Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Кадрия Темірболатова. Менің даусым тастардан да ш...

28.01.2020 4655

Кадрия Темірболатова. Менің даусым тастардан да шығады... 12+

 Кадрия Темірболатова. Менің даусым тастардан да шығады... - adebiportal.kz

Дағыстанда туған ноғайдың талантты ақын қызы Кадрия ТЕМІРБОЛАТОВА! Кадриянын өткір де жалынды жырлары өз заманында Кеңестер Одағын аралап кетті. Танымалдыққа ерте жетті. Кадрия поэзиясында от бар, мінез бар, ноғайдын асау қаны бар, тамыры бар, жаны бар. Оның махаббат лирикасында да қайсарлық бар. 1978 жылы жас талант күйіп кетті. Жүрек отына емес, каскөйлердін салған отына. Өлең мен Қоғам! Талант пен тобыр! 30 жасында кызғаныштын құрбанына айналды ма?! Әйтеуір Кадрия өлімі жұмбақ! Өмірден өткеніне 40 жылдан асса да, не үшін өлтірді? Кім? Бұл сұрақтың жауабы табылмай келеді.

Қадрия өлеңдерін ноғай тілінен қазақша сөйлеткен ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудің аудармасымен ұсынып отырмыз.

«Әдебиет порталы»

Менің даусым тастардан да шығады...

«Жалған дүние, аяр дүние, сыяр маған,

Мен сыймаспын, дүниеге, сыймаспын...»

Насими

Кейде осы ойларыма сыймаймын,

Ми-санамды біреу мүжіп жатқандай.

Кейде өзімді азапқа сап қинаймын

Түпсіз терең тұңғиыққа батқандай.

Адамдардан өзім безген шақтар бар,

Менен үркіп қашты қанша пенделер.

Мені алда шақырады ақ таңдар,

Ал өсектер ескен желмен тербелер.

Мен танимын табиғаттың дауысын,

Аталарым мінген аттың тұяғын.

Менің жаным қылдай нәзік қауырсын

Дала үнін жырларыма құямын.

Дала даусы,

Ғасырлармен үндескен,

Сол бір дауыс құлағымда тұрады,

Даламенен дала болып тілдескем.

Менің даусым тастардан да шығады,

Жүрегімнің жомарттығы қазына.

Небір ұсақ пендеге де ырзамын,

Өкпе мен мұң өткен күнге базына.

Тағдыр маған ұсынса егер тұз-дәмін,

Сөздер де бар суықтығы ақ қардай.

Мұз демімен мені үсітіп жатқандай,

Достар да бар тасадағы тас атар,

Көріскенде – тілектері мақпалдай.

Биік қойдым өлең деген өлшемді,

Өмірім тек адалдықпен өлшенді.

Сыймай жатсам, кінәлама, достарым

Пақыр ақын... атанайын ең соңғы!..

Мен сүймеймін

Мен сүймеймін!

Сенің асыл үйіңе,

Жүрегіме қайғы оранып кіргенін.

Мен сүймеймін!

Жанымдағы пенделер,

Есімді алған сен екенін білгенін.

Арманым да қол жеткізбес биік боп,

Жүрегімді мұң басқаннан қашпаймын.

Өзегімді өртендірер күйік көп,

Сонда да мен сезімімді ашпаймын!

Сен жылама, сертін сүймес сүйіктім,

Мені тастап жырақтарға кеттің деп.

Зары қалды қайғы менен күйіктің ,

Неменеге ынтызар сен еттің деп.

Сен қайғырма! Киік келер қырларға,

Теңіз тасып, толқын ойнар жағада .

Жан азабын кірпіштердей соғамын

Сенен қашқан жүрек-киік жырларға.

Айтқан едің. Жыр болса егер қалауың:

"Кетер болсаң, жақындама, кет енді".

Жыр-жүрегім "сен" деп соққан жалауын,

Желбіретіп бұл өмірден өтер-ді...

Жүрегім менің

Асау аттай шапқылаған жүрегім,

Сабырға да бас ұрмайтын шағы бар.

Жүрегімнің түсіндей бұл реңім

Мұздаса ол, реңінің қары бар.

Асау аттай жүрегімді қозғама,

Жіберме оны теңізге де тауларға.

Кейде оттай жанып кете жаздаған

Тепіріштің тасы оған ауғанда.

Асау аттай жүрегімде дауыл бар,

Жалғандықтың бет пердесін ұнатпас.

Бұл жүрегім мұңнан ғана ауырлар

Жылар өзі, өзгелерді жылатпас.

Бұл жүрегім сезім сырды аялар,

Тамырымда бүлкілдейді бір ағын.

Жүрегім тек махаббатты саялар

Сүйсем егер жүрегіммен сүйемін.

Асау жүрек, адал жүрек жүрегім,

Жүрегімді мазалама пенделер.

Жүрегімнің дүрсілінен білемін

Жүрегімнің кілтін ашып кім келер?!

Көп гүлдерді...

«Көп гүлдерді үзгенмін» деп мақтандың,

«Мен сені де үземін» деп сезініп.

Создың қолды, лебін сездің ақпанның

Боранына Кадрияның кезігіп.

Жанарымнан суық ызғар ескенде,

Кірпіктерім жебе болып атылар.

Ернін тістеп кейін қарай сескенді

«Көп гүлдерді үздім деген батыр-ау».

«Көп гүлдерді үздім» деп сен шіренбе,

Тамырыңды қанжарменен кесейін.

Сендей пасық, сендей сасық біреуге

Көңілімен ешкім бермес көсеуін...

Бұл күз

Күз суретін көкірегіме құяды,

Сырларын да жасырмайды менен көп.

Күз суреті қиялыма сияды

Дәптеріме жазылады өлең боп.

Күзім! Сені сүйгенімді жапырақтар білмеді.

Айға қарап сырласымдай тілдесем,

Ақ моншағым жарқырайды өң беріп.

Көк аспанның күймесіне мінгесем.

Бұлттарменен тербеліп.

Күзім! Сені сүйгенімді жұлдыздар да білмеді.

Тауға қарап ұмтыламын шыңына,

Мен биікті сүйген едім о, бастан.

Жансыз тастар, суық тастар мұңыма

Аң-таң болып қарасқан.

Күзім! Сені сүйгенімді тастар да білмеді.

Өз отыма өзім күйіп барамын,

Үндемеймін, тістеп өскен тіліммен.

Өмірде бар жақсылар мен жамандар

Кісілігі келбетінен білінген.

Күзім! Сені сүйгенімді адамдар да білмеді.

Күзім менің! Қуат берші жырыма!

Сыбырыңды құлағыммен тыңдайын.

Табиғаттың тылсым сырын ұғына

Тынысыңды жүрегіммен жырлайын...

Сен дегенде

Сен дегенде қызғалдақтай жайнадым,

Айлы түнде өзің жайлы ойладым.

Көрмедің.

Бұлбұл құстай бақшаларда сайрадым,

Сезімімнің ай қалқыды қаймағын.

Көрмедің.

Көздерімді жылылыққа толтырып

Жырлар жаздым елестетіп шолпыны.

Көрмедің.

Шілдедегі судай болып қайнадым

Ошақтағы оттай болып лауладым.

Көрмедің.

Алыстардан жеттім саған сағына

Құшақ ашып келдім тағы жаныңа

Көрмедің.

Суықтығың мұң толтырып жылатты

Сезінбедім сенен ешбір шуақты.

Хош, не қайыр,

Сен оны да көрмедің...

Менен соң

Егер арман құс жетпейтін тау болса,

Ерлік қылам шыңдарына бармаған.

Сол шыңдардан не күтеді деме сен

Онда дүние тар маған.

Егер арман тау да болмай, жол болса,

Ұзақ жолға жолаушылап шығар ем.

Әлім құрып, аяқтарым талғанша

Жүгірер ем, жетіп алып құлар ем.

Пенде келер бұл өмірге арманмен,

Әр жанның да арман-мұңы болады.

Жалған дүние шынымен де жалған дер

Өлгеннен соң тек өз жолың қалады.

Қалар жолдар, қалар жырлар артымда,

Ақын болып туғаным да бекер ме?!

Жарқылдасаң, тірлігіңде жарқылда

Жырың қалсын-таңдайларда шекердей...

Қызыл гүлдің жыры

Асыл тасты білезігім,

Жанарымда жүзеді мұң.

Сыйлап едің Қарайдарым

Ұмытылмас лебізің.

Сені қалай ұмытайын.

Айдикердің жанынан,

Ақсүйектер тамынан

Ұзатып салдың көзіңмен

Сені қалай ұмытайын?!

Жалғыз терек бау болмас,

Жалғыз тас та тау болмас.

Шолпан шықпай таң атпас,

Қазақтың нары Қарайдарым

Сені қалай ұмытайын?!

Тамшы-жасы ағады,

Моншақ-мұңым тамады.

Қыз дегенің өмірдің

Аз-ақ күндік қонағы.

Қыз-мұңлықтың шері көп,

Басатұғын өрі жоқ.

Көңілімнің көктемі

Көрінбейді төрі боп.

Атам салды лаңды

Үмітім енді құлар-ды.

Мен бейбақты жылатып

Күйеуге беріп тынар-ды.

Сүйгенім едің Қарайдар,

Жетер ме екен жан айғай.

Қызылгүлдің жырына

Қарайлай жүр, қарайлай.

Жүрегім шерлі, зарлымын,

Тас болды менің тағдырым.

Қарайдарым сен үшін

Тәрк еттім тірлік барлығын.

Қарайдарым, сүйгенім,

Мені өзіңмен ала кет.

Егер амал таппасаң,

Мойыныма қыл арқан

Құрбандыққа шала кет,

Қарайдарым! Қайдасың?

Жаным маған «кел» дедің

Жаным маған кел дедің,

«Кел» деген соң келгенім.

Қарамадым артыма,

Қарамадым алдыма,

Сен болған соң сенгенім.

Ауыр сөзді кешірдім,

Ащы сөзді кешірдім.

Өкпе-назды бәрін де

Көңілімнен өшірдім.

Үміт-отым жанды ма?

Тағы әуреге салды ма?

Бас ұрғандай өзіңе

Тағы келдім алдыңа.

Бермес деген тілекті,

Қиялдан тартып алғаным.

Ызалы мұңды жүректі

Алақаныңа салғаным.

Оттай лаулап жан жағым,

Көрмедім сан көздерді.

Ойыма да алмадым

«Тоқта» деген сөздерді.

Төзімдерім таусылып,

Жанарыңа үңілдім.

«Кел, кел» деген даусыңа

Келемін деп жүгірдім.

«Кел, кел» деген тәтті сөз,

Шырын сынды, бал сынды.

Қандай ғажап осы кез

Сағындым ғой даусыңды...

Кешіріңіз, кешіңіз

Періштедей ақ түндерім,

Жоқ қой сізге өкпеміз.

Мен кінәлі болсам егер

Кешіріңіз, кетпеңіз!

Жалындаған жастығымды,

О, түндерім! Сөндірмеңіз.

Тек жақсылық ала келгін

Жамандықты ендірмеңіз.

Үкілеген үмітімді,

Аялаңыз үзбеңіз.

Жұлдыздардың жарығын тек

Жүрегімнен іздеңіз.

Кірбің басқан өткендерім,

Қайрылмай кетіңіз.

Қараңғыда өпкен ернім

Қызарады бетіміз.

Ақ білегім-ақ жібектей,

Көзің бейне көк теңіз.

Тереңіне батып кетсем

Түнім, мені сөкпеңіз!

Сезім қандай мөлдір әсем,

Естен шықса есіміз.

Таңдай күйіп елжіресем

Түнім мені! Кешіріңіз! Кешіңіз!..

Түс

Түс көрдім, аянышты әрі мұң,

Кезіп келем Дағыстанның даңғылын.

Аршып алып ақ қайыңның қабығын

Әлем бізге таратқандай таң нұрын.

Бір жас жігіт жатыр терек түбінде,

Ақ көйлегі қызыл қанға боялған.

Жалынышты сөздері бар үнінде

Қолымен қара жерді таянған.

Жақын келіп жанарына үңілдім,

Сол бір сәтте шалынысып сүріндім.

Қолым создым жас жігітке дем бере,

Қанның исі.Тәтті әрі ащы екенін ұғындым.

Саулап аққан қанын тыйып байладым,

Саусағымды денесіне тигізіп.

Жарақатын таңып жатып ойладым:

Жатыр ма екен, бұл жігіт те түсінде

Алтын жүзік

Сүйгенінің саусағына кигізіп...

Жүрегім жырлашы...

Мың толғанып, жүз ойлап,

Қиялыма жыр келер.

Мың толғанып, жүз ойлап

Қиялымда жыр да өлер.

Күндерім, ох күндерім,

Түндерімді күндейді.

Күндіз жырлар жазбасам

Түндер көзін ілмейді.

Саусақтарды мүйіздеп,

Сөздер судай ағады.

Жоғалғанды ми іздеп

Шаршап, талып табады.

Түнім келсе жұлдызды,

Жырдың шамын жағамын.

Кадрия атты бір қызды

Жыр да іздеп табады.

Тәтті, балдай сөздерім,

Сол түндердің ішінде.

Қуанышым, сезгенім

Аялайды түсімде.

Ферузадай күрсіне,

Ай қарайды төбемде.

Жасайын мен құлшылық

Өнеріме-өлеңде.

Жырлай берші, жүрегім,

Сенен соны сұраймын.

Жырымменен күлемін

Жырымменен жылаймын...

***

Ішім толы қазынадай күй кешем,

Жүрегімді жаншытады салмағы.

Мұнша жүкті Құдай неге берді екен

Көп ішінен мені неге таңдады?

Достарым бар, деп қарасам жаныма,

Кейде олар қулығы көп түлкідей.

Кейде менің бұл өмірде барыма

Қарайтындай түрпідей.

Өзегімде өртті ойларым бұлқынса,

Жарқылдаған найзағай да боламын.

Күлімсіреп кейде ноғай жұртымша

Кең даладай достық құшақ жаямын.

Сөз -жебелер оқталғанда маған тік,

Көңіл жасып, үміт өліп шерленем.

Маңдайымнан сыйпай қалса адамдық

Мейірімге киік-көңілім шөлдеген...

Тұманды көл

Тұманды көл, тұманды көл,

Тұманыңды жырлайын.

Түбіңдегі сырларыңды

Маған айтшы, тыңдайын.

Сен тұманға оранғандай,

Бұлдыр-бұлдыр бейнесің.

Тұманды көл! Тұмандардың

Кигенің бе жейдесін.

Тұманды көл тұманыңмен,

Маған әбден ұнайсың.

Суың мөлдір сырға толы

Кімнен сырды сұрайсың?

Тұмандарың бұлтқа жетіп,

Тауларды да айналсын.

Тұман-сырың алыс кетіп

Тұман болып ойлансын.

Тұманды көл, тұманды көл,

Мүмкін сенің тұман жаның?

Сабырлығың неткен ғажап

Мен сені ұға алмадым.

Тұманды көл сол тұманға,

Сен басыңды иіпсің.

Қоршаса да қалың тұман

Сен тұманнан биіксің.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар