Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбайұлы: Арқарға үлкен мүйіз неге кер...

12.01.2016 4450

Кәдірбек Сегізбайұлы: Арқарға үлкен мүйіз неге керек?

Кәдірбек Сегізбайұлы: Арқарға үлкен мүйіз неге керек? - adebiportal.kz


images.jpg



– Жүр, балам, – деді атасы Ақжалын ерттеп болған соң немересі Қошанға, – орманды аралап келейік.


Ауыл маңындағы кішкене жоталарға бұзау қарай бар­ғаны болмаса, биік таулар мен таудың сала-сала сайларын өрлей өскен қалың орманды көрмеген Қошан қуанғаннан айғайлап жіберген.


– Алақай, мен де таудағы орманға барамын.


– Құлыным-ау, босқа шөлдейсің ғой, – деп әжесі тағы да үйреншікті әуеніне салып, мұны үйден шығармаудың бір қарекетін ойлап тауып еді, атасы мәселені үзілді-кесілді шешіп берген.


– Ештеңе жоқ, үй мен үйдің арасында қозы-лақ қуалап ойнағанша туған жерінің ой-қырын ертерек танып өссін. Жанторсыққа айран құйып бер онан да.


Бұдан кейін Қошекеңнің ешкімнің сөзін тыңдайтын жағдайы жоқ еді, сырт киімін алуға да шамасы келмей, атасынан бір елі қалмай тысқа бірге шыққан. Екеуі Ақжалға жайғасып мінгесіп алған соң-ақ, ауылдан шыға бере алғашқы сауалын қойып үлгірген. Әрине, Қошекең де атасымен қалай сөйлесуді жақсы біледі. Әкесіне қатарынан екі сауал қойса болды: «Әй, өзің бір мылжың екенсің» деп шыға келеді. Ал жүз сауал қойсаң да атасының жауап беруден жалыққанын көрген емес.

– Ата, орманшы болған жақсы ма?

– Жақсы ғой, балам!

– Аю, қасқырды көресің, иә!

– Е, көреміз ғой, бәрін де көреміз.

– Марал, арқарларды да көресіңдер ме?

– Әрине, тау-тас орманды күнде аралай берген соң әр түрлі жабайы аңдарды көреміз де...

Қошан бала тынбай сауал қоюдан, Ақжал ат сарыбас жоңышқаны тынбай орудан жалығар емес.


ІІ


Біраз сауал қойылып, біраз жауаптар айтылып, жанторсықтағы айранның біразы ішілген кезде Қошанның бір жартастың түбінде жатқан жойдаусыз үлкен мүйізді көргені.

– Ата-ата, мынау ненің мүйізі?

– Арқардың мүйізі ғой, балам.

– Арқарға осынша үлкен мүйіз не үшін керек?

– Балам, – деді атасы атынан түсіп. – Сен мына мүйізді жақсылап көріп ал,содан кейін жаңағы сауалыңа жауапты өзің іздеп көрші.

– Таптым, таптым, – деді асықпай, байырқалап ойлануды, өз пікірін сонан соң бір-ақ айтуды көп біле бермейтін Қошан тез жауап беруге тырысып. – Қасқырлардан қорықпау үшін керек.

– Жоқ, балам, арқар қасқырды мүйізінің үлкендігімен қорқыта алмайды, керісінше жүйріктігінің арқасында қас­қырдан қашып құтылады.

– Онда басқа арқарлармен сүзісу үшін қажет.

Атасы немересінің бұл жауабына мүлде ренжіп қалды.

– Қазір жауап беруге асықпа. Ойлан. Сен бұрынғы­дай емес, қазір мектептің үшінші сыныбының оқушысысың. Әр түрлі кітаптар­ды, журналдарды ақтарып көр, – деді атасы. – Еңбегің көп сіңген­де табылған тағамның жұғымды болатыны сияқты, қиналдырып табылған қиын сауалдың жауабы да ұмытылмайды. – Сен алдымен андағы мүйізді әбден зерттеп танысып көр. Одан не байқағаныңды маған айтып бер.


Қошан тұмсығы сәңірейген әппақ қу басқа тұтаса біткен иір-иір алып қос мүйізді көтергені сол жерден әрең жылжытты. Аударып көрді. Алайда қу мүйіздің қай жерін «зерттеудің» жөнін білмей, атасына қараған.

– Ал, не байқадың?

– Ештеңе.

– Онда зерттеуімізді екеуіміз бірігіп, жүргізіп көрейік, - деп атасы да атынан түскен. – Алдымен мүйіздің сақиналарын санап шық.

– Әр қайсысында он төрттен сақина бар екен.

– Жақсы, ол сақиналар нені білдіреді?

– Білмеймін, әдемі көріну үшін шығар.

– Білмесең біліп ал, балам. Осындай үлкен мүйіз арқардың құлжасында ғана болады, ал саулығының мүйізі ешкінің мүйізі сияқты кішкентай болады. Олардың да сақиналары болады. Әр сақина әр жыл сайын қосылып отырады. Демек, біз көріп тұрған мүйіз он төртке келіп өлген арқардыкі. Арқар 14-15 жыл өмір сүреді. Мынау қартайған арқардың мүйізі деген сөз. Тағы не байқадың?

– Қайдам, әлі жылтырап тұр ғой.

– Дұрыс байқадың, балам. Егер бұл бұрынырақ өлген арқар болса, мүйізді күн жеп, сыртқы қабығы қабыршықтанып түсе бастайды. Алты-жеті жыл өткен соң, аппақ қу сүйекке айналады. Бұл арқар осы қыста өлген, немесе қасқырға жем болған. Оның үстіне мүйіздің жатқан жерін қарашы. Жерге тереңдеп сіңе қоймаған. Осы айтқандарымды көкейіңе түйе жүрсең, өзің де табиғаттың көп сырын білетін боласың.

Ал арқардың құлжасына үлкен мүйіздің неге керек екенін өзің ойланып, тап.


ІІІ


Қошан қайтарда атасын таусылмайтын сұраулармен көп мазалауға шамасы келмей, өзіне қойылған жалғыз сауалға тезірек жауап табуға тырысумен болған. Бірақ оның ешқандай да жауап таба алмағаны рас болатын.


Ақжал күн сайын жүріп үйренген соқпағына түсіп, орманды аралап, биікке қарай өрлей берген. Қалың бүргенің ішінен пыр етіп құрлар ұшады. Иен жайлауды еркін жайылып жүрген суырлардың біреуі атты кісіні көрген бетте жаужеттілеп ақитаса, басқалары індеріне қарай быртыңдай жүгіреді. Қарғалардың қарқылы, сауысқандардың шықылықтағаны, әнші торғайлардың сайрағаны – бәрі бәрі тау орманының өзіне ғана тән әдемі музыкасындай. Бірақ Қошан осылардың бәрін қанша қызықтағанмен, атасының жұмбақты сауалы ойынан шықпай қойған. «Арқарға үлкен мүйіз не үшін керек?»


Осы сұрақты Қошан үйге келген соң да ағасынан да, шешесі мен әкесінен де сұрады. Бірақ мандытып жауап берген біреуі болған жоқ. Тек әкесі осы мәселе жөнінде ғылыми журналдардың біреуінен қызықты мақала оқығанын, онда «үлкен мүйіз арқар қатты жүгірген кезде оның қанын салқындатып тұру үшін қажет» деп жазғанын айтты. Қошан жерден жеті қоян тапқандай атасына жүгіріп келіп, естігенін айтып еді, қарт орманшы біраз ойланып отырды да: «Бұл бір біз білмейтін кеп екен» деді де қойды...


ІҮ


Содан кейін де атасы Қошанды бірнеше рет орманды қыдыртуға алып барған.Бір күні айналаға дүрбі салып отырып, Қызылшағылдың жалама жартастарының бірінің ұшар басында тұрған құлжаны Қошанға көрсеткен. Жануардың оратылған шаңырақтай-шаңырақтай қос мүйізі тым сәнді көрінеді. Өзі де қоладан құйған мүсін сияқты маңғаз тұр.


– Мылтық даусын көптен естімегелі бері бұл жануарлар да бейғам бола бастапты-ау, – дейді атасы. – Ал, Қошантай, сен осы жылғамен бұқпалап, анау кезеңге бар да дүрбімен құлжаны бақыла да жат. Өткен жолғы сауалдың жауабын бүгін табасың.


Атасы жылғамен бұқпалап барып, атына мінді де қалың талдың ішіне кіріп, көрінбей кеткен. Қошан болса жер бауырлап келіп, атасы айтқан кезеңге жете дүрбісін кезеніп, аңды бақылауға кіріскен. Құлжа кербез қалпы күнге жонын төсеп, әлі тұр. Тым маңғаз, тұрысының өзі ерекше салтанатты. Биік жартастың бауырынан әлдене қыбырлағандай болған соң бала солай қарай назар тіктеген. Жусап жатқан оншақты арқарды ап-анық көрді. Қара қоңыр тастардың ортасында жатқан қара қоңыр түсті аңның дәл үстінен түспесе көрінуі қиын екен, әйтпесе дүрбінің әйнегі оларды Қошанның тұмсығының алдына алып келген. Баланың жүрегі тарсылдап кетті. Өзін жабайы аңдардың ортасында жатқандай сезінгендіктен бе, бір түрлі қорқа бастағандай. Бір кезде бағанадан сақшыдай қалт етпей күзетте тұрған құлжа арғы жағына жалт қарағандай болды. Сөйткенше екі-үш секіріп барып, көлденеңдеп, тағы да ту сыртына одырая қараған. Құлжаның дәл өкпе тұсындағы арғы бір жотаның үстіне атасы Ақжалмен өрмелеп шығып келе жатыр еді. Аң атасына қарай қашуға жүрексінді ме, биіктігі арқан бойына жетеғабыл құлама жартастан төмен секірді. Сұрғылт дене тас кесек болып заулап келеді. «Өлді-ау!» деген суық ой баланың тұла бойын қарып өтті. Мылтық атылғандай тарс еткен оқыс үн қатты естілді. Сұрғылт дене екі аунап түсті де ұшып тұрып, қиғаш беткейге қарай зымырап бара жатқан үйірінің соңынан салды. Арбиған мүйізін арқасына қарай сәнмен жатқызып алып, сағым болып сырғып барады. Баланың ойында бір-ақ сауал қалған: «Мұнша биіктен секіргенде қалай өлмей қалды?»


– Бәсе, қалай өлмей қалды? – дейді атасы да мұның қасына келген соң миығынан күліп. – Байқамаған екенсің-ау, балам. – Күндіз үйірі жайылған кезде құлжа биікке шығып алып, күзетте тұрады. Қауіп төнген кезде оның биік жартастан секіруіне тура келеді. Ол биіктен секірген кезде аяғымен емес, мүйізімен жерді сүзе құлайды да аунап тұрып, кете береді. Сондықтан да арқар мүйізі жойдаусыз үлкен, сондықтан да оның мойын етіндей қалың әрі тығыз ет болмайды. Қос мүйізімен тұтаса біткен бас сүйегі де өте қалың әрі мықты болады. Әнеки, балам, арқар мүйізінің сонша үлкен болуының біз білетін бір қасиеті осында, – деді атасы.


Қошанның өзі көрген кереметке сенбеске амалы жоқ еді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар