Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбайұлы: Көш...

15.01.2016 2962

Кәдірбек Сегізбайұлы: Көш

Кәдірбек Сегізбайұлы: Көш - adebiportal.kz


469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


– Қуаныш тұра ғой! Елдің бәрі көшіп кетті. Жұртта біз ғана қалдық.


Қуаныш жылы төсекті қимай бір көзін ғана сығырайтып ашып еді, о ғажап! Ашық аспанның астында жатыр екен. Аспан да, айнала да, тіпті Арқарлының биік шоқысы да таң шапағына бөленіп, маужырап тұр. Күн шығар Айыртаудың доңғалдары қызғылтым тартыпты. Жанында тізерлеп, әпкесі отыр.


– Үйіміз қайда? – деді Қуаныш таңданысын жасыра алмай.


– Сен ұйқы соғып жатқанда жездең екеуіміз үйді жығып, түйеге артуға даярлап қойғанбыз. Қой, тұра ғой, Қуаныш. Жайлауға баратын баланың, оның үстіне әпкесі мен жездесіне қолғанат боламын деп келген баланың күн көтерілгенше ұйықтағаны жараспайды.


Қуаныштың әлі ұйқысы қанбағанымен, енді қайтадан кірпік айқастырудың жөні жоқ еді. Ол орнынан тұрып, бұлаққа барып, бетін жуды. Баланың ұйқыдан оянған бетте қатты таңырқағаны іңірде киіз үйдің ішінде ұйықтап, көзін ашқанда ашық аспан астында жатқаны болды. Иә, оған қойлы ауылдың тіршілік-тынысының бәрі таң, бәрі қызық еді. Биылғы жазғы демалысын жайлауда өткізуді ойлап, қой бағатын әпкесі мен жездесінің үйіне келген болатын.


Ол шайын ішіп болғанша теңдер буылып, артылатын жүктер де ыңғайланып қалған. Айыртаудың доңғалынан мыс табақтай болып күн көрініп еді, көлеңкелер қашып барып, таулардың бауырына тығылады.


– Туырлықты неге шиыршықтап жатырсыңдар? – деді ол ыдыс-аяғын жинастырып жүріп.

– Түйеге қом жасаймыз.

– «Қом» деген не?

– Қазір бәрін де өз көзіңмен көресің, – деп Қали жездесі кеше кешкісін үйдің жанына тізерлеп қой­ған қара атанды жетелеп әкелді. «Тізесін неге арқанмен таңып жатырсың?» деп сұраған. «Түйені шөгеріп, бүгілген тізесін таңып тастасаң, ол орнынан тұрып кетпейді. Оны «тізерлеу» дейді. Ұғып ал, – деп түсіндірген. – Сен бәрін сұрай берме! Ретімен өзім-ақ айтып отырамын». Жездесі сол уәдесінде тұрайын дегендей, түйеге жүктің қалай артылатынын тәптіштеп айта бастады.


Иленген қой терісінен қуыстап тігілген заттан өткізілген қос арқанды шөгерілген түйенің кеудесіне қалдырды да, сабақ түсіндірген мұғалім сияқты айта бастады:


– Бұл жең сияқты ғып қуыстап тігілген жұмсақ теріні «қолқа» дейді. Арқандар түйенің кеудесіне батпау үшін кигізіледі. Қос арқанның бірі «қом арқан» деп аталады. Ол түйені қомдау үшін қажет.


Әпкесі мен жездесі түйенің қос өркешінің арасына жабағы, жұмсақ тері, ескі көрпешелерді салып, жаңағы шиыршықталған туырлықтармен өркештерді орай жапты да, қос бүйірінен буылған керегелерді қойып, жаңағы қом арқанмен құндақтаған бала сияқты ғып таңып тастады.


Ол қомның үстіне екі қабатталған шылбыр сияқты жіпті тастап, оған салмақты екі буманы әкеліп айқастырып байлады.


– Бұны «тең жіп» деп атаймыз. Теңдерді бекітетін жіп деген сөз. Ал бұларды неге «тең» деп атайтынын білесің бе? Демек екі буманың салмағы бірдей, тең болу керек деген сөз. Өздеріңнің «Математика» оқулықтарыңнан да «теңдеуді» өттіңдер ғой. Оның да шығу төркіні осы «теңдеуден», тең етіп артудан шыққан.


Қуаныш мына естіген жаңалығын күзде мектепке барғанда мұғаліміне ұмытпай айту керектігін көңіліне түйіп қойды. Әпкесі мен жездесі болса, бар жүктерді түйенің үстіне текшелеп артты да, кілем жауып, көліктің астына тастаған екінші арқанмен жүктің үстінен айқастыра тартып, теңдердің алды-артынан мықтап байлап тастады. Ең үстііне шаңырақты қойып байлады.


– Ал бұл арқанды «жүк арқан» дейміз. – Жездесі Қуаныш­тың жүзіне қараған. «Ұқтың ба?» дегені.


Ол әлі көп ештеңе түсіне қоймаса да басын изеді. «Ұқтым!» дегені.


– Қуаныш, сен қалған отынды жинастырып, үстін тулақпен жаба сал, – деп әпкесі өзі жусан сыпыртқымен үйдің орнын сыпыра бастады. Қуаныш одан әрі аң-таң.

– Біз көшіп барамыз ғой, қалған отын неге керек?

– Ертең біздің жұртқа біреу келіп қона қалса, құрғақ отын даяр тұрады.

– Ал көшкен жұртты сыпырып, тазалаудың не қажеті бар?

– «Көшсең жұртың таза болсын!» деген сөздің мағынасы үлкен. Оны өзің ойланарсың, Қуанышжан!


Көп ұзамай жағалай отырған ауылдардың түйелері де Айыртау етегінде тоқайласып, бір-біріне: «Көш көлікті болсын!» десіп жатты. Қаздай тізілген түйелер жайлау жолына түсті.


Иә, Қуаныштың білетіні де көп сияқты еді, білмейтіні тіпті көп екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар