншылады.


– Сайтан алсын бәрін де!


– Иә, – деді Әділ.


– Немене, «иә» деп сызданасың, иттің баласы?! Моламыз бір жерде болады деп іренжіп отырмысың? Қане, мықты болсаң құтылып көр енді.


– Сен жігітім, тіліңді сумаңдата берме! Менің әкемнің жұмысында жүрмеген боларсың.


– Әкеңнің жұмысы болмаса, түн ішінде жаныңды шүберекке түйетін алдыңнан табақ тартып тұр ма еді?!


Екеуі де көмейлеріне бағанадан бері кептеліп отырған зіл-запы­рандарын ағыл-тегіл бір-бір ақтарып алды да, ожырайыса-ожырайыса қарасып алды. Содан кейін екеуі де жан ұшыра кезек-кезек қар күреп, жол аршуға кірісті. Ішін тартып ышқына ұлыған долы боран «жібермеймін, бүгінгі құрбандығым сендер» дегендей сақ-сақ күліп, әп-сәтте машинаның алды-артын қармен көміп тастады. Қаншама қимылдап жүрсе де әр жерден саңылау тауып кірген суық денеге найзадай қадалады. Бәрінен күдер үзілді.


– Ал, әлгі бульдозерлерің қайда? – деді Қасым.


– Мына қарда олар да жүре алмас.


Өмірлеріне төнген қауіпті сезген сайын екеуінің әңгімелері енді-енді сабасына түскендей. Қасым орнынан тұрып, кузовтағы су жаңа қосалқы доңғалақты жерге түсірді. Бензин құйылған резинаның кап-қара түтінін сумаңдаған жалынымен қосқан боран жер бауырлатып өзімен бірге сүйрей жөнелді. Қасым содан кейін кабинадағы тұлып тонды әкеліп, ық жаққа жайғасты. Әділ де қалың киіммен қорбаңдап келіп, от үстіне еміне отырды, – Мә, бір өңірін жамыла отыр.


Тұлыбының бір шалғайын икемдеген Қасым өтінішін ол елеген жоқ.


– Рақмет! – деді жай ғана.


– Өзің біл.


Лаулаған жалын ақ түтектің арасында маңдайлары мен алақандарын ғана жылытты.


– Жап-жаңа еді, – деді Қасым күрсініп. Бар уайымы отқа жанып жатқан доңғалағы ғана сияқты. – Қайтарда ауыстырамын ба деп едім, үлгірмедім.


Ең соңғы үміт отындай болған жалғыз доңғалақ резинасы да жанып бітуге айналды.


– Әттең кузовтың тақтайы біраз отын болар еді, балтаны да ала шықпаппыз... Аяғымның тоңази бастағанын қарашы. Мына бір қағанақтай пиманың жылуы да жоқ екен, – деді Қасым.


Әділ серігінен керемет бір жаңалық естігендей үдірейе қарады.


– Аяғым деймісің?! Жақсылық емес екен!... Қой, бүйтіп қарап отырып өлмейік, – деді ол. – Қардың асты жылы болады деуші еді.


Екеуі жан дәрмен ұшып тұрып, жол шетіндегі жартастың бауырына ұйлыққан қарды үңгірлеп оя бастады.


Олар тығылған қар үңгірінің аузын боран әрі-беріде-ақ жауып берді. Жаңа ғана бір-бірін жанарларымен атып отырған екеуін ортақ жау – табиғат алапаты айдап әкеліп, бір үңгірге, ол аз болғандай бір тұлыптың ішіне қуып тықты. Бір құрсақта жат­қан егіз баладай құшақтасып, бір дене болып кеткен. Тайша тулап, жарыса соққан жүректер мынау меңіреу түндегі әр сағаттан үрей күткендей қатар дүрсілдейді. Жүректері ғана тулайды, қойындасқан күйі өздері үнсіз. Қардан соққан «үйлері» жетісіп тұрмағанмен, бет қаратпайтын сырттағы боранға қарағанда көп пана сияқты. Үстеріне үйілген қар қалыңдаған сайын боран үні тына бастағандай.


– Тоңған жоқсың ба? – деді Әділ.


– Аяғым шыдатпай бара жатқаны.


– Әттеген-ай, киім сияқты қол басқан пима да тауып алмаған екенсің...


Бірақ Қасым серігінің пейіл білдіре қалуына ішін берген жоқ, «тағы бір қыры болар» деп түйді өзінше. «Жақсылығың болса өзіңнен артылмас!»


– Қане, тұр, шеш пимаңды! – деді Әділ. Қасым да не үшін деп сұраған жоқ. Үнсіз пимасын шешуге ыңғайланды. Жаңа ғана «бұған күнімді салмасын» деп ойласа да, қарсыласының ыңғайына үнсіз көніп қалғандай. Бірақ аяқ киімі оңайшылықпен шешіле қоймады.


– Айтқаның жақсы болды. Әйтпегенде үсіп қалатын еді.


Әділ оның шұлық-шұлғауларына дейін сыпырып тастап, қоқиып қалған аяқтарын қармен ысқылай бастады. Ол біраз уақыт ысқылаған соң: – Қалай, пешке қыздырғандай болды ма? – деп сұрады.


– Дуылдап кетті. – «Апыр-ау, шынымен мені құтқарып қалғысы келе ме мына қауіптен? Мұның көмегіне сүйенгенше, өлсем етті».


– Онда шұлығыңды ки де, пимаңды жастанып, басыңды менің аяқ жағыма жіберіп, қарама-қарсы жат. – «Жұқа пимадан сол тиімді болар».


Қасым оған да үнсіз келісті.


– Басқа жерің аман болса, аяғыңды үсітпеуді маған тапсыр.


Ол киімдерінің түймесін ағытып жіберді де, Қасымның аяғын өзінің ып-ыстық бауырына басты. «Бір жолдың, ұзақ жолдың жолаушысы екенбіз. Жауым десе де дауым жоқ, көңілі қаласа тіршілік атты өмір бәйгесінде тағы да тіресе жатар. Бірақ, қазір қолымнан келген көмегімді беру – жолаушалық парызым, жолдас­тық борышым. Оның үстіне Көкталға тоқтатпай алып шыққан мен ғой».


– Қой, Әділ, бала емеспін ғой. Оның үстіне менің аяғымды жылытамын деп өкпеңе суық тигізіп аларсың. – «Мен үшін қатерге ұрынбасын. Мұздап қалған аяқ бірден суық тигізер».


– Қозғалма! – деді Әділ, бұйыра сөйлеп. – Менің де бүйрегімді жылытып жатсын. «Намысты қайтеді екен бұл? Екі аяғын үсітіп алса, жұртқа не дермін?!».


Сөйтті де серігінің аяғын бауырына басқан күйі қаусырынып, қымтанып алды.


– Ал, соңғы шара осы. Ендігі міндет ұйықтап қалмау. Ұйықтады дегенше суыққа берілдім де. Ол үшін әңгіме айту керек. – «Аяғының мұздайын қарашы өзінің».


– Иә, ұйықтамау керек. – «Денесі неткен ыстық еді. Суық тиіп қалмаса болар да».


... Екеуі ен даладағы қар астында жатып, әр нәрсені сөйлеген болды, бірақ әбден иықтап алған ауыр ұйқы секунд сайын әлдебір рақат дүниеге сүйреп бара жатқандай. Ауыз сөйлеген болып жат­қанда кірпіктері өздігінен айқасып кетеді. Өміріңді аламын деп тұрған боран да ұмытылып, тұла бойы өзінен-өзі ыстықтағандай, бар тән балбырап, «ұйықта-ұйықта» деп арбайды. Екеуі де ұйықтап бара жатады. Тәтті түстер кимелейді.


«Балам, адамның ең басты кемшілігі не екенін білесің бе? Білмесең, ол досты өзі табатыны сияқты, қасты да өзі табады. Екінші біреудің қас болуына өзі себепші болады. Ал, адамның ең жақсы қасиеті не екенін білесің бе? Білмесең, адам қиыншылық үстіндегі дос пен қасқа тең қарайды. Сөйтіп барып қасының да өзіндей адам екенін ұғады» деп сыбырлағандай болады Қасымға марқұм анасы.


«Мен Қасымға сөз бергеніммен сенің жарың болдым. Мүмкін оған сөз бергенім қателігім шығар, мүмкін сені өмірлік қосақ етуім қателігім болар, Әділжан. Ендігі бір тілегім сен қателеспесең деп едім» дегендей болады Нағима Әділге.


Екеуі де бұлың-бұлың буалдыр түспен бірге рақат тыныштыққа шым-шымдап батып бара жатады. Сол кезде тәтті өмірден көз жазып қалмау үшін осы бір әзәзіл тәтті ұйқыдан сақтану керектігі естеріне түсіп, бірі кеудеде жатқан қос балтырды шымшып үлгіреді, бірі екіншісінің кеудесін өкшемен теуіп үлгіреді. Сонан соң «ұйықтама!» деп бұйырады бір-біріне.


Әр минуты арпалыспен өткен азапты түннің таңы атты. Түнімен ұлыған боран да сап тиылған. Бірақ екеуі де сырттағы өзгерістерден бейхабар, бірін-бірі шымшылаумен, тепкілеумен, бірін-бірі қинаумен жатты.


– Әділ, ау Әділ, – деді Қасым көзін ашып алып. – Тыңдашы гүріл естіледі.


– Не гүріл? Қайда, қайда? – деді ол да ұйқылы көзімен аптыға сөйлеп. Өздері ала кірген күрекке жармасқан екеуі, бір минут кешіксе, құтқарушылары өтіп кетердей жан ұшырады.


– Рас, келе жатыр! Келе жатыр! – Олар індерін тесіп, тысқа шықты.


– Трактор ғой, трактор даусы екен.


– Иә, келе жатыр!


Екеуі қатарласа омбылай, алға ұмтылды.


– Бері келеді екен, – деді Қасым. Осы жерден-ақ тосайық. «Кейде адам өзін әбден ұғу үшін осындай ұзақ та, қиын жолға шығу керек-ау» деп ойлады Қасым. Олар өздерінің артынан келіп жолдың аршылуын күтіп тұрған жүргіншілерді байқаған жоқ еді.


– Бауырларым-ау, тірі ме едіңдер?! – деп бір бейтаныс жігіт келіп бұларды қырық жыл көрмеген туыстарындай қапсыра құшақтап алды.


– Бар екен!


– Аман екен! – деген дауыстар естілді.


– Ортан беліне дейін қар басып қалған машиналарыңның төңірегінен сендерді таппаған соң, – деді жаңағы бейтаныс жігіт. – Адам неше түрліні ойлайды екен... Мынадай қыста есі бар кісі түн қата ма?!


Түнгі меңіреу даланың бораны да тыйылған, мейірімді, түк көрмегендей монтаны, момақан жатыр. «Бұл тіршілігінде әр нәрсені сылтау етіп, болымсыз іс үшін мағынасыз, мақсатсыз теке тіреске тым үйір жүрер, сөйтсең де қиналған, қысылған шағыңда досың ғана емес қасың үшін де жаныңды беруге даяр тұрар қайран менің бала мінез, ер көңіл ұлдарым-ай! Сәтте ақ түтек, сәтте ақеділ болар осы бір мінезді өзімнен үйрендіңдер-ау» дейтін сияқты олардың төл бесігі, өз даласы.


* * *


Келер жылы Қасым облыс орталығындағы бір заводқа жұмысқа орналасатын болып келісіп келді де ауылдан көшуге жиналды. Ойы – кешкілік институтта оқымақ екен.


Ол аттанар алдында жора-жолдас, дос-жарандары келіп, «жол болсын!» айтып шықты. Неге екенін кім білсін, Нағима кіріп шықса да, Әділ келген жоқ. Қасым да өзі барып «сау бол» демеді... «Өмір жолы ұзақ қой, әлі кездесерміз!» дей салды.


Тайбектің әңгімесі


– Адам қашан да бір төбенің басына шыққан соң екіншісінің төбе­сіне жетуді аңсамай ма?! Бір кезде, шіркін, жоғары оқу орнының босағасынан бір аттап, студент атансақ деп қиялдаушы едік, енді оған қол жеткен соң дипломды алар күн қашан болар екен дегенді ойлай бастадық. Пайымдап отырсаң, өмір жолындағы ірілі-ұсақты мақсаттар адамды қол бұлғап, шақыра береді екен ғой. Бір кезде Алматы сияқты әйгілі шаһарға бір жетсек деуші едік, енді ауылға жеткенше асығып, алып-ұшып келе жатқанымыз мынау (Тәжімнің төзімі таусылса керек: «Ағай, әңгімеңіздің кіріспесін қысқарта айтуыңызға бола ма, біздер лирикалық және философиялық толғаныстардан гөрі «не болды, қалай?» деген сауалдарға нақ­ты жауап алғанды ұнататын халықпыз?» деп реплика тастады. «Ағайы»: «Не айтсаң да тыңдаймын дедің емес пе?» дегендей оның бетіне бір қарап алды да, әңгімесін әрі қарай сабақтады).


Оның үстіне оқуға түскелі әлі елге бара алғаным жоқ. Сағын­ған шеше, сүйген қыз дегендей, соларды бір көріп қайту үшін жолкіресіз жолға шыққан жайымыз бар. Соған дейін іркіп жүрген он-он бес сом қаржым да бар еді. Бөкенбай дейтін курстасымыздың қалтасына салып берген жай бар. Балалар үйінде өскен жігіт еді, өмірі көрмеген бір жамағайыны табылып, соларға барып-қайтуы керек болды да алдымен Бөкеңді жолға салуға тура келді. Бір бөлмеде тұратын жігіттер: «Ауылың алыс, күн суық, киімің жұқа. Сен елге қыс ішінде бармай-ақ қойсаңшы» деп жағаттаған соң, «туыс көрмей өскен досымыз туысына барып қайтсын» деген шешімге келдім.


Содан қойшы, Бөкеңді де достардың бәрін ауыл-ауылдарына аттандырған соң кеше кешкілік жатақханаға келсем –бұрын өз базары, өз қызығы өзінде болып, дуылдап жататын құтты мекеніміз құстары қайтқан көлдей боп, құлазып қалыпты. Бөлмеге келсем қаңырап ол тұр (Тәкеңнің төзімі тағы жыртылды: «Ағатай, кітап оқығандай сұлу сөз термей, тоқ етеріне жақындасаң қайтеді» деп кимеледі. Тайбек бұл өтінішті де аяқсыз қалдырды).


... Інім, естір құлақта құлық болмаса, айтар ауыздан қадір кетпек. Сөзді бөле берсең, әңгіме айтқаннан гөрі ұйқыны артық санап жүрермін...


Содан елегізіп тоқтай алсамшы, қане. Бірдеңесін жоғалтқан адамдай тысқа бір шығамын, үйге бір кіремін. Мен оқуға кеткенде: «Құлыным, енді сені көремін бе, жоқ па? Бірақ талабыңа тосқауыл болман, жолың болсын!» деп ақ батасын беріп шығарып салған шешемнің осы бір сөзі ойымнан шықсашы. Қыстай хат жазған сайын: «Алаңдама, науқасымнан сауығып қалдым, әншейін кәріліктің қыңқыл-сыңқылы да, баяғы» десе де, бір көрмей көңіл көншімейтін болды. Содан кейін... («Айта бер, «сүйген қыз» дегенді бағана бір еске салғансың. Соны да сағындым десейші». – Айдаушы мұның бетіне қарап, көзін қуақылана қысып қойды). ... Иә, иә, ондай мәселенің де ойымды онға бөлгені рас. Оның үстіне, ол екеуіміздің арамызда елеусіз ғана тіл табыса алмаушылық бас көтеріп, біраз уақыттан бері хат арқылы жалғасып жататын ара қатынасымыз шиеленісің­кі­реп те тұрғаны. Дәл осы жолы кездесіп, тілдеспесем, анығырақ айтқанда, түсініспесем біржола айырылып қалуым да мүмкін... Сен сияқты жігіттер айналдырып қоя ма деген ой келгенде ішім ақ боранға айналады.


Қойшы, әйтеуір, ұшарға қанат жоқ, тәуекел деп жүріп кетейін десем жаңағы өзіңе көрсеткен үш сомнан бөтен қаржы тағы жоқ. Сөйтіп,салым суға кетіп, ауладағы орындықта отыр едім, поездың жанға жайлы даусы естілді. «Асығып тұрмын, жүрсеңші» дейтін сияқты. Орнымнан қандай күштің көтеріп әкеткенін білмеймін, ұшып тұрдым да, бөлмеге жүгірдім. Мына қоңыр сөмкені қолтығыма қысып, Шөткебастың папахасын кие кеттім. Жүріп кетеріме мүмкіндіктің жоғын білсем де, әйтеуір, «жылырақ киім кию керек» деген бір ойдың жетегімен алдым. («Ағатай, сөзіңді бөлейін, «Шөткебас» дегенің азан шақырып қойған есімі ме, әлде?..»)


Жоқ, нағыз есімі – Сәлім, шашын үнемі «кірпі» модасымен қойып жүретін болған соң тағылған айдар ғой... Айтып-айтпай, ойымды онға бөлдің-ау, не деп едім? (Шөткебастың папахасын кидің). Ендігі мақсатым, өз ауылдарына кетіп бара жатқан шексіз бақытты адамдарды бір көріп қайту. Вокзалға келсем –перронда жыпырлаған халық. Бірі кетіп бара жатқандар, енді біреулері – шығарып салушылар. Тәшкеннен шығып, Сібірдің бір қаласына қарай жүргелі тұрған поездың бағыты да біздің жаққа қарай болып шықты.


Мен де сол жерде тұрып, үйге жетудің бар мүмкіндігін досыма сыйлағанымның өте дұрыс шешім болғанын мойындай тұрып, соншалықты шарасыздығыма налыдым. Жіпсіз байланғаныма ренжідім. Бір қызығы поезд жүре-жүргенше радиодан билет сатып алуға болатындығын жарапазандап, екі-үш дүркін хабарлады. Дәл бір менің жүйкемді жұқарту үшін айтылып жатқандай.


Бір кезде поезд екі-үш дүркін шыңғырып алып, орнынан қозғала бастады. Дәл бір билеті бар адамдай-ақ жүгіріп келіп, мен де жармастым. «Қайда бармақпын?» Ол жағы дәл сол сәтте өзіме де түсініксіз еді. Әйтеуір, елге бара жатқан адамдай, өзімді бір сәт болса да сезінгім келді ме, белгісіз бір күштің жетегімен міндім вагонға.


– Әй, киіп-жарып қайда барасың? Билетіңді әкел! – деді вагон есігінің тепкішегінде тұрған ала тақиялы қайрақ қара.


– Ағатай-ай, студент едім, билет алуға бір-екі сомым жетпей қалғаны. Ала кетіңізші, – дедім. Ойда жоқта тапқан ақылыма өзім риза болып тұрмын.


– Жоқ, шырағым, сөзді қой, қазір бірінші Алматының вокзалына барғанда билет алып кел, әйтпесе, табаныңды жалтырат, – деді ол кәрін төгіп. Мен қазақшалап айтып тұрғаным болмаса, ол өзбекше, қазақша, орысшаны араластыра сөйлеген.


– Ағатай-ау, ақшам жетсе екінші Алматының вокзалынан да алмас па едім, бір-екі сомы жетпей... – деп міңгірледім.


– Қай жерге барушы едің?.. – деп сұрады ол. Әлгіндей емес, беті бері қараған сияқты.


– Семейге, – дедім ойланбастан.


– Қанша ақшаң бар? – Бұл сауалды қойысы оның құлқынының менің билетке жетпеген ақшама құрып тұрғанының белгісі еді.


– Он-ақ сом. – Мұны да ойланбай айттым. Әйтеуір, түсіріп тастап кетпесе болды деген ой.


– Әкел бері Семейіңе жеткізіп салайын. – Дәл мені бір ар­қасына көтеріп апарардай сөйлейді.


– Бермеймін. Қазір билет тексеруші келіп, түсіріп тастап кетсе не ақшам жоқ, жол ортада қаңғып қаламын ғой. Сондықтан Семейге бір-екі станция қалған кезде қолыңызға берейін. – Аяқ астынан құрған жоспарым жүзеге асып келе жатқандай үміт сәулесі жылтырады. Шындығында барар жерім Семей емес, жаңағы өзіміз шыққан Жалғызтөбе ғой. Негізгі ойым да – осында жеткен соң поездан сытылып қалып қою болатын. Менің ақшаны оңайшылықпен бере қоймасыма көзі жетсе керек, ол келісті. Бірақ қаржыны тамаққа ұстап, азайтпауды қатаң тапсырды.


– Аш қалмауыңды ойластырармыз, – деді ол. Айтқанындай астанадан шығып, осында жеткенше бір рет палауын, бір рет таба наны мен көк шайын беріп сыйлады. Жасырары не, өзім амалсыздықтан алдап келе жатқан соң ба, оның асы тамағымнан дұрыстап өтпеді. Жолкіре мәселесін қалай төлеудің жайы шешілген соң, есімінің Илхом екенін айтып, өзін таныстырған. Осындай көлденең түсер азын-аулақ «шай-пұлы» және әр сапар сайын Сібір қаласына апарып, көтермемен сататын біраз көкөністен түсетін шағын пайда үшін осы жұмысын қия алмайтынын да жасырмаған. Оның табыс көзінің қандай екенінде шаруам аз, бірақ өзімнің оған жасаған қулығымның қиянат­қа ұқсас қылық болғанынан ба, әйтеуір, Илхомның жүзіне тіктеп қарауға батылым бармады... Не керек, сөйтіп жүріп, осында жеткен жайым бар... Асы үшін рақметімді айтып, амалсыздан алдағаным үшін кешірім сұрап, поезымен жарысып біраз жүгіріп едім, бәрі-бір арғы-бергімді сыбаумен аттанды... Әлі сыбап бара жатқан болар...


Міне, досым, айналдырған үш сомның астанадан шыққаннан бергі шып-шырғасының шықпай келуі жайлы әңгіме осымен тәмамдалды...


* * *


Тәжім әлденеге ренжігендей күйде отырды ма, әлде жаңа досының шынымен адалдығына шек келтірген сыңайда ма, әйтеуір қос жанарымен жол қуалап, үнсіз түйіліп отырып қалды. Әрі қарай әңгімені тыңдауға құлқы жоқтай сыңайы байқалады.


Машина тау бөктерлеген ақ жазықты қуалап, бірінен өтсең екіншісі көрінер таусылмас көп белегірлерді түгендеумен әлі заулап келеді. Сырттағы аяздың күн еңкейген сайын күшейе түскенін Тайбек шаңытқан айналаға қарап, бағамдап келеді. Әйтпесе, бағанағыдай емес кабина іші бірте-бірте ыси бастаған. Қара тұлып сыпырылып қалғалы қашан, енді пальтоның түймесі ағытылды. «Аздап желемік бар ма қалай?» деп ойлады Тайбек ақ тақыр жолды кесе көлденеңдеп жүгіре бастаған жаяу борасынға қарап. Бағанағыдай емес қалың боп басып қалған қарды белуарынан кешіп тұрған үйлері біраз уақыт жол жағалап жарысатын елді мекендер де іңір қараңғылығы қоюлана көзге түспейді. Бірлі-жарым қарсы ұшырас­қандары болмаса бұларды басып озған, немесе бұлар басып озған бағыттас машиналар ұшырасқан жоқ. Шалғайырақ шығандап жатқан бүкіл екі ауданды облыс, қала берді, бүтін үлкен өмірмен қан тамырындай жалғастырып тұрған жалғыз тас жол бойы тым жұтаң, көңіл құлазытардай жансыз көрінеді. «Егер, машина бұзылғандай болса не боламыз?» Осы бір суық ой оралғанда жылы кабина ішін аяз керіп кеткендей жолаушының өне бойы мұздап сала берді.


– Апыр-ау, біз сияқты түнделетіп жолға шыққандар жоқ-ау деймін?! – Тайбектің сұраулы жүзіне көршісі тіктеп қарады. Бағанадан бері үнсіз отырып қалғанына қысылып қалғандай әу бастағы қуақы әуенін қайта тапты.


– Ой, қашқын ағатайым-ай, солай деңізші. Машинасы жаңа, сенімді біреулер болмаса, мұндай алыс сапарға түнделетіп көп ешкім шыға қоймайды.


– Сонда, біздің машинамыздың сенімді болғаны ғой? – Тайбек сұраулы жүзбен сапарласына назар тіктеді.


– Сенімді болғанда қандай. Биыл келген жаңа машина. Асатынан кесел келіп килікпесе сенімді көлік. Бірақ техниканың аты техника, ұзақ жол бойында әр түрлі жағдайдың болуы мүмкін... Апыр-ау, айтты айтпады, күннің райы мына маған ұнап отырған жоқ. Боран соғып кетпесе неғылсын.


Тәжім машина фарының сәулесін матап, ұзаққа жібермей тұншықтыра бастаған ақшулан борасынға қауіптене қарады. Шынында түн қараңғылығы қоюланған сайын ақ тақыр жол бойымен жарыса жөңкілген борасын үдей түскен еді. Тайбектің іші де мұздап сала берді. Тау ішіндегі қолат-қойнауларға шоқ-шоқ болып өскен ағаштар да тағы бір ауыр сынның жақындағанын сездіргендей үрей шақыра шулайды.


Тайбек жер мөлшерін танып келеді. Жазда оқуға келе жат­қанда автобус осы шоқ-шоқ болып өскен ақ теректердің бірінің түбіне тоқтап, жолаушыларын шай қайнатымдай уақыт бой жаздырып алған.


Сылқ-сылқ күлген сылқым бұлағы, ақ балтыр балаң қайыңдары, түкті кілемдей жайқалған шалғыны бар табиғаттың осынау бір шұрайлы өлкесі ол кезде сылаң қаққан бойжеткендей көрінген. «Шіркін-ай, нағыз жер жәннәті екен-ау» деп ойлаған. Енді бүгін ол суретті көзге елестету қиын. Ақ қайыңдар долы желмен салғылас­қандай өөз шашын жұлып, бебеу қағып, теңселеді.


– Өзі былай, бұл жолмен жаңа жүріп жүргенім жоқ, көп қорқа берме. Көк қасқаның жүрегі дүрсілдеп тұрса, оңай-оспақ боран бөгет жаса­мас. Тек қана дауыл күшеймей тұрып, Байбураның қанды қақпанынан құтылып кетсек болғаны. – Тәжім үзіп-жұлып әңгіме айт­қанмен, мың сан әбжылан жортқан ақ шудалы жолдан қос жанары ажырар емес. Мынау қиын сапардың жаңа-жаңа бас көтеріп келе жат­қан алапатымен бетпе-бет айқасқа түсердей тас-түйін қалып танытады.


– Осы жолы серіктесім болып жүрген жігітім науқастанып қалып, амалсыздан жалғыз шығып едім, – деді ол иен далада дара жортқан сапарының себебін түсіндіргендей. «Машинаң жаңа ғой, тағы бір барып қайтасың-ау деймін. Келесі аптадағы рейсіңнің есебі болсын» деп басшылар өтінген соң тәуекел етіп едім... Әйтпесе, қыс ішінде станцияға аптасына екі рет қатынап қайтсаң жеткілікті. Үшінші ретке үлгірсең совхозға да, өзіңе де тиімді... Еңбекақысы мол... Өзі былай, осы сенбіде отау көтеріп, үй болсақ деген де ой бар, – Тайбекке сапарласы өзінің бұл үлкен жаңалығын «осы сенбіде машинамды жөндейтін едім» деген сияқты тым елеусіз ғып айтқандай естілді.


– Бәрекелді, құтты болсын! Бәсе, бағанадан көмейіңнен бері ат­қып кетуге сылтау таппай тұрған бір жаңалығың бар сияқты еді. Осы екен ғой. Ауылда болар? Келінді айтамын да, – Тәжім жымиып қой­ды. Досының «келінді айтамын да» деп қожырайғаны миығына күлкі үйірді.


– Иә, келініңіз ауылда. Мынау деген, нөмір бірінші қыз. Қыдыр­ғанымызға да көп бола қойған жоқ. Ех, достым, бір түсінсе қалыңдығы бар, ғашық болып көрген сендей адам түсінер махаббат дегенің не екенін. Сенсең бар ғой, дәл қазір тек соған қарай ұшып келе жатқандаймын. Қарымның сынып, қанатымның талғанына да қарай алар емеспін...


– Ендеше, екеуіміздің де ойымыз – ортақ, ниетіміз бір болып шықты. Бас газыңды, жетейік жылдамдатып. – Тайбек шындығында ұша жөнелердей қопаңдап қойды.


– Біреуге ғашық болу, шынында, шексіз бақыт емес пе, достым. Күллі тіршілігіңе басқаша бір ұлы өзгеріс енеді. Жолға шықсаң, жеткенше асығасың. Жол емес, сүйгеніңмен бір шаңырақ астында жарас­тық табар жарқын күндеріңе асығып келе жатқандайсың. Сендер сияқты лириктер айта берер «нұрлы болашақтың» алтын босағасы сол күндер.


– Әу-и, дегенің, – деді Тайбек мырс-мырс күліп. – Ғашық адамның бәрі лирик, бәрі ақын. Бағана маған «лирикасыз сөйле» деген сияқты едің. Енді өзің шалықтап отырсың ғой, тіпті.


Сөйткенше, машина фарының сәулесі жол үстіндегі қарауыт­қан әлденеге сүрінді.


– Машина тұр ғой, мына жерде, – деді Тәжім көк қасқаның жүрісін тежеп. – Қалбаңдап қолын көтерген адамның тұлғасы да көрінді. Машина тоқтаған кезде басын шолақ қара тонның жағасына тығып алған жолаушы кабинаның есігіне жармасты.


– Туһ, мына боран етімнен өтіп, сүйегіме жетті ғой. – Бейтаныс жігіттің сәлем орнына айтқан алғашқы сөзі осы болды. – Сендерді де менің бағыма ұшырастырған шығар... Ешкім кездеспей ме деп шошып едім... Су ішерлігім бар екен.


– Жә, не болып қалды? – Тәжім келте сауал қойды.


– Жігіттердің: «Бүгін дем алып, ертең шығайық» дегеніне қарамай, жүріп кетіп едім... Әйелім айы-күніне жетіп отырған соң, шыдамай...


– Ау, жігітім, өзің былай не болғанын айтпайсың ба, алдымен.


– Қырсыққанда доңғалағым жарылып қалғаны, – деп абдырады жігіт. Бағана да жарылып, қосалқысын салып едім... Мына боранда камераны желімдеу де оңай емес екен.


– Өзің әбден үсіп-жығыла жаздапсың ғой. Мына кабинада сәл отырып, бой жылытып ал. Мен қазір... – Тәжім тонын түймеленіп, тысқа шықты. Бейтаныс жігіт қолғабын шешіп, домбыққан қолын үрледі. – Әй, бүгін аман-есен жетсек жарар да. Әншейінде құтырып тұратын Байбурада боран жолды бітеп үлгірген шығар... Иә, өздерің аман-сау келе жатырсыңдар ма?


Жігіт өзін құтқарушылармен сәлемдесуі қажеттігін есіне жаңа түсіргендей Тайбектің бетіне барлай қарады. Екі бетінің ұшы бес тиындықтың үлкендігіндей болып, бозара қалыпты. «Үсітіп алған екен-ау» деп ойлады Тайбек. Ол енді тілге келемін дегенше бейтаныс жігіт байыз тауып отыра алмай тысқа шығып, өзінің артық доңғалағын түсіріп алып, алдағы машинаға қарай дөңгелетіп бара жатқан Тәжімнің соңынан бүрсеңдеді. «Қой, шарасыз отырғаннан гөрі мен де септігімді тигізейін» деген оймен жерге түскен бетте Тайбектің пальтосы үскірік аязға қамсау бола алмады. Азынаған қызыл шұнақ үскірік қойны-қонышын сол сәтте-ақ кеулеп, суық тілімен өне бойын аймалай бастады.


– Әй, ағай, сенсіз-ақ бірдеңе істерміз, әйдә, кабинаға бар. Бұл студенттің қолайына келер жұмыс емес! – Тәжім мұның жайын бірден түсінгендей.


– Радиаторыңның суы қатып қалмасын, тон бірдеңе... – Тәжімнің бейтаныс жігітке бағыштаған бұл сөзінің аяғын долы жел ала қашып, жылы кабинаға қарай жүгірген Тайбекке естірткен жоқ. Енді ол жылы жерде отырып, екеуінің қимылын анадайдан бақылады. Бейтаныс жігіттің бар кауқарын аяз алып қойса керек, қоқайып, құр бүрсеңдеп жүр де, жұмыстың негізін Тәжім қолға алған. Қимылына көз ілеспейді, жарылған доңғалақты әп-сәтте ауыстырып болды. Содан кейін екеуі де келіп, кабинаға кірді.


– Мә, мынадан аздап жұтып жібер, жылынасың, – деді ол бейтаныс жігітке жол азық салған сумкадан суырып алған бір шөлмек ақ арақтан орта стақан құйып беріп, – бағана станцияда тұратын бір танысым «үйіңе барған соң ішесің» деп беріп еді. – Тартып жібер. Автоинспекторлар кездесе қоймас мына ақ түтекте. Ауылыңа жеткенше селбесіп бірге барармыз... Ал, ағай, сен қалайсың? – деді ол Тайбекке қарап жымиып. – Тоңбайтын боласың.


Тайбек досының қолын қақпады. Мұздай суық арақтан екі-үш толғаған соң ыдысты Тәжім­нің өзіне қайта ұсынды.


– Ал, жігіттер, онда мен кеттім. – Бейтаныс жігіт өз машинасына қарай жүгірді.


– Өй, мынауың өзіңнің баллоныңды салып берсең де рақмет айтуды білмейтін адам ба, немесе өзі?! – Тайбек бейтаныстың мінезіне шынымен таңданды. – Сәлемдескен де жоқ.


– Адамдар жақсылықты рақмет үшін жасамас болар, ағай. Одан кейін ұзақ жолдың өзіне тән жазылмаған қатал заңы бар. Мұның орнында ертең менің болмасыма кім кепіл. Сондықтан жол бойында көрсетілген көмек – ақы, алғыс тілемейді.


Тәжім «саған түсінікті болар?» дегендей мұның бетіне бір ежірейе қарап алды да, көк қасқаның двигателіне от берді. «Аяқ астынан киліккен қырсықтан құтылғаным өтірік пе?» дегендей жолға түсіп алып заулай жөнелген бейтаныстың машинасының ізін баса бұлар да сапарларын жалғастырды.


Бұлар Байбураның асуына жеткенше бір-бірімен сөз алмасқан жоқ. Жол бойында ұшырасқан машина екеуі бірін-бірі қуалап келе жатқандай, тоқтамастан тартты да отырды. Жаңағы ішкен арақ Тай­бектің тұла бойын қыздырып, маужырата бастаған. Тек, «Байбураның қанды қақпаны» деген үрейлі сөз ғана ұйқыны сәл тежегендей. Кейбір ықтасын жердерге үрінді қар тоқтап үлгірсе керек. «Жөп-шөңкі ауыр жолға мыңқ демейді» деген Тәжімнің көк қас­қасы кейде ыңырана малтығып қалады. Ондайда «тоқтап қалмасаң жарар еді мына ақ түтек басқан айдалада» деген ойға онсыз да маталып келе жатқан Тайбектің жаны мұрнының ұшына келеді. Манағы әзіл-қалжың адыра қалған. Тәжім де мыңға қарсы атойлап шапқан қас батырдай қабағынан қар жауып, алдына кірпік ілмей тесірейеді. Ол бір кезде ғана тіс жарды:


– Байбураның ақ түтегі басталды! – Айтқандай-ақ, қою қараң­ғылықты қақ жарып өтер машина шамының өткір сәулесі қарыс жерден аса алмай, ақ шаңытқа құмығып, есік пен төрдей жерден аса алмай қалды. Тәжімнің жалғыз ауыз сөзі Тайбекті иектей бастаған әзәзіл ұйқыны бірден үркіткен.


– Иә, сәт! – деді ол күбірлеп. Алдыда бара жатқан бейтаныс жігіт машинасының артындағы мен мұндалаған қызыл шамы да ілуде бір көз қысып көрініп қалады. «Қайтсін-ай, ол да жан ұшырып бара жатыр-ау» деп ойлады Тайбек. «Әйелімнің аяғы ауыр» деп еді, шыдай ал­май түнделетіп шығып кеткен ғой. Апыр-ай, Байбура аталар ұзақ жол бойының осы бір шағын үзігінің бораны қыс баласы неге толас таппайды екен? Қариялар айтып отырар еді, бір таудың баурайында үңгір бар екен, қыс түсе жаңағы үңгірден соққан жел дауылға, боранға айналады екен деп. Жүргіншіге жол бермей, күндіз-түні азынаған бораннан ығыр болған бір батыр үңгірдің аузын бітемекші болып жүріп,үсініп өліпті дейтін де аңыз айтылатын бұл төңіректе. Мұның бәрі әлде шын, әлде өтірік, ал арғы жағы мен бергі жағы екі шақырымнан асар-аспас осынау өзекшені қуалап, соғып тұрар бір жел ағысының бары рас... » Оның ойын Тәжімнің қуанышты даусы бөлді.


– Ағай, суішерлігіңіз бар екен. Бәсе, жол тазалағыш машиналар кетпесе керек еді. Анау алдыңнан жылтылдаған отты көрдің бе?


Сөйткенше болған жоқ, ол қиыршық қарды еркін бұза алмай, арылдаумен келе жатқан машинасына асығыс тормоз берді. Тайбек алдыңғы машинаның қол созым жерде тоқтап тұрғанын сонда ғана көрген. Артына қар шашқан доңғалақтар бір орында зыр қағады.


– Мінеки, ағай, анау жылтылдаған жол тазалағыш трактордың жарығы болмаса Байбураның шеңгеліне түстім дей бер. – Бұл сөзді Тәжім «осы арада сәл бел жазып, аяқ суытып аламыз» деген сияқты ғып елеусіз ғана айта салды. Сөйткенше болған жоқ бейтаныс жігіттің машинасының артқы жағы бір қырындап барып, жол шетіндегі арыққа жантая кетті. Тайбек көзін жұмды. Оған алдыңғы машинаны сол күйінде мынау азынаған аждаһа жұтып бара жат­қандай көрінген. Содан кейін екі шофер да сүрініп-жығылып, шөгіп қалған машинаның арт жағына келді. Қатар тұрған екеуі бір-біріне айғайлап әлдене дескендей, бірақ ысқырған долы дауыл ауыздан шыққан сөзді жұла қашады. Сол кезде жол бойының үрінді қарын екі жағына бұрқырата атқылаған алып трактор да бұларға жақындаған еді. Құтқарушы техниканың сыртқы сұлбасының ауқымына қарап, «К-700» тракторы болар деп түйді Тайбек.


Алып трактор жол жиегіндегі орға үйелеген машинаны бір деммен-ақ суырып алды да, сол сүйреген қалпы Байбура сайынан бір-ақ асырып тастады. Бүгжеңдеп тіркеме темір арқанды ағытып жүрген бейтаныс шоферға тракторшы жігіт кабинасын ашып, қол бұлғады. Сірә, «жолдарың болсын!» дегені.


Машиналар қалай Байбура сайынан шығып, кезең асты, мынау қорқау түнде уысына келіп өздері киліккен үш жолаушыдан айырылып қалғанына көзі жеткендей боран да сап бола қалды. Ештеңе болмағандай көздерін тырнап ашқан жұлдыздар қылмыңдады.


«Құтылдық па, жоқ па» дескендей тақтақ жолмен сумаңдай жөне­ліс­кен қос машина зар күйлерін қайта тапты.


– Жайнайды гүлдер далада...


І-һі-һі-ім... қалада... – Тәжім темекісін тұтатып, мұрнының астынан ыңылдады. «Бұл да ештеңе көрмегендей!»


– Інім, жаңағы трактор болмағанда, әннің әдемісін сонда айтатын едік-ау!


Машиналар тағы да құйрық тістесе келіп тоқтай қалды.


– Әй, не болды? – Өздеріне қарай келе жатқан бейтаныс жігітке Тәжім машинасының есігін ашып, сауал тастады. Бір-бірлерінің есім­дерін білмесе де атам заманнан бір-бірін біліп өскен адамдар сияқты, «сіз-біз» десіп сызылып жатуды бұлардың алғаш ұшырасқан бетте-ақ қажет деп таппағанын Тайбек әу дегенде-ақ аңдаған.


– Ауылдың иісі шыға бастады. Бағанағыдан бірер қылқ еткізбесем, әлденеге толқып келе жатқаным. Бір үлкен қуаныш болса керек.


Бейтаныс жігіт Тайбекті ысырып, кабинаға кіріп отырды. Алғашқы көргендегідей емес, қунаң қағады. Тайбек оны бағана жиырма мен отыздың ортасындағы жігіт болар деп түйген, аңдап қарап, қырыққа ат тұяғын іліндіріп қалған егде кісі екенін мойындады.


Тайбек бұл жолы да өзіне бөлінген сыбағадан бас тартқан жоқ, жолдың ең қауіпті ауыр бөлігінен өткен қуаныш үшін деп ойлады.


– Жігіттер, – деді бейтаныс адам. – Мен білсем бүгін біздің үйдегі шілдеханаға дәл келе жатырмыз. Менің ауылым – мынау жол жағасындағы Қарасу. Біраз тынығып алып, таңнан жүріп ке­тер­сіңдер. – Сонан соң қолындағы арағының қалдығын жұта салды да, тіске басар ештеңе болмаған соң, темекісін тұтатты. Көк түтінді екі-үш дүркін будақтатып алды да, сәл жылы жымиып күлді. Үш-төрт күннен бері ұстара көрмеген сақал-мұрты тікірейіп тұрса да, аяз сорған қоңырқай жүзімен жарастық тапқандай.


– Осы жолы қалай да ұлды болатын сияқтымын... Бағана іңірде кір­пі­гімнің түбіне ұйқы ұялап болмаған соң, жол шетіне шығып көз іліндіріп едім, әкем марқұм екен деймін... Апыр-ай, тұп-тура өңім­дегідей жетіп келіп: «Тұр, балам, үйіңе жылдам жетуің керек» дегені. Ұшып тұрсам айдала, тоңазыңқырап қалыппын... Соған қарап ойлаймын да, әкем марқұм бір қуанышқа асықтырған болар деп... Әзір қарғап қойса да, алты қыздың соңынан бір ер бала ілесер деген үміт­темін.


Екі жігіт те: «Шын ба?» дегендей бейтанысқа қарады. Жүздерінде сауал бар.


– Өтірік айтып, сендерден ақы аламын ба? – деді жігіт бұлардың ойын оқып отырғандай. – Бұрын үйелмелі-сүйелмелі төрт қызым бар еді... Содан жеңгелерің тағы дәметтірсін. – Бейтаныстың жүзіне күлкі жүгірді. – Содан тағы осындай ақпанның аязды күні еді, таң атқанша дірдектеп перзентхананы күзеттім... Жолың болғыр, дәрігер келіншек шығып: «Әкесі, егіз қызыңыздың бауы берік болсын!» деп құттықтамасы бар ма? Әрина, ұл күтіп жүргенде егіз қыздың туғанына кінәлі ол емес қой, сүйіншісін бердім, жеңгелерің келген соң бір сиырымды жығып тастап, той жасадым. Әйелімнің көңілі үшін әдейі жасадым... Тіпті, аман-есен босанып, сау қалғанының өзі неге тұрады. – Бейтаныс жігіт сөзшеңдік нышан танытты.


Тәжім, сағатына қарады. Сөйтті де жігіттің сөзін бөлді. – Толқымай-ақ қой, осы жолы жеңгеміз аман-есен, өзі былай нетіп... сізге бір ұл сыйлар!


Бейтаныс та әңгімені әрі қарай созудың қажеті жоқ екенін түсінгендей. Өтінішін қайталады.


– Сонымен, жігіттер мәселе шешілді ғой. Біздің ауылға бұрылар тұста тағы тоқтармын... Өй, айтпақшы, есімдерің кім болады, жігіттер? Біз әлі жөн сұрасып, біліскен де жоқ екенбіз ғой өзі.


– Оныңыз рас, «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деп пе еді, аталарымыз! – деп Тайбек көшелісіді. – Менің есімім – Тайбек болады ағасы, КазГУ-дің студенті.


– Тәжім. Жайсаң ауданы «Береке» совхозының шоферімін. – Бұл да Тайбекшілеп ресми танысты.


– Бәрекелді. Мені Бұқарбек деп сұрасаңдар, қарасулықтар түгел біледі. Ал, кеттік онда.


– Ал ағасы, мына Бұқарбектің ауылына соға кетелік, қонбасақ та қонақасы жеп дегендей… бел жазып аттанармыз... – деді Тәжім, Бұқарбек кабинаның есігін жапқан соң. – Бағана «Біреуге ғашық болудың өзі – шексіз бақыт екен» деген бір ғұуламалық ой айтып едіңіз, басыңыздан өткен ғашықтық әңгімеңізді шерте беріңіз. Тек, көңілсіз болмасын. Ақырында «мал малданып, жан жанданып, мұрат­тарына жетті» дегендей немесе «қойшы, әйтеуір, үйленетін болып келісіп, ұғыстық-ау» дейтін сияқты сәтті финал тілеймін. Серт алысып, сөз беріскен адамдардың үйленбей жатып, үйлеспей қалатыны жайлы әнгімені жаным жек көреді.


– «Басқа бермесін» дейсің ғой.


– Дәл таптың.


– Жарайды, мен саған әңгімемді ертең айтайын, Қарасудан шыққан соң. Қазіргі кезекті саған бердім. Сайрай бер, – деді Тайбек.


Тәжім жөткірінді. Алып тұлғасын түгел бұрып: «Әңгіме тыңдауға қа­лай едің?» дегендей серігінің жүзіне барлай қарады. Келіскен сыңайы бар.


– Танымай қалармын деп отырсың ба, маған қарағанша жол­ға қара. Ғашығыңды көргендей маған жалтақтаймын деп отырып, көк қасқаның төрт доңғалағын көктен келтіріп алып, әңгіменің үлкенін айта алмай жүрме.


– Жоқ-ә, сөз ұғатын адам ба деп қарағаным ғой...


Тәжімнің әңгімесі


– Өзі былай... – «Інім, «өзі былай» деген қыстырма сөзіңді бүгін жүз он екінші рет қайталағаныңды есіңе салуды парызым деп білдім» деді серігі мұны бірден ықтырып алайын дегендей. Өзі әңгіме айтқан кезде мұның жиі-жиі реплика тастағанының есесін қайтармақ). «Өзі былай» дегенді айтпасам аузыма сөз түспейді...


Мына көк қасқа машинаны алғанша тракторшы болатынмын. Күзде «Беларусыммен» сүрлемдік жүгері ордым. Ораққа аудан орталығынан келген бір топ қыздың біреуін маған көмекші ғып берсін. – «Ай десе – аузы, Күн десе– көзі бар» дейтін періштенің өзі. Менің міндетім – жүгеріні орып, турайтын комбайнды тракторыммен сүйрей беру, қыздың міндеті келген жүк машиналарына туралған көк балаусаны жаймалап, тиеп беру. Машиналар келмей қалған кезде екеуіміз аздап әңгімелесеміз. Бірақ сөздің шыны керек қой, сұлу қыздың мысы баса ма, әйтеуір, жарытып ештеңе айта алмаймын. «Адам – көріскенше» деген емес пе, бірер аптадан кейін екеуіміз тәп-тәуір сырласатын болдық. Ол серт байласып, сөз беріскен адамы барының, оның Алматыда оқуда екенінің бірде шет жағасын шығарған. «Шіркін, неткен бақытты адам, мынандай ақылы көркіне сай қызбен сөз байласқан» деп ойлаймын. Қызғанғанмен менде не амал бар, іштен тынамын баяғы. Менен бұрын қыз жүрегін біреу жаулап қойған соң, өліп бара жатсам да, қандай қақым бар! «Өз бақыты үшін күресе алмау – ең үлкен бақытсыздық» демеуші ме еді білгіштер, солай болса да жеңіліс табар, нәтижесіз күресті – мақсатсыздық және біле тұра ұрынуды өз арымның алдындағы опасыздық деп таптым.


– Сөзіңді бөлейін, бағана маған: «Біздер «не болды, қалай?» деген сауалдарға нақты жауап алуды ұнататын халықпыз», дегенді айтқан сияқты едің. Қысқарта айтуыңа бола ма, әне Қарасудың шамдары да жымыңдай бастады. – (Тайбек әңгімешінің өз сөзін өзіне көлденең тартты.) Иә, қысқарта айтайын.


Бір күні қызым жұмысқа шықпай қалсын. Кешке дейін не болғанын білмей дел-сал болайын. Жұмыстан кейін салып-ұрып, жатақханасына барайын. Жоқ! Қыздарынан сұрайын. Олар мардымды ештеңе айта алмады. Тек біреуі «ана жақта болар» деп өзенді нұсқады. Кел­сем, қызым жападан-жалғыз отыр. Екі көзі бұлаудай. «Айым-ау, не болды?» деймін. (Тайбек біреу жамбасына біз сұғып алғандай жалт қа­рады: «Кім дедің?»). «Айым» деймін. Есімі солай. Әдемі есім емес пе, ә? «Біреу ренжітті ме, айтшы» деп жалынамын. «Тәжім, бүгін оңа­ша қалдырыңызшы» деді жалынышты жүзбен. Амалым қайсы, іш­ім алай-түлей, өзімді айнала сауалдарға қамалатып, кері қайттым. Ол да жатақханасына түннің бір уағында оралды, мен де қосқа түннің бір уағында оралдым. Бірақ мен алыстан ғана, желеп-жебеп жүрген пір­леріндей өзіне көрінбей, сыртынан бақыладым. Бес-алты күн бойы дұ­рыстап тілдесе алмадық. Мен тракторымды жүргіземін, ол машиналардың қорабына саулап құйылатын балаусаны жаймалап үлгіреді. Ма­шиналар болмаған кезде ол айырына сүйеніп, тұрады да қояды. Мен темекімді бұрқыратып, қызыл тракторда омалып отырамын. Сенсең, достым, «не болды, Айым-ау, айтсайшы?» деуге шамам кел­меді.


Жүгерінің соңғы бір он гектардайы қалғанда соқырішек болып, ауруханаға түскенім. Операциядан кейін ертеңіне палатаға біреу кіріп келе жатыр. «Кім?» дейсің ғой. Айым. Сенесің бе, достым, мен дәл сол сәтте де соны ойлап жатқанмын. Бұл өңім емес, түсім шығар деп, өзіме-өзім сенбегендей, біраз жаттым. Сонан соң өзімді-өзім ұстауды ұмытып, «қалың қалай, Тәжім?» деп қасыма келген Айымның қолын алып, бетіме бастым. Қандай жұмсақ алақан десеңші! Ол сәлден кейін қолын тартып алды, сонан кейін сүрлем салуды бітіріп, кеше кешкілік осындағы үйіне келгенін айтып жатыр. Біраз отырған соң, кетуге ыңғайланды. Кетерінде мен оған: «Айым, қолың тисе ертең де келші... өтінемін... » дедім. Үнім бұзылып, сөздерім берекесіз шықты. Өмірімде бір адамның алдында... Өй, өзі былай, ұйықтап отырған жоқсың ба? Үнің шықпайды ғой. («Айта бер» деді серігі. Бірақ оның үні де бұзылып естілгендей көрінді Тәжімге. «Ұйқы қысып отырған болар» деп ойлады ол). Қыз аз мүдірді де: «Жарайды» деп шығып кетті. Ертеңіне ол келгенше көз ілген жоқпын. Ұйқылы-ояу күйде, бұрын-соңды басымнан кешіп, сезініп көрмеген ерекше бір халде жаттым. Сен айтқан: «Біреуге ғашық болу деген де – бақыттылық» дегенді мен сол сәтте-ақ сезінгем. Ол уәдесінде тұрды. Ертеңіне де, одан арғы күні де келді. Мен сауығып шыққан соң совхоз осы машинаны берген. Қолым қалт етсе орталыққа барып келе қоямын. Ол аудандық кітапханаға орналасқан... (Осы кезде серіктесі: «Сол, соның өзі!» деп қалды. «Не дейсің?» дегендей Тәжім де оның бетіне қараған. «Тойболдина Айым ғой, ә?» деп сұрады Тайбек).


О, бәрекелді, таниды екенсің ғой. Міне, тамаша. «Бірге оқыдық» дейсің бе? Өй, өзі былай, манадан неғып аузыңды буып отырсың? Міне, ғажап! Давай, онда келесі сенбіде тойымызға кел, салып ұрып. Дүріл­детіп өткізгелі жатырмыз... Келістік қой, ә? «Көрейінді қой». Өзім барып, сүйреп әкелемін...


Қай жеріне келіп тоқтап едім?.. Содан қойшы, осыдан он шақты күн бұрын ғана үйленетін болып шештік.


Әне, достым, махаббат туралы әңгіменің финалы осылай аяқталуы керек... Небәрі бір аптаға жетер-жетпес уақыт. Бес-ақ күн қалды. Бақыттан басым айналып, құлап қалып жүрмесем.


Өй, өзі былай, ояу отырғаныңды білдіріп, тіл қатсаңшы... Тайбек ағай, өй ағай! «Ұйықтаған жоқпын» дейсің бе? Саған мұндай әңгіме қызық емес, өйткені сен мендей ғашық болып көрген жоқсың, ешкім де көрген жоқ мендей ғашық болып. Керек десең, өз махаббатымды Жібегін сүйген Төлегеннің, Баянын сүйген Қозының махаббаттарынан сынық сүйем кем қойғым келмейді. Менің олардан артықшылығым да сол, біздің жолымызға көлденең тұрар Бекежан, Қодарлар жоқ, әйтеуір… Немене?!. «Айымыңның шын Төлегені мен Қозысы басқа шығар» дейсің бе? Аузың қалай барды?! Әй, сен де… әзілдің де орны бар емес пе?!


* * *


Тайбек әзілдеген жоқ еді, бірақ жаңа танысқан досын ренжітейін деген де ойы жоқ болатын. Дүниеде неше түрлі оқиғалардың боларына, адам басынан не бір қилы кезеңдердің өтеріне шек келтірмеуші еді ол. Бірақ өз тағдырының дәл осындай күйге ұшырарын ойлап па бұл жазған. Күні кеше ғана өмірлік боламыз деп уәде байласқанда қос жүрек ұғысқандай, қос тілек бір арнада ұшырасқандай көрінген бұған. Енді бүгін қараса – өмірдің ұлы жіңгір жарыс жолында мынау қасында отырған қапсағай денелінің маңдайы жарқырапты.


Сонан соң Тайбек «неге бұлай болды?» деген сауалдың жауа­бын іздегендей Айым екеуі қоштасқаннан бергі жарты жылдай уақыттың ұңғыл-шұңғылын тінтуге кірісті.


Бұлар хатты күн құрғатпай жазатын...


– Ағай, тағы қалғып кеттің бе? Тұр, Бұқарбектің үйіне келдік. – Тәжім оның ойын бөлді. Машиналар тоқтай салысымен, Бұқарбек үйге қарай жүгірді.


– Жігіттер, үйге кіріп отыра беріңдер, – деді бұлардың қа­сына дабдырлап қайта жүгіріп келген ол. – Жеңгелеріңді пер­зент­ханаға бүгін әкетіпті. Бәсе, деймін ғой сезіп едім... Мен қазір-ақ құстай ұшырып барып қайтайын. Әрі-бері қырық-ақ минут уақыт кетеді. Мына тұрған аудан орталығы ғой... Мен қазір-ақ.


– Жоқ, Бәке, – деді Тәжім. – Біз сені қуанышыңмен алдын ала құттықтаймыз. «Жол ақысы – жүрсе бітеді». Оның үстіне, мына жігітіміз де апасын сағынып келе жатыр екен, қалыңдығы да ауылда көрінеді.


Тайбекке бұл сөз әдейі айтылғандай көрінді. Бірақ үн қатқан жоқ. Тәжім қонбауларының тағы басқа себептерін үйіп-төкті.


– Мен де әне-міне үйленгелі отырған адаммын. Ал, келесі бір жолы міндетті түрде ұлыңызға «бауы берік болсын!» айтамын.


Бұқарбек әрі қарай дау айта алмады.


Көк қасқа машина сағынысқан жандарды тез жеткізейін дегендей айтақыр жолға түсіп алып, түн қараңғылығына шамының жарығын көк сүңгідей қадап, бойлай берді.


– Өзі былай, әңгіме кезегі саған келді-ау деймін, – деді Тәжім тағы бір шылымды тұтатқан соң. Енді қалған аз жолға көз іліндіремін деп арам ұйқы болмай-ақ қой.


Тайбек көп бәлденбеді. Бірақ әңгімеге зауқының онша болмай отырғаны да айқын еді.


Тайбектің екінші әңгімесі


Онымен үш жылдай мектепте бірге оқығанбыз. («Қалай, менің Айым сияқты өзі былай сұлу ма еді?» – Тәжім бір бүйірден ат қойды). Иә, тура сондай сұлу еді... Содан соң екеуміз екі жыл ауылда жұмыс істедік. Екі жыл бойы жұбымыз жазылып көрген емес. Былтыр күзде оқуға аттанып, мен түстім де, ол ауылға қайтты. («Өй, өзі былай, келте-келте қайырмай әңгімеңді дәмін келтіріп, дұрыстап айтшы. Анкеталық келте сөзіңнің керегі жоқ»). «Лирика мен философиялық толғаныстардың қажеті жоқ, деген өзің ғой...


Алғашқы күндері күн сайын хат жазысушы едік. Сағынғанымды, онсыз астананың көңілсіз екенін жазатынмын. Ол да сағынғанын, менсіз ауылдың көңілсіз екенін жазатын.


Біздің группада Шолпан есімді әнші қыз бар еді, екеуіміз үнемі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатынбыз. Бір жатақханада тұрған соң көбіне бірге барып, бірге қайтамыз. («Ә, жігітім, түсінікті болды. Әрі қарай Шолпаныңның сұлу екенін, ақылды екенін айтып, ақтал­мақсың. Бетіме ежіреймей-ақ қой. Ол – дәлел емес. Демек, сенің алғашқы сезіміңнің өзі – лай, махаббат емес. Шын ғашық адам басқаның өз сүйгенінен артық екенін мойындамайды, мойындаса да мойын бұра алмайды. Так что, ағатай жаман ініңе себепсіз дәлел айтпай-ақ қой»). Әңгіме тыңдай алмасаң, неге айт деп қинайсың? Бұл мәселеде өз жолың бола қалған екен. Онда елдің бәрін өзіңе қарап өлшеме. Сонымен, әңгімені аяқтап шығуға мұрсат бер.


Бір күні Шолпан екеуіміз кештетіп кезекті дайындықтан келе жатып, мектептес екі қызға ұшырасып қалдық. Қалыңдығымыз екеуіміздің жай-күйімізді бес саусақтарындай білетін тілектес қыздар. Екеуі де көздерінің астымен қарап өте шықты. Тоқтай қалып, соңымыздан қарап тұрғандарын да сездім. «Қарай берсін, өзімнің адалдығыма сенімді болған соң, жұрттың күдігін қайтемін» деп ойладым.


Әлгі екі қыз араға үш-төрт күн салып, біздің бөлмеге қонаққа келді.


– Сен, бала, байқа, айтып қоярмыз, – деді бірі маған ойнай барым­талап. Әзілкеш бір жігіт бар еді, соның: «Е, бұл Тайбекті қойыңдар, қалған көңіл, суыған жүрек қайта орнына келер деймісің?! Ауылда алтын асықтай қалыңдығы бар екен, бұл бәтшағар осындағы талай қыздың басын айналдырып үлгерді ғой. Университетті бітіргенше жан қоймас мына түрімен. Қыз көрсе, қызыл көрген мысықтай көзі жайнап кетеді-ау, шіркіннің» деп отқа май құйды. Әзілдеген түрі.


Менің альбомымды көріп отырған қыздар өз күдіктеріне көздері әбден жеткендей маған суық қарасты. «Бұлар да әзілді шынға баламас, түсінер» деп мен қойдым.


Бір кезде екеуі де альбомға қарап отырып, өзара сыбырласты да, күрт шешімге келді. Азын-аулақ студенттік дастарқанымыз­ға да қарамай көңілсіздеу қоштасып, шығып кетті. Содан кейін он күн өтті ме, жоқ па ауылдағы қалыңдығымнан келген хаттың бірін алғанда – төбе шашым тік тұрды. «Тайбек, енді хат жазып, өз құныңды түсір­мей-ақ қой. Хат жазсаң енді менің қолыма тимейді, өйткені адресім өзгерді, тие қалса оқымай жыртамын» деген бір ауыз сөз бен Шолпан екеуіміздің суретімізді салып жіберіпті. Және қандай сурет дейсің ғой, достым, мен Шолпанның бетінен сүйіп тұрған сурет.


Бірде группа студенттері болып Шолпанның туған күнін өткізгенбіз. Сонда ән салу жарысында озып шыққаным үшін той басқарып жүрген жігіт «Шолпанның бетінен бір сүю жүлдесін жеңіп алды» деп хабарлаған соң, ойын қызығы үшін сүйе салған едім. Шөт­кебас залым да менің сорыма сол сәтті суретке түсіре қойыпты. Ойымда дәнеңе жоқ, ол сурет альбомымда жататын. Енді сол сурет қалыңдығым жазған хаттан шығып отырған соң не сұ­рай­сың. Жүгіріп барып, альбомымды қарадым, сурет жоқ. Бар ке­селдің екі қыздан келгені белгілі болды. Отыра қалып «осылай да осылай» деп хат жаздым да құстай ұшып, екі қызға жеттім. «Айналайындар-ау, мына­ларың не сұмдық?» десем «Не сұмдық екенін өзіңнен сұрайық деп едік. Тыныш жүруің керек еді» дейді беттері бүлк етпей.


Содан бері он, он бес хат жаздым, арашаға Шолпанды шақы­рып, оған да хат жазғыздым, бірақ тырс еткен жауап жоқ...


Ақ-қарамызды анықтауға келе жатқан бетім осы еді...


* * *


– Иә, қиын екен, – деді Тәжім. – Бірақ достым, қамықпа. Осы жолы түсінісетіндеріңе сенемін. Біздің тойға мен екеуіңді де ертіп әкелемін әлі. Осылай аз-кем қиналып табысқан жандар мәңгі бақи ажырамайтын, тіпті арасынан қыл өтпейтін болады, дейді ғой.


– Жоқ, туысқан, кешігіппін. Енді өз бақытым үшін күрессем, тек қана біреуді бақытсыз ету арқылы бақытты бола алуым мүмкін... – Тайбек сөзінің аяғын айта алмай, түйіліп отырып қалды.


– Өй, өзің былай, қайдағыны айтады екенсің? Поезыңда келе жатып, бір жайсыз әңгіме естімесең, саған жол үстінде ауыл жаңалығын айта қоярдай ешкім ұшыраса қойған жоқ еді ғой.


Тайбек әңгімені тыңнан сабақтады.


– Бір сол үшін жолға шықтым. Бұрын-соңды кездеспеген мінез көрсетіп, вагонның жолсерігін алдадым. Аяулыммен қайта табысу үшін еді адамдық ақ жолдан аттап, асыққаным.


Бұқарбек те басын бәйгеге тігіп, қауіпті түні жолға шыққанда – ол да асығулы еді. Жарының есендігі, болашақ ұрпақты көруге деген әкелік сезім оны алып ұшқан.


Сенің келе жатқан түрің мынау, көк қасқаңды екі өкпеге тепкілеп. Бір сәт аялдауға да мұршаң жоқ. Болашақ жармен жүздесуге, онымен мәңгілік қол ұстасар күніңе асығулысың... Адамдардың бәрі асығыс. Анау түсінде әкесі аян берген Бұқарбектің тілегі орындалды ма? Ол бізге – белгісіз.


Менің тілегім ше, ол да – күңгірт.


Ендігі үміт сенде ғана, достым... Демек, адамдар қанша асыққанымен олардан өз тағдырлары бәрібір жүйрік пе деймін. – Ол ендігі әңгімеге зауқым жоқ дегендей шолақ пальтосының жағасына иегін тығып, құныса отырды.


Тәжім серігіне сұраулы жүзбен қарады да:


– Қой, жігітім, біз әр уақытта бір-бірімізге жақсылық қана тілеу­шілерміз ғой. Сондықтан, саған да айтарым, біздің тойға келгенде екеуіңді қайта табысуларыңмен құттықтайтын болайын. Сонан кейін бүгінгі аяқталмай қалған әңгіменің жалғасын сонда тыңдаймын.


Тайбек «тағы да сөйлеуге мәжбүр еттің-ау» дегендей жеңіл күрсінді.


– «Біз бір-бірімізге әр уақытта жақсылық тілеушілерміз ғой», дейсің бе? Мәселенің негізі осында тұр ғой. Ал бұл әңгі­менің жалғасын мен саған айта алмаспын. «Аяқталмай қалған әңгіме» дей сал! – Ол тағы да пальто жағасына иегін жасырды.


Бұл жолы «ештеңе ұқсам бұйырмасын» дегендей Тәжім күрсінді. Тайбек бір сөзі ұмыт қалғандай, тағы мұның бетіне қарады.


– Көрдің бе, достым, махаббат туралы бар әңгіменің соңы «мал малданып, жан-жанданып, бақытты өмір кешіпті» дейтін сәтті финалмен аяқтала бермейді екен. Мүмкін де емес. Адам атаулының бәрінің өмір жолы сайрап жатса, ол – «өмір» деп аталмас та еді...


– Ей, ағатай, осы сен бағанадан бері неге тығылмақ ойнап келесің? Аңқау басым, аңғарсамшы! – Көк қасқа машина кілт тоқтады. Тайбекке Тәжім батыр тұлғасымен қопарыла үстіне құлап келе жатқандай көрінді. Сапарласы да шофердің қабағы астынан суық ызғар шашқан жанарына тіктей қараған. – Сен көп сөзді қой да маған ғашығыңның атын айтшы!


Тайбек шындап тұйыққа тірелгендей. Не деп жауап бергені дауа? Сөйткенше, Тәжім өзінше байлам жасаған.


– Үндемейсің, ә?! Жарайды, бұны тағдырдың тәлкегі дейік. Бірақ мен сені де, оны да кінәлаудан аулақпын. Осыны ұқ!


– Мен де, – деді Тайбек ақ шаңдақ жолға қарап.


Көк қасқа бензовоз қалай кілт тоқтаса, орнынан да тез қоз­ғалып, арындай жөнелді. Сауырдан шашырап келе жатқан таңның сүт сәулесіне маңдайын төсеп, асыға зымырап бара жатты.



1984 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар