Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Кәдірбек Сегізбай: Махаббат...

15.04.2018 4311

Кәдірбек Сегізбай: Махаббат

Кәдірбек Сегізбай: Махаббат - adebiportal.kz

469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg

Сомадай-сомадай төртеуіміз Рысбектің тасбақаша дома­ланған «Запорожеціне» жайғасып отырып алдық. Өзімен бесеуміз. Бір кезде демалыс күндері аудан орталығынан ауылға, ауылдан аудан орталығына барғанда, бесеуміз дәл осылай, Аршабайдың көк велосипедіне жармасатын едік. Ортамыздағы жалғыз велосипедке кезек-кезек екіден-үштен мінгесіп-ұшқасып жүріп, әйтеуір жететінбіз. Менің есіме сол күндер оралды. Сонда әлімжеттік қылып, велосипедті көбірек иеленіп қалатын осы Әлімжан еді, қазір де ол сол күндері есіне түскендей машинаның алдыңғы орындығын жұрттан бұрын келіп иемденді. Велосипедке отырғанынан жаяу жүргені көп, ешкіммен дауласып-шарласпайтын, велосипед емес, өмірдегі заңды еншісіне де «әй, мынау сенікі» демесе қол созбайтын Шәкірдің бүгінгі мінезі де сол қой аузынан шөп алмас баяғы бала кездегі қалпын танытқандай. Тек бірді бірге қосып, дау-дамайдың түтіні көрінген жерде жүрер Аршабай ғана мүлде өзгеріп салғандай. Бұрынғысынша дырылдап көп сөйлеп, көп күле де бермейді. Қазіргі салмақты қалпы өзінің мол пішілген мынау тұлғасына бір түрлі жарасатын да сияқты. Машина ауылдың кедір-бұдырынан құтылып, тас жолға доңғалағы тиген соң-ақ аудан орталығын бетке алып, домалаңдай жөнелді.

– Реке, байи бастапсың. Бәрімізден осы сен оздың ба деймін? Әлі су жаңа ғой өзі? – «Машинаңды айтып отырмын» дегендей астындағы жұмсақ орындығын әдейі солқылдатып қойған Әлімжан Рысбекке денесімен бұрыла қарады.

– Адамдардың бір-бірінен озғанын барлықпен, байлықпен, тіпті, болмаса машинамен өлшемес болар, досым. Озды деп ғылым қуып, ел басқарған, өз қамынан гөрі халқының қамын ойлауға жеткен жандарды айтпаушы ма еді. Ал, байлық жағына келсек, ол да баршылық. Бірақ бұл машинаны ақшаға сатып алғаным жоқ. Отыз тиындық лотореяға келген дүние ғой.

– Жарайсың! Қарай гөр! – дестік артқы орындықта шалқайып-шалқайып жатқан үшеуіміз. Үніміз үш түрлі шықты. Риза болып сүйсінгендіктің де, қызғаныштың да әуені байқалатындай. Әлімжан әзіл айтты:

– Ал келіншекті де ұтып алар күнді тосып жүрсің-ау, ә?

– Өмір деген лоторея билеті емес қой...

Досының жауабынан тосылғандай Әлекең үнсіз оты­рып қалды. Біздің арамыздан пікір қоса қойған ешкім болған жоқ. Егер баяғы, бұл күнде естелікке, өткен шаққа айналып кеткен күндер болса ше? Біріміз атып, біріміз қағып, біраз жерге апарып тастар едік. Қазір бір-бір үйдің отағасы атанған шағымызда самарқау тарт­қандық па, әлде отыз беске келгенше бас құрап, отау тіге алмай жүрген сүр бойдақ досымыздың сөз сотасы батар осал тұсын жағаттамай-ақ қоялық дегендік пе, әлде арада өткен он-он бес жыл уақыт қаншама жастай бірге өскен доспыз десек те бір-бірімізге салқындық лебін әкеле бастаған ба?

Бәрімізді де бір сәт үнсіздік биледі. Рысбек рөлді сығымдай ұстап, тесірейе жол қуалайды. Мектепте жүргенде бұйығы, тұйық еді. Мұғалім сабақ сұраса айтып, сұрамаса ең соңғы партада күжірейіп отыра беретін. Көзге түсіп қалу үшін «қане, кім айтады?» дегенді естісімен «мен де мен» деп қоқшақтай қалатын қайсыбір жақсы оқитын пысықай оқушылар сияқты емес, қашан да сабырлы қалпынан бір танбайтын.

– Реке, әлі сол шоферлық шаруада жүрген боларсың? – дедім мынау шағын машинаның ішін жайлап алған үнсіздікті бұзғым келіп.

– Сол, – деді ол жанарын жолдан тайдырмаған күйі. Мен ойладым, кластасымыздың бірі болса да бүгінгі сапарға мұны арнайы шақырмағанымызға ренжіп отыр ма деп. Жаманды-жақсылы ауылды қойып, ауданның әрқашан мақтан тұтар азаматы бола тұра автобуспен ырғалақтап жүруді ар көріп, бағана шаруашылық директорына жолығып, сәлемдескен соң, бұйымтай білдіргенбіз.

– Қап, дәл бүгін жүрмек пе едіңдер? – деген ол қиналып.

– Осы қазір жон жақтағы егіндікке жүрмек едім. Араға біраз жыл салып бәрің бірігіп бір келіп қалғанда өзім-ақ қыдыртуым керек еді. Облыстан өкіл келеді деп жан-теріміз шығып жатыр. Біресе егінің, шөбің деп жүріп-ақ діңкелейміз. Шаруашылық деген осы, жан алып, жан беріп жүргеніміз баяғы. – Директор ақтала сөйледі.

– Бүгін қажет еді, – дегенбіз төртеуіміз де. – Өзіңіз білесіз жуырда ғана алпысқа келгенін тойлап өткен Әлім қария осы отырған барлығымыздың да қадірмен мұғаліміміз еді. Басымыз қосылып тұрған сәтте алдымен сол кісіні құттықтап келсек деген ой ғой.

Директор ақыл тапқандай қуанып кетті: «Өй, айтпақшы, әлгі Рысбек те сендердің кластастарың емес пе осы? Оның қазір өз машинасы бар. Соны бір-екі күн жұмысынан босатармын. Сендермен бірге қыдырып, өзі де бой жазып, сергіп қалсын».

Директор оны кеңсеге шақырып алып, жаңа «тапсырмасын» айтқанда, тіпті, Рысбектің «ойбай, Қареке-ау, анау машинаны жөндеп бітірсем деп едім екі-үш күнде», деп қарсылық білдіргені бұларға қатты батқан. Аман-сәлемі де он жыл бірге оқыған адамдардың кездесуіне ұқсаған жоқ. Ресми түрде ғана келіп, қол алысып, үй-іш, бала-шағаның есендігін келте сұраумен ғана шектелген.

Рысбектің мұншама тоң мойындылығы үшін өзі қысылғандай директор мұның сөзін жуып-шайған.

– Ештеңе жоқ, сен қыдырып келгенше машинаңды жөндей беруді басқа біреуге тапсырамыз. Алаңдамай бара бер, – деп мәселені біржола шешіп берген.

Сөйтіп, ойда жоқта бесінші кластасымызды ортаға қосқан едік. Әрине, оның бүгінгі оспадарлығы үшін ренжуімізге, өкпелеп, көрмей кетуімізге де болар еді. Бірақ оның мінезі, бетің бар, жүзің бар демейтін бірбеткейлігі бізге әу бастан мәлім болған соң, бәрін де іштей кешіргендейміз. Оның бізге титтей де реніш-өкпесінің жоқ екендігі айдай анық дүние. Бар ерекшелігі – өмір соқпағының бұралаң-бұлтарысында бұрылуға жоқ, еңкейетін жерде еңкейіп, шалқаятын жерде шалқаюуға жоқ екендігінде. Әлекең бір қырындап, бізге қарап отырды. Осы жолдың бойында ортамыздағы жалғыз велосипедке талай-талай таласқанымызды әңгімеледік. Рысбек сол бе­сеу­дің бірі өзі екенін де ұмытып қал­ғандай селт еткен жоқ. Мен ойладым: «Өзі о баста тұйық адам мәң болып кеткен ғой, осында достың сезімі деген қалды дейсің бе?» деп.

– Әлім ағамыз төртеуіміз бірдей сау етіп кіріп барғанда қандай қуанар екен, – дейді Аршабай. Мен: «Бесеуіміз» деп түзеткім келді де, үндегем жоқ. Рысбек естімей қалған шығар деген ойға келдім. Ал, айтты айтпады, мұғаліміміздің қалай қуанары менің де көз алдыма елестеді. Ол кісінің: «Әне, менің шәкірттерім қандай?» деп үнемі әңгімесіне тұздық етері де біз емес пе едік? Мынау алдағы орындықта шалқайып жатқан Әлекең аты шығып қалған дырдай жазушы. Ірілі-ұсақты екі-үш кітаптың авторы. Өткен жазда Жазушылар одағына мүшелікке де қабылданған. «Бір тәуір жері, жазушылығыңды айғақ­тайтын көздің жауын алған алтын жазулы қызыл куәлігі самолет, автобус дегендерге билет іздеген кезде таптырмайтын-ақ дүние екен» деп кеше ғана айтқаны есімде.

Аршабайдың бастықтық баспалдағы да қозыдай жамыраған үш-төрт телефоны, жұмсақ креслосы бар жеке кабинет иеленуге жетіп қалған. Астанадағы бір құрылыс басқармасын жабдықтау мекемесінің білдей бастығы. Шәкір болса, облыс орталығындағы әйгілі комбинаттың бас инженері. Мен ше, жаманды-жақсылы осы бесеудің ішіндегі бір кластың, жоқ-ау, бір мектептің шәкірттерінен шыққан тұңғыш ғалыммын. Анау-мынау емес, физика-математика ғылымының кандидаты деген дырдай атағым бар.

Әзірге біз ғылымға ауыз толтырарлықтай ештеңе бермесек те, ғылымның бізге бергенінің өзін аз десек пендешілік болар еді. Әйтеуір, ғылыми атақты «қорғады» деген жалғыз сөз өміріңе «қорғаныш» боларына көз жетті. Институттың оқытушысы болып орналасқаныма екі-үш жыл болса да ағайынның арасындағы беделім жаңбырдан кейінгі көк шалғындай қаулай өсіп жөнелді. Несін айтасың, жігіттерің қайсы десе, шетімізден мыналар еді дейтіндей-ақпыз.

«Запорожеціміз» аудан орталығына таяу қара ала көпірге жете бере тоңқаңдап келіп, тоқтай қалды. Терезе әйнегінен қызғылт сағым көлбеңдеді. Жап-жас қыз, он екі, он үштердің шамасында ғана. Рысбекке бас изеді де машинаның ішіне көз жүгіртіп, сыпайы ғана сәлемдесті.

– Түу, автобус жоқ болып... – деді сонан соң имене сөйлеп. – Қол көтерсем бір машина тоқтамайды...

– Кел, ағаларыңның жанына сыйысып отыра ғой. – Рысбек кабинадан түсіп, мен отырған жақтың есігін ашты. Қыз машина ішінде бос орынның жоғын көргенде абдырап қалды. Құралайдың жанарындай жаудыраған көзімен бір түрлі тұнық қарайды екен, «Тоқта-тоқта, қайдан көрдім бұл жанарды?»

Әлекең сақтық білдірді:

– Реке, автоинспектор көкең кездесіп қалса, көп тәжікелесіп жатпай-ақ талоныңды тесіп беріп жүрер. Сонан соң бізден көріп, шаңымызды қағып аларсың. Оның үстіне орын да жоқ қой.

– Ештеңе етпейді. Ол жағынан қам жемеңдер. – Рекеңнің үні сенімді шықты. Сонымен бірге «сенің жұмысың не, машина да, тесілер талон да менікі ғой» дегендей салқын сыз байқалғандай үнінен. Мен ойладым: «Мынау достарын сыйлаудан қалған-ау» деп.

Біз қанша сығылысқанмен, қызға орындықтың алақандай бір бұрышынан артық орын ауыспады. Бір уыс болып, төрт аяқтап бүрісіп отыр.

– Айналайын, кімнің баласысың? – деді Шәкір.

– Айнабектің, – деді қыз.

– Ол кісі қайда істейді? – деді Аршабай.

Мен сары ала тартқан егінге көз салдым. О шеті мен бұл шетіне көз жеткісіз болып, толқып жатыр, жарықтық. Үш-төрт жерден суды ақ бұршақ қып аспанға атқан жаңбырлатқыш машиналар көрінеді. Жерге себезгілеп шашылған су тамшыларына күн сәулесі шағылып, тоты қанат кемпірқосақтар ойнайды. Балалық шағымызда осы маңның бәрі қалың қара жусан өсетін жайылым болатын.

Қыздың бір сөзін естіп қалдым:

– Әкем былтыр қайтыс болған, – деді ол. Жүрегім шым ете қалды. Мен қыздың кіп-кішкентай жауырынына қолымды салдым. «Бәсе, жанарында мұң бар сияқты еді?» Аршабай аңдаусызда қой­ған сауалы үшін қысылғандай, ажарын төмен салды.

– Е-е-е, – деді Әлекең артына бұры­лып. «Апыр-ай, қиын болған екен-ау» дегендей үнінде аяу­шылық бар.

– Танымадыңдар ма?.. Өзгенікі өзге, сенің танитын жөнің бар еді ғой... – деді Рысбек Әлекеңе қарап. – Раушанның қызы ғой. Бізбен бірге оқыған Раушан ше?!

– Раушан, қай Раушан? – Аршабай есіне түсіре алмай қиналды.

– Сармолдина ше? Үнемі алдыңғы партада отырушы еді ғой.

Әлекеңнің ақ сұр жүзі күрең тартты. Қабағының үсті де дір ете қалғандай көрінді маған.

– Реке-ай, баяғы мінезіңнен бір танбапсың-ау. Өткен істердің өңін айналдыра бергенмен бірдеме өнер деймісің?! – Ол сөйтті де мынау бейтаныс ағаларының не үшін келісе алмай қалғанынан бейхабар отырған қыз жаққа ұрлана қарады.

Рысбек қайтып үндеген жоқ, жанарымен жол қуалаған күйі отыра берді.

– Ә, ә, солай де? – десті Шәкір мен Аршабай. «Бәсе, жанары бір түрлі таныс сияқты еді, шешесіне тартқанын қарашы!» деп ойладым мен.

«Айтпақшы, осы Рысбек сол Раушанға өлердей ғашық еді-ау осы».

Оқылған кітаптардың ұмытыла бастаған оқиғасындай болып сол бір жылдардағы Рысбек пен Раушанның басындағы махаббат «романының» кей сәттері менің есіме орала бастады. Ұмытпасам, сегізінші-тоғызыншы кластарда болса керек, екеуі көбіне бір жүріп, сабаққа бірге даярланатын. Мектеп бітіретін соңғы жылдың бірінші тоқсаны тәмамдалып калған тұс. Бір күні сабақтан қайтып келе жатқанда Рысбектің әлденені айтқысы келіп, айтуға себеп таба алмай келе жатқанын сездім де:

– Не жаңалық бар, Реке?! – дедім. – Раушанды жақсы көресің, бірақ ешкімге білдірмеуге тырысасың, ә? Ол сырыңды бүкіл класс біледі.

Рысбектің құлақ шекесіне дейін күреңітті. Сонан соң:

– Мен сырымды айтайын... Сырымды айтайын деймін-ау, сенен ақыл сұрайын деп едім... Рас, мен Раушаннан жырақта жүретін тіршілігімді елестете алмаймын... Өлердей ғашықпын. Не істеуім керек, ақыл айтшы... – деді шынын жасырмай. Мен ойланғам жоқ.

– Хат жаз, мен-ақ апарып берейін. – Тіпті, маған сол сәтте Рысбектің сөзі, мына түрі кинодағыдай бір түрлі қызық көрініп кеткен. Ол қолымды алды.

– Достым, өле-өлгенше ұмытпайын, бұл жақсылығыңды, – деп тебіренді. Өз ойының үстінен түссем керек, ойланбастан конвертке салған хатты қолыма ұстата берді. Мен хатты алған бойда Әлімжанға жеткем ғой. Ашқан «жаңалығымды» айтып едім, ол: «Сен бұл хатты маған бер, мен ебін тауып, өзім қолына ұстатайын» дегенді айтып, жатып жабыссын. Ақыры хатты алып тынды. Ертеңіне: «Қалай, Әлеке, бере алдың ба?» деймін оған. «Е, бермегенде». Бірақ маған: «Енді почтальон болғаның қалды ма? Жауабын өзім беремін», деп біраз ренжіді. «Жалпы, өзің бергенің жөн-ақ екен», деп шіреді. Сол күні Рысбек менен: «Е, қалай бере алдың ба?» деп сұраған. «Е, бермегенде». Бірақ маған: «Енді почтальон болғаның қалды ма? Жауабын өзім беремін» дегенді айтты. – «Жалпы, өзің бергенің жөн еді» деймін мен де Әлімжанның айтқанын түп-түгел қайталап.

Содан Рысбектің жүні жығылды дейсің. Бір ай жүрді, екі ай жүрді. Ақыры бір күні ол мені үйге іздеп кепті. Өңі өрт сөндіргендей. Жалғыз отыр едім, кірген бойда жағамнан бүре түскені.

– Дос сенімін аяққа басқан опасызсың, хат қайда? – дейді селкілдеп. Раушанға хаттың жетпегенін сонда бір-ақ білдім. Бар кесірдің Әлімжаннан келгенін біліп тұрмын. «Солай болып еді» деп шындықты қалай айтайын.

– Өй, немене мен сенің почтальоның ба едім? – дедім құтылудың амалын жасап.

Ол түтігіп тұрды-тұрды да, мені қорлайтын сөз іздеп біраз қиналған соң:

– Сен... сен адам емессін, нағыз опасызсың, – деді де есікті тарс жауып, шығып кеткен.

Сол күні мен де Әлімжанға барып, Рысбектің өзіме айтқан сөзінің бірін қалдырмай, өзіне бағыштадым. Не керек, екі досыммен де содан былай суысып кетіп едім. Рысбектің алдында мен қанша айыпты болсам, Әлімжан менің алдымда сонша кінәлі.

Шындығында, Рысбек өзінің Раушанымен ұғысқан кезде ғана мен оның алдына барып, кінәмнан арылғам.

Сол кездегі екеуінің егіз қозыдай болып жүргендеріне қызығатын да едік. Рысбек айтар еді: «Біз ең бақытты отбасы боламыз. Бірге барып оқуға түсеміз, одан кейін Раушан екеуіміздің тойымызға келетін боласыңдар» деп.

Бірақ төртінші тоқсан басталған бетте бұл екеуін тағы да ұғу қиын болып қалды. Бұл тоқсанда Рысбек екі күн оқыды ма, жоқ па, әйтеуір, ол аяқ астынан бірнеше күн интернатта жатып алған. Сал болған адамдай дөңбекшіп, тамаққа қарамай таусылды да қалды. Сұраған жанға ләм-мим деместен жатты-жатты да бір күні интернаттан чемоданын көтеріп, аулына тартты да кетті. Артынан мұғалім де барды, жалғыз шешесі де байбаламды салды. Бірақ сол бетінен қайтпай қойған.

Раушанның да әлденеге қиналып, көзінің қызарып жүргенін көрген балалар екеуіне келген кеселдің ортақ екенін мөлшерлеген де қойған. Ұмытпасам, соңынан тағы сол балалар айтып жүрді-ау деймін. Раушан Рысбекке: «Мен енді сенің басқан ізіңе татымаймын. Аттестатты алған күні кез келген біреудің етегінен ұстап кете беремін. Мені жақсы көргенің рас болса, ұмытуға тиістісің» десе керек. Оның ондай айдың-күннің аманында зар кешер қандай күйге ұшырағанына таң-тамаша қалғанбыз. Айтқандайын-ақ, Раушан үйінің рұқсатын алмастан әйелі­нен ажырасқан егделеу біреуге тұрмысқа шығыпты дегенді соңынан естігенбіз.

Әлде шын, әлде өтірік осы отырған Әлекең: «Раушан, болары болып, бояуы сіңді, енді үй болайық деп едім, көн­беді. Өз обалы өзіне» деп біреулерге мақтанған көрінеді...

Машинаның ішін тағы үнсіздік басты. Әркім өз ойымен отырған сияқты. Шәкір көп ойланып, қызға қояр бір сауалды әрең тап­қандай, оған қарай мойын бұрды.

– Қалаға жайша барасың ба?

– Тәтеме бара жатырмын. Ауруханаға түсіп қалып еді... – деді қыз. – Шешемді айтам.

– Ауруханаға? Қай жері? Алдыңғы күні ғана сау еді ғой? – Рысбек машинаның жүрісін сәл баяулатты да, бізге қарай еңсеріле бұрылды. Қыз жауабын естігенше тағаты таусылып бара жатқандай.

– Соқырішек екен. Кеше операция жасады. Қазір тәуір.

Рысбектің көңілі орнына түскендей алдына қарап отырды.

* * *

Рысбектен басқамыз жә деп тұрып қызып алдық. «Ұлдарым келген күні ырымын жасаймын» деп түйенің көзіндей рюмканы мұға­ліміміздің бір-екі рет алуы мұң екен, соған-ақ болып қалды. Әңгімесі көбейіп, ақыры: «Оқыса, осы ұлым бәріңнен озатын еді!» дегенге дейін жетті. Айтып отырғаны – Рысбек.

– Ұстазыңның тілін алсаң, сырттай болса да оқуға түсіп біліміңді көтеруің қажет, – деп тәптіштеді.

– Адамның өмір жолында әлдебір көңіл күйдің әсерінен бар жақсылықтан түңілер сәті болуы мүмкін. Бірақ қайта еңсе көтере алмаса, оның несі азамат? Адам данышпан болып туса да әр қиындықпен күресе алмайтын боркемік болса, онда данышпандығыңның құны көк тиынға барабар. Оңай табыс – олжа ғана, ол – өміршең бола алмайды. Мен «олжа» деп өмір жолындағы сәттілікті ғана айтып отырмын. Қиындықпен келген, күреспен келген табыс қана көгертпек. Айтшы қане, не білген ойың бар? Мына достарыңның алдында айтшы?

– Иә, – деп қостадық біз. – Оқуың керек. Ғалым болып кетпесең де диплом алуың керек қой.

– Адам оқу үшін емес, тоқу үшін оқыр болар. Химиялық элементтер атомдарының орасан энергиясының таусылмас қорын пайдаланудың әліппесін жасаған ерлі-зайыпты Кюрийлердің еңбегін бағалай алмаған, олардың бір радийді іздеп, сегіз жыл өмірлерін сарп еткенін білмеген физик-ғалым болғанша, қоғамға қарапайым еңбегіммен пайдамды тигізсем ше? – деп қарап отыр. Қыршаңқысын қарасаңшы, жаңа бір сөз арасында жігіттермен әңгімелесіп отырып: «Ғылымның белгілі бір адамдар тумай-ақ уақыты келгенде дами беретіндігін, дәл сол кезде Пьер мен Мари Кюрилер болмаса да басқа біреулердің радиоактивтілікті ашуы мүмкін екенін айтып едім. Сол тұстан ұстап, байқатпай шалып отырған түрі мынау. Онымен қоймай, менің пікірімді «бұл ұлылықты жоққа шығару, ұлылықтың қадірін білмеушілік. Мұның түп тамыры егер Толстой тумаса «Соғыс және бейбітшілікті» бас­қа біреу, Әуезов тумаса «Абай жолын» басқа біреу жазар еді деген лағушылыққа апарып саяды. Бұл тектес ғалым­дықты біздің ғасырымыздың басына дейін Швей­царияның Берн қаласындағы почта қызметкерлерінің арасында да «философия ғылымының докторлары» кездесе беретіндігіне теңесем көңіліне келер еді-ау, ә?» деп күледі. Әрине, бірге оқыған кластастар бір-біріне не деп әзіл айтпайды. Соған баладым да ғалымдығыма шүбә келтірген пікірі үшін тұтана бастаған ашуыма сап-сап сабыр айттым. Қадірменді Әлім ақсақалымыз да алпысқа жете алжи бастаған ба деп қалдым. Жалы қарағайдай жазушы Әлім­жанды, өзін құрметтеп арнайы келіп отырған шәкіртін соңғы жинағы үшін мөжемкелесін кеп. «Баспаға асығыс ұсынғаның көрініп тұр. Кейіпкерлерің қуыршақ сияқты, сенің айдауыңмен ғана жүрген жандар. Әр қылық, әр сөздері нанымсыз» дейді. Әрине, Әлекең де мақтамен бауыз­дағандай ғып жауап берді. Ол айтты: «Бүгінгі әде­биетке қойылар талапты оныншы кластың оқулығының ауқымымен түсінуге болмайды» деп.

Мұны естігенде Рысбек ыршып түсті. Бүгінгі әдебиеттің тағдыры тұп-тура соның өңменіне найзадай қадалып, жанын қинап бара жатқандай, өзім естімеген әлдебіреулердің шығармаларын бетке ұстап, одан бергі өзіміздегі есімі мәлім қаламгерлердің кітаптарын жіпке тізіп алып, Әлекеңе шүйліксін-ай келіп. Әлекең де дес бермес еді, қызып бара жатқан әдеби дауға Әлім ақсақалдың өзі тосқауыл қойды.

– Беу, ұлдарым-ай, менің босағама дауласқалы келіп пе едіңдер? Ал, елеп-ескергендеріңе рақмет! Сендер жиі келіп, дастарқанымның басын осылай думандатып жүрсеңдер тағы бір алпыс жасамаспын ба?! – Әңгіме осымен тамамдалды дегендей орнынан тұрды.

Машинаға отырған соң да, Әлекең мен Рысбек ескі әуендеріне басып келе жатыр еді, аз сөйлеп, көп үндемейтін Шәкір төрелікке жетті.

– Әлеке, «Дос жылатып айтар» деген, Рысбекті оқымады, жазбады деп жазғырмасақ, әңгімесі әділ сөздің аулынан келіп отыр... Жә, онан да ауруханадағы Раушанға соға кетелік. Жарынан айырылып, жарым көңіл болған жайы бар екен. Оның үстіне клас­тас деген атымыз қайда? Тіпті, әнеугүндері ауыл шетіне келген бетте кіріп шығуымыз керек еді.

– Жөн-ақ, – дедік Аршабай екеуіміз.

– Оу, ағайын, он бес-он алты жыл бойы көрмеппін сол Раушанды. Былай өзі, саусылдап жетіп барғанымыз қалай болар екен?! – Әлекең іргетасы жөндем қаланбаған бір пікірді айтып еді, одан гөрі нанымды ұсынысты Рысбек айтты.

– Оны білгенде бағана бірден бару қажет еді. Енді қызып алып, жетіп барғанымыздың жөні келмес. Көңілдерің қаласа ертең арнайы келейік... Мен бағана, сендер шайға отырғанда соғып қайтқанмын... «Тәуірмін, ұлдарға сәлем айт!» деген.

Рысбектің бір кезде Раушанға өлердей ғашық болғаны тағы есіме түсті. «Өмір деген – лоторея билеті емес» деп еді-ау тағы да. Әй, дегенмен өзінің жолы болыңқырамай жүрген жігіт-ау. Кәдеге аспаған білгірлігінің, жемісіне жеткізбеген махаббатының құны қанша?».

«Запорожец» ауылға қарай ұшыртып келеді. Біз «Туған жер, берерім көп менің саған» деп масаң көңілмен әндетіп келеміз. Шәкір қосылған жоқ, тұқырып, ойға батқан. Рысбек те әнге қосыл­ған жоқ, рөлде отырған адамды әр нені ойлап отыр деуге келе қоймас, жай ғана жанарымен жол табанын қуалап келеді...

Қала шетінен көп ұзамай «Запорожеціміз» тағы тоқтай қалды. Тағы да терезе алдынан қызғылт сағым көлбеңдеді.

– Ой, ағайлар, мен сіздерді аңдығандай болдым-ау, өзі, – деді бағанағы қыз. Тағы да орындықтың бір пұшпағына сығылысты.

– Есімің кім, жаным? – Мен бағана ұмытқан сауалды енді қойдым.

– Махаббат.

1973 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар