Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Жетім қонжық...

04.01.2016 5321

Кәдірбек Сегізбай: Жетім қонжық

Кәдірбек Сегізбай: Жетім қонжық - adebiportal.kz



images.jpg


Қыс бойы таудың барлық қолат-қойнауына боран үрлеп тастаған сүрі қардың әлі мұрты да бұзылмаған. Тек күнгей беткейлердің әжім-әжім жондары жалаңаш­танып, көктемгі күн шуағымен тармыса өнген көк айналаны ерекше жасыл бояуға малып алғандай. Еріген қар суы жылға-жылғаны қуалап келіп, біріне-бірі қосылған сайын күш алып, ұсақ қиыршық тастарды да сүйрей жөнеледі. Ал сай-саладан аққан лай су қыстау қоныс тепкен текшенің етегінде жатқан үлкен сайдағы бұлақ арнасына құлаған сәтте мүлде қуаттанып, қарақшоқылдана аунайды. Күн сайын түске тармаса күшейетін тасқын ауылдың жанынан үлкен өзен ағып жатқандай гүрілдеген дыбыс беріп, күн батқанша жағаның шымын кеміріп жеп, арындап бағады. Жаз баласы шылдыр-шылдыр, шүлдір-шүлдір етіп, мөлдір суы жағасына қалың өсетін жалбызды арнаны қуалай тым жуас қана ағар еді. Ал қазір айналадағы қар суымен осы бір мезгілде күшейіп бағатын тасқын тіпті тоқты-торымды ағыза жөнелердей қауқарлы. Сондықтан да Олжабай қойларын ертеңгілік қыстау желкесіндегі беткейге қарай өргізген. Әкесі де соны тапсырып кеткен.


– Олжатай, Секентай екеуің ертең қойды ауыл маңына, мына Қарашағылға қарай өргізіп келіңдер. Өзеннің арғы бетіне жаймай-ақ қойыңдар. Су қатты тасып кеткендей болса, бері қарай қайтадан өтулерің қиын боп қалар, – деген. – Төл отыққанша талмасын деп жазда өзен бойының жоңышқасын бөлек шауып, қалтарысқа маялап кетіп едім. Мен тракторыммен барып, қозы-лаққа соны алып келейін.


Олжабайдың көктемгі демалысқа шығып, мұнда келгені де кеше ғана болатын. Әкесі «Нивасымен» шауып барып, оны орталықтан алып келген.


– Бірер күн жатып демалсын да. Секентай екеуі ойнап, мауықтарын бассын, – деп шешесі бұлардың бүгін қой жайып келулеріне қарсылық білдіріп еді, тыным табуды білмейтін, өзгеге де тыным таптыра бермейтін әкесі:


– Айналдырған бірер апта демалысында қолымды Олжатай ұзартпаса, маған көмекке келер кім дайын тұр дейсің?! Ештеңе жоқ, Секентай екеуі өрісте жүріп-ақ ойындарын қандырып қайтады.


Расында да Олжабай мен Серікбол өрісте жүріп-ақ ойындарын қандырып қайтқан. Екеуінің атасы мен әжесі мал бағып өмір бойы мекен еткен осы Қызылқырқаны әкелері Тоқтасын жеке шаруа қожалығы деп ат қойып, айдар тағып, өзіне қаратып, жер иесі атанған. Бар байлығы – азын-аулақ қой-ешкісі мен сиырын, екі-үш мініс атын қыстау маңында бағу соншалықты қиын шаруа емес болатын.


Таң қылаң бере қорадан шығарған бетте әлі еркін тойына алмай, ашқұрсақтау болып жүрген қой-ешкі көк қуалап, бытырай жөнелген. Еріген қар астынан көрінген ескі шөпке мал көп қарамайды, ал жаңа өніп келе жатқан көктің қылтиғаны қанағат боларлықтай емес. Әсіресе ешкі баласы сол көк шөпті іскектей жұлып, заулап береді дейсің. Өздері ғана заулап берсе арман не, соңдарынан қойларды да бытыратып ерте кететіндері жаман. Туғалы малмен көзін ашып, әкесінің қасынан қалмай, көбіне отардың маңында жүретін біздің Олжекең де мұндайда не істеу керектігін жақсы біледі. Топ-топ болып бытыраған қойларды қайырамын деп шаршамайды. Отары алақандағыдай көрінетін бір биіктің төбесіне шығып алып, дүрбі салып отырса болғаны. Тек қойды бала-шаға немесе жаяу қойшы баққан кезде жыра-жылғамен баспалап келіп, бас салатын ит-құсқа абай болу керек. Ондайда құрқол малшы еместігіңді білдіріп, құс мылтықты анда-санда бір шаңқ еткізіп қойсаң жетеді. Өріске малмен бірге шығып, малмен бірге қайтуға әбден үйренген, былайша айтқанда, ас-суларын адалдап ішіп жүрген қос сарала төбет те малды ит-құсқа оңайшылықпен бере қоймайды. Екеуі де тышқан ауласа да мал төңірегінен ұзап кетпейді. Төлдері қорада қалған қой-ешкі де сол бытыраған қалпы ұзап кете бермейді. Біраз арындары басылған соң сиыр түстің кезінде «Қозы-лақтарымыз ашығып қалған жоқ па екен» дегендей жамырай маңырасып, ауылға қарай шұбырады.


Екеуі биікке шыққан соң аттарын тұсап қойып, әңгімеге кіріскен. «Кіріскен» дегенімізбен, Олжабайдың екі көзі жотаның айналасындағы сай-салада бытырай өріп жүрген малды жіті бақылап отыр. Қолына ұстаған әкесінің дүрбісі көз көрім жердегінің бәріне де аяғының алдына алып келеді. Бір-біріне секіре ұмтылысып сүзісіп жатқан екі серкешті де, Ақкезеңге қарай бөліне жайылып бара жатқан бір топ қойды да анық көріп отыр.


– Мен шауып барып қайырайын, – деді Серікбол да орнынан тұрып. – Әлгі екі ит те көрінбейді. Әйтпесе солар-ақ қайырып келер еді. Ұшар, Жетер! Кә-кә!


Ол үзеңгісіне аяғы жетпейтін болған соң аласалау тастың үстіне шығып барып, кер құнанына мініп алған соң осылай деп кіжінген.


«Өзі күзден бері де тәп-тәуір өсіп қалыпты, ақыл тоқтата бастаған ба, қалай», деп ойлады Олжабай құлдилай шауып бара жатқан інісінің соңынан қарап отырып. Шынында да Серікбол бұрынғыдай «Жаңбырдың суы аспанға қалай жиналады?», «Күн батқан кезде жердің астына түсіп кете ме?» деген сияқты қиюы қашқан қисынсыз сұрақтар қоя бермейтін болыпты. Келер күзде мектеп табалдырығын аттайтын болғаннан кейін бе, қазір ертеңгі шәкірттік өмірді көбірек білуге құштар. «Мұғалімдерің ұрыспай ма?», «Бірге оқитын балалардың ішінде достарың көп пе?» деген сияқты біршама тірлікке жақын мәселелерді білуге құмарта бастапты. Бағана жотаның басына шыққан бетте Олжабайды таң қалдырып, бір қызық әңгіме бастаған.


– Көке, десе, қандай жұмыс істеген кісінің ақшасы көп болады?


– Е, оны қайтесің?


– Жай әншейін. Әкем мен тәтемнің ақшалары үнемі жетпей жүрген соң айтқаным ғой... Анау «Шөп шапқанға, бақшамыздың жерін жыртқанға жақсы болады, ешкімге жалынбаймыз» деп алған кішкене қызыл тракторының ақшасынан жақында әрең құтылды. Үш өгіз, екі сиырды саттық. Қалған ақшасына деп тағы да төрт қой берді... Оның үстіне, ескі трактор ғой деймін. Ол пәлесі сына береді. Жөндеген сайын не бір, не екі қой кетеді. Содан, былтыр төлімен екі жүзден әрең асқан малымыз тағы азайып кетті. Бізге жақындап кеткендердің бәріне де не қой, не семіз тайынша керек. Ешкі-лақты менсінбейді. Бәріне бір-екі қойдан үлестіріп бере берсе, онда мал қалай көбейеді?!


– Е, қойдың, сиырдың көбеймегенін уайымдап жүр екенсің ғой, – деген Олжабай інісіне қарап. Расында да бұл ес білгелі әкесінің ұйқы-күлкі көрмей жүріп өсірген қойы осы шамадан, екі-үш мініс аты мен сиыр малы жиырмадан асып көрмепті. Алатын жем-шөбі, отын-суы, киім-тамағы бар дегендей, үш-төрт қара сатып, қаражат қылғанмен, күнделікті тіршілігімізге еркін жетеді дейтін молшылықты бұл әлі көре қоймапты. Осыдан бір-екі жыл бұрын алған ақ «Нива» машинасының қарызынан әрең құтылып еді, енді трактор аламын деп тағы қарызданыпты.


Көктемнің күні түске тармыса сүрі қарды жібітіп, сай-саладағы лай су тағы да екпін ала бастаған тұста екі ұл қойларын қораға қарай құлатқан. Төлдеріне асыққан саулықтар айналаны азан-қазан ғып, ауылға қарай жүгірген. Қозылар қыс соңына қарай туып, аяқтанып қалғандықтан, оларды қора сыртындағы кең аулаға жамыратып жүргенін де Серікбол бағана ескерткен. Ақ, қара, қызыл дегендей әр түсті ұсақ төл үйдің есігі ашылған бетте сыртқа лап қойды. Қозы-лақ, қой-ешкінің жарыса маңыраған шуылы тұтас бір әуен сияқты естіледі. «Қойлы ауылдағы көктем әуені» деп ойлады Олжабай өзіне әбден етене таныс мынау у да шу дыбысты сағынып қалғандай.


– Құлындарым, шөлдедіңдер-ау, әбден. Тамақтарың да даяр тұр, – деді тысқа жүгіріп шыққан шешелері. – Әлгі әкелерің де әлі жоқ. Жон жақтың қары ерігенімен жолы лайсаң шығар. Тракторы батпаққа батып қалып, сорлап жүрмесе. Қозы-лаққа жететін жоңышқаны атқа теңдеп-ақ әкеле сал деп едім, тыңдады ма?


Екі ұл тамақтарын ішіп, біраз ұйықтап тұрғанша да әкелері келе қоймапты.


– Жүр, қойды қораға кіргізіп, қозы-лақты қағып алайық. «Төлді өріске шығаруға әлі ерте. Өкпелерін суық қармайды» деген әкем, – дейді Серікбол тақ-тақ етіп.


Екеуі қораның есігінен төлдерді қағып іште қалдырып, қой-ешкіні өріске беттеткен кезде жоғарғы жол жақтан кішкентай тырқылдақ трактордың тық-тық еткен дыбысы естілген.


– О, келе жатыр, – деді екеуі де жарыса.


Доңғалақтардан шашыраған батпақтан «бет-аузы» көрінбейтін, бұлар «қыт-қыт» атап кеткен кішкене трактор әлі жап-жасыл түсі оңа қоймаған жоңышқа тиелген қос доңғалақты арбасын сүйреп, қозы үйдің алдына кеп тоқтаған кезде екі ұл да оның жанына жеткен.


– Иә, қалай, жігіттер, малдарың аман ба? – деді әкелері тракторынан түсіп жатып. Аса көңіденген кезде немесе бұлардың ісіне көңілі толған кезде «ұлдар» не «балалар» демей, осылайша екеуін көтермелей «жігіттер» деп қоятын әдеті. Өзі өте көңілді. – Менің сендерге не әкелгенімді білесіңдер ме? Әрине, білмейсіңдер.


Ол кабинадан ескі күртешеге оралған әлденені алып шықты. Алақандай ғып қана ашық қалдырған саңылаудан түймедей ғана тұмсық, сонан соң, тағы да қос қара түймедей жылт-жылт еткен екі көз көрінді.


– Мынау не? Мысық па? – деді оған қолын соза берген Серікбол.


– Күшік қой деймін, – деді Олжабай.


– Қазір үйге барған соң көресіңдер. Мал ұзамай тұрып, екеуің бір ешкіні ұстап алыңдар да, сүтін сауып әкеле қойыңдар. Жарты ыстақандай болса жетеді.


– Алдымен көрсетші, әке, – деп Серікбол өтініш айтты.


– Онда қызығы болмайды. Сүтті алып келген соң көресіңдер. Ыдыстарыңды тазалап, жуып алыңдар.


Бұдан кейін әкелерімен тәжікелесіп тұрғанмен, ештеңе өнбейтінін жақсы білетін екі ұлдың бірі ыдыс жуып әкелу үшін үйге қарай жүгірді де, екіншісі ешкі ұстап алу үшін өріске қарай ұмтылды. Әкелерінің бұларға қандай хайуанның баласын алып келгенін білуге деген құмарлықтан ба, әйтеуір тапсырма сүт пісірім уақытқа жетпей орындалды. Екі ұл үйге жарыса кірген. Шешелері қозыларға сүт беретін кішкене шөлмек пен резеңке емізікті жуып тұр екен.


Әкесі де бейғам. Түскі асын ішуге үстел басына қонақтапты.


– Қайда?! – деді Серікбол қолындағы сүт құйған кішкене кәтелшені жерге қойып жатып. Өйткені жұмбақ тіршілікті орап әкелген көне күртеше қобырап, бір бұрышта жатқан.


– Сендерге бір тосын сыйлық жасайын деп әкеліп едім… Қашып кетті, – деді әкелері жайбарақат қана. Серікболдың өңі бұзылды, ал Олжабайдың аузы аңқиған.


– Кереуеттің астына кіріп кетті. Байқаңдар, тағы неме қолдарыңды тістеп алмасын.


«Кереуеттің астына» деген сөзді ести салысымен кідірмей еңкейіп, төсектің астына үңіле берген Секентай «тістеп алмасын» деген сөзді естір-естіместе лып етіп, қайтадан атып тұрды.


– Қане, Олжатай, сен алып шық оны. Желкесінен ұста, – деді әкесі тамағын ішіп отырған күйі. Олжабай кереуеттің астына тығылып алып, екі көзі жылтырап жатқан белгісіз мақұлықтың желкесінен еппен ұстады. Жүнін айналдырып қойған тері қолғаптан аумайтын мақұлық күшіктің қыңсылағанына да, мысықтың мияулағанына да ұқсамайтын, қожылдай ыңыранғандай түсініксіз бір үн шығарған.


– Әке, мынау аюдың қонжығы сияқты ғой. Мұны қайдан тауып алдың? – деген Олжабай қолындағысын әлі желкесінен ұстап тұрған қалпы.


– Оның сендерді тістейтіндей шамасы жоқ қазір. Бишара өлуге шақ қалыпты. Алдымен жылытып, сүт беріңдер. Аздап қана. Әйтпесе аш өзегіне түсіп, өліп кетер. Оның үстіне, үйренбеген астан ауырып қалуы да мүмкін. Жарты сағат сайын үш-төрт қасықтан артық бермеңдер. Секентай, сен атыңа мініп, малыңа бар. Олжатай, кешке дейін қонжығыңды күтіп-бақ. Қолыңа көп ала берме. Кісінің алақанының жабайы аңға жақпайтын уы болады. Ал мен шөпті төбеге шығарып, қозы-лақтың алдына аздап шашайын. Олар да отыға берсін. Әңгімені кешкілік айтармыз, – деп әкелері орнынан тұрған.


Серікбол қонжықтың жанынан кеткісі келмей, жан-жағына жалтақтап еді, оның сылтау айта алмай қыбыжықтап тұрғанын түсіне қойған Олжабай өз ұсынысын айтты.


– Малға өзім барайын, әке. Бытырап кеткен де болар.


Ол әкесінің шешімін күтпей-ақ киімін киіп, тысқа бет алған.


– Сөйте ғой, құлыным, мына неме малды қайыра алмай жүрер, – деп шешесі Қойсын да оны қостап қойды.


– Үйдегі шаруаны сәл ыңғайлаған соң өзім де барамын ғой. Қонжықтарыңды екеулеп бағарсыңдар сонан кейін.


Әкелері Тоқтасынның бұл сөзін Олжабай есіктен шығып бара жатып естіп қалған. Қуанып кетті. Інісі Секентайдың көңілі үшін ғана болмаса, өзінің де баланың құлақшынындай ғана, жұп-жұмсақ, әрі сонша сүйкімді, әрі сонша бейкүнә қоңыр қонжықтың қасынан кеткісі жоқ еді.


Шынында да отар біраз бытырап кетіпті.


– Ұшар, Жетер! – деп айғайлады Олжабай. Отардың бергі жақ шетінде жүрген қос төбет бұған жалт қарады. – Ана қойларды қайырыңдар деймін, барыңдар қане!


Иелерінің не бұйырғанын ұға алмады ма, әлде ерінді ме, қос төбет біресе бұған қарап, біресе жайылып жатқан қой жаққа жалтақтап біраз тұрды да, әйтеуір бір бұйрықтың болғанын түсінгендей тауға қарап, әупілдеп үрген болды.


– Өй, арамтамақтар, сол! Әкемнен басқаның бұйрығын тыңдағыларың келмей ме?! – Ол шауып бара жатып, иттерін айтақтап еді, екеуі бүгінігі иелерінің не демегін жаңа ұққандай бұған ілесе жүгіріскен. Екеуі енді бірдеңе түсінер ме екен дегендей, атының басын тежеп, қайта бұйырды. – Қайырыңдар деймін, ана қойларды! Айтақ-айтақ!


Екеуі ұзаңқырап кеткен қойдың соңынан арсылдай ұмтылысқан. Бұл атының басын тартқан кезде қос төбет те бөліне жайылған қойлардың алдарын орап барып, қайтадан қуған. Сол дүркірете үркіткен бойы отарға апарып қосты да, «мұнымыз қалай?!» дегендей, құйрықтарын бұлғаңдатып, аяңдап келе жатқан Олжабайдың алдынан шыққан.


– Жарайсыңдар! Маладес! – деп ол қалтасынан алып, екеуіне екі бауырсақ лақтырған. Екеуі де бауырсақты жерге түсірмей қағып алды да, бір-ақ қылғытып көздерін сатып, құйрықтарын бұлғаңдатты. Тағы дәметкен түрлері.


Малын жинақтап болып, өзі де аттан түскен кезде шүкір сарысын жіті аяңдатып әкесі де жеткен.


– Қайта ғой үйге. Біраз дем ал. Шешеңе көмектес.


– Әке, қонжықты қайдан таптың? – деді Олжабай кешкі әңгімені тосуға шыдамы жетпей.


– Шөбімді тиеп болған соң, орманнан екі-үш сырғауыл қиып алайын деп сайға түскенмін. Обалы жібермегір, әлде бір аңшылар атып алса керек, терісі сыпырылған аюдың жемтігіне жолыққаным. Қасқыр жеп, қарға-құзғын шоқып қаңқасын ғана қалдырыпты. Өзенді өрлеп біраз жүріп едім, қарағайдың түбінен қазған аюдың апанына жолыққаным. Баспалап қарасам, ыңырсыған жаңағы қонжықтың үнін естідім. Кірекейдің кірген-шыққан ізі жоқ. Оққа ұшқан аюдың осы апанның иесі екенін білдім. Қонжықтар екеу екен, біреуі аштан өліп қалыпты. Тіршілік иесі ғой, бір қайыры болар деп, тірі қалғанын сендерге алып келдім.


Олжабай торы төбелін тебініп қалып, үйге қарай желе жортып жөнелген. Иесі көктемгі демалысқа келгенше мініс көрмей әбден тойынып, ауыздығымен алысып тұрған дөнені шабыс сұраса да бала тізгінді тарта ұстады. «Есті азаматқа ауыл арасында тасыр-тұсыр шапқылап жүру жараспайды, ол – жаман ырым» деген әке ескертуін ұстанған түрі. Әйтпесе, жетім қонжыққа жеткенше асық еді.


«Адамның алақанының уы болады» дегеннен қорытынды шығар­ған түрі болса керек, Секентай құйттай қонжығын әлде бір шүберекпен құндақтап, құшақтап отыр екен. Қабырғадағы сағатқа жалтақ-жалтақ қарап қояды.


– Әбден ашығып қалыпты. Еміздіктен айрылғысы келмейді. Енді бес минуттан кейін сүтін екінші рет беремін, – деді ол аюдың баласынан басқа дүниені түгел ұмытқандай.


– Қанша сүт бердің?


– Екі-үш рет қана сорғызып, шөлмекті алып алдым. Әйтпесе қанша берсең де іше беретін түрі бар.


Қонжыққа ешкі сүті балдай батып, судай сіңген соң екі ұл ертеңіне-ақ оған беретін сүттің мөлшерін аздап көбейткен. Ішіне ел қонғаннан кейін үйдің бұрышына тастаған қой терісінің үстіне барып, дөңгелене жатып, ұйқы соғатын болған. Құрттай болып алып, өзі де қу, сүт беріп жүрген Серікболға тіпті бауыр басып алыпты. Үйдегілердің төрт көздері түгел отырғанда да ол жаңылмай Серікболдың аяғының астына барып жатады. Кейде үлкендігі бал қасықтай ғана қып-қызыл тілімен оның аяқ киімін жалайтыны бар. Қос жанарын жылтылдатып, иесі үйге кірген кезде домалаңдап, соған қарай жүгіретінін қайтерсің.


– Әй, мынау сені енем екен деп жүр-ау деймін? – Олжабайдың бұл сөзіне шешелері жауап берген:


– Бауырына кім басып, тамағын кім берсе, соны пана көреді де бұл жазған.


– Әке, мына қонжық тіпті кішкентай ғой. Қалай бұл үлкен аю болып өседі? Әлде шала туған ба? – Серікбол қойған бұл сауал Олжабайдың да көкейінде тұрған.


– Иә, осы құрттай қонжықтарың аман-есен өссе, өгізді бастан бір ұрғанда-ақ миын аузына түсіретін қаһарлы жыртқышқа айналып шыға келеді. Енесі кірекей тірі болғанда, бұл екі жыл бойы жанында жүріп, өмір сүрудің қыр-сырларын үйренер еді. Енесі жоқ, бірақ енді Олжатай жазғы демалысына шыққанша Секентай оған өзің «ене» бола тұрасың, – деп әкелері кіші ұлына қарап жымыңдаған. – Ал бұл шала тумай-ақ әбден жетіліп туған, тіпті туғанына кемі бір, бір жарым ай болған сияқты. Себебі қонжықтар енелері қалың ұйқыда жатқан кезде иттің күшігіндей болып қана туады дейді білетіндер. Шамасы ақпан айының ортасында көздерін ашпаған қалыптарында туады екен. Кірекейдің түбітті қалың жүніне оранып алып, емшекті сорып жата берсе керек қой. Енелері наурыз айының ортасынан аса бере ұзақ ұйқыдан оянған кезде көздерін ашып, айналасында тырбаңдап емшегін рұқсатсыз еміп жүрген өз ұрпақтарымен сонда ғана танысады екен.


– Құнан бұқадай үлкен аюдан қол басындай қонжықтардың туатыны қызық екен, – деп Олжабай әлі де түсінбеген сыңай танытқан. Оған әкесі:


– Жаратушы шебер ғой, ұлдарым. Қыстай апанында аш жатып, жинаған майы таусылар шақта кірекей үлкен қонжықтар тапса, оларды тойғыза алмас еді... – деп, ол орнынан тұрған. – Жарайды балалар, әзірге бір-екі ай ешкі сүтімен асырайық, сонан кейін тағысын тағы көре жатармыз, – деген.


Құралай


Соңғы, төртінші тоқсан да жылдай созылып, әрең таусылды-ау, әйтеуір. Олжекең орталықтағы өзі тұрып-оқып жатқан нағашы атасының үйіндегі телефонға ертелі-кеш маза бергенді қойған. Әрине, анау-мынау емес, дырдай бесінші сыныпта оқып жүрген үлгілі оқушы­лардың бiрі болғандықтан, алдымен әке-шешесінің аман-саулығын, сонан соң, інісі Секентайының хал-жайын, қоңыр төбел дөненінің жай-күйін біледі. Одан кейінгі сөйлемдерінің бәрі де Құралай-қонжық­тарына арналар еді: «Мен кетерде іші ауырып қалып еді, қайталаған жоқ па?», «Сүттен басқа тамақ ішуді үйренді ме?», «Екі ит оны көргенде ырылдап, айбат шеккендерін қойды ма?» – міне бүкіл бұрынғы кеңшар орталығы мен таудың бір қуысын жалғап тұрған жалғыз телефон байланысы мән-маңызы шамалы осындай кенеусіз әңгімені әрі-бері күн сайын тасымалдайтын.


Олжабай ауылдан мектебіне ертең жүремін деп отырған күні қонжықтарының іші ауырып қалған. Сонда Олжабай Серікболға:


– Әй, «Сүтті бір бергенде жарты шөлмектен асырмаңдар» дегені қайда әкемнің? – деп қонжықтың күтімін біржолата өз қолына алып жүрген інісіне дүрсе қоя беріп еді, оның өз кінәсін мойындамасқа лажы қалмаған.


– Тезірек тойынып, тезірек өссе деп ойладым...


– Жарайды, бірер күн сүт бермей өте сұйық қара шай ішкізіңдер. Ол да шөптен жасалған ғой, – деген әкелері. – Бірақ қозы-лақтың іші ауырғанда беретін дәріні беріп қоймаңдар. Тағы неме уланып қалар.


Әйтеуір, қоңыр қонжық екі күн бұратылып жатып, қайтадан «тіріле» бастаған. Өзінің бір әрекеті сәтсіз болған соң Секентай да аюына сүтті байқап-байқап беретін болған. Туа сап лағы өліп қалған бөрте ешкі жақсы болды. Күніне екі уақыт сауып алған сүті қонжыққа бес-алты рет жылытып бергенге еркін жететін.


Бір күні Серікбол кешкі тамақ ішіп отырғанда:


– Қонжығымды не деп атаймыз? – деген сауал қойған.


– Бұл да қыз-қонжық қой. Құралай деп атасақ қалай болады? – деп Олжабай әкесіне қараған. Ол өзі осы ойға кешелі-бері бекігенмен ешкімге ештеңе дей қоймаған. Себебі сыныптарындағы ең сүйкімді, ең ақылды қыздың есімі солай болатын. Өзі жиірек сөйлесіп, соның төңірегінде көбірек жүруді қалай беретін болған­дықтан ба, әлде үйіне келген кезде де Құралайдың атын үнемі атап жүргісі келгеннен бе, әйтеуір осы атауды ұнатқан.


– Неге бұлай атағың келеді? – деп сұрады шешесі.


Олжекеңнің құлағына дейін қызарды.


– Құралай сияқты сүйкімді болған соң... Ол шынын айтқан. Бір қызығы әкесі де оны қоштай жөнелді.


– Рас айтады, құралай сүйкімді төл ғой. Ақбөкеннің лағын «құралай» деп атайтынын біледі екенсің ғой, – деді ол Олжатайының басынан сипап. – Кинодан көрдің бе, әлде кітаптап суретін көрдің бе?


Олжекең әкесінің қай құралайды айтып отырғанын енді білді де қалың шөптің арасында бұғып жататын бөкеннің лақтарын теледидардан көргені бар еді, оларды «құралай» деп атайтынын жаңа ғана білсе де әкесіне «иә» дей салған. «Жоқ, біздің сыныпта Құралай дейтін сүйкімді қыз бар» деуге ұялды.


– Құралай дейтін қызыл төс торғай сияқты құс та болады, – деді әкесі. – Жаз шыға, кешігіңкіреп келіп «бю-пил, бю-пил» деп сайрайды. Қазақтың нағыз мергенді «Құралайды көзге атқан» деп әсірелей айтатыны осы құсқа байланысты шығарған мәтел болса керек. Әйтпесе атаң қазақ төл атаулыға, тіпті төлін ерткен аң атаулыға мылтық кезенбеген ғой. Қалай болғанда да, мен қойған аттарыңа қарсы емеспін.


Әкелерінің осы сөзі байлам болды да, қоңыр қонжық «Құралай» деген атауды иемденген. Екеуі қонжық жаңа мекенге келген күннің ертеңіне-ақ оны көтеріп, есік алдына алып шыққан. Кішкене хайуан қыңсылағанға ұқсас ыңырсыған үн шығарып, Серікболдан қалып қоймайын дегендей жығылып-сүрініп, оған ере жөнелген. Түске дейін малмен ілесіп, өріске барып қайтқан екі сарыала ит қой қораның жанында жатқан. Сол-ақ екен, әлденеден шошып оянғандай алдымен Жетер орнынан арсылдай тұрып еді, ештеңені түсінбей қалған Ұшар да маңқ-маңқ үріп, жан-жағына қараған. Бір сәтте екеуі де үйге қарай арсылдай ұмтылысты. Әлде бір қауіптің таяп қалғанын сезген Құралай да дәл жанында тұрған ат байлайтын мама ағашқа өрмелей жөнелді. Қос төбет дәл бір жау түсірердей, ентелеп келген бойда ағаштың ұшар басына шығып үлгірген құрттай қонжыққа ұмтылысты. Өздерінше қасқыр көргендей желке жүндерін күдірейтісіп, сұмдық қаһармандық көрсетіп жүр. Тау арасындағы бұрынғы қой фермасының орталығын мекен ғып, малдарын бағып, оған қоса жандарын бағып отырған алты-жеті үйдің тамам иттері қос төбеттің ерекше арсылдағандарына үн қосып, бүкіл ауылды азан-қазан қылды.


– Ұшар! Жетер! Қане, тоқтатыңдар! Кетіңдер! – деп. Олжабай төбет­терін таяқпен жасқап қуалаған. «Ойбай-ау, бұл жаудың баласы ғой» дегендей, екі ит жаңағыдай емес, дауыстарын бәсеңдетіп, жылыстай берген.


– Бұларды бір-бірлеріне үйретпесе, өзгенің иттерін айтпағанда мына өз төбеттеріміз-ақ бұл бейшараны жеп қояды ғой, – деген үйден жүгіре шыққан әкелері де.


Айтқанындай-ақ, Олжабай да көктемгі демаласының аз күні бiткенше қос төбет пен қонжықты «достастыру» шаруасымен айналысқан. Аюларын ауыл сыртындағы дөң басына алып барып, иттерін шақыратын. Олар да алғаш көргендегідей емес, бірден арсылдай ұмтылмай, есік пен төрдей жерде тұрып, ырылдасып, дөң-айбат көрсетіседі. Тек қана жыртқыштың тұқымын кішкентай иелерінің кезек-кезек бауырларына басқандары олар үшін түсіне қоюға соншалықты ауыр көрініс еді. Иелері Тоқтасынмен жон жақтағы қалың қарағайдың ішіне барғанда екі төбет исі осы кішкентай мақұлықтан аумайтын хайуанды алғаш көрген. Біреуі борсықтың алдынан шығып, біреуі ту сыртынан келіп, әбден шаршатып барып алатын тәсілдеріне салып, екеуі қорбаңдаған аңның алды-артынан шыққан. Балақ жүні желпілдеп жүгіріп бар жатқан қара қоңыр аңның үлкендігі құнан шығар өгізшедей ғана сияқты еді, жаулары қамауға алған тұста ол күркірей ақырып, екі аяқтап орнынан тұрған кезде үрейлі құбыжыққа айналған. Одан мұндай өнерді күтпеген қос төбет ұмтылуға батпай орындарында тұрып қалған. «Мына пәлені қайтсек жеңуге болады?» дегендей Жетер мен Ұшар оны айнала жүгіріп, арсылдай үріп жүргенде аң еңкейе берген. Сөйткенше болған жоқ, жерде жатқан шелектей тасты қопарып алып, лақтырып қалғанда Жетер әрең дегенде жалт беріп, тайқып үлгірген. «Қой, бізге оңайлықпен берілер жау бұл емес екен» дегендей екі ит шабуылдарын дереу тоқтатып, иелері кеткен жаққа қарай жүгірген. Иә, бұл кішкентай мақұлықтың исі де сол аңның исіндей еді.


Бұлар қанша түсіне алмаса да екі ұл өрістен келісімен кішкентай ермектерін көтеріп алып, жотаға шығатын, сонан соң, екеуін де жандарына шақырып алатын әдеттерін қоймайтын. Ұшар мен Жетер алғаш көргендегідей «жау жеттілеп» арсылдамаса да «тұрқың тұрлаусыз болғанмен, тегің жыртқыш болар-ақ» дегендей, иелерінің жанынан шықпайтын құйтақандай пәлеге жақындамай, алыстан иіс тартып, ырылдасатын. Қонжық та «Ата жауларым түбі екеуің боларсыңдар» деп пайымдаса керек, оларды көрген бетте домалаңдай қашып кеп Серікболды, ол болмай қалса, Олжабайды паналайды. Дөңгеленген тым кішкентай жанарын иттерге қадап, ол да өзінше қолқасынан шығар­ғандай қозғалғандай қожылдай үн қатып, айбат шегеді.


«Ұшар, Жетер, қане, бері келіңдер! Бұл Құралай дейтін қонжық сендерге қас емес. Қане, жақынырақ келіңдер!» – Ұлдардың осыған ұқсас бұйрығынан олар да әбден қажыса керек, қонжыққа жақынырақ келгенді қойып, шақырғанда жандарына жоламауға тырысатын.


Олжабай орталықтағы сабағында жүргенде Секентайынан аю баласын үйретудегі оның жеткістіктерін сұрағанда әңгімелерінің негізгі өзегі сол екі төбет пен бір қонжық үштігінің өзара қарым-қатынасына арналатын. «Қазір екі төбет те бұрынғыдай айбат шеккендерін қойған­мен, Құралайды маңдарына жуытқысы келмейдi. Иелеріміздің ықыластарын біржола аударып алған бұл пәлекеттен аулағырақ жүргеніміз жақсы дегендей, итаяқтарына тамақ құйған кезде болмаса, күндіз-түні үй маңына жоламауға бар. Керісінше Құралай жаулық пиғылды біржола ұмытқан. Ит те болса, бұлар да төрт аяқты хайуан ғой дейтіндей. Бір басып, екі басып, оларға жақындайды да, олар ырылдаса шалқасынан жата қалып мүләйім мінез танытады. Шамасы, олармен ойнағысы келетін болуы керек…


Иә, әйтеуір, жылдай созылған төртінші тоқсанның да әрең дегенде шеті көрінді-ау.


Олжабай әкесінің келуін күтпей-ақ тауды бетке алатын қара жолмен жүріп жатқан машиналардың біреуіне отырып, ауылға тартып кеткен. Жүрер алдында сыныптасы Құралайдың үйіне кіріп шыққан. «Жазда оқитын жақсы кітабың бар ма?» деп сылтауратқан.


– Құралай, күзге дейін сау боп тұр, жарай ма? – деген қыздың бетіне тура қарай алмай. – Мен сені үнемі ойлап жүремін, жарай ма? – деді дәл бір ойлап жүру үшін қыздың келісімін алу қажет болғандай.


– Неменеге ойлайсың? Өзіңнің де Құралайың бар емес пе? – Олжабай оған, «Қонжығымды Құралай деп атадым» деп қызды түнеугүні өкпелетіп алған. «Есімімді итіңе бермегеніңе де шүкір!» Бұл – қыздың сөзі. Содан бері екеуі бұрынғыдай емін-еркін тілдесіп, іштесе алмай жүрген. Оның қазіргі сөзі соны меңзеп тұрғаны...


Әке-шешесі мекендеп отырған Жалшиге дейінгі алты-жеті шақырым қашықтық – Олжабайдың талай-талай жүріп өткен жолы. Бұл жолы да жүгіре басып, ауылға тез-ақ келген.


– Ой, құлыным-ау, жаяулап-жалпылап, келіп қалдың ба? – деп, шешесі Қойсын келе ұлының бетінен сүйіп, аймалап жатыр. – Шөлдедің бе, әлде қарның ашты ма? Мен қазір тамақты жылтып, шай қояйын. Әкең кешке малды қоралаған соң барып, сені алып келмекші болып жүр еді. Өзіңнің келгеніңді көріп, қуанып қалатын болды...


– Тәте, Секентай қайда? Құралайды ертіп жүр ме? – деді ол шешесінің сөзін бөліп.


– Оған анау қонжық дегені бір ермек болды. Күндіз-түні жанынан екі елі қалдырмайды-ау. Тіпті біз «е, жарайды» десек, қойнына алып жатуға бар. Бағана онысын ертіп алып, сайды құлдап бара жатқан.


Олжекеңнің әрі қарай әңгіме тыңдап тұратындай жағдайы да, төзімі де жоқ еді. «Мен қазір», – деді де, ашық тұрған есіктен тысқа қарай бір-ақ секірген.


Тіршілік тәлімі


Жаз жайлау жұмақтай құлпырып тұр. Бұлар алғаш көшіп келгенде айналаны гүлді алқап десе болғандай еді. Сай-сала, беткей-белдердің бәрі алуан түсті гүлдерімен көздің жауын алады. Әсіресе көне жұрттарға өскен сарғалдақтар мен қызғалдақтардың бітіктігі сондай, өрлі-еңісті қыраттардың сәл жазықтау әр тұсына қызыл-сары бояулы кең дастарқандарды жайып қойып, қонақтарын тосып отырғандай. Қой малы бір жүріп өткен соң-ақ гүлдер жапырылып, жұрттар қоңыр-сары даққа айналады. Содан да болар, бес-алты күн отар түнеген жерді үлкендердің «сары жұрт болып қалыпты» деп отыратындары.


Бұрын қой-ешкілерінің саны аздау кезде бұлардың әкелері де биік тау басындағы жайлауға шықпай, жазды да қыстау маңында өткізетін. «Бұл Сандықтас жайлауын колхоз-совхоз кезінде әкем, одан кейін өзім жайладым. Оған дейін де ата-бабамыз осы жайлауды мекен етіпті. Тағы бір пысықай сатып алып қоймай тұрғанда жұртыма өзім барып, көң төгейін. Сәті түссе өз атыма заңдастыртып алмақпын» деп, әкесінің былтырлары бір айтқаны Олжабайдың есінде қалыпты. Бәлкім, заңдастырып алған да шығар, әйтеуір биыл да келіп, ата қонысқа үй тіккен.


Серікбол кішкентай қонжығын да ескі орамалмен бөлеп, қоржынға салып әкелген.


Трактор тіркемесінен жүк түсіріліп, киіз үй тігілгенше ол қонжы­ғын қыдыртуға әкеткен. Бұл маңай қонжықтың да өз ата мекені болса дағ бейтаныс жерді аралай жөнелуге жүрексініп, негізгі бас иесі Серік­болдың артынан ерді де отырды. «Балам, енді жаз шықты. Түздің аңы ғой, өз тамағын өзі тауып жеп үйренсін. Беретін сүтіңді, наныңды мейлінше азайта бер» деген әкесінің ақылынан кейін Серікбол бірер айдан бері Құралайын қоймен бірге өріске ертіп апарып жүрген. Бұлақ бойына желкілдеп өсіп келе жатқан жалбызды ебедейсіз алақанымен орай ұстап, көк жапырақтарды талмап үйренді. Одан Серікбол қопарып берген тастардың астындағы ұсақ жәндіктерді тілімен жалап көрді. Кейбір құрттардың домалақ, ұзыншақ, ақ, қызыл-сары, қоңырқай тұқымдарын жеп, дәніге бастаған. Тіпті екі-үш күннен кейін өзінің шамасы келетін кішілеу тастарды аударып тастап, тамағын тауып жеуді меңгере бастаған. Бір күні Серікбол үйге таңданысын айтып келген.


– Ой, Алла-ау, аю бақаны да жейді екен ғой, – деген ол.


– Е, балам, ол өйтпесе жыртқыш бол ма? Аю бақаны қойып, ұсақ малдарды да, сиыр, жылқыны да жейді. Құрт-құмырсқа, жеміс-жидек, шөптің тамыры, көзіне көрінгеннің, тамағынан өткеннің бәрін де қорек қыла береді.


Айтып-айтпай, әкесі айтқан бұл сөзге Серікболдың қонжықты өзі баққан екі-үш айда әбден көзі жеткен. Бұлақ маңында қамсыз-мұңсыз балп-балп секіріп жүретін бақаларға жаудай тиетін болған. Қуып жүріп ұстап алса болды, ойланбастан екі-ақ мытып, ас қылатын. Ал құмырсқаның илеуін бұзу да үйреншікті жұмысына айналған. Ең алғашында илеуді Серікбол таяқтың ұшымен бұзып көрсеткенде ол бейтаныс дүниеге қарап, біраз таңырқап тұрды да жыбырлап, ерсілі-қарсылы жортып жүрген кішкентай жәндіктерді жалап көрді. Сол-ақ екен, қожылдай ыңыранып, тік тұра қалып, өз бетін, тұмсығын ұрғылай бастаған. Шамасы құмырс­қалар тілін, тұмсығын шағып алса керек. «Мына жыбырлақ пәлекеттерден аула­ғырақ кетейін дегендей, тоңқаң­дап безе жөнелген. Илеуден әлдене ұнап қалса керек. Ертеңіне өзі келіп, қалың шөптің арасында кішкене кигіз үй сияқты дөңге­леніп тұрған илеуді сояудай тырнақтарымен көсіп-көсіп жіберген. Кішкене жауынгерлер де басқыншының қолында өлейік десе керек, «үйлерінің» төбесін быт-шыт қып бұзып жатқан аяққа жабыла түссін. Олар бақайларының арасын шағып алса керек, Құралай да отыра қалып, аяғын жалай бастаған. Тағы да қыңсылай ыңыранып, үш-төрт қадам ұзап барып, аяғын тамсана жалады. Құмырсқалардың қышқыл дәмі ұнап қалса керек, біраз ойланып отырып, илеуге қайта келген. Бүкіл тұқым­дастарының негізгі қорегі іспетті жәндіктерді тамақ етуді ол осылай меңгерген.


Сөйтіп, Олжекең бесінші сыныптың соңғы тоқсанын бітіріп келгенше, Секентай да өзінің жалғыз «шәкіртіне» өмір сүру мектебінің біраз «сабақтарын», былайша айтқанда, тіршілік тәлімін үйретіп үлгірген болатын.


Ойда жоқта ойнаған найзағай

Жайлауға шыққаннан кейінгі соңғы он шақты күннен бері Олжабай әлденеге ойсоқты болғандай, көп сөйлемейтін, бала болып көп күлмейтін, бір томаға-тұйық күйге түскен. Оны табиғаттың тамылжып тұрған көрінісі де қызықтырмайтын болыпты. Сонау мәңгі қар мекендейтін ұлы жайлауға дейін созылып жатқан жонның жуан ортасында орналасқан Сандықтастың шығысын бетке алсаң, қалың бүргені мен қарағайы сай табанындағы өзеннен басталып, қолат-қойнауды толтыра қалың жыныс болып өседі де жотаның төбесіне жете бере бір-ақ тоқтайтын. Иін тіресе өскен қарағай-шырша кешкі алакеуімде жоғары қарай өрлеп келе жатқан қалың сарбазды елестетер еді. Ал сай табанын қуалай ақ көбіктене ағып жататын тау өзені Күркелінің қос жағасында тал, қайың, долана ағаштары араласа иін тіресер еді. Олардың арасында у сарымсақ пен таңқурай бітік шықса, одан сәл өрлегенде қарағайлы-шыршалы белдеудің етегіне дейінгі қой қарақат пен аю қарақаттың қалың бұтасы арасынан мал жүргізбес. Сол бұта-бүргені жоқ, көк шөбі ғана мол өсетін жотаның биігіне шығып алып, өзен бойындағы тал, қайыңның арасына дүрбі салып отырсаң, сәті түссе, құмырсқа илеуін қопарып жүрген аюды, жайылып бара жатқан бұғы-маралды көріп қалуың мүмкін. Әрине, сәті түскенде ғана. Қара жерді қопарып кетпесе, тұмсығы мен сойдақ тісі қышитындай жабайы доңыздар да кей-кейде көрініп қалатын. Ала қоржын сияқты қара-сарғылт жолақты кішкене торайлары мегежіннің айналасында ойнақ салудан бір шаршамайды-ау: кешкі, не ертеңгілік салқынмен аласа бұта-бүргеннен басқа ағаш көп өсе бермейтін күнгей беткейден қып-қызыл елiктерді, шағылдың шөбін таңдап теріп жүрген арқарларды көріп қалуға болатын. Әкелері: «Кеңес үкіметі құлап, мал құрыған тұстарда жайлау он шақты жыл иен қалып еді. Соның арқасында жабайы аң алаңсыз өсіп, көбейіпті. Аң-құс деген жердің көркі ғой. Әттең бұдан да көбейер еді ішкертіннен арнайы келіп, аңшылық жасайтын қулар өсірмей тұр. Арнайы рұқсат қағаздары бойынша бір-екеуін атса, жергілікті қулардың алақандарын майлап, бас-алтауын жайратады. Бұл күнде жұрт обал-сауап дегенді ұмытты ғой», деп отырады.


Ал батыс жақтағы бетке алсаң, мұнда да терең сай, жаңағы көрініс: тек бұл жақтағы сай табанында буырқана ағатын өзен Қиынсу деп аталады. Былтырлар Олжабай інісі Серікбол екеуі сайдың төбесінен құдия төніп тұрған биік жартастың басына шығып алып, терең шатқалға, қарсы бетке дүрбі салып, өздерінше ұшырасып қалар дейтін аңдарды аңдитын. Көре қалса, көргендеріне мәз болысып, кешкілік әкелеріне дастан ғып жырлағандай ұзақ әңгімелейтін. Аң көздеріне ештеңе түспесе, соққан самалмен ілесе келіп, танау қытықтар неше алуан хош иіске елтіп отырар еді. Одан шаршаған кездерінде алыса жүріп, жарыса жүріп, отын әкелу, су тасу сияқты үй шаруасымен айналысар еді.


Биыл Секентай да Құралайын ертіп алып, оның «Өз тамағыңды өзің тауып жеп, өмір сүр» деп атауға болатын «сабағын» күн сайын өткізумен жүреді. Бұрынғыдай жартас басына шығып алып, дүрбі салуға, болмаса ағасының жанына келіп отырып, әңгімелесуге де қолы тимейді. Дәл бір айлығын алып, жұмыс істеп жүрген кісі сияқты. Ал Олжабай болса, түстен кейін қарсы беткейге отарын өргізеді. Түске дейін іштері шеңбірек атып, әбден тойып қайтатын малы түстен кейін байырқалап, көп ұзамай жайылады.


Олжабай бұрынғыдай айналасына көз салған болады, бірақ табиғат бұрын­ғыдай тамылжымайды. Ұшқан құс, жүгірген аң қызықтыр­майды. «Құс – құс, аң – аң, қарағай – қарағай, бәрі де осылай болған, осылай бола береді». Тіпті орталықтан келген бетте екі-үш күн бойы жалғыз қонжықты жайған Секентайының жанынан қалмай, түгі жылтырап, алғаш келгендегісінен біршама өсіп қалған, оның үстіне ойыны бір қанбайтын Құралайды біраз ермек қылған.


– Секентай, шынын айтсам, ең алдымен Құралайды талап өлтіріп тастай ма деп өзіміздің Жетер мен Ұшардан қатты қауіптеніп едім. Екеуі де қонжықтың өз отбасымызға қарасты тіршілік иесі екенін мойын­даған екен, – деп қуанған. Олар Құралайды бойларына жақындатып жібермесе де бұрынғыдай айбат шегіп, ырылдағандарын қойыпты. Бұл енді тек сенің еңбегің ғой, – деген ол мақтағанды теріс көрмейтін інісін желпіндіріп.


– Екі ит иттік қып қонжығыма ырылдаған сайын ұрсып, зеки берген соң амалсыздан көнді. Оның үстіне, Құралай да әбден қу болып алған. Екі иттің бірі маңына жуып кетсе болды, «Бағындым, бағындым» дегендей шалқасынан түсіп, жата кетеді. Кей-кейде олардың соңынан домаланып ере жөнелетіні де бар. Көрерсің, біз жайлаудан түскенше үшеуі әбден достасып та алатын болады.


Алайда, қазір Олжабай қонжық иесі Серікболдан қандай тәлім алып жүр, тағы не нәрсені тамақ қып жеуді үйренді; екі төбетпен қарым-қатынасы қай деңгейде? – осының бір де біреуін білуге ынта танытуды да қойған.


Бір күні түстен кейін Олжабай малын Тастыға қарай өргізіп жіберіп, өзі биіктеу жотаның басына кигіздей болып қалың өсетін күреңсенің үстінде жантайып, тағы да ой-теңізіне қайығын жүздірген. «Расында да менің атымды не ғып «Олжабай» қояды? Өрістен не бір қозы, не бір лақ тауып алып, мынау олжа болды дейтіндей. Шынымен-ақ, мен бұлардың асыранды баласы болғаным ба? Иен қалған апаннан тауып алған Құралай қонжық сияқты. «Сонан соң ол әкесі мен шешесінің өзіне деген ықылас-пейілдері мен олардың Секентайға деген ықылас-пейілдерін ойша таразылап, сәл болса да өзгешелік іздеп, әуре болады. Керісінше, әке-шешесі тамақтың тәтті-дәмдісін алдымен Олжатай жесін деп бұған тықпалайды екен. Киімнің де тәуірі өзіне бұйырады. «Маған үнемі Олжабайға баяғыда сыймай қалған ескі-құсқысын бересіңдер» деп, Секентайының ренжіп жүретінін бұл жақсы біледі. Түсінбейді. Ештеңенің байыбына бара алар емес…


Жайлауға шыққан соң бір аптадан кейін болса керек, Олжабай дәл осылай түс ауа қой жайып шыққан. Ойда жоқта Қалидың Берігі астындағы жиренқасқасын қара терге малшындырып, қасына келіп тізгін тежеген. Берікбол тоғызыншы сыныпты өткен жылы ілдалдап әрең бітірген соң, қайтып мектепке бармай қойған. Темекі шегіп, арақ ішуді де бастап жүр екен дегенді еститін. Бұның әкесі Қали ақсақалдың жон жақты жайлап отырғанын білетін.


– Олжа бала, қалай, айраныңды ұрттап, қойыңды құрттап жүрсің бе? – деген ол қысқаша аман-сәлемнен соң.


Олжабай оның не айтқысы келгенін түсінбесе де төрт-бес жас үлкендігі бар, оның үстіне «бұзықтау бала» дейтін Берікке кішірейе сөйлеген.


– Иә, Берік аға, түстен кейін осылайша қой жайып, әкемді дем алдырамын. – Берік «аға» деген сөзге жығынды болды ма, әлде келген шаруасын жүзеге асырғанша жуаси тұрғысы келді ме, әйтеуір жолаушы біртүрлі іштарта сөйледі.


– Жә, бауырым, мен де сенің бір кәдеңе жарармын. Бүгін сен маған тор төбел дөненіңді бере тұр. Мынау жиренқасқамен ертеңнен бері жоқ қараймын деп,мұны әбден болдыртып алдым. Өзің де білесің ғой, Шолақбұлақта бір шаруам болып тұрғаны. Кештетіп солай қарай барып қайтсам деп едім. – Олжабай мәпелеп мініп жүрген дөненін бұған берсе, аяңдап жүруді білмейтін, ауыл-ауылдың иттерін шулатып, шапқылап жүретін Бекеңнің атын өлтіріп-тірілтіп әкелетінін білгендіктен, жауабын қысқа қайырған.


– Бере алмаймын. Әкем ұрсады.


– Әй, бауырым бер. Түнделетіп жорту дегеннің не екенін жігіт болғанда білесің, бауырым. Бір өтінішімді орында.


– Сұрама, Берік аға. Әкем ұрсады. Оның үстіне, тоқ жүрген мал қызыл май болып кетеді.


– Өй, «әкем-әкем» дейді ғой, қайдағы бір әкеңнің аузын ұрайынды. Ол сенің әкең емес, білдің бе, асыранды күшік сол. «Атымды неге Олжабай қойды?» деп ойланып көрмейсің бе, одан да. «Әкем» деп өзеурейді ғой, тастанды неме сол! – Ол шаба жөнелген.


Олжабайдың ашық күнде төбесінен жай түскендей болған. Ә дегенде ол Берік­тің сөзінің мәніне түсіне алмай, меңірейіп отырып қалған. Бірте-бірте «тастанды» дейтін сөздің мәні миына сіңіп, бүкіл денесіне у болып жайылғандай күйге түсті. Ол сол күні қойын қоралаған соң «басым ауырып тұр» деп, кешкі тамағын да ішпей, ерте жатып қалған. Жанына келіп, бүгін Құралайының судағы кішкене қара балықтарды ұстап жемек болып, қалай әуре болғанын айтып, біраз мылжыңдаған Секентайының әңгімесіне де құлақ қоймаған. Ертеңіне ол дөненіне мініп алып, төрт-бес шақырым Майшат деген жайлауда отырған әкесінің әпекесі Зейнеп апасына барып қайтқан. «Сәлем беріп қайтпақ». Әрине, онысы сылтау ғана.


– Әпке, мен шынымен әкем мен тәтемнен тумаған асырандымын ба? – деп, ол Зейнеп апасы оңаша қалған сәтте сұрақты төтесінен қойған.


– Құдай-ау, қарғам-ау, оны саған кім айтты? – деп, апасы шошып кеткен.


– Қалидың Берігі айтты. «Тастандысың» деді. «Асырап алған олжа баласың» деді.


– Қалидың Берігінің желкесі үзілсін! Әншейін сені ашуландырайын деп қалжыңдаған ғой. Желкең үзілгір-ау, сөйтіп те қалжыңдауға бола ма екен?!


Зейнеп апасы ант-су ішіп, оның жай ғана қаңқу сөз екеніне мұны қалай сендіргісі келсе де Олжабайдың жүрегіне шаншу болып қадалған күдігі сейілмеген қалпы аттанған.


Ертеңіне бұлардың үйіне «Жайлауға келгелі сендерге соға алмай, келіннің шайын сағындым» деп, Зейнеп апасы жеткен. Келінінің шайын сағынғанының сылтау екенін Олжабай да сезбей қалған жоқ.


Әпкесі кеткеннен кейін тәтесі Қойсынның көзінің алды қызарып, домбығып қалғанын көрді. Жыласа керек. Әкесінің күнқақты жүзі одан сайын күреңітіп, қабағына кірбің ұялапты. Уайымдаса керек. Тек Секентай ғана қамсыз, қонжығын ертіп, онысымен ойнаудан, шаршап-шалдығып, тау кезіп келуден жалығар емес...


Олжабай бұрынғыдай жартас басына шығып алып, айналасына көз салған болып отыр. Бірақ ештеңені де көргісі келмейді. Көзі бұлыңғыр, көңілі жадау. Ол Зейнеп апасы келіп-кеткелі бір аптаның ішінде әкесі мен шешесінің қиын түйінді қалай шешерлерін білмей, ойлары онға, саналары санға бөлініп, екеуі екі ұлдан оңашалана қалса болды, әңгімелері «не істемек керекке» келіп тірелетінінен бұл жазған хабарсыз. Әкесі Тоқтасынның жон жақта отырған Қалиға барып: «Ана тәйтігіңе бітеу жарамның аузын неге тырнаттырасың? Ұзында ала алмаған өштігің, қысқада қыла алмаған қастығың бар ма еді, ағайын?! Сендердің ауыздарыңнан шыққан сөз болмаса, есер ұлдарыңның құлағына шайтан сыбырлап кетіп пе?!» деп, айрылысар ағайынның соңғы сөзін айтып шыққанынан да бейхабар. Ақыры екеуінің бір шешімге бүгін тоқтағанын да білмейтін еді.


– Олжатай көке? – деген дыбыстан ол селк ете қалған. Секентайы екен. Қонжығын ертіп, дәл жанына келгенде бір-ақ көрді. – Сені әкем үйге келсін дейді. Малды маған қарай тұрасың дейді.


Олжабай орнынан самарқау көтеріліп, дөненіне қарай аяңдады.


Ол үйге кірер-кірместе ағыл-тегіл жылап отырған Қойсын шешесі боздап кеп, мұны бас салған. Бала ешнәрсенің байыбына бара алмай, төрде малдас құрып отырған әкесіне жапақтап қарай берген.


– Құлыным-ау, қамсыз-мұңсыз жүргеніңде жүрегіңе уайымның уын құйды-ау іргежау. Шаранаңнан сыпырып, жөргегіңнен жүрегіме бөлеген, құлыным-ау! Менен тумадым деп жүрсің бе? Туғанымнан артық көрсем тумағаның қайсы еді, ой-бой!..


– Жә, жетер! Баланың жүрегін ұшыра бермей! – Әкесінің бір ауыз сөзінен кейін Қойсын дауыс салғанын доғарғанмен, баласын құшақтаған күйі ықылық атып, оның бет-аузынан ештеңе қалдырмай сүйе берген. Дәл бір ұзақ сапарға аттандырғалы тұрғандай. Әңгіменің ауаны қайда бет алғанын бала да сезе бастаған. – Балам, отыр. Оң-солыңды танып, ақыл тоқтатқан кезде айтсам деп жүрген бір шындық бар еді. Оған шыдас берді ме, көре алмайтын көп дұшман?! Түбі бір айтылмай қоймас ақиқатты ерте ме, кеш пе, өзгеден емес, өзімнен естісін деп отырмын.


Әңгіме әріден басталдатын сыңайлы. Болашақ тағдырының үкімін күткендей Олжабайдың екі тізесі дірілдеп, бетінің қаны қашты. Не болса да тезірек болса екен дегенді ғана тілеп отыр. Бір тәуірі әкесі сөзді ұзаққа созбады.


– Шешең екеуіміз шаңырақ көтерген соң жеті-сегіз жыл ғұмырымызды перзентсіз өткіздік. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген ғой. Ақыры көктен тілегенімізді Алла жерден берді. Дәл осы жайлауда отырғамыз. Түн ішінде есік алдынан жылаған сәбидің үнін естіп, тысқа шықсақ, дәл босағаның түбіне біреу құндықтаулы баланы қалдырып кетіпті. «Ойланбай жүріп, от басқан бір бейбақ едім. Екі дүниеде сұрау салмаспын, сіздерге сендім!» деп, жаялығының ішіне бір жапырақ қағаз жазыпты. Сол сәби сен едің, балам... Алланың рахымы болар, әлде аналық мейірімнің құдіреті болар, екі-үш күннен кейін-ақ мына жаман шешеңнің омырауынан сүт шығып кетті. Тағы да Алланың рахымы болар, төрт-бес жылдан соң анау жаман інің дүниеге келді. Саған серік болсын деп атын Серікбол қойдық. Ырымшыл халықпыз ғой, балаға елеусіз ат қойса, елеулі боп, аман-сау болар деп есіміңді Олжабай қойып едік. Менің әке-шешем де, мына шешеңнің әке-шешесі де балалары шетіней берген соң ырымдап, бізге «Тоқтасын» деп, «Қойсын» деп ат қойыпты деп естіп едім... Тағы да сол ырымдаған түріміз ғой, балам... Қанша жерден сені өз баламыз деп жалпақ жұртқа жар салсақ та олжа боп табылған бала шығар, әлде балалар үйінен асырап алған шығар, дейтін қаңқу сөз ақыры міне саған да жетіп отыр. Өгеймін дейсің бе, қағаймын дейсің бе? Оны патша-көңілің шешсін, ұлым... ал біздің өзіңді өгей деп ойлай да алмайтынымыз адамдарға ғана емес, бір Аллаға да аян!..


Олжабайдың бағанадан бозарып тұрған жүзін қос жанардан атып кеткен жас жуды. Іле-шала шырқырай жылаған балаң үні естілді. Қатар отырған әкесі мен шешесінің мойындарынан екі қолымен орай құшақтап алыпты.


– Әке, Тәте! Мен сендердің ұлдарыңмын!


Қойсынның даусы қайта шықты.


– Садағаңа кетейін, құлдығым сол! Тас емшегімді жібіткен, жан-жүрегімді еріткен, қарашығым-ау сол!.. сенің көзіңнен бір тамшы жас шығарғанша құрбандығың болып, неге ғана өле қалмаймын, мен бейбақ.


Әншейінде көп дүниеге мән бермейтіндей, қуанғанын да, ренжігенін де сабырға жеңдіретіндей көрінетін әкесі де еңкілдеп, көз жасын сүртіп отыр еді.


Жаңа ғана ашық аспанға шөкімдей ғана қара бұлт Көктомар биігінің арғы жағынан шыға келіп, әп-сәтті найжағай ойнатқан. Нөсерлетіп, жаңбыр да құйып өтіп еді, қайтадан аспан шайдай ашылып, күн шуағы төгілді. Тау табиғатының осындай мінезі қызық-ақ.


Қонжық асыраған бала

Тағы да бір күз, бір қыс өтіп, Серікбол да мектеп көріп, бірінші сыныпты тәмәмдап қайтқан. Басқаны қайдам, бәріміз де еркелетіп, Секентай атап кеткен шәкірт бала үшін бұл оқу жылының ең бір азапты кезең болғаны рас. Қыркүйек айы тақағаннан-ақ, «Биыл оқымай-ақ қояйыншы. Сендерді сағынамын ғой» деп, қиғылық сала бастаған. «Сендерді емес. Құралайымды сағынамын ғой» десеңші онан да деп, Олжабай оның қиқарлығының шындығын айқара ашып берген еді. – «Келер жылы бұзаулардың ішінде жүрген тайынша сияқты өзіңнен кіші балалармен бірге оқып жүргенің ұят болады».


– Қонжығыңды шешең екеуіміз күзге дейін бағып-қағамыз. Қар жауа қораның бір жылы бұрышына жатқызып, ұйықтатамыз. Көктем шығып, ол оянғанша өзің де мектебіңнен келесің. Демалыс сайын өзім зыр еткізіп, үйге әкеліп тұрамын, – деп, әкесі де бір жағынан шығып, ақыры мектепке баруға оны әрең көндірген.


Ол мектепте де балалармен тез тіл табысып, ұғымтал шәкірт ретінде мұғалімдеріне ұнап үлгірген. Тек қана балаларға айтар әңгіме­сінің, «Менің қонжығым» деп басталатыны біраз сыныптастарына күмән туғызған. Ол бір-екі апта оқыр-оқымастан-ақ демалысқа үйіне келген кезде өзімен бірге сыныптас екі досын ертіп әкеліп, оларды Құралайымен таныстырған. Бұдан кейін оған деген бұрынғы күдік сейілгенді қойып, «қонжық асырап жүрген баланың» беделі мүлде аспандап кеткен. Балалардың қонжық жөніндегі қояр сауалдары да таусылмайтын, оның да әңгімесінің шеті-шегі көрінбейтін.


– Қыс айларында аюлар ұйықтайды ғой. Сонда сенің қонжығың да қазір ұйықтап жатыр ма? – деген бір сыныптасы білгішсініп. Өйткені ол да орманшының немересі болатын.


– Әрине, – деген Серікбол маңғазданып. – Менің Құралайым асыранды қонжық болғанымен, ол да аю емес пе. Алғашқы қар жауған күннің ертеңіне-ақ қораның ішкі бір бұрышын қазып, даярлап қойған апанына жатып, ұзақ ұйқыға кетіпті.


– Ол апанды өзі қазып алды ма?


– Жоқ, әкем қазып, ішіне шөп төсеп, әзірлеп қойған. Апанды үлкен аюлар ғана даярлайды. Менің Құралайым бір жасқа да толмаған сәби әлі.


– Сонда оның жазға дейін қарны ашпай ма? Қалай аштан өліп қалмайды?


– Аю, борсық, суыр сияқты хайуандарды Құдайдың өзі солай жаратқан емес пе?! Жаздай, күздей жинаған майларын сорып жатады екен...


Серікбол қыс бойы таудағы үйіне барғыштап жүріп, барған сайын әкесінен естіп-білген аю жайлы хикіметтерді өзі баяғыдан-ақ білетіндей балаларға әңгімелейтін.


...Оқу жылы азапты болды дейтініміз, оның Құралайын ойламаған бір де бір күні болмапты. Таудағы үйіне былтыр Олжабай жиі-жиі телефон шалса, биыл Серікболдың телефонға мінбеген бір күні өтпеген шығар. Көңіліне медеу, көкірегіне қуаныш болып ұялататын бір алданышы бар. Ол «қонжық асыраған бала» дейтін сынып қана емес, бүкіл мектеп ішіндегі өте жоғары беделі еді...


Ол бірінші сыныптағы қағаз-қаламларын, кітаптаптарын сөмкесіне толтырып, әкесінің машинасымен үйге келген бетте, қой жайып жүрген шешесіне қарай жүгірген. Ол кезде Олжабайдың сабағы аяқтала қоймағандықтан, әкесі бір жаққа кетсе, малға шешесінің өзі қарайтын. Шешесін сағынып жүгіргені, әлде Құралайын көргісі келіп, асыққаны оның өзіне ғана аян еді.


Төлдерімен қарамы молайып қалған отар Қарашағылдың етегінде жатыр екен.


– Тәте! – деп айғайлаған бұл өзіне қарсы келе жатқан шешесіне қарай жүгіріп келе жатқан бойы. Мұның даусын естіген екі төбет те бұған қарай құйындай ұшсын. Екеуі де арсалаңдап, бет-аузын жалардай тік шапшиды.


– Өй болды, болды. Қайтеді ей мыналар!


– Құлдығым, келіп қалдың ба?! – Шешесі ұлын құшып сүйген. – Олжатайың қалай, аман-сау ма, әйтеуір?! Өй, құлындарым сол... Оқуларыңды дұрыстап оқып келдің бе, әйтеуір?


– Оқуым жақсы ғой, – деді ол маңғазданып. – Тәте, Құралай көрінбейді ғой?


– Е, о немең де даланың тастарын қопарып жүрген шығар бір жерде.


– Құра-а-а-лай! Құра-а-ла-ай, кел мұнда! – Шынында бір жерде құлқынының қамымен, әлде ойынға айналып қалды ма, қоңыр қонжық бір жотадан бермен қарай жүгіріп келе жатыр еді. Жүгіріп дегеннен гөрі домалап келеді деген сөз келің­кірейтін. Былтырғыға қарағанда таралып өсіп, аяқтары серейіп, биіктей бастаса да әлі сыртқы тұрқы домалақ затқа ұқсайтын. Бойының биіктігі екі төбетке әлі жете қоймағанмен, ол аю кейпіне ұқсап-ақ қалған-ды.


Қонжыық келе Серікболға қол беріп сәлемдесетіндей, екі аяқтап тұрып кеткен. Ұп-ұзын қызыл тілі сумаң етіп, иесінің бетін жалап жіберді. Ыңырана қыңсылағанадай бір үн шығарды. Мөлдіреген дөп-дөңгелек қос жанарынан да қуаныш жарқылы көрінгендей.


– Құралайым сол, иесін ұмытпайды өзі, – дейді Секентай қонжығының басынан сипап.


– Келіп-кеткеніңе әлі екі апта да өткен жоқ, неге ұмытсын? – дейді тәтесі...


Олжабай сабағын бітіріп келгеннен кейін әкелері қойларын қырық­­тырып, тоғыттырып болған соң, жайлауға көшуге даярлана бастаған.


Әркімнің өз үйі бар


Серікбол ала жаздай қонжығын орманға апарып, «жайып» келуін бір күн тоқтатқан емес. Бұрынғыдай жаяу жүрмейді. Өзі де былтырғыға қарағанда жасына жас қосқан, бірінші сыныпты ойдағыдай тәмамдаған шәкірт бала атанса, өзі ғана мініп жүретін кер құнаны да тұрықты келген кер дөненге айналған. Былтырғы қалың шөптен бойы көрінбейтін бөріктей ғана қонжығы да аю кейпіне келіңкірепті. Тамақ болар дүние атаулыны зерттеуден бір танбайтын әдетімен кей-кейде қарағай түбіне ұяларын салатын гүжілдеуік жер араларының үйлерін қопарып, рахаттана балын жейтін, бірде құмырсқа илеулерін қопарып, кішкене ғана жауынгер жәндіктер аяғына жабыла жөнелгенде оларды жалап қышқылдайтын, енді бірде тастарды қопарып, жан-жаққа бытырай қашатын құрт-қоңыздарды талмаса, енді бірде өзеннің иірімдеріне бар салмағымен құлап, жағаға шығып қалған май шабақтарды теріп жейтін, былайша айтқанда, бір сәт тыным көрмей жортатын Құралай­дың соңынан жаяу ілесу мүмкін емес болатын. Содан да ол Ұшары мен Жетерін ертіп алып, қонжығын бір жотаға шығып алып бақылайтын. Бір қызығы екі төбет те былтырғыдай қонжыққа «Әй, пәлекет, түз тағысысың-ау» дегендей ырылдаспай, бейбіт қатар өмір сұруге біршама көндігіп қалған. Біріншіден, қонжыққа жаулық мінез танытса, ең алдымен кішкене қожайындарына жақпайтындарын біледі, екінішіден, исі жат болғанмен осы бір шәугім бас хайуанның жылтылдаған қос жанарынан жаулықтың ұшқынын көрген емес. Оның үстіне бұрындары бұлардан жасқанатын сыңай танытса, қазір өзіне өзі әбден сенетіндей, жандарына маң-маң басып келіп, жата беретін. Алысып-жұлысып ойнамаса да екі итті бір түрлі іштартатындай. Содан да қос төбет те қонжық орман кезгенде кей-кейде оған ілесіп те кетеді.


– Балам, аю баласы да екінші күзде кірекейден бөлініп, өзінше тіршілік жасайды. Оның соңынан қалмай ілесе берме. Орман оның өз үйі ғой. Еркіне жіберіп, сыртынан бақылап жүрсең де жетеді, – деп әкесі ақыл айтқан. Олжабай да Құралайды орманға шығарған кезде оны інісінің алыстан шолып отыруын көбірек қалайтын.


«Биыл қыста осы орманның ішінен бір орын тауып беріп, ол өздігінен қыстап шықса дұрыс болар еді» деп, Олжатайы да біл­гішсінеді.


– Сонда биыл оны орманға қалдырып кетеміз бе? – Бұл ойдың Серікболды көптен мазалап жүргені рас болатын.


– Үлкейіп қалған аюды ауылда ұстап отыра алмаймыз ғой.


– Құралай кісіден қорқуды да білмейді. Оны кез келген аңшы­ның, тіпті кез келген қойшының атып тастауы да мүмкін.


– Иә, ол да мүмкін, – деп күрсінген Олжабай. – Оның саған өкпесі жоқ, өсірдің, бақтың. Өз тамағын өзі тауып жейтін күйге жеткіздің. Жүр онан да оған қыстап шығатын үй жасап берейік.


Олар екі-үш күн бойы ормандағы бір үлкен қарағайдың түбіндегі табиғи қуысты күрекпен қазып, апан жасаған. Ішіне ат-көпір ғып ағаштың мүгін, қураған шөпті салып, Құралай еркін сиярдай апанды даяр қылған. Қонжық жаңа мекеніне кіріп, бойын үйрету үшін оған алдымен Серікболдың өзі кіріп жатты.


– Құралай, кел, бері үйіңді көр.


Қонжық апанға батылсыздау басып кірген. Ішінде жатқан кішкентай қамқор­шысының аяғына тұмсығын сүйеп, аз жатқанмен, Серікбол тысқа шыққанда, біреу ұстап алардай соңынан ол да шығатын. Сөйтіп, оны жаңа мекеніне «жерсіндіреміз» деп тағы төрт-бес күн өткізген. Құралай бұрынғыдай тым үркектемей апанына еркін басып кірсе де бұлар сәл ұзаса болды, арттарынан қуалап жететін.


Жайлаудың да жап-жасыл бояуы оңып, шөп сарғая бастаған шақта сай бойындағы бұта-бүргеннің де жапырақтары қызғылт тартатын. Итмұрын, долана, қарақат, таңқурай бәр-бәрінің жемістері албырап піскен шақ. Аю атаулының еркінше жайылып, мейлінше семіретін тұсы.


Құралай да иелерінің ергенін күтпей-ақ өздігінен барып, орманнан риздығын шаршамай жинайтын. Бірақ кешкілік киіз үйдің сыртына келіп, дөңгелене жата кететін әдетінен жаңылған жоқ. Дәл кешке дейін жұмысын бітіріп, қоналқаға шаршап келетін кісі сияқты.


– Әке, жотадан дүрбі салып отырсам, Құралайым дәл өзі сияқты бір қонжықпен достасып алыпты. Екеуі алысып ойнап жүр екен, – деп бір күні Серікбол айтағасын жаңалықты жеткізген.


– Е, жақсы болды ғой, – деді тәтелері. – Біз көшіп кеткенде жалғызсырамайтын болды.


– Нағыз аю болып кеткенше әлі талай көресісін көрер... – деп, әкелері екіұшты ой айтты.


– Шынымен-ақ биыл оны осы жайлауға қалдырамыз ба? – деп, Серікболдың көзі боталады.


– Одан басқа шара жоқ қой, – деп, Олжабай үлкен кісінің сөзін айтқан. – Оны өткізе қоярдай жақын маңда не цирк, не хайуанаттар бағы жоқ.


Құралайдың бағы ма, әлде соры ма, әйтеуір тау басының күні біраз суытып, ызғарлы желі күшейе бастаған күндері ол қоналқаға келуін сирексіте бастаған. Елдің соңы болып, Тоқтасынның көші төмен құл­даған тұста жаңа оқу жылының басталуына да екі-үш-ақ күн қалған. Қып-қызыл жапырақты бұта-бүргенді сай да қып-қызыл. Үнсіз тымырайып жатыр.


Көшер алдында жотаға шығып, қонжығымен қоштаспақ болған Серікбол сол қып-қызыл сайға қарап дауыстады.


– Құра-а-а-лай! – Жартастар оның даусын бірнеше мәрте қайталады, бірақ одан басқа үн естілмейді. Тек ағаштан ағашқа ұшып-қонып жүрген ала қанат сауысқан ғана таңдайын қағып, өкініш білдірді.


Жылап тұрған інісін Олжатайы келіп, ту сыртынан құшақтаған.


– Жылама, Секентайым. Ол өз үйінде жүр, – деді. «Өз үйімізде жүрген екеуіміз сияқты» деген бір ой кимелеп еді, өзінің де көз алды бұлыңғыр тартқан. «Шіркін, әр тіршілік иесінің өз үйінде жүргені қандай бақыт!..»



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар