Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Жылыбұлақты жайлаған жазда...

07.01.2016 2304

Кәдірбек Сегізбай: Жылыбұлақты жайлаған жазда

Кәдірбек Сегізбай: Жылыбұлақты жайлаған жазда - adebiportal.kz


1cff67892605e451f79ced3a1c7df0db.jpg


Өз үйінің жанындағы биік доңғалдың басына бір жамбастай қисайып жатқан Тайкелтір думанды қызығымен алыстан арбап шақыруын қоймаған тойлы ауылға ренішпен, тіпті өшіге қараған. Ренжісе де, өкінсе де оның өкінішінің орнын толтырар қазіргі сәтте ештеңе жоқ еді. Мұзды кесегімен жұтып жібергендей бүткіл іш құрылысын әлдене аяздай қариды. «Әй, бекер-ақ болды, тағы да қу жалғыздың атын айтып, алдап түсірді-ау! Әйтпесе сол ант атқырды аузына алмай-ақ жүр еді».


Ол тағы да Аюөлгендегі Жәнәбілдің ауылы жаққа көз салып еді, көкпарға таласқан қалың атты, қантқа үймелеген шыбындай, қара барқынданған қалпы ауыл маңынан әлі ұзай алмай тұр екен. Дәл бір Тайкелтірдің көз салуын күтіп тұрғандай сол сәтте қалың топтан сытыла жөнелген бір шоғыр Жаңатұрмысты маңдайларына алып, шұбатыла тартқан. Ең алдарында бауыры жазылып, созыла зымыраған қылаң атты оқшау кетіп барады.


– Әкетті-ау! Әкетті! Уа, бұл елдің еркегі қайда түге?! – Қу дала, қу медиендегі қойын бағе-е-еп, жамбастап жатқан Тайкелтір өз даусынан өзі ұялды. Ә дегенде ұятқа ұқсас бір сезімнің шарпып өткені рас еді, іле-шала оның өз уайымы есіне түсуі мұң екен, өрекпіген көңілі саябыр тапты. «Бүкіл әулие-әнбиелердің аруағы алдында уәдеде тұрмаған қылмысы үшін қандай жаза тартарына көзі жетпей отырып, намысшылын, көкпаршылын қарасаңшы мұның» деп өзінің жер-жебіріне жетті..


* * *


Шөбі шүйгін болмақ түгілі қойдың тісіне тигені ішіне барып шикі май болып томырыла қалса да, осы жерге Тайкелтірдің әке десе жолағысы жоқ еді. Төбеңнен ғана жүргір, әлгі ферма бастық Бегім емес пе: «Тәке, Жылыбұлақтың оты жұғымды, күзге қарай етке өткізетін бойдақ қой қапысыз семірсін, биыл сонда жайлаңыз» деп желімдей жабысқан. Шілденің шілінгірінде де биік тау басындағы бұл мекеннің қар боратып, бұршақ төге салатын ежелгі әдеті. Тайкелтір бәйбішесі Ақкүмістің белінің құяңы, өзінің де сегізкөзінің сырқырамасы барын, ондай жауын-шашынды, елдің шеті, желдің өтіндегі мекеннің қыңқыл-сыңқылы бар бұларға қол еместігін, оның үстіне, көзің тайса күн демей, түн демей малға тиіп беретін ит-құсы, түн баласы қалың жыныстан қорбаңдап шыға келіп, қотанға кіріп кетер ожар мінез аюының бір саябыр таппайтынын уәж ғып біраз қыңыратқыған. Майда тіл, мәймөңке сөзді бастық оң-солынан шығып жүріп, жарықтық Жылыбұлақтың киелі ыстық суына кемпірі екеуі бір-екі шомылып шықса құяң-сұяң, сырқырама-кілтілдеме атаулыдан құлан-таза айығып кетерлеріне көздерін жеткізіп, ақыры «мақұл» дегізген. Енді міне, соның зардабын тартып, омалып отырысы мынау. Рас, киеңнен, қасиетіңнен айналып қана кетейін, Жылыбұлақтың суының шипалылығы ма, әлде сол жерге мәңгі орналасып алып, ағат басқанның тәубасын есіне түсіріп қоюды өз парызы көріп жатқан, топырағың торқа болғыр, бабасы Айжарықтың аруағының пейілі түсті ме, әйтеуір, киелі бастаудың басына ақтықтарын байлап, аяттарын бағыштап алып, тұма суына екі-үш шомылып шыққан соң Ақкүміс екеуінің құяң-сырқырамалары қолмен сыпырғандай жоғалған. Екеуі де дәру болған бұл емді Жылыбұлақтың ыстық суынан гөрі сол киелі бабаларының мейірімі түстіге молырақ жорыған. Рас болса осы Тайкелтірдің әлде тоғызыншы, әлде оныншы атасы болып келер Айжарық марқұм тіршілігінде ашық аспанды бұлттандыра алатын, жауғалы түнеріп тұрған аспанды шайдай ғып аша алатын, дерттіні жазып, асқан-тосқанды дертті ғып жібере алатын өте үлкен әулие кісі екен. Кім біледі, нақты көз жетпеген соң ол туралы былай-былай дейтін, немесе бабасының құдіретіне күмән келтіріп, күдік айтар кісің Тайкелтір емес. Қайта әулиенің тірі кезіндегі кереметін қойғанда өлі рухының бүгінгі тірілерге жасап жатқан «шаруасына» қапысыз ден қоюмен келеді... Өзі ғана емес Ақкүміс те риясыз сенгендердің бірі. Сонан ба ол белінің құяңынан құтылған соң: «Шал-ау, әулие бабамның пейілі түсті-ау деймін, сүйек-сүйегім балқып, қырыс-тырысым жазылып кеткендей. Жарықтықтың кәріне ұшырап жүрерміз, енді анау жынды суыңнан ұрттай көрмеші» деп өтінген. Шынтуайтына келсек, Тәкеңнің бұл жердің ит-құсынан, аюынан немесе елдің шеті, желдің өті болуынан, тіпті немесе жауын-шашыны мол жер екенінен қыңғаны шамалы, алпысыңызды алқымдап отырған осы ғұмырында көрмей жүрген құқайлары ма екен бұлар, именіп, қаймығатыны осы, кемпірі айтып отырған «ащы су» деген пәленің кесірінен ұшырауы мүмкін әулие бабасының каһары. Көшіп келген бетте үйдің керегелерін керіп, шаңырағын көтерген соң-ақ Тәкең өзіне ғана құпиялап, іштей сертке тұрған. «Татып алмаспын!» деп. Тым болмаса «жарықтық Жылыбұлақтан көшкенше» деп. Қай-да-а! Сары жайлауға келген соң осы жұрттың қызық-думанының тығыны ағытылғандай бірінен кейін бірінің той жасағыш болып кететіндерін қайтерсің. Қыз ұзатып, келін түсіріп жатса бір сәрі-ау, қотаннан қозысы мол өрсе де – той, қойынан жүнді артығымен қырықса да – той, біреуінің суреті аудандық газетке басылып шықса да – той, тіпті сол тойлардың бірінде аты бәйгеден келсе, тағы – той, көкпар түскен үйде де – той, жағалай – той, күнде – той. Және қыстаудан, көктеудегі ұмытылған сылтаулар жайлауға жайғасқан соң жаңғырып, той бола салады. Құдайдың күнін құр жібермей «пәлен күн – менікі, түген күн – сенікі» десіп, бірінен-бірі қалмай той жасау жазылмаған ережеге айналғандай. Көп тойшыларды тойдырардай болысып, автодүкендер ағылады. Олардың сатушылары қойшылардың аямай төге салатын ақшаларын бірінен-бірі қызғанып, бұрынырақ басып қалу үшін ұмтылысады келіп.


Той болған соң белгілі, қымыз шіркіннің қызығы да, қызуы да жұртты қанағаттандырмай сыңғыр-сыңғыр шөлмек қаптайды, шөлмек қаптаған соң от тиген қамыстай кеу-кеу сөз өршиді, бірін-бірі қажайды кеп, арағынан бірер дүркін алмасаң суға кетердей болып, үй иесі жалынады, тіпті болмаса өкпе-назды үймелетеді, «ғұмыры аузыңызға алып көрмегендей оныңыз не, жоқ әлде менің қызығымды қызғанып отырсыз ба? » деп өлердегі сөзін айтқан кезде, ер болсаң татып алмай көрші.


Осыдан екі апта бұрын ел жайлауға келген бетте қисық аяқ Қабылдың сегізінші кластан кейін тракторшылар мен шоферлар даярлайтын училищеге түскен кенже ұлы сол оқуын тауысты деп әке-шешесі той жасасын. Бір ферманың қойшылары аз болғандай Сәменнің арғы, теріскей бетіндегі «Жаңатұрмыс» совхозының малшыларын да шақырыпты. Тастының жазығын аттылар кемеріне келтіре толтырды. «Той дегенде қу бас та домалайды», Тайкелтір де өкпелеген кісідей іргесінде дүрілдеп жатқан қазыққа қатыспай қала алмаған. Күні ертең қисық аяқ Қабылдың: «Сенің балаң секілді ішкертін барып, ірі оқуға түсе алмайтын болған соң менсінбедің ғой» деп өкпе-наз айтарына шәк бар ма?! Ақкүміс жазған көмпіс қой: «Ымырт үйрілгенше ораларсың, әйтеуір, «анау пәледен» абай бол» деп малда өзі қалып, шалын тойлы ауылға аттандырып салған. Ақкүміс айтқан «анау пәледен» татып алмаймын-ақ деп келген. Қайда-а! Ішімдікпен көптен әуес өзі құралпы қырқылжыңдардың қыспағына төзіп-ақ еді, қисық аяқ келіп қиылсын. Өзге сөзіне пысқырмас та еді. «Анау жалғыз ұлың Тұрсынның аман-есен оқуын бітіріп келіп, келін түсіру тойын көруге жазсын біздерді» деп ең осал жерінен бұғалық тастағаны. Тұрсынның аты аталған соң Тәкең шыдамаған. «Айналайын, ағайын, осы бір ақ еділ тілегіңнің зекеті болайын. «Көп тілеуі – көл». Айтқандарың қабыл болғай. Келесінен безінген кәрі қоспақтай осылардан жанымды жырақ қашыртып не марқадам табармын?! «У ішсең – руыңмен!» Нар тәуекел!» деп кесеге мұртының шалғайын малып қойып, тартып жіберді. Ақыр болары болған соң, бір-екі дүркін тізгінін жіберіп алып барып, нәпсісін сабырға жеңдіріп отырған кезде үсті-басы алба-жұлба Ғазиз келіп үйге кірген.


– Е, байғұс Ғазиз көптен көрінбей кетіп еді, бұл сорлы қайдан жүр? – деді қолының майын саптамасының қонышына сүртіп отырған қисық аяқ. – Байғұстың тілеуінің оңын қарасаңшы, тойдың үстінен шыққанын. Өзі сорпа-су ішті ме екен? Балалар мынаған тамақ беріңдерші!


Ол қазан-ошақтың тұтқасын ұстаған қыз-келіншекке қарап дауыстаған. Төрт-бес жылдан бері есі ауысып, ел кезіп жүретін Ғазиздің жайлауға шыққалы келгені сол болатын. Үй иесінің сөзіне мәз болып, ыржалаңдап мағынасыз күлді.


– Арнаулы ауруханаға екі-үш дүркін жатқызған екен, ем қонбапты сорлыға... – Тағы да қисық аяқ көсемсіді. – Бірақ өзінің тірі жан, тісті бақаға зияны жоқ.


– Берші, берші андағыңды! – деп Ғазиз өзіне таяу отырған үй иесінің қолындағы кесеге жармасты. Арақ құйылған ыдысты аузына жақындата берді де кесе ішінен бір сұмдықты көргендей «ойбай!» деп қолындағысын лақтырып жіберді.

– Арақ қой, мынау! Ой, сорлылар-ау, бәрің бірдей мас болып өлесіңдер ғой. Бәрің де! Жалғыз мен сау болғанмен бәріңе қалай ие боламын!? Өй, өңшең сорлылар! Ішіңдер, естеріңнен танып, есалаң болғанша ішіңдер!Ј Егер бар ғой, елірткі суларыңа бір тоқтау салып, ес жимасаңдар бар ғой «Ғазиз данышпан екен» дейсіңдер әлі...


Ол әлі де бірдеме демек еді, өзіне жеке тартқан бір табақ етке сұғына кірісіп, сөйлеуге мұршасы келмеді.

– Е, дерт шіркіннің адамды қор етуі қандай оңай, – деді қызара бөртіп, төрде отырған шалдардың біреуі.


– Ең есті сөзді ессіз айтты-ау осы! – деп Тәкең әзіл айтқан болды. Одан әрі отырудың мәні болмай, көкпар қызып жатқанда жылыстап шығып, ауылға қайтқан.


Жарықтық әулиенің төрт құлақты ескі бейітіне туралап қарай алмай, бір қырындап келіп аттан түскен. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, жүрелеп отыра қалып, Айжарық бабасының аруағына ғана бөлмей-жармай арнаған құранын нәшіне келтіре қирағаттасын. Баяғыда әкесі жаттатқан келте аят аздау көрінген соң соның өзін бір емес екі дүркін сарнатып келіп, өзіне түсініксіз арабы сөздердің таусылғанына қуанғандай қазақша тілек айтуға жеткен кезде тасырқаған аттың саздауыт жерде желгеніндей зор ықыласпен майпаңдай жөнелген.


– О, аруағыңнан айналайын, әулием, ішкенге мас, жегенге тоқ бұл пақырыңның күнәсін кеше көр! Жырақта жүрген қу жалғыздан кәріңді аулақ қылып, пейіліңді түсіре жүр... – Ол көзге көрінбес аруақтың алдында өзінің бүгінгі күнәға батуының себебін айтып, ақталғысы келген. Бірақ неден бастарын білмей жаюлы қос алақанының қым-қиғаш терең сызықтарына қарап, бір сәт мүдіріп отырып қалған. Тамағын бір кенеп алып, бәсең үнмен тілегін жалғастырды. – О, аруағыңның құлдығы болайын, әулием, осы бір азғын суды ішейін деп іштім бе, қисық аяқ Қабыл жалғызымды ауызға алған соң шыдамадым ғой. Ол жазғанға да кәріңді тіге көрме.


Қастық қылайын демейді ғой. Ақ көңіл, адал ниетімен... той болған соң аз болса да жұртпен бірге көңіл көтерсін дейді ғой... Өзімді де, өзгені де қорғап, қоршай жүр, әулием! Қызды-қыздымен желөкпе көңіл тағы да елтіп барады екен, жынды Ғазиздің сөзі есімді жиғызды. Айналайын, әулием, білемін, есінен айырылған ол сорлыға айтқызып отырған өзің ғой... Пейіліңді түсіре гөр, әулием!.. Аллау-ак-бар-р-р!!!


Тәкең бетін сипап, асықпай орнынан тұрып, тозығы жетіп әбден шөгіп кеткен ескі бейітке енді ғана тіктеп қараған. Баяғы бейіт, сол бейіт, қайта бұл пақырдың бар күнәсін түгелдей кешкендей, моп-момақан көрінген. Тәкең «құлһуалласын» екі қайырып жіберіп, әулиенің көңілін тапқан өз ақылгөйлігіне қатты сүйсінді. «Тіріні қойып, өлінің де көңілін осылай тауып қою керек қой» деген бір пендешілік күпір ойдың үзеңгіге аяғын сала бергенде кимелей кеткені. «Ауылға жеткізуім қажет болар» дегендей кертөбелі үйге қарай қозғала берген кезде оның көзінің қиығы бейіт жақты тағы бір шалып қалып еді...


«Астафиралла!!!» Бейіттің құлағында қалқиып аппақ бірдеңе тұр! Құс дейін десе тым белжемді көрінді.


«Бисмилла, бисмилла!» Жүрегі құрғыр тура қара бақайының басына жетті. Бағанағы арақтан өне-бойы қызынып, бір мамыражай рақат күйде келе жатыр еді. Есін демде жинап алды. Тұла-бойын сұп-суық тер басты. «Аруақтың өзі ғой, өзі! Кешпеген болды, жарықтық, әйтпесе кісінің көзіне көріне ме?!» Атын тебініп қалып, шаба жөнелуге немесе соңына қайырылып бір қарауға жүрегі дауаламаған. Ер-тоқымның үстіне гипспен қатырып қойған мүсіндей қақайған күйі келе жатып, тілін кәлимаға келтіре берген. «Қу жалғыздың қызығын да көрмей, осылай қор болып кете бергенім бе?! Сірә, жанымды алу үшін көрінген ғой.


Бағы ашылмаған Ақкүміс-ай, баяғыда осы қисық аяқ Қабылды менсінбей маған тигенде не марқадам табамын дедің екен?! Тым болмаса ұлың оқып жатқан үлкен шәһарды бір көрсетіп қайтуға да жарамадым. Енді міне, күлтөкпенің басында өлген қара нардай, өзіңмен қайыр-хош айтуға да шамам келмей кетіп барамын. Данышпан екенсің ғой! Таңертең құдайдың зарын ғып айтып-ақ едің...» Ол күбірлеп келе жатып, алдына көз салып еді, дөңнің үстіндегі белжемді жартастың ығына тігілген қоңырқай киіз үйі көне күмбездей болып көзіне шалынды. «Тым болмаса сонда жеткен соң...»


Сол кезде мінер жақ үзеңгінің түбінен бір пәлекет ешкі болып маңырасын. Әлдекімнің тысыр-тысыр жүгіріп келе жатқанын да ат құлағы анық шалып қалды. «Сайтан-жын дейтін пәлекеттер ешкінің түрінде көрінеді екен деуші еді бұрынғылар. Бірақ жын-сайтанның әулиенің бейітіне қандай қатысы бар? Бисмілла, бисмилла!»


Тағы да маңырады. Ешкінің даусынан айнысашы. «Әй, өзі берген жанды өзі алар» деп тәуекелге бел буған Тайкелтір атының алды-артына ақырын барлай қараған. «О, кебенек келіп, бас сүйегіңді қасқыр мүжігір сол! Кеше ғана кенже лақтаған ақ ешкі, ор шұнағын ертіп, соңынан емпілдеп келеді. Тәкең мұнда ашуланбағанда қайда ашулансын. Әулиенің бейітінің ығына ұйықтап қалған лағын тастай алмай, отардан қалып қойғанынан басқа түк кінәсы жоқ ақ ешкіні ат бауырына алып, әй сауырласын келіп, әй сауырласын келіп. Ес көріп, пана іздеген ақ ешкі ойда жоқта пәлеге ұшырап, өзі ілескен иесінен өзі қайда қашып, қалай құтыларын білмей жан ұшырсын.


Тәкең ашуы тарқаған соң Кертөбелді борбайға бір тартып, үйіне қарай құныперен шаба жөнелген. Атты белдеуге байлай салып, үйге кірмей есік алдында бөгелген. Айдаладағы жалғыз үй тым-тырыс. Түнімен қой күзетіп, тамағын адалдап ішетін сары ала қаншық Жетер ғана аяғына оралды. Көлеңкеде жатып ұйқы соқса керек, екі көзі қып-қызыл, маскүнемнің жанарындай талаурап тұр. Беткейге шашылған отары қарсы дөңде бытырап жатыр. Мұның үйге жақындағанын биіктен бақылап отырса керек, Ақкүміс те атын жебелей қамшылап, белегірден бері аса берді. «Тағы да ащы судан ұрттап келгенсің бе? » дегендей отағасының жүзіне барлай қарайды.


– Мал аман ба? – деді бұл жаңа ақ ешкіні ат бауырына алып, сабағанын көріп қойды ма деген күдікпен бұрынырақ өзі сауал беріп.


– Аман ғой, тойы қалай өтті құрдастың?


– «Құрдастың» деп қылқылдауын! Баяғыда соған тие салғаныңда ғой, бүгін сол тойдың иесі болып шалжиып отыратын едің. – Отағасы ғұмыры білдіріп көрмеген қызғанышын білдіргенсіді. Онда да қызғаныштан емес «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» керін келтіріп тұрған түрі.


– Алжыған шығарсың. Жоқ әлде өзің тағы да бірдеңе ұрттап алғаннан саусың ба? – Тәкең теріс қарап күйбеңдеген күйі кер төбелдің ер-тоқымын сыпыра бастаған. Бәйбішесінің осы сауалды қоярын біліп, жаңа құрдасы жөнінде әзіл айтпақ болып еді, онысы діттеген жерден шықпады. Ендігісі үндемей құтылу саясатын ұстаған түрі.


– Кертөбел тоқ болған соң бүгін көкпарға килікпейін деп әдейі ерте сытылып кеттім...


– Е, байғұс, мынау әулие бабамның мекенінен көшкенше шыда деп едім, болмадың-ау әйтеуір. Арағы түскір бәріңді де асықпай жығар індет болды ғой, түге!... Мына торыға мініп, малыңа бар, ит-құс тиіп жүрер... – Мінін мойнына алып жүрген отағасын Ақкүміс те, одан әрі қыжырта бермейін дегендей, күнделікті тіршілігіне кірісіп кете барған. Тәкең ақ ешкі жайын да өз ішінде тұншықтырып тынған. «Қорыққанға қос көрінеді» деген ғой, әйтпесе ат бауырына түсіп, мас болғаным жоқ, рас аздап ұрттап қойған соң әулиенің аруағына бағыштап, білген аятымды оқыдым. Енді маған қаһарын төкпейтін шығар, жарықтық». Осы ойдан соң тіпті, Тәкеңнің бойы аздап жеңілдеп те қалғандай. Кебенек келгір, ақ ешкінің соңынан маңырап жүгіргені бір есептен дұрыс та болған екен. Ақ ешкі сол бейіттің басында аруақтай қалбиып көрінген бойы қалып қойса, бұның ұйқы-күлкіден айырылып, мазасы біржола кеткендей екен.


Сол түні Тәкең бір жайсыз түс көрсін. Түсінде тағы бір тойдан келе ме-ау, немене. Астында аты да жоқ, иен далада жаяу қалған екен дейді. Қаталап шөлдеп келеді екен. Тілі аузына сыймай, енді өлдім дегенде сылдырлап аққан бұлаққа кезігіпті. Буы бұрқырап, аспанға шығады. «Е, жарықтық, мынау өзіміздің Жылыбұлақ қой, суы ыстық болғанмен шөлді тез қандырушы еді» деп суға енді сұғына бергенде ту сыртынан: «Ей, күнәһар пенде, қасиетті кәусарымды арам су ішкен аузыңмен неге былғайсың? Азғын суға құмар азғын, есіңді алайын ба, әлде жаныңды алайын ба? Әлде анау Бисарыдай кемтар ғып қояйын ба? Болмаса Қапан сияқты аузың қисайып, жұртқа масқара болып жүресің бе?!»


Бұл жазған ту сыртына қараса, төрт құлақты ескі бейіттен аппақ кебінін сүйреткен қария шығып келеді екен. Құлдық ұрып, аяғына жығылады екен дейді. Бір жолға кешірсе арақ-шарап атаулыны аузына алмауға ант ішеді екен дейді. Кебінін сүйреткен шал дәл жауырынының ортасынан бір аяғымен басып тұрып, тағы күмбірлей тіл қатады;


– Ей, бейбақ, пенделерім, жасыңды қойғанда, ес білер деген егделеріңе дейін азғын суға тұншығардай не көрініп еді сендерге?! Жеттім дегендегі жетіскенің, болдым, толдым дегендегі тойынғаның осы ма?! Мынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заманның қадіріне осылай жеткендерің бе?! Есірткі су ішіп, естен танардай не көрінді бәріңе, есіңді жи, халқым, есіңді жи, халқым!!!


Тайкелтір ауа жетпей тұншығып барып оянды. Өңі емес түсі болғанына қуанды. Жүрегі тарсылдап, тайдай тулап жатыр екен. Үйдің іші көрдей қараңғы. Сыртта қойлардың пысқырғаны естіледі. Екі жауырынының ортасын зілдей бірдеме әлі басып түр. Ол ептеп басын көтеріп, денесін қозғап көріп еді, ту сыртынан басқан әлдене сырғып жерге түскендей. Сөйткенше болған жоқ тарғыл мысықтың пырылы естілді. «Жататын жерді тапқан екенсің, пәтшағар!». Ол жылы көрпеге сұғынып кіріп келе жатқан мысықты қолымен қағып жіберді. Ұйқысы ашылып кеткендей. Есінеп орнынан тұрып, киініп алды да қой күзетінде жүрген Ақкүмісті ұйықтауға жіберген.


Әйтеуір әулиенің аруағы түсінде сөйтіп аян берген соң қайтып мазаламаған. Содан бергі екі айдың жүзі Тайкелтір қымыздан басқа қышқыл атаулыны ерніне тигізіп алмай-ақ жүр еді. «Мүйіз шықса біраз жыл қызығын көрдім ғой, енді тыйылайын!» деп, іштей өз-өзінен қатты бекінген. Ақ ешкінің өлердей қорқытқанын да, түсінде әулиенің аян бергенін де ешкімге айтпаған. Қойшы-қолаңдардың той-томалағына да малдың иендігін сылтауратып барғанды қойған. Кертөбелді жайтаң қақтырып, қызық шыққан ауылға Ақкүміс жөнелетін болды. Тойдан Тайкелтірдің қашқақтай қояр басқа сылтауы жоқ. Тек қана «сол пәледен» қорқады. Өзінің де иі жұмсақ. Қаттырақ қыстап, бұлтартпас уәж айтқандай болса, албасты басып, көніп қоюы мүмкін. Тірі, жанында жүрген Ақкүміске берген уәдені қойшы, «үйреніскен жау атыспаққа жақсы», бір қыбы болар, өлі аруаққа, әулиенің рухына берген уәдеден қорқады. Қорықпай қайтсін, Қапандай атпал азаматтың ойда жоқта қор болғанын, Бисарыдай тепсе темір үзетін жігіттің бір аяғы екі жерінен қатар сынып, ақыры кемтар болып қалғанын өз көзімен көріп отырса.


Бір кезде Жылыбұлақтың басына белі сырқырап, аяғы қақсағандар көп келіп, басына қона-түнеп жатып, емделетін. Суы біреулерге шипалы болып, дертінен айығып жатса біреулер ауруының үстіне ауру қосып алатынды шығарды. Ақыры жұрт: «Ойбай, судың шипа болу-болмауы зираты сол бастаудың дәл жанында жатқан Айжарық әулиеге байланысты екен. Харам ой, теріс пиғылы бар жандарға, әсіресе арақ ішіп келгендерге суы ем емес, кесел болып жабысады екен» десіп алып қашты сөз жүгіртісіп жүрді. Соның дәлеліндей болып, Қапан осы Жылыбұлақты жайлаған бір жылы ауыр кеселге душар болды. Бір тойдан қатты мас болып шыққан ол жазған үйіне жете алмай осы әулие бейітінің басына түнеп қалыпты да, ертеңіне орнынан туруға шамасы келмей қалыпта. Бір аяқ, бір қолынан жан кетіп, тіпті аузы-мұрны да қисайып кетіпті. Дәрігерлер «жүйкесіне суық тиген» деп біраз емдеген екен, бәрібір бұрынғыдай оңалып кете алмаған. Бүкіл бет пішіні бір жағына ауып, күлсе де езуі оң құлағына қарай қисая жөнелетін болған. Жұрт шіркін бірауыздан бұл әулиенің кәріне ұшырағаннан десті.


Ол аз болғандай келер жылы жазда Жылыбұлақтың басын жайлаған Бисары жазғанды ат сүйреп, жарымжан болып, жаны әрең қалды. Оның да сол күні мас болып жүргенін бұлтартпай дәлелдеп бергендер табылды. Содан бері бұл маңнан арақ-шарап ішкендер байқап-байқап жүретін болған. Іздеп келіп емделіп жүретін қойшы-қолаңдар да бұл күнде тым сирек. Басқаны қайдам, қасиетіңнен айналайын, Айжарық әулиенің құдіретіне Тайкелтірдің сенімі ала бөтен болатын...


* * *


Тәкең үйінің сырт жағындағы биік доңғалдың басында жантайып жатып, майдандас досы Жәнәбілдің тойлы ауылына ренішпен, тіпті өшіге қарап жатты. «Әй, бекер-ақ болды, тағы да қу жалғызға бола көндім-ау.» Оның бүгінгі сөзіне қалай иліге қалғанын ойлағанда күрсініп салды.


Әттең, тым болмаса, етекке түсер қалған жарты айға қалай да шыдауы керек-ақ еді. Өткен жолғы қисық аяқ Қабылдың тойынан соң шыдап-ақ жүр еді. Шыдамайын деген жоқ, шыдатпады. Анау биіктің иек артпасындағы Аюөлген жұртында отырған майдандас досы Жәнәбіл немересіне сүндет тойды бүгін жасаған. «Тәке, өзің келмесең өкпелеймін, малыңды қарайлай тұруға бір баламды жіберейін. Ақкүмісті де тастама. Ойбай-ау, менің тойымды сенің басқаратын жөнің бар емес пе» деп өзі келіп, тақымдап тұрып алған соң амалы таусылып, еріксіз көнген. Көнгені бар болсын, той үстінде тағы да сай-сүйегіңді сырқыратар талай сөз, талай қыспаққа шыдап-ақ бақты. Жәнәбіл дәл жанына келіп жүрелеп отырып алып:


– Ей, Тайкелтір-ай, екеуәміз күні кеше қан майданда жүргенде пәшес иттің қой боғындай қорғасыны төтелеп келіп тисе, жанымыз мыңдаған боздақтардан артық па еді?! Алла осы жаман бала-шағаға өмір көрсетейін деген шығар. Сол оқ пен оттан сау қайтқан жанымызды осы ащы су алар деймісің? – деп қысқанда да иілмеді. Келер жылы ферма емес, бүкіл шаруашылық, ауданның маңдай алды шопаны болуың үшін деп бопсалады, міз бақпады. Өзінің кемпірінің денсаулығы үшін көтертпек болып еді, қыңбады. Бір кезде: «Анау жалғыз ұлың Тұрсын аман-есен оқуын бітіріп келіп, келін түсіріп берсе, сонан соң немерелі бол деп тілейміз. Сол шіркіннің сүндет тойын тойлауды көрсетсін бізге!» деп сұңқылдасын. Жалғыз ұлдың өзін айтып қана қойса, бәлкім, көнбей де кетер ме еді, болашақ немере дегенді айтқан кезде ішек-бауыры түгел езіліп кете жаздапты. Орта кесе арақты қолына қалай алғанын байқамай да қалған. «Тәуекел деп тас жұтты». Тастан қай жері кем, өңешін, одан соң аш ішек, тоқ ішектерін аралай жүгірген күйдіргі ағын, тұла бойын жалынымен баяғыдағы әдетімен бір шаршып өтті, елде «неге іштім» деген үрей ме, әйтеуір, ішкен сұйық заты дереу тасқа айналғандай ұлтабарының басына келіп, домбалданып бата бастаған. Қайтып татып алмады. Небір сөз айтылса да кәрі еменнің бұтағындай майыспаған. Қымызға қызып, араққа масайған жігіттер, баяғы көкпаршы күндерінен әлі үміт үзе қоймаған мұның тұстастары «әуп!» десіп атқа мінгенде бұл да додаға түсердей мама ағаштан Кертөбелдің шылбырын шешті. Алғашында егде тартқан жыны қозыңқырап, топқа сұғына кірген. Бас-сирағы тұлдырланып, ертеден бері суда жатқан көк серкені – серке емес, көк тұлыпқа жасырған қазынадай тамам атты жұлмаласып келіп, жұлқысып келіп, тартқыласын-ай. Тақымға салып, ала жөнелуді бәрі де дәметкенмен ешқайсысы жіберер емес. О баста, көк лақ болып туғанда. маңдайына адамдардың екі ет асымдай уақыт осындай қызығы үшін жан тәсілім болу жазылған сорлы көк серкенің көк жүні, уыс-уыс күйі бырт-бырт жұлынып, әркімнің қолында кетіп жатты. Белді аттар жан-жаққа мықшия тартып, қамшыларын ауыздарына көлденең тістеп алған жігіттердің қарулы білектері ышқына жұлқығанда көк серкенің жіліктері бырт-бырт сынған. Тәкең де қызды-қыздымен көкпардың бір пұшпағына жармаса беріп еді, қиғаштай сынып, теріні тесіп өткен асықты жіліктің жарықшағы алақанын сойып түскен! Бағанадан өліп-тіріліп, жұлқысып жүргендердің қолы неге жараланбайды, неге сынған сүйек мұны тапты? «Мүмкін әулиеміздің ескертуі шығар». Тайкелтір аман-сауында малына, үйіне қайтпек болды. Той иесіне де жолыққан жоқ, алақанының жарақатын қол орамалын жыртып байлады да ат басын аулына бұрған. Бұрынғыдай әулие бабасының зиратына соқпай, үйіне шалғай да болса орағытып басқа жағынан келді. Тағы да азғын судан ауыз тиіп келгенін білдірмей өтпек болғандағысы. Қолының жарақатын Жылыбұлақтың суымен жуып жіберсе, ушықпай тез жазылар еді, бірақ оған да жүрегі түскірдің дауаламағаны.


Өрісте жатқан отарына жеткен соң Жәнәбілдің онсыз да жіпсіз байланғандай болып әрең түрған Кенжеқарасына «азаттық» беріп, Кертөбелдің ауыздығын алған. Баламысың деген, жердің қиындығына, таулы жердің қиялы-беткейлігіне қарамай Кенжеқара атты сауырға бір салып, жөнеп берді. «Сау болыңыз!» деуге шамасы әрең келген.


Тәкең алыстағы жотаның басында отырып, думанды тойлы ауылға қарай жанар тіктеді. Көкпаршылар ауылдың шығыс жағына қарай қозы көш жерден қара нөпір болып көрінеді. «Шамасы, жанатұрмыстық жігіттердің ауылына қарай аса жөнелуге бірер белегір қалған кезде біздің жігіттер де табан тіресе арпалысып, қидаласып жүргендей. Дәл осы ақшам мен екінтінің арасында айласын асырған жақ әкетпек. Әй, өңшең ынжықтар, шынымен көкпардан айырылып, қолдан беріп қарап қалмаса нетті!» деп кіжінді ол ауылдастарына. Сол кезде қалың топтың ішінен төрт-бес атты бөлініп шыға берген. Жуан құла мінген біреіусі көкпарды тақымға басып, қайтадан еңістете заулады. «Әй, кәрі тарланым-ай, мынау қисық аяқ Қабыл ғой! Тарт, тарт!» Тәкең жан-жағына қарап, шығып кеткен өз даусынан ұялып қалды. Калған бес-алты атты қуғыншылардың жолын әдейі бөгеп, құланың шығандап кетуіне жағдай жасап келе жатқанын бұл жазбай бағамдап отыр. Еңіске қарай жөңкіген қалың атты – қашқаны бар, қуғаны бар толайымен ақтарылып, сайға түсіп, көзден қалқаланды.


Өз-өзімен лепіріп, асып-тасып отырған Тәкеңнің көңілі осы кезде су сепкендей басылғаны. Себебі жанары көкпаршыларды жоғалтып алған соң қыдырыстап барып ойда жоқта әулиенің бейітіне түскен. «Әй, сыртынан орағытып өткенмен аруақ шіркін мұның өткен жолғы уәдесінде тұрмай қара басып келгенін білмей, сезбей жатыр дейсін бе? Сезеді ғой, сезбесе әулие бола ма?! «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, Тәкең жүгініп отыра қалып, үйреншікті сүрені сұңқылдатсын келіп. Әуенін әдемілеп, әр сөзін нақышына келтіре ерекше бір беріле, баппен оқыды. Уәдеде тұра алмағаны үшін кешірім сұрап, кішірейгендегісі.


Ол барлық рәсімін жасап болғанмен, көңілі құрғыр тыншымады. Әлде неге алаңдап, берекесі бек кеткен. Тойлы ауылдың қызығына құмартқаны да демде басылды. «Әй, төбеңнен жүргір, Бегім қу-ай, биылғы азапқа салып қойған!» Осы жаздың қызығы бұған қызық емес – керісінше бүкіл тіршілігінің үйреншікті, қамсыз ағысын бұзып кеткен қырсық болды.


Енді, міне, соның зардабын тартып, омалып отырысы мынау.


Тойшы ауылдан бері қарай жалғыз аттылы шықты, шамасы Ақкүміс болса керек, «Е, ол да отыра алмаған ғой, байғұс. Жаңа малға өзім барармын, асықпай келерсің» деп айтпағанына өкінді.


Сонан соң Жәнәбілдің бағанағы сөзі есіне түсіп, бір түрлі рақаттана жымиып қойды. Болашақта түрі-түсі өзіне беймәлім немерелерін қалай еркелетіп, қалай мойнына мінгізіп жүретінін көз алдына елестетті. «Е, не болса да болар, тек жолына қараған жаман ұл аман-есен оқуын бітіріп келсе екен».


Бағанағы орта кесе арақтың кесірі ме, әлде екі жастың біріне келгенде көкпар тартайын деп бойын алдырған ба, ауылының жанындағы биік доңғалда жамбастап жатып кірпігі айқасып кетіпті. «Осы бәлені неге іштім» деп бүгін бір басына артықтау уайым жегендіктен бе түсіне... арақ деген пәлекеттің кіргені. Әлде қисық аяқ құрдасы Іабылдың, әлде майдандас досы Жәнәбілдің үйінде ме-ау, әйтеуір бір үйде дүрілдеген той өтіп жатыр екен дейді. Киіз үйді қойып, кең жазыққа сыймай отырған тойшы жұрт гу-гу көңілді. Бір ғажабы, не кәрі, не жас бірде-біреу... арақ деген пәлекетті ұрттап алмайды екен дейді. Ұрттап алғанды қойып, қара шешек дертінен жандары қалған кісілердің сол аурудың атын атауға қорқатыны сияқты «арақ» деген сөзді айтқан жанның өзін орталарынан аластап, қуалайды екен дейді.


Бір уақытта Ғазиз сорлы келіп, тойшыларға қосылады. Көзінің оты сөніп, аяғын әзер басады. Сөйтсе... Ғазиз удай мас екен дейді.


– Уа халқым, мен бәрібір есі ауысқан адаммын ғой. Сондықтан жалғыз мен масайып, жарты есімді одан әрі жоғалтсам сөге көрме. Елім есін жиса мен – құрбандық көк серкешіңмін! – деп тағы да есті сөз айтқан екен дейді...


Тайкелтір әлде бір әдемі әуеннен оянып, мынау қызық түстен кейін өз-өзіне келе алмай біраз жатты. «Апыр-ау, сызылтып ән салып тұрған кім болды бұл? » Әлде қыз, әлде келіншектің сылдырлаған күміс үні. Бір түрлі таныс әуен. «Е, «Қамажай» екен ғой.


«Қамажай үйде отырып керіледі,

Аяғын бір басуға ерінеді, ерінеді...»

«Бәрекелді, әнші-ақ екен. Апыр-ау бұл кім болды екен, иен тауға келіп, «Қамажайлатып» жүрген?»

Ол басын көтеріп жан-жағына қараған. Үйінің жанындағы биік доңғалды, өз отарын, сонан соң анау сайда жатқан Жылыбұлақты, бұлақ басындағы әулиенің зиратын... бәрін, бәрін де тез шолып өтті.


Сөйткенше қойдың шеті дыр етіп, үрікті де ығысып барып, үдірейісе қарап тұрып қалды. Үйреншікті әдетімен Тәкең де айтақтай орнынан тұрған. Сумаң қаққан бір қара ит иек артпадан шыға келді. «Астафиралла! Иттен басқа тірі жанды көрсе көзі шықсын!» Шыққыр көзі адамның бейнесін бұзып көрсетіп, тас керең болғыр құлағы ойда жоқта бір әнді жердің түбінен өзі тартып тұрмаса... бір қырындай шауып бара жатқан тіршілік иесі – қара ит, және «Қамажайды» айтып бара жатқан да сол ит.


Ол көзін уқалай, құлағын шұқыды. Ап-анық. Қара ит «ал қайтесіңн?» дегендей бұтаның түбіне барып, бұтын керіп сәл тұрды да, жорта жөнелді. Жай бара жатқан жоқ, әндетіп барады.


«Басында Қамажайдың бір тал үкі,

Айрылып, Қамажайдан болдым күлкі, болдым күлкі.

Ах-хау, хау-лил-лила-ау, хау-лил-лила-ау...»

Тайкелтірдің көзі қарауытып, құлағы шыңылдап, басы айналып кетті. «О, әруағыңнан айналайын, әулием! Көрсетпегенің қалмады-ау. Қаңғып жүрген қара иттің «Қамажайды» әндетті дегені не сұмдық?! Жаздым, жаңылдым мен бейбақ! Енді сол шіркінді ішсем атау керемді ішейін. Қасиетіңнен айналайын, бабам, кешіре алсаң, күнәкәр пендеңді, нәпсісін тыя алмаған бейбағыңды бір жолға кеш! Енді қалғаны көзіме жын-періні елестету ме еді?!»


Ол етпеттеп жата кетіп, тәңірге де, әулие-әнбиелерге де тілі жеткенше жалбарынды. Пәлен жыл бойы кеу-кеумен үйреніп, кездескенде есесін жібермегей кәрі досы – арақты қайтып татып алмасқа үзілді-кесілді сертін беріп жатты.


– Оу, отағасы, не болды иен далада етпеттеп жатып? – Ақкүміс екен. Атынан домалай түсіп жатыр. – Бісміллә, бісміллә, байғұс-ау, ауырып қалғансың ба? Қан-сөлің бетіңнен қашып кетіпті ғой!


– Бәйбіше, жалғызымның атын аузыма алып ант етейін, ендігі көрмегенім арақ болсын.... Бүгін тағы да ептеп ауыз тиіп едім... содан жаңа бір қара ит келіп... «Қамажайды» айтқаны...

– Бісміллә, мына бәтір не дейді, тәңірім-ау! Сау емес қой мынау! Енді не күйге ұшыраттың, жаратқан-ау! – Ақкүміс байғұстың онсыз да даяр тұрар көз жасы жанарында мөлдірей калыпты.


– Саумын, бәйбіше, әзірге саумын! Бірақ, жаңа ғана бір қаңғыған қара иттің «Қамажайды» әндетіп кеткені рас.


* * *


Тайкелтір де елмен бірге аман-есен, ауырмай-сырқамай-ақ жайлаудан түскен. «Ел құлағы – елу», сөз жата ма, «Қамажайды» айтқан қара ит туралы күлкілі әңгіме бүкіл ауылға тез тараған.


– Е, ол біздің Ұшар емес пе?! Қарақат тере барғанда кішкене радиоқабылдағышымды мойнына байлап қойғанбыз, – депті Бисарының кішкене балалары...


«Қара иттен қорқып, болмаса әулиенің кәрінен қорқып қойды дейсің дерме арақты? Жоқ, мысқалдап кіріп бойды, сонан соң ойды алар бұл індеттен құтылу үшін әркімнің жүрегінің басында отырар өз әулиесі болуы керек» деп Тәкең жұртқа салауатты адам болып ақыл айтады екен бұл күнде.


1984 ж.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар