Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Жаза...

07.01.2016 2050

Кәдірбек Сегізбай: Жаза

Кәдірбек Сегізбай: Жаза - adebiportal.kz



469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


Аулымды бес-алты ай көрмесем аңсап, сағынып қаламын. Жар жағалап қоныстанған елу-алпыс түтіні бар, елеусіз де ескерусіз осы бір шағын мекендерге теңгерер ме екенмін?! Аулымнан дүниедегі сұлу қаланы қойып, дәл іргесінде тұрған совхоз орталығының да көшілгері екенін жан-тәнімен мойындай тұрсам да оған деген махаббатым бөлекше. Ол, мүмкін, сол жар жағасындағы борпылдақ май топырақта менің балалық шағымның куәсіндей болып, ізім жатқандықтан болар. Ол, мүмкін, осы бір қотыр шеңгел, сырдаң ши ғана өсетін жар жағалауын көруді өмірдегі ең үлкен мақсаты еткен баз біреулердің ғұмыр кешкеніне еліктеу де болар. Жоқ, әлде туған жер топырағының құдіреті, атамекен деген атаудың күші ме екен, әйтеуір көкірек қойнауының терең түкпіріне ұялаған осындай бір мөлдір сезім қашан да ауылға жетелейді.


... Ауылға таяғанда не заманнан бері жол жағасында жатқан сандық тасқа қараймын. Осы аймақты мекендеген жандардың нелер ғажайып сырларын астына жасырып, бедірейіп жатқан сияқты. Одан кейін сол тастың қкасындағы міз бақпай, мелшиіп тұрған жападан-жалғыз төрт құлақты шағын молаға көзім түседі, түседі де туған жерінің бір үйме топырағының астында бар дүниеден бейхабар, мәңгі тыныштық құшағында жатқан Қапсей қартты есіме аламын.


– Ана бір жылдарда арғы беттен асып келген бетінде біздің үйге келіп, қонақ болып аттанған Қапсей шал былтыр қайтыс болған. Марқұмның өсиеті бойынша осы сандық тас жанына жерлеген едік. Ағайын арасынан саяқ кетіп, сарсаңды өмір кешкен еді тірісінде, өлген соң да көзге шыққан сүйелдей қу медиен, құба түзге барып жалғыз жайғасты. Жақсы адам еді жарықтық. Әруағы риза болсын, жол кесіп өткеніңде тие берсін айтып, бет сипарсың, шырағым, – деп еді әкем бірде ауылға барғанда.


Бұл жолмен өткен сайын сол бір жанның өмір шежіресі ойыма орала береді.


«... Пәниден жетпіс жыл ғұмыр кештім. Сол жетпіс жылды аз жас демеймін, азапты жас болғанын айтам. Асарымды асап, жасарымды жасағандаймын. Бірақ қу жетпістің денінде жанымның жарақатты жүргенін айтам... Итшілікпен күн кешкен ұзақ өмірімде басымда пана, бауырымда бала болмапты. Құйын жел соқты кетті, менің де ғұмырым өтті кетті. Қайрат кетті қартайдым, өлермін деп өкінбен. Ұрының ізіндей жылға мен жықпылда қалып қойған есіл өміріме өкінемін. «Ғұмырымды ұзарта гөр» деп тағдырдан мәулет сұраман. Еншіме туған жердің бір уыс топырағы бұйырсын!» деп еді әкеме Қапсей қарт сол біздің үйге қонып аттанар алдында.


Мен ол кісіні қайтып көрген жоқпын. Сол жылы қыс ызғары кайтып, тобылғы басы бүрлегенде оралмайтын, ең ұзақ сапарға аттанып кетіпті.


Бұл жолмен өткен сайын сол бір үйме топырақ өзіне орасан қымбатқа түскен, жастықпен үйірден адасып, кешірілмес кінәсін егде тартып, еңкейген шағында аңдаған осынау адам тағдыры мені терең ойға шомдырды...


* * *


Ай жарығымен жалғыз жаяу таулы орманды сүзіп, ұзақ жүрді. «А құдай-ай, тілегімді бере көр! Шыр етіп жерге түскеннен шырғалаңға бастап, шыңырауыңа тастап едің. Тым болмаса өлер алдында жалғыз ғана тілегімді қабыл ет. Қасиетіңнен айналайын, туған жерімнің топырағын бір сүйіп барып өлсем арманым жоқ» деп ойлады түнгі жүргінші. Қарауытқан тау құздары қалғып кеткендей. Терең сайдан ұйқысынан шошып оянғандай байғыз шаң­қылдады. Даусы мұндай ащы болар ма, бүкіл жартастар да жаңғырыға үн қосады. Ол үңірейген қалың қарағайлы дүлей шатқалға үрке қарады. Тау өзенінің түнгі гүрілі тым айбынды, арқырап жер-көкті көшіріп жатқандай. «Жарықтық, аяқ жағын өзіміз жайлайтын Тастыөзен ғой» деп ойлады шал. Өзеннен аман өтсе, ар жағы Шағаноба – ел шеті. Аяғы өзеннің арғы жағасына бір ілінсе әскерлерге өзі барып білінбекші. Ол осы қатерлі жолға шықпас бұрын бәрін де өзінше бағамдап, өзінше болжаған. Ең әрісі өлім жазасына дейін бой ұсынған. «Кәрі сүйекті жат жұртта қалдырғанша өзі жаралған топыраққа апарып қоссам, бәріне де көндім» деп түйген. Алыстан қырық жылдай арман отындай жылтылдап, үнемі шақыра берген сол ізгі мақсаттың ұшығынан енді ұстаған сияқты. Қатарынан түн жамылып жортқан төрт тәулік оны діңкелетіп-ақ тастады. Шаршап, шалдыққан, оның үстіне екі-үш қатқан құрттан басқа нәр татпаған аш өзек бұрлықтырып, әл-қуатты алып қойған. Егер енді отырса, қайта тұрудың да екіталай екенін біледі. Сондықтан бар күш-қуатын жұмсап, шатқалдың арғы жотасына жетіп жығылуды арман етті. «Жайлаудың шөбі алсындап-ақ тұр екен. Мүмкін елдің алды көшіп келген де болар. Ондай атты күнге қолым жетсе, солардың біріне кіріп, әл жияр едім» деп ойлады ол.


Бұл түнгі жүргінші қартайған шағында туған топырағына жетіп қана өлуді армандап келе жатқан қарт Қапсей болатын.


Ол жылға-жылғаны қуалап, құлдилап келеді. Әлі жетіле қоймаған балапан қарағайдың бұтақтары бетті сипап өтеді. Әйтеуір, ай жарығы тас лақтырым жерді көрсеткеніне қуанды ол. Әйтпегенде мына шатқалдан жол тауып өтуі де неғайбыл екен. Шал әбден шаршағанда Тастыөзенге жетті. Ол еңкейіп кәусардай мөлдір судан жұтты. Сонан соң бетін жуды. «Шүкір құдайға, ризамын. Жеткіздің-ау, әйтеуір. Жеттім, жеттім... » деп күбірледі. Талай жылдан бері беріш болып қатып қалған сезімі де бұзылған сеңдей жібіп, жан дүниені шарпыған жалын қос жанарды кіреукеледі. Әппақ сақал дірілдеді. Шал ең соңғы күш-қуатын жинап, тізерлеп орнынан тұрмақ болды. Сол кезде он қадамдай жерден өзіне атылған әлде бір мақұлықты көріп, өне бойы мұздап сала берді. Тілін кәлимаға келтірмек болды. Бірақ оған үлгере алмады. Жаңағы мақұлық мұның есін жиғызбай білектен алды. Қолында қару, бойында әл жоқ жанның қолынан бар келгені дөңбекшіп жатқан тау өзеніне құлай кету ғана болды. Одан әрі жаңағы жыртқыш келіп, өзін бітеудей жұтып қойса да қарсылық етерге, оны сезуге дәрмені жоқ еді. Ол есінен танып бара жатып, иттің ызалана ырылдағанын, адамдардың сөйлегенін, аттың пысқырғанын естігендей болды...


Қапсей есін жиғанда ақ халатты дәрігердің алдында жатқанын бір-ақ көрді. Босағада қарулы қазақ солдаты тұры. Өзі арғы беттен өтісімен соңынан ізшіл итпен шекарашылардың түскенін, шала-жансар күйінде шегаралық әскери бөлімге әкеліп, дәрігерлік көмек бергенін де білген жоқ.


– Мен қайда жатырмын? – деді ол орнынан көтерілмек болып. Бірақ ақ халатты адам оған басқа тілде бірдеңе айтты да шалды иығынан басып, қайта жатқызды.


– Сөйлеуге болмайды. Қозғалмай жатып, тынығу керек.


Қазақ солдаттың тәржімалаған бұл сөзін естігенде өзі іздеп келе жатқан әскердің өзін ұстағанын білді.


– Айналайын-ау, мені неге... Арғы беттен шегара бұзып келген адаммын ғой!


– Оны жақсы білеміз. Бірақ қазір сөйлеуге болмайды.


Дәрігер емін жасап кеткен соң, шал әскер жігіттен жөн сұрағысы келді. Бірақ анау да сөйлеуге болмайтындығын ескертіп, тіл қатпай қойған.


Біраздан кейін оған таңғы ас әкелді. Иісі мұрын жарған тағамды көргенде оның тұла бойы, бар болмысымен «тамақ-тамақ» дегендей аңсары ас құйылған қалайы ыдысқа ауып сала берді. Түндегі арпалыстан кейін бір сәт тыным тауып, ұйықтап қалғандай болған ашқарақ тәбеті шыдатпай қос жанарын тағамға қарай қадалта берді. Дегенмен ол бар күшін жинап, өзін тежеп бақты. «Құда түсе келгендей болып, не бетіммен аламын асты? Қайта айналып келместей, көрместей өз туған жерімді талақ тастап, артыма тас атып кетіп едім, сонымның қарымтасы ма екен аспен атқандары? Жо-жоқ, ұялмай бұл асты ішкенше жерге кірсемші».


– Ақсақал, неге ішпейсіз? Жылдамырақ ыдысты босатыңыз.


– Рақмет қарағым. Мен ас ішіп, тоғайайын деп келген жан емен.


Жігіт «өзіңіз біліңіз» дегендей иығын бір қозғап қойып, ыдыс­ты алды да, шығып кетті. «Неге ішпедің жаңағы асты? Неге? Неге?» Ішті жайлаған аштық өткір тырнағымен іші-бауырын бүріп, онсыз да әлсіреген денені мазалай берді.


«Иә, солай еткенім жөн. Бұл өзімді жазалағаным болсын. Аңғалдықпен, ақымақтықпен өткен жастық шақ үшін бәрін мойнына алып, қалжырап, қаусап қалған лақса дене жапа шексін. Сонда ғана кінәмді ар алдында, өз арым алдында жеңілдеткендей болармын. Иә, осылай еткенім жөн.»


Ол төсекте бүк түсіп жатып, сол бір қараңғыға өзін сүйреп кеткен қарғыс атқан күндерді, бар өмірінің өкінішпен, қорлықпен өтуіне себепкер болған күндерді көз алдына әкелді...


* * *


Араларына алты-жеті ағайын аралап кеткен, бірақ та сырт көзге өзін бұлардың қамқоршысы, панасы ғып көрсетіп жүретін Кәріжан сол күнгі зауал шақта:


– Шырағым, әкеңмен бір дастарқаннан ас ішіп, тең өскен ағайын едік. Оның бер жағында екі туып, бір қалмасақ та тағдыр қосқан жұрағатпыз. Жау қолында жаутаңдатып, екеуіңді тастай алман. Елдің бас көтерер азаматын байлап-матап, итжеккен әкетіп жатса керек. Қызылдарыңның беті жаман... Жолға жинал, шырағым. Алла жар болса, бүгін үркер ауа ұзақ жолға аттанамыз. Ел іргесі тынышталған соң, оралармыз қайтадан, – деп еді. Кәріжан байдың қай жаққа бет алатынын да сұрауға батылы бармай, үнсіз келіскен. Өмір есігін ашып, дүниеге келгелі Жарлысудың жазығы мен аспанмен астас Сауырдың қарағайлы жонын ғана көріп, одан басқа бүкіл бір әлемнің барын ойламай өскен балаң жігіттің оң-солын пайымдауға мұршасы да келмеді. Өз әкесі Жанәділдің Кәріжан жылқысымен боранда ығып, үсіп өлгенін көрсе де оны бір құдайдың ажалы деп қана ойлаған. Әке қазасы үшін де қожайы­нын кінәлап көрмепті. Содан да жігіт Кәрекеңнің бүгінгі жылы сөзін жанашырлығы, тек қана қамқорлығы болар деп түйді. «Итжеккенге барғанша байдың дегенімен-ақ жүрейін. Дүниенің ақ-қарасын менен гөрі осы көбірек білер» деп ойлады ол.


Азын-аулақ шоқпытын буып-түйіп қойып, ауыл сыртындағы сандық тасқа барды. Іңір қараңғысы жаңа түсіп келе жатқан аққолтық алакеуім шақ еді. Бұлтсыз зеңгір аспанның түкпірінен жаңа туған жұлдыздар жапырласа үңіледі. Тарбағатай жақтан көлбеп ай туды. Қапсей сандық тас үстінде мелшиіп әлі отыр. «Бұрын көрмеген, естіп білмеген жаққа кетемін» деген әлдеқандай бір сезім оны елітіп, еліктіретін де сияқты. Дегенмен ол осынау боз қарағанды боз даласын, мынау ата-бабасынан мирасқа қалғандай көретін сандық тас жатқан аймақты, Сандықтас атты әке қыстауын қия алмайды. «Сандықтас – Қапсейлердің арғы атасынан келе жатқан өз қыстаулары» деген сөзді естігенде ол жерін Кәріжан қыстап отырса да, жұмыр жер үстінде інісі екеуінің де үлесі бар екеніне сырттай тоғайып, меншіктеніп жүретін. Сандықтастың Қапсейдің жері екенін Кәріжан да мойындайтын. Мойындап қана коймай, бір реті келгенде ол: «Әкеңнен қалған малды бөліп беріп, өз қыстауларыңа отау ғып шығарамын. Інің екеуіңнің бірлесіп жұрт болып кеткендеріңді мен де тілеймін» деп ауызша жарылқап қоятын. Сол күндерді аңсаумен, бай көңілін табам деумен жүргенде енді міне, белгісіз бағытқа аттанбақшы.


Сандық тас – атамекенінің мызғымас белгісіндей. Сондықтан да болар ол осы бір табиғаттың тілсіз қара тасымен жиі-жиі беттесе беретін. Әкеден айырылып, жетімдік тауқыметі тал шыбықтай балғын денені зіл болып басқанда да, байдан кейде-кейде зәбір көргенде де ыстық жасын осы тас бетіне төгіп, осында келіп өзімен-өзі. Қозы жайып жүріп өткізген балалық шағында да ол сандық тас үстінде ойнап, қой жайып жүріп өткізген бозбала шағында да осының үстіне келіп отырып, ойға бататын еді.


Ол тағы түнмен бірге тұнжырап отырды. Туған жерін, ата мекенін қимайды. Қапсей сандық тастың сұп-суық бетін қолымен аялай сипады. Тас – қашан да тас. «Кетсең одан әрі» дегендей сол баяғы томаға тұйық қалпы. Бұл ауылға оралғанда бай үйі де түйелерге жүгін артып болып калған екен. Аялдамай атқа қонысты. Таң атқанша қарағайлы тау қойнына сіңіп кетпекші. Бір-екеуі пілте мылтықпен, қалған жеті-сегіз жігіт сойыл, шоқпармен қаруланды. Қапсей осылардың ішінен інісі Көкенді көзіне түсіре алмады.


– Мен жерімді тастап ешқайда бармаймын. Арғы бет асатын біздің қай бір жер-көкке сыйғыза алмай жүрген байлығымыз бар? Оның үстіне қызылдар кедейлерге тиіспейтін көрінеді. Көнсең қозғалма, аға, – деген Көкен оған бүгінгі аттаныс жайын естігенде. Ағасы қанша азғырса да көндіре алмаған. Жай келсе мұның өзінің райдан қайтуын жалына өтінген. Қапсей Көкеннің бұл ісін балалық деп білген. Сөйткен де үн-түнсіз шығып кеткен. Енді міне, із-тозсыз жоғалтып тұр. Үй-үйге кіріп, дауыстаса да таба алмады.


– Е, тісі шыққан бала адасар деймісің. Жерін қимай жүрген ғой жаман неме. Біз Көктамырға ілікпей-ақ қуып жетер, – деген Кәріжан. Сөйткен де «Алла» деп атқа қонған.


Көш түн жамылып, ұбап-шұбап жолға шықты. Қапсей артына қарады. Қарауытып бара жатқан атамекеніне, қыстауына қарады. Сандықтас та бәз баяғы қалпында үнсіз, томсарған күйінде бүктүсіп жатып алған. Жаман ырым бастап, жеті түнде сиыр мөңіреп, иттер ұлыды. Бәрі де, жан-жануарға дейін ықтиярсыз, мұңды сияқты. Олар да жат ел, жат жерге бет алғанын сезгендей.


Кәріжан үш-төрт жігітпен бала-шағалы көшті және бірер қос жылқыны суыт жүргізіп жіберді.


– Қой-қолаңмен малтығып жүргенде колға түсерміз. Таң атқанша Күркелінің қалың жынысына жетсеңдер, ертең күн бата Қарабатпаққа қарай жол тартыңдар. Арғы бет асысымен бізді тосып ерулерсіңдер. Жан ұяда болса арттарыңнан бірер күннен кейін біз де жетерміз, – деп ол жігіттерге жолды түсіндіріп, қалғандармен ұсақ малды айдауға өзі қалды. Қабсей Көкенді тосып, артына жалтақтаумен келеді. Бірақ арттан келіп қосылған жан болмады. «Шын келмейтіндей болса жалғыз інімнен жырақ кетіп не марқадам табармын, ертең кешке қайтайын, әйтпесе жарық түскенше келіп қалар» деген үмітте болды.


Шынында жерге жарық түсе Көкен қуып жетті. Бірақ қасында он шақты жігіті бар. Олар қашқындарды қапыда қоршап алды.


– Аға, қайда барасың? Қайт кейін!


Өкпе тұсынан шыға келген жігіттердің ішінен Көкеннің дау­сын Қапсей тани кетті. Сөйткенше екі жақтан да пілте мылтықтар шаңқылдасып, иен таудың тыныштығын бұзды. Қапелімде абдырап қалған Қапсей екі оттың ортасына түскендей сезінген. Ол есін жиып бір шешімге келгенше оң аяғын әлде кім сойылмен салып қалғандай солқ еткізген.


– А-а-а-ға! А-дас-тың ғой! Қош!


Ол тосқауыл тұрған жаққа қарағанда аттан құлап бара жатқан Көкенін көрді. Одан кейін Кәріжан мылтығының аузындағы әлі сейіліп болмаған көгілдір түтінді көрді. «Көкеннің аттан құлап түсуіне себепші Кәріжан мылтығының кесапаты емес пе екен?» деген ой келді оған.


– Көкен! Көкешім! Жалғызым-ай, не болды? – Қапсей ат басын інісі жығылған төбеге қарай бұра бергенде:


– Тарт бері, жарбаңдамай! Ағасына оқ атқан шіріген жұмырт­қа жатсын солай! – деген байдың қаһарлы даусын естіді. Ол теңселіп барып, ат жалын құшты. «Сұмдық-ай, мына зымиян не дейді? Шынымен мені жаңа жаралаған өзімнің Көкенім болғаны ма?» деген удай бір ащы ой оның миын шағып өтті. «Жоқ, жоқ, мүмкін емес». Осы кезде тізгінді іле кеткен Кәріжан алға ұмтылды. Дүниенің әп-сәтте мұншама ойран-топыры шыққанына түсіне қоймаған Қапсей тек Көкеннен айырылғанын біліп, егіле берді. Ат шабысынан тұрған жел оның бетінен ұрғылап, көзінен тамған жас­ты өзімен бірге әкетіп жатты. Бір уақытта: «Көтер басыңды, егіле бермей! Өй, өңшең ат атандырып, сүйек сындырған, тумай кеткір ез немелер! Жарастыңдар, біріңе-бірің мылтық кезеніп» деп зекіді жанасалай шауып келе жатқан Кәріжан.


Қапсей бай сөзіне иланғандай. «Көзімен көрген соң айтқан болар» деп ойлады. Кәріжанның өздерінің артынан қуғыншы әкелген «опасызды» құртқан соң айта салған сөзі екенін ол білген жоқ. Олар «Байтал түгілі бас қайғы» дегендей шұбырта айдаған қой-ешкіні иесіз қалдырып, сол бетімен көшті қуып жетті де, күн-түн демей арғы бет асты. Дәл шекарадан өтерде тағы бір шолақ ұрыс болып, «кәпірге шоқынған» қуғыншылардың бірін Қапсей де жер құштырып кетті. Ол тұңғыш рет осылай адам өлтірді. Ол қапияда өзінің жал-құйрығындай жалғыз інісінен осылай айырылды. Жылдар өткен сайын тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмады. Өзі таңдап алған жолдың қаншалықты бұлыңғыр, тіпті азапты жол екенін білсе де елге қарай қайтып кетуге тәуекел ете алмаған. Қатты жапқан есігін қайта келіп ашуға ары шыдамаған...


* * *


Қапсейді жауып қойған есік-терезесі торлы шағын бөлменің құлыбы ашылып, ішке манағы қазақ жігіт кірді.


– Ақсақал, жүріңіз. Капитан Омаров сізбен сөйлескісі келеді.


Бірақ шал орнынан үш ұмтылып тұра алмады. Солдат жігіт оның қолтығынан демеп, орнынан тұрғызды.


– Алдымен берген тамақты неге ішпейсің? – деді капитан тұтқынға ызбарлы жүзбен қарап. – Наразылығың ба білдірген?


– Айналайын, қазақ баласы екенсің...


– Мен саған «тамақты неге ішпейсің?» деп тұрмын ғой...


Қарт тұтқын да қиқар екен. Морт кетті:


– Сөзімді бөлме, балам. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ». Тәніме тыныштық, жаныма сая іздеп келгенім жоқ. Ел шетіне жетіп өлу үшін арнайы кәрі сүйегімді сүйреп келе жатқан бейшарамын. Сен туған осы елде мен де туғанмын. Адасқан шығармын. Кешірім де сұрай келгенім жоқ. Әділ заң, ақ жазаңды іздеп келдім. Асыңды ішпесем, саған наразылығым емес, адасумен, азаппен өткен өз тағдырыма наразылығым шығар.


– Әділ жаза күтсең алдымен тамақ ішіп, әлденіп ал. Аштан өліп қалсаң, іздеп келген жазаңа қолың жетпей қалып жүрер. – Капитан есікте тұрған жігітке иек кақты да «енді сөзім жоқ» дегендей бір қағаздарға үңіле берді.


Ол екі-үш күн жатып әлденіп, ес жиған соң капитанның алдына тағы келді. Бұл жолы өзінің азапты жолдарын, бар қасіретін, бар шеккен тауқыметін шекарашыға түгел ақтарды. Шал сөзінің соңында:


– Қартайдым. Қу жанды сүйреумен, арпалысумен, алысумен алпыс тоғыз жыл ғұмыр кешіппін. Ендігі қызық өмір, бақытты дәурен маған қол емес, ұлым. Оны тілемеймін де. Бар өтінішім Жарлысуымды бір көрсеткен соң, жұрт алдында атсаңдар да мейілдерің. Мендей жанға осы ғана лайық.


– Жоқ, ақсақал. Сіздің кінәңізді заң салмақтайды. Соған орай жазаңызды аласыз. Ертең Өскеменге аттанасыз. Ал бүгін дем­алғаныңыз жөн.


Өзінен жауап алған жігіттің бүгін аяқ астынан кішіпейіл сөйлесіп «сіз» деп қалғанына шал тағдырыма жаны ашығандық болар деп ойлады. Бірақ ол капитанның екінші рет жауап алғанға дейін өзінің бар өмірбаянын зерттеп білгенін аңғарған да жоқ.


Ол сол күні ерекше көңілді еді. Туған жер топырағы мен ауасының иісін сезгендей болды. Терезеден солтүстікке қарады. Баяу соққан самал жел де сол бір сүйкімді иісті әкелгендей. Енді ол өзінің Жарлысуын, Сандықтасын бұрынғыдан да ынтыға аңсады. Көз алдына қыстауы елестеді. «Әлі тұр ма екен, шіркін? Әй қайдан болсын, орны да жоқ шығар. Көріңде өкіргір Кәріжан-ай менің де өмірімді қор қылдың-ау». Ол көз алдына тұра қалған оның бейнесін есіне түсірген. Ол сонымен бірге өзінің жат жердегі азапты жылдарын, өмірінің ең бір сұрқай кезеңдерін есіне алды...


* * *


Шыр етіп, жерге түскеннен бес батпан сорын өзімен бірге ала туған жан екен. Жайлаулығы, қыстаулығы бола тұра жазықта ері мойнына кеткендей Кәріжанның жалшысындай болып қалған әкеден ерте айырылды. Енді азамат болып, ес жиярмыз дегенде жал­ғыз сүйеніші Көкенін оққа байлапты, онымен қоймай, бұларға жол нұсқап, жөн сілтеп жүрген жазықсыз боздақтың бірін жер құштырыпты. Кәріжанның «інің саған оқ атты» дегенінің айла-шарғы екенін тіпті сол күні Көкен қолында шоқпардан басқа қару болмағанын – бәрін, бәрін де бұл жазған кеш естіп, кеш ұқты ғой...


Жат елдегі жаңа қонысқа келгенде де сол баяғы бай малының қамы деумен жүріп, қырқылжың жігіт шағын өткізіп алыпты. Отызға келіп, баяғыда өшкен әке түтінін түтетті. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» дегендей жазаласа да атамекенге жетейін деп жүргенде Кәріжан: «Малымды ұрлап, кеңес еліндегі ағайындарына өткізіп жіберді» деген жаламен соттатып тынды. Ол бес жыл түрмеде жатып, денесіне таңба бастырса да өмірден күдер үзген жоқ. Бірақ ол түрмеден босап, ауылға келгенде өзі кеткенде талпынып отырған ұлы шетінеп, әйелін Кәріжанның үшінші тоқалы ғып алғанын естіген.


Қапсей ежелден көкірегіне тас болып байланған кегін жібіту үшін бай ауылына жараған бурадай долдана ұмтылды. Тұқымын тұздай тоздырған «қамқоршысынан» кек алу үшін, өз өмірін құрбан етуге даяр еді. Ойлағанын түнде орындап, ел қайдасың деп бет түзеуіне де болар еді, оған түнді тосуға күші жетпеді. Екіншіден, «Ертіп барар ұрпағым да жоқ, өзім қайда өлсем де бәрі бір өлім емес пе?!» деген бір ой оған тағат таптырмаған.


Ол сол күні-ақ тапа тал түсте дегеніне жетті. Ақ қанжарды аю терісінің үстінде шынтақтап жатқан ата жауының кеудесіне сағақтата салды.


– Қапсей-ау, мені тірі қалдыра көрме, – деп етегіне жармас­қан бейбақ әйелін жат еркектің қорлығына тірідей шыдағаны үшін өңменінен бір теуіп шығып кетті.


«Ол сорлыны бекер-ақ жазаға ұшыратып кеттім-ау. Жазған міскіннің өзі де тірі өлік болып жүрген болар» деп ойлады Қапсей. Зайыбымен тұрмыс құрған азғантай жылдарын бақытты өткізді бұл. Қайсы біреулерге ұқсап, қатын-балаға қоқырақтай бермейтін әйелімен іш-шай десіп те, әй, көрмеген болар. Енді міне, тағдыр-тауқыметі қылша мойыннан болат құрсаудай қысқан шағында – онсыз да өлейін десе тұщы өмірді қия алмай, өмір сүрейін десе мынау сұрқай дүниеге сыя алмай жүрген құр сүлдені аяусыз жазалап кетті.


Ол сол сәтте-ақ ұсталып, өмірлік түрмеге қамалған. Қапсей сол кездерде туған жерді кезу туралы ойдан айнып, күдер үзе де бастаған еді. Өйткені ол күніне бір өлетін. Бірақ итжанды адам етінен ет кессе де оңайшылықпен ажал атты зұлматты мойындай алмайды екен. Кейде ол жынданғысы да келетін. Олай етсем ауыр азап, өкінішке толы өткен күндерді аз да болса ұмытармын деп қиялдайтын. Бірақ жындану дегеннің мүрдем құрып кету екенін білгенде өзін тежеп бағатын. Әйтпесе жындану деген ол жерде қолдан келетін іс сияқты көрінетін. Суға тиген кендір арқандай ширығып тұрған жүйкесін сәл босатса, естен тануға болардай елестер еді. Бірақ ол қанша азап көрсе де жігерін мұқалтпады. Жарық дүние­ге, бостандыққа деген құштарлық үміт сәулесіндей жылтыраған. Иә, ол сол жігерін жанымаса, өмір үшін күресін тоқтатар да еді, әйтеуір мұны бұл елге де біраз өзгеріс әкелген төңкеріс жылына жете алмас еді. Түрмеден ағарып шықты.


Қапсей айналмақ ауруға ұшыраған тоқтыдай бостандық алған соң да мәңгірумен күн өткізді. Оны қайсы біреулер түрмеден науқас болып қайтыпты десті. Томаға-тұйық, бірдеме сұрап, көмейінен әдейі суырмасаң сөз де жоқ, мәң болып жүріп алған. Бірақ оның сырласы атамекенінен соққан самал, солтүстіктен қайтқан құс, көз ұшында мұнартып жатқан Сайқан, Сауырдың қарлы шыңдары екенін шал жанын түсінетін бірлі-жарым көне көз қариялар болмаса, бөгде жұрт пайымдай бермейтін.


Ол ақыры «Қара ормандай қайысқан қалың елім жоқ. Өркенімді өрт шалған, тамырым күйген қу басым ғана қалды. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған мен сияқты шүйкедей шал кімге дәрі, кімге шікірә. Ағайын жоқ, ауылы алыста қалды. Бір күні олай-пұлай болып кетсем жүзімді жасырар жан шықса құлдық. Адас­қан қаздай ағайын-жұрттан аласталған адамға бірлі-жарым көз көргендердің «е, бишара!» деп мүсіркеуі медет болар ма?! Берекесі жоқ, бейнеті көп ғұмырға тойдым. Бір кезде адасумен алшақ кеткен, қасиетсіз де қадірсіз ұрпағын туған жер топырағы қабыл алса барып бас ұрайын. Енді кешіксем кәрілік ит аяғыма тұсау болар» деп шешкен. Сонан соң өз шешімі өзіне қанат болып, түнді-түн, күнді-күн демей ең аяулысы – Жарлысуына бет түзеген. Сөйтіп, ол ғұмырында екінші рет шегара бұзған...


* * *


Қапсейді Өскемен апарып, біраз тексерген соң көрген қызығынан қиындығы көп, азапты ғұмырын тұйықтауға жақын ауру шалдың қалған өміріне бостандық берген. Қарттың өзіне-өзі ұсын­ған жазаны олардың қабыл алмай, қайта алаңсыз өмір сүруге қамқорлық жасап, босатып жіберуі оған жазаның ең ауыр түрі болып көрінген. Сол жазаны өзі бір кезде талақ тастаған туған жерге барып өтеуді борышы санаған...


Автобус Шығысты бетке алып заулап келеді, бірақ қарттың көңілі одан әлдеқайда жүйрік сияқты. Өзінен бұрын жетіп, қырық жыл бұрын көрмеген аулын, туған жерін ойша шарлайды. Бірақ оның қазіргі келбетін көзіне елестете алмайды. Терезеден кең далаға үңіледі. Әне шалқар теңіз көрінді. «Апыр-ау, Зайсан көлі мұның бала кезінде екі бунақ болып, алыстан ғана жарқырап жатушы еді ғой. Мынау шексіз теңіз қайдан пайда болған?» деп ойлады ол. Шалқар теңіз көкжиекпен астасып жатыр. Толқын жағаны кеп соғады да көбігін аспанға атады. Қиқу салған шағала ақ толқынды бауырымен сызып ойнайды. Тұғыл деп аталатын балықшылар мекені болушы еді, орнын теңіз басып кетіпті.


– Қарағым, мынау шынымен Зайсан көлі ме? – деп сұрады ол қасындағы жігіттен. – Қырық жыл болды көрмегеніме, өз жерімді танымай келемін.


– Ия, Зайсан көліңіз осы. «Бұқтырма» деп те атайды. – Бірақ оны шал ұғына қоймады, «Бұл шынымен өз жерім болса, тәңірдің ісі де» деп ойлады. Теңіз адам қолымен де жасалады дегенді ол еш­уақытта ойлап көрген жоқ еді.


– Мынау – Жарлысу, – деді жігіт қартқа. Совхоздың бір бөлімшесі, сиыр фермасының орталығы.


«Жарлысу!» Ол орнынан тұрып кетті. Өз қыстауының орнына көп үйлер мен мал қоралары салынып қалыпты.


– Қарағым, мен түсіп қалайын, – деді Қапсей жүргізушіге.


Ол туған жерге табаны тигенде мас адамдай есеңгіреп тұрып қалған. Айнала жайқалған егін, адыр-адыр Кішкенетаудың сілемі ғана бәз-баяғы қалпынша, өзгеріссіз. Алыстағы ақ бас Сайқан да бұрынғысындай маңғаз. Міне, өзінің сандық тасы. Әлі суық, әлі сұлық қалпында жатыр. Қарт кәрі денесін сол суық тасқа басып, етпеттей құлады. Бірақ жылаған жоқ. Үн-түнсіз ұзақ жатты.


«Шыныменен, оралдым ба? Шыныменен мынау құшақтап жатқаным өзімнің сандық тасым ба? Қайран да менің ғұмырым-ай, жырақта жүріп өткізіп алған. «Туған жеріңді талақ тастама, өйтсең ол өзін сағындыру арқылы-ақ сенен өшін алады» деуші еді айналайын бұрынғылар. Өшіңді алдың, туған жерім. Өзіңді сағындырып-ақ аяусыз жазаладың. Топырағыңнан айналайын, құт мекенім, сен ғана емес, дидарларын бір көруді аңсап келген бұл заманның адамдары да мені ең ауыр жазаға кесті... Ол – «бостандық» деп аталатын жаза. Қалған жетімдікпен, жалғыздықпен өтер бостан күннің әр таңы ой азабын ала келіп, әр күнгі ой азабын тарттырып барып батар. Бұл қытай түрмесінің үрпіңе ши жүгіртіп, тырнағыңның көбесіне ине сұғар жазасынан ауыр болмаса, жеңіл тимес. Сені бір көрсетіп барып, адасумен өткен, әбден шаршап-шалдыққан кәрі тәнімді бейнеттен құтқарса деп едім... Өйтсе армансыз көз жұмар едім. Өйтпеді.


«Таспен атқанды аспен атқандай» қылды. «Туған ауылыңызда өзіңізге қамқорлық жасауын тапсырдық» деп жақсылық жасауы өз арымның жазасына тартқаны емес пе?! Бұдан өткен жаза жоқ сірә», деп ойлады ол.


Шал қол созып, туған жерінің қоңыр топырағынан иіскеді. Сонан соң дәмін татып көрді. Бір түрлі қышқылтым, кермек дәм жан-сарайда жатқан жылдар салған қасірет атаулыны бір серпіп тастағандай болды. Ол бәрібір бар мұратына жеткен адамдай өзін соншама бақытты сезінді. Өйткені оның құшағында туған жері, өз мекені жатыр еді.


* * *


Мен ауылға таянғанда жол жағасындағы сандық тасқа қараймын. Онан кейін сол тастың қасындағы айдалада жападан-жалғыз тұрған төрт құлақты шағын молаға көзім түседі. Көзім түседі де туған жерінің бір үйме топырағының астында бар дүниеден бейхабар, тыныштық құшағында жатқан Қапсей қартты есіме аламын. Өзі айтқандай, өмірге белгісіз келіп, белгісіз кеткен жанның туған жерге деген сағынышы жүрегімді сыздатқандай болады. Өмірі жылы сөз естіп, жылы қабақ көрмеген жанның азапты жылдардан құтылып, ұрпақсыз, ет-жақын ағайынсыз өтсе де өі жаралған топырағына келіп қайта қосылғаны үшін-ақ қамсыз, мұңсыз аттанған шүйкедей ғана, жүзін әжім торлап тастаған сол бір қарт есіме орала береді. Ерді еңіреткен менің Жарлысуымның құдіретіне таңданамын.



1968 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар