Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Аюдың өті...

13.02.2016 9708

Кәдірбек Сегізбай: Аюдың өті

Кәдірбек Сегізбай: Аюдың өті - adebiportal.kz



images.jpg


Бірінші тарау


Күзгі орман іші қызы ұзатылып, қызығы тарқаған ауылдай тым жұтаң, тым көңілсіз көрінген. Биік-биік таулардың сай-саласын толтыра біткен қалың қарағай орманының ортасы жылдың қай мезгілі, қай маусымы болса да көңілсіз болған емес, өз базары мен өз қызығы өзінде дегендей таулы өлкенің тіршілігі бір сәтке тыным табуды білмейтін. Тіпті алты ай қыс ішінде де адам баласының ізі түспес қалың нудың тіршілік-тынысы жалғаса берер еді. Аспанның кіндігіне төбесін тірегісі келгендей шаншыла біткен мұз бас шыңдар, үңірейген терең шатқал-құздар, басын тауға да, тасқа да соғып тулап ағар асау өзен, шүлдір-шүлдір, сылдыр-сылдыр ерке бұлақтар – бәрі де табиғат шебердің бір-біріне үндестіре, жымдастыра жасаған мінсіз туындысы. Осынау бойжеткен кейіптес сұлулықты алғаш көріп тани білген, онымен бетпе-бет дидарласқан жан жалыға алмас еді. Ал осы өлкенің бөлінбес бөлшегі, тіпті бір төлі сияқты болып кеткен Мерген үшін осынау таулы өлкенің жөні бөлек.


Қазіргі сәтте күздің үйіре соққан мазаң да өтімді қара суығы болмаса, табиғат шіркін бәз баяғы кербездігінен, бәз баяғы кереметінен танбай-ақ тұрған, бірақ айнала Мергенге сонша көңілсіз көрінген. Күздің қара суығын қойып, қыстың ақ дүлей боранында да туған табиғат, таулы өлкесі көңілсіз боп көрінбес еді.


Көңілсіздіктің себебін ішкі әлемін кешелі-бүгіндері жайлап алған әлдеқандай бір ашу-ызаның ғана әсерінен іздеген жөн болар. Бір жағы тәуліктен астам уақыт нәр сызбаған аштық, екіншіден, қырқылжың жігіт шағынан бері сенімді серігі болып келе жатқан қаһарлы да қанды ауыз қаруы – Ақшолағының ойда жоқта қолды болуы Мергеннің ызасын келтіріп, қабағын аштырмағаны рас болатын.


«Ер азығы мен бөрі азығы - жолда» деген қағиданы бала кезінен қатты ұстанатын аңшы мылтық асынып, тау кезген кезден бері үйден шыққанда бес-алты қайнатымға жетерлік шайы мен бір-екі уыс тұзын қарала қоржынның түбінен тастамайтын. Жолға одан басқа бір түйір дән алып шықпайтын. Аңшылықтың серті солай. Шикілі-пісілі, ыстықты-суықты, қоюлы-сұйықты азығын арқалап жүргендер – жолына, өзіне сенбейтін сенделмелер. Ондайлардың жолы болмақ та емес. Көзің қарайып, әбден бұрлығуға тақаған кезде мылтығыңның аузы қандалып, даланың әлдебір адал аңын сұлатып салсаң, шіркін, терісін сыпыра сала ішек-қарнын ақтармалап жіберіп, тез пісетін көк бауыр, қос бүйрегі мен айналдырылған төрт-бес қарыс майлы тоқ ішегін лау ғып жаққан қарағай шоғына күлді-көмеш, құйқалақ қып, шикілі-пісілі асап, қарын жұбатар пісіріп жегеннен өткен не бар?! Әне, сонда бірер тәулік тау кезіп, тас басып жортумен шаршағаның, қарның ашып, көзіңнің қарайғаны, тілің аузыңа сыймай шөлдегенің, тіпті киіміңді қараған-бүргенге тырнатып жыртқаныңның – бәрі-бәрінің де қарымтасы бір сәтке өтеліп, жанкешті кәсібіңнің азабы қолма-қол ақталғандай сезінерің бар. Бір өмірді қиғаны үшін бір өмірдің шаттанатыны – адам жанының түсініксіз көп қалтарысының бір пұшпағы екенін аңшы кей-кейде сезінеді, сезіне тұра бұл рақатын басқа қызықтардан алабөтен тым оқшау, тым бөлекше, жанына жақынырақ көретін... Сонан соң "арғы жағына ел қонғаннан" кейін қанжығада жүрер қара шәугімге су толтырады да, отқа қойып, жыққан аңның қызылын асықпай жілік-жілік қып бұтарлауға кірісер еді. Бар жұмысын жайғап болған соң асықпай отырып, шай ішуге отырады. Шай болғанда да бұл шіркін жұрт сияқты грузин шайы, үнді шайы дегендерге дәнігіп көрмеген. Жыл он екі ай бойы өзі әзірлеген шөп шайды ғана мойындайды. Біреулер "мәтрөшке" атап кеткен таудың күлгін гүлді шөп-шай өсімдігінің жапырақтарын шілде түсе екі-үш қап қып жинап, оған жабайы қарақат, таңқурай, жалбыз жапырақтарын қосып, су сеуіп қараңғыға сәл қыздырып алады да кептіреді. Сонан соң жентектеп, шотпен шауып ұсақтайды. Өзі сусын, өзі дәрі.


Шайға қанып, шөлін басқан соң шәугімін шайып, еттің шұрайлы жерлерінен салып, отқа қояды. Бұл тағамы жатарда жеуге де, ертеңгісін қаужауға да жетеді.


... Кешегі сиыртүс кезінде атқа қонып, тауға бет алған кезде кеш батып, ымырт үйірілгенше қарауылға бірдеңе ілініп қалар деп дәмеленген. Жүгіргеннен қоян, ұшқаннан құр, ұлар сияқты бір қаужауға еркін жарап, аш өзекті алдаусыратар нәпақа ымырт үйірілгенше талай кезіккенмен, азды місе тұтпауға әдеттенген қу көңіл «белжемдірек, болымдырақ олжамды мылтық үнімен текке үркітіп, маңымнан бездіріп алармын» деген сақтық дәмемен жүріп, ақыры бұратылып аштан жатуға мәжбүр болған. Белжемдірек дегенде айыр тұяқ адал аңды былай қойғанда, осы жолғы аңшылығының негізгі мақсаты аю ату үшін келе жатқанын да ол бір сәтке ұмытпаған. Алдымен діттегенін орындап, көңілін бірлеп алғанша орман ішін көшіріп, мылтық атпауға ден қойған. Бүгінгі күн де түстен ауып алыста мұнартып жатқан Тарбағатайдың сиыр бүйрегіндей буылтық-буылтық болып көрінер қалың быдырығына барып, иек сүйегенге дейін де әлі тырс еткізіп оқ шығара алмай қор болды. Тәуліктен аса уақыт нәр сызбай жүре беру Мергеннің алпыстың жуан ортасын аралап кеткен әжептәуір ғұмырында талай көріп, әбден көндіккен үйреншікті құқайы. Сондықтан оған бола қиналып, жанын жабырқатпас еді, бұған бататыны белгісіз бір сумаң жүрістің қырық жылдан бергі екінші үйіндей болып кеткен қойма-үңгірін тінтіп, тығулы жатқан қымбатты қазынасы – жан серігі Ақшолақ атандырған қанды ауыз мылтығын бүкіл оқ-дәрісімен қоса үптеп кеткені. Заң қатайып, заман өзгеріп, таудың жүгірген аң, ұшқан құсынан оны қорғаушы-айғайшылар көбейген кейінгі жылдары Мерген Ақшолағын Күркелінің көп жартастарының көзден таса бір жақпарындағы жасырын үңгірге тығып қоятын. Шошаң еткізіп, мойнына асқан мылтығы жоқ салтатты кез келген орман шолушысына жолыққан кезде жоқ іздеген, еш зиянсыз малшы-қойшы бола салар еді де, үңгіріне кіріп, қайта шыққанда нағыз қос аяқты көкжалға айналар еді. Табиғат жоқшылары жылы төсегін қимай жатқан таң алагеуімде-ақ Мерген өз несібесінен бұйырған дала ырыздығының бірін жығып тастайды да, етін үңгіріне жеткізіп боршалап тастап, асықпай тұздап отырар еді.


О, шіркін, ол да бір өтті-кетті уақыт екен ғой. Тау кезіп жүрген біреуден Ақшолақты атан өгізге баспа-бас айырбастап алған тұсы қынабынан суырған қылыштай қылшылдап тұрған "Ой-хой жиырма бестің" о жақ, бұл жағы еді-ау. Алып жүруге қолайлы, тіпті күпінің жеңіне тыға салуға оңтайландырып, ұзын ұңғысын ортан белінен кесіп алған оққоймасының кеңдігі «жиырма сегізінші» деп аталатын қарапайым опырма мылтық алғаш қолына түскен кездегі қуанышы ерекше еді. Ол жай ғана опырма құс мылтық емес, өзінше сыры бар, өзгертіліп, жетілдірілген, қарапайым ғана өнертапқыштықтың жемісіндей қару. Жез кіретін оққоймаға бес­атардың оққойма ұңғысын салып, оны бесатардың оғымен оқтауға болатын. Сөйтіп кәдімгі құс мылтық қаһарлы қаруға оп-оңай айналатын. Керісінше құройнақты аңдып, құс атқысы келсе, мылтықтан бесатардың ұңғысын алып қалтасына салады да, бытыралы оқпен оқтай қоятын. Сөйтіп Ақшолақ осындай әмбебаптығымен де қымбат еді. Және ол жылдары "Әй, таудың жазықсыз аңын неге ата бересің?" дейтін бір жоқшы кездеспейтін. Әнеки, сол заман еді Мергеннің атағы шығып, дәуірлеген кезі. Мылтыққа баспа-бас кете барған атан өгіздің құны бірер жазда-ақ еселеп қайтқан болатын. Қанжығасын қандамайтын күн сирек, қай ауылға келсе де елдің еркесі де, серкесі де өзі ғана, мұны жұрт таудың бейкүнә аң-құсы емес, ата жауларын сұлатып салып келген қас батырдай қуана қарсы алар еді. "Тоқсан үйлі тобырды аң етімен асыраған" Қамбардай күтіп, қастерлер еді. Өзін төрлеріне оздырып, шолақ бесатарды керегелеріне ілер еді, сонан соң қай тұстан аю алды, қай тұстан бұғы жықты – бәр-бәрін де қисса тыңдағандай тамсана отырып, құлақтарын түрер еді.


Е, бұл күнде ел пейілі тарыла бастады, аңшылықтың әңгімесін тыңдағанды қойып, мұның қатын-баласын аң етімен асырайтынынын көре алмайтын көзіне топырақ құйылғырлар көбейді. Әңгіме тыңдағанды қойып, аң қорығыштарға "Бүкіл таудың аң-құсын құртып жүрген қорқау – міне мынау" деп ту сыртынан сұқ саусағын шошайтып, нұсқап жіберетін іші тар ішегі жидігірлер молықты. Тіпті бір жылы он екі салалы дөнен бұғыны атып әкеліп, ащы қуырдақтатып отырғанда аң қорығыштарды әкеліп, үстінен түсірді-ау. Әйтеуір айып-ажынын молынан төлеп, басын әрең арашалап алып қалған. Абырой болғанда, Ақшолақты сандықтың түбіне орап тастаған еді, оны таппады. Шолақ мылтықтың аузын иықтан қылтитып, асынып жүрер кез сол оқиғадан соң келмеске кетті. Мұның қасқырды жасқап, құс атар, кең өңеш арзанқол мылтықтарын тәркілеп алған болысты. Оған әттеген-ай деп бармағын шайнап қиналған Мерген жоқ, өйткені бұл тұста тон жеңіне тыға-тыға құндағы аппақ болып, "Ақшолақ" атанған қаһарлы қаруының сандық түбінде жатуы көңіліне медеу еді. Содан кейін ғой тірнектеп жиған барша оғымен бірге сенімді серігіне мүлде үй бетін көрсетпей, Күркелідегі үңгірді біржола мекен ғып берген. Қолында мылтығы, өңгеріп келген аңы болмаса да "бұл шіркін колхоздың қойын қатын-баласына қайыртып, өзі аң қуалайды" деген қаңқу сөз жиі естіле берген соң, колхоз бұдан малын санап алып, шабындықтың қорықшысы етіп қойды. Бәрібір Мерген қыңған жоқ. Тау етегіндегі сай-саланың шаппасын балаларына қорытып, түн асып, Ақшолағы күтіп жатқан үңгірді бетке алатын. Баратын да таң алагеуімнен орман ішінен өзіне деген нәпақасын айыратын. Тіпті аңшылықтың сәті түспей мылтығының аузын қандай алмаса, бұрыннан сүрленіп тұрған еттен бала-шағасының сорпалығын алып қайтатын.Ақшолағы барда малы түгел, қорасы бүтін сияқты еді, енді міне, бір-ақ күнде ұрлықты кімнен көріп, кімге соқтығарын білмей, тұмсығы тасқа тиген кете балықтай дал болып келе жат­қан жайы бар.


Көп жылдан бері Мергеннің тау-тас кезген мазасыз тіршілігіне әбден көндігіп, сыралғы болған Қарагерін бос қоя салып, ол тағы да биік шоқының басына қарай өрмеледі. Жеміне шапқалы тұрған жолбарыстай әр дыбыс, әр сыбдырды қалт жібермей, жиі тың тыңдап, еппен, мысықтабандап басады. Құданың құдіреті, соңғы төрт-бес жылдың беделінен бері аңға шығып, тау кезбесе, түн қатып, түсі қашып бөрі жортаққа салмаса оң жамбасының ұршығы сыздап, жүргізбейтінді шығарған. Кешелі-бері ауырғаны құлан таза сауығып кетіпті. Үйде ақсақ, түзде сау тіршілігіне өзі де таңдана бас­таған. "Көзімді тырнап ашқалы осы Сауыр, Сайқанның қолат-қойнауын тінткілеумен өмірім өтіп келе жатқаннан ба, биікке шығып, жаяу жортпасам аяғымды баса алмай қаламын. Менің ием де, кием де тау ғой, жарықтық" деген уәжін бұл күнде басқаны қойғанда өз отының басында отырған келін-кепшік, бала-шаға да түсінуден қалған. Аңға шығатын күні жол қамын өзі жасап, асын қамдап дегендей тойғызып аттандырар Зайыбы еді. Ол жазғанның орта жол­ға келгенде Мергенді жетім шал атандырып, оралмас сапарға бет бұрғанынан бері де Сауыр екі дүркін түлеп, ағаштары екі дүркін жапырақ сарғайтыпты. «Орта жолға келгенде атың өлмесін, орта жасқа келгенде қатының өлмесін» деп айналайын бұрынғылар білмесе айтқан ба?! Әйелі барда бәрі де үйреншікті, солай болуға тиісті, әбден заңдасқандай әрекет сияқты еді. Әр басқан қадамының кейінгілерге теріс болып көрінетіні, онымен қоймай ақыл үйрететіндері қинайды ғой бұл шіркінді. «Әке балаға сыншы» болушы еді, қазір керісінше балалар әкеге сын айтқыш, тіпті мін таққыш болғысы келеді-ау.


Ол кешеден бері нәр сызбағанын да ұмытып, биік шоқының басына ентікпей, жіті басып жеткен. Жермен жексен болып жата қалып, айнала қолат-қойнауды қалдырмай дүрбімен тінткіледі. Ала жаздай ел жайлаған жайлаудың сары жұртына алсындап қайта шыққан көк балауса беткейлерге жайып тастаған дөңгелек дастарқандар сияқтанып көзге алыстан шалынады. Жарықтық Сынтас пен Айғыркөмгеннің жотасына қар түсіпті. Биікке келіп қонақтаған қыс хабаршысы етекке қарай аяғын созар мезгілін күтіп жатқандай. Одан төменгі қожыр-қожыр жақпар тастар күзгі суық ызғырыққа жондарын беріп, мүлгіп кеткендей, тым сұлық. "Е, биік таудың мың сан қолат-қойнауынан қай кезде де табан аудармайтын бұғы-марал болмаса, арқар-елік бұл кезде жайлаудың сілбі шөбіне қамалып қайтсін, қара отты етектегі Кішкенетауға таман құлаған ғой" деп түйді аңшы. Жансыз жартастардан көңілі қалған соң, дүрбісінің әбжыланның көзіндей жалтыраған қос шынысын төмендегі сай табанына төндірді. Өзен бойлай біткен қалың сәмбі тал мен ақ қайың, жыныс болып кеткен бүрген-бұта жер табанын далдалап көрсетпейді. Ағаштардың әлі түсіп үлгірмеген сары, қызыл, күрең жапырақтарының түсі бүкіл сай бойын бояп, ерекше әдемі көрінеді. Жаздағыдай емес арыны азайып, ағысы жуасыса да, Күркелінің сарыны жотаның басына еркін естіледі.


Олжасыз оралу деген қанына сіңіп көрмеген аңшы ештеңені кезіктіре алмай қайтамын-ау деген ойдан аулақ. Кезінде осы жықпыл-жықпылда оннан-бестен қойдай өріп жүрер тау ризығынан таңдап атып, талғап жеуші еді. Енді міне, жылан жалағандай болып, айналаның тымпиып, тоң-теріс жатысы мынау. "Жо-о-оқ, бәрі бір мені бұл маңнан құр қол аттандыра алмайсың, қарт мекенім. Рас, аңың азайған шығар, бірақ таусылып, тұқымы құрып кетпегені кәміл". Ауылға ойына алған мақсатын орындамай оралудың мүмкін еместігін біледі. Тек соған дейін ғана жүрек жал­ғап, бала-шағаның қызылсырамауы үшін бір адал аңды, бұйырса жығып алмақ. "Аштан өліп кетсем де, Қарамылтығымның аузын қандамай таудан түсе алмаспын" деп бекінді ол. Қарамылтығының күздің ызғырығынан да суық ұнғысынан ұстап, жамбасының астына таман жақындатып қойды. Ақшолағынан ойда жоқта айырылып, қанша қапаланса да, таудың тағы бір қуысына Қарамылтығын ертеден тығып қойған өзінің көрегендігіне, сұңғыла сақтығына риза болды. Мұнысы кәдімгі ұңғысының өлшеміне қарай "жиырма төртінші" аталатын опырма болатын. Ұстайтын кісісі келіссе, ұмсынғанын ұшырып түсірер түзу мылтық. Әйтеуір, Ақшолақ қолына түскенге дейінгі осы өлкенің көп аң-құсына ажал таптырған қандауыз қаруы болатын. Мерген Қарамылтық жатқан үңгірге ілуде бір соғып, қаруын майлап, тазалап дегендей қайтадан құрым кигізге орап қоятын. Оқ-дәрісі дымданып қалмады ма деген оймен дүңкілдетіп, екі-үш дүркін нысана ататын. Кеше түс ауа Ақшолақтың орнын сипап қалған соң, амалсыз екінші қоймасына келіп, Қарамылтығын қолына алған...


Дүрбі әйнегі өзен бойындағы қалың талдың түбінен әлдебір сұрғылт денені шалып қалғандай болды. Әр қыбырды қалт жібермейтін кәнігі көз жаңағы талдың түбіне қайта тесілді. Сол сәтте ол тыныс алуды да біржола ұмытқандай, жанындағы жартас­қа біте қайнасып, өзі де тас болып, тым-тырыс қатып қалғандай еді. Үстіндегі қоңыр-сұр сулығы да оны сырт көзге бірден көрсете бермес. Аңшы жыл мезгілінің түсімен бірге киім өзгертуді бала жастан әдет қылған. Аң адам исінен секем алмаса жартаспен жартас түстес болып көрінер мұны бірден байқай қоймас. Сол-ақ екен өзеннен су ішіп, бергі беткейге қарай жайылып келе жат­қан жетім таутекені көрді. Әрқайсысы батырлар ұстар нар кескендей қайқы мүйізі арбиып, қаннен қаперсіз шөп басын теріп, жайылып келеді. Адамның аяғын қойып, жыртқыштардың тұяғы тимес қиян шағылдардан көп түсе бермес жалғыз текенің арқар, елік жайылар төменге түсу себебін түсіне алмады. «Өзінен кейінгі жас текелерге орнын босатып, үйірден қуылған сорлы болдың-ау деп ойлады ол. Иә, бәрі де өз уақытында мықты. Бейшара бала-шағаға қадірі кеткен мен сияқты болдың-ау!».


Мерген желдің таутеке жақтан соғып тұрғанына қуанды. "Иә, сәт, қанды басың бері тарт! Сәні де, мәні де қашқан тірлігіңнің ендігі қажеті қанша?!" деген ол әдеттегідей дара оқпен оқталған жездерді оқшантайдан бір-бірлеп суырып, алдына тізіп қойды. Бірін мылтықтың оқтығына қондырып, шүріппені қайырған. Теке болса өз ажалын өзі іздегендей сақалына шөптерді сипалатып, таяй түсті. Аңшы күн еңкеймей-ақ қарағайдың қу бұтақтарын шытыр-шытыр маздатып қойып, күлді-көмеш пісіріп жейтініне еш күманданған жоқ. Қазірдің өзінде оғы аңға еркін жетіп тұрса да, ол үлкендігі тайыншадай аңды өрге қарай сүйреп жүргісі келмеген. Әбден қырға шығып, жанына жақындағанда бір-ақ жығып алмақ. Таутеке Мергеннің күткеніндей-ақ тұсынан екі-үш арқан бойы жақындай берген кезде ол тақыр қолтықтың тұсын қарауылға іліндіре бере шүріппені басып қалған. Көз жанары тайса да кәнігі қолдың қателеспесіне сенімді. Тұла бойы, бұлшық еттері түгелдей шиыршық атып, мылтық дүмінің иығын солқ еткізіп нұқып қалар сәтін күткендей еді, бірақ қайырманың жай ғана сырт еткен үнінен басқа ештеме естілмеді. «Қап, оқ-дәрі дым тартып қалмаса не қылсын?! Ол көз ілеспес шапшаңдықпен қайырманы қайта жатқыз­ғанша әлденеден секем алып үлгерген түз тағысы да осқырына пыс­қырып қалды да, орнынан бір-ақ секірген. Осы сәтте кешеден бері маужырап жатқан бүкіл тау аңғарлары шошып оянып, дүр сілкінді. Кәнігі көз қарауылды аң сұлбасына іліндірмеген де сияқты, бірақ кәнігі қол мылтық ұңғасын өзі бейімдеп, шүріппені де өзі басқандай. Бәрі де аңшы еркінен тыс орындалып жатқандай. Көгілдір түтін сейілген шақта Мерген мүлт кетпес кәнігі көз бен қалт етпес мығым қолдың тағы да дегеніне жеткенін көрді. Оқ дәл жүректен тисе керек, керіскедей таутеке екінші дүркін секіруге жарамай, ұзынынан сұлап түсті. Ол асықпай маң-маң басып келіп, ұңғысынан дәрінің қоңырсық иісі әлі мүңкіп тұрған мылтығының аузын аңның оқ тиген жарақатынан бүлк-бүлк ағып жатқан алқызыл қанға батырды. Қарудың аузын қандау сол қаруды риза ететін ырымы болатын. Мұндай мылтық келер жолы да ұмсынғанын ұрып жығу үшін әрдайым ұмытылмай жасайтын рәсімі. Олжасының еті дәмді болу үшін асықпай жұлындап, бауыздап болған соң, ең әуелі қу арша, қарағай бұтақтарын жинап, жартастың ығына от жағып, сонан соң ғана текенің терісін түсірді. Қимылы қасапшыдан бір де кем емес. Жез сапты қайқы бел өткір сапы сумаң қағады. Төсті төс етегімен түре төңкеріп тастап, тоқ жануардың қазандай қарнын аударды. Алдымен шара кеседей майымен қос бүйрегін, қос алақандай көк бауырын суырып алып, оттың қоламтасына көмді. Еттің қолын қолдай, санын сандай ғып ірілеп бұзып болған соң, күлді-көмешін обырлана жеп отырған аңшының дәл осы іс-әрекетін көрген кісі болса, сөз жоқ, оны жабайы адамға ұқсатар еді.


Екінші тарау


Күзгі орман іші ұзақ қысты үнсіз қарсы алуға бекінген сыңайлы, тым-тырыс. Жауының келе жатқанын сезген аңқиттаған ащы үнімен жарты әлемге жар салып, жақпар тастардың түбіндегі індеріне қаша жөнелер, інінің дәл аузына жеткен бойда шоқайып отыра қалып, келімсектің келбетін көріп алғысы келгендей "түрегеліп" тұрып, соңына бір қарап алар, сонан "танысып" ал­ған соң ғана жарты тұтам құйрығын шолтаң еткізіп, қараңғыдағы берік қамалына сүңгіп кетер семіз суырлар да жатып қалғалы біраз болған. Қорбаңдаған аюды айтпағанда, өрлі-еңіске бірдей жүгіретін қасқырды да шаңына ілестірмей кететін арқар-еліктер ызғары ерте білініп, қысы күз ортасында-ақ түсер ұлы тау өңірінен қарасын батырыпты.


Ақтөс өзен бойындағы өз жымымен біраз жүрді де, жазықтау келген сайды өрледі. Тұмсығын жерге салып, біраз иіс тартты. Қысы-жазы жер қопарып бір тыным таппайтын көртышқанның бұрқыраған өткір иісінен басқа ештеңе сезілмейді. Ақтөс әбден ашыққанда болмаса бір шайнауға ауыз толтырмайтын шиқылдаған жыбырлақ немені аулауға көбіне ерінетін. Әйтпесе аузы өмірі ашылып жатпайтын іннің қара топырағын көртышқан астынан бүлкілдете бастаған кезде жалпақ алақанмен солқ еткізіп бір ұрса болғаны, жемі өзі қазған топырағына өзі көміліп былқ-сылқ етіп жататын. Сонша мол еңбекке тұрмайтын ол шіркінді тағы бір аулап көрсем бе екен дегендей сәл ойланып қалды да, көпе-көрнеу ерінгендей қисайып жата кетіп, жуырда ғана түпкі буынынан қақпан қырқып түскен бір тұяғының әлі жазыла қоймаған жарақатын сылпылдатып жалауға кірісті. Кесіліп түскен тұяқтың тұсы қарақотырланып жазылуға айналыпты. Дәл қазір ауруы жанына батып, қинағанын қойса да, күніне үш-төрт дүркін жараның орнын жалау, әншейін, әдетке айналған сияқты.


Қанжардай бес тұяқтың жембасар сыртқысының тұқылын жалап жатып, сол бір жансыз жауының жасаған қысастығы есіне түскендей өзіне ғана түсінікті дыбыс шығарып, күңірене ыңыранып алды. Темірдің сүйкімсіз иісі танауына әлі де келіп тұрғандай. Көзін ашып, есін жиғалы жанды еш мақұлыққа тән емес иісі бар осынау темір тектіден жақсылық көрген күні жоқ екен және темірдің иісі шыққан жерден екі аяқтының иісінің қоса шығатынын қайтерсің. Аюдың доғалдау санасының көпке дейін осы екі иістің қайсысы қайсысынікі екенін ажырата алмай әуре болғаны бар. Өйткені танауына екі аяқтының тер иісі мен темір тектінің тот иісі қашан да қатар келетін. Сондықтан ол Адам – Темір деген бір-біріне кереғарлау екі ұғымды қатар сезінуге бейімделіп, жел әкелген тер мен темірдің болмашы иісі танауына жетсе болды, ол маңнан аулақ-аулақ безіне қашуға тырысар еді. Ол бұл күнде осы екеуінің мүлде екі басқа жаратылыс: бірінің жанды, бірінің жансыз дүние екенін, бірақ екеуінің арасында ажырамас кереметтей бір тығыз ұштастықтың, берік байланыстың барын, қай-қайсысынан да жақсылық күтуге болмайтынын өзінше біржола түсініп бол­ған-ды...


Ел жайлаудан етекке құлаған кез болатын. Тіпті таяуда ғана биыл қалың өскен қарақатқа әбден тойған кезде ол сай-сайды аралап жүріп, құмырсқаның біраз илеулерін қопарған. Илеуді қопарып тастап, оған аяғын салып тұрса болғаны, кішкентай жауынгерлер үйлерін бұзған келімсектен кек алмақ болып, өлерменденіп жабыла кетеді дейсің. Бөренедей жуан аяққа жабыла кеткендерді жалпақ тілмен жалай бергеннен басқа еш жұмыс жоқ. Құйттай ғана жыбырлақ шіркіндерді атан өгіздің жілігін күл ғып уақтап жіберетін алмас азуларға салып қайтсін, сілемейлеп-сілемейлеп сол жыбырлаған қалпында қызыл өңештен әрмен аттандыра береді. Таң атқаннан тал түске дейін қып-қышқыл құмырсқаның мың-миллионын талмаған соң ғана қышқылды аңсайтын сарайының мейірі қанғандай күй кешетін. Әрине, ол тойыну сезімінен мүлде бөлек бір күй еді. Қайта құмырсқалардың қышқыл дәмі аранын ашып, ауыз толтыра қарпып асайтын майлы етті аңсай беретін. Ол қазір де сондай күйде еді.


Ақтөс сайды өрлеген бойы жуырда ғана қойшылар отырған ескі жұртқа беттеген. Жотаның басына шыққан бетте иіс тартып, айналаны ұзақ барлады. Ел қотарыла көшіп кеткен соң, сай-саланы мың­ғыра толтырып жатар төрт түлік, аспанға түтіннен тіреу қойып алып тұратын киіз үйлер, оларға кіріп-шығып жүретін екі аяқтылар – бәрі-бәрінің жұрты ғана қалған. Мұндай мезгілде мойнына таңқ етпе темір түтік асынған бірлі-жарым кезбе екі аяқтылар болмаса жайлауда көп ешкім жүре бермейтін.


Ескі жұрттан қойдың көңінің қоңырсық иісі аңқып қоя берді. Ақтөске керегі қойдың көңі емес, өзі еді. Шіркін, талай түн қараң­ғысында жау жеттілеп шу көтергенмен бетпе-бет келуге жүректері дауаламай, тап берсе киіз үйге қарай безіп жоғалатын қосүрей маң төбеттердің байбаламын пәруайына алмастан қотан­ға кіріп кетіп, ынжық хайуанды қолтықтап алып, асықпай сайға қарай жүріп кетуші еді. Мытып қабырғаларын қаусатып жатқанда да ыңқылдан артық үн шығармай өлетін қойдан гөрі бажылдатып ұстап, бақ еткізіп өлтірер ешкі баласына құмар еді-ау. Әлде сол бақырған дауысына өшіге ме, әлде тау-тастың тікенді шөбін көбірек жегендіктен еті дәмдірек көріне ме, бұл алдымен ешкіні бүре түсер еді. Ол сәл қышқылтым көрінер, былбыраған ешкі етін қылшығынан аршып жейтін сәтті сағынғаны сонша, ішін тарта ыңыранған үн шығарып қойды.


Ақтөс ескі жұртты тіміскілеген күйі сүйретіліп ұзақ жүрді. Иіс тартып болар емес, бүкіл жайлау, бүкіл дүниені қой көңінің кермек иісі жайлап алғандай. Бір кезде ғана аюдың осынау қалың кермек иістің арасынан жіңішкелеп жол тауып келіп, ашқарақ сезімін қытықтаған бөлекше, әлде бір жағымды иісті сезіп қалғаны. Аю үшін "ес жиған" шағынан бермен қарайғы ғұмырында жемтікті жерге көміп тастап, үш-төрт күн борсытыңқырап барып жегеннің жас еттен гөрі әлдеқайда дәмдірек боларына әбден көзі жеткен. Сондықтан ол тырнағына тірідей іліккен олжасының көбінің іш май, бүйрек май, өкпе-бауыр сияқты жылы-жұмсақтарымен сарығын басып, қалған ұлы денені жерге көміп, иістендіріп барып жейтін. Танауын дәл қазіргі сәтте қытықтап, аш өзегінде жыбырлап жатқан мың-сан әбжыланды өре түрегелт­кен де сондай бір тығулы беймәлім қойманың иісі еді.


Мынау жанына жағып бара жатқан тәтті тағамынан біржола айырылып қалардай желге қарсы аяңдады. Түйсігі алдамапты. Әр адым аттаған сайын танауды жарар жағымды иіс мен мұндалап айқындала түскен. Қой жатқан жұрттың шетіндегі көгалға қазып көмген жемтіктің кей жері көрініп те қалыпты. Бірақ осы кезде ол жемтіктің иісіне қоса темірдің және екі аяқтының да иісін сезіп, сәл кідіріп қалған. Тіпті оған қоса қасқырдың да бұл маңайды жуырда ғана "зерттеп" қайтқанын иісінен ол анық білді. Бірақ жолында кездескен жемтіктің тамтығын қалдырмауға тырысатын обыр неменің осынау жұртта қалған иесіз иен қоймаға ауыз салмай, неліктен "сыпайылығы" ұстап кетіп қалғанын ол пайымдай алған жоқ. Анығырағы қауіп-қатерді пайымдауына оның қанағат сұраған қу кеңірдегі мұршат бермеп еді. Сәл ойланып, тәуекелмен жемтікке жақындай бергені сол еді алдыңғы оң аяғынан әлдене сарт етіп тістей алғаны. Өзінің тұқымдас дұшпандарымен сан сайыстарда салатын қаһарлы үніне басып, ақырып жіберген. Құдиған жартастар да аю болып ақырды, бірақ жекпе-жекке шыққан еш тіршілік иесі жоқ, тек қана сыртқы саусақты түбірінен қапсыра тістеген жансыз пәлекет салдыр-сұлдыр етіп айырылар емес. Темірдің және екі аяқтының жексұрын иісі осынау тістеуік пәледен аралас аңқыды. Темірден де, екі аяқтыдан да келген кесел болса көріп алайын дегендей Ақтөс жаңағы тістеуік пәлені алдыңғы сол аяғымен қақырата ұрып жіберген. Алапат күшпен соқты. Тістеуік пәле қыңар емес, одан әрмен қысып барады. Сонан соң сояудай-сояудай бес тырнақты темірге салып, жұлқа лақтырған. Құрсау темір шынжырымен, шынжырына байланған ағаш тоқпағымен бір шетке ұшып кетті. Бірақ сыртқы саусағын пышақтай салалы тұяғымен қоса сол тістеген қалпы ала кетті. Аяғынан қан саулап қоя берген. Арбиған алып денені ен жайлап жүрген шыбын жаны шыжылдап келіп, жаралы саусаққа тығылған. Отыра қалып жарасын жалап, ауырсына ыңыранды. Ол бұрылып шынжырлы темірге қарап еді, істерін істеп болып, қайран пышақтай тұяғын тістеген қалпы моп-момақан болып жата қалыпты. Қанжардай тісті салысып, сояудай тырнақпен осысып, белдесе айқасар жау емес, топырақ астында жасырынып жатып, бас салған жансыз болса да жәдігей жауына, қос табаны жөндеп сыймас қу темірге қылар қайраны жоғын біліп, одан жеңілгенін мойындағандай сайға қарай тоңқалаңдай қаш­қан. Тағы да ол хайуанға ғана тән түйсікпен бұл зобалаңның да сол екі аяқтыдан, адамнан келгенін түйсінді.


Ақтөс ескі жұрттан ақсаңдай басқан күйі әбден ұзап, қауіпсіз қалыңның ішіне кірген соң ғана бір-ақ тоқтаған. Тістеуік темірді лақтырып жіберген кезде бір саусағының қатты ауырғанын сезгеннен кейін осы жерге жеткенше жарақаты сәл саябырлаған сияқты еді. Аз тыныстап жата қалып, қатқан қанды жалай бастаған тұста аяғы солқылдап қатты ауыра жөнелді. Сол жерде қоз­ғалмай бір күн, бір түн жатып, саусақтың тұқылын жалаумен бол­ған. Қарап жатып аштан өлетін емес ертеңіне солтақтай басып, орнынан сүйретіліп әрең тұрды.


Неше күндей дуылдай ашып, жанына терезе таптырмаған жарақатын жалап-жалап әрең дегенде қарақотырландырған. Әбден сауы­ғып, аяғы басуға еркін жарағанша аға бастаған қарақатты теріп жеп, күнелткен еді.


Өмір шіркін Ақтөске тағы бір ащы сабағын осылай үйреткен еді. Рас, ол бір-екі қар басқанша құрт-құмырсқа мен бақа, көртыш­қан, сонан соң шөптердің тамыры мен бұта-бүргеннің жемісін, қарақат, таңқурай, тошала, долана сияқты тау миуасынан басқа дүниені қорек болады дегенді ойлап та көрмепті. Бір тіршіліктің көбіне екінші тіршілікке жем болу үшін жаралатынын сол уақытқа дейін білмепті де. Тіпті өзінен әлсіз жанды атау­лының қай-қайсысының да қызылының қарынды қапысыз тойдырар әрі жұғымды азық екенін тағы да ойда жоқта білген болатын..


Дәл осындай қоңыр күздің кезі еді-ау. Орманның ішін кезіп келе жатып, қос көкжалдың бір мегежін шошқаны шыңғыртып алып ұрып, қан жоса жәукемдеп жатқанының үстінен түскен. Бөрілердің нәпақасын тартып алайын деген мақсаты жоқ, әншейін өзінің иелігіндегі мекеніне келіп, әлде бір озбыр көкжалдардың үстемдік жүргізгендеріне жыны келген. Сыбдырсыз жақындап келді де, «Қане, қайсысың жекпе-жекке шығасың?» дегендей бойын тіктеп, қаһарлы үнмен гүр ете қалған. Мегежіннің жаны шығып үлгермей-ақ кесек-кесек етін жұлып алып, бітеудей қылғытып жат­қан қос обыр аспаннан жай түскендей бір-бір секіріп, жемтіктің қасынан тайқып шыға берген. Жайдан-жай шыға бермеген, желке жүндерін күдірейтісіп, айбат шеге шегінген. Қызыл қанға боялған жырта қарыс ауыздарынан семсердей өткір азу тістерін жалаңаштап, гүр-гүр ырылдасады, бірақ бетпе-бет келіп ұстаса түсуге тәуекелдері жетпей, таяқ тастам жерде жатып, Ақтөстің қандай шешімге келерін күткендей. Аю айқасуға батылдары жетпеген жау­ларын елең құрлы көрмей жайрап жатқан жемтікті зерттеуге кіріскен. Дәмін татып көруге болмас па дегендей баланың жұдырығындай қара тұмсығын жемтіктің әр жеріне тигізе иіскеп, ұзақ жүрді. Көпіршік атып, қара топыраққа бүлік-бүлік сіңіп жатқан қып-қызыл қанға тілінің ұшын тигізіп көрді. Жылымшы болғанмен мынау тамақ түріне тәбеті ауа бастағандай. Оның есесіне жыбырлаған хайуан атаулының етін жеу­ге үйреткенін, бірақ өзінің жал­ғыз қалған тіршілігінде оны ұмытып кеткенін мына жемтік есіне қайта түсіргендей. Сонан соң ақтарылып жатқан ішек-қарыннан бір кесек шарбы майды еппен сыдырып алып, ұзақ талмады. "Апыр-ай, мынау жеуге болатын дүние екен-ау" дегендей алып болмысына, көнектей басына еш үйлеспейтін кішкентай көздерін жұмып, үлпілдек майдан кесектеу ғып аузына салып көрген. Асы таңдайына татыған соң, жемтіктің жанына жайғасып орналасып алып, тамақтануға аса бір баппен кіріскені сол еді, «ар-р-р» еткен дыбыспен бірге әлдененің ту сыртынан келіп бас салғанын біліп қатты шошынған. Жаңа ғана ауыз қойып жей бастаған жемтікті тастай беріп, орнынан күркірей көтеріле берген. Сол кезде ол көк желкесіне қарш-қарш қадалған өткір тістерді сезініп үлгірді. Бәлкім бір кесек етін жұлып алды ма білмейді, мойнының ауырғаны сонша, жан ұшыра қимылдап, желкесін шайнап жүрген пәлені алдыңғы оң аяғымен орай соққан. Әлдене анадай жердегі бүргеннің түбіне барып топ ете қалған. Жатқан жерінде үстінен басып қалып, мынау қан жоса болып жатқан мегежіннен әрмен денесін дал-дал қылып, терісін дар-дар айырмақ болып ұмтыла берген. Екі көзіне қан толып, айналадағы аң-құсты үнімен үрейлендіріп ақырсын-ай. Соққысы қатты-ақ тиген сияқты еді, бірақ көкшулан арлан да сәл кешіксе қандай күйге ұшырарын түсінсе керек, жан дәрмен орнынан секіріп тұрып, ажалды тырнақ астынан дер кезінде тайқып кеткен. Осы кезде тағы бір өткір азу тілерсегін жұлып түсті. Ақтөс шұбатыла безіп бара жатқан алдындағы бөріні тастай беріп, бар денесімен ту сыртына қарай аунап түскен. Жылдам қимылдағаны сонша, артынан тиіскен жауын денесімен басып қалармын-ақ деп дәмеленген. Үлгірмеді. Қарыны беліне жабысқан қаншық қасқыр да тым жылпос екен, тұяғына ілдірмей сытылып кетті. Әлі түсіп үлгірмеген өлі жүні жалбырап, бұлтара қашты. Осынша алып күштің иесі бола тұра тұрқы жағынан бір борбайына шендесе алмайтын мына екеуінен көресіні көрген Ақтөс те ашуын ақылға жеңдіріп үлгірген. Сол қалпында қашқан қаншықтың соңынан салса, арланның тілерсегіне жармаса түсерін түсініп үлгірді. Жауының сол әрекетін бүкіл тұла бойымен сезінгендей шалт қимылдап, соңынан бұрылған. Қасқырдың арандай азуы тілерсегіне тағы тақап қалыпты. Енді Ақтөс майдан тәсілін қолма-қол өзгерткен. Екі көкжалды кезек қуалап арандап қалмас үшін бір орнында шоқиып отырып қалды. Екі жауына айбат шегіп, кезек-кезек жалтақтайды. Аюдың мына тәсілінен кейін қасқырлар да желке жүндерін күдірейтіп, екі жерден айбат шегіседі. Өздері шабуыл жасауға батылдық ететін түрлері көрінбейді. Жүректері шайлығып қал­ғандай. Ақтөс басқа аң атаулының ішіндегі өз тұқымдастарының адамға ұқсас қасиетін пайдаланып, дәл алдында жатқан шәугімдей қара тасты қос қолдап көтеріп алды. Жауларының бірі қозғала бастаса, жіберіп ұрмақ.


Олар аңдысқан күйлері біраз уақытты өткізді. Ешқайсысы орындарынан қозғалғысы келмейді. Ақыры аюдың төзімі таусылды. Ол етпеттеген қалпы бұған қарсы қарап жатқан арланға қарай тасты бар күшімен лақтырып қалған. Жауынан мұндай тәсілді күтпесе керек, қасқыр жөпелдемеде сасқалақтап, орнынан әрең тұрып үлгірді. Осы сәтті пайдаланған Ақтөс қаншық қасқырға қарай тап берген. Оның өзі де "шықпа жаным, шықпалап" әрең жатыр екен, еңістете көсіле жөнелген. Аю тағы да арлан жаққа көз сал­ған, оның да жүрегі шайлығып қалса керек, алыстан ша­тақшыл көзі от шашып, одыраяды.


Ақтөс қос жауын алыстан бақылаған күйі жайрап жатқан мегежіннің жемтігіне келген. Жаулары енді жоласа көріп алмақ. Ол аз уақыттың ішінде-ақ мегежіннің қара тұяқтары мен тазалап жеуге тым ыластау ішек-қарнынан басқа ештеңесін қалдырмай, іске татырдың бәрін сандығына салып алғандай ғып, тақыр таза жеп бітірді. Ең аяғы бас сүйегін шағып, миына дейін сүйсіне жалап-жұқтады. Бәлкім, жемін өзі ұстап жесе, бұлайша обырланбауы да мүмкін еді, қос дұшпанына деген қасақылық бір мінез: "Оларға ештеңесін де қалдырма" деп тұрғандай шеңбірек ата тойғанына да қарамаған. Азықтың осынау бір түрін даярлап қойып, оны жеуге үйреткен қос бөріге бұрылып та қарамастан өзіне ғана жарасатын паңдықпен тоңқаңдай басып, ұзай берген. Өзенге құлдап, мұздай суық тау суына бауырын төсеп ұзақ жатты. Жалауға тілі жетпейтін мойны мен жаралы тілерсегінің ауырғанын басқан түрі. Содан кейін ғана қалың жыныстың ішіне кіріп алып, ертеңгі таң атқанша қоз­ғалмай ұйқы соққан...


Міне, сол бір майдандасып жүріп етті қорек етуді үйренгеннен бері ол қалған жемтіктердің иісін тартып, орман кезетінді шығар­ған. Тіпті өзен жанындағы тосқауылда жатып, бұғының бұзауқасын, доңыздың торайларын ұстап жеген кездері де болған.


Ол өзінің күш-қуатын сезінген сайын, бұл тау орманында тұқымдастарынан басқа мұнымен бетке келіп, майдан ашар тіршілік иесінің жоқтығына көзі жеткен сайын тіпті еркінсіп те алған. Бірақ ізденіп келіп, мұнымен майдан ашар ашық жау болмағанымен жем үшін жан алып, жан берісер дұшпанның табыларын қос көкжалмен болған шайқас көрсетіп берген.


Содан соң оның семіз мегежіннің жылы-жұмсағына дәндегені сонша, орманның шымын аударудан бір шаршамайтын осы бір хайуандарды аңдуға көшкен. Бір күні жолы оңай бола кетті. Жеті-сегіз ала сауыр, тарғыл торайларын шұбыртқан мегежінді аңдып, баспалап тас лақтырым жақын келді. Мегежін де әлде неден секем алып қалса керек, көзі бітиіп, бұл жасырынған қалыңға тесірейе қарап, қорсылдап-қорсылдап жіберген. Аюға енді кешеуілдеуге болмайтын еді. Ол қалыңнан шыға келген албасты сияқты жеміне қарай ұмтылған. Мегежін де сақ тұр екен шыңғыра қорсылдап, нуға қарай жан ұшыра ұмтылды. Аю бір бүйірден тисе де мегежінге жете алмай қалған. Оның есесіне ала сауыр торайлардың бірі бес бірдей қанжардың астында қалды. Торайдың жылы-жұмсағы қарын тойдырар мол болмағанымен жүрек жалғауға боларына көзін жеткізіп, аранын аша түскен. Осы тәсілмен жасаған екі-үш дүркінгі аңшылығында жолы болып та жүрді.


Ол доңыздарға жасаған соңғы шабуылы тұсында бұл шіркіндерден де келер кесірдің боларын алғаш рет білген.


Семіз торайлардың дәмді жылы-жұмсағына дәндеген Ақтөс тағы бірде жайылып жатқан доңыздардың үйіріне тап келген. Бір ерекшелігі бұл өзі дәндеп, екі-үш торайын алған үйір емес, ішінде екі бірдей ірі қорсылдағы бар топ еді. Тіпті бойы өзіне жетеғабыл бірінің сойы бөлектеу көрінген. Сояудай жалы желкілдеп, қос езуден жарқырай шығып тұрған аппақ қанжардай сойдақ тістері ерекше сұсты болатын. Тағы да мегежін сезік білдіріп қорсылдай үн шығарып, торайларын шұбыртып, қалыңға қарай бет қойды. Ақтөс те кәнігі қимылмен үйірге қарай атыла берген. «Жау қайдалап?» одырайып тұрған қабан да мұны көрген бетте жан сауғалап, безе жөнелер деп еді, өйтпеді. Қайта «келсең кел» дегендей басын тұқырайтып алып, Ақтөске туралай салған. Келген бетте мұны сүзіп өтердей. Қорсылдап, ерекше бір дүлейлене салып келеді. Мынандай күтпеген шабуылдан қалай құтыларын білмей сасқалақтаған аю да шалт қимылдап, бір жағына қарай бұлт ете қалды. Зулап келе жатқан сұр жартас сияқты дүлей сол зулаған күйі санын сүйкей өткендей еді. Сан еті шым ете қалды. Қабан сол заулаған қалпы біраз жерге барып алып, қайыра салды. Аю торай ұстап жегені сол жан сауғалап, жанында тұрған алып қарағайға өрмелей жөнелген. Өрмелегені бар болсын артқы бір аяғы салдырап, әрең шықты. Қара тұяғына дейін қан жуып кетіпті.


Ол сол күні доңыздардың қорсылы әбден тынған кезде ғана ағаштан түсіп, аяғын ғана емес шыбын жанын сүйреткендей ғып, апанына әрең жеткен. Жарасын жалап, бір апта жатып, әрең шыққан. Содан кейін еті дәмді болса да шатағы көп қорсылдақтарға, әсіресе қабаны бар үйірден аулақ жүретін болған.


Ал енді шағын болғанмен қарынды бірер дүркін жұбатуға жарайтын тығыншықтай семіз суырлардың етінің дәмділігі де торайдың етінен кем емес еді. Ақтөс тіпті оларды ұстап жеуге әбден маманданып алған болатын. Таңның атысынан күн батқан­ға дейін бір тыным таппай жайылатын суырлар да тым сақ. Індерінен ұзамайды. Соның өзінде шөпті бір жұлса, бойын тіктеп, айналасына екі қарайды. Сондықтан аю қалтарыста бұғып жатып, інінен он, он бес қадам ұзаңқыраған жеміне бір-ақ ұмтылатын. Суыр байбаламды салып, ініне қарай тырбаңдай безеді. Жетсе жетті, жетпесе жалпақ алақанның астында жан тәсілім етеді. Содан бері бұл дүниеде өсімдік атаулыдан басқа да кеңірдектен өтер осындай астың түрлері болатынын баяғыда енесі Қоңырдың үйреткенін есіне қайта түсіргендей еді...


***


... Ақтөс орнынан еріне көтерілді де, тағы да жотаға шығып, айналаны барламақ ниетпен қозғала бергені сол еді, бір жылғада жайы­лып тұрған атты көрген. Шіркінді ұрымтал жерден екі-ақ қарғып барып, шыңғыртып басып қалар ма еді деген ойға келген, бірақ ол ниетінен тез айныды. Себебі аттың үстінде ер-тоқымы бар болатын. Одан тағы да темір мен адамның иісі қосарлана шығарына алыс­та тұрып-ақ күмәнданбаған.


Екі аяқтыдан әлдеқайда жүйрік, әлдеқайда денелі төрт аяқты жылқының сол пәлелерді ерінбей-жалықпай тау мен тасқа арқалап жүретіндеріне таңғалады. Оның миы жетпейтін бұл дүниенің хикіметтері көп-ақ. Қашса құтыла алмайтынның, қуса жете алмайтынның нағыз өзіндей елбеңдеген екі аяқтылардың алапат күші жоғын да Ақтөс іштей пайымдайды. Бірақ тек жылқы ғана емес, көптеген хайуан атаулының мыңғырған қалпы екі аяқтының алдынан шашау шықпайтындары ғажап.


Сондықтан да ол үстінде ер-тоқымы бар атқа шабуыл жасағысы келгенмен оның пәлесі көп иесінен қорыққанынан ғана оқыс қимыл жасауға жүрегі дауаламаған. Шабуыл жасағанды қойып, бәлелі жерден аулақ кетуге ниеті ауған Ақтөстің енді бұрыла бергені сол еді жер-әлемді дүңк еткізіп, мылтық атылсын. Бүкіл тау іші жаңғырығып, жаңа ғана тып-тыныш тұрған барша табиғаттың жанды жеріне ине сұғылғандай дір етіп, айнала тітіреп кеткендей болды. Сойдиған тісті, сойқан қабаннан бас­­қа ешкімнен сескеніп көрмеген Ақтөс те селк ете қалып, сай табанындағы қалың жынысқа бой тасалауға асыға ұмтылған. Ту сыртынан ып-ыстық оқ келіп қадала түсердей шошынды. Баяғыдағы жауырынының ортасынан күйдіре келіп қадалған жалғыз оқ осындай тау жаңғырықтырған гүрсілден кейін жеткен пәлекет болатын...


Оны шошытқан үн Мергеннің таутекені жыққан кездегі атыл­ған мылтығының даусы еді.


Үшінші тарау


Таутекенің етін жәукемдеп бұзған Мерген бас-сирақ, ішек-қарынын даланың қаңғыбас тағыларына сыбағаға қалдырып, сұрпы етін артып алды да атына мінген. Ойы – күзгі ызғырықты далада жатқаннан гөрі төсеніш болсын деп бұрыннан бірер қабат киіз әкеліп тастаған мекеніне, Ақшолақты алдырған үңгіріне барып түнеу. Оның іші үйдей жып-жылы болмағанмен жел өтінен далда, ық болатын және тамақ пісіретін ошағы, май шамы, ет тұздауға әдейі молдап әкеліп қойған тұзы дегендей тіршіліктің біраз жабдығы қысы-жазы демей сағындырмай жететін иесі үшін қашан да даяр тұратын. Бұл үңгірді кенже ұлдан басқа тірі жан көрген емес. Жоқ іздеп сандалғандар мен аң қуалап қаңғырғандар ойда жоқта келіп үстінен түспесе көзден қалтарыс, кірер есігін қалың бүрген далдалап тұрған бұл үңгірге ешкім де келмесе керек еді. Мерген тіпті ішіндегі тағамдарын алғашқы жылдары қарсақ, түлкі сияқты тіміскі аңдар жеп кете берген соң, оның да тәсілін тапқан. Ескі-құсқы екі-үш қақпан мен бірер шынжырды кіре беріске тастай салатын. Содан бері бұл жайлы мекеніне қыбырлаған жан да аяқ баспайтын.


Ол Қаракерін үңгірдің дәл шығар аузына қысқа ғып арқандады да, қашандағы әдетімен бір-біріне жалғанған жиырма құлаштан артық қыл арқанды ат тұрған аумақты айналдыра қоршай шеңбер жасай жерге тастады. Атына ит-құс шаппас үшін бала жастан бері жасайтын тәсілі. Қанша рет иен тауда қонып жүргенде көлігіне дала тағыын жолатпаған сенімді қорғаны.


Үлкен текенің етін төрт-бес бөліп арқалап, үңгірге тасып алды. От тұтатып, май шамын жақты. Ұрлығың өшкір, үңгірді, ондағы қойманы тапқан белгісіз қаңғыбастың Ақшолақ пен салмада ілулі тұрған бұғының екі жілік сүрісінен басқа ештеңеге тиіспегенін кеше көрген. Жаздың соңғы күндері атқан бұғының етін осында кептірген болатын. Қолды болған соның жатқа бұйырған қалдығы ғой. Шай ішетін ағаш тостақ, ет салып жейтін темір табақша, қасық-пышақтарына, тіпті, құрғақ отын, шырпысына дейін орын-орындарында тұр, қол тигізбепті. «Өңшең жаман-жұтықты қайтемін?» деген болар. Ат-көпір қып төсеген шөп төсеніші, оның үстінде жататын киізіне дейін қаз қалпында. Ол үңгірдің төріндегі Ақшолағы сүйеулі тұратын кенере тасқа тағы бір қараған. «Мүмкін, ол да орнында тұрған болар, кеше асығып-үсігіп жүріп, байқамаған шығармын?!» Қайда, қарт аңшы көзін уқалап, қайта-қайта қараса да, әбден ыс сіңген қара қоңыр жақпар-жақпар тастардан басқа ештеңе көрінбеді. Ақшолағын уайымдағандікі ме, әлде кәрілік шіркіннің белгі бере бастағаны ма қисайып жата кетіп, қор етіп ұйықтап кеткісі келгенмен кірпігін айқастыра алмай қиналды. Бірақ Мерген, өзіне әбден еңбегі сіңген, ол үшін төленген бір өгіздің құнын жүздеген тау тағысын атып, еселеп қайырып алған кәрі серігі Ақшолағымен енді қайта табыса алмасына кәміл сенген. Бәлкім, тірісі есіне салып, өлісі түсіне кіріп, "Аңшылықты қой да қой!" деп уәдесін алып жүрген тұста Ақшолақтың ойда жоқта қолды болуы сол ежелгі кәсібімен де қоштасуына көрінген болар. "Жоғалмаса одан әрмен! Осы жолы діттеген мақсатыма жетсем, Қарамылтықты да қайтадан қолға ұстамаспын!" Содан да болар, бұдан былай бәрімен де қоштасып, тыныш қана қарттық өмір сүрермін деген оймен өзін-өзі алдандырғандай болды. Ал кәрілік деген итті әлі мойындамақ емес, қасақана мойындамай қояды. Мойындаса түн қатып, түсі қашып не көрініпті, келінінің бұзауын қайырып беріп, немерелеріне ақылгөйсіп ғибрат айтып, пеш түбінде жатпас па?! Ұлдың ақылын тыңдап, Келіннің қазанын аңдып жатпайды, жата алмайды. Жатса-ақ болды онсыз да аяғын бастырмай қоятын оң жамбасының ұршығына сары су ұялап, біржола жүруден қалар еді. Әрі қарай белгілі. Таяққа сүйеніп, дәм таусылар сәтті күтер мүгедек қартқа айналар. Аң атпаса да бұл тауға келуін қоя алмас. Бәлкім, бәлкім, тау кезіп, тас басып жүріп өлер...


"Бұл атып әкелген аңның етін былқытып асып, болмаса қара қуырдақтатып жегенді білетін, бірақ: "Осы, мылтық асынып, тау кезгеніңізді, енді қартайғанда "брәкәнер" атанғаныңызды қойсаңызшы" деп, қыжылдап қоймайтын Ұл шіркін өмірі тау кезіп, тас санаумен өтіп келе жатқан мұның жанын ұққан емес. Ұқпайды, ұға алмайды! Түсінсе әкесіне емес кенже ұлына ақыл айт­қандай көсемсігенін қоймас па?! Керісінше оның әке емес, мұның әке екені рас болса, бойдан қуат, көзден нұр тайғанша омалып, от басында жата алмас.


"Апыр-ай, шынымен-ақ, соның өзі болғаны ма?! Әкеге жаны ашып, жақсылық жасаған түрі осы болғаны ма?!" Ол өз ойынан өзі шошынды. Мұның тіршілігінің бар мәні, қызығы сынды, жал­ғыз серігі сынды мылтығын алған кісі "өзімнің Ұлым болып жүрмесін!" деген ойдың кешелі бері басына жүз келіп, жүз кеткені де рас. Ондай жаманшылыққа қимайын десе осыдан төрт-бес күннің мезіретінде екеуінің арасында болған бір әңгіме көңіліне күдік ұялата береді.


– Әке, ертең ой жаққа, орталыққа түссем деп едім. Балалар­ға киім-кешек алып келмесем болар емес. Басшыларда да шаруам бар еді. Малды ауыл маңына екі-үш күн өзіңіз жая тұрарсыз, – деп мұның бетіне қараған. Қыңыр шал тағы келіспей қоя ма дегендей жасқаншақтай сөйледі. Оның күткеніндей-ақ бұл да бірден қарсы шапқан.


– Бақпаймын қойыңды! О несі екен ей! Мен өліп қалсам да тірілтіп әкеліп бақтырасың ба қойыңды?


Ұл шарасы таусылғандай ыңырана қозғалып барып, жастығына жантайды, Келін де самауырынның шүмегін жұлқи бұрап, шай құйды. Тұлданған түрі.


– Бара бер, өзіміз-ақ қараймыз малды. Екі күннің ішінде топалаң тигіріңді жау алар дейсің бе?! – Келіннің екі ауыз сөзінде екі пұт салмақ жатты. "Өзіміз!" дейді. Сонда мұны өгей әкедей ғып өзекке тепкені ғой.


– Аңға шығып қайтайын деп отырмын. Еріккеннен емес, біреудің қыжалатын орындау керек болып тұр, – деп, Мерген де ақталғандай жуаси сөйлеген.


– Ол не қыжалат екен сонша? Әлде біреудің қатыны бұғының бүйрегіне жерік болып қалып па? – Ұл қыжылдай сөйледі. – Енді қартайғанда жартастан құлап өліп, бізді масқара қыларсыз. Пай­ғамбар жасынан асқан адамға ақыл айтып, оныңды орындата алмағаннан артық қандай қиямет іс бар екен?


Шал шарт етті.


– Оттама! Мені сен таптырып па едің? О несі-ей?! – Ол орнынан кирелеңдеп тұрып кеткен.


Әңгіме сонымен тәмәмдалғанмен, Ұл мен Келін көңілінде дық қалғандай. Ұл ертеңінде ерте тұрып, орталыққа аттанған. Не бол­ғанда да Ұл келгенше өтер екі-үш күннің мезетінде таудың аңы бір жаққа үркіп кетпес деген оймен қойды өзі өргізген.


Ұл да сапардан оралған соң, өз кінәсін мойындады ма, әлдебір айыбы бар жандай тым төменшіктей берген.


"Әй, ынжық неме-ай, кінәңді мойындағандай мойныңнан суың кетуің жаман еді. Не қылса да ұрым өзі жанымнан шықпаса не қылсын!" Осы бір ой санасына беки түскендей.


"Иә, мылтығын ұрламақ түгілі, қолына матау, аяғына тұсау салса да от басында омалып жата алмас. Ажалы келіп тұрса, бар ғұмыры өткен осы тау ішінде-ақ әкете берсін".


Өз ойы өзіне жігер бергендей құнжыңдап, орнынан ширақ көтерілді. Мұнысы күн сайын иектеуін көбейтіп келе жатқан кәрілік итке, оған қоса биліктері өктем шығып келе жатқан Ұл мен Келінге жасаған қасақана қаракеті болатын. Ол сол тоң-теріс қалпы атына мініп, аттанып кеткен.


Мерген ойға батып отыра бергеннен ештеңе шықпасын мойынсұнғандай сайға түсіп, шелегімен су алып келді. Ошағына қу қарағайды лау ғып жағып қойып, тез піссін деген оймен еттің жылы-жұмсағын ұсақтап турады да, шелекпен асып қойды. Әдетінде етті шәугімге асып жеп алған соң, шайды соңынан бір-ақ ішетін. Бүгін еттен гөрі шайға зауқы көбірек соғатындай. Сондықтан қара шәугімге су құйып, оның бір бүйірін отқа жақындатқан.


Құнан өгіздің етіндей болып үңгірде жайрап жатқан бүгінгі олжасына тұз сеуіп, салма ағашқа ілді. "Жолы болып, ертең бір аюдың өтін олжалай алсам, қайтадан ауылға аттанғанша дегдіп, сорғи берсін" дегендегісі. Сырт көзге бір шалынып, ішіне бөгде жан түскен бұл үңгір адалдығына күдік араласқан қатыныңдай қадірсіз болмақ. Бұдан былай үңгірдің сенімді мекен болмасын Мерген жақсы біледі. Мылтықты, етті олжалап дәндеген қу бөгде біреу болса, үңгірге айналып тағы соғарына дау бар ма?! Сондықтан өзі оқта-текте көріп жүрген қалтарыстағы жайлы орындардың біріне қоныс аудармақ керек. Ол қоныстың да көлденең өткен көк аттының көзіне түспейтін қалтарыста болғаны мақұл. Мерген ондай мекендердің талайын жатқа біледі, ертеңдер діттеген мақсатын ертерек орындай алса, сол мекендердің біріне осындағы аз қазынасын көшіретіні және атып алған аюдың біраз етін де сонда апарары сөзсіз.


Баяғыда еді ғой, аю атса, "әй, кәпір, ит тұмсықтанған түрің жаман, сірә, арам боларсың" деп жирене жүріп, терісін сыпырып алғанына мәз болатын. Бертін келе: "Ойбай, аюдың өті көп ауруға мың да бір ем екен" дейтін үрдіс шыққалы жыртқыштың ішін ақтармалап, өтті бауырымен ойып алатынды, одан шипалы сұйықты тұз салынған шөлмекке құйып алуды үйренді.


Әрі кетсе, жеті-сегіз жыл шамасы болса керек, Мергеннің тағы бір топ аң қағып, қызық қурушыларға жолбасшы болғаны бар. Сол жолы ол алғаш рет аю етінің дәмін татып көрген. Қазақшасы көп қазақтан ілгерілеу тұрған Алексей дейтін бастық аюдың қара қуырдағын арақтың басытқысы орнына көмейлетіп отырып: «Әй, қазағым-ай, анау – адал, мынау – арам деп жүріп қой, мың тоғыз жүз отыз бір, отыз екінші жылдары қақ жартыңның қырылып қалғандарың. Әйтпесе бал татыған мына аюдың еті жылқының сарыаласынан кем бе?! Қайта қырық бір шөптің басын шалып, өңшең шипалы өсімдіктердің тамырын тартып жейтін бұл жарықтықтың еті мен майы көп ауруға дәру емес пе? Әсіресе қолқа-өкпе ауруларына таптырмайтын ем ғой» деген сөзінен кейін, оның майын шыж­ғырып, қара кесегінен қуырдақ қуырып жеуді үйренді, үйренген жоқ-ау дәндеп алған. «Арқардың қара кесегі ғой» деп балаларын, сонан соң жолдас-жорасын ауыздандырған. Сонан соң аю етінің көп ауруға ем екенін айтуы мұң екен, бірте-бірте: "Жөтеліп жүр едім, бір қуырдақтық аюдың етін берсін" немесе "Асқазаным ауыра береді, бірер шөлмек аюдың ертінді майы болса берсін" дейтіндер көбейген. О баста емге деп татып көріп, бірте-бірте дәнігіп алғандар көбейген бұл кезде. «Таудың арғы бетіндегі көрші жұрт жерде жүргеннен – машинаны, ұшқаннан – ұшақты, суда жүргеннен – кемені ғана жемейді екен» дейтін әзіл сөз бұл елге ерте тараған. Сол айтқандай, «Шын аңшы шын ашықса ұшқан мен жүгіргеннің бәрін ас қылады» дейтін сөзді ертеден ұстанған Мерген бұл күнде аюдың етін адал аңның етінен айырғанды қойған. Оның үстіне аю қызылын сатып мал жинамаса да ауырған-сырқағанға бұлдап беріп, өз бағасын арттыра жүруді де ұмытпайтын.


Таутекенің етін аздап тұздаған соң, баяғы заманда даярлап қойған қарағай сырғауылдан жасалған салмаларға іліп болды да, асықпай отырып, Қарамылтығының ұңғысын сүмбімен жалтырата тазалап, бұрын Ақшолақты майлап жүрген кішкене құтыдағы іс машинасының майын бір қуыстан тауып әкелді. Опырмасының топсасын, қайырмасының, шүріппесінің түптерін майлап, оталғыны соғар біздің серпінін тексеріп көрді. Ақшолақ дәуірлеп тұрған кездері мұның беделі біраз төмендеңкіреп қал­ғаны болмаса, Қарамылтық та баяғы «ұмсынғанымның қанын ішем» деп тұрған зар күйінде сыңайлы.


Ол бір тостақ ыстық сорпа мен екі-үш жапырақ ет жеді де, шоққа шырт-шырт түкірініп тұрған жез шәугімге молдау ғып демдеді. Бұрындары бір-екі күн бойы нәр сызып, шай ішпесе де басы ауырмайтын еді, соңғы кездері асқа шыдаса да шайға шыдамайтын болып жүр. Содан да болар, соңғы кездері өзі даярлаған шөп шайға үндінің шайын да қосып қайнататын болған. Май шамның өлеусіреген жарығынан гөрі қарағай шоғының қып-қызыл алауына бет-жүзін жалқындатып отырып, қара шайды ұзақ сораптады.


Кенже Ұл бір отарға ие болғаннан бері соның оны-мұны шаруаларына көмектесемін деп жүріп, соңғы бірер айдың беделінен бері қарай жіпсіз байланғандай аңға шыға алмай қор болып жүрген.


Мерген Мерген болып ат жалын тартып мінгелі өз отының басында екі тізгін, бір шылбырын ешкімге ұстатып көрген кісі емес. Тау сағалап, орман кезуге қай күні көңілі дауаласа, сол күні кідірмей-ақ атқа ер салатын. Бекер обалы қане, күйеуінің осы мінезін жақсы білетін Зайыбы ғұмырында шаужайына оралып, жолына бөгет болып, әйелдік мінез көрсеткен емес-ті. Енді ғой, түтінімді жалғастырып, қара шаңырағыма ие болды деп қуандыр­ған Ұлы дертеден бұзылған аттай бір езулеп, қисаңдайтынды шығарыпты.


Алты-жеті жыл бұрын ғой. Келін түсіріп, керегені кеңейтіп дегендей от басының иесі табылған соң, көңілі жайлаған Мерген баласына бір күн өзінің аңға шыққалы отырғанын айтқан.


– Әке, енді қартайғанда тау сағалап, жар жағалайтындай аштан өліп, көштен қаламын деп жүрсіз бе? «Бәленшекеңнің әкесі тыйым салынған аңды атқаны үшін түрмеге қамалыпты» деген сөзге қалдырмақсыз ба мені? – деп ақылгөй, қамқор бола қалыпты. «Үй болған соң үйдің иелігі маған көшті» деп ойласа керек жетесіз неме.


– Оттама! – деген бұл тас-талқан боп ашуланып. – Жеттім деп, болдым-толдым деп билік айтпақ па едің?! Ақылың асып бара жатса, босағаңнан бүгін аттаған әйеліңе, ертеңгі дүниеге келер өз балаларыңа айтарсың. Одан асып бара жатса, өз басыңа шайнап жақ. Бірақ маған айтпа, білдің бе?! Көзім тірі тұрғанда өз ісіме өзім жауап беремін. Әгәрәки, мен үшін намыстанып жүрген болсаң, қатыныңды ал да қараңды батыр бұл жерден!


Бұл үндемей құтылғысы келген жетесіз Ұлдың жер-жебіріне жетіп болған соң, атына мініп, жүріп кеткен. Үш-төрт күн тау кезіп, өзегін өртеп жатқан Ұлға деген реніш-өкпесін біршама ортайтып қайтқан. Мерген Ұлына қаншалықты дес бермедім десе де жүні жығылып, жасыңқырап қалғандай. Үйреншікті кәсібіне талай рет аттанғысы келсе де, осы шіркін тағы бірдеңе деп қала ма дегендей өз-өзінен шегіншектей берген. Оның үстіне «аталап» иіліп тұратын ибалы Келіннің көңілін қимады. "Мына кісі де бір қисайған жағына қыңырая береді екен" демесін деп сақсынады.


Бұрынғыдай апталап кетіп, айнала кезіп қайтар әдетін сиретіп, айына бірер дүркін ғана бетін тауға бұратын. Өстіп жүріп те біраз жылды жылжытып үлгіріпті. Алтын бесігіндей аңсатар мекенін қанша сағынса да, аңшылықты сирексіткен әдетіне ептеп-ептеп көндіге бастағандай еді.


«Қар түспей тағы бір барып келуім керек-ау» деп жүргенде бірер апта бұрын «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей колхоз орталығында тұратын Құрдасы жетсін. Осынау жаққа күніне жүз рет сүзіле қарап, ойда қалып, қырдағы салқын жайлауын аңсаған жылқыдай қыстығып жүрген шағына тап келгені.


– Солай да солай, құрдас, – дейді. – «Аурулы болдың – азапты болдың» деген. Әлі күнге дейін емі табылмаған жаман дерт жабысты. Шамасы, жаратушымның "Дәмің таусылды, ағайыныңмен асықпай қоштаса бер" дегені болса керек. Қой екеш қой да өлерінде тұяғын бір серпіп өлуші еді. Менің де бұл жүрісім «тұяғымды серпіп», айтып келген ажалға араша іздеп жүрген түрім. Тумысыңнан бері мойныңнан мылтығың түспеген Мерген атың бар еді ғой. Көп дертке аюдың өті мың да бір ем дегенді айтады жұрт. Арнап келсе ажал шіркіннің құрығынан кім қашып құтылған, дегенмен шипасы табылса жазылмас дерт жоқ дейтін сөз тағы бар. Жаратушы Алла ешнәрсені сыңар ғып жаратпайтын еді. Адам баласы тәубасына келіп, Алланы есіне түсіру үшін кісіні дертті еткенде оның шипасын да жаратады екен. Қайдан білейін, бәрі де жалғыз жаратушының қолында ғой, дегенмен менің шипам сол аюдың өті сияқты болады да тұрады. «Малым – жанымның садағасы», қалағаныңды ал да іздегенімді тауып бер, құрдас.


– Оу, сен аюдың өтін қойып етінен жиренетін қу емес пе едің? Емдеймін деп одан әрі ауыртып алып, жалаңа қалып жүрмейін!


Баяғыда Мерген аюдың қара қуырдағын осы Құрдасына жегізіп болған соң: «Қалай, аю еті таңдайыңа татыды ғой деймін, аштан келгендей соқтың ғой!» деп бәлеге қалғаны бар. Құрдасы дастарқан басынан ата жөнеліп, табалдырықтан асар-аспаста ішкен-жегенін қайтарып, берекесі бек кеткен. «Арам мен адалды айырмайтын ит-ай, не қастығың бар еді? Әлде ауырып өлсін деп жүрсің бе?» деп әлек салған. Мергеннің Құрдасының есіне салып тұрғаны сол оқиға болатын.


– Е, қазіргі күймен ол күнгі жағдайды теңестіріп қайтесің? Қиналмасам, қиралаңдап алдыңа келіп жалынамын ба?


Енді Мерген Құрдасын әбден тұқыртып алайын дегендей бас­қа бір бүйірден ат қойды.


– Құрдас-ау, бір кезде: «Таудан теріп жеп жүрген риздығыңды әлі тауысқан жоқсың ба? Шіркін, сен өле қалсаң, осы өлкенің бар аңы мен құсы жиналып, ұлан-асыр той жасар еді-ау», – деп тиісуші едің. Шыбын жаның шырқырап келіп, көзіңе көрінген шақта көмек сұрап жеткен екенсің ғой. Жөн-жөн. Бәйгежиреніңді белдеуіме байлап кетсең, үш тәуліктен қалдырмай іздегеніңді тауып берейін, – деген құрдастығын пайдалана әзілдеген болып. Бірақ ауданның қыл құйрықты атаулысынан алдына мал салып көрмеген Бәйгежиреннен дәмесі де жоқ емес еді. Жаны қысылып, дерт меңдеген кезін қойғанда жай уақытта дүниенің бетіне көп қарай бермейтін мәрт шіркін сұрағанын берсе бере де салар деген пендешілік ой келген.


– Жаңа айттым ғой, құрдас. Бәйгежирен қартайғандағы қанатым болып жүрсе де, бір күнгі жарық сәуленің құнына жеткен не бар?! Өмірін аңмен бірге өріп өткізіп келе жатқан кәрі шөңгем-ай, сенен адамдық қалпет іздеп мен бүгін қайтермін? Қажалас­қандай қалпым қайсы? Буынсыз жерге пышақ ұрып, осал тұсыма жанар тіксең, амалым қайсы?! Көздегеніңді аларсың!


Бұл сонда «О не дегенің, әзілім ғой. Жаныңның қысылғанын пайдаланып, жанды жеріңе жармасар қорқауың мен емес. Ғұмырымызды ортақ қызықтап жүргенде сырты түк, іші боқ қыл құйрығыңды алмаймын. Керегі жоқ» дегісі келгенмен, олай дей алмаған. Тек қана кеңк-кеңк күліп:


– Дәл осы сөзді айтпасаң сен Құрдас боларсың ба?! Бәрекелді, ақ жейде, ақ пейіл досым-ай! Алдымен аюды атайық, сонан соң шөлмекке құйып, өтін әкелейік. Әнеки, содан кейін ғана қарымтаңның мән-жайын жата-жастана, асықпай ойластырып көрерміз...


Мен де бір сен үшін ғана деп атқа ер салғалы отырмын. Баяғы түн қатып, түс қашып дегендей, аш бөрідей жортар жастықтың ауылынан адасып қалғалы қашан. Аюды да азаматтың аюы алар. Әйтпесе, басыңнан төмен қарай сауылдатып сары алтын құямын десе де аю аулайтын бізде қазір қай бір күй, қай бір қайрат қалды дейсің?! Әншейін, екеуіміз бір жылдың төлі болып, жөргектен бері қарай сыралғы сыбайлас болған соң, көңіліңді қимай «иә» деп тұрмын, болмаса мұндай өтінішті басқа айтса, оны орындамақ түгілі қолын құлағыма да апарттырармын ба?! – деп, жасар жақсылығының салмағын алдын ала әдейі арттыра түскен. – Тек, Құрдас, өзіңнен өтінерім – істің оңтайы келіп, сәті түскендей болса, әйтеуір «аюды сол атып еді» деген сынық сөзді аузыңнан шығара көрме. Сүйкенерге қара таба алмай жүрген жұртты білесің ғой. Біреуі: «Мерген сөйтіпті» деп жоғары жаққа қарай қағаз түрте салсыншы, айып-ажынын былай қойғанда, құйрығыңа шала байлап, неше жыл бойына есіңнен тандырар...


***


.... Мерген от басында ыстық шайын ұрттап отырып, белдеуіне келіп байланар, сонан соң алшаң-алшаң бастырып, тақымында ойнатар Бәйгежиреннің керген төстіктей кербез тұрқын көз алдына елестетіп, жымың-жымың еткен. Өзгенікі өзгеше болар, ал аңшы дүние парқын біледі. Жанына шипа іздеп дызақтап келген Құрдасқа үйіндегі кішкене ғана қос құтыға құюлы даяр тұрған аюдың өтінің бірін сандығынан суырып бере салуына болар еді. Бірақ "мә" деп ұстата салған жақсылықта салмақ болар ма?! Онда Бәйгежиренді қойғанда қамшысының бүлдіргісінен ұстатар ма Құрдасы? Іздегенін зарықтырып барып апарса да өзінің қадір-қасиеті артпақ. Тіпті аюды таппаған күнде де "таптым" деп бұрыннан даяр өтті бере салып, бедел жинамас па!


"Е, өткен күнде белгі бар ма?! Бүгін ойлап жатса, әкеден бұл шіркінге мыңғырған мал қалмапты. Оның есесіне, балаң кездегі таудың кекілік-шілін қуалап, «он алтыншы» жуан өңеш мылтығын таңқылдатып жүргені келе-келе өнерге айналды. Біреудің ризығы көктен, біреудікі жерден деген сол, әнеки. Қысы-жазы аузынан ақ май ағызбаса да кезінде әке-шешесін, одан қатын-баласын қысы-жазы қызылсыратып көрмепті. Тіпті, қандай тауқыметті қиын жылдар өтсе де Мерген үйінің қазаны қаңсып көрмепті.


Жұрттың біразын жалмап жұтып кеткен, қалғанын саршұнақ аулатып тау-тасты кездіріп жіберген отыз екінің ашаршылығында бұл ойын баласы, бірақ Әкесінің еттірілік жасап, сол жаман мылтығымен-ақ бұларды асырағанын біледі. Қолына ешнәрсе ілінбеді деген күннің өзінде бір-екі кекіліксіз оралмайтын. Сонда ғой, мұның мылтық ұстауға жарамаса да аттың қылынан тұзақ жасап, ескі қыстау маңынан бірді-екілі шіл ұстап дәндегені. Өмір бойғы ырысын тау сағалап теретінін сонда біліп пе?! Білмеген болатын. Тек Әкесінің: "Ой, құлыным, бұл қу тіршілікте шындап тырбаңдап, талпынған жан аштан өлмейді. Тұзағыңды көптеп құра бер" деп қанаттандырғаны есінде.


Одан кейін Ақшолақтың арқасында азан шақырып қойған есімі ұмытылып, Мерген атанды. Көздегенін алмай, ұмсынғанын түсірмей қалған кезі сирек. Мыңғыртып мал жинап тастамаса да, бұл заманның байлығына айналған шытырлақ көгала қағаздан тарыққан тұсы болмапты. Басқасын айтпағанда, көктем баласы қасқырдың апанын аңдып, үй бетін апталап көрмей кетер күндері қайда шіркін?! Бір апанның өзінен төрт-бес бөлтірікті суырып алып, қара тұмсықтан келдекпен бір ұрып қылжитқан сайын, ол тірі жан иесі емес қас­қыр иістінің терісі үшін берілер сыйақы – көгала қағаз боп елестейтін. «Екі жүз сом барсың. Сенімен төрт жүз, ал сенімен алты жүз сом болады» деп, бөлтірік емес, ақша санайтын кездер де бір ғанибет еді-ау. Шынтуайттап келгенде, қоғам малының атажауының тұқымын азайтқаны үшін де емес, касса кітапшасындағы цифр­дың молая түсетінінен ләззат алатын.


Алайда бөрінің бірнеше апанын аңдып жүріп, тыпырлатып қанша бөлтірік алғанмен, көгала қағазды қанша жинағанмен, мұның да бөрілер тарапынан тартқан зардабы аз болмайтын. Біреудің қорасындағы, біреудің өрісіндегі малын зарлатып жеп кетер обыр немелердің адам сияқты ойлап, адам сияқты өшігетініне Мергеннің көзі талай жеткен. Тәжірибесі аз, сонау жас аңшы кезінде талай опық жеген. Арланы мен қаншығын ала алмаса да апанынан бөлтіріктерді бір-бірлеп суырып жүрді. Шолақ келдекпен қара тұмсықтан бір-бір ұрып, ұрпағының тіршілігін тартып алып жат­қан ата жауы адамды бас салуға жүректері дауаламаса да алыстан сығалай қыңсылап, өлі бөлтіріктерін бөктеріп ауылына бет алған жауларына өшіге қарап, соңынан сөлең-сөлең еріп, исін алатын. Әнеки, содан соң маза жоқ дей бер. Бел аса берген тайынша-торпағың, үйдің жанына арқандаған атыңа дейін жеп кететін. Колхоздың қойын да ондап қырып кетіп, бұл жаз­ған қойшылық ғұмырында қарызын өтеу үшін еңбегін жалдаумен жүрер еді.


Сонан соң Мергенге де ұрыс тактикасын өзгертуге тура келген. Ол алдымен арланы мен қаншығының көздерін құртып алмай бөлтіріктерге жоламайтын болған.


Е, Мерген бәрін де көріп, әр істі көңіл сүзгісінен өткізіп барып, әрекет жасауды үйренді. Өмірдің өзі үйретті.


Оның бәрін айтпағанда, бергісі аудан, әргісі облыстан тартып, аң аулап, қызық қуған талай-талай айтулы басшылармен табақтас болыпты. Мергеннің өнері мен жығып берген аңы үшін қалталарынан қаржы, қойындарынан тарту суырысып бермесе де, ықылас-пейілдеріне кенелді, ауыл атқамінерлерінің оң көзбен қарай жүрулеріне әсер еткені және даусыз...


Ол ер-тоқымын жастанып, тұрпайылау төсенішінің үстіне қисая кетті. Түн салқын екен, қойны-қоншының әр жерінен иненің жас­уындай саңылау тапқан суық ызғар денесіне мірдің оғындай қадалып, мазасын кетірген соң, астында жатқан құрым киіздің бір шетін алып, оны тонның сыртынан жамылып алды. Денесіне қадалған суықтың жолы бітелген сияқты. Тұла бойы балқып, бір рақат күйде жатты. Үңгірдің аузынан жапырласа үңілген сансыз көп жұлдыз суық жымыңдайды. Көктомардың жарқыраған қарлы шыңдарының бірінің дәл иығынан ай сығалады. Жаңа туған жас ай, күміс алқадай қиылып, шалқасынан жатыр. «Ай көрдім, аман көрдім, жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке!» деп күбірледі. Бірақ киіздің астындағы қолын сыртына шығарып, бетін сипауға ерінген. «Шалқалап қалғырдың шалқалауын! Сірә, қыс ерте түсіп, қараша жауын-шашыннан көз ашпас-ау». Тас ошақтағы сөнуге айналған қарағайдың шоғы алыста, көп жылдың қатпарында қалған жастықтың жалыны сияқты көмескіленіп, қарауытып барады екен. «Қасақана қайтадан маздату үшін отқа бір-екі ағашты тастап жіберер ме еді?! Ағаш тас­тасаң оттың лау етіп маздай жөнелері сөзсіз, бірақ жастығыңның жалынын қайта оралту үшін істер шара табылар ма?! Жыл өткен сайын жан жылуың азайып, жүрек шоғының қарауыта берерін кім тоқтата алар?.. «Ойбай, нағыз дәрі, нағыз шипа осы екен» деп, кейінгі екі-үш жыл бойы тау беткейлерін доңыздың қабанындай қопарушылар жинайтын алтын тамырды көже ғып қайнатып ішсең де, аюдың өтін сусын ғып езіп жұтсаң да албастыдай иектей бастаған кәрілікті тоқтата алмас. Мәңгі бақи өзі билеп-төстердей көрінетін мынау мекеніне келу де күрмеуі қиын, кедергісі мол іске айналыпты. Бәрі де иектей бастаған кәрілік иттің лаңды әрекетінен болар...


Қой, жоқ нәрсені ойлап, басымды қатырғанша аз уақыт көз шырымымды алайын...» деп, ол кірпігін айқастырған. Ошақта қарауытып, сөніп бара жатқан оттың көмескілеу алауын көзімен емес, көңілімен көріп жатты.


Екі күн бойы нәр сызбай ашыққанға, тыным таппай жүгіргенге көңілге болмаса шаршаңқырап-ақ қалыпты. Аяқ-қолына қорғасын байлағандай, сүйектері ап-ауыр. Сегізкөз, жон-жотасы сырқырайды. «Апыр-ау, бағана, осы кешке жақын-ақ тың сияқты едім ғой. Шынымен сыр алдыра бастағаным ба?.." Ол шаршағанын тұла бойы­мен сезінсе де ұйқысын ұйыта алмай әуре болды.»


Ойлап жатса, ғұмыр бойы дерлік осы үңгірден ұзап ешқайда кетпепті. Қандай шаруаға көгендеп қойса да, есебін тауып, осында ең кемі он шақты рет түнеп қайтпаған жылы жоқ екен. Қыс, көктем, жаз, күз деп таңдамапты. Келе беріпті.


Озат атанып, жел сөзге желпілдеген бүгінгінің қойшылары аудан, облыс, тіпті астанаға барғыш болыпты. «Үлкен жиынға, мәжіліске бардық» деп күмпілдеседі. Дәл солар болмаса жиыны жиылмай қалардай, шаруалары оңына баспайтындай ғып сөйлейтіндерін қайтерсің. Ал сонан соң қалалы жердің сәнін-салтанатын айтып, бір жұма әңгімелейтін. Оны қойып, бұл күнде қатындар да құтырып, сәл сылтау табылса берісі – Өскемен, арысы – Алматы барып, қыдырып қайтатын болыпты. Әйтеуір қаңғы­бас­танған бір жұрт. Тіпті қайсыбіреулердің курорт-сурорт деп ішкертін кететінін қайтерсің. Ал Мергеннің, ойлап жатса, қаласы да, қызығы да, курорты да, базары да осы Сауырдың қалың қарағайы мен қолат-қойнауы екен. Екі-үш күн сайын базар араламаса, басы ауыратын қатындар сияқты бұл үйреншікті осы мекеніне келіп қайтпаса, жиі-жиі ат ізін салмаса, шаруасы шал­қайып қалардай көретін.


Осыдан төрт-бес жыл бұрын болар, бір жамағайынның баласы облыс орталығындағы біреудің қызын алатын болып, мұны қолқалап құдалыққа аттандырсын. Сонда көрген қала деген пәленің қызығын. Жан еттерін жеп, зыр қаққан қаранөпір халықты көріп, басы айналып, көзі қарауытқан. «Әй, осынша адамды киіндіріп, ішіндіріп отырған үкімет те мықты-ау, шіркін, – деп ойлаған. – Өздерін апарып, колхоздың жыл он екі ай бітпес жұмысына салар ма еді, шіркін.»


Тойынан да, қызық-думанынан да, ызы-қиқы тіршіліктерінен – бәрі-бәрінен қашып құтыла кеткен бір сәттерінде осы тауын, аяғын еркін көсіліп жатар осы үңгірін сағынған. Сағынғаны сонша, қаладан келіп, үйіне бір түнер-түнеместен осында ат басын бұрған. Ерекше бір ынтызарлықпен, сағынышпен аттанған. Кейде бұған бүкіл ғұмыры осы үңгірде өткендей елестейтін. Қырда жүрсін, ойда жүрсін әлденені есіне алғысы келсе, немесе таудан тасқа ар­қардай секірген сонау бір шақтарын ойына оралтқысы келсе-ақ, көз алдына алдымен осы үңгірі келер еді. Бірақ осы үңгірінде тұрақты мекен теуіп, ең ұзақ паналаған уақыты сонау бір естелікке айнала бастаған соғыстың соңғы жылының қысы еді-ау...


Төртінші тарау


Мергеннің мылтығының даусынан шошынған Ақтөс өзен бойындағы қалыңға кіріп алып, ұзақ жүрді. Осы өлкеде өзіне тең келер алып күш жоқ екенін қанша дүркін сезініп, біліп жүрсе де түтік темір асынған екі аяқтыдан іргесін аулағырақ салуды жөн көрген. Таңқ етіп, аспанға бір шуда көк түтін шашатын түтік темірдің қандай кесапатты қару екенін басқа-басқа, Ақтөс жақсы білетін.


Дегенмен ол өзіне тән ғана доғал сезіммен сол мылтықтың үні естілген жерден әлдеқандай бір аңның атылып, оның ішек-қарын сияқты алданышы қаларын есіне түсірді. Темір түтік асынған адамнан қанша қорықса да қу құлқыны дегенін істеді. Төрт аяғы өзіне бағынбай, бағана мылтық даусы естілген жотаның басына қарай аяңдады. Биіктің басына көтерілген бетте қарағай түтінін бірден сезген. Еппен басып, төрт-бес қадам жүрді де тағы тың тыңдаған, иіс тартқан. Енді жанға сонша жағымды қан-жынның исі анық байқалып еді. Өзі бұрындар адамның атқан аңын сойған жерде бас-сирақ, ішек-қарын сияқты сыбағаның қалғанын талай сыпыра-сиыра соққаны бар болатын. Сондай бірдеңелердің қазір де жатқанына кәміл сенді. Бірақ аяқтан тістей алатын бәлесі жоқ па дегендей әлі бықсып, сөне қоймаған оттың орнын айналып біраз жүрді. Адам мен темірдің иісі жоқ сияқты. Ол алдымен текенің жерде жатқан терісін аяғымен басып тұрып, дар-дар айырды. Оны тастай беріп, жынымен теңкиіп жатқан қарынды аударып-төңкеріп, сілкілеп алды да, қомағайлана толғаған. Өкпені екі-үш қарпығаннан қалдырған жоқ. Ең соңынан ғана ай мүйізді басқа ауыз салған. Сүйектер қатыр-құтыр сынды. Аю әне-міне дегенше аңшыдан қалған сыбағасын тәмамдап болып, тағы бір тың тыңдап алды да, өзіне бұйырған осы аз нәпақаға риза болғандай тоңқаңдап, ойға қарай бет алды...


Енесі Қоңырды көрмегеніне неше рет осынау тауды қар басып, неше рет мына өзен өткел бермей күркірегенін ұмытса да, оның жып-жылы мамық түбіті, көзіңді жұмып ұзақ сорпылдатар, сонан соң бойыңды жылытып, денеңе қуат құяр нәр тамыры, ұзақ жүріп келген соң мұның ұялас бауыры екеуін алдыңғы екі аяғының ортасына жатқызып алып, нілдей қап-қара тұмсықтарынан ұзақ-ұзақ жалайтыны – бәрі-бәрі де ұмытыл­ған жоқ. Мүмкін, өзіне ғана тән түйсікпен жиі-жиі ойлап, 
жиі-жиі сол бір қанды оқиға суреттей болып, көз алдында қалып қойғаннан ба екен?..

Аю өзен бойымен біраз өрлеген соң өзінің дүниені соның босағасынан бастап таныған, қалған тіршілігінде ала жаздай кемінде бес-алты дүркін арнайы соғып, түнеп кететін, алты ай қыс бойы табан аудармай қардың көбесі сөгілер көктем күніне дейін жататын өзінің ыстық ұясындай апаны есіне түскені. «Соңыма түскен қуғыншы жоқ па?» дегендей ол жаңа ғана өзі таутекенің басын мүжіген биік жаққа қарап, тағы иіс тартты. Қалың қарағайлар мен беткейлерге жасыл арал сияқты ойдым-ойдым болып біткен аршаның, сонан соң сай-саладағы жүздеген түрлі өсімдіктердің алуан-алуан жағымды иістерінен басқа тұла бойын түрпідей жиырдырар бөгде иіс-қоңысты сезе алмады. Өз мекенінің жанына жайлы да жағымды төл иісі. Ол қарынның қалған құрышын толтырар қорек іздеуді келер таңның еншісіне қалдырып, таудың теріскейіндегі апанына беттеді.


Үйреншікті жымымен құлдап келе жатып, әлденеден секем алғандай тұра қалған. Әлдененің шөпті бытырлата жұлғанын сезген. Бұғы-марал, тіпті арқар-елік болғанда да олардан өзіне еш­қандай келер-кетер пайда-зиянның жоғын біледі. Қанша олардың да қарнын ақтармалағысы келгенмен тау тағыларының тым сақ екені, бұған шалдырмасы аян. Сондықтан ол өз жөнімен кете бермек еді, сол жақтан соққан жел танауына жылқы терінің ащы исін жеткізген. Бұрын да бұл жерден талай кезіктірген ол жыл­қыны. Екі-үш рет арқандаулы атты аласұртып, тақап барғаны бар. Бірақ жылқыны шеңбер жасай жерге тасталған арқаннан өтуге тәуекелі жетпеген. Бұл жолы да адам қолынан жасалған сол пәлекетті дүниенің жатқанына пәк келтірмегендей, әрі-бері тұрып, өз жолына түскен. Ол біраздан соң апанына да жеткен.


Тіпті енесі Қоңыр кірекейдің заманынан бері әбден ұлпа болып жатқан қалың шөп пен өзі жеген қой-ешкінің жүн-жұрқасы ат-көпір болып төселген жылы ұясына бірер айдан бері соқпаған соң ба, мекенін әбден сағыныпты. Шабын өз демімен жылытып, дөңгеленіп жата кетті. Асықпай бір ұйқы соққысы келген. Кемі мың жасаған алып қарағайдың адырая біткен қос тамырының арасынан қазылған апаннан ыстық бұл маңда ол үшін де жер жоғы аян еді. Ақтөс апанына кіріп жата кетті. Ұйқы соқпақ бол­ғаны жай екен...


***


...Жұп-жұмсақ түбітіне оранып алып, жып-жылы нәрді соратын-ай келіп. Тұла бойы қыз-қыз қайнап, балқып жатып, тағы да тәтті ұйқыға көмілетін. Қанша ұйықтайтынын өзі де білмейді, бір кезде әлдененің өзін түрткілегенінен оянып кетеді. Оянған бойда соқыр сезіммен жаңағы жып-жылы нәр бұлағын қайта іздейді. Кейде онысын басқа бір ауыз сорпылдатып еміп жатады. Тағы түрткілейді, тағы іздейді, сол кезде ол қыңсылауға ұқсас жалынышты үнін бір сәт тоқтатпас еді. Ақыры өз еншісі тағы бір тілге жұмсақ нәр тамыры аузына іліге кетер еді. Енді жаңағы қыңсылауға ұқсас үні өзгеріп, әлдебір осы тіршілігіне шүкірлік білдіргендей рақаттана ыңырсып, енесінің емшегін қадала соратын. Қанша уақыт өткенін білмейді, бір күні санасына бір жарық сәуле келіп шағылғаны. Оның қорыққаны соншалық, көзін қайта жұмып, енесінің бауырына тұмсығын тыға қойған. Біраздан соң жаңағы сәуле тағы жарқ етті. Көзін тағы жұма қойған. Үшінші жолы түймедей қап-қара жанарын сығырайтып, ұзағырақ ашып жатқан. Тек жарық сәуле ғана емес бұлың-бұлың әлденелердің елесі бұл жолы санасына жеткен. Үлпілдеген қалың түбітті, оның арасынан өздері сілемейлеп, ақ тандыр ғып тастаған нәр тамырының үрпін, сонан соң сол үрпілерді тұмсығымен түрткілей іздеп жүрген тағы бір тықыр денелі кішкентай тіршілік иесін сезінді. Осының бәрін ол тағы-тағы көре бергісі келді, көре бергісі келді. Қанша көре бергісі келгенмен бір кезде жаңағы жанарды жасқаған жарық сәуле күңгірт тартты да, көп ұзамай айналаны тағы қап-қараңғы түнек басқан. Ол да жаңағы тықыр түкті тіршілік иесімен таласа-тармаса келіп, қалың түбітті денеден нәр тамырды тауып алып, еме бастады. Бір кезде кішкентай көздері жұмылып, жылы түбітке тұмсығын тыққан күйі қалың ұйқы құшағына көмілді. Қанша ұйықтағанын білмейді, бір кезде көзін ашса... жанарын жасқайтын жарық тағы пайда болыпты. Ол сәлден кейін өзіне сығырайып қарап жатқан қара тықырдың да көзін көрген.


Осылайша, жанарды жасқаған сәуле сансыз рет жоғалып, сансыз рет қайта пайда болған кезде Ақтөс айналаның бәрін танып, түстеп те болған. Бұл кезде бұрынғыдай тұла бойын қалшылдатар ызғар да азайған еді. Кішкене тықыр қара сияқты мұның өз денесінің де дәл сондай тықыр қара екенін пайымдап үлгірген. Ұялас екеуі бұрынғыдай нәр тамырын соқыр сезіммен іздемей, әрқайсысы аузына бұрын іліккенін жазбай келіп тауып, жабыса кететінді шығарды. Екеуі бұрынғыдай емес дөңкиген қалпы жайлап қана тыныстап жатар алып дененің бауырынан сәл ұзаңқырап шығып, бір-біріне тұмсық тиістіріп, кейде кішкентай аяқтарымен түртісіп қалып,тіпті ұп-ұсақ сүт тістерін бір-біріне батырысып ойнайтынды шығарған. Жарық сәуле қайтадан нұрын төккен сайын екеуі «өнер» шығарып, құшақтаса күресіп, алыса ойнайтынды бастады. Әбден қарындары ашып, тоңа бастаған кездерінде қайтадан тырмысып алып та жып-жылы дененің бауырына қайта кіріп кетісетін. Сол кезде бұл шіркіндер мынау суыққа тоңдырмаған ұлпа түбіттің, өздерінің бойын қыж-қыж қайнатар нәр тамырының иесі – енелері Қоңыр кірекейдің де жаны бар тіршілік иесі екенін сезбепті-ау.


Бір күні Ақтөс жып-жылы әлдененің тұмсығынан түре жалағанын сезінді. Көзін ашып алғанда өзі көптен танып, біліп алған жұмсақ түбіт пен нәр тамырларының қозғалақтап тұрғанын көрді. Күтпеген мына оқиғадан кейін ол орнынан тырбаңдап, бауырын көтерген. Серіктес тықыр қара да орнынан тұрып алыпты. Жұп-жұмсақ әлдене маңдайынан тағы бір жалап өтті. Енесінің қып-қызыл жалқындаған тілінің ерекше жылылығын, оның шексіз мейірімін ол алғаш рет осылай таныған, осылай сезінген. Бірақ құйттай қос қонжық аю баласының енелері ұзақ ұйқыда жатқан кезінде-ақ дүниеге келіп, тырманып, тырмысып жүріп қоректерін енелерінің емшегінен өздері тауып алып, жылы түбітке оранып екі айға жуық уақыт бойы жататынын, содан кейін ғана көздерін ашып, кең дүниенің кереметін енелерінің көмегінсіз өздері-ақ тауып, аяқтана бастайтынын, ал енелерінің бойындағы бар қорын қыс бойы өзі «жеп», одан қалғанымен ұрпақтарын асыраймын деп әбден сар­қып, бойында қу жаны ғана қалған кезде оянатынын, оянып алып, жарық дүние есігін ашқандарына кемі қырық-елу тәулік болған кезде «ақыл тоқтатқан» ұрпақтарымен «танысып», оларға аналық мейірімін төгетінін қайдан білсін. Білген жоқ, енелері жалаған кезде тілі арқылы жеткен жылуға рақаттанып жата берген.


Қоңыр орнынан тұрып, апанның аузын жартылай жауып қойған қазандай тасты ыңырана итеріп, домалатып тастады да, айқұш-ұйқыш тасталған бұтақтарды өте еппен бір-бірлеп лақтырды. Сонан соң ғана мынау жарық дүниеге төгілген күннің нұрына, хош исі аңқыған саф ауаға елтігендей жойдаусыз алып денесімен апанның аузын кептеп, біраз тұрды да асықпай басып тысқа шыққан болатын. Апан аузында жатып, біраз керіліп-созылды, сонан соң жата қалып, қу бұтақтарды сырт-сырт сындырып аунап-қунады. Әзірге бұлар үшін түсініксіз бір зілсіз үнмен гүрілдеп, апанның аузынан үңіліп, біраз тұрды да жаңа ғана өзі лақтырған қарағайдың бұтақтарын қайтадан әкеліп, шығар ауызды тас қып бекітті. Оның сыртынан бірнеше үлкен тасты көтеріп әкеліп бас­тырып тастады. Еркін құйылып тұрған күн сәулесі тұмшаланып, апанның іші демде күңгірт тартты. Тықыр қара екеуі ұлы қам­қоршысынан ойда-жоқта айырылғандай бір-біріне қыңсыласа тақасып, бір уыс болды да қалды. Екеуінің алыса жөнелетіндері де ұмыт болды. Қанша уақыт өткенін де білмейді, екеуі дірдек қағып, әбден тоңған кезде ішектері шұрылдап, қарындары әбден ашқан уақытта сырттан тықыр естіліп, кіре берісті жапқан тастар алынып, бұтақтар аршылды да, өздеріне таныс алып дене ішке енген. Алғаш рет күні бойы оңаша қалып, дірдектеп тоңған, қарындары ашқан қос қонжығын сағынып қалғандай тұмсықтарынан түре жалап, еркелетті. Екеуі де бірден жып-жылы түбітке оранып, енелерінің емшегін әбден құмарлары қанғанша емген. Күні бойы өздерін суық апанға қамап кеткені үшін мұңын шағып, өкпелерін айтқандай, көпке дейін қыңсылауларын қоймаған. Бірақ құйттай қонжықтар Қоңырдың алты ай қыс бойы осы апаннан қозғалмай ұзақ ұйықтағаннан кейін өзінің де әбден жүдеп-жадап ашыққанын, өзінің және қонжықтарының өмірін жалғау үшін қорек іздеп, айналаны жанұшыра шарлап келгенін білген жоқ.


Енелері жалғанның жарық дүниесіне шыққан соң табиғи қаракетпен онсыз да қыс бойы әбден тарылып қалған асқазанда қалған бармақтай болса да кореқ қалдығын түсіру үшін бірден өзі жеген қой-ешкінің жүн жұрқасын сүрі қармен араластырып, біраз қыл­ғытқан. Сонан соң усойқының удай ащы собығын шайнап жұтты. Аузы ғана емес бүкіл іш құрылысы дуылдай жөнелген. Көзі қарау­ытып, басы айналды. Сонан соң шелектей басын жерге салып, лоқсысын-ай кеп. Жаңағы жұтқан жүн-жұрқа мен усойқы сөлі асқазанын тазалап шықты. Ол ес жинап алмақ бол­ғандай қар үстінде сұлап біраз жатты. Қос қонжық енелерінің қайтадан орнынан тұрған соң өзегін бұрап, әкетіп бара жатқан аштық азабын азайту үшін шөптің тамырын қопарып талғажау қылғанын, қатып-семіп қалған долана мен итмұрынның дәнін теріп шөпектегенін, тіпті ескі жұртты тіміскілеп, қасқыр-түлкінің кеміруінен қалған малдың сүйектерін қажалағанын – бәрін-бәрін де білген жоқ. Бұлар болса енелерінің күні бойы тастап кеткеніне өздеріне тән ғана үнмен біраз наразылық білдіріп баққан. Қоңыр бәрі бір күн сайын таң алагеуімнен жөнеліп, іңірде бір-ақ оралатынды шығарды. Оның есесіне күн өткен сайын енелері тар апанның ішіне келіп, сұлай кетер шағы бұлар үшін думан еді. Кішкентай қарындары шеңбірек атқанша тоятын, сонан соң жылы мамыққа тұмсықтарын тіреп, қамсыз-мұңсыз ұйқыға кірісер еді.


Бұл кезде күн де жылына бастаған. Апанда қалатын қос қонжық бұл тіршілікке де бірте-бірте үйреніп, бір-біріне тығылып, жата бергендерін қойған. Апанның аузына келіп, қарағайдың бұтақтарын тістелеп, одан қалса ертеңнен қара кешке дейін екеу­ара алысып, ойын соғудан жалықпайтын. Үлпілдеп өсіп қалған мақпал түктері жылтылдап, тыным таппай күресумен болады. Алысып-жұлысып жүріп, бір-бірлеріне тістері батып кететін де кездері жиілеген. Ондайда апанның ішін шаң-шұңға толтырып, төбелесе жөнелетіндері бар. Көбіне өзінен сәл кішілеу тықыр қараны Ақтөс жәбірлеңкіреп тастайды. Төбелестен кейін екеуі екі бұрышқа барып, өкпелескен баладай тоң-теріс біраз жатысады. Қашанғы жата берсін, көбіне алдымен жәбірлеуші Ақтөске «ақыл кіреді". Орнынан тұрып, тықырды жағалайды. Өне бойын жалайды. Өзінен бір білместік өткенін мойындағандай. Сол-ақ екен бәрі де қайта басталып, ойын қыза түседі.


Біраз ойнап, алысып-жұлысқаннан шаршаған тұстарында апанның аузына келіп, қатар түзеп, шоқайып-шоқайып отырар еді. Бұтақтардың арасынан қарсы беткей мен екі-үш ағаш қана көрінер еді. Бір байқағандары енелері ұйықтап жатқан тұста қарсы беткей көз қарықтырып, аппақ болып жататын. Бірте-бірте оның әр тұсы қарайып, алашұбарлана бастады. Бір қызығы кейінгі кездері айнала жап-жасыл түске боялып, тіпті апанның ішіне де хош иіс кеулейтін болды. Шырылдайтын, сайрайтын ғажайып үндерді айтсаңшы. Ынтықтырған бір тылсым дүние. Ондай сәттен соң екеуі де сол тылсым дүниенің қызығын сезінгісі келгендей, бұтақтарды тістелеп, тысқа шығар жол іздеп, әуреге түсер еді.


Енелерінің келіп қалар уақытын тосып отырған бір күні ойламаған оқиға болды. Екеуі тағы да «шаң-шұң» күш сынасып жатқан. Ақтөстің танауына ерекше бір күлімсі иістің келгені. Енесінің иісіне еш ұқсамайды. Сірә, тықыр қара да сезсе керек, екеуі де төбелесті қоя салып, апанның аузына қарай жүгірген. Кіре берісті жапқан қарағай бұтақтарының арасынан сығалап, әлдебір көкшулан аң өздеріне қарап тұр екен. Бұларға келіп, бірге ойнауға ынтыққандай үздіге үңіліп, қалың бұтақтың, оларды сыртынан бастырған тастардың арасынан жол таппай әуреленеді. Бір кезде бейтаныс аң бұтақ арасынан жол таппаған соң, апанның аузын жанталаса қазуға кіріскен. Бірақ арса-арса болып біткен қарағайдың тамырына тырнағы өтпесе керек, ол әрекетін де тастай беріп бұтақтарды тістелеуге көшкен. Ал қос қонжық болса оның әрбір қимылын бақылап, қарады да жатты. Көкшулан жанталасып жүріп, біраз бұтақты ығыстырып, аралары алшақтау жат­қан екі тастың арасынан апанға кіруге тақап қалған кезде пиғылынан айнып, жедел кері шегінді. Сөйткенше енелерінің күркіреген айбарлы үні де естілген.


Қоңыр апанды айналып, ыңырана гүрілдеп біраз жүріп, қонжықтарын зарықтырып барып, ішке әрең кірген. Кіргенмен де күндегідей бұларды жалап-жұқтап, бауырына алып, жата қалған жоқ. Тұяқтары сыртылдап, айналып жүріп алды. Тысқа тағы шықты, тағы кірді. Айнала қараңғылыққа әбден бөгіп, қонжықтар аштықтан өле жаздаған кезде ғана байырқалап, әрең тыншыған.


Ертеңіне апанның аузын енелерінің мұқият жапқаны сондай, бұтақтарды көп қып үйіп, оны сыртынан бастыратын үлкен-үлкен тастарды да молайтқан. Онымен қоймай өзі апанға кірмесе де гүрілдеп-сарылдап, кешке дейін апанның аузына үш-төрт келіп, шолып қайтқан. Келгені жақсы болды, өйткені жарық сәуле азаймай тұрып-ақ көкшулан тағы да келіп, кешегідей ағаш бұталарын тістелеп, аласұрып жүрген. Дәл сол тұста енесінің де күркіреген айбарлы үні естілген. Көкшуланның келуі қалай тез болса, кетуі де солай тез болды.


Ақыры соның ертеңгі күні таңертең апанның шығар аузы бұтақтармен жабылған жоқ. Сыртқа шыққан Қоңыр қайта бұрылып, ішін тарта ыңыранды. Бұрынғы үнінен мүлде бөлек. Енелерінің апанның аузын жабардағы даусынан кейін қос қонжық орындарынан қозғалмауды үйренген еді. Ал мына үн одан басқаша, зілсіз. Екеуі бір-біріне қарап, сәл отырды да енелері қайтадан ыңыран­ған кезде қорқа-қорқа басып, апан аузына жақындаған. Жоқ, енелері олардың бұл әрекеттерін құптайтын сияқты.


Апан аузынан жарық дүниенің табалдырығынан бірінші болып Ақтөс аттаған. Бұрынғы апанның аузынан кіп-кішкентай болып көрініп жататын қарсы беткей үлкейе-үлкейе алып дүниеге айналып қоя берді. Беткейдің әр жеріндегі үлкен жартастардың түбінде, төмендегі сай табанында жатқан аппақ бірдеңелер болмаса айнала түгел жап-жасыл түске боялыпты. Биік жотаның дәл төбесінде жарқырап тұрған әлденеге Ақтөс анықтап қарағысы келіп еді, көз тоқтата алмады. Жанарын жасқап, күйдіріп түсірердей. Сол кезде енесі Қоңыр келіп, есеңгіреп тұрған қос қонжықты тұмсығымен бір-бір нұқып қойып, «соңымнан ілесіңдер» дегендей алдыға түсіп алып, аяңдай жөнелген. Екеуі жығылып-сүрініп, мынау сонша кең, сонша ғажайып дүниедегі алғашқы қадамдарын бастаған. Кішкентай бұтақтар ма, шөп-шаламдар ма, бұлардың жолын бөгеп, адымдарын аштырмай қойды. Бұтадан-бұтаға қонып, сайраған, шиқылдаған, шықылықтаған құстар, ең аяғы шөптердің арасында жыбырлап жүрген құрт-құмырсқаға дейін екеуін таңғалдырған. Қос қонжықтың көздері жылтырап, әрқайсысына қарап тұрып қалады. Сол кезде таяқ тастам ұзап кеткен Қоңырдың үнін естіп, тағы да соңынан домалаңдай жүгіреді. Әрі-беріде-ақ Ақтөстің қан сорпасы шыққан. Қасындағы ұяласына қарап еді, ол да жетісіп келе жатпаса керек, қалақтай ғана қып-қызыл тілі салақтап кетіпті. Олардың тоқтап дем алуға жүректері дауаламаған. Мынандай ғажап әдемілікке, сұлулыққа, сонымен бірге қорқынышқа, үрейге толы иен далада қалып қою мүмкін емес еді.


Ақтөс жан алып, жан беріп келе жатып, жағымды, керемет бір үнді естіген... «Сылдыр-сылдыр, шүлдір-шүлдір». Ол кеудесінен өзін итермек болған ұшқаттың бұтағын айналып өткенде бағана апанның аузынан шыққан бетте көрген аппақ дүние қарсы алдында ұзынынан иретіле көлбеп жатыр екен. Енесі аппақ затты кешіп кетіп барады. Бұларға қарар емес. Жаңағы аппақ заттың үстінде әрқайсысының үлкендіктері қонжықтардың бойларымен шамалас болып қалатын іздері қалыпты. Беймәлім дүниеден үрейленіп далада қалатын емес, қос қонжық қатар қадам басқан. Сасқанынан екеуі де қыңсылап жіберді, себебі табандары тиген ірмік-ірмік аппақ заттың суықтығы сондай, аяқтарынан өткен ызғар миларына жеткендей. Жүгіріп келеді, жаңағы «сылдыр-сылдыр, шүлдір-шүлдір» айқын естіле бастады. Бұл дыбыс сай табанында ақ көбік атып, иретіле тулаған әлденеден естіліп тұр еді. Осынау бір тынымсыз әуенді өздері апанда жатып жиі еститін, шыққаннан бері де құлақтарына мынау кең дүниенің өзінің төл үніндей болып естілген ірілі-ұсақты, түрлі-түрлі құстардың салған әнінен мүлде бөлек, мүлде тосын еді. Енесі басын жерден алмастан шүлдірлеп дыбыс шығарып, аунап жатқан бір түссіз затты жалап тұр. Ақтөс тезірек енесіне жетпек болып екі-үш дүркін жерден секіріп көріп еді, табаны жылтыр тастан тайғанап, домалады да кетті. Ыстықтап келе жатқан денесі суықтығы жаңағы ірмік-ірміктен кем түспейтін әлденеге күмп ете қалды. Жаңағы жап-жасыл әлем төңкеріліп түсті. Аузы-мұрнынан құйылған сұйықтан тұншығып, зәресі ұшып, жан дәрмен тырбаңдап, басын шығарды. Енесінен көмек сұрап қыңсыламақ еді, оған шамасы келмеді. Арғы жағада жайбарақат қана бұлар­ға қарап тұрған ұлы қамқорына қарай өзі сияқты ақ бұйра толқынға бір сүңгіп, бір шығып жан ұшыра малтығып бара жат­қан ұяласын көрді. Сонан соң бұл да барынша тырбаңдап, өлместің қамына кіріскен. Төрт аяғы тайғанақтап, ақ бұйра толқынмен арпалысып келеді. Аяқтары сол жылтыр тастардан сәл көтерілсе болды, толқын мұны ала қашады. Өлдім-талдым дегенде екеуі енесі өткен жерден көп төмендеп барып қара жерге тұяқтарын қадаған.


Сөйтіп, екі қонжық тіршілік табалдырығын аттар-аттамастан-ақ сай табанындағы әлі еріп үлгермеген сүрі қарды алғаш басқан, одан осынау табиғаттың бөлінбес бір сыңары сынды өзен суын тұңғыш кешкен сәтте-ақ өмір үшін күресті бастаған болатын. Ғажап дүниенің алғашқы азабын да сезінген. Қардан, судан шығу, бәлкім апаннан шыққан беттегі кеудеден итерген бұтақтардан құтылу үшін тырбанудың өзі өмір үшін күрестің басы болар.


Қос қонжық шаршап-шалдығып, тіпті аяқтарын қозғауға шамалары келмей қалған бір кезде енелері де аялдады-ау, әйтеуір. Қара терге малынған егіз еркесін кезек-кезек жалап алды да, көк жасаңға сұлап жата кеткен. Аштықтан гөрі шөл қысқан қонжықтар енелерінің бауырына жетіп жығылды. Екеуі таласа-тармаса үйреншікті жерден өмір нәрін біраз сорған соң, бауырларын суық жерге төсеп, рақаттанып ұйқыға бас қоймақ еді, енелері тұмсығымен бір-бір нұқып орындарынан тұрғызды да, аяңдап, тағы алдыға түскен. Азапты сапар тағы басталды. Қоңыр болса шөптердің тамырын қазып жеп, кепкен жемістерді тереді. Ол сәл аялдаса болды, екеуі бірінің денесіне бірі бастарын сүйеп, жата кетеді. Тағы тұрғызады, тағы жүреді. Қас қарая екеуі тіпті жүруден де қалған. Сонда ғана енелері бұларды бауырына алып, жата кеткен.


Әнеки, сол күннен бастап, олар үңгірге кей күндері ғана түнемелікке келетін болған. Екеуі бірдей енелерінен қалмаймыз деп домалаңдай жүгіріп жүріп, әбден діңкелеп, болдырып келіп жығылатын. Домаланған денелері де таралып, біраз жүдеп те қалғандай. Оның есесіне ұзақ серуенге де көндігіп қалған. Бір-екі аптадан кейін олар өздері дүниеге келген аңғардан шығып, ұзап-ұзап жайылатын болған. Бауырлас қос қонжық өздері білетін аңғардан басқа да аңғарлардың барын, тағы-тағы бір-біріне иек артып, жалғасып жат­қан көптеген қарағайлы таулардың, басына құс қана қонар көз жетпес биік жалама тастардың барын, аппақ болып жөңкіле аққан таудың үлкенді-кішілі тасқынды өзендері барын көрген. Өздері сияқты басқа да ірілі-ұсақты аңдардың болатынына әр күнгі сапар­ға шыққан сайын көздері жете түскен. Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрін де қос қонжық таңдана тамашалайды. Бәрімен де қуаласып ойнағылары келеді. Гүлдердің бастарына келіп қона кететін гүлді қанат көбелектерді ұстап аламыз деп-ақ шаршайды. Олар бірте-бірте өз апандарына келіп түнеуді де ұмыта бастаған. Кез келген ағаштың түбінен табылған жайлы жерге үшеуі бір дене болып жата кетер еді.


Биік таулардың басындағы аппақ қар кішірейе-кішірейе келіп, теріскейдегі жартастардың түбіне тығылған. Ал бұлардың апандарының қарсы беткейлерінен және сай табанынан өздері алғаш рет жарық дүниеге шыққан бетте көрген ойдым-ойдым ақ қарлар қазір еріп таусылған. Міне, сол кездерден бастап олар таң құлан иектене орман кезгеннен ағаш көлеңкелері әбден қысқарған шақта ғана тыныстайтын. Тыным табуды білмей, күні-бойы бұта-бүргеннің басын шалып, шөптің тамырын қазудан бір шаршамайтын енелері осы түс кезінде ғана дөңгеленіп жатып алып, ұйқы соғар еді. Қос тентек ондай кезде сүтке толған былпылдақ емшекке таласа-тармаса жабыса түсетін. Қарындарын бұлтитып әбден тойған кезде ғана екеуі манаурап жатып, ұйқыға бас қояр еді. Содан кешкі салқын түсіп, қарағай көлеңкелері ұзарған кезде тағы да орындарынан қозғалатын.


Ақтөс бірде қарсы беткейдегі қаптай жайылып жүрген сан жетпес қар сияқты ақ түстес хайуандарды көріп таңғалған. Шашылып жатқан аппақ тас сияқты. Осы уақытқа дейін өзі кездескен жануарлардың қайсылары болса да, бұларға жақындап ойнап көрген емес. Үлкендері де, кішілері де зымырап маңдарынан безе жөнелетін. Ақтөс: "Ана біреулерді көрдің бе?" дегендей жанындағы ұяласына сүйкенген. Оның да жылтылдаған қос жанары сол беткейде бейберекет жайылып жатқан беймәлім хай­уандарға қадалып қалыпты.


Екеуі бір-бірімен келіскендей солай қарай бармақ болып аяңдай берген кезде Қоңыр «орындарыңнан қозғалма!» дегендегі үніне салып, гүр ете қалған. Амал жоқ, қалың жынысқа еніп бара жатқан енелерінің соңынан бұлардың да томпаңдауларына тура келді. Ақтөс өзі бұрын-соңды көрмеген жаңағы сансыз көп аппақ хай­уандарға тағы бір дүркін бұрылып қарап еді, артқы екі аяғымен талтайып тіп-тік болып тұрған тағы бір бейтаныс хай­уанды көрген. Бірақ бұл хайуанды аю тұқымдасқа ұқсатуға мүлде болмайтын. Денесі жіп-жіңішке де бойы тіп-тік. Бір ғажабы басы да аю тұқымдастарына қарағанда соншалықты кішкентай еді. Жаңағы тіршілік иесінің қаздиып тұрысы биік бүргеннің басын шалғандағы енелерінің артқы екі аяғымен тікесінен тұрып кететінінен аумайтын еді. Бұл тау аңғарындағы бар тіршілікті өзіне бағындырған темір қарулы, екі аяқты пәле – адам дегеннің өзі екенін олар қайдан білсін.


Сол күні түнде енелері бұларды биік жотаның басына ертіп шыққан. Күндегі әдетімен өзінен озып кетпек болған қос тентегін алдыңғы аяғымен бір-бір серпіп, кейін лақтырған. «Менен озбаңдар!» дегені. Екеуі «Бұл қалай?» дегендей ептеп қана қыңсылай бергендері сол еді, Қоңырдың ырқ еткен зілді үнінен кейін жым болған. Ай сүттей жарық болатын. Содан ба иек артпадан көтеріле бергенде-ақ енелері етбеттеп жата кеткен. Қонжықтар да сөйтті. Бір кезде Қоңыр артына қарап, ақырын ғана гүр ете қалды. «Тапжылмаңдар!» дегені. Сөйтті де шөптің сыбдырын білдірмей еппен басып, жүріп кетті. Қонжықтар иен далада қалғылары келмей соңынан ілеспек болып еді, екінші рет естілген бұйрықты гүрілден соң амалсыз бауырларын жерге төсеп, жата кетісті. Ақтөс төбеден асып түскендегі кішкентай сайлауытта жатқан аппақ қарға таңғалған. Себебі, бұл кезде мұндай жазық жерлердегі қар атаулы жоқ болып кеткен. Дөңгелене біткен «қар» шетінде дөңкиген алып бірдеңенің төбесінен көгілдір бу бұрқырайды. Кішкене қонжықтар да табиғи түйсікпен әр ненің иісін ала бастаған болатын. Ақтөс біраз ауа тартып көріп еді, аппақ "қар" жақтан қоңырсыған иіс танауын жарардай әсер еткен. Бұл кезде енелері де қар шетіне тақай беріп еді, о ғажап, жаңағы «қар» дегені қақ жарылып, ыдырай жөнелген. Жанұшыра жарыса абалаған бір үндер жер-дүниені басына көтерді. Сол-ақ екен кірекей де аппақ «қардың» тоз-тозын шығарып, ыдыратып тастап, қайтадан бері қарай салған екен. Жаңағы көгілжім буы бұрқыраған дүңкиген денеден мана күндіз көрген екі аяқты тіршілік жүгіре шығып еді әлдебір от жарқ ете қалды. Қорқып кеткен қос қонжық жерге кіріп кетердей бұға берген кезде жер дүниені тітіретіп, гүрс еткен дыбыс шыққан. Мына сұмдықты естігеннен кейін екеуінің жүректері ұшқандары сондай, осылай бұғып жата берсе бір пәлеге ұрынардай домалап барып, қалың бүргеннің ішіне тығылған. Сол кезде енелерінің де сұлбасы жота үстінен анық көрінген болатын. Жаңағы аппақ «қардың» үлкен бір кесегін салақтатып, тістеп алыпты.


Бұлар терең сайға түскенше, жаңағы арсылдаған мазасыз үндер бір тынған жоқ.


Ашықтау алаңқайға келген соң, Қоңыр аузындағы тістеп әкелген затын сылқ еткізіп жерге тастай салды. Сонда ғана Ақтөс бұл әкелгеннің жай ғана зат емес, өзі күндіз көрген көп хайуандардың бірі екенін және жаңағы жота басында танауын жара жаздаған иістің осылардан шығатынын алғаш рет білді. Кірекей былқ-сылқ етіп өліп жатқан хайуанның алқымынан бір аяғымен басып тұрып екінші аяғының болат қанжарларын кеудесіне кірш-кірш қадап, тартып қалғанда оның төс сүйегін жұлып алып, ішек-қарнына дейін бір-ақ ақтарып тастады. Буы бұрқыраған жемтіктің кеудесінен өкпе-бауырын суырып алып, дәмін алғандай сүйсініп тұрып жеді. Қос қонжық енелерінің сүтінен басқа дүниені әлі қорек қып үйренбеген еді, жайрап жатқан етке тұмсықтарын тигізе иіс тартып көрді де, ұнатпағандай шегініп-шегініп кеткен. Қоңыр асықпай жүріп, олжасын тауысып жеді де, өзенге қарай беттеген.


Қонжықтар бұған дейін де осындай жемтіктің алғаш иісін тартып көрген. Апаннан шыққан күннің ертеңінде бұлар беткейдің әр жерінен тырбаңдай қашып, жер астына сіңіп кететін тағы бір тіршілік түрін көрген. Олар мына бүгінгі аппақ хайуандар сияқты денелі болмағанмен қонжықтардың өздері шамалас, бірақ домалан­ған тығыншықтай болатын. Бұларды көрген бетте тырбаңдап тұра қашатын, інінің аузына жете бере шошайып отыра қалып, жер-көкті басына көтере байбалам салатын оларға енелері мән бермей өте беретін. Бір жолы дәл жандарынан аңқиттап, тырбаңдай жөнелген бейшараны Қоңыр екі-үш секіріп барып, жалпақ табанымен басып қалған. Сөйтті де оны да дар-дар айырып, екі-үш бөліп алып, жеп қойған. Сонда ғана қонжықтар өлген жәндіктің қан-жынының иісін алғаш сезінген болатын.


Бұлар қайтадан ондай түнгі жортуылға шыққан жоқ болатын. Енелері көбіне әр түрлі өсімдіктердің тамырын қазып, кейде-кейде ғана індерінің аузын бағып аңқиттап жүретін сол бір семізше келген кішкентай хайуанды ұстап жейтін.


Қос қонжықтың таусылмас ермегі әр түрлі бұта-бүргеннің басына өскен көп жемістерді теріп жеу болатын. Көздің жауын алады-ау шіркіндер. Біреулері сарғыш, біреулері алқызыл, енді біреулері қарақоңыр, тағы бір қиын шағылдарға өсетін жап-жасыл түрлері де бар. Біреулері жұп-жұмсақ, тек таңдайға салып талмай берсе болғаны, ал енді біреулері қышқылдау келсе, тағы бір түрлері мүлде ащы тіпті ауызға салуға келмейді.


Қоңыр екеуін ертіп жүріп, қалыңның ішінен піскен жемісі мол жерге алып келген, олар ең алдымен сарқырап ағып жатқан өзеннің жағасына ну болып өскен жап-жасыл өсімдіктің ішіне кіріп кетті. Әр сабақта қоңырайған бүртік-бүртік жемісті Ақтөс иіскеп көрген. Бұған дейін ол өткен жылдан қалып қойған қураған бір жемістердің дәмін татып көргені болмаса, жаңа жемістің дәмін алып көрмеген еді. Жалма-жан қатар-қатар тізіліп тұрған екеу-үшеуін жеп көрген еді, тұмсығының ұшы ду етіп, аши жөнелді. Тұмсығын жерге үйкеп, әуреге түсті де қалды. Ұяласы да мынадай тіршілікке шыдамаса керек, домалаңдап барып, басын өзен суына тығып жатыр екен. Қоңыр ішін тарта ыңыранды. Өзіне шақырғаны. «Бұйрық – қатты, жан – тәтті». Ақтөс тұмсығын бәлелі өсімдікке тигізбеуге тырысып, қалыңға қайта кірген. Енесі жаңағыдай жемістердің бірін иіскелеп, мұны тосып тұр екен. «Мынаның дәмін көр» деп тұрғаны түсінікті еді. Бұл жеміс алаулап қызара бөртіп тұр екен. Ақтөс ептеп тілімен жалап көрмек еді, тілі де ду ете қалды. Бірақ тілінде жатқан жемісті талмап көріп еді, таңдайына татып сала берген. Ол да, ұяласы да өсімдіктің тіл мен тұмсықты қышытатын «базынасын» ескермей күн сайын тойғандарынша тәтті жемісті теріп жеуді үйренді. Өзен бойының тәтті жемісі ағып, азая бастағанда олар сай-саланы қыдырыстап жүріп, бұта басына тола маржандай болып өсер қара қоңыр жемістің бұтағын сындырып алып, теріп жеуді үйренген. Қып-қышқыл жемістің біразын азуға салып, бырт-бырт шайнап, сөлін жұтқан бір рақат. Бір қызығы осы жемісті тоя жеген екі-үш күннен соң, олардың аңқасы терісін дар-дар айырып жейтін ірілі-ұсақты хайуандардың майлы етіне ауатын. Олардың бұл тілегін түсінгендей енесі де кішкене сұр хайуанның екеу-үшеуін ұстамай немесе екі аяқтылар бағып жүрер қар түстес аппақ жануардың біреуін көтеріп келмей тынбас еді. Әнеки, қара тұмсықтарын қызыл қанға бояп, бір тойған соң екеуі ұйқы соғар еді. Ал одан кейін құмырс­қа илеулерін қопарып, қышқылдау да әдетке айналған болатын.


Бекер обалы қане, аю баласының өз тіршілігінде қандай жемін қалай табу керек екенін Қоңыр екеуіне үйретудей үйретіп-ақ баққандай.


Орман ішінің өз әні күндіз-түні бір тынуды білмейді. Таң құлан иектене ағаштан-ағашқа ұшып-қонып бір тыным таппайтын құстардың сан түрлі әуені айналаны тербесе, қалыңның ішінен доңыздар қорсылдап, беткейлерден еліктер шақырар. Ал кешкі, түнгі орманның үні мүлде басқаша. Ұйқысынан шошып оянғандай байғыз шаң­қылдаса, биік жартастар жақтан үкілер әупілдейтін. Әсіресе кешкілік шегірткелердің шырылы бір тынбай, қараңғылықпен бірге мүлги бастайтын бүкіл тау ішін әлдилейтін. Әрине, қонжықтардың бұл дыбыстарға құлақтары әбден үйренгенімен, әр дыбыстың қай тіршілік иесінен шығатынын бағамдап білген емес. Тіпті оларды ажыратуға тым доғалдау түйсіктері қайдан жете берсін.


Күн ызғары біліне осы үйреншікті әуенді бұзып, тағы бір бейтаныс үн жиі естіле бастаған. Ызылдан жіңішкелеу басталар бұл әуен біраз созылып барып, соңғы жағын өкіргенге ұқсас жуандау дыбыспен қайыратын. Кейде одан да жіңішкелеу сызылған үн жаңағыға жауап бергендей екінші бір қиырдан естілер еді. Екеуі біраз сызылта әндетіп барып тыным табатын. Ал кейде әуеннің соңғы жағын жуандау қайыратын қос дыбыс қатар естілсе, соңынан әлденелердің сарт-сұрт соғылғаны, апыр-топыр алысқандай дыбыс естілер еді. Бір күні бұларды бауырына алып, керіліп ұйқы соғып жатқан Қоңыр тым жақыннан естілген жаңағыдай дыбыстан оянып, тың тыңдап біраз жатты. Сонан соң орнынан жайлап тұрып, арпалыс болып жатқан жақтан иіс тартты. Ол «ырқ» етіп, дыбыс берді. «Сендер де жүріңдер!» деген бұйрығы. Бір-бірін құшақтағандай қатар жатқан қос қонжық тәтті ұйқыларын қимағандай тұра қоймап еді, Қоңыр тұмсығымен нұқып, екеуін екі жаққа домалатқан. Екеуі бұға баспалап, сыбдырын білдірмей қара көлеңке сияқты сырғып бара жатқан енелеріне ілесті. Ол осылайша еппен басып, сақтық жасаған тұста бұлар да енелерінің қимыл-қарекетін қайталауды үйренген.


Таудың биігінен жартыкеш ай сығалап еді, тау аңғары ап-анық болып көріне бастады. Қоңыр қалың ағаштың арасындағы алаң­қайдың дәл шетіне келіп тоқтаған. Артындағы қонжықтарына қарады. Бірақ «Тоқтаңдар!» деген үнін шығарған жоқ. Демек жанына жақын баруға болады. Екеуі сол еппен басқан күйі бауырын жерге тосып, алаңқайға тесіле қарап жатқан Қоңырдың екі жағына келіп жайғасты.


Ақтөс сол кезде дәл алдында болып жатқан майданды анық көрді. Қарағаштың қысқы бұтақтарындай арбиған сала-сала мүйіздерін айқастырған қос жануар арпалыса итеріседі. Тұрқы жағынан енелерінен денелі болмаса кіші емес. Бұл қызықты тамашалаушы басқа да тіршілік иелері бар болып шықты. Құлақтары қалқиған, сидам сирақты үш-төрт жануар мынау майданның қалай аяқталарын тамашалап тұрғандай. Майдандасушы екеудің бастарындағы арбиған сала-сала бұтақтары ғана жоқ деген болмаса бас­қа бітімдері айнымайды.


Осы кезде майдандасқан екеуі бірін-бірі итере-итере үшеуі жатқан қалыңға тақап қалған болатын. Жонының қылшықтары бүлкілдеп жатқан Қоңыр орнынан бір-ақ атылды. Алып дене түнгі алагеуімде жер бетімен ұшып бара жатқан алып қара құсқа айнал­ғандай.


Қос жануар да өзара кімнің күшті екенін шешеміз деп жүріп, сырттан төнген қауіпті сезініп үлгірді. Бірақ тым кеш сезген еді. Бір-бір пысқырысып, екеуі екі жаққа секірген. Сол кезде біреуі Қоңырмен бір дене болып тұтасып, жерде аунап жатқан. Басқа жануарлар орманға сіңіп жоқ болған. Қоңыр да орнынан тұрып, қонжықтарын өзіне шақырған.


Жаңа ғана тұқымдасымен жан алысып, жан берісіп жүрген жануар біржола тыншыпты. Ұзынынан түсіп, қимылсыз жатыр. Қоңыр жемтігін көк желкеден қапсыра тістеді де, жаңа ғана өздері тығылған қалыңның ішіне сүйрей жөнелді. Манадан бері талай сұмдықты көріп, ұйқылары ашылып алған қос қонжық бір ас та төк тойынудың боларын сезгендей енесі сүйреген мақұлықтың сирақтарына жармасып, ойын соға бастаған. Қоңыр болса жемтігін қалың тоғайдың ішіне кіргізген соң, бар шаруа осымен тәмамдалды дегендей ұзынынан түсіп жата кеткен. Әлі де ойнай түскісі келген қонжықтарды да гүр еткен дыбысымен бұйырып, қасына жатқызып тастады.


Ақтөс енесі тұмсығымен нұқып оятқан кезде таң сібірлеп жаңа атып келеді екен. Ұяласы да көздері жылтырап, ұйқысын аша алмай үрпе-түрпе болып тұр екен. Ол дәл жандарында ұзынынан сұлап түсіп жатқан сұр денені көріп, түндегі болған оқиғаны есіне түсірді. Енесінің тұрқы өзінен кем емес бір тіршілік иесін көзді ашып-жұмғанша сұлатып салғанын есіне түсіргені болмаса, махаббат маусымы кезінде үйірге иелік ету үшін таласқа түсеміз деп біреуі мерт болған жемтіктің бұғы деген жануар екенін ол біле қоймайтын.


Қоңыр жемтігіне біреу келіп тиіскен жоқ па екен дегендей төңіректен иіс тартып, бір айналып шықты. Сонан соң жансыз денені шалқасынан салып қойып, найзадай өткір тырнақтарды төс сүйектің басына салып жіберді, жұлқа тартқанда қорс еткізіп жұлып алды. Алдымен өкпе-бауырын жүрекпен қоса суырып алып, өзі қарбытып екі-үш асады да, оны қос қонжықтың паршалауына тастап, ішек-қарынды ақтармалап кетті. Ластау қарынды да дар-дар айырып, шық басқан көк шөпке сілке аунатып жүріп соғып алды. Үшеуі жемтіктерінің ішінен шыққан нәпақаны тауысып болған соң, Қоңыр бұғының бауыздау тамағына қаршылдатып азуын салған. Мойын сүйектерін күтірлете шайнап, арбиған мүйізді басты денесінен бөліп тастады. Мүйізден аяғымен басып тұрып, басты кеміруге кірісті. Бір кезде солаң еткізіп тілін суырып алып, іштеріне «ел қонып» қалған қос қонжығына тастады. Жемтігінің миына дейін шағып жеп болғаннан кейін орнынан асықпай тұрып, тас лақтырым жерде сарқырай ағып жатқан өзенге қарай тоңқаңдай жөнелді. Өзенді кешіп барып, таудың мұздай суына жатып аунады. Қарындары шеңбірек атып тойса да, көздері тоймай жүрген қонжықтар бір-біріне ырылдасып қойып, бұғы етінің майлы төстігін жұлмалауға кіріскен. Тойғаннан қозғалуға да шамалары келмесе де, әйтеуір мұндай тәтті тағам енді бола ма дегендей жеудің ишарасын ғана жасап жүрген. Өне бойын қара батпаққа малып алғандай болып оралған Қоңыр келе негізгі денесі бүтін жатқан жемтікті арқасына салып лақтырды да, жерге тигізіп алмайын дегендей қос аяқтап жүрген бойы өзен суын кешіп өтті. Және «Сендер де жүріңдер!» деген бұйрықты үнімен білдірді. Әбден тойған соң керіліп жата кетіп, ұйқы соғуды қиялдап тұрған қонжықтар мазаң ененің дегеніне амалсыз көнген. Өзеннің мидан өтетін суық суын кешкен кезде денелерін басқан зіл-батпан бойкүйездік біраз сейіліп, сергіп қалғандай. Өзен бойының кейбір тұсы шымды, көк жасаң болып келетін. Сондай былқылдақ шымды алаңқайдың ортасынан қазылған шұңқырдың ішіне су толып үлгіріпті. Қоңыр жемтіктің ұлы денесін тұтасымен әкеліп, суға шолп еткізіп тастай берді. Сөйтті де өзі қопарып тастаған шымдарды үстіне үйді. Сонан соң қазандай-қазандай тастарды көтеріп әкеліп қойманы мұқият қымтады.


Әрине, енелерінің осынау қойманы саздауыт жерге көмгенде бұл жемтік те суық түсе тас болып қатып қалатынын, оған ешбір аң, ешбір тіршілік иесінің тісі мен тұяғы батпайтынын, өзі келер көктемдегі күн жылуымен бірге апанынан шыққан кезде ақжем болып қалған жемтіктің біраз күн жүрек жалғау боларын қайдан білсін. Ақтөс осынау құпиялы қойманың енесі Қоңыр емес, өзінің қорегі боларын, бәлкім өмірін сақтап қаларын сол сәтте біле алған жоқ еді...


Күн салқын тартып, бүкіл тау үстінің жап-жасыл түсі сарғыштанып, әсіресе сай табанындағы қалың тал-шіліктің түсі қызыл күрең түске енген кез болатын. Бұл кезде қонжықтар есейіп, сыртқы тұрқы жағынан әлі тым кішкене болғанмен біршама өсіп қалған. Бұрынғыдай енелері жантайса болды бас салып, емшегіне жармаса бермей, шөптің тамырын қазып, бұта-бүргеннің жемісін теру, құмырсқа илеулерін қопарып, табандарына жабысқан жәндіктерді талмап, қышқылдауға төселіп қалған. Оның үстіне, Қоңыр да қос ұрпағының өздерінше күн көрулерін тілегендей айбат шегіп бауырына сирек жолататын.


Соңғы күндері енелері бұларға көп қарауға да, жеміс-жидек теруге де көңіл бөлмей ауадан иіс тартып, сай-сайды жиі кезетін. Әрине, қос қонжық Қоңырдан қалып қоя алмайды, көлеңкесіндей соңынан ілесумен діңкелері құрығанша әбден шаршайтын.


Бірде Қоңыр іздегенін тапқандай ауаны қорық-қорық тартып, өздері көтеріліп келе жатқан жотадан көзін айырмай табандап тұра қалған. Сөйткенше жотаның үстіне көтеріліп келе жатқан басқа бір тұқымдастарын көрген. Сабалақ Сары екен. Оның да соңынан үрпе-түрпе бір сары қонжық ілесіпті. Алдымен сабалақ Сары үн қатып, басын шайқап, айбат шеккен. Ешкімнен де, ештеңеден де қорықпайды деген Қоңыр «Жаздым, жаңылдым» дегендей айбат та, қайрат та көрсетуге жарамай сәл тұрды да келген ізіне түскен. Бірақ қос қонжық аюлардың да өз мекендері, өз өрістері, мекендердің арасында шекара боларын, сол шекараның бұзылмауын өзара қатты қадағалайтындарын, егер біреуі зәуде шекара бұза қалса, оның өз қателігін мойындай кетуге даяр тұрарын білмейтін.


Содан екі-үш тәулік өткен соң бұлар да қалыңның арасынан кешкі жайылымға шығып келе жатқан. Бір кезде алда он шақты қадам жерде келе жатқан Қоңыр әлде неден секем алғандай, иіс тартып тұра қалған. Жүріске бұрынғыдай көп шаршай қоймайтын қос қонжық бірін-бірі қуалап, алысып-жұлысып, ойнап келе жатқан. Енелерінің әлде бір оқыс қауіп-қатерді, болмаса жеміне кездескендегідей қалшиып тұрысын көрген қонжықтар да тұрған орындарынан қозғалмай, мелшиіп қалған болатын. Сол кезде Қоңыр «Сен кімсің? Мұнда неғып жүрсің?» дегендей айбат шегіп, майдан­ға дайындалғандай гүрілдеп-сарылдап, басын екі жағына кезек-кезек шайқап-шайқап қойды.


Қонжықтар сонда ғана қалың жыныстың ішінен тағы бір кірекейдің шығып келе жатқанын көрген. Ол майданға шақыр­ған жоқ. «Бұл сендер ме едіңдер?» дегендей тесірейе қарап қалыпты. Сол кезде енелері гүрілдеген қалпы бойын тіктеп, оған қарай ақырын жылжи бастаған. Келімсек мүләйім кейіп танытқанмен ол әлі де айбар жасап, «Келсең-кел!» деп барады. Келімсек аю қашқан жоқ, қайта мұның иісін тартқандай тұмсығын соза түсіп, тұрып қалған. Қоңыр екі-үш адымдай жер қалғанда ғана келімсек теріс бұрылып, өз жөніне маңды. Майдандасуға зауқы жоқтай. Ақтөстің көзі сол кезде енелерінің артынан домалаңдап бара жатқан үш бірдей қоңыр қонжыққа түскен. "Жау арт жағымызда еді ғой" дегендей жарыса шапқылап, енелерінің алдына түскен.


Қоңыр да келімсектердің бұл маңнан біржола кеткендеріне көзін әбден жеткізейін дегендей бір-екі қыр асырып салған. Қос қонжық ол аюдың да өзіне сыңар іздеймін деп бөгденің шекарасын бұзғанын, онысын мойындап, өз жөніне кеткенін біле алмаған.


Қоңыр сол күні сай-саланы ұзақ кезді. Күн еңкейе тасадан шыға келген алып ақ төс қараны көргенде қонжық та енелерінің артына барып жасырынған. Қоңырда тағы үн жоқ. Тек ыңырана қыңсылауға ұқсас әлсіз үн шығарады. Манағы келімсектей айбат шекпей бұларға батыл жақындаған алып қара бірден келіп, енелерін иіскеледі. Сонан соң қос қонжықты жаңа көргендей гүрілдеп-сарылдап, бұларға қарай жақындаған. Зәресі ұшқан екеуі екі жерге домалап, көздерін жыпылықтатқаннан басқа амал таппаған. Алып қара екеуін мұқият иіскелеп, сонан соң бұлардың жүректерін орнына түсірейін дегендей маңдайларынан түре жалаған. Сонан соң анандай жерде керіліп тұрған Қоңырға жақындады. Бас салып талап тастайтындай көрінгенмен жүрісінде өзімсінген бір батылдық бар еді. Екі аю бірін-бірі әбден иіскелесіп болған соң, басы-көздерін жаласуға кіріскен. Ырқ-ырқ еткен дыбыстарында да бір үндестік, ұғынысқандық бар еді. Ақтөс пен ұяласы үлкендердің мына түсініскенін көрген соң, жүректері орындарына түскендей екеуіне жақындаған. Бірақ екеуі де бұлардың мынау жарық жалғанда бар екендігін ұмытқандай құшақтаса алысып, қос аяқтап тік тұрған бойлары бір-біріне ауыз салысады, бірақ азу басыспайды. Сол алыс­қан күйлері жерде аунасады. Сонан соң ғана бір-бірінің тұмсықтарын түре жаласады келіп.


Екі-үш күн бойы жеміске де, шөп тамырына да көз қырын салмай тау-тас кезіп, әбден титықтаған қос қонжық осы бір сәтті пайдаланып, бір-біріне тұмсықтарын тыға тақасып, ұйқы соққан. Әбден қарны ашқан Ақтөс оянғанда күн еңкейіп, батуға айналыпты. Қос аю бір-бірін жаңа көргендей әлі жаласып тұр екен. «Бізді аштан өлтіресің бе?!» дегендей қонжық тамақ сұрағандағы үніне салып, енесіне қарай қыңсылай жүгіріп еді, Ұяласы да құр қалғандай соңынан ұмтылған. Ақтөс қара «Әрі тұр, әрі!» дегендей гүр ете қалды. Ең аяныштысы бұлардың ұлы қорған, қамқоршылары енелері де сондай үн қатты. Ол аз болғандай, «Осында қалыңдар!» дегенін оның ырқ еткен дыбысымен білдіріп, екеуі қалыңға қарай кіре берді. Панасыз қалған қос мұңлықтың бір-бірлеріне сүйенісіп, шоқайып-шоқайып отырып қалудан басқа шаралары жоқ еді. Бір дәтке қуаты әзір бұлар үшін ешбір бұйрыққа да, не өзіне шақыруға да келмейтін, қос аюдың бейтаныс үндері жақыннан естіліп тұр еді.


Екеуінің тағы да бір дәтке қуаты қос үлкен аюдың осынау үздік-создық шыққан дыбыстарында майдандасқан кездегі ашулы ақырыстар, тау көшірердей қаһарлы гүрілдер жоқ болатын. Алайда қос қонжық енелері мен бейтаныс Алып ақ төс қараның арасында хайуан шіркіннің қысқа ғұмырында әр жылдың үш-төрт күнінде ғана көрер ең бір тәтті, ең бір ләззатты шақты бастарынан өткізіп жатқанын білген жоқ еді.


Бұлар аштықтан әбден өлуге айналып, қараңғы қоюланған бір сәтте ғана қалыңнан енелерінің сұлбасы көрінген. «Қайдасыңдар? Келіңдер!» Осы бір жанға жағымды үн естілгенде екеуі де барып, енелерінің төсіне қыңсылай жармасқан. Қоңыр екеуін күндегідей ұзақ аймалауға шамасы келмей, тұмсықтарынан бір-бір жалап, тұрған жерінде жата кетті де бірден ұйқыға бас қой­ған. Алып ақ төс бұлармен тұтас денеге айналғандай қатарласа келіп жығылды.


Екі үлкен бұларды анда-санда ырқылдаған үндерімен бұйырып иен қалдырып, өздері қалыңға кіріп кететін әдеттері болмаса дала кезіп, қаңғілестеуден құтылып, қонжықтар да дем алып қалған. Бір күні таңертең Алып ақ төс қара жоқ болып шықты. Ол содан қайтып көрінбеген. Әрине, қонжықтар өзі келіп, өзі кеткен Алыптың ендігі тірлігіне қинала қойған жоқ.


Ақтөс өмірдің бәрі осынау тамылжыған жаздың күніндей жаймашуақ өте берер, дәл біздің енемізге батылы барып, қарсы тұрар бұл өңірде ешқандай тірлік иесі болмас деп ойлайтын. Жоқ, жаз соңынан күз, оның соңынан қаһарлы қыстың келетіні сияқты тәтті тіршіліктің де азапты, үрейлі шақтары жеткілікті болады екен...


Сұмдық ойламаған жерде басталған. Кешкілік қарағай көлеңкелері ұзарып, күн жүзі қызыл жалқынға айнала бастаған шақ еді.


Бұлар өздері салған жыммен кешкі жайылымға шыққан. Әдеттегідей қос қонжық алдыға түсіп алып, бірін-бірі қуалап жеткен жерде алыса кетіп, бәрінен де бейхабар ойын соғып келе жат­қан. Ақтөс қалың жыныстан шыға берістегі қатар бой түзеген қос қарағайдың ортасынан ілініп тұрған әлденені көрген болатын. Үлкендігі өзінің басына жуық домалақ бірдеңе қарағай бұтағына ілініп салбырап тұр екен. Домалақ пәленің әр жерінен біздиген істіктер көрінеді. Ақтөс алдыңғы аяғымен қағып, ойнап көрмекші болып еді бойы жетпей қор болды. Сол сәтте соңдарынан келген Қоңыр өздерінің жүретін жымдарының үстіне салбыратып іліп кеткен пәлені жұлып лақтырып тастағысы келсе керек, бойын тіктеп, алдыңғы аяғымен бүре ұстай берді де орманды күңірентіп, ақырып жіберді. Алдыңғы екінші аяғы көмекке ұмтылып еді, қос алақаны бірге қабысып, жаңағы домалақты уыстап қарысты да қалды. Кірекей ашуға қанша булығып, тарт­қыласа да алдыңғы екі аяғын жаңағы домаланған дүниеден ажырата алмай қиналды. Қажет болса қарағайдың жуан бұтақтарын бір ұрып, борт еткізіп сындыратын, қазандай үлкен-үлкен тастарды жерден қопарып алып, лақтырып жіберетін иен-тегін күш-қуаты кішкентай ғана домалақ пәлекетке жетпей қиналсын. О баста Ақтөс енесін жаңағы домалақпен ойнап тұр екен деп ойлаған, бірақ оның ашулы күркіреуінің соңы ауырсына ыңыранған дыбысқа айналғанда бір сұмдықтың болғанын сезгендей қатты үрейленген.


Сонда еді оның пәлелі темір затының иісін алғаш рет түйсініп, алғаш сезінгені. Көмектесер дәрмендері жоқ қос қонжық қыңсылап келіп, кірекейдің аяғына оралды. «Басқадай не істей алармыз?» дегендей оның тілерсегін жалаған. Сол кезде Ақтөс жып-жылы қанның, әлгі өздері талай-талай жануарлардан аққан қызғылт сұйықтан айнымайтын қанның исін де сезініп үлгерген. Аңқау шіркін, сол сәтте тағы да жып-жылы жемтікке тұмсық тығармын деп ойлап қалған еді, сөйтсе жап-жасыл шөпті қызыл­ға бояп, тырс-тырс тамған қанның енесінің қос алақанынан 
шығып жатқанын көрді. Қоңыр қос алақанымен домалақ пәлені қысқан күйі екеуіне бұрын-соңды көрсетпеген ерекше бір мұңды жанармен қараған. Ұрпағымен біржола қоштасқандай ыңырана қыңсылады да, бұрын­ғы айбарын қайта жинап, екеуіне қарап, ішін тарта гүрілдеген. «Кетіңдер!» дегені. Осынау бұйрықты үнді қонжықтар қапысыз түсінсе де, орындай алмады. Панасын, бұл дүниедегі жалғыз қам­қор асыраушысын тастап қайда кетсін? Екеуі тағы да келіп, аяғына орала беріп еді, Қоңыр екеуін екі теуіп, қалпақтай ұшырған. Олар қайтадан енелерінің жанына жақындай алған жоқ. Қоңыр «Кетіңдер!» деген бұйрықты неше рет қайталаса да, бұлар өз жандарын сақтап, ұзап кете алған жоқ. Енелерінің ауырсына ыңыранған азапты үнін естіп, тағдырдың тәлейін осы жерде күтіп алайық дегендей таяқ тастам жердегі қарағай түбінде бір-біріне сүйенісіп, жәудіреп отырған. Одан бас­қа қолдарынан келерлері жоқ болатын.

Ақтөстің құлағы еш хайуанның үніне ұқсамайтын қаңғыр-күңгір еткен бір дыбысты тұңғыш рет естіді. Сол-ақ екен енелері де домалақ пәлеге байлаулы тұрған бойы бүкіл тау ішін жаңғырықтырып, ашулы гүрілге бассын-ай. Жан ұшыра ышқынып, бәлкім, жауын әділетті айқасқа шақырды ма, әлде қайырымсыз қазаның жақындағанын сезіп, мынау өз мекен-жұртымен қоштасты ма, әлде ешкімді де, ештеңені де аяй бермес қаскөй дұшпандарынан ұрпақтары қашып құтылсын деді ме, өз иығын өзі шайнап өкірді-ай. Мынау бейбіт тыныштыққа бөккен орман ішінде бір сұмдықтың боларын сезгендей қарғалар қарқылдап, сауыс­қандар қу жандарын қоярға жер таппай шықылықтап, ағаштан-ағашқа ұшып-қонды. Беткейде жайылып тұрған қос елік те сынаптай сырғып бел асты. Сөйткенше таяқ тастам жердегі жартас­тың үстінен қос аяқтылардың екеуі көрінген. Ағаштың түбіне бұққан Ақтөс бәрін де ап-анық көріп жатыр. Бірі ұзын бойлы да, екіншісі аласа. Аласасының иегіне таутекенің сақалы сияқты желпілдеген қап-қара бір шоқ түк өсіпті. Ол біраз сампылдап алған соң тура жаңағы енелерінен айырылмай қойған домалақтың исіндей исі аңқыған ұзын түтікті Қоңырға қарай көтере берген. Қос қонжық бір-біріне тығылып, дірдек қақты. Бір сұмдықтың боларын сезгендей. Сол кезде екі аяқтылардың ұзын бойлысы жаңағы енелеріне ұмсына берген темір түтікті қағып қалған. Кезек-кезек сампылдады. Неге екенін кім білсін, ұзын бойлы алдыңғы екі аяғымен тып-тықыр бетін жауып, теріс айналған. Шаңқ еткен ащы үннен жер солқ етіп, тау-тас аунап түскендей болды. Қалың орман дір етіп, теңселіп кетті. Егер сол сәтте жер қақ айырылса, Ақтөс ойланбастан соған түсіп кетер еді, ондайда жер қайдан айырылсын?! Ол басқа амалы құрыған соң мына зұлматтан шыбын жанын алып қашып, жанында тұрған жуан қарағайға өрмелей жөнелген. Ол биікке шығып алып, есін жинаған сәтте басты айналдырып, көзді қарауыттырардай қоңырсық иіс қолқаны қапқан. Қалың бұтақтың арасынан ол енесіне қарай құлдыраңдай ұмтылған Ұяласын көрді. Жаңа ғана дүниені төңкеріп тас­тардай болған ащы үнмен жарыса енелерінің де ақырған үні естілген. Оның ең соңғы жан даусы екенін де бұл білмеген. Сол-ақ екен енесінің алып кеудесінен қап-қара қаны бұрқ ете қалған. Ашық аспан екінші рет күркіреген кезде кірекей бар қуатынан айырылғандай тілерсегі бүгіліп, екі алақанымен домалақты уыстап қысқан күйі асылып тұрып қалды. Тереңнен тыныстап, қорқыраған бір шарасыз үн шығарғаны болмаса, бағанағы қаһарлы да айбарлы гүрілі жоқ. Айналаға жып-жылы қанның исі бұрқырады. Сол сәтте екі аяқтылар да жартастың үстінен түсіп, Қоңырдың қасына келген. Олардан шошынып, қалың жыныстың ішіне қарай домалаңдап безе жөнелген Ұяласын да екі аттатпай қуып жетіп, тырбаңдатып, әлденеге орап алды.


Одан ары қарайғы оқиғаның бәрі де Ақтөстің күні бүгінге дейін көз алдында. Ол биік ағаштың басында отырып, екі аяқтылардың алдымен Қоңырдың алақандарына жабысқан домалақты босатып алғанын көрді. Енесінің ажалына жеткен сол пәленің кәдімгі жұмырланған домалақ ағашқа біздитіп-біздитіп қағыл­ған қармақ сияқты істіктер екенін, оны да аю аулау үшін арнайы әзірлеп, «аю-қармақ» деп ат қойғанын да құйттай қонжық қайдан білсін. Біраз уақыттан соң жуырда ғана енелерінің өзі жайратқан бұтақ-бұтақ мүйізді, сұр хайуанның етіндей болып, Қоңырдың орнында буы бұрқыраған қып-қызыл жемтігі дөңкиіп қалған. Екі аяқтылар тау асып, көзден таса болған кезде ғана ыңырси қыңсылаған кішкене қонжық ағаштан түсіп, хайуан екеш хайуанның жүрегін езіп жіберердей сұмдық оқиға болған жерге жақындады. Енесінің иісі шыққанымен бұл қып-қызыл болып жатқан жансыз дене енесінің өзі емес еді. Сондықтан да ол жайрап жатқан жемтікті алыстан орағытқаны болмаса жақындап жанына жуықтай алмаған. Оның үстіне екі аяқтылар кетісімен-ақ бағанадан шыбындап, шықылық қаққан сауысқандар, кеңірдектерін жырта қарқылдаған қарғалар жемтікке жабылды. Құңқылдап құзғындар, қанаттарымен дауыл тұрғызып, ақ бас күшігендер қаптады. Енелері талай жемтікті жәукемдеп жат­қан кезде алыстан ғана айбат шеккенмен жақындап келіп, «үлес» алуға батылдары бармайтын езулері жырта қарыс көкшулан аңның үшеуі келіп, қарға, сауысқан, құзғын-күшігендерді ығыстырып тас­тап, жемтікке ашқарақтана бас қойған.


Іңір қараңғылығы үйірілгенше орманның біраз аң-құсы ойда жоқта оралған олжаны тойлап жатты.


Ақтөс тек аю баласына ғана тән сезіммен қыңсылап, ертеңгі таң атқанша жылаған. Алысып ойнаудан бір жалықпайтын Ұялас бауыры да жоқ, қарны ашқанда аңқалақтап келіп, емшегін соратын, тоңғанда мап-майда түбітіне жылы оранып, жата кететін енесі де жоқ иен таудың ішінде панасыз қалған қонжық ертеңінде таң алагеуімнен кешегі алаңқайға жақындаған. Иә, енесі де, кеше ғана теңкиіп жатқан қып-қызыл жемтік те жоқ еді. Орнында арбиған сүйектер, оның ұңғыл-шұңғылын шұқылап көндері кеппей қалған қарға-сауысқан, басқа да құстар әлі нәпақаларын айырып жүргендей. Ақтөс амалсыздан өздерінің апандарына апарар сүрлеуге түскен. Суыр ыңқиттаса да, торғай шырылдаса да бұға қалады. Апаныма жетсем мүмкін енем мен Ұяласым сонда жатқан болар деп те дәмеленген. Бірақ онысының тек қана дәме екеніне оның көзі апанына келгенде біржола жеткен. Аңыраған бос апан көрдей қараңғы, суық әрі қорқынышты еді. Бірақ жетім қонжық, амал жоқ, енесінің иісі сіңген өз апанынан басқа паналайтын жер таппады.


Екі-үш күн тапжылмастан жатып жылады. Әбден бұраудай болып, ашыққан соң еріксізден баспалап тысқа шыққан. Енесінен көргендерін істеп, бойы жетер аласа бүргендердің басын шалды. Тау кезіп, қарақат, өзен бойлап, таңқурай басын сыпырды. Әр түрлі шөптердің тамырын суырып жеп көрді. Біреулері удай ащы болса, енді біреулерін малжалап ұзақ шайнағаннан соң ғана тамақтан әрең өтердей. Жыбырлап тыныш таппайтын құйттай құмырсқаларды бұрын қызық үшін жалап, ермек үшін көрсе, енді кәдімгідей оларды талмай бастады. Тіпті бірлі-жарым аузына іліккен көбелектерді де сілемейлеп жұта салатын. Тау өзенін кешіп, жылтылдаған кішкентай қара балықтарды ұстаймын деп біраз әуреленгенмен онысынан ештеңе шығара алмай шаршады. Жүзіп жүрген жылпылдақ бәлелерді ұстау үшін суды шалп еткізіп, алақанымен аямай ұрады. Бірақ балықтар қашып үлгереді. Осыдан үш-төрт күн бұрын қалың жаңбыр жауып, өзен суы арнасынан асып біраз жерге жайылған. Әнеки сол жаңбырдан кейін ғой қайтқан судан соң сәл шұқанақ болса бітті тулап жатқан дәмді балыққа бір тойғандары.


Енесі бардағыдай қарны еркін тоймаса да бірте-бірте аштық азабынан құтылғандай, бәріне де көндігіп, мынау жарық дүниеден өз үлесіңді алып, өмір сүру үшін талмай күресудің, бұдан былай сенер ешкімнің жоғын, өзін-өзі асыраудың қажеттігін түсінгендей. Енесі мен Ұяласы бар кездегідей апанынан таң жарығынан шығып, түс кезінде ағаш басына өрмелеп, аз тыныстап алады да, қараңғы түскенше тағы да қу тамақтың қамын қуып, тыныш таппайды. Кейінгі кездері апанына барып түнеуге де ерініп, бір қалтарысқа, немесе тастың қуысына жатып ұйықтай салатын. Егер бір қауіп төне қалса, өрмелей жөнелу үшін көбіне биік ағаштың түбіне жақын келіп түнейтін.


Күн өткен сайын бұрынғы домалаңдаған түрі өзгеріп, сүйек-сүйектері білініп өсе бастаған. Күн өткен сайын апан аузынан ұзаң­қырап жайылатын болған. Бірақ «сен тимесең мен тимен» дегендей жан-жануарлардың қай-қайсысына да жақындамай, қай-қайсысының маңдарынан аулақ жүретін. Бір жолы өзенді өрлеп келе жатып, бір суырды енді ұстап, жәукемдеп жатқан көкжалдың үстінен түскені бар. Екі көзі жайнаған пәлекет ырылдай тап бергенде Ақтөстің қорыққанынан жаны қасым болып, қарағайға өрмелей жөнелген. Содан кейін бір басып, екі қарайтын өте сақ тіршілікке көшіп еді.


Алғашқы қар түскен кезде ол кәдімгідей есейіп, аю кейпіне де келіп қалған. Қайтадан қоңданып, дәл енесінің түбітіндей жұп-жұмсақ, бірақ нілдей қап-қара жүн өскен болатын. Тұла бойы ауырлағандай салғырттанып, қар кешіп, қорек іздеу күн өткен сайын қиынға айнала берді. Неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір соңғы күндері өзінің құт мекеніне айналған апанына қау болып өскен қу шөпті тасып, жатар орнын жұмсақтап, жайлы «төсек» даярлаумен шұғылданып кеткен. Оған дейін өткен қыс өзі мен енесіне, Ұяласына төсеніш болған ескі шөп-шалам, жүн-жұрқа аз емес болатын. Ол қаншалықты ұйқы қысса да өзінің әлі де жем іздеп, біраз тойынуы керектігін, әйтпесе жетімдік тауқыметін тартып жүріп, ұзақ қысқа жетерлік қажетті қуатты жинай алмағанын табиғи түйсікпен сезінген. Содан да ол әлі де біраз нәпақасын жинау үшін амалсыз апанынан сыртқа шыққан. Жағаларына қаймақтанып қата бастаған өзен мұзын күтір-күтір сындырып, су жалады. Бауырын төсеп жата қалып еді, уақытсызда қысқан ұйқысы шайдай ашылды. Тұла-бойы тітіреп, тоңып кеткен соң жағаға шығып, дүр-дүр сілкінген. Жаңа жауған қырбақ қарға мөрдей ғып ізін тастап, өзенді өрлеп келеді. Басын жерден алмай иіс тартады. Қурап қалған жеміс-жидек пен шөп тамырларын суырып босқа алданғысы келмеген. Сүйек-сүйегін қатыр-құтыр шайнар майлы қоректі аңсасын. Бірақ жетім қонжықтың асқазаны майлы етті аңсаған екен деп қандай аңның жемтігін кім алдына тастасын ...


Сонша бір жағымды таныс иіс танауын жара жөнелсін. Бұларды көрген бетте аңқиттап, быртың-быртың қаша жөнелер семізше хайуанның исін жазбай таныған. Алайда жаз баласы өріп жүретін семіз сарылардың өздерін қойып, іздері құрығалы да көп болған. Дегенмен Ақтөс белгісіз бір дәмнің жетегіне ергендей болып беткейге қарай өрмеледі. Жартастардың түбіндегі індерге жеткенде жағымды иістің солардан шығып тұрғанын білді. Біреуіне тұмсығын тығып, жанына сонша жағып бара жатқан жып-жылы леп пен қоңырсыған иіс аш-өзегін өртей жөнелді. Ол дүниенің бәрін де ұмытып, тырнақты салып, інді қаза бастаған. Соншама бір ынтамен, ықыласпен кіріскен. Қиыршық тас аралас топырақты қопаруға көп қиналған жоқ. Өткір тырнақтардың бір пайдасын көрген жері осы. «Қазір жетемін, жетемін де інінде бұғып жат­қан пәлені бір-ақ мытып ұстаймын» деген дәмемен ол іннің біраз жерін қопарып-ақ тастаған. Бірақ оның ойда жоқта күдері үзілді. Мұның тырнағы бата қоймас үлкен тасты жанай құлдыраған ін екі үлкен тастың арасындағы тар қуыстың арасына қарай бұрылды. Әрине ол қуысқа Ақтөстің өзін қойып, басы да сыймайтын еді. Қонжық өкініш өзегін өртеп қыңсылап жіберген. Амалы тау­сылып, шарасы қалмаған соң тырбанып, тысқа шықты.


Бәрінен де көңілі қалғандай, «Енді көрмегенім осы беткей болсын!» дегендей домалаңдап, қайтадан сай табанына түскен. Қайда бара жатыр, не үшін бара жатыр, оны өзі де білмейді. Көбік қарды кешіп, өзенді өрлей берген. Қанша уақыт жер қазып, семіз сары хайуанды ұстап жеуге дәмеленді, одан ештеңе шықпай еңбегі еш болған соң, бәрінен де баз кешкендей әйтеуір өмір үшін күресті соншалықты бір санасыздықпен жалғастырып келе жатқан беті болатын.


Ол ештеңені ойлап саналы түрде әрекет жасап келеді деуге келіңкіремейтін, әйтеуір өмір үшін арпалысқан өлермендік күрес еді бұл. Бір кезде өзен жағасындағы жалпақтау алаңның шетіне үйілген тастарды көрді.


Ол не үшін үйілген тас, оны бағамдауға мұршасы да жоқ еді. Неге екені белгісіз, ол үйіндінің тұсынан өтіп бара жатып, артына бұрылып қараған. Осы бір үйінді оның доғалдау санасынан әлде бір елесті көз алдына әкелгендей болған. Ол шоқайып отыра кеткен. Тау етегінен қазандай қара тастарды көтеріп жүрген енесі Қоңыр... Бастарында қысқы қарағаштың айбақ-сайбақ бұтақтары сияқты арбиған мүйіздері бар қос жануардың түнгі арпалысы... Оның бірін енелерінің басып қалып, екеуін таң алагеуімнен ішек-қарнына меймілдете тойдырғаны... – бәрі-бәрі де Ақтөстің көз алдына елес болып қайталанған.


Ол осы тастардың астына тығылған қойманы да көз алдына келтірген. Әлдеқандай бір үміт оты жылт еткендей болды. Ойланып-толғанар да уақыты жоқ еді, бірден барып, ең үстіңгі кесек тасты алып лақтырды. Тағы, тағы. Тың күш, белгісіз қуат келіп қосылғандай. Тіпті, бұрын-соңды көтеріп көрмеген тастарды да ырғап-ырғап қозғап, еңіске қарай домалатқан. Көмілген шымдардың беті болмаса, асты әлі жұмсақ екен, ол әрі-бері қопарған соң-ақ сәл иістенген, бірақ су сорып, ақжем болып қалған бұғы етіне де тұмсығы тиген. Ары қарай аршып жатуға шамасы келмей тоңазыған сан етті жұлып қылғыта берген. Іші шеңбірек атып әбден тойынған кезде жан-жағына алғаш рет көз салған. Күн еңкейіп, биік кезеңге иек артыпты. Ол қалған жемтікті қайта көміп тастау керек екенін де білді, бірақ оған шамасы жоқ еді.


Ақтөс ойда жоқта тап болған мол олжадан соң ешқайда да бармай сол жерге қонып қалды. Таң құланиектене тұрып, тағы да біраз жеген соң, бүкіл асқазанын кілкіткен майлы астан соң, кеуіп қалған қарақат, доланаларды теріп жеуге ниеті ауған. Енесінің дәл ұрпағының өмірі үшін әдейі жасырып кеткендей мол қазынасын көлденең өткен қарсақ-қасқырларға оңай олжа қылмас үшін өзі домалатып тастаған тастармен қайтадан мұқият бастырып тастады. Сөйтті де қалың қарақат өсетін беткейге қарай аяңдаған.


Ол осылайша енесінің қоймасын түгел жеп болғанша тұп-тура бір аптадай уақыт өткен. Содан кейін ғана Ақтөс өзінің мекеніне қарай бет түзеген. Соңғы бір-екі күннен бері түскен аяз айналаның бәрін мұзбен құрсаулап, орман ішінің күзгі қоңырқай тіршілігін одан әрмен көріксіздендіре, көңілсіздендіре түскен.


Ақтөс мекенін бір айналып көріп шықты да, апанның ішіне кіріп байқады. Бірер апта бұрын өзі төсеген қалың төсеніші оны ұлы тыныштыққа шақырғандай. Ол ұйқылы-ояу жүріп, апанның аузынан өзі ғана кіре алатындай жол қалдырып, сыртын бұрыннан жатқан бұтақтармен, оның сыртын тастармен бастырды. Сонан кейін ғана апанның ішіне кіріп, іште жатқан таспен қуысты жауып, оның қуыс-тесіктерін артық шөп-шаламмен далдалаған болды. Содан кейін ғана ол қалың ғып төселген шөптің үстіне дөңгеленіп жата кетіп, өз тұмсығын өз бауырына тығып, ұзақ ұйқыға бас қойған...


***


Иә, Ақтөстің ұйқы соқпақ болғаны жай екен. Түтік темірдің жер жарар ащы үні дәл құлағының түбінен қайта-қайта естілгендей мазасы кеткен. Баяғыда енесінің қос алақанын қармақпен матап қойып, сонан соң біржолата жайратып кеткен сол түтік темір өзінің отты оғымен Ақтөстің жон арқасын да бірде қарып түскені бар. Жарақатынан көп азап көріп, әрең сауығып еді...


Бесінші тарау


Мергеннің ұйықтай қалайын дегені әншейін ниет қана екен. Ойына қай-қайдағы түсіп, кірпігін айқастыра алсыншы. Сырттан Қарагері пысқырды. Түн тыныштығының берекесін бек кетіріп, жылқышы құс ысқырды. Үнің өшкір, бір тұстан үкі "уһілеп" қоя берсін. Тұп-тура әкесі жаңа өлгендей. Біріне бірі иек сүйеген тау жоталары да түнгі суық ызғырыққа жондарын тосып, тыныстап жатыр, бірақ екі жамбасына кезек аунаған Мерген тыншыр емес...


***


... Иә, соғыстың соңғы жылы болатын. Ол кезде мұның түбіт мұрт жігіт болып қалған кезі. Қос бірдей ағасынан келген қара қағаз онсыз да жұбына жетіп отырған Шешесін опат қып, Әкесін оңдырмай тұралатып кеткен. Өзі қатарлы жастардың бәрі дерлік соғысқа аттанып, колхоздың малы, малы ғана емес-ау, жыл он екі ай таусылып бермейтін бар шаруасы өңшең кәрі-құртаң, шал-шауқанға, бала-шаға, қатын-қалашқа қарап қалған. Соғыстан қайтқан бірлі-жарымның өздері он екі мүшесінің бірінен айырылған өңшең кем-кетік, ақсақ-шолақ. Жау іргесінен түріле қуылса да, жеңіс күні жеткенше қаралы хабарды арқалаған «қара» қағаз келуін тоқтатпай, келген сайын бір шаңырақтың үмітін үзіп кетіп жатқан. Мергеннің жанына батып, ойын сан-саққа жүгірткен сұмдықтардың бірі – екі-үш ай бұрын ғана майданға аттанған Досынан келген қаралы қағаз болатын. «Егер мені де шақыра қалса, майдан шетіне кіріп үлгермей-ақ өзім ататын көп аңның біріне ұқсап, жау оғынан жайрап қалсам Әкеме де дәл осындай қаралы қағаз келер-ау» деген оқыс ой оралғанда тұла бойы мұздап жүре беретін. «Шіркін, мынау туып-өскен өлкемді, ес біліп, етек жапқалы аңын таңдап қаққан мекенімді, бәрінен де айырылып,мүсәпір болған сорлы Әкемді, тіпті барша әлем, жарық дүниені қалай ғана қиып кете берермін?!» Қой бағып жүргенде осындай ойды да қоса бағар еді, сол кезде «Әттең, тым болмаса үш-төрт жыл кешірек тумаған екенмін» немесе «Фашист иттің жаны неғылған сірі неме еді! Қашан ғана ініне су құйылып, құрыр екен? Соғыс бітіп, қауіп бұлты сейіле қалса, әскер қатарына он жылға алса да қыңқ демей барар едім-ау» деп те қиялдайтын.


Ол өзінің майданға аттанса, жалғыз Әкесін қайтып көрмейтінін, тіпті бұл жау оғынан есен-сау оралған күнде де оның уайымнан-ақ өлерін біледі. Сондықтан да оның алдымен Әке үшін тапжылғысы келмейтінін түсінуге де болатын, дегенмен Мергеннің тумысында қорқақ, әсіресе өлім атты суық сөзден-ақ зәресінің зәр түбіне кететін жан екенін де жасырмаған жөн. Өзі қанша тіршілік иесінің жанын қиналмай алған сәтінде өзін «Е, бұлар – адамның азығы, одан қалса қызығы болуға жаралған» деп алдандырар еді. »Майдан – ұрыс даласы, адамдар қазасы» деген ұғымдар төңірегінде сәл ойланса болды, қу жанын қалай алып қаларын білмей сасқалақтар еді.


Досы байғұсты ажал айдады ма, әлде мылтықтың аузына өзі келетін құлжа сияқты қан тартты ма, «Соғысқа барамын да барамын!» деп ұшынды ғой. Бір күні ол:


– Әй, осы менің бойыма қараған кісі неше жаста деп ойлайды? – деп сұраған.


– Нешеде деуші еді? Он сегізге жете алмай жүрген сары ауыз дейді де.


– Мен шын айтып тұрмын, – деген ол. – Жиырма жастан кемді ешкім де бермес еді. Соғыс аяқталмай жатқанда «Әлі әскер жасына толғам жоқ» деп осында, қатын-қалаштың ортасында жүргенім ыңғайсыз сияқты.


Ақыры ол ертеңіне әскери комиссариатқа тартқан. Бір барып көндіре алмаған. Ақыры жасының кемдігін «қағазға қате жазыл­ған» деп түзеттіріп алғанына да бұл куә болып еді. «Бірге барайық. Мерген деген атың бар ғой, шейіт болған ағаларыңның кегін аласың. Ел шетін жау аламайлап жатқанда бұғып жүргеніміздің өзі азамат басымызға таңба емес пе! Көп ойланба, Мерген. Бәлкім, бірге жүріп соғысып, елге бірге қуанышпен қайтармыз!» деп қиылған. Оның бұл сөзі комсомол жиналысында айтылар уағызға көбірек ұқсап тұрса да, Мерген жалтара жауап берген.


– Тойға барардай не ғып желпілдедің? Жазым болсақ қайтеміз?


– Жазым болсақ жанымыз басқадан артық па?! Ғазауатта шейіт болғанның жаны – жәннатта. Адам өзіне тиісті тағдырдан асып ешқайда кете алмас. Тәуекел деп тас жұтайық та! – деп қызбаланған. Досына қандай өнегенің, қандай өсиеттің өтіп кеткеніне өзі де әлі күнге дейін таңғалады. Бірге ойнап, бірге өсті. Ешкімнен артып кеткен жаужүректігін бұрын-соңды байқаған да емес. Момын қойшының момын ұлы ғана болатын. Ол желпілдеді екен деп, оған ілесіп көзсіз батыр атанудың еш қисыны тағы жоқ. Бұған ілесіп тәуекелге бел буса, қып-қызыл қасапхананың ортасына түседі де кетеді. Сөйтіп жүргенде қаңғырған оқ жазым қылса ше? Жо-жоқ, оның беті аулақ!


Ол қатты қиналғандай мұңайып тұрып:


– Мен кетсем Әкем байғұс қайғыдан өлер, бір-екі ай болса да қасында жүре тұрайын, – деп сылтау айтқан еді. «Жоқ, мен патриот боламын деп қыршын жанымды отқа апарып өзім сала алмаспын! Менің жәннатым – осы өлке. Өлгеннен кейінгі жәннатың да, жұмағың да бір күнгі жарық сәуле мен бір жұтым ауаның садағасы» деген ой келген. Оны сыртқа шығарып қайтсін. «Ендігі жетпегені «қорқақ» дейтін таңба ма еді?» Ол бұл ойын ішінде тұншықтырды. Егер Әкесі болмаса қазір жүріп кетердей сыңай танытқан. Сөйткен Досы жазған тым болмаса бір ерлік көрсетіп те үлгере алмай, майдан даласында қалды. Сүйегінің қайда қал­ғанын да ешкім білмейді. Тым болмаса жастығын алып жата алды ма – ол да белгісіз. Белгісіз барып, белгісіз қалған бір жан. Беті топырақпен жабылса, сол да олжа оған...


Он сегізі түскір әне-міне дегенше келіп-ақ қалған. Сырттан ит үрсе де, бөтен-сатан жолаушы келе жатса да «Маған шақыру қағазын әкеле жатқан жоқ па екен?» деп әбден қосүрей болып жүрген күндердің бірінде Мергеннің ойда-жоқта бір оқиғаға ұшырағаны бар.


Бір күні қойын Уақ бұлағынан асыра қапталдатып жайып келе жатқанда, ойы түзік адам жүре қоймайтын ұры сайдан сумаң етіп, жалғыз салтатты шыға келген. Өзі де қабағынан қар жауған қаба сақал шой қара екен. Мұның мәнерлеп берген сәлемін де керек қылған жоқ. Бесатарын тақымына қисайта қысқан күйі атын пысық аяңдатып, жанына келген.


– Қой керек, бала! – деп бұған емес тып-тыныш жайылып жат­қан қойға қарап сөйледі. Дәл бір өткізіп қойған малын алғалы келгендей. Астындағы қайыңның безіндей болып жараған құла айғыр басын жерге салып, бетегеден іскектемек болып еді, қаба сақал тізгінді шірей тартып, атының басын еркіне жібермеді. «Бересің бе?» деп тұрған жоқ, «Аламын!» деп тұр. Базарға келіп, керегін сатып алатын адам сияқты. Үні де, қимылы да тым өктем. Атынан түсіп, дәрет сындырды. Сонан соң аспан төріне барлай қарап тұрды да, сөзін мүлде басқа арнаға бұрды. – Тағы қар жауады, білем.


– Колхоздың қойы ғой, аға! – деген бұл да салт аттының түсінен секем алған соң, барынша сыпайы сөйлеуге тырысып.


– Колхоздың малы болса қайтейін, әкеңнен қалған мал деп тұрған мен де жоқ. Колхозшылын қарасаңшы бұл күшіктің! Аузыңды бақадай аштырып, өлімтігіңе ит-құсты риза етейін бе осы! Бар, атыңнан түс те, маған қойыңның бір семізін өңгерт. Ұқтың ба?! – деп тесірейген. Шоқтай жанған жанары өңменін тесіп кете жаздады.


Мерген сонау өзі көрмеген бір тұстарда лаң салып жатқан жаудың оғынан қорқып жүргенде іргеден шыққан жалғыз атты жаудың кесапатынан өлермін деген оймен амалсыз аттан түсіп, бір қойды өз қолымен өңгерткеннен басқа шара таба алмады. «Соғыстан қашқан бір Банды осы маңда жүрсе керек. Ізіне түскендерге ұстатпай, Қайыңдының терең шатқалына жасырыныпты» дегенді соңғы кездері жиі еститін. Мынау жалғыз аттының дәл соның өзі екеніне бұл титтей де күманданбаған.


– Бала, мені көрдім деп бір пендеге аузыңды ашсаң, андағы жылтыраған екі көзіңді ойып аламын, білдің бе?! – деп, ол құла айғырдың басын ұлы тауға қарай бұра берген. – Ертең де малыңды осы жаққа қарай өргізерсің. Айтқанымды орындамадың бар ғой, өлгелі жатқан жаман Әкеңнің артына кіріп кетсең де солаң еткізіп, суырып аламын түге!


Не өтінбейді, не сұрамайды. Тек бұйрық. «Өлгелі жатқан жаман Әкең» дегеніне қарағанда, жазбай танып тұрса керек. «Күштінің көті диірмен тартадының» кері ме, әлде қан көрген соң қаңғып кеткен қарақшы болған соң ба, әлде сәйгектеліп қуғын көрген соң әбден қара жүрек, қатыгез болып кеткен пенде ме, әйтеуір сөзі кесек, қимылы ірі. Айтқанын орындамасаң, жайратып кетуден жасқанар түрі көрінбейді.


Құла айғырын бұлаңдатып, сайдан шыққан адам қайтадан сайға түсіп көзден таса болды.


Мерген бұл әңгімені Әкесіне айтуға да қорыққан. Не болса да ақырын күтіп, жүре бермек болды. Салтаттының айтқанын екі етуге дәрмені жоқ, амалсыз ертеңіне де қойын Уақ бұлағы жаққа өргізген.


Қаба сақал бүгін ту сыртындағы сары дөң жақтан құлады. Өзінің бұйрығын бұлжытпай осы маңға келген баланың әрекетіне көңілі толса керек, жүзіне аздап жылылық лебі жүгіріпті.


– Сәлем, балақай! – деп, оның өзі алдымен сәлемдескен. – Елің қалай, «қара» қағаздарын алып, қаралы атанып, көз жастарына тұншығып жүріп жатыр ма?!


Баланың жүрегі тіксінді. Салтаттының үнінде жанашырлықтан гөрі табалау, жаулық сарын басым еді. Ол үндеген жоқ.


– Үйелмендей болып, өзің неге соғысқа бармай жүрсің? – деді ол Мергеннің бетіне тіке қарап. – «Отаным, Отаным» деп, жынды көбелек сияқты отқа түсетін патриоттықтарың қайда кетті? Жайшылықта – отарым деп, соғыс болса – Отаның деп отап жатқанын сен сарыауыз қайдан білуші едің?! Сендерді партия­ның, комсомолдың сөзімен уландырып тастаған. Оны түсіну үшін не керемет есті, не жұрттан бөтен ессіз болу керек. Сендер екеуінің ортасындағы дүбәрасыңдар ғой. Дүбәраға бәрі бір... Жоқ әлде мейірімдері түсіп, «Екі ағасы мерт болып еді, мұнысы Әкесін асырасын, болмаса тұқым­ға қалсын» деп сені әдейі қалдырды ма?!


– Барсақ осыдан былай баратын шығармыз, – деген Мерген бәрін де мойындағандай баяу ғана тіл қатып.


– Енді сен кетсең анау сідігіне сүрініп, өле алмай жүрген жаман Әкеңнің күні не болмақ?! Соғыс – от, соғыс – оқ, от пен оқта ес жоқ, жақсы мен жаманды талғап, таңдап жатпайды. Қой боғындай қорғасын жарық дүниеңді кірпік қағып үлгіргенше тартып ала салады. Өліп кеткен соң қыршын кеткен өмірің үшін арыз айтып, дау сала алмайсың. Жоқсың, біржола жоқсың! Кез келген жалған абырой, жалаулы ерлігіңнен бір күнгі жарық сәуле артық! Өзің өліп кеткен соң артыңда қалған өнегеңе түкіргенім бар! Маған өлім емес, өмір – қымбат! Ұқтың ба-ей, күшік! Өмір маған емес, саған да, тірі адамдардың, адам ғана емес, кеудесінде жаны бар барша тіршілік иесінің бәріне де қымбат. Бірақ «Өмірім – құрбан! Жаным пида!» деп көбің көбік сөзге алданып, шылғи өтірік айтасыңдар. Өмірден өгейлік көрген тірі өлімтік бейшаралар ғана өлімді аңсайды. Мен өмірге өгей емеспін! Өзім ішуге тиісті суды өзім ішіп тауысуға, өзіме тиісті ауаны өзім... өзім ғана жұтуға тиістімін!» Банды иен далада емес, бір қора адамның алдында өмірдің құны туралы түйгенін толғап тұрғандай сөйлеген.


Мергенге Әкесі жазған айтып отырар еді: «Мың күн атан болғанша, бір күн бура бол» деп. «Боқ қопарып, жүз жасаған қарға-өмір мен ерлікпен өткен аз ғана қыран-өмірді теңестірмес болар» деп. «Екі бірдей боздағым тірліктен ерте көшсе де қыран-өмір сүрді» деп. Салтаттының жаңағы сөзінен кейін Мерген Әкесі айтқан осы уәждарды ептеп айтып көргісі келген. Бірақ айта алмады. Қорқып айта алмағаны өз алдына, өзі де қыран боламын деп қыршын кетуді миына сіңіре алмай жүрген. Жасырып-жабар несі бар, тіпті Бандының сөзі өз ойындағы өлеусіреген кейбір пікірлерді тірілте түскендей. Ойын дөп басып, көкейіндегісін оқып тұрғандай.


Қайта көкейінде көмескі ғана жылтырап жатқан ойды шоқтандыра, маздата түскендей. Өз ойына оралмай жүрген түйткілдерді дөп басып, жанды жерінен қапысыз ұстағандай. Ол жылан арбаған бозторғайдай бәріне де көніп, бір ауыз уәж айтуға жарамады. Сөз шіркін өз жанына жақса қайдан ғана қарсылық айтар. Алайда ол әліптің артын баққыштық тәсіліне жүгініп: «Өте дұрыс айтасыз» деп құптай да жөнелген жоқ.


– Мені танисың ба? – деді қаба сақал.


– Танымадым... – деді Мерген оны әдейі танымаған болып.


– Танымасаң, танымастың қолында өлмей қойыңды неге өңгертесің?! Есеңді елге жегізер ез болмасаң нетті! – Ол балаң жігітке сынай қараған.


– Өзіңіз айтқандай, маған да қу өмір тым тәтті болған соң да. Жұрт сияқты майданға барып, адал өліммен өлсем бір сәрі, айдалада белгісіз біреудің қолынан өлгенше қойымды беріп құтылайын деп едім. Тірі болсам, талай қойды табармын бұл өмірімде.


Жалғыз атты суық жымиды.


– Ендеше, ел болып, соңыма шырақ алып түскен, соғыстан қашқан Бандыларың мен боламын. Түсе берсін, бірі қалмай бәрі де түссін соңымнан. Бірақ көзімді қарға-құзғынға шоқытып, өлігімді бір далада қалдырғанша бөкен желіс, бөрі бүлкек тірлігімді артық көрдім... Ал қойыңды, сөз айтпай берген жақсылығыңды тірі жүрсем бір қайтарармын. Қайтара алмасам қайырын құдайдан күтерсің. Өңгерт қойыңның тағы бірін! Жазға дейін қаужауға сүрлеп алар азық керек.


– Сотталамын ғой, аға!


– Оттама! Біреудің жаны отта шыжылдап жатса, бұл сотты айтады ғой. Бұл топалаң келгір, ақтылы қой кімге опа беріп еді?! Осы өңірдің қойлы байы атанған менің әкемнің де басын ұшпаққа шығармаған. – Ол әлде неге ызаланғандай жұдырығымен ернінің қасын ұрып қалып еді, керіліп тұрған құла айғыр селк етті. – Және де қашан айттың деме, ертең тағы да келемін, соңғы рет келемін. Соғыстан қорықсаң, соттан қорықсаң соңымнан ер. Қор болмассың, қор қылмаспын! Басқа түскенді бірігіп көтерерміз.


Тағы бір ту қойды өңгерген қашқын Банды өзі айтқандай бөкен желіс, бөрі бүлкегіне салып, қыр аса берген.


Мерген күнімен, түнімен ойланып, Бандының сөзінен шақшадай басы шарадай болған. Жұрт қатарлы майданға аттанып кетіп, елге қайтадан қол-аяғы бүтін, аман-сау майдангер атанып, абыроймен оралса жақсы. Әйтпесе, Банды айтқандай, қорғасынға тәтті өмірін қидырып алса ше? Өзі атқан талай арқар, бұғылардың жаны шығар алдында қанталаған көздері шарасынан шығып, дірілдеп-қалшылдап, жан бере алмай қиналатыны есіне түскен. «Оқ тиген адам да сөйтіп қиналып өледі-ау, ә?» деген бір суық ой келгенде тұла бойы тітіренеді. Бір қызығы, аңшылықтың есірік қызығымен жүріп, бұрын оны ойламапты. Қару ұстарға жарайтын ер-азаматтың бірін де қоймай майданға қарай қидай сыпырып, аттандырып жатқанда мұны да қояр дейсің бе? Бір жылдың төліміз дейтін, бар болғаны бұдан бір-екі ай ғана үлкендігі бар Досы қазір жер бетіндегілер санатынан сызылып та үлгерді. Жоқтаса, сорлы әке-шешесі, бауырлары жоқтап, жылар. Басқа кімдерге керек? Өлді-бітті!


Ол қалай ойласа да алдынан тек ажал, «Қорқыттың көрі» күтіп тұрғандай сезіне берген.


Егер Бандыны ұстап беріп, «он шақты қойымды тартып алып кетті» деп сұңқылдасам, сөйтіп, екі ортада пайда тауып, әкемнің сорпа-суын да айырсам» деген жаман ой да кимелеген. «Осындай жерде Банды жүр» деп біреулерге хабарлау оңай, ол зәнталақты ұстап алса жақсы, егер ұстай алмаса, онда уәдеде тұрмаған мұны Бандының өзі-ақ ерінбей келіп, қасқыр жеген иттей құйрығын қарға шаншып кетері сөзсіз. «Көрмедім деген – бір сөз» деп жүре берсе Банды алған қойлар үшін не деп жауап бермек? «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деп, соғыс кезінің ұшынып тұрған ұр да жық заңымен мұны да садақаға жібермесіне кім кепіл. Не істеп, не қоярын білмеген, бір шешімге келе алмаған қалпы тағы да өз ықтиярынан тыс қимылдап жүргендей, малын Уақ бұлағына қарай өргізген. «Бандымен тағы бір тілдесіп көрейін, жасаған жақсылығым үшін болса да жамандыққа бармас, жөн нұсқар» деген.


Банды ертеңіне көп ойланған жоқ, ойландырған да жоқ. «Бала, пешенеңе жазылғаннан асып қайда барарсың? Бізге бұйырған жол – тым тайғақ, тым тар болса да ертеңімізге есен жеткізсе болды да. Менің көргенімді көруге тәуекел десең, ер соңымнан» деген Мерген өңгерткен үшінші қойдың алдыңғы аяқтарын шылбырмен байлап жатып.


Бала ойланып қалған. Себебі соңғы кездері: «Жау шегініп барады, анау қала азат болды, мынау елден қуылып шықты» дейтін майданнан жақсы хабар жиі естіліп тұрған. «Жеңіс күні жақын болса, бәлкім мені соғысқа ала да қоймас» дейтін есекдәмесі бел ала бастаған. Оның үстіне өз қолына қарап қалған аурулы-сыр­қаулы Әкесін тастай қашқаны қалай болар.


– Аға, әзір мен үркердей қаша жөнелер себеп жоқ қой. Жоғал­ған үш қой үшін басымды алмас. Байырқалап, алды-артымды шолғаным жөн болар. Егер майданға шақыра қалса, сізге ілескеннен басқа жолды көріп тұрғаным жоқ. Егер ондай зобалаңды күн туғандай болса сізді іздеп табармын...


– Оның да жөн шығар, – деген Банды. – Ондай жағдай болып жатса, қойыңды осы Уақ бұлағына қарай өргізіп, өзің атыңмен анау биіктің төбесіне шығарсың. Белгі сол болсын. – Мерген ойда жоқта ұшырасқан қашқыннан құтылғанына қуанып, үйіне қайтқан. Үш қойдың жайын да өзінше ойластырған болды. Дәл санақшылар келер-ау деген күн жақындаған тұста ғана: «Ойбай, бүгін Бандыны көрдім. Мылтықпен қорқытып, үш қойымды бірдей тартып әкетті» деп жалпақ елге жар салмақ.


Арада екі аптадай уақыт тыныш өткен. «Үш қойдың жайын екі-үш аптаны өткізіп айтармын» деп жүрген тұста өзіне жатса түсінен, тұрса өңінен кетпес үрейлі хабар да жеткен. Бұйрықтың бұлтартар түрі жоқ. «Азық-түлігіңді алып, суыт жет!» депті. Мұны естіген Әкесі қаншалықты қоғамшыл болса да аһ ұрып, жатып қалған. «Қу жалғыз-ай, сенен де топырақ бұйыртпайын деген екен-ау!» деп, ас-суға да қарамай сұлық жатып қалған.


Мерген таң атқанша жүз төңбекшісе де, бір шешімге келе алмады. Ертеңінде колхоздың қойын тағы бір шалға санап өткізді де, үш қойды жоғалтқан болып, үйіне қайтқан. Азық-түлігін алып, көрші-қолаңдармен қоштасып жолға шыққан.


– Әке, бәлкім, сенің күтушісіз жалғыз қалғаныңды, қу соғыс­қа екі бірдей ұлыңды жалматқаныңды айтсам, босатар. Олар да адам ғой, түсінер. Қалай да қалуға тырысармын, – деп жұбатқан сақалынан көз жасы сорғалап жатқан Әкесін.


Неге екенін өзі де білмейді. Ауылдан шыға атының басын Уақ бұлағына қарай бұрған ол сүт пісірім өтпей-ақ Бандымен келіскен қарауыл биіктің төбесінде тұрды. Ол да мұны аңдып отырғандай, көп күттірген жоқ.


Ол мән-жайды түсініп болған соң:


– Не тұрыс бар? Кеттік, бала, – деген мұның бетіне қарап. – Әлде екі ойлы болып тұрсың ба?!


– Оныңыз да рас, аға! Мені әзірлеп майданға жеткізгенше соғысы құрғырдың да аты өшер деген дәмем де жоқ емес. Алайда, аға... «Тәуекел деп тас жұтқалы» тұрмын, ердім соңыңыздан! «Өрге салсаң – өгіз өледі, еңіске тартсаң – арба сынады» дейтін заманға тап келіппіз. Ақырын Алладан күттік, атыңызды ұстап берсем де, бір кәдеңізге жарармын. Қысылтаяң күн туса, өзіңізбен бірге көрермін. Жалғыз-ақ Әкем сорлы үшті-күйлі жоғалған менің уайымыммен-ақ өлер деп қорқамын, – деген.


Әл үстінде жатқан Әкеге де өзінің әскери комиссариатқа емес, Бандыға ілесіп кеткені жөнінде бір ауыз сөз айтпастан аттарының басын Сауырдың қарлы, қарағайлы биіктеріне бұрған. Заманында ағалары ұстап, кейіннен өзінің Мерген атын шығарған құрық мо­йын қара мылтығы мен артығы болмас деген оймен кеше кешке таман бүктеп қара ала қапқа салып, тастың түбіне тығып қойған тағы бір қойдың етін де бөктеріп алды.


Банды жасырынған үңгір Қайындының қалың қарағайлы күнгейінде екен, бірақ аңырайған кең аузы желге қарап тұрғандықтан ішін пана ғып, мекен ету қиын болды. Сол кезде ол Бандыға өзінің ежелден білетін үңгірі барын айтып, оны осында ертіп әкеліп көрсеткен. Аузы теріскей бетке қараған ықтағы бұл үңгір жасырынуға тіпті қолайлы еді. Аяз кірмес үшін үңгір аузының біраз жерін қарағайдың бұтағымен жауып, оның сыртынан шөп-шаламмен қымтап, қасат қармен бастырып тастаған. Өздері кіріп-шығатын кішкентай қуысты қой терісімен далдалай салған.


Бұта-бүргеннің түбіндегі қау болып өскен шөпті жұлып әкеліп, ат-көпір ғып төсеніш жасады. Оның үстіне қой терісі мен тоқым көрпешені төсеген соң кәдімгідей төсек болған. Тек қана жаққан оттың түтіні тар есіктен шығып болғанша үңгірдің ішіне толып алады екен де, көзді удай ашытып, берекелерін бек кетіреді екен. Қойын бағып келген соң сары қиды пешке лау ғып жағып қойып, Әкесін тамақтандыратын, содан соң оны-пұныны әңгіме етіп біраз отырған соң, жып-жылы төсекке жата кететін бозбала сұп-суық үңгірде түнеуге үйрене алмай біраз мазасызданған. Ол аздай таң атысымен-ақ әбден қараңғы түскенше Банды от жақтырмайтын. Түтінді біреулер көріп қояды деп қауіптенеді. От жаққанның өзінде де кез келген қарағай, арша, шыршаның ақ сөңке болып жатқан қу бұтақтарын сүйреп әкеліп жаға беруге үзілді-кесілді тыйым салған. Майлы ағаштың түтіні де қарақошқылданып, алыстан мен мұндалайтын көрінеді. Сондықтан да отынға тек қана әбден қураған ырғай мен талды немесе ұшқатты ғана пайдаландыратын.


Ыстық тамақ болмаған соң тоңазыған ет пен мұздай болып қалар суық шай ас болмай кештің батуын, оттың табына шекесін қыздырып отырып, шай ішер уақытты зарыға күтетін.


Мерген көбіне күндіз екі атты бағады. Онда да жан жүрмейтін көзге түсуі мүмкін емес қайдағы бір қиын жерлерді сағалайды. "Әй, қайт былай! Өй, кемелек келгір!" деп өзімен өзі қаңғұр-құңғыр сөйлескендей болып жүрер қойшының тіршілігі де бұдан көп жақсы екен. Қасат қарды теуіп-теуіп жіберіп, қу шөпті іскектей суырған қос аттың аузын күні бойы бағып отырғаны.


Екеуі ұрлаған қойлардың, оған қоса қыс ішінде жан баласы баспайтын иен жайлаудың барша аң-құсынан олжалағандарының етін жайып кептіріп қойып, шетінен жей беретін. Қуырып та жейтіндері ет, асып та жейтіндері ет, отқа қақтап жейтіндері де ет. Үңгірді паналаған қос қарақшы дүниенің бір шетінде бүкіл адамзаттың тағдыры шешіліп жатқан кезде, саңырау-мылқау адамдай тым-тырыс тау қойнауында бұғып жата берген. Ел жаққа он шақты күнде бір соғып, тұз-шай әкелетін Банды. Қайда барады, кімге барады, ол жағынан тіс жарып, тіл қатпайды. Әйтеуір сондайда ала келетін азын-аулақ тіске басар – құрт, ірімшік, бірер бөлке нанмен мұны қуандырады.


– Е, жасанып шыққан жау оңайлықпен берісе ме, әлі жағаласып жатса керек. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыпты» дегендей, өзге елді құл қыламын деп жүріп, өзінің күлін шаштырып алды-ау, бұл Гитлерің де. Ендігі бар күш-қуатын жинап, елін аман алып қалу үшін жанталасып жатса керек. Еліңде естілер жаңалықтың түрі осындай. – Ол өзі қатыспаған қан майдан туралы осындай хабарлар айтатын. Және өзінің кімнің сойылын соғарын аңдатпайтын. Оған сенсе Гитлер де жау, Сталин де жау. – Әйтеуір, ел дейтін елден де ес кеткен. Еңкейген кәрі, еңбектеген жастан басқаның бәрі аранның ажалды аузына аттанып жатыр, аттанып жатыр... Бала, осы кезде сенің де өлімтігіңнің қай қиырда жататынын құдайым білсін. Қарашы, міне маған ілесемін деп жаның - олжа, қарның тоқ, қайғың жоқ болды. Оның Банды туралы білері көп емес. «Тұқым-тұяғымды тұздай құртқан өкіметің үшін өлерім жоқ. Атамекенің үшін арпалысып өлсең арман жоқ, күні кеше талай боздақты көгендеп апарып атып-асып тастап, енді келіп, «Отаныңды қорғау – азаматтық парызың!» дей қалыпты. Әттең... әттең... «Зорсынғанға – Алла бар, сом темірге балға бар» деуші еді. Алла да зорды қорғай ма, деп қалдым» деген ол жау жағының елдің жерінен кетіп болғаны туралы хабарды өзі айтып келген соң.


– Аға, осы сіз біздің өкіметті сонша неге жек көресіз? – деп төте сауал тастаған. Ол отты жанарын жарқ еткізіп, мұны жеп қоярдай зілдене қараған.


«Ой, надан күшік сол! «Неге жек көресіз?» дейді ғой. Жек көрмейтін қай қылығы бар еді?! Өз еңбегін еміп жүріп, байыған менің әкем мен оның інісінің бастарын Сібірде қалдырардай олардың не жазықтары бар еді?! Екеуінің жазықтары арғы-бергі ағайын­ның басын қосып, тойдырып тамақ ішкізгендері, жыртықсыз киім кигізгендері ме? «Қанаушылар» деп оларға айдар тақты. Екеуі кімді қанапты? Ағайынның басын қосып, тірлікке тәрбиелегені, бәріне жақсылық жасап, жол-жоба нұсқағаны ма? «Қанау» деген сол ма? «Өздері де қойларын құрттап, қойыртпақтарын ұрттап» жүрген сол сорлыларға туған жердің топырағы да бұйырмады. Ал менің ағам мен нағашымды күні кеше, соғыстың алдында ғана «халық жауы» деп құртты. Екеуі де жапонның «шпио­ны» екен. Ол сорлылар ғұмырларында тірі жапонды көрді ме десеңші. Бұл жұмыр жердің үстінде «Жапония» деген елдің барын естіді ме екен десеңші! Өстіп тұқым-тұяғымды тұздай құртып болған, өзімнің қара басымды әупіріммен әрең қалдырған өкімет үшін басымды бір далаға апарып тастамақ екенмін ғой?! Жоқ, олары бола қоймас! Қолдарында өлермін! Банды орнынан атып тұрып, сыртқа беттеген. Тұла бойында тұнып жатқан ашу-ызасы, бәлкім қайтара алмас кегі оянды, әйтеуір жанына сая іздегендей, қар омбылап, орман кезіп кеткен.


Мерген де қайтадан қаузап, ол мәселеге оралмаған. Жан жарасының аузын тырнағысы келмеген. Қазір оның мұңын мұңдамақ түгілі өз уайымы да бір басына жетерліктей еді. Атсыз-аяқсыз жоғалған ұлы үшін Әкенің қандай күй кешіп жатқанын біле алмай уайымдайтын. «Жаздым-жаңылдым. Қолмен істеген қылмыс­ты мойныммен көтеремін!» деп бәрін де мойындап барсам деп те ойлар еді. Ондай әрекет жасауға қатты жапқан есігін қайыра ашуға дәті шыдамайды. Оның үстіне, «тағы да тоса тұрайын, бәлкім соғыс тәмамдалып та қалар» деп шегіншектейді.


Осылайша қарға адым қыстың күні терең шатқалда жатқан­дарға да сәулесін ұзағырақ түсіріп, күнгейдегі қой жуа көктей бастаған.


– Бұл кезде мал да төлдей бастады-ау. Әкем сорлы кімнің қолына қарап қалды екен? – деп бір-біріне байланысы жоқ бірдеңелерді Мерген айтқан болады. Бірақ онысын оң құлағымен тыңдар серігі жоқ. Бесатарын майлап, күніне үш-төрт дүркін сүртіп-тазалаудан бір жалықпай отыра беретін. «Бекер-ақ ілестім-ау, елге де, ағайын­ға да қарар бет қайсы ендігі? Басқасын қойғанда, Әкесінің өзі-ақ «шіріген жұмыртқаның барынан жоғы» дегені мәлім. Қанша уайымдағанмен ойланбай жасаған қадамның өмір бойы опық жегізеріне сенген еді. Мынау айналасын қар тұмшалаған терең шатқалдан шығар жолдың қиындығы сияқты ойланбай басқан қадамның кесірінен өзінің ар-намысын құлатып ал­ған құздан шығар төте соқ­пақты көре алмаған.


– Аға, жер аяғы болса кеңіп келеді. Көп кешікпей қар еріп, қуғыншылар да із шола бастар. Енді қайда барып паналаймыз? – деді ол бір күні.


– Саспа, – деген қаба сақал гүр ете қалып. – Мұзтаудың етек қары бұзылсын. Шекара тиіп тұр, ет асымда-ақ арғы бет аса салармыз.


Мерген «шекара асу» дегеннің бұл мекеннен біржола кету деген сөз екенін жақсы білетін. Банды бұл ойын «ертең аңға шығамыз» деген сияқты соншалықты жайма-шуақ, еш қиналмай-ақ айта салғанмен бұған жаңағы сөз қатты әсер еткен.


«Апыр-ау, мен де өлмелі Әкемді қия алмай қиналып жүрмін. Бұл шіркіннің не білген ойы бар? Сонда бала-шағасын тастап, өз басын алып қашып, кете бермек пе?» деп ойлаған Мерген. Ол Бандының үй-ішінің көрші колхоздың орталығында тұратынын, екі баласының барын айтқан әңгімелерінен жақсы білетін. «Сірә, әйелімен оқта-текте ұшырасып тұратын болар» деп те ойлайды. Оны серігі өз бала-шағасы туралы әңгіме айтпаса да ара-тұра сездіріп алатын. Үйіне барып жүр ме, бармай жүр ме, онда Мергеннің шаруасы қанша, ештеңе білмейтін, ештеңе аңдамайтын кісі сияқты болып отыра беретін.


Қаба сақалдың: «Шекара асамыз» дегенін естіген кезде шыдай алмай:


– Бала-шағаңызды қайтесіз? – деп қалған. Бұл сөз Бандыға «Аузыңды бұзайын ба?!» дегеннен ауыр естілсе керек, бетіне ажырая қарап, зірк ете қалған:


– Оған сенің қимаң қышымай-ақ қойсын!


Мерген болса сөз жарыстырып та әуре болмады, баяғы момақан, жуас қалпына түсіп, үнсіз отырып қалған.


Ол қалайда Бандымен жолының бөлінуі керектігін түсінгенмен өз соқпағын қалай ажыратып әкетерін біле алмай қиналды. «Еңкейген басты қылыш шаппайды» деуші еді, мына қызыл көзден қашып кетіп, қолмен жасаған қылмысты мойныммен көтерсем бе екен?» деп те ойлай берген.


Ел жақты тағы бір барлап келген серігі бір күні ерекше хабар әкелген. Өздері тырнақтай да үлес қоса алмаған, бірақ жалпақ ел болып сарыла күткен ұлы жеңістің хабары да жетіпті. Мерген бұл жаңалықтан соң қуанарын да, өкінерін де білмей дал болған. Оның «Әттеген-ай, бүйтіп, аңнан бетер иен таудағы үңгірді мекендегенше майданға кетіп-ақ қалуым керек еді-ау... «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деуші еді үлкендер. Мүмкін, жұрттың ортасында жүзім жарқын мен де жеңісті шаттана тойлап жүрер ме едім!» деген өкініші басымдау көрінген.


– Иә, әйтеуір елім-жұртым басына төнген зұлматтан құтылды деп қуанбасаң, жеңіс үшін шаттанатындай не бетіміз қалып еді? – деді бұл көзін жерден алмаған қалпы. Қаба сақал серігінің ойын айтқызбай-ақ оқып отырғандай:


– Жаныма еріп, жаныңды олжалап қалғаныңа өкінулі сияқтысың ғой? – деп суық жымиған.


– Өкінгенмен пайда не? Болары болып, бояуы сіңген шаруа ғой біздікі. Енді ұлы апаттың соңғы құрбаны болып өліп кетпеуді ойлағаннан басқа ештеңе қалмаған шығар.


– Қайта ашар есікті екеуіміз де қатты жауып кеткенбіз. Енді сені мен маған кешірім жоқ. Опасыздарға соғыста атылып үлгірмеген бір-бір оқты жалындырар... Ертең кеш бата ұзақ сапар­ға аттанамыз. «Артың соқпақ, алдың тұман!» Тұман да болса жанды алып қалар жалғыз жол – сол. Үлкен мақсат алдында тұрып, соңыңа қарап, жалтақтауың жақсы ырым емес, балақай.


Жолдың сәті түссе ертең түнделетіп, біздің ауылға барамыз. Бала-шағаны опасыздың баласы дегізіп, көзтүрткі қылғанша ала кетпекпін. Жеңгеңнің жолға мінетін атын ыңғайластырып келдім. Оларды іліп аламыз да тау асып, тартып отырамыз, – деген ол Мергеннің бетіне қарап.


Қаба сақал бұған ештеңе айтпаса да бәрін алдын ала шешіп, қапысыз ойластырып қойыпты. Әйелі, бала-шағасын ертіп алып, шекарадан өте шықпақ. Ал бұл ше? Ең аяғы жалғыз Әкесіне де қош бол деуге жарамай, жүре бермек пе?! Жоқ, қалайда бір амалын таппақ керек.


– Аға, тым болмағанда түн жамылып барып, Әкеме қайыр-қош айтып қайтайын. Меккеге үш мәрте арқалап апармасам да жасаған бар жақсылығым – жүзін көріп қайтайын, – деген шын толқып. Оның бұл өтінішінің буынсыз жерге пышақ ұру емес, шын мәніндегі перзенттік борыш, ұрпақтық пейіл екенін түсінсе керек, Банды да еш жал айта алмады.


– Жөн шығар мұның да. Ертең жеңгең бар, бәріміз үлкен жол­ға түскен соң екеуіміз кіріп шығамыз. Жарай ма? – деп ол мұның жүзіне қараған. Бірақ жанарынан белгісіз, бұл үшін өте бір түсініксіз жайды мұның жүрегі сезгендей еді. «Жаманнан қатты апарамын» – дегенге ұқсас еді ол жай.


– Жарайды, аға, – деді бала шын қуанған болып. Бірақ «Мен де ертеңге дейін бір байламға келермін» дейтін айтылмаған тәуекелшіл шешімі мұның да ішінде бұғып жатқан.


Мерген түні бойы ұйықтай алмаған. Не болғанда да бір шешімге осы түнде келіп, осы түнде қимылдап қалудың керектігін жақсы білді. Бүгінгі түн мұның өміріндегі ең маңызды кезең болмақ. Ертең асар Мұзтау асуы – табиғаттың тайғанақты асуы ғана емес, тағдырдың тар жолды асуы болмаққа керек. Сондықтан оның өмірлік бағыт-бағдарын біржола таңдар тұсы келгені анық болатын.


«Бандыны жоқтауын асырып, өлтіріп кетсем ше?» Жүрегі аузынан шыға қашардай дүрсілдеп қоя берді. Адам қанын мойын­ға жүктеу оңай болып па?, «Байлап тастасам ше?», «Аюдай қарулы албасты байлатып қойып, бала, білгеніңді қыл деп тып-тыныш жатар ма?» Атып тұрып, өзін бір-ақ мытысын. «Енді қайтпек керек?» Дөңбекшумен жатқанда таң саз беріп, үңгір ішіне ақшарбы сәуле себілген. Қаба сақал болса тәтті ұйқының құшағында үңгірді басына көшіріп, әлі қорылдап жатыр. Мерген ақырын ғана басын көтерген. Сәменнің жотасындай қоңқақ мұрнының желбезегі дірілдеп, шалқасынан жатқан серігінің бетіне қарап, біраз отырды. Бүгін кешке дейін кешіксе туған жермен қоштасып, жат елге мәңгіге аттанып кете барғаны. «Қайда қашсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, ол жақта да мұны құшағын жайып қарсы алар кімі бар еді? Тағы да мұның қолбаласы болып, отымен кіріп, күлімен шығып жүруі керек пе?! «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін аталы сөз тағы бар. Ол жақта пана болар деген қалың керей, найман ішінде Кеңес тыңшылары болып: «Опасыздарың бізге қашып келіпті» деп бұларды қайтадан бері қарай байлап-матап, ұстап бермесіне кім кепіл? «Егер мынаны өңгеріп алып барсам, өкіметтің кінәмді кешуі де мүмкін-ау. Осындай жеңіс қуанышы кезінде бір кеңдік көрсетер. Оның үстіне, ашық жаулықпен жасырынып, банды болып жүрген алаяқты ұстап апару - шыбын жанымның арашасы болуға жарамас па?! Осыдан өзге жол жоқ!».


Ол таңға таяу табылған ойына қуанып кеткен. Бірақ қалай өңгеріп апарарын ойлағанда тағы да өрекпіген көңілі су сепкендей басылды. Жан-жағына ақырын көз салып қарап еді, жанында өзінің құрық мойын қара мылтығы жатыр екен. Еппен ғана қимылдап, мылтығын қолына алған. Бірақ не істегісі келгенін өзі де әлі шеше қоймаған болатын. Қанша қатты ұйықтаса да бөрі сияқты сақ жататын Банды да осы сәтте елең етіп, талаураған қып-қызыл көзін ашып алған. Мерген «Енді не істеуім керек еді?» деп ойланып үлгірген жоқ. Серігінің қып-қызыл жанарынан жаман қорыққан. Бір сәтке кешіксе атып тұрып, өзін бас салардай көрінген. Қос қолына миы бұйрық берді ме, жоқ қос қолдың өзі қимылдады ма, оны өзі де білген жоқ. Бар білері қолындағы қаруын сермеп қалған соң ғана есін жинаған. Әлі ештеңенің байыбына барып үлгіре алмаған Бандының оң жақ самайынан сақ ете қалған мылтық дүмінің соққысынан кейін адырайған бадырақ көзі аларып, қарашығы төңкеріліп бара жатты. Талай аңды қорқыратып бауыздап жатқанда: «Төрт аяқты хайуан адамзаттың азығы, қажет болса қызығы үшін жаралған» дейтін қағиданы қатты ұстайтын жас жігіт өмірінде алғаш рет адамды және жаман-жақсы болсын төрт-бес ай мұңдас, сырлас болған серігін бір ұрып, сұлатып салған соң не істегенін есіне түсірейін дегендей мылтығын жерге тастай беріп, тұрған жерінен шегініп кеткен. Өне бойы мұздап, таңғы салқынға тоңазығандай тісі-тісіне тимей дірдектесін. «Мінеки қашып-пысып тау кезіп жүріп, ақыры мойныма адам қанын жүктедім-ау!» деп ойлады ол. Сол кезде қаба сақал қорқыраған бір үн шығарды. «Сірә, жан тәсілім бере алмай жатыр-ау!». Жоқ, ол енді ыңыранып, терең тыныстай бастапты. «Өлмепті!». Ол қуанып кетті. Орнынан атып тұрып, үңгірдің кіре берісінде жатқан қыл шылбырмен серігінің қол-аяғын шандып, байлай бастады. Жаңа ғана дірдектеп, тоңып отырған ол өзінің әп-сәтте борша-борша болып терлеп кеткенін сезді. Шелекте тұрған суық сумен алдымен өз бетін жуды да, қалғанын сұлап жатқан серігінің кеудесіне шаша салған. Ол дір ете қалды да, жиі-жиі тыныстап, көзін ашқан. Жаңағыдай емес, қарашығы орнына келе бастады. Ернін жыбырлатты. Сонан соң тағы бір ауыр ыңыранып алып: «Сүмелек! – деді ап-анық қып. – Сен сұмның қолыңнан қандай болсын иттіктің келерін сезуші едім... Бірақ дәл мынандай жауыздығыңды күтпеппін. Өзіме де обал жоқ!»


– Осылай болды, аға! – Ол алғаш рет «аға» дегенді туған інідей бір мейіріммен айтқанын өзі де байқамаған. – Өзіңіздің адасқаныңыз аздай, мені де ақ жолымнан тайдырдыңыз. Жалғыз Әкемді, бүкіл елімді тастап, соңыңыздан ерген қаңғыбас күшікке ұқсап, жат жұртқа қайдан ғана салпақтайын енді?!


– Қаңғыбас күшіктен өзіңнің қай жерің кем?! «Әкем» дейді ғой. Әкең баяғыда-ақ кенже ұлының соғысқа барудан қорқып, жанын олжалап қашып кеткенін естіген соң-ақ көп кешікпей қайғыдан жан тәсілім еткен. Шаңырағың ортасына түсіп, үйің иен қал­ған. «Елім» дейді ғой. Еліңе барар қай бетің қалып еді?! Мен де – бір, сен де – бір, екеуміз де Отанын сатқан опасызбыз!


– Әкемнің көз жұмғанын естірткен түріңіз осы ма? Бұрынырақ неғып айтпадыңыз?


– Естірткенде не қылар едің? Барып тірілтіп алар ма едің? Айтсам да, айтпасам да сенің ол жаққа аяқ баса алмасың айқын еді ғой! – Ол мұның бетіне шақшия қарады. – Енді не істемек ойың бар? Қанымды мойныңа жүктемексің бе?


– Еліме сізді өңгеріп апарып, бетімді жылытпақпын, аға. «Алдымен төрт-бес қойымды тартып алды, сонан соң өзімді әкеліп қолыма – бұғау, аяғыма тұсау сап, құл ғып қамап қойды" дермін. «Қарақшының тұтқынынан босаған бетте өзін байлап-матап, әкелгенім осы» дермін.


– Сенің үйіңдегі мылтығыңды да, киім-кешегіңді де мен әкеліппін бе? Бәрібір ақтала алмайсың!


– Е, ағатай-ай! Ақталатыныма өзімнің де көзім жетпей отыр ғой. Дегенмен «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, арыстай ғып сізді, соғыстан қашқан Бандыны алып барсам, сәл болса да кінәмді жеңілдете ме деген дәме ғой менікі.


Банды біраз уақыт үнсіз жатып, тағы тіл қатқан. Даусында бұрынғы өктемдік жоқ, жасып сөйледі.


– Талдырып, соққыға жыққаныңды ақыретке дейін қарыз қылмаймын, інім! Қол-аяғымды босат, жөніме жібер. Тіпті сенбесең мылтығымды да алып қал. Аз күн дәмдес болған жолдас едің ғой, босат мені. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» демеуші ме еді. Қасқыр құрлы жоқсың ба? Мені аямасаң да ши еттей екі баламды ая.

Мына сөзден соң: «Шынында да бұл жазғанның өзіме деген қай жаманшылығын көріп едім? Босатсам босатып жіберсем бе екен?» деген ойға келгені де рас болатын. Бірақ қатер құзынан біржола құламау үшін тұяғын іліктірер жалғыз тегеріштің де осы Банды екенін жақсы түсінген ол:


– Жоқ, аға! – деп кесіп айтқан. – Жаудан аялап алып қалған қу жанымды тағы бір алып қалу үшін сіздің жаныңызды құрбан етуіме тура келеді. Рас, маған жасаған жаманшылығыңызды көрдім дей алман. Ең үлкен қателігіңіз, қойларымды тартып ал­ғаныңызбен қоймай өзімді де шытырманы көп, шырғалаңды жолға салдыңыз. Елге сүйкімім кеткенін айтпағанда, Әкем сорлы да теріс батасын беріп, баз кешкен болар өмірден. Мінеки, сіз жасаған жамандық. Ал жасалған жамандықтың жазасы да болмақ! Асарыңызды асап, жасарыңызды жасадыңыз,өмірден тиесілі қызығыңызды алып үлгердіңіз. Мені қараңызшы, әлі жиырмаға да толған жоқпын. Үйленуім керек, ұрпақ өсіруім керек. Дүниеге босқа келіп, босқа кету бір түрлі ыңғайсыз екен. Бір басыңыз менің он екі де бір гүлі ашылмаған жас жанымды арашалауға жараса, не арманыңыз бар?! Оның үстіне, шиеттей екі баланы туған жерінен айырып, жеңгемізді де жат ел, жат жерге салпақтатып қайтесіз?! Әкесі үшін баласы, күйеуі үшін әйелі жауап бермес. Көп жетім мен көп жесірдің бірі болып жүріп, қатарға қосылар.


Банды тісін шақырлатты. Егер анау бадырайған қос жанар мылтық болып атылар болса, екі көзін де мынау «сіз» деп сызылып тұрған бала дұшпанының өңменінен қиналмай, ойланбай қадай салардай. Ондай құдірет қолында болмағандықтан, ол сөз «оғымен» атқылауға кірісті.


– Мен кейде-кейде бұл жалғанда өзімнің осы қадамымды қанша ақтағаныммен, елім-жұртым үшін бәрібір опасыз адам болып қаларымды білуші едім. Сен бар екенсің ғой, жер жастанғыр, жас қыршын! Мен елімді, туған елім емес, озбыр, отаршыл елімді сатып едім, сен сол еліңе қосып, мені, бірнеше ай дәмдес, мұңдас болған жолдасыңды да саттың. Әттең, аңқау басым аңқылдап жүріп, арманда кеттім. Тым болмаса мен сияқты себеп-сылтауы жоқ елін сатқан жанның жолдасын да ойланбай сатарын білсем керек еді ғой. Бәрібір көктемессің, көктей солғыр! Тірі болсам тілерсегіңді қиярмын, өлі болсам түсіңнен шықпай, өміріңді тозаққа айналдырармын. Әттең, әттең, опасыз қу дүние-ай, сенің осындай жұлынқұрт екеніңді ертерек білсем, кеңірдегіңді тісіммен қияр едім. Лағнет жаусын саған! Ал енді қолыңнан екі келсе, бірін қылып, білгеніңді істей бер! – деп, теріс қарап, дөңкиіп жатып алды. Мерген болса жүрегіне шаншудай қадал­ған жаңағы сөздерді мүлде елемеген сыңай танытты.


– Мен аттарды әкеліп, ерттейін, аға! Сіз осылай жатып дем ала тұрыңыз, – деді бір мүттәйім үнмен. – Көңіліңіз қаласа, аттарды ерттеген соң, түннен қалған сорпаны жылытып берейін. Енді кім сізге арқардың қара кесегі мен қойдың майлы етін араластырып асып, даярлап берер дейсіз?! Аз күн болса да бір үңгірді мекендеп, бір ошақтың отына жылындық. Дәмдес болдық. Жазаңызды алғанша қараңғы қапасқа қамар. Кім сізді мен сияқты әуектетіп, күтіп-бағар дейсіз?! Әрине, өзімді де «қауіпті жауды байлап әкелген батырымыз» деп төрге отырғызып, төреше күтер демеймін. Дегенмен сізге қарағанда жазам жеңілдеу болар ма деп дәмеленем де баяғы.


– Оттама! Атау кереңді өзің іш! Жақсыдан туған жалдап! Біле білсең елге мен сияқты ашық жаудан гөрі сен сияқты жасырын, жымысқы жаулар қауіптірек. Іштен жейтін жегіқұрт, бітеу жара сияқтысыңдар сендер! Білдірмей жеп құртасыңдар, түге!


– Аға, тіліңіз қандай ащы еді, жыланның шаққаны жеңілдеу шығар бұдан. Жер-жебіріме жетіп, жекен суымды іштіңіз ғой, тегі. Жемесеңіз тас қабыңыз, аға! Онда мен асықпай таңғы тамағымды қабылдап, тойып алғанша жата тұрарсыз. Артық айтып, ағат кетсем, ренжи көрмеңіз, – деп ол иіліп тағзым етті де, ошақтың отын тұтатты. Арқардың тоқпақтай ортан жілігін асықпай мүжіп, тасқа шағып майын жеді. Сонан соң ағаш тостақпен тола сорпаны үрлеп отырып, ұзақ сораптады. Әр қимылында Бандының жынына тие түссем дейтін бір қияңқылық, кесірлік бар. Ол аттарды әкеліп ерттегенше күн сәулесі Көктомар биігінен асып төгіліп, сай табанына да еркін түсе бастаған.


Мергеннің бұған дейінгі барлық шаруасы оңтайынан келе кетсе де, арыстай Бандыны атқа мінгізуге келгенде қатты қиналған. Өлген өгіздей болып жатты да алды.


– Осында біржола өлтіріп кет, сен сұмырайдың қолға түсірген пендесі болып бара алмаймын, –- деп қырсықты. –- Ең жаманы сасық күзеннен ажалын тапқан арыстанның тағдырын табармын.


Құла айғырды көлденеңінен тартып тұрып, ал кеп жалынсын, ал кеп жалынсын. «Ағалады» да, «көкеледі» де, көнер емес. Ай­ғайлады, доқ көрсетті, тіпті басынан асырып мылтық атты, қыңар емес.


– Аяқ-қолымды шеш, «жазмыштан озмыш жоқ», маңдайыма бұйырып тұрғаны сол болса, амалым қайсы, барайын, – деді бір кезде.


– Аға! Аяғыңызды шешейін, бірақ қара шоқпардай қолыңызды босата алмаймын, –- деп ол серігінің аяғын шешкен.– Ал енді, ағатай, көп бұлданбай атыңызға міне қойыңыз.


–Мә, саған! –- Ол Мергенді ыңқ еткізіп, іштен бір тепкен. Екінші рет ұмтылғанда жан дәрмен қашып құтылды. Сәл кідіріп, Бандының саптамасының екінші тепкісін көрсе, орнынан тұра алмай қалар еді. Басы тасқа қатты тиіпті. Ол ауырсынып сәл отырды, бірақ қабағын шытпауға тырысты.


– Бұл да дұрыс болды, аға! Бағана сіздің басыңызды жарғаным өмір бойы есімнен кетпейтін еді. Енді міне, дұрыс болды, есесін қайтардыңыз. Алланың алдында да, адамның алдында да арым таза жүретін болдым.


Ол «ағасын» тағы да ет асым уақыт азғырған. Бірақ малдасын құрып отырған Бандының жанына жақындамаған. Ақыры оны көндіре алмасын біліп, құлаш-құлаш қыл арқанмен жуан белінен шандып тастады да, арқанның екінші ұшын сандықтай қара тас­қа байлады. Пышақ, балта, өзінің Қарамылтығы сияқтыларды тығып, өзі құланы мініп, елге тартқан.


Ауыл мұны көргенде өлген адам тіріліп келгендей үрпиген.


– Немене, түк көрмегендей бақшия қалдыңдар? Бандының тұтқыны болдым ғой, сорлағанда. Ақыры есебін тауып, өзін байлап тастап келдім, – деген.


– Алла ғана қарағым-ай, қайдан білейік, ел сені де банды болып кетіпті, жуырда екеуін ұстауға әскер шығады екен дегенге сеніппіз, – деді көрші шалдардың бірі. – Әкең жазған да сенің қайғыңды көтере алмай көз жұмды ғой. Алды жарық болсын мар­құмның.


Мерген сол күні кештетіп, екі-үш кісімен үңгірге жеткен. Бекер обалы қане, Банды қыл арқаннан құтыла алмасын білсе керек, дөңкиіп сол орнында жатыр екен.


Келген кісілерге қарсылық көрсетпей, Банды өзі барып, атқа отырды. Тек орнынан тұрып:


– Жігіттер, менің анам да күң емес, ұл тудым деп қалжа жеген. Құл болмаймын деп жасаған бір қадамымның ақ-қарасын Алла білер. Бүгінгі мен мойындап отырған жалғыз кінәм – мына сұмды қасыма ерткенім ғана. Өкіметің маңдайымнан сипамас. Оны бәрің де білесің. Басқа салғанға көндім, жігіттер, тек нәсілімді қорлап, балағаттамаңдар, сүйегімді қорлап, қол тигізбеңдер! Қайтесіңдер, байлаулы жолбарысқа қатын да ер деген.


Екі-үш жылдай ұстатпай, қуыс-қуысқа тығылып жүр деген Бандыны өзінің колхоздан ұрлап мінген құла айғырына мінгізіп, ерге таңып алған Мерген мен ауылдың бір жігіті сол күні-ақ төтелей тартып, аудан орталығына жеткізген. «Қыстай осының еріксіз тұтқыны болдым, аяғыма кісен салды. Ақыры, мінеки, жаудан айламды асырып, алдарыңызға әкеліп отырмын» деп сайрады.


«Оу, шырағым, сені қыс бойы текке асырап, тұтқын қылып қайтеді? Оның үстіне саған шақыру қағаз барған күні бұның тұтқын ғып әкетуі қалай?» деген сауалға: «Мен сол шақыру қағаз бойынша ауданға бара жатқан жолда ұстап алды ғой, – деп шырылдаған. – Сенбесеңіздер, өзі айтсыншы. Қыс бойы атын бақтырып, асын пісіртті.»


Оның құтылмақ болған уәжін көп ешкім құлаққа ілмеді. Әңгіме шын жүйесін тапты. Банды өлім жазасына кесіліп, Мерген ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.


Су ішерлігі мен татар дәмі таусылмаған соң бәрі де ұмытылады екен. Ұлы көсем көз жұмған соң жазалыларға жасалған жаппай кешірімге ілігіп, елге аман-есен қайта оралған...


***


Мерген жұмсақ шөптің үстінде жатып, жамбасына тас бат­қандай, аунақши берген. Ол ауыр күрсініп, «Жымнан қашқан қояндай қу өмірдің құмайына ұстатпай, безек қағумен бұлталақтап-ақ келеміз. Енді қанша ғұмыр қалды екен?» деп ойлады.


Алтыншы тарау


... Баяғыда енесін жайратып кеткен түтік темір отты оғымен Ақтөстің де жон арқасын бір қарып түскені бар. Көп азап көріп, әрең сауығып еді...


***


Қонжық бүкіл қыс бойы ұйықтап шыққанын, жел үрлеп тұратын суық апанының аузын қалың қасат қар басып қалғанын, тек өзінің жылы демімен еріген кішкентай ғана қуыстың сыртқы дүние­мен жалғастырып, өзі тыныстар ауаны жеткізер саңылау болғанын ол жазған қайдан білсін. Есінде елес болып қалғаны ұйқылы-ояу қалпында апан аузының қарын бұзып, екі-үш дүркін тысқа шыққаны. Ішін босатып, сіресіп қалған денесін жазғаны, аппақ қардың үстіне аунағаны, сонан соң сол маужыраған қалпы жылы орнына кеп қайтадан жайғасқаны...


... Енесінің бауырына тығыла түседі екен дейді. Сорған сайын емшегінен жып-жылы болып көмейіне саулайтын дәмді нәрдің тамбай қойғаны. Үлпілдеген мамық тамыр енесінің бауырына сіңіп жоқ болып кеткендей, оның орнында қап-қатты бірдеңе қалған сияқты. Тіпті болмаған соң сол қап-қатты затты құныға жалай берген. Бірақ өз сілекейін өзі жұтқаны болмаса, тағы да аш өзегін жалғар дәнеңе таппады. Қарны соншалықты аша да қоймаған еді, алайда жеу атты қонжық тірлігінің бар мәні оны өз еркінен тыс тысқа, кең дүниеге жетелегендей. Әйтпесе аю атаулының қысқы ұйқы кезінде қорек іздеу атты сезімді уақытша ұмытатынын, тіпті ол кездері асқазандарының ауқымы да мүлде кішірейіп, ұйқыдан оянғаннан соң да он-он бес күн қалпына келмейтінін бір жаратушыдан өзге кім біліп жатыр.


Дегенмен ол қорек қабылдау деген қадетін есіне түсіргісі келгендей, қайыңның қабығы болса да кеміріп жеуге бар еді. Ол ыңырана қыңсылап барып басын көтерген. Біразға дейін ештеңені көре алмай, өзінің қайда жатқанын, не ғып жатқанын біле алмай аң-таң болған. Байқаса, жатқан қапасының ішіне кішкене ғана саңылаудан алакөлеңке жарық түсіп тұр екен. Бірте-бірте қараң­ғылыққа көзі үйренген соң өзінің үйреншікті апанын таныған. Жаңа ғана өзі емшегін сорпылдата еміп, құныға жалап жатқан енесі Қоңырды іздеді. Ұялас бауыры да көрінбейді. Апанның ішінде өзінен басқа ешқандай тіршілік иесі жоқ еді.


Ол бәрін де есіне түсіргісі келгендей алдыңғы екі аяғына иегін сүйеп жата кеткен. «Сыңсыған қалың орманның арасындағы өздерінің жайылуға шығатын соқпақ жымы, қос қарағайдың ортасында салбырап тұрған темір, оны алдыңғы екі аяғымен бірдей уыстай ұстаған енесінің қинала гүрілдеуі, жартас басында түтік темірін кезей ұстаған аласа бойлы...» Ол әрі қарай өз-өзін ұстай алмай ішін тарта күңіренген. Әлде аю баласына тән жылауы, әлде аю баласына тән ашуы оны өзі де білмейді. Бір ғажабы, Ақтөс өз үнінен өзі шошынып еді. Өз даусы гүрілдеген үлкен аюдың үніне қатты ұқсайтын. Ол сіресіп қалған аяқтарын өзіне бағындырып, орнынан тұра алмай әуре болған. Әйтеуір сандалақтап тұрды да, апанның аузына жақындаған. Әлі ери қоймаған қасат қарға пышақтай тырнағын салып-салып жіберіп еді, даланың ызғарлы суық, бірақ мейлінше таза ауасы мен көз қарықтырар өткір, жарық сәулесі қонжықты алғашқы сәтте сасқалақтатып тастағандай. Ол қарға бауырын төсеп жата кетіп, көзін жұмған. Әлі де маужырап ұзақ жата берер еді, бірақ төбесін, тұла бойын қыздыра бастаған күннің жылуы ұйқысын ашып жібергендей. Және ерте келген жыл құстарының үндері оны көктем, жаз қызығына жетелегендей бұдан әрі жата беруге шыдатпаған. Шұбалаңдап орнынан тұрды.


О ғажап, жаңа өз үнінен өзі шошып еді, енді өз денесін өзі танымастай өзгеріп кетіпті. Кеудесі биіктеп, аяқтары жуандапты. Жүрген кезде бір-біріне соғылып, сырт-сырт үн шығарар болат тұяқтары да сойдиып өсе түскен. Ал үстіндегі түгі дәл енесінің мамығындай ұп-ұзын болып үлпілдейді. Ол ұзақ қыс бойы ұйқы соққанын, жаймашуақтанып жатқан мынау мекенінде талай-талай ақ борандардың орай соққанын, талай шыңылтыр аяздардың бол­ғанын – бәрін, бәрін де білмейтін еді. Неге екенін өзі де пайымдап жатпай-ақ, орманды күңірентіп, гүрілдей ақырып жіберген. Иә, өз үні екен. Тура енесінің даусынан аумайды, айбатты-ақ. Сонша қатты, сонша айбарлы.


Ақтөс өзі ұйықтап жатқан кезде мекеніне кімдердің келіп, кімдердің кеткенін білейін дегендей, айналадан иіс тартып біраз жүрген. Кеудесін әлде не қысып, әлде не ас жүрер жолда көлденең тұрғандай болған соң, неге өйткенін өзі де білмейді, соқыр түйсікпен біраз жүн-жұрқаны талмап, усойқының бұтағын шайнады. Бүкіл іш құрылысына от түсіп кеткендей болған соң, еріксіз барып өзен суына бас қойған. Көп ұзамай-ақ ол да асқазанын тура енесі Қоңыр сияқты тазалап алды. Біраз қар үстінде аунап жатты да, көп ойланбай-ақ көзіне көрінген шөптердің тамырын қазуға кірісті. Өткір тұяқтардың өзі тас болып қатып жатқан жерге батпай әбден әуре қылды. Онысынан ештеңе шықпаған соң арт­қы екі аяғымен тік тұрып, бұта-бүргеннің басын шала бастады. Қанша жайылғанын өзі де білмейді, бүкіл болмысы үйреншікті әдетін тап­қанына қуанғандай. Енді ол сай табанына түсіп, құмырс­қа илеулерін қопарып еді, ештеңе таппады. Тек баданадай-баданадай аппақ түйірлерді тілімен жалап, талмап көрді. Дәмі тіл үйірген ақ түйіршіктер аранын аша түскендей. Ол басын жерден алмай тіміскілеген қалпы таудан асып түскен. Күнгей беттің қары еріп, жер қарайып қалыпты. Өткен жылдан қалған сарыаланың баданадай тамырын қазып алып, бір-бір толғап жұта берді. Беткейге ерте көктейтін тау сарымсағын қазып алып, қабат-қабат қызғылт тондарын шала сыпырып жеді, бірақ үш-төрт түбі ауыз толтырар қомақты өсімдік болғанмен, удай ащы бәлекет бүкіл көмейін өртеп кеткен. Амалсыз тоңқалаңдай жүгіріп барып, жылғадағы ойдым-ойдым мұз астынан сылдырап жатқан бұлақ суын сылпылдатып ұзақ ішті. Содан кейін тау сарымсағын тастай беріп, қой жуаның сүт татыған кіп-кішкене аппақ дәнін суырып талмаған. Мынандай алып денеге қанағат болмайтын өнімсіз дүние мандымайды-ақ екен, бірақ одан басқа ас болар дүниені көре алмаған соң, амалсыз қараңғы түскенше күңгейден түспей жайылған.


Айналасы аз күнде тау ішінің қары кетіп, күн ызғары әбден жылына бастаған. Қараған-бұта, тау беткейлеріне дейін аз күнде жап-жасыл бояуға малынып үлгірді. Күн қызған сайын тып-тыныш өлкеге жан кіргендей ызылдап-гуілдеп ұшқан, шиқылдап шөп арасында жүгірген жәндіктер күрт көбейді. Ақтөс осы бір тұста сирек кездесетін, бірақ өте дәмді ас түрін тапқан. Аласа ағаштардың бұтағына салынған қарға-сауысқанның, тіпті шөп арасындағы бөдене, торғайлардың ұяларын бұзып, жұмыртқаларын жейтін. Секпіл-секпіл, көгілдір, шұбар түрлі түсті, көлемі де әр түрлі жұмыртқалардың бірнешеуін тілімен жалап алып, таңдайына салып, бір мытып қалар еді. Сол кезде бал татыған сары уыз көмейін қуандырып, әрі қарай аға жөнелетін. Жұмыртқаның қабығын езуінен шығарып тастауды да үйреніп алған-ды.


Тәуліктің аз ғана бөлігінде тыныстап, қалған уақыттың бәрінде тек қу құлқынның қамымен тамақ іздеумен болатын. Бір қызығы, көктем шығып, талғажау етер тамақ түрі көбейген сайын оның араны ашылып, іші шеңбірек атқанша тіміскіленіп, жайыла беретін. Шөптің тамырларынан бастап, әр түрлі бұта-бүргеннің жемісіне дейін, құмырсқадан бастап құстардың жұмыртқасына дейін – бәрі-бәрін де талғап жатпай-ақ толғай беретін. Тіпті тау өзенінің иірімдерін шүпірлеп жүретін қара жон кішкене балықтарды аулауға да біраз тәжірибе жинақтап қалған. Ол иірім суын алдыңғы қос аяғымен көсіп алып, жағаға шашатын. Бірде болмаса, бірде жағада қалып тыпыршыған балықты қылғыта салу қиын емес еді. Соның арқасында Ақтөстің жаз шыға денесі толысып, жонданып-ақ қалған.


Ол енесі бардағыдай тұмсығы қанға тиіп көрмеген болатын. Содан да болар, өзен бойында өзіне жиі ұшырасатын бұғы, ар­қарларды, жерді қопарудан таңның атысынан күннің батысына дейін бір жалықпайтын бітік көз қабан-шошқаларды да ұстап-жеуге болатынын білгенмен, қалай ұстауды мүлде білмейтін. Сондықтан ол өзіне тиіспегенге өзі де тиіспеуге серт бергендей бәрінен де аулағырақ жүруге тырысатын. Өткен жазда өзен бойындағы жалғыз аяқ соқпақпен келе жатқанда өзіне тұра ұмтылып, зәресін кетірген көкжал бөрінің екеуі бір күні қарсы ұшыраса кетті. Екеуі бірдей желке жүндерін күдірейтіп, ырылдаған күйлері орындарында тұрып қалған. Аю өз күшін шамалай алатын күйге жеткендіктен, бойы өзіне қарағанда тәпелтек мына екеуі тұра ұмтылғандай бола қалса, олардан оңайшылықпен жәбір көрмесіне сенген. Егер жау тұра ұмтылғандай болса, алдыңғы аяғымен ұрып жығу үшін ол бойын созып, желке жүнін күдірейтті. Тік түрегеліп, күркіреп айбат шеккен. Сол-ақ екен, от шашқан шатақшыл көздерін айырмаған күйлері қос жырт­қыш ығысып, жолдан шыға берген. Жолдан шыққандарымен, «Әлі де көрісерміз» дескендей ырылдасып, доң-айбат көрсетіп кетті. Ақтөс болса, осы оқиғадан кейін өзіне тең келер күштің бұл орманда жоқтығын біржола сезінген. Бірақ ол әзірге өз тұқымдастарына бетпе-бет кездесе қоймаған.


Тек бірде өзінен де әлдінің барына көзі жетті. Әрине, ол өз тұқымдасы болатын. Қонжық өзінің апаны орналасқан терең сайды ұзақ өрлеп, басында аппақ мұз жатқан биік таудың ортасына дейін көтерілді. Биіктеген сайын көгілдір мұнарт басқан шатқалдар тереңдеп, ағаштардың бәрі ұп-ұсақ болып көрінеді екен. Тауға қарай өрлеген сайын өндіршекті қағар қалың шал­ғын аласара-аласара мап-майда тықыр раң шөпке айналған. Сұр тастардан түсі аумайтын сұп-сұр құстар жортады. Мойындары қылт-қылт етіп, сусылдай жүгіргендерін тамашалап, біраз қарап тұрған. Сонан соң ол жел жақтан келген әлдебір өзіне сонша таныс, сонша жағымды иісті сезген. Енесі Қоңырдың иісіне ұқсай ма, әлде бөгделік иіс сезіле ме? Ол сол жанға жағымды иіс шыққан жаққа бұрыламын дегені сол еді, ту сыртынан әлдененің гүр ете қалғанын естігенде, тұрған жерінде жығылып қала жаздады. Жалт қараса, үлкендігі өзінің енесі Қоңырдан кем түспейтін Сұр аюдың айбат шегіп, гүжірейіп тұрғанын көрген. Қазандай басын жерге салып, оңды-солды тынбай шайқайды. Гүрілдеп-сарылдап, жер-көкті көшіріп тұр. Үнінде белгілі бір сарын бар. Былтыр енесі қос қонжығын ерт­кен кірекейге кездескенде, сонан соң өз мекендеріне үш қонжығын ертіп келген кірекейдің үні осылай болатын. Басын жерден алмай ұзақ гүрілдеп алып, соңын өгіздің өкіргені сияқты дыбысқа ұластыратын. Сірә, «Қайдан келген батырсың ? Бұл – менің мекенім. Жөніңді тап, болмаса кел жекпе-жекке!» дейтіндей, ниеті бұзық. Қоңырдан басқа аю көрмеген Ақтөс бұл кездесуден ұлы жаңалық ашқандай не істерін білмей аң-таң күйде тұрған. Қаша жөнелудің бабын таппады. Шыны керек, жаңа көрген тұқымдасына жақындап, иісін тарт­қысы келген. Тіпті, ол қайда барса да жанынан қалмай ілесе жөнелуге де бар еді. Бәлкім, енесін сағынғаннан, бәлкім, жалғыздықтан әбден жалыққаннан. Бірақ Сұр аю доқ көрсетуін доғарар түрі жоқ, елдік нышан танытпайды. Жылтыраған қос жанарында жылылық жоқ. Үлкен аюдың мысы басқаны сонша, Ақтөс оған қарсы майдан ашу үшін ізденіп келмегені анық болатын. Содан да болар, жан алғыштай болып, бір басып, екі басып, жанына жақындап келе жатқан Сұр аюға не амал істерін білмей, жерге жата кеткен. Әзірге өзі білмейтін кінәсі үшін кішірейген, бағынған түрі.


Сұр аю сол асықпай, маң-маң басқан күйі дәл жанына келіп тоқтады. Жылтыраған қос жанары ішіп-жеп, жаулық пейілінен танар емес. Егер Ақтөс сәл қыбыр етсе, пышақтай сойдақ тістерін алқымға салып жіберердей. Жеріне шақырусыз келген жауын асықпай зерттеп, біраз иіскегені болмаса, одан өзге кішіпейілділік көрсете алған жоқ, сонымен бірге қиянат та жасаған жоқ. Біраз жанында тұрған соң «Ендеше жөніңді тап» дегендей асықпай басып, ұзай берген. Әлі де Сұрмен достасып, соңынан ере жөнелу ниетінен арыла алмай жатқан Ақтөске «жан бітіп» орнынан тұрған. «Мұныма қалай қарайсың?» дегендей соңынан ілби басып, ілесе бергені сол еді, жаңа танысы тағы да зілді гүріліне салып, қасқайып тұра қалды. Бұл Ақтөс үшін де енді әбден түсінікті әрекет еді. «Есің барда еліңді тап» дегендей ол достықты да, таныстықты да жинап қойып, өз мекеніне қарай бұрыла қашқан.


Содан қайтып бөгде жер, бөтен маңға аяқ басқанды қойған. Жалғыздық тіршілігіне өзі де әбден көндігіп алған болатын.


Бір қызығы сол оқиғадан кейін аз уақыт өтер-өтпесте тағы бір бөтен тұқымдасының мұның мекеніне келгені бар. «Осы қайтер екен?» дегендей Ақтөсті біраз жерден көріп қалған келімсек те сос­тиып тұрып қалыпты. Ақтөс Сұр аюдан көргенін істеп, басты жерге салып жіберіп, оңды-солды шайқасын-ай келіп. Гүрілдеп айбат шеккен. Үнінің соңғы жағында бұл да озандап өкіріп аяқтаған. О, ғажап! Келімсек артына қарай-қарай зытып барады екен. Біреуден өзі қорықса, біреуді өзі қорқытты. Бұл қорқу, қорқыту дегеннің туған мекенді қорғау, яғни өз жерің үшін өліссең де өзгенің жері үшін өңмендеме деген соқыр сезім, қарапайым табиғи қағидадан туындап жатқанын ол білмесе де, доғал ғана түйсікпен орындап шыққан.


Жон арқасын оққа қарытатын оқиға да осындай күз ызғырығы біліне бастаған кезде болған еді. Ол әбден ымырт үйірілген шақта өзенді құлдап келе жатқан. Жайып жіберген шашын суға малып тұратын сәмбі талдың арасынан кішкене алаңқайға шыға бергені сол еді, әлдеқандай бір жат иіс қолқасын қапқан. Бұл орманның ішінде ұшыраса бермейтін иіс. Бірақ Ақтөс бұл иісті бұрын да бір кездестіргенін есіне түсірген... ... Өткен жылы, иә, иә, енесі Қоңырды өлтірген күні екі аяқты хайуандарды алғаш көргенде дәл осы бір иіс қолқасын қауып еді.


Ол соны нақтап біліп алғысы келгендей алаң ортасына жетіп тоқтай қалып, тағы да иіс тартқан. Сол кезде қолында көтерген домалақ темір ыдысы бар екі аяқты да көрінген. Екі-үш адым ғана жерде тұр. Иегінде таутекенің сақалындай желпілдеген бір шоқ түгі бар, тәпелтек. Өзінің енесінің ажалына жеткен, Ұяласын тыпырлатып, орап-шымқап алып кеткен екі аяқтының дәл осы екенін ол шіркіннің доғал түйсігі ажырата алмаған, сондықтан оның кеудесінде өшпенділік, кек алу дейтін сезім атымен жоқ болатын. Тек қана мыңғырған қалың аппақ хайуандардың қыр соңынан қалмайтын, көбіне төрт аяқтап жүретін жалдас үлкендеу тағы бір жануардың үстінде шоқиып отыратын осынау екі аяқты тіршілік иесін биыл жазда да жиі көріп жүрген. Бірақ екі аяқтымен бүгін өз иелігіндегі мекенде ұшырасу оған мүлде қызық көрінген. Сондықтан да ол екі аяқтыға ешбір теріс мінез танытпаған қалпы орнында тапжылмай тұра берді. Екі аяқты шабуыл жасағандай болса оны өзінің жалпақ алақанымен бір ұрғанынан қалдырмайтынын да жақсы біледі. Бірақ екі аяқтының шабуыл жасағаны сол, көбіне бос салақтап жүретін алдыңғы екі аяғын ербең-ербең еткізіп, шегіне бастады. Жаңағы ұстап келе жатқан темір ыдысы да бір далада қалыпты. Ақтөске оның осы қылығы тіпті қызық көрінгені соншалық, онсыз да қайда қашарын білмей тұрған екі аяқтыға бір басып, екі басып жақындай бергені сол еді, көзі шарасынан шыққан ол байғұс ерекше бір шырылдаған жаман үн шығарып, мұның өзін де селк еткізген. Өзінен тұрқы жағынан әлденеше үлкен бір жануарды тепкілеп мініп алатын пәлекет ондай мықтылықтың бірін көрсетуге шамасы келмей, дірілдеп-қалшылдап, мүсәпір болды да қалды. Аю тағы тоқтай қалды. Әлдене танауын жарып бара жатқан соң аяғының астына қараған. Екі аяқтының жаңа көтеріп келе жатқан темір ыдысының иісі екен. Ішінде суы бар. Ол әбден біліп алайын дегендей темірдің иісін біраз тартты. Темірдің иісімен қоса екі аяқтының сонша жат тер исі де танауын жарды. Ал артқы жағы күркіреген асау өзен, қашар жері жоқ екі аяқты болса бір басып, екі басып жоғары қарай жылыстап кетіп барады екен. «Осы ойынымызды біраз жерге жеткізейік» дегендей аю да оның өзін айналып өтіп, кетуіне жол бермей алдын кес-кестеді. Екі аяқты тағы да еш хайуанның үніне ұқсамайтын дауыс шығарып, шақылдай жөнелген. Жіп-жіңішке даусы мұндай ащы болар ма, құлағын тесіп жібере жаздады. Сөйткен де еңкейіп отыра кеткендей болып еді, алдыңғы аяғына ағаштың бұтағын іліп, бойын қайта тіктеді. Ол бұтақпен не тындырғалы тұрғанын да бұл ұқпаған. Бірақ Ақтөс екі аяқтыға жау­лық мінез танытқан жоқ. Қарсысында тұрған тіршілік енді қандай өнер көрсетер екен дегендей, мелшиіп қарады да тұрды. Аюдың өзіне шаппайтынын түсінсе керек, екі аяқты да ағаш бұтағын көтерген қалпы арбасқандай бір орнында тапжылмай тұрып қалды. Олар осы қалыптарында біраз аңдысқан соң ақыры аю бұл ермегінен жалықты білем, асықпай маң-маң басқан күйі өзінің соқпағына түскен болатын. Ол қалың жынысқа қарай кіріп бара жатып, жаңағы екі аяқты тұрып қалған алаңқайға қайтадан мойнын бұрған. Орман патшасының әзілінен құтылған екі аяқты жүгірген бойы тау беткейіндегі үңгірге кіріп барады екен. Ақтөстің сол бойда кете беруіне де болушы еді, бірақ не сор айдағанын кім білсін, жауы кіріп кеткен үңгірдің аузына қарап кідірді. Сол кезде қолына түтік темірді ұстап тысқа қайтадан шыққан екі аяқты жартастың үстіне талтайып тұра қалып, қаруын жоғары көтере берді. Дәл осы бір сурет дәл осы қалпында аюдың көз алдына өткен күндердің бұлың­ғыр елесі болып тұра қалғандай. «Гүрс еткен ащы дыбыс. Кеудесінен қаны атқақтап, құлап бара жатқан енесі Қоңыр...» бәрі де сонша қас-қағым сәтте көз алдына келіп еді.


Жаңағы бір немкетті ермектің бірі де жоқ. Оның тұла бойын белгісіз бір ашу буды. Бәлкім иегінде бір шоқ түгі бар жаңағы екі аяқты хайуанды алғаш көрген бетте осы сурет елестеген болса, оны, сөз жоқ, езіп тастар ма еді, кім білсін. Ақырып жауына қарай қайта ұмтылғысы келген, бірақ үлгірмеді, жон арқасына әлдене келіп қатты соғылғандай. Соғылған жоқ-ау, ып-ыстық болып денесіне қадала түскен. Іле-шала жер-дүниені күңірентіп гүрс еткен ащы дауыс естілді. Әлде жастық, әлде тәжірибесіздік, аю баласының өзіне алғашқы болып жәбір жасаушының қолында өлу үшін қарсы шабатын қасиетті ұмытып, ол жан дәрмен екі-ақ секіріп, қалың жынысқа кіріп кетті. Тоңқалаңдап ұзақ жүгірді. Әбден қараңғы түсіп, шаршаған кезде оның үстіне жарақаты жанына батып, ауырған кезде әрең аялдаған. Аялдады дегенмен тыншып, жата да алмады. Ыңыранып-күңіреніп қараған-бұтаны, қарағайлардың бұтақтарын сындырумен әбден әлекке түссін. Сол жарақаттың кесірінен тамағын тауып жеуге де шамасы келмей азап көрумен болды. Сау кезінде аузына да алмайтын удай ащы усойқының қабығын сыдырып, айбақ-сайбақ марал тамырды қазып жеді. Биік жартастардың жақпарларынан тамшылайтын кермек дәмді тастың майы, аңжалақты жалады. Осының бәрінің ас болмасын білсе де, жанына батқан аурудан алданыш іздегендей, өзіне де беймәлім табиғи соқыр түйсікпен келіп, алғаш рет жеген болатын.


Өткен жазда енесі алдыңғы бір аяғынан ақсап, солтақтап жүре алмай қалғанда талай сайдан, талай белден асып, ұзақ жүріп барып, биік жартастың түбіндегі жылы бұлаққа аяғын малған күйі тапжылмай жатып алып, бұларды әбден жалықтырған. Сол есіне түскені, жылы бұлақ суынан қандай көмек іздегенін өзі де білмейді, іздеп жүріп оны да тапты. Алдымен буы бұрқырап жылап ағып жатқан жылы судан жалап көрді. Сонан соң сояудай тырнағымен жерді қазып ор жасады да, жатып аунасын-ай келіп. Удай ашып, жанын көзіне көрсететін жарасының ауырғаны да бәсеңдегендей. Ол сол жатқанынан бір күн, бір түн қозғалмастан жатқан болатын. Бірте-бірте ауру азабы азайып, бірер апта әбден ашыққан соң қайтадан құмырсқа илеулерін қопарып, қайтадан беткейде толып тұрған қалың қарақатқа жауша тиіскен. Содан бері екі аяқтыны көрсе, алды-артына қарауға шамасы келмей, безе жөнелетін болған... Содан бері алыстан екі аяқтыны көрсе-ақ болды, олардың бәрі оған иегінде таутекенің сақалындай бір шоқ түгі бар тәпелтек кісі болып елестейтін.


***


... Ақтөс орнымнан тұрып кетсем бе екен дегендей мойнын созып, апанның аузына қараған. Жұлдыздар самсап, жаңа туған ай сығалады. Ол қайтадан тұмсығын жып-жылы бауырына тығып, жата кеткен. Бірте-бірте санасының бәрі де бұлыңғырланып, тәтті ұйқы құшағына еніп бара жатты. Ұйықтап жатқанда да апанның ішін толтырып тұратын алып денесі селк-селк етумен болды. Кім біледі, ол түсінде де темір түтіктің қаһарлы үнінен шошынған болар.


Жетінші тарау


«Енді қанша ғұмыр қалды екен?» деп ойлады Мерген аунақшып жатып. Ойлап қараса тіршілігінде ешкімге ауыртпалығын арт­пай, саяқ жылқы сияқты өз күнін өзі көріпті, елден өзгеше күн кешіпті. Ақшолақ мылтығының арқасында бала-шағасының нәпақасын Сауырдың ну орманының арасынан теріп, олардың жүрегін қарайтпапты. Рас, алпыстың жуан ортасына келген ғұмырында колхоздың қойын бақты, сиырын бақты, ақыры зейнеткерлікке қорықшы болып жүргенде шықты. Зейнеткерлікке шыққанша құрбылас, тұрғыластары көрген бейнеткерлікті бастан кеше қоймапты. Тек анау бір «әрісті» болып өткізген бес жылы болмаса. Ол кезеңін өзі де еске түсіргісі келмейді. Бүгінде өмірінің сол бір келте бөлігі көрген жаман түсі сияқты елестер еді. Өзі сияқты майданнан тайсақтағандардың, қоғам мүлкіне суық қол сұққандардың, тіпті есептен жаңылып, мемлекетке қарыз болып қалғандардың жиналған тобыры еді ол. Сондықтан да айыптылардың арасында күшін көрсетіп, тісін батырар содырлар көп болмайтын. Бұлар көрсе көресіні қызыл жаға қырандардан көрер еді. Е-е, ол да өтті-кетті бір өмір еді...


Ал айдаудан оралған соң өз колхозына, өз фермасына келіп, өшіп қалған Әке түтінін түтетті.


Ағайынға өкпе жоқ, ештеңе болмағандай, «кебенек киген келеді» десіп, қарсы алған. Айыбымды жуып-шаяйын дегендей, бел шешпей колхоз шаруасына кіріскен болды. Бірақ сүйекпен біткен қасиет тауға қарап ұлуын да қайта бастаған. Осы аңға құмарлығының кесірінен «Сен жақсысың!» деген сөзді сирек естіпті. Естімесе естусіз қалсын! О баста жаратушысы несібеңді қалыңның арасынан, өзеннің сағасынан тересің, ол үшін жаздың ыстығына да, қыстың суығына да қарама, күндізге де, түнге де көңіл бөлме, деп маңдайына біржола жазып тастаса, бұл шіркінге қайтпек керек?! Аңға деген құмарлығы өз алдына, қазіргі қара қазан, сары баланың қамын айырған несібе, нәпақасы да осы кәсібіне келіп тіреле берер еді. Тауынан соңғы бұғы, соңғы арқар, елігі таусылғанша, өзінің қолынан мылтығы түскенше, өмірден алар үлесі мен есесін жібермесі тағы да кәміл. Қайта қара көжеге қарап қалған өзгелерге қарағанда, жамбастың мырза басын ұстап отырғандай, өз тірлігіне риза болатын.


Соғыс бітті, ел есін жинады дегенмен, ол кезде әр колхозшы еңбекақы сұрау дегенді есінде қойып, түсінде де көрмейтін. Айына берген төрт-бес килә бидайға қой-ешкінің сүтінен алар құрт-ірімшігін, сүзбе-майын қорек қып ілдәлдалайтын. Ал жалғыз сиыры барлар оның бұзауын жыл сайын салыққа өткізіп, қарап отырар еді. Содан да олардың тісіне айына бір дүркін қызарған тисе, соған да риза болатын.


Мерген бала-шағасын қызылсыратқан жоқ. Басқасын қой­ғанда, шалдардың тымағынан басқаға жарамайтын жаман қызыл түлкі де бұл күнде пұл болыпты. Илеуін келістіріп, қызыл алтындай жарқ еткізсең, қаладағы сәнқойлар әрқайсысына бір-екі қойдың пұлын беруге бар. Бір кезде нысана ғып қызық үшін ғана атып, інінің аузында домалатып, қарға-құзғынға жем ғып кететін шаңқылдақ суырдың сорына қарай, оның терісінен құлақшын киетін үрдіс пайда болып еді, тау тышқандарынан ол міскіндерді аулайтындардың саны көбейіп кетті. Әрине, көзін тырнап ашқалы осы таудың аң-құсын әкесінен қалған өз меншігіндей сезініп өскен Мерген аттылы-жаяулы, машиналы-мотоциклді әрбір келімсекті көргенде бүйідей жиырылатын, дәл бір әкесінің малына тиіскен ұрыларды көргендей, жер-көкке сыймай ашуланатын. Мұндайда Мергенді штатта жоқ табиғат қорғаушысы десе де болар еді.


Тіпті бір жолы иен-тегін тауға келіп, «брәкәнерлік» қылып жүрген екі жігітті ұстап алып, аудандық милицияға хабарлап, машиналарына салып жібергені бар.


Қайда, ол бұдан бес-алты жыл бұрын болатын. Бұғы жарықтықтардың күйекке түсетін қыркүйектің жуан ортасы еді. Кесімді дала тағысының әбден семіретін, оның үстіне бір-біріне деген табиғи қажеттілік, махаббат маусымы желігімен жүріп қырағылықтан біржола айырылатын осы тұсында Мерген де жыл сайын еті жінігіп, әлі жарап үлгірмеген бұғылардың немесе балықтай семіз құнажын-дөнежін маралдардың бір-екеуін жығып алып, сар тап қып сүрлеп тастайтын. Ондайда әккі аңшы тау-тас кезіп, азап­қа түсіп жатпайды. Ақшолағын арқалап, Күркелінің терең шат­қалына түсетін де, сәмбі талдың қабығынан жасаған бұғы шақыр­ғыш аспабын алып, түн ішінде қарағайдың бұтағына барып жайғасатын. Сыбызғыға ұқсас аспабын үрлеп, қосағын іздеген бұғының не маралдың даусына салып, сыңсыта дыбыс шығарып қойып отыратын. Сол кезде қан тартқан жануар мұның бұғының жалған үніне сал­ған дыбысына үн қосып, жанына өздері келер еді. Ары қарай әңгімені Ақшолақ жүргізіп, ұрпақ көбейтудің қамында жүрген жылына бір-ақ рет көрер ләззатты қызығына да жеткізбей, жануарды жазықсыз сұлатып салар еді.


Мерген осындай бір олжалы түнге алғысын айтып, бұғының етін күн шыққанша боршалап, салмаға іліп болғаны сол еді, Күркелінің аң-құсын шошытып бөтен бір мылтықтар гүрсілдеген. Мерген таңғы оразасын аң етінің қара қуырдағымен ашпақ болып отыр еді, ақай жоқ, тоқай жоқ келіп мылтық атқандарды білмек болып орнынан тұрған. «Сақтықта қорлық жоқ» деп, Ақшолағын іле кетті. Дәл алдындағы белегірден баспалап қараса, екі жігіт он екі салалы мүйізді үлкен бұғының кеудесіне мініп үлгіріпті. Соғымдарын сойып жатқан немелердей қапаш-құпаш терісін түсіріп жатыр. Мылтықтары бес-алты қадам жердегі ағашта ілулі тұр. Мұнда ашуланбағанда қайда ашулансын. Өйтпей қайтсін, мына бұғыны өзі түнде ғана атпай жіберген. Күз желігін ерте бастаса керек, жануар бауырынан жарап, тым сыптығырланып алған екен. «Қайда барасың, жүре тұр, алғашқы қар түсіп, қайта қоңданғаныңша қарауылға бір байлармын» деп тиіспеген. Ақыры, мінеки, қаңғыған біреулердің оғына байланыпты.


Ол ұрлана басып барып атын ерттеп мінді. Ақшолақты кесе ұстады. Сонан соң дәл иек артпадан асып, екеудің төбесінен түскен.


– Қолдарыңды көтер! – деп ақырып қалған. Төбесінен жай түскендей болған екеуі апырақтады да қалды. Біреуі тым ширақ екен, ағаштың бұтағында ілулі тұрған мылтығына қарай жолбарысша атылған. Осы кезде Ақшолақ едел-жедел екі дүркін зікір салып, пысықтың аяғының астындағы тастарға оқ шақ-шақ тиген. Бәлемге жан керек екен. Табанымен шоқ басқандай екі-үш секіріп түсті де, ербиіп тұрып қалды.


– Қозғалма, иттің баласы! Әйтпесе анау өзің жыққан бұғының соңынан жайратып салармын.


Бұл сөздің әзіл емес екенін түсінген екеуі өлердегі сөздерін айтып, жалынсын. Тіпті біреуі ауызбастырыққа астындағы атын да бермек болды. Мерген жақсы атқа қанша қызықса да, сырын білмейтін неменің сыртынан жүргісі келмеген. «Көпірден өтіп» алған соң, атымды ұрлап алды деп жала жаппасына кім кепіл болар. Осының бәрін салқынқандылықпен сараптай келе, Мерген міз баққан жоқ. Екеуін де аттарына мінгізіп, ауылға айдап барған да, аудандық милицияға хабар берген. Ол тіршілігі пайдаға шығып, өте қауіпті «брәкәнерлерді» қарусыздандырып, ұстағаны үшін сыйлыққа алтын сағат алып, біраз мақтау сөздің астында қалғаны бар. Тіпті аудандық газетке «Туған табиғаттың жанашыры» деген мақала жазылып, суреті басылды.


Түн жамылып келіп, түн жамылып кетіп жатқан оңай олжашылардың қайсысына бұл шіркін тосқауыл бола алсын. Әрине, ондайда Мерген есесін елге жіберіп қойып, қол қусырып қарап отыратын кісі емес. Қарап қала алған жоқ, қамтып бақты. Рас, бұғы, арқардың етін сатып, пайда табамын деу барып тұрған көзсіздік болар еді, ұсталып қалса, айып-ажынының өзіне үш-төрт қараның құны жетпей қалады. Бұл заманда аюдың терісін төрінің алдына етпеттетіп салып қоюды аңсайтындар да аз емес. Оны да ебін тауып, өте сенімді біреулер арқылы өткізбесең, пәлесі бастан асатын шаруа. Қызық-ау, жыл сайын пәлен сиырдың мойнын бұрап, пәлен қой-ешкіні қолтықтап кететін бұзақы маймақты неменеге қызғыштай қоритындарын бұл шіркін түсінбей-ақ қойды. Өзі аюдың талайымен бетпе-бет келіп атыпты, бірде-бір рет осы шіркінге обал болды-ау деп ойлаған емес екен. Тіпті жылқы еті сияқты, бір май, бір ет қызылын жеп дәндегеннен бері «бұл да адамның я қызығы, я азығы үшін жаралған» деген қағидаға сүйей салып, өз күнәсін ойша жуып-шая салатын. Алғашқы оқ тиісімен-ақ аю атаулының мылтық түтіні көрінген жаққа ұмтылатын қатерлі мінезі бар. Ол ызақорлығы, әрине, өзінің жылдамырақ оққа байлануына себепші болады. Әйтпесе, қойдан қоңыр шіркіннің өзі тимеген кісіге титімдей зияны жоқ қой. Баяғыда...


Мерген иен үңгірдің ішінде жатып жымиып қойды. Баяғыда осыдан бес-алты жыл бұрын болса керек, иә, онда Ұлының да мерт болмай тұрған кезі... Жаңа ғана өз-өзінен жымиып күлген кісі енді шатасып, әрнені бір ойлаймын деп жатып, өзінің жанының жаралы жеріне тырнағын тигізіп алғандай, қабағы кіржің ете қалды.


Иә, сол Ұлының мерт боларынан бірер ай бұрын болса керек, дәл осындай күздің күні болатын. Екі кештің арасында үңгірге жеткен соң аң қағуға таң саз бере қозғалмақ ниетпен атының ертоқымын сыпырып арқандаған. Сонан соң шелегімен суға барып, енді орнынан қозғала бергені сол еді, тура қарсы алдында ақ төс қара аю тұр. Бірер ғана қар басса керек, тұрқы да шағындау көрінген. Есік пен төрдей ғана жерде. Талай рет тау билеушісімен бетпе-бет келіп жүріп, мұндай жақын жерден кездесіп көрмепті. Сорына қарай, қолында су толған шелегінен басқа дәнеңесі де жоқ, ербиіп тұрды да қалды. Әлі үйігіне жете қоймаған балаң аюдың бойы тайыншадай ғана. Оның үстіне түз тағысы адам атты өзінің басты жауы­мен әлі кездесіп көрмесе керек, қорыққан да, үріккен де мінез танытар емес. Балаң болса да, түз тағысының ниеті бұзылса, оның бір мытығанынан жан қалмас. Мергеннің шыбын жаны мұрнының ұшына келген. Не қорқуды, не үркуді білмейтін жануар танадай көзі жылтылдап, мысық табандап бұған жақындасын. «Ағайынмен арыздасуға да жарамай, өлімтігім қарға-құзғынға жем болып, таудың бір қуысында қалды-ау, – деген ой келген оған бір сәтте. – Тіпті қарға-құзғынды қойғанда, осы пәлекеттің өзі сүйегіме дейін кеміріп кетсе қайттім?» Сол-ақ екен, бұның шаң­қылдаған ащы дау­сы тау ішін жаңғырықтырған. «Ке-е-ет, пә-ле-е-е-кет! Кет!»


Мұның жан дәрмен естілген ащы айқайын күтпесе керек, аю аңырып орнында тұрып қалды. Екеуі де аңдысқандай біраз үнсіз тұрды. Адамнан еш әрекет болмаған соң, тағы да аю алға бір қадам басып еді, ойда жоқта кездескен қарсыласы шырылдаған ащы ай­қайға тағы басты. Тағы да аңдысу басталған. Екеуі біраз уақыт «тыш­қан-мысық» ойнаған соң, аю әбден жалықса керек, маң-маң басып өз соқпағына түскен. Бірақ «Ғұмырымда ажалдан басқадан қорықпаймын» деп жүретін Мергенді намыс буды ма, әлде ашу қысты ма, тіпті болмаса осынау маңда жиі кездесе бермейтін нілдей қара аюдың мамық терісі қызықтырды ма, ол жағын өзі де бағамдап үлгірген жоқ, әйтеуір жан ұшыра үңгіріне жетіп, Ақшолақты алып шыққан. Жүгіріп келгендіктен ентігіп тұрып дұрыстап ата алмады ма, өмірі оғын аңның қалаған жеріне қадайтын Мерген бұл жолы ұрымтал тұстарды дәл көздей алмапты. Оғы төтелеп барып қадалмай, кетіп бара жатқан аюдың жон арқасын жанай өтті. Мылтығын екінші рет оқтағанша, ақ төс қара қалыңға еніп үлгірген. Мылтық атылған жаққа шаппаған аюды бірінші рет көруі. «Әлде қара аюда ондай қасиет жоқ болар, әлде балаң шіркіннің жүрегі дауаламады ма?» Ол жағы бұған беймәлім. Егер түтін шыққан жаққа қарай қайтадан ұмтылғандай болса, дау жоқ, ажалымен Ақшолақ табыстыратын еді. Жанын олжалағаны естілігі болды.


Өзі де қарап жүрмейді, күндіз бір аюдың өзін «тұтқынға» қалай түсіріп, одан қалай бұған «кешірім жасап», бостандыққа қалай жібергенін, өмірінде бір-ақ рет соншама қатты қорыққанын әйелі мен өзі сияқты өңшең мылтыққұмар ұлдарына күле отырып, әңгімелеп берген.


– Сонан соң қайттіңіз? – деген үлкен Ұлы аузынан суы құрып.


– Қайтушы едім, артынан түре бір атып қалдым.


– Сенде де жүрек жоқ екен, – деп түңілген Зайыбы. – Өзіңе жаныңды олжа ғып жіберген хайуанға жасаған жақсылығың – артынан түре мылтық атқаның ба?! Қорқамын, Мерген, қорқамын. Кесір-кесапатың балалардан аулақ! Жазықсыз хайуандардың обалы жібермес-ау сені! «Аштан өліп, көштен қалып бара жатқанымыз жоқ! Тоқтат мынау қырғыныңды!» деп едім, тыңдамадың.


Атам марқұм: «Аю адамнан азған қасиетті жануар, өз басыңа қауіп-қатер төнгенде болмаса, оған тиісуге болмайды» деуші еді, бір тыйылмадың, қайтейін.


Мерген қазір ойлап жатса, осы аю шіркінді адамнан азды деген сөз рас болса керек. Алғашқы аю алып, дәніге бастаған оқиға да есінде. Ағаштың бұтағына шығып алып, бірінші рет аю атқанда көрген өлермен хайуанның «Қолыңда өлейін!» дегендей өзіне қарай шауып, бұл отырған ағаштың түбіне келіп жығылғанын. Адам сияқ­ты өлермендігін, намысшылдығын былай қойғанда, шалқасынан түсіп жатқан аю мүшелерінің бітісі де адамнан айнысайшы. Терісін түсіре алмай, біраз тұрғаны бар... Одан кейін қайда, көзі үйреніп кетті ғой.


Әйел шіркіннің жүрегі түкке тұрғысыз нәрсеге езіліп, елжіреп тұрмай ма?! Түздің аңын үйде отырып қорғамақ болады, сонан соң атып әкелгенінің етін жемей қойғанын тағы да көрген кезі болсашы. «Е, ол сорлы да менің: «Ал, қойдым» дегенімді ести алмай-ақ көз жұмды ғой" деп ойлады Мерген. Зайыбының мінезі бала сияқты қызық еді.


Мерген Бандыға ілескен айыбы үшін алған жазадан құтылып, елге келген соң құлаған шаңырағын көтермек ниетпен бір қойшының оң жақта жетіп отырған қызына сөз салған. Бекер обалы қане, қыздың әке-шешесі бұған «жетімсің» деген жоқ, «Отанын сатқан опасыз, Бандшыға серік болған қу» деген жоқ. Жақсыдан қалған тұяқ екенін айтқан. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген, «елін сатып, бүкіл жұртының бетіне күйе болып жағыл­ған қара бетті» ұстап әкелгенінің өзі айыбын жуудың алды болғанын қирағаттап келіп, екеуіне баталарын беріп, жеке отау ғып шығарған.


Үйленген соң бірер апта өтер-өтпесте бала кезден шарлап өскен жерін сағынғанын айтып, бұл шіркін тауға беттесін.


Келе баяғыда Қарамылтығын тыққан үңгірге барған. Қаруы сол қалпында жатыр екен. Бірақ мылтық жатқан жерге су аққан ба, қаруын тот басып, оқ-дәрісі дым тартыпты. Оны майлап, оқ-дәрісін жаңартпаса, бүгін-ертең аңшылық құра алмасын білген. «Шіркін-ай, баяғыда ақылсыз басым Бандының бесатарын қарақшының өзімен бірге тапсырғанша, осында тығып кетпеген екенмін» деп өкінген. Ол кезде басқа мылтық қайда? Жер үстінде мылтық атаулы ең көп атылған сол жылдарда Сайқан–Сауыр маңында оқты-отты қарудың үні әбден ұмытылуға айналған. Содан да болар, әйтеуір арқар-елік, бұғы-марал дегенің тау-таудың сағасында қойша жайылып, еркінше өніп-өсіпті. Елден еркек кетіп, малға ие болып қатын-қалаш қалған сол жылдары арқар-елік, таутеке-бұғы ғана емес, аю-қасқыр, түлкі-қарсақ сияқты жыртқыштар да еркінсіп алыпты. Үйірлі қасқыр тал түсте келіп, қойға шабатын әдет тауыпты. Несін айтасың, мылтығы келіссе, аңшы несібесі әр сай-салада өріп жүр... Таяғын мылтық қып ататын емес, амалы құрып, енді қайтқалы тұрғанда, ежелден осы маңның бар құры жиналып ойнайтын Тақыртөбеге көзі түскені. «Апыр-ай, мына иен-тегін тұз тағыларының ортасына келіп, құр қол қайтқаным Мерген атыма жараспас. Бір амалын табайын» деп ойлаған. Содан тапқаны – атының құйрығынан кесіп алып, көп қып тұзақ жасаған. Онысын Тақыртөбенің басына әкеліп, құрып тастады да, өзі баяғы ескі мекені үңгіріне келіп ұйықтаған.


Ертеңіне ерте тұрып, Тақыртөбенің желкесіне шықса, ұрпақ жалғастырудың табиғи түйсігімен жиналған құрда қисап жоқ, қара құрым екен. Қанатының ұшымен жер сызып, құрқылдаған қораздары бір-біріне айбат көрсетіп, айнала жүгіріседі. Бір-бірін кеудесімен соғып, екі-екіден жекпе-жекке шығысқандары қаншама! Тура бір майдан алаңы дерліктей. Мойындары қылт-қылт еткен мекиендер де ұрыс даласын тамашалап, тыным көрмей сусылдайды. Желкендей керіп дүрдитіп алған құйрық-қауырсындарын жинап, әр жерде далбырлап жатқандары да жетерлік екен. «Олжа мол болды» деген ол өзінің тапқырлығына қуанып. Зайыбым бір қуанар, табыскер жігітке кездескеніне іштей бір тәуба қылар» деген. Жоқ, бауыздап-бауыздап, үйіне екі қоржынбас қып бөктеріп әкелген құрларды көрсетіп, мақтана сөйлеген:


– Мылтығым болмаса да Мерген деген атым бар емес пе?! Ойнап жүрген құрларды қыл тұзақпен-ақ ұстадым. – Келіншегі қуанудың орнына өңі аппақ шүберектей болып бозарып, үндей алмай қалған. Көзінің аясына жас толып, жұп-жұқа ерні дір-дір етеді.


– Не болды, ауырып қалғаннан саусың ба?– дегенде ол:


– Бүгіннен бастап ауырмасам, сау едім, – деген ақырын ғана тіл қатып. – Біздің де жас жанымыз, бос мойнымыз, ертеңнен күткен үмітіміз бар, жаңа отау емес пе едік?! Ойнап жүрген құрлар­ға қалай ғана қолың барып, қыл тұзақ құрдың? «Бұл шіркіндер ойнаған кезде өлген-тірілгендеріне қарамайды. Қауіп-қатерді де сезбейді» деуші еді. Обалдағы-ай!


– Обал-сауабы болса мені табар. Жүнін жұлып, былпылдатып асып, етін жегенді білсеңші, – деп ашуланған Мерген. Әкесі де: «Аңшыда қол мен көз болады, жүрек болмайды» деп кекесінмен ой түйіп отырғыш еді. Енді келіп оның орнын қатынының баса кеткеніне күйінген. «Аңшы анаған да обал, мынаған да обал деп елжіреп отырса, оның несі аңшы? Қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап, жайына жүрсін» дейтін мұның ұстанған жолына мүлде кереғар пікірлер еді бұл. Сондықтан да ол әйелдің алғашқы шабуылына бірден тойтарыс берген.


Кең еді ғой байғұс Зайыбы. Бір күрсініп үндемей тынған. Кейін де талай күрсіндірді ғой. Бірақ өмір бойы ұғымсыз шәкіртке кездескен ұстаздай «Анау да обал, мынау да обал» дегенінен бір тана алмай кетті ғой.


Баяғыда кірекейді аю қармақпен алып, оның терісін олжа ғып және балаларым ойнасын деп бір қонжығын үйге тірідей алып келгенде, жарапазан айтудың көкесін сонда көрген.


– Қарашы, мына сорлының көзін жаутаңдатып, қалай ғана қолың барып, енесін оққа байладың? «Жыламасын десең қонжығы кірекейді өлтірме!» деген сөзді қалай есіңнен шығардың? Қаншалықты тасжүрек болсаң да, осыған зиының жетер еді ғой! – деп иә әкесін, иә шешесін оң жаққа салып қойғандай сұңқылдасын-ай келіп.


– Әй, айналайын-ау, мен құрған қармаққа қонжығы бар кірекейдің түсетінін қайдан білейін?! Алдыңғы екі табанына бірдей қармақтар шықпастай болып қадалып қалған екен, оны қалай ғана құтқармақпын! Амалсыздан атуға тура келді емес пе?.. Мына жетім қалған сорлы қонжығы ақыры өліп қалады ғой деп әдейі тірідей алып келдім, – деп ақталған. Ақталмағанда қайтсін, баяғыда Бүбіхан марқұм айтып отырар еді: «Сабалассақ шал жеңеді, абалассақ мен жеңемін» деп. Сол айтқандай, күн өткен сайын Мергенді Зайыбы «жеңіп» келе жатқандай еді. Әйтпесе, бойында болмаған, ойына оралып көрмеген мұндай «кісілік» әрекетті әншейін ақталу үшін айтатын болған.


Зайыбы байғұс ол қонжыққа жақсылық жасаймын деп, Мергеннің өзі үйде жоқта оны далаға апарып қоя берген екен, жетім байғұсты ауылдың қотанға тышар алкеуде жаман иттері талап өлтіріпті...


Ойлап қараса, бұның Зайыбының дегеніне көніп, қолына мылтық ұстамаған кезеңі – үлкен Ұл мен Зайыбы дүние салған уақыт аралығы – сол екі-үш жылдың мөлшері екен.


Е, келер күн – үміт, өткен күн – өкініш, кім біледі, тұла бойы тұңғышы – Ұлдың арам өліммен көз жұмғанына, Зайыбы айт­қандай, өзінің қатыгездігі себепші болды ма екен, әлде...


Ол жазғанның әскери борышын өтеп келген соң, енді-енді келін түсіріп беремін деп қызды ауылдың иттерін түнде абалатып жүрген кезі еді ғой. Қандай сор айдағанын кім білген? Өзінен кейінгі інісі екеуі жайлаудағы елге қыдырып бара жатқанда ұзын жолдың үстінде арманда мерт болып кетті ғой...


Екеуі атпен келе жатқанда, бір қара шұбар жылан жолдарынан кесе көлденең өтеді. «Жолыңды жылан кес-кестессе, жақын жерде дұшпаның бар» деген қағиданы естіп өскен балаң жігіт аң-құс кездессе атармын деп ала шыққан Әкесінің мылтығын иығынан жұлып алады да, ат үстінде тұрған бойы дүмімен жыланды бір ұрады. Сол-ақ екен, оқтаулы мылтық атылып кетіп, баланың тіл қатуға да шамасы келмей, ұзын жол үстінде жан тәсілім етеді.


Міне, осы бір қайғылы оқиғадан кейін ол аң ауламақ түгілі, науқас Зайыбының жанынан екі елі ұзап шыға алмаған. Ауыр қайғыға төзбей, ақылынан адасып қалған Зайыбы сорлы мылтық көрсе «Балаларымды атқанша мені ат» деп шырылдайтын.


Бір күні ертеңгілік Мергенді қасына шақырып алып:


– Түнде бір жаман түс көрдім, – деген әлденені ойына түсіргендей біраз үн-түнсіз жатып. – Ғұмырымда алдыңа көлденең келіп көрмеп едім, сенің босағаңды аттағалы бері жалғыз өтініш айтыппын. «Жан-жануардың да обалы бар ғой, қынадай қырғаныңды қой!» деген өтініш еді ол. «Олар өзіміз сияқты өсіп-өнуді мұрат тұтқан, бір қу тірлік үшін жанталасып тырбанған жан иелері емес пе!» дедім. Тілімді алмадың. Ақыры солардың обалы жазықсыз Ұлымды алып жықты ғой... Құдайда әділдік болса, жазықсыз Ұлымды емес, сені тапса керек еді. Бірақ балаңды алып, бағыңды байлады. «Есіңді енді жиярсың» деп ескерткені шығар...


– Әлгі түсіңді айтатының қайда? – деген Мерген қабағын шытып. Өзі өлгелі жатып, бұған да өлім тілегендей болып сөйлеген әйелінен жүрегі селт еткен. «Жанашырым, жақыным» деп жүрген жаннан дәл мұны күтпеген. Өзі де жалпақ әлемде жал­ғыз қалғандай, бір түрлі жүдеп, жабырқап қалды.


– Түсімде Ұлымның бейітінің қасына барған екенмін деймін, – деп Зайыбы түсі емес, бір тойға барғандағысын айтқандай ғып әңгімелей бастады. – Жолда баяғыда өзің алып келетін қонжықты иттер талап өлтіретін сайда бір Қоңыр аю отыр екен. «Мына шіркін қайтер екен?» деп қауіптеніп, тоқтай қалсам, аю маған қарап, адамша тіл қатады. «Ә, сен де өлген балаңның басына келе жатырсың ба?» дейді ап-анық қып. «Сені қойшы, анда-санда балаңның басына келіп, шеріңді тарқатып, қайғыңды ортайтасың. Мені айтсаңшы, қонжығымның сүйек-саяғына дейін қарға-құзғын шоқып, шашып жоғалтты емес пе?!» «Ойбай-ау, сені менің күйеуім атып тастадым демеп пе еді?! Тіпті теріңді де сыпырып алып келіп, біреуге сатқан сияқты еді ғой» деймін оған. «Екеуіміз де анамыз ғой, аналардың тәні өлгенмен, жаны өлмейді екен. Әйтпесе сенің қаражүрек күйеуіңнің мені өлтіргені де, терімді сыпырып, оған қоса өтімді де алып сатқаны да рас болатын. Білем, сен қолыңнан келгенше бізді қорғап баққың-ақ келеді. Өйтпесең ана боласың ба?.. Сенің де өз балаңнан айырылып, еңіреп қалғаныңды білген соң қайғыңа ортақтасайын деп әдейі келдім. Анау күйеуіңе айт, оның өзі де түптің түбінде жазасын бір тартар. Соны жеткіз. Тиылсын де!».


Содан кейін-ақ үлкен қоңыр аю Ақтеріскейге қарай жүріп кеткені...


– Төһ, сенің түсіңнің де түс сияғы жоқ екен. Қойдық қой енді бәрін де! Сөйлеуге шамаң келмей жатып, неменеге мені талқыға сала бересің?- деп Мерген орнынан тұрып кеткен.


– Отыра тұр, – деді Зайыбы. – Менің көзім жұмылса, кім саған уағыз айтып, басыңды қатырар дейсің? Құлағыңды жеген сөзімнен де, көзіңе күйік болған өзімнен де құтыларсың. «Көп асқанға – бір тосқан» сенің күні ертеңгі көрешегің үшін қиналып та жатқаным жоқ, кесірің ұрпақтарымнан, анау қалған екі ұлдан аулақ болғай деп айтамын... Мен сорлы Ұлымның алдын кес-кестеген жылан емес, оның мені зарлатып кету үшін әдейі келген аңдардың киесі екенін де біліп жатырмын ғой...


Бірақ менің түсінбейтінім, құдайдың бар екені, аңдардың киесі бар екені рас болса, неге ол сені емес, менің жазықсыз баламды келіп табады? Мен онда өкінбес едім ғой...


Мына сөзді тағы да естігенде Мергеннің қаны басына шапқан.


– Өлсең жайыңа өлсеңші! Ғұмыр бойы тау басып, тас кезсем, сендердің қамдарың болатын. Енді келіп, менімен алысқаны несі екен мұның?! Аң-құсыңның иесі болса да, киесі болса да мені неге таппапты?! Көздеріңе күйік, пәле-қаланың басы мен болсам, қарамды батырайыншы осы үйден, – деп тысқа ата жөнелген.


– Біле білсең аю да адамнан азған, – деген Зайыбының соңғы сөзін де анық естіді.


Ол атына мініп, бірден өз мекеніне тартпақ еді. Былай шыға сабасына түсіп, пенделік тірлігіндегі жаза басқан қадамдарын мойын­дағандай күй кешіп, тәубасына келген. «Шынында да пәле-қалам ұрпақтарыма тиіп жүрмесін» деген ойға келіп, енді мылтық ұстамауға өзіне өзі серт бергендей болған. Мал көздеген болып, біраз жүріп үйіне оралған.


Зайыбы жазған шынында да содан кейін көп тілге келмей, екі-үш күн жатты да, көз жұмды. Мерген одан кейін де біраз уақыт уәдесінде тұрып, аңға шықпай жүретін...


Соңғы кездері Зайыбы жазған о дүниеде жатып та бұған маза бергенді қойған. Жиі-жиі түсіне кіріп, әлденеге бұрқылдап, ренжіп жүреді ылғи. Неге ренжуші еді, айтары баяғы бір сөз ғой, «Мылтығыңды таста!».


Содан ба, Мерген соңғы бірер айдан бері өзінің қызықты қан базарындай көрінер таулы өлкесі жаққа аттап басқанды қойған, аттап басқанды қойып, сол жаққа көз салуға қорқатын. Қараса болды, армандай бұлдырап, сағындыра мұнартып жатқан Сайқанның әр биігі көңілшек жазғанды ертегілердегі адамды лебімен тартар аждаһа сияқты дедектете жөнелерін біледі. Оң жамбасының ұршығы да арасына әлдекім құм сеуіп қойғандай, кірт-кірт етіп, бастырғанды қойып барады. Әттең, өрден еңіске, еңістен өрге аң ізіне түсіп жүгірсе, ұршығына жылқының майын жаққандай қайтадан шауып кетер еді. Ауыл ортасындағы жазықта жүріп-ақ дімкәс жамбасын емдеп көрмек болып, өрістен барып бұзау қайырған. Ұзап жайылған атын жаяу іздеген. Тіпті ауыл-ауылға барып-қайтар шаруасына да жаяу барып жүр. Тумысында көп шаршауды білмейтін Мерген біреудің айдауымен жүргендей шаршап-шалдығатынды шығарды. Аң қуалап, дедектеп өрлі-еңіске жүгірудің жазықта бос салпақтап аяңдауға еш ұқсамайтынын түсінген. Оған осындай «керексіз» жүрістер аздық қыла ма, әйтеуір күн өткен сайын оң аяғы сырқырап, жер бастырмауға айналған. «Егер тауға барып, үңгіріме екі-үш қонып, қолыма мылтық ұстамай-ақ ізге түсіп аң қуалап көрсем...» деген бір қиялға берілген. Бірақ есі дұрыс адамның мылтықсыз, дәнеңесіз тектен-текке аң қуа алмайтынын және өзінің қара тұяғы тау шетіне ілінсе болды, екі үңгірде барлық оқ-дәрісімен тығулы жатқан екі мылтығының бірін қолға ұстамай тынбайтынын да бек жақсы білетін. Өйткені аңшылық кәсіп кәсіп емес-ау, тірлігінің мәні де, сәні де болған өнер оның қанына бала кезден біржола сіңіп, біте қайнасып кеткен еді. Ал аңшылық пен аяушылық, адамгершілік деген ұғымдардың арасы о бастан-ақ тым кереғар, алшақ болатын. «Қалай да шыдайын, ақиреттік серігінің рухы бұл шіркінді әлдебір қауіптен сақтандырып, түсіне кіргіштеп жүрген болар. Шыдайын», деп жүргенде Құрдасының келе қалғаны. Оның өтініші Мергенді іштей айран-асыр қуандырған. «Аюдың өті» деген жал­ғыз ауыз сөз біраз уақыттан бері оны ешқайда аттап бастырмай қойған аяғындағы тұсауды шешіп жібергендей. Қартайған Мергеннің бұл сапарға еріккеннен емес, тел құлындай тебісіп бірге өскен Құрдасының дертіне шипа іздеп бара жатқанын Зайыбының рухы да түсінер, аңдардың киесінің бар екені рас болса, олар да түсінер. Көзі тірісінде көп пенденің өздері орындай алмаса да, жиі айтатын «адамгершілік, кісілік» деген ізгілік мақсатпен аттанып бара жатқанын білер. «Аң адамның қызығы мен азығы үшін жаралған» деген қағиданы өзінің де енді-енді жоққа шығарып келе жатқанын мойындай бастаған тұсында аң бойында адамның жанын алып қалатын шипа бар деген ой оның болашақ қадамын адамдардың алдында ғана емес, Алланың алдында да ақтап алар себеп болып көрінген. Ал содан кейін ғана... Содан кейін ғана «Түстік өмірің болса, кештік мал жый» дейтін қағиданы өмір бойы берік ұстанып келе жатқан жанның белдеуіне бәйге жирендей тұлпар тұяқ тектен-текке байланғалы тұрса, бұл жазғанның ойланар шамасы қалып па еді?! Ол соңғы жылдары малының басын екеу етуге, жанын жылытып жүретін жинақ кітапшасындағы цифрлардың үздіксіз өсе беруіне ындыны қатты ауып жүргенін сезетін. Дөңгелек тұяқтылар мен айыр тұяқтыларды қойып, қорасындағы қаз-тауықтың көбейе түсуіне де, түбіне жақсылыққа бастағай, әйтеуір, малсақсып,көбірек көңіл бөлетінді шығарды.


«Шіркін-ай, Құрдас шынымен-ақ аюдың өтін шыныға құйып алып барғанда: «Құрдас-ау, уәдем – уәде, тек әкелгенің жаныма шипа болса екен, бұл ит тіршілікте қадіріңді білмеппін ғой. Осы дерттен жаным қалса, тіршілігімде, олай-пұлай көз жұма қалсам о дүниеде бұл жақсылығыңды ұмытпаспын! Жаны қысылған адам­­ға жасалған жақсылықтың қайтарымы болады дегенге сенбейтін жанмын. Сенің жақсылығыңның, жаман Құрдасың үшін жаныңды шүберекке түйіп, ерлік жасағаныңның бодауын қайтара алмаспын. Достығымыздың белгісі болсын, жетектеп кет жиренді!» десе ғой. «Ойбай-ау, Құрдас, менікі әзіл ғой, тақымыңа басқан жүйрігіңді аударып алып, қайтемін? Әйтеуір, «ит көйлекті бірге тоздырып, өмірдің ащы-тұщысын бірге көрген дос-құрдас едік. Жаным қысыл­ған сәтте жаныңды аядың» демесең болды. Әйтпесе, кәрі сүйегімді сүйретіп, аю атқан менің не теңім еді қазір? Бір сен деп түз тағысына жем бола жаздап, әрең дегенде алдым ғой. «Арыстанды адамның арыстаны алар» дегендей, біздікі жастық шақтан қалған өлермендіктің соңғы сарқыны да" деп, өз еңбегінің құнын арттыра отырып, «сыйға-сыйдан» көпе-көрнеу бас тарт­қан болса. «Жоқ, Құрдас, жиреннің қызығын, ол ғана емес, талай жүйріктің қызығын көріппін бұл тіршілігімде, оның қалған қызығын сен көр. Дәм-тұзым таусылып тұрса, «Құрдасымның көзі еді» деп мінерсің, көрер жарығым бар болса, «Достығымның белгісі деп сыйлап еді» дерсің. Ат сенікі! Айттым бітті, кестім үзілді! «Сырты түкті, іші боқты қасқыр да жеп кетер бір тулақ үшін ырғасуды осымен доғардық!» деп, бір-ақ кесіп тастаса. «Бопты, Құрдас, бопты, сай-сүйегімді сырқыраттың ғой. Достығымның белгісі деп мінермін жиренді» деп, жануарды ноқталап тұрып, көңілімді босатып, көзіме жас алсам...


Бәйге жиренді ойлап жатып, Мергеннің таң алдында ғана көзі әрең ілініп еді.


Ceгізінші тарау


Кім біледі, Ақтөс түсінде де темір түтіктің қаһарлы үнінен шошынған болар. Апанына әрең сиятын алып дене жиі-жиі селк-селк етіп, шошынумен болған. Түннің бір уақыты болғанда ғана тыншып, тәтті ұйқыға беріліп еді. Күзгі түннің ұзақ таңы бозамықтана бастаған кезде ғана ол тысқа шығып, ұзақ керілді. Ешқандай құмырсқа илеуін қопарып, қарақат жеуге немесе шымды аударып, тоңқаңдап жүрген семіз доңыздардың бірін тасада тұрып шыңғыртып басып қалуға – ешқайсысына да көңілі дауаламады. Оның тіршілігін самарқау тарттырып тұрған тоқтық емес болатын. Аюға ғана тән тым доғалдау сезіммен әлденені іздеумен мазасының бек кетіп жүргеніне бір аптадай уақыт болған. Өз-өзінен денесі қызынып, жанын қоярға жер таппайды. Таудан сарқырап аққан асау өзеннің суына да аунап көрді. Еш көмек жоқ. Өзі сияқты бір тұқымдасына сүйкеніп, тұмсығын жалағысы келе ме, әлде оның да денесінің қызуын сезініп, айқара құшақтап алыс­қысы келе ме, әйтеуір бір түсініксіз, тым мазаң күй. Және жа­нына жай таптырар жалғыз құтқарушысының да өз тұқымдасы екенін сезінеді. Иә, ол дәл қазір өзіне Сары кірекейдің қажет екенін анық білген еді. Екеуінің о баста бір-біріне доң айбат көрсетіскен болып, соңынан иіс тартыса келе екеуіне де бір-бірінің қажет екенін сезінісіп, табысқан сәттері есіне түскенде, бәрін де ұмытып, орнынан тұрған...


Ол осы бір күздің алғашқы ызғарлы лебі жетіп, шөп басына шық түсе бастаған кезде қатты жалғызсырайтын. Кез келген жерден аузына іліккенін қорек етіп, қоң көтерер көктем айларында, шөп тамырынан гөрі басына шыққан жемісін талмап, әбден жүрегі қарайған кезде жайлаудағы елдің қотанына түсіп, қой-ешкіні жәукемдеп тастар жаз кездерінде ол тіпті жалғызсырамақ түгілі кездесе кеткен тұқымдастарының қасына аялдай бермейтін. Олжаны бөлісе алмай сирек те болса кездесіп қалар түс шайысулар кезінде бітімі тым кесек жаратылған, осы өлкедегі жалғыз ақ төс қарамен бұл маңның бәкене қоңырлары мен жатаған сарылары бір белдесуге жарамай тайқып шыға беретін.


Неге екенін өзі де білмейді, Ақтөс иіс тартып, тұқымдастарын, әсіресе Сары кірекейді іздеген. Ол апан аузында көп аялдамай, көнектей басын жерге салған күйі сайды өрлеп, өз мекенін тастап, жоғарыдағы қарлы тауларға қарай бет алған.


Өткен күзде де ол біраз қаңғылестеп жүріп, Сары кірекейді Қайыңдының арғы бетіндегі Көктекшеден кездестірген. Екеуі он шақты күн бойы сауық құрған соң ғана Ақтөс өз мекеніне бет бұрған еді. Онда да маңайына жақындаса-ақ гүрілдеп-сарылдап, «жөніңді тап» дегенге ұқсас Сарының түсініксіз тырысқак мінезі көріне бастаған соң-ақ еріксіз келген ізіне түскен болатын.


Ол дәл қазіргі кезде Сары кірекейдің алғаш ұшырасқан бетте желке жүнін күдірейтіп, доң айбат көрсеткенін, біраз иістерін алып болған соң аса бір нәзіктікпен тұмсығын жалағанын сағын­ғандай.


Ақтөс сұп-суық өзенді кешіп бара жатып, аздап су ішкісі келгенін білді, бірақ сол үшін уақытын кетіріп тұрғысы келмеген. Тезірек Сарының мекеніне Көктекшеге жетуге асыққан. Ақтөс өзеннен өткен соң гүжірейіп артына қараған, ертеңгі шыққа түскен өз ізі мөрдей болып, жосылып жатыр. Ол енді бұрылмастан алдындағы қарағайлы биікке қарай өрледі. Өткен жылы жүрген жолын мөлшерлеп келеді.


Оның есіне былтыр күздегі Сарымен бірге серілік құрған он шақты күні түсе берген. Төрт-бес күн бойы тәулігіне бірер дүркін қарақат басын шалғандарынан басқа қарын тойғызуды да ұмытып, ойын-сауық құрыпты. Бір күні Сары алдыға түсіп алып, қарлы таудың асуының арғы бетіне асып түскен. Ақтөстің табаны тұңғыш тиіп тұрған жерлер. Сайды құлдап еңістей берген, еңістей берген, қолат-қолат сайлары бар, биік-биік жал-жоталары бар, жақпар-жақпар тастары бар, қалың қарағайлы, арнайы салған жым болмаса өзгені қойып, аюды жүргізбейтін киіздей бітік бүргені бар таулы өлкеден басқа жердің болатынын бұрын-соң­ды көрмеген, ондай болады-ау деп ойламаған Ақтөс бұл сапарда дүниетанудағы өзінің ұлы жаңалығын ашқандай. Со-онау, төменде мидай жазық дала жатыр еді. Сол жазық далада төп-төрт бұрыш қаралтқым, сарғыш, жап-жасыл тақталарды көріп, таңғал­ған. Қалайда олар бір түрлі табиғи емес еді. Жазықтың әр жерінде бытырап жайылған қой-ешкі сияқты бірдеңелердің шоғыры көрінеді. Аю ол аппақ шоғырлардың өзі ілуде бір көріп қалатын екі аяқтылардың мекендері, ал жаңағы әр түсті тақталардың олардың егістері мен бақшалары екенін қайдан білсін. Бұл шіркін, жаңағы шоғырларды жазықта ғана жайылатын сонша үлкен аппақ немесе қоңырқай түсті бір хайуандар болар деп ойлаған. Әсіресе жаңағы «хайуандардың» төбесінен ұшқан будың аспанға шаншылып жатқаны таңдандырған. Одан да бетер таңғалғаны сол ақ, қоңырқай түсті «хайуандардың» ортасынан бөлініп шыққан біреуі жаңағы сары жазықтың ортасында тартылып жатқан түп-түзу сызықты қуалап зырылдасын-ай кеп. Ең жүйрік деген бұғылардың өзі мынандай бір қалыпты ерен жүгіріске төтеп бере алмас еді.


Ол өзі ашқан мынау ғаламат жаңалықтан соң есін әрең жинап, Сарының соңынан ілескенмен, өзіне таныс емес осынау жат мекеннің әр бұрылыс, әр қалтарысынан қорқыңқырап келе жатты. Кері бұрылып, кетіп қалуға оймақтан өткендей сыптығыр кірекейді қимаған, екіншіден, осы маңайдағы тіршілік атаулының ешқайсысына бет қаратпаған Ақтөс аты бола тұрып, әлденеден қорқып, қайтып кетуге намыстанған.


Екеуі жалпақ жазықтың басталар тұсындағы қалың быдырыққа жете берген кезде өрге қарай жайылып келе жатқан ай мүйізді он шақты жануарды көрген. Ақтөс бұл хайуанды жыл сайын жайлаудан көріп жүргендіктен, олардың ұшырасқанына онша таңданған жоқ. Таңданғаны бұл малдың соңынан ерген екі аяқты пәлекеттің жоқтығы еді. Сары бұған бұрылып, ішін тарта ақырын ғана гүрілдеп қойды. Оның нені меңзегенін түсіне қоймаған Ақтөстің алға қарай жылжуы мұң екен, кірекейдің ызалы гүрілі қайта қайталанған. Сонда ғана ол өзінің осы жерде қалуы керектігін түсініп, бауырын жерге төсеп жата кеткен...


Былтыр жазда ай мүйізді осынау хайуандармен бір айызы қанғанша күш сынасқаны бар. Екі аяқтылардың қолат-қолатқа дөңгелек тұрақтарын тұрғызып тастап, қаптап жүрген кезі. Ол түскі ыстық түсе бір жайлы мекен тауып алып, дем алғысы келген, бірақ осы ай мүйізді жануарлардың қоңырсыған иісін жел жеткізіп, мазасын алғаны. Ерінгенмен ертеңгі күндердің нәпақасы жақын, қолайлы жерде жүрсе, ептеп барып біреуін басып қалуға ойы кеткені.


Содан сайды өрлеп, жотаға шықсын. Бір қора мүйізділер сыр­ғауылдан жасалған ашық қашада қамаулы тұр. Төңірегінде екі аяқтылар көрінбейді. Ол қарағайдың тасасында тұрып біраз ойланды. Не болғанда да қамалда тұрған мол «қазынаның» бірінің мойнын бұрап, сайға сүйреп кеткісі келген. Сырғауыл қашаға аяғын салып, оп-оңай қарғып түсті. Ал мүйізділердің көздері қанталап, айналаны бастарына көтерсін. Өкірісіп, азан-қазан болды да қалды. Тіпті мүйіздерін тігіп, мұны ортаға алсын. Ойланып тұратын емес, ол екі-ақ секіріп, біреуінің мүйізінен ала түскен. Ала түскен де мойын сүйегін бырт-бырт сындырып, алып ұрды. Оны шала-жансар күйінде қашаның сыртына лақтырып жіберуге де қиналған жоқ. Бірақ қашадан өзі секіріп үлгере алмады. Сырт­қы тұрқы жағынан өзіндей үшеу келетін алып қызыл қасқа ай мүйізді қос найзасын ала ұмтылсын. Түйреп тастай жаздады. Шалт қимылдаған Ақтөс қос мүйізден ұстап тұқырта қойған. Мойнын бұрап жіберуге тар жерде тұрып, күш ала алмады. Сәл босатса мына пәле түйреп жіберуден де ерінер емес. Сол кезде айғайлап келе жатқан екі аяқтылардың да қарасы көрінген. Енді бұлай тұра беруге болмайтын еді. Ол бұқаның басын сәл босата беріп, бар күшімен итеріп қалды да, қашадан бір-ақ секірген. Олжасына мойнын бұруға да шамасы келмей, тоңқаңдай зытқан...


Бұл кезде Сары кірекей еппен басып сайға түсті де, қалың шөптін арасына барып жата кеткен. Бір кезде белегірден бері аса берген ай мүйізділердің алды да көріне бастады. Сол-ақ екен Сары шалқасынан түсіп, төрт аяғын бауырына жинап, серейді де қалды. Оның не мақсаты барын түсінбеген Ақтөс болса сырттай бақылауды жөн көріп, орнынан тапжылмаған. Бейғам жайылып келе жат­қан жануарлар да ешнәрседен күдіктенбеген қалпы Сары жатқан сайға түсті. Тек есік пен төрдей семіз қоңыр жануар ғана қимылсыз жатқан аюдың дәл жанына келгенде одырая қарап, тасыраңдап жалт берген. Басқалары да құлақтарын тігіп, едіреңдесіп қалды. Бірақ Сарыдан тіршілік белгісі білінбейді, өліп қалғандай қимылсыз жатыр. Ай мүйізділер біраз үдірейісіп, біраз ойқастап алған соң «е, жаны жоқ екен ғой» дегендей қайтадан тынышталып, жайылуға кіріскен. Тек ақымақ қоңыр ғана мынау қимылсыз серейіп жатқан пәленің не екенін білмесе жеген шөбі бойына сіңбейтіндей сілекейі шұбырып, Сарыны жағалай берген. Қанша қорқып тұрса да біле кетуге деген құмарлық оны сол орнына байлап қойғандай. Біраз тұрып, әбден еті үйреніп, жүрегін тоқтатса керек, мойнын созып, аюға бір басып, екі басып жақындай түсті. Тіпті құны қалғандай жағалап, Сарының дәл жанына өңмендей жақындап келген. Сол кезде жансыз аюға жан бітіп, алдыңғы оң аяғы миғұла қоңырдың құлақ шекесінен салып өтті. Күтпегендіктен бе, әлде соққы сонша ауыр болды ма, әйтеуір қоңырдың өкіруге де шамасы келмей тыраң ете қалған. Сары да орнынан қарғып тұрып, жемтігінің кеудесіне қонжия кетті. Ақтөс те талай-талай аңшылық құрып жүріп, дәл мынандай жемін орнында жатып, ұстаудың тәсілін көрмепті. Ол енді маған да баруға болатын шығар дегендей орнынан тұра берген кезде өкіріп-бақырған басқалары тас лақтырым жерде тұра қалып, азан-қазан болған. Жотадан түскен Ақтөс олардың тағы біреуін ұстап, өз өнерімді көрсетейін дегендіктен емес, шулатпай аулағырақ қуалап тастайын деген оймен қалың топ­қа қарай қара албастыдай тұра ұмтылды. Батырларың жаңа ғана өздерін бастап келген қоңырды құтқарғандары сол жандарын олжа ғып өңкілдей жөнелген.


Ол қайта айналып келсе, Сары жемтігінің буын бұрқыратып, ақтармалап тастапты. Төс сүйегін жұлып тастап, өкпе-бауырын суы­рып алыпты. Көзін жұмып, рақаттана жеп тұр. Әрине, Ақтөс те «Еңбек сенікі еді-ау, маған да жеуге бола ма?» деген жоқ. Оның тырсылдаған қарнын аударып тастап, бүйрек майға ауыз салған. Екеуі ұрсыспай-таласпай әбден сілелегенше тойып, қайтадан ыңырана басып, жоғары өрледі. Ақтөс жемтіктің әлі ортаймаған қалдығын шұқыр қазып көміп кетпек болып еді, бірақ Сары «мұнда ендігі айнала беруіміз қауіптірек» дегендей өздері түскен ізге бет алған... Сол ғажап аңшылықтан кейін екі-үш күн өткен соң Ақтөс Сарыны Көктекшенің бір сайында жалғыз қалдырып, өз мекені Күркелі шатқалына бет алған.


Содан бері де бір көктем, бір қыс, бір жаз өтіп, айналып қайта күз түсіпті.


Ол бір үлкен қарағайдың жанынан өте беріп, құлағына таныс, дуылдай гүжілдеген үнді естіген. Ағаштың түбіне, тастың қуысына ұя салатын гүжілдеуік жер араларының үні еді. Кішкентай бәлекеттердің тістегендерін елемей ұясын бұзып, дәмі тіл үйірер тәтті балын балауызымен қосып талмағысы келген. Ұя дәл жанындағы қарағай түбінде екен. Кішкене ғана ауыздан бірі кіріп, бірі шығады. Балауызды алу үшін біраз топырақты аршу керектігін түсінді. Әрине, Ақтөс ол үшін ерінбес те еді, бірақ өзіне сонша түсініксіз бір түйсік оны Көктекшеге қарай асығыс жетелей берген. Ол тоңқаңдай басып, тағы жүріп кетті.


Ақтөс белегірдің үстіне шыға келген кезде ол өз көзіне өзі сенбегендей орнында қалт тұрып қалған. Өйткені ол Көктекшеден түсетін жалғыз аяқ жолмен келе жатқан тұқымдасын көрген еді. Тұқымдасы да аң-таң болғандай көлденеңдеген қалпы тұра қалған.


... Баяғыда дәл осы жерде, оның өз ғұмырында тұңғыш рет және соңғы рет бір тұқымдасын өлтіріп, қорек қылғаны бар еді...


Бәлкім өміріндегі екі, бәлкім үшінші жазды шығарып салып, дәл осы кездегідей иісі жанға жағымды тұқымдасын алғаш іздеген тұсы. Өз мекенінен шығып, тау-тасты кезген. Бірақ ол болашақ сыңарын таппай қиналды. Тұқымдасының талайын ұшыратты-ау, бірақ бәрі де жұптасып үлгірген аюлар еді. Ондайда көзін сатып іздеріне түскен Ақтөсті айбарлы тұқымдастары түре қуып тастайтын. Қан майдан ашып, исі нәзік сыңарды тартып алар күші жоқ бұл жазған із кесіп, тағы қаңғитын. Бір ай бойы нәтижесіз қаңғумен жүріп, әбден жүдеген. Есін жинап, қорек іздей бастаған кезде ал­ғашқы қар да түсіп, ауызға ілігер ештеңе таба алмаған. Апанына сілелеп кеп жетсе де, жамбасына жер батқандай ұйықтай алмай қиналсын. Содан өз-өзінен ашуға булығып, орманды басына көтере күркірейтін. Қарағайдың бұтақтарын борт-борт сындырып, тастарды лақтырып, өз-өзінен бүлінетін-ай келіп.


Ол ақыры қарнын бір толтырып алмай жата алмасын біліп, басы ауған жаққа қаңғи берген. Сөйтіп жүріп, осы Көктекшеге келгені бар. Дәл осы белегірден асып түскені сол еді, өзіне көлденеңдей қарап тұрған Сары аюды көрді. Жүні сабалақтанып, қарны жабысқан Сары да соқтығарға қара таба алмай тұрса керек, жекпе-жекке шақырудың рәсімін де жасамастан, бұған қарсы тұра ұмтылған. Ақтөс те ұлы гүрілге басып қарсы шапты. Олар иіс тартысу, доқ көрсету сияқты сыпайылықтардың бірін де жасамай, жеткен бетте-ақ тік тұрысып, алыса кетті. Сары сәл ересектеу ме, әлде бұған қарағанда әлдірек пе, Ақтөсті жерге оңай жыққан. Жыққанмен оның қауіпті сойдақ тістерін денесіне дарытпайын дегендей Ақтөс те жауының алқымынан алдыңғы аяқтарымен тірей құлаған. Сарының сойдақ тырнақтары да мұны кеңірдектен басып, тынысын тарылтып барады. Сол кезде Ақтөс артқы аяғын бауырына алған да, үстіндегі Сарының қарнына сояу тырнақтарды салып жіберіп, серпе теуіп қалған. Сарының ыңырана ауырсынған үні естіліп, қан иісі шықты. Тырнақты екінші рет салғанда аяғы жып-жылы ішек-қарынды аралап барып, Сарының жамбас сүйегіне тірелді. Сол-ақ екен, жауының алқымын сығымдаған темір құрсауы босап, гүрс етіп құлап түсті.


Орнынан асығыс тұрған Ақтөс әлде ашу, әлде аштық, әлі өліп болмаған жауының бүйрек майын бірден жұтып жіберді. Кесек-кесек етті жұлып-жұлып жұта берген. Ол сол жерде тапжылмай екі күн жатып, апанына әбден тоғайып оралған. Баяғыдағы енесі Қоңырдың бұғы етін саздауыт шымға қалай көмгені есіне түсті ме, әйтеуір жеп тауыса алмаған жемтіктің қалған-құтқанын сүйреп апарып, көміп тастаған.


... Мынау Сарының көлденеңдеп тұрысы оның есіне осы бір сұмдық оқиғаны түсіріп еді. Ақтөс айбат шегіп, "Елмісің, жаумысың?" дегендей гүр ете қалды. Бұл кездесудің соңы не боларын біле алмай домалаңдап келе жатқан ақ төс нілдей қара қонжық енесінің артына тығылды. Ал қонжық ерткен аю болса «Мен ғой» дегендей тым бейбіт үн қатты. Бұл келе жатқан өзінің Сарысы еді. Өткен жылғыдай екеуі танысудың доқ көрсету, желке жүнді күдірейту сияқты көп рәсімін жасамай-ақ бірден бір-бірінің тұмсықтарын жалауға кіріскен. «Биыл менің мекеніме келіп қалған екенсің, енді иелігімдегі жеріммен таныс» дегендей Ақтөс кері бұрылған. Ақтөс жаңа ғана кідірмей өткен алып қарағайдың түбіне келіп тоқтады. Сарыға көрсетер сый-сыяпатты бал алып беруден бастауды жөн көрген. Бір қонжық ерткен екі аю ұяларының қасына келіп тоқтай қалған соң бір сұмдықтың боларын сезгендей бортиған үлкен-үлкен қоңыр ала аралар «аттандасып», төбелерінен айнала ұшқан.


Ақтөс көп ойланбай-ақ қарағайдың қос тамырының ортасына салынған жер-ұяның тастақ топырағына қанжар тұяқтарды салып жіберді. Сол-ақ екен, жаңа ғана «жау жеттілеп» гуілдесіп, айнала ұшып жүрген араның бірі дәл қара тұмсықтан қадала түсті. Бір аяғымен басы-көзін қорғап, екіншісімен інді қаза берді. Құлағы, тұмсығы, беті бәрі де отқа қыздырып жатқандай дуылдап барады. Бірақ ол оған онша мән бере қойған жоқ. Әне-міне дегенше жер ұядан өзінің табанының жалпақтығындай балауызды алып шықты да, анадай жерде аралардың шабуылынан қорғанып тұрған Сарының алдына тастай берді. Бірақ кірекей шіркін еңбек сенікі еді-ау, өзің де ауыз ти деместен сылпылдатып, сүйсіне соғып алды. Сонан кейін екеуі қатар тұрып, қарақат сыпырды, қатар тұрып, құмырсқа илеулерін қопарды. Ақтөс соңдарынан ерген қара қонжықты бірер дүркін иіскелеп, тұмсығынан түре жалап қоюды да ұмытқан жоқ. Осылайша күн көтеріле берген кезде ешбір жан-жануардың көзіне түспейтін қалың сәмбі талдың ішіне еніп кетіп, ұзақ бөгеліскен. Тек түс ауа ашыққа шыға бергендері сол еді. Алдында Сары келе жатқан.


Жер-көкті күңірентіп мылтық атылды. Ақтөс есін жинап үлгіргенде Сарының екі аяғы бүгіліп құлап бара жатқанын көрді. Ол кірекейдің құлақ шекесінен шүмектеп ағып жатқан қанды көрді. Аюдың көзіне де қан толды. "Қайдасың, жауым! Шық бермен!" Егер адам аю тілін түсінер болса, оның мынау жер-көкті көшірген жан дабылындай ақырғанын тура осылай деп түсінер еді. Оның қан толған жанарына жартастың басында қолына түтік темірін ұстап, тәлтиіп тұрған екі аяқты түскен. Иегіне таутекенің сақалындай бір шоқ түк біткен баяғы екі аяқты жауы. Әрине, дәл осы сәтте Ақтөс оны жазбай танып, баяғыда енесі Қоңырды қалай өлтіріп, ұялас бауырын қалай тыпырлатып тұтқындап әкеткенін, одан отты оғымен жон арқасын қалай жарақаттағанын – бәр-бәрін есіне түсіргендіктен осынау жан пида айқасқа шыққан еді десек, сөз жоқ, жалған айтқан болар едік. Алайда, оның екі аяқты атаулыға деген кеудесіне жылдар бойы жиналған кектің, оның үстіне сағынысып табысқан, бір-біріне деген ынта-ықыластары ортаймақ түгілі кемерінен сәл кеміп үлгірмеген аяулы Сарысы қас пен көздің арасында қанға боялғанын көрген сәттегі лап етіп тұтанған сұмдық өшпенділіктің жанартау болып атылғаны рас болатын.


Ақтөс титтей де ойланған жоқ. Тұңғыш рет, сонша алапат күшпен, теңдесі жоқ ашу-ызамен жолындағыны жапыра, күркірей алға қарай атылған...


Тоғызыншы тарау


Бәйге жиренді ойлап жатып аңшының көзі әрең ілініп кетіп еді. Ыңғайсыз жатып қалды ма, әлде ұйықтай алмай шаршағандыкі ме, жаман түс көріп, бастырылып оянғаны. Өзі көптен қарауылына іліктіре алмай жүрген Ақтөс жылтыр қара аю екеуі орман ішінде тағы да бетпе-бет кездесіп қалған екен дейді. Тағы да мылтығын үңгіріне тастап, суға келген кезінде ұшырасыпты. Дәл баяғыдай. Бірақ бұл жолғы Ақтөс сол кездегі Ақтөс емес, кеудесі есіктей әбден өсіп, дүмдей болып алған. Жолын тосып, алшиып тұр. «Мықты болсаң кел! – дейді адамша сөйлеп. – Бізді адамнан азды дегенге сенбеуші едің, енді көзің жетті ме?! Түтік теміріңнің арқасында осы өлкенің жүгірген аң, ұшқан құсын қоймаушы ең, бәлем! Қынадай қырып, қанын ішкенге көзің тоймаушы еді. Сенен де жауап алар кез келді.» «Апыр-ау, сенің сөйлей алатыныңды, адамнан азған жануар екеніңді мен жазған ғұмыр бойы ұқпадым ғой. Енді мылтық ұстасам қолым сынсын! Шыбын жанымды соңғы рет қи» деп, зар еңірейді бұл. «Ә, солай ма екен? Әр тіршілік иесі үшін ең қымбаттысы – ол шыбын жаны емес пе еді?! Сол шыбын жанды аларда қабағыңды да шытпайтын едің ғой. Қалай екен, қандас­тарың қанша рет әрекетіңе қарсы тұрғанда тыңдадың ба? Табиғат дегеннің қадірін пайымдап, қасиетін ұқтың ба? Сол табиғат анаңдай бол­ған мынау айналаң, сол табиғаттың егіз төлі мына сен екеуіміз едік қой. Неге өз бауырларыңның қанын төгуге қаймықпадың сен?! Ал, иманыңды үйір. Сенің жаныңды мен алайын!» дейді ол мұның үнін шығаруға шамасын келтірмей.


Ақтөс келіп, мұны тұмақ құрлы көрмей бүріп алғаны. Жанын алқымына әкеліп, қысып-қысып жіберді де, тыраңдатып көтерген қалпы алып қарағайдың жанына әкеліп еді, қайдан шыққаны белгісіз өңшең қоңыр, сары аюлар, тоңқаңдаған кішкене қонжықтар ауыздарына тістеп әкелген арқанмен шандып, қарағайға таңды да тастады. «Бірден өле қаламын деп ойлаған екенсің ғой, ә? Жоқ, өзің өлтірген барша тіршілік қазір сенің жаныңды қинайды», дейді Ақтөс жалпақ тастың үстіне жайғасып отырып жатып.


Алдымен қаптаған қалың құр ма-ау, шіл ме-ау, кекілік пе-ау, өңшең құстар қара бұлттай түнеріп келіп, қанаттарымен бетін сабалап, басына саңғырды. Мүйіздері шаңырақтай құлжалар, үйір-үйірімен ағылған бұғы-маралдар, сидам сирақ таутекелер мен еліктер бәрі де келіп сүзгілейді-ау бір. Бұл Сауыр, Сайқанда көп ұшыраса бермейтін шашақ құлақ сілеусіннің бір-екеуін қарауылға іліндіріп, тарғыл терісінің бағасын келістіріп өткізгені бар еді. Әнеки, сол пәлекеттер өзінің күре тамырын қиып жіберіп, қанын соруға кірісті. Аюлар мен көкжал қасқырлар етін кесек-кесек қалпында жұлып әкетіп жатыр, әкетіп жатыр.


«Енді өлмегенде нем қалды?» деген кезде келе жатқан үш-төрт адамды көріп қуанып кеткен. Бірі Әкесі екен, жазбай таныды. «Әке!» демекші еді, Әкесі қолын көтеріп сөйлетпеді: «Мен сен үшін ел бетіне қараудан ұялғанымнан өлгенді артық санағанмын. Отанын сатқанның отбасына опа бергенін көргенім жоқ. Жасалған бір сатқындықтың өтеуіне мың жақсылық татымайды. Ал сенің жақсылығың қара басыңнан асып көрген емес!».


Анау бір жылап тұрған ақ жаулықты өзінің Зайыбы екен. Ұлының қолынан ұстап алыпты. «Сенің мылтыққұмарлығыңның төлеуі болып өмірден ерте көшкен мына Ұлдан кейін де ес жинауыңа болатын еді ғой!» деп ол да өте берді. Қаба сақал Банды жанына келіп рақаттанып, қарқылдай күлсін-ай бір. «Тірі жүрмін деп мақтанасың, ә?! Сен баяғыда маған ілескен , жо-жоқ, қор­қақтықпен алғашқы қойыңды өңгерткен күні-ақ өлген адамсың. Мені ұстап бергендегі әрекетің адасқаныңды мойындап, жаза басқаныңды түсінгендіктен емес, тағы да қу жаныңды қорғау үшін жасаған амалың болатын. Не жау болуға жарамаған, не ел болуға жарамаған сен сияқтыларға ең аяғы менің де жаным ашиды. Тарт енді сазайыңды!» деп өте берген...


– Кешіре көріңдер! Ағайын, ел-жұртым-ау, аң-құстарым-ау, кешіріңдер мен бейбақты. Жаздым, жаңыл-ды-ы-ым! – Өз даусынан өзі шошып оянып кетті. Қара суға түсіп терлеп қалыпты. Ол біраз уақыт жатып, есін жинаған соң осының бәрінің де түсі бол­ғанына қатты қуанды. «Қайдағы бәле-батырды көріп, шынымен-ақ қартайғаным ба?» деп ойлады ол үңгірдің ішінде жүрелеп отырып. Айтып айтпай, аңшылықты енді қоймаса болмас! Бүгін аюды ең соңғы рет қарауылға іліктіре алсам бұл тауға енді мылтықсыз келермін. Ақшолақ жоғалса одан әрі, Қарамылтықты да екі бөліп жерге тастармын! Тек аюдың өтін алған соң ғана!»


Бірақ ол осы тәуекелімен-ақ аюдың өтінен де қымбатырақ сөзде тұра білу дейтін адамға ғана тән қасиетін біржола жоғалт­қанын білмей де қалған.


Аппақ болып таң атыпты. Айнала керіліп жатыр. Ендігі ұйқының мәнісі болмасын білген ол шұбатылып орнынан тұрып, түннен қалған етті жылытып, шай қоюға кіріскен. Әбден жылынып, тамақтанған соң атын суарып, қайта арқандады. Сонан соң ғана мылтығын арқалап, қарауыл биікке шыққан. Саудыраған оқтарын алып, жездердің ісінбегенін тексеріп болған соң айналаға дүрбі салған. Дүрбісінің асыл әйнектері таңмен таласа жайылған тау тұрғындарының талайын жақындатып, жанына алып келген. Бірақ Мерген олардың бірде-біреуіне оқ шығармады. «Сертім серт, тек бір аюды ғана қарауылға соңғы рет ілермін!» деп күбірледі ол.


Сай табанындағы шыққа түскен сүйертпе іздің аюдікі екенін танып, қуанып кеткен. Әр іздің үлкендігі ожау күректің басындай. Баяғы Ақтөстің ізі болмағай. «Көктекшені бетке алған екен, жуырмаңда оралар деймісің? Е, бұл шіркін де қалыңдық ойнауға бет алған екен. Барсын, барсын!»


«Әй, айналайын, шебер табиғат-ай десеңші, жан-жануардан бастап, қыбырлаған күллі тіршілік атаулыға дейін бір-біріне ынтықтырып, бірінсіз-бірінің күні жоқ қып, тәуелді ғып қойғанын қарасаңшы» деп ойлады ол аюдың бұл таң сәріден тау асып қаңғылестенуінің себебін бірден байқап, неге екені белгісіз, ол өзінің Зайыбымен отау тіккен кездерін, сонау қалың бұйра-быдырықтардың арғы жағында қалғандай, өзінен тым ұзаңқырап кеткен жастық шағын есіне алған.


Мерген қамаудан аман-сау оралған соң жамағайындары жатсынбай қарсы алысып, азаматтың басы – олжа, аман-сау оралғаны үшін деп тілеу жасаған соң: «Енді қисайса да жығылмаған Әке шаңырағын көтеруге, қарауытса да өшпеген, үзілмеген Әке түтінін жалғауға» кеңес берген. Шаңырақты көтеріп, түтінді жал­ғау үшін, үйлену үшін қалыңдық керек екенін ол жақсы түсінген.


Айдауда жүрген жылдарында ол аштықты да, ұйқысыздықты да басынан кешіріпті. Ойлап отырса, соның ішіндегі ең бір азапты сәттері – жар құшағын, тіпті жар деген биік сөзді қайтсін, мейлі ақсақ па, мейлі соқыр ма әйтеуір әйел затының демін, жалын құшағын аңсаған, жан-дүниесіне байыз таптырмаған белгісіз бір соқыр, мылқау сезім болатын. Тіпті тұла бойды от шарпып, қу жанын қоярға жер таппаған сәттерінде «Шіркін, әйел құшағында жатып, мынау жанын қинап, қанына дейін қуалап кеткен жыландардың басын қайырып барып өліп кетсем, арман жоқ» дегенге дейін баратын. «Әттең азаттықты көрсем, көзіме алғашқы түскен әйел затына үйленермін!» деп іштей өзіне серт беретін. Мерген ел шетіне келген бетте ағайындарының «Үйлен» деген ақылы өз ойын дөп бас­қандай болғанына қуанған. Қуанған да атқа мінген. Ағайынға сәлем берген боп ауыл аралаған. Бірінші күні-ақ оң жақта отырған Зайыбын ұшыратқаны. Бұл елде жүргенде тұлымшағы желпілдеген кішкентай ғана қыз еді, қазірде таралып өсіп бойжетіпті. Әкесімен сөйлескен болып отырып, өзінен көзін алмаған жігіт жүзіне тіктеп қарай алмаған. Жүзі бал-бұл жанып, жігіт жанарынан қашқақтай берген.


Жігіттің бұл ауылға келер сылтауы көбейген. Сөз байласты. Құда түсілді. Ата-ененің ықыласы алынды... О, дүние-ай, бір серкені сойып, тілеу жасаған соң, екеуінің отауы іспетті қара қостағы алғашқы түн. Ашыққан бүркіттің тоят табу, сусаған жанның кәусарға жолығуы... Жо-жоқ дүниедегі рақат атаулыны бұл түннен алған ләззатына теңестіруге болмас еді. Шаңырақтан жамырасқан қалың жұлдыздан жанарын жасырғандай екі көзін тарс жұмып алып, қара тырнағын қозғауға да шамасы келмей ұжымақтың төрінде қалықтай ұшып жүргендей бір маужыр, бір ләззатты шақ есінде қалыпты. Сонан соң иығына басын сүйеп қана бар-барын ғана емес, бүкіл тағдырын осыған тапсырып болып, енді бір бей­ғам, тым бейкүнә кейіпте жатқан қосағының қос бұрымынан аңқыған жанға жағымды хош иістің өз тұла бойын шымырлатқан сәті есінде қалыпты...


«О, шебер, жаратушы-ай десеңші. Мына аю екеш аюға дейін бір-біріне ынтықтырып қойғанына не дерсің?!» деп ойлады Мерген. Ол күрсініп қойды. Неге күрсінді? Оны өзі де бағамдаған жоқ.


Сөйткенше болған жоқ, өзіне баяғыдан таныс Ақтөс пен Сары кірекейдің сол ізбен қайта құлдап келе жатқанын көріп, таңғалды. «Жол боларда дүниенің қисыны оңай келеді екен ғой. Дүрбіден жап-жақын жерден көргені болмаса, оқ жетер тұс емес. Мергеннің ең соңғы аңшылық мақсатына Ақтөсті болмаса Сарыны жақыннан барып бір, әрі кетсе екі оқпен жығуы керек. Оларға қарсы өзі отыр­ған жотадан тік құлдилауға болмайтын. Себебі күнгей беткейдің әр жерде бір серейіп өскен жетім қарағайы болмаса бой тасалар көп бұта-қарағаны жоқ болатын. Оның үстіне баяу ескен самал да осы жақтан еді.


Мерген алдымен аюлардың өзенге түскен соң өрлейтінін, болмаса құлдайтынын болжап алып, сонан соң ғана кеңінен оралып барып, алдынан шықпақ болып жоспар құрған. Ол дүрбіге енді бір көз салғанда екі аюдың соңынан еріп келе жатқан ақ төс қара қонжықты да көрген. «Ә, алыбым, қатын-балаңды тауып шыққан бетің екен ғой.» Мерген бәрін де түсіндім дегендей иен тауда жалғыз өзі жатып, басын изеп-изеп қойған.


Аюлар өзенге келген беттен көп аялдамастан сайды құлдай жөнелген. Сол-ақ екен, жер бауырлаған қалпы қыраттан асып түскен Мерген үңгірдің жанындағы атына жетіп, үстіне ер салған. «Жолымды оңғара көр!» деді өзі күн күркіреп, найзағай ойнаған кез сияқты аса бір қауіп-қатерлі шақ болмаса да көп сиына бермейтін жаратушысына жалбарынып.


Ол атына тақымын қысыңқырап жіберіп, қозы көш жердегі Жандарал қиясынан сай табанына бір-ақ түсуді ойлады. Мұндай жүрістің талайын көріп, әбден сыралғы болған Қарагер иесі қажет еткен кезде осы сар желісінен танбауы керектігін түсінгендей қамшы салдырған жоқ.


Мерген өзеннің аңғарына түскен соң атын бір қалтарыста қалдырып, жаяу өрлеген. Оның аяқ басысы жеміне жақындап қалған жолбарыстың жүрісінен аумайтын еді. Үш-төрт адым бұқпантайлап жүрген соң мойнын созып, алдын барлайды. Оғы салулы, шақпағы қайырулы мылтығын кесе көлденең ұстап ал­ған. Оның тіршілігінде аю аулауы бір бұл емес. Талай бетпе-бет келіп, Ақшолағын аңыратқанда ілуде бір болмаса қателесіп, көздеген жеріне оғын адастырып көрген емес. Алғашқы оқ дарығанда, қанды көрген аю өз ажалына қарсы шабатын. Жанды жерінен, көбінесе бастан немесе дәл жүректен тиген оқтан кейін кейбірі тұрған жерінде қалса, оқ ұлы денеге дарыған аю аңшының қолында өлердей болып, көзін қан басып, алға ұмтылатын...


***


Сонау бір заманның кең кездерінде, жұрттың бәрі «табиғат, табиғат» деп сұңқылдамайтын уақытта, тіпті ауданнан келген кейбір өкілдер итпен іздесе де мұны тауып алып, аю атқан өнерін тамашалар еді. Е, ол да бір өтті кетті дәурен екен ғой. Әнеки, сонда Мерген арқаланып, айбарланып шыға келер еді. Ондайда әдейі алғаш­қы оқты аюдың жанды жеріне дарытпай намысына тиіп, ашындыратын. Албастыдай болып, бұларға қарай ұмтылған жыртқышты көрген өкілдер қырғидан үріккен торғайдай тоз-тоз болып, мылтықтарын тастай қашар еді. Сол кезде Мерген аюдың алдына таяқ тастам келіп жығылғанын оларға талай көрсетіп еді-ау.


Бір жылы орталарында дәмелі атқышпын деген бесатарлы біреуі бар төрт-бес қызыққұмарлардың жайлауға келе қалғаны. Ең қызығы, орталарында осал біреуі жоқ. Облыстан келсе керек, бәрі де жалбаң қағып, жуан сарының алдында бәйек болысады. Және бір қызығы, жайшылықта мұны аяғына да отырғызбайтын аудан деңгейіндегі «сен тұр, мен атайын» өңшең бастықтар жуан сарының аузынан шыққан әр сөзді мекірене қоштасып, жайылып төсек, жатып жастық болысып-ақ жүр. Одан кейінгі бір қызығы, елге жылына екі-үш дүркін шығып, қойшылардың қасқыр үркітетін жаман мылтықтарына жауша тиетін милиция бастығы да мына сары үшін Сауырдың жүгірген аң, ұшқан құсына дейін қолынан келсе қырып берердей.


Үйде шай ішіп отырған кезде сөзден сөз шығып, қонақтардың біреуі жаңағы бесатар асынған жуан сарының құралайды көзден тигізер мықты екенін айтып, қоймағаны. Онысы аздай, Мергеннің өздері әлі көрмеген өнеріне күмән келтіргеніне мұның шыбын жаны шырқырап, отқа түскен.


– Әй, жігітім, – деген бұл шақшиып, – алып шық тысқа мықты деген мергеніңді. Атысамыз!


Жұрт үдірейісіп қалған. Өткен ғасырларда, басқа жұрттарда болып, бұл күнде біржола жоғалған намыс үшін жекпе-жек атысу үрдісі қайта тіріліп келгендей әсер еткен болатын.


– Нысана, – деген Мерген олардың көңілдерін қайта көншітіп. – Бірақ бастық жолдастар, мына нәшәндік мылтығымды тартып әкетіп жүрмейтін болсын. Қоғам малының жауы қасқыр атып жүрген мылтығым ғой, – деп ол қызды-қыздымен айтып қалған соң енді қаруын қамсыздандыру жайын ойлаған. Бұрын үйдің маңын көрсетпейтін Ақшолағын содан екі-үш күн бұрын майлау үшін үйіне әкеле қойған.


– Алмайды, алдырмаймыз! – деп жуан сары уәдесін сенімді түрде айтқан соң, ол жүк артына тығылған мылтығын шығарған.


– Қане, қане! – деп кеукілдесе бәрі сыртқа шықты. Мерген ет асылып жатқан қазанның қақпағы мен қол жуатын дөңгелек мыс легенді жұлып алып, ерінбей-жалықпай қарсы беткейдегі тастың үстіне екеуін де қатар тігіп келді.


– Шарт былай, – деді бұл, – сен бесатарыңнан бес оқ шығарып үлгіргенше мен бір атар мылтығыммен-ақ бес оқты бұрынырақ атып боламын және сенен гөрі бес оғымды да дәлірек тигіземін.


– Қой, жігітім, құс үркітер опырмаңдағы жезді қолмен алып тастап, қайта оқтағанша бесатардың магазині босап та болмай ма?! – деп келгендер күмән келтірді.


– Күмәндансаңдар осыдан ұтылсам төртеуіңе төрт қойымды өңгертіп жіберейін. Менің нысанам – мыс табақ, сенікі даңғарадай қазанның қақпағы болсын... Ал сендер ұтылсаңдар бәске не тігесіңдер? – деп, бұл қонақтарының бетіне жымия қараған. Бірі алтын сағатын, бірі макинтошын, басқалары ақшалай бәс тігісетін болды.


– Кімнің оқтары дәлірек тигеніне өздерің төреші боларсыңдар, – деп Мерген Ақшолақты қолға алған. Әрине, қарапайым ғана «жиырма сегізінші» деп аталатын мылтығына бесатардың ұңғысын қондырған жоқ. Онысын көрсетіп қайтсін. Қой боғындай дара оқпен оқталатын қарапайым жездері салынған оқшантайын қолына алды.


Жиналып қалған қойшы-қолаң, бала-шағаның көз алдында екі сайыскер қатар түзеп тұрды. Мерген бір оқты мылтықтың оққоймасына қондырып, қалған төртеуін сол қолдың саусақтарының арасына бір-бірден тізіп алды.


– Ал баста! – деген бұйрық естілген бетте екі мылтық та түтін үзбей пытырлай жөнелген. Мерген көп көздеп әуре болмайды, ұңғыны көтеріп жіберіп шүріппені басып қалады да, оң қолдың шынашағы опырманың қайырмасына жармасады. Бас бармақ пен сұқ саусақ лып еткізіп, жезді суыра бергенде сол қол бір оқты оққоймаға сүңгітіп үлгіреді. Әр саусақты қателеспейтін машинаның бір-бір тетігі дерліктей. Мергеннің бесінші оғы мыс табаққа қарай сапар шегіп кеткенде қонақтың мылтығы төрт оқ шығарып үлгірген.


– Ғажап! – деді атқыш қонақ.


– Керемет! – деді басқа қонақтар. Дәл түбінің алақандай жерін бес бірдей оқ тесіп өткен мыс табақ қайтып іске жарамайтын бол­ған соң Мергеннің Зайыбы: «Ойбай-ау, тәп-тәуір дүниені бүлдіріп», – деп сайға қарай даңғыр еткізіп, лақтырып жіберді де, бір оғы хабар-ошарсыз кетіп, төрт оқтан төрт тесік қалған қақпақты: «Қайта булығы жоқ еді, жақсы болды ғой» деп қазанның бетіне жаба салған.


– Сендер менімен әзілдескілерің келген екен?! – деді бұған да әлі құшыры қанбай қалған Мерген. – Батыр біреуің қой қораның шетіне барып, төбеңе шөлмек қойып тұрыңдар. Тигізе алмасам – маған серт, тұра алмасаңдар – сендерге серт!»


– Ойбай, жәкетай, жеңілдік, ондай тәуекелдің беті аулақ, – деп безектеген қонақтар атаған бәстерін төлеп, Мергенді бір байытып тастаған.


Ертеңінде олар аңға шыққанда да Мерген тағы бір қырынан көрінді. Жеті-сегіз атты Күркелінің терең шатқалына таң алагеуімнен құлағанмен, ештеңе кездеспей әбден титықтап түс ауа бір биікте жатқан үйір арқар дүрбіге ілінген. Басқалары етекте қалып, семіз сары мен Мерген тауды орай айналып, екінші жағынан шықпақ болған. Семіз сарының терін шығарып, терімен бірге жанын шығарып, биіктің басына шыққанша ет асым уақыт өткен. Бірақ арқарлар да арқандап тастағандай жусап, бір қолтықта бырдай боп әлі жатыр екен. Әлі сезік алар емес. Сарыдан көрі қызыл күрең түске енген қонақтың көзі жайнап кеткен. Бесатарын оңтайлап, алақанда жатқандай арқарлардың оқшау тұрған құлжасын қарауы­лға іле бастаған. Мергенді бір түрлі қыз­ғаныштың қызыл иті мазаласын. Өзі шетінен кертіп қана жеп жүрген нәпақасына ішкертіннен келген әлде бір төре ақай жоқ, тоқай жоқ мылтығын кезеніп жатса қызғанбай қайтсін. Миы бұйрық берді ме, әлде қолының өзі әрекет жасады ма, ол жағын бағамдап үлгірмеді. Сарының иығынан қаққан. «Не болып қалды?» дегендей бетіне оқшырая қараған сарыға қарап, ырсия жымиған.


– Олай болмайды! – деп сыбырлады. – Аңның киесінен қорқу керек. «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» дегенді естіп пе едіңіз?


Ол серігі есін жинап үлгіргенше Мерген шәугімдей тасты төмен қарай салдыр-гүлдір домалатып қалсын. Арқарлар да орындарынан атып тұрған бетте орғи жөнелген. Қызыл жондары көшпелі алтындай жалқындаса, аппақ таңдары көзді арбап билеп барады.


– Оу, атсаңызшы, – деді сасқалақтап қалған қонағына. Іле-шала бесатар тау-тасты күңірентті. Оқ құнан өгіздей құлжаның төбесінен асып барып, алдындағы тасқа шақ ете қалды. Құлжа одан үркіп, қайта жалт бұрылған кезде Ақшолақ сөйлеген. Құлжа тәтті тіршілігінде соңғы рет аспанға қарай керіле бір секірді де, жерге сұлап түсті.


– Ойбай, тез атыңыз, тұрып кетеді. – Мергеннің бұл сөзіне сеніп қалған қонақтың екінші оғы тұяғын серпіп жатқан құлжаның денесіне «күрп» етіп қадалғаны анық естілді.


– Маладес! – деді Мерген. Алдағы биікке қарай құлаш ұрып бара жатқан саулықтарды жанталаса көздей бастаған қонағына жайбарақат үнмен: – Құлжа енді қашпайтын болды. Саулықтарды атып қайтесіз. Қозықалары бар ғой. Обал!


Әрине, оны тыңдаған сары болған жоқ. Бесатар тағы бір дүркін күркірегенмен, оқ саулықтардың топ ортасынан ұсақ тастарды бұрқ еткізді.


– Көздеп атпағаныңыз дұрыс болды, басеке! Тағы біреуін сұлатсаңыз, ол брәкінерлік болар еді. – Сары Мергеннің жымыс­қы жымиысынан ештеңе ұқпай қалды.


Олар сол күні арқардың жылы-жұмсағын тау басында көмейлеп отырып, көптеген көк мойынды домалатқан. Әрине, тостың дені сарының орасан мергендігіне, тіпті оның өмірде де «дәл көздемей» әрекет етпейтін сұңғыла «мергендігіне» арналды. Ал семіз сарыңызда да үлкен кісілік бар екен. Мергеннің аңды үркітіп барып ататын және қозықасы бар саулықтарды атпайтын қасиеттерін кісіліктің нағыз үлгісі, Шығыстың табиғат туралы пәлсапасының іс жүзіндегі көрінісі деп аспандата бағалады. «Егер әрбір азамат табиғат анамызға біздің Мергеннің көзімен қараса, бүкіл адамзат экологиялық апат алдында тұрмаған болар еді» деген кезде басқаны қойып, Мергеннің өзі де сеніп қалып, қатты толқыған.


Сыйлы қонақ қызды-қыздымен алдындағы ит терісімен тыстаған қалың табан етігін үйге жеткен соң ескерткішке шешіп тастап кетуге уәде берді. Мұны Зайыбы тағы бір ұл тапқандай қуантып, ол уәдесін орындады да. Айтып-айтпай ол азбас-тозбас сақ­тиян етік мұның сәнге ғана киер бетжүздігі болып, үйінде әлі тұр.


***


«Көз қартайса да қол жаңылмаған шығар, – деп Мерген жолының боларына әбден сеніп келе жатқан. – Тек бір жылғаға түсіп бұрылып кетпесе болғаны. Бір кезде беткейдегі қалың жыныстың шетінде жан-жағына жалтақтай қарап отырған ақ төс қонжықты көрген. Ол бәрін де қолмен қойғандай түсіне кетті. «Ең аяғы аю екеш аю да ләззатты сәттерінің оңашалығын, құпиялылығын қалайды, ә? Е, шіркін, шебер табиғат-ай!»


Дауыстап, тас домалатып дегендей аюлардың қалыңнан қашып шығуын оп-оңай ұйымдастыруға болар еді, бірақ Мерген ет жүректі адам болғандықтан, хайуан екеш хайуандардың ең соңғы қызықтарына қиянат жасағысы келмеген.


Шай қайнатымдай күтті ме, әлде ет асымдай күтті ме, әйтеуір сарылып ұзақ отырды. Бір кезде қалың жыныстан шығып келе жат­қан екі аюды көрген. Атуға қолайлы болар деп еңіс жағы биік құлама жартастың үстінде отырған. Ол әдетінде аңды жүрелеп отырып, не етпеттеп жатып атпайтын. Онысын әділеттілікке санамайтын. Бұқпантайлап, жасырынып кеп, мылтық кезенген мергендікке де, кісілікке де жатпайды. Аң екеш аңның да қашып құтылуына мүмкіндік болсын деген қағиданы ұстанатын Мерген оқ жұмсар кезде бойын тіктеп, «мен мұндалайтын». Мерген де бұл ғұмырында тізесін бүгіп жатып, оқ атып көрмепті. «Жо-жоқ, апыр-ау, маған не болған?! Ғұмырымда бір-ақ рет, осы кеше ғана таутекені бұғып жатып атыппын-ау».


Ол қателескен жоқпын ба дегендей, кешегі аңшылығын еске түсірген. «Сұмдық қой! Сірә, жақсы ырым болмас!» Ғұмырында қалт жібермес әдетінен жаңылғанынан бір түрлі күдіктеніп, іштей жаман ырымға жорыған. Не болғанда да балаларымнан аулақ болса екен...".


Орнынан тұра берді. «Қайсысын атсам екен?» Бұл өлкеде ақ төс қаралар жоқ еді, тұқым көбейтіп жүре берсін. «Қанды басың бері тарт». Сарының жер иіскеп келе жатқан басы қарауылға іліне бере сұқ саусақ өз міндетін дер кезінде орындады. Мерген екінші оқты оққоймаға қондырып қойып, құрбандығы жаққа бір-ақ көз салған. «Бәсе!» Сары буыны босағандай тұрған орнында сылқ ете қалған. Ал, Ақтөс болса алдымен Сарыны иіскеп алып, сонан соң ғана бұған ожырая қараған. «Өзіне оқ тимеген соң қарсы шаппас, жан сауғалар» деген. Жоқ, Ақтөс ойланған жоқ. Сонша алапат күшпен, теңдесі жоқ ашу-ызамен жолындағыны жапыра, күркірей алға қарай ұмтылды...


Мергеннің амалсыз Қарамылтықты тағы кезенуіне тура келген. Оқ өндіршектен тиген сияқты.


Ақтөс қара тұмсығынан біреу шоқпармен соққандай етпетінен түскен.


Сол кезде Мерген де үшінші рет мылтығын оқтап үлгірген.


Орнынан жанұшыра тұрған аю қайтадан ілгері ұмтылды.


Адам қайта мылтығын кезенді. Сұқ саусақ та дер кезінде қимылдады, бірақ мылтық бәрінен де шаршағандай тырс етті де қойды. «Әттеген-ай, дәрісі дымқылданған екен ғой, кеше де текені атқанда өстіп еді.» Адам қайырып шүріппені басты. Тағы атылмады.


Өлгелі келе жатса да Адамға еңіс жақтан жете алмасын сезсе керек, Аю жартастың жатағандау өр жағына қарай салды. Өмірі саспай қимылдайтын Адамның денесін үрей биледі. Оқты ауыстырып үлгіре аларына тұңғыш рет күмәнданды. Көнектей бас таяқ тастам жерден көрінгенде шүріппені тағы басқан... Қарамылтық адам баласы естіп көрмеген опасыздық жасады.


... Аю алдында ербиіп тұрған жауынан басқа ештеңе көре алмаса, ...


Адам қара аю болып төніп келе жатқан ажалынан басқа ештеңе көре алмады. Бірақ оны миы «Шынымен өлгенім бе?» деген үлкен сауалды бүкіл тұла бойына қаралы хабар ғып жеткізіп үлгірген.


... Аю ақырғандай болды.


... Адам да жан ұшыра айқайлады. Бес бірдей қанжары бар Аюдың аяғы Адамның денесіне жақындай бере-ақ ол жартастан секірмек еді, үлгіре алмай қалды.


... Аюдың көстиген алақаны Адамды соққан жоқ, керісінше көптен көрмеген жамағатымен көріскен жандай орай құшақтап бауырына тартқан.


... Адамның кеудесі жаңа ғана өзі атқан оқтың орнынан шүмектей аққан жып-жылы қанды сезінді.


... Аю өзінің келте ғұмырында талай кездесіп, енесі Қоңырды жайратып, ұяласын алып кеткен теке сақал жауының үрей билеген көздерін жақыннан алғаш рет және соңғы рет көріп қалды. Ол жауын өз кеудесіне басқан сайын бырт-бырт сынған сүйектердің дыбысынан ерекше бір қайтқан кектің рахатын сезінді.


... Адам төңкеріліп бара жатқан аспанды, дәл көз алдындағы ақсиған маржандай аппақ сойдақ тістерді көріп, сонан соң Аюдың сәл күлімсілеу жып-жылы демін сезініп үлгірген. Өз қаны теуіп, көзіне құйылса керек, өйткені айнала қызғылтым түске малынып жүре берген еді. Тынысы тарылып, демі жетпей қалғаны. Әлденелердің бытыр-бытыр сынғаны естіледі. «Сірә, өз сүйектерім болар!» Ол есін бір жиғанында аю екеуінің де биік жартастан құшақтасқан қалпы құлап келе жатқанын анық білді. «Аю да, адам да - табиғаттың егіз туған баласы» дегенді кімнің айтқанын есіне түсіре алмады. Бәлкім, өзі айтты. Әйтеуір сол егіз төлдің құшақтасқан қалпы биіктен құлап келе жатқандарының өзі бір түрлі қызық көрінді. Жымиып күлмек болып еді, бірақ үлгірген жоқ. Әлденелердің күтір-күтір сынғанын тағы естіп қалды. «Аю да қирап түскен шығар». Жаңа ғана тамылжып тұрған аспанды түнек баса берді.


Адам миындағы сәуле өшіп бара жатқан кезде Әкесінің, әлде Зайыбының үні – әйтеуір мұның көптен ұмытып кеткен өз есімін айтып дауыстағаны:


– Ел-сен-ген!


***


Бұл кезде қайда барып, не істерін білмеген кішкентай Ақтөс қонжық та дәл бір кездегі әкесі, қазір жауын құшақтаған күйі өліп жатқан үлкен Ақтөс сияқты дірдек қағып, қарағайдың бұтағында отырған. Ендігі қызығы мен шыжығы мол, бәлкім қиындығы басымырақ бүкіл аю-ғұмыры оның алдында болатын...


Соңы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар