Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қайрат Айтбай: «Домбырамды су жаңа көлікке айырбас...

25.11.2016 2593

Қайрат Айтбай: «Домбырамды су жаңа көлікке айырбастамадым»

Қайрат Айтбай: «Домбырамды су жаңа көлікке айырбастамадым» - adebiportal.kz


Қайрат.jpg


— Қайреке, қолыңыздағы көне домбыраңыздың атағын естіп аңсарымыз ауғалы біраз болды. Су жаңа «Тойота Камри 40» автокөлігіне баспа-бас сұраған адамдар болды дейді. Осы рас па?


Бір айтулы ақын ағамыздың осындай ұсыныс жасағаны рас.


— Бермедіңіз бе?


Енді, қолымда отыр ғой. Кейін тағы бір исі қазаққа белгілі әнші ағам, «Бұл домбыраға үй берем десе ойланып көрер ме едің?» деді. Домбыра танитын күйшінің бәрі ерекше ықылас танытады. Концерттерде күй тартқанымда тыңдармандар ішінен, «Домбыраңның үні басқа домбыралардан өзгеше екен» деп жатады.





Құпия болмаса ол кісілердің атын атауға бола ма?


Ешқандай құпиялығы жоқ, бірақ ел-жұрттың алдындағы беделді кісілердің сұрағанын бермей бетін қайтардым деп атын атап отыру ыңғайсыз ғой.


Ал, сонда бұл домбыра сіздің қолыңызға қалай түсті? Кімдікі? Қай жылы жасалған?


Осыдан үш жылдай уақыт бұрын қолыма түсті. Бір күні ауылда тұратын ағам хабарласып, осындай домбыра тауып алдым деді. Дереу алғыздым. Келгенде қарасам, мойны, беттақтайы сыныпты. Арқасында «1937» деген және төте жазумен жазылған жазу бар екен. Кейін жігіттер, «Айтбайдан…» деген жазуды оқыды, тағы бір жазулар өшкіндеу екен, дұрыс оқылмады. Қызық, менің фамилиям Айтбай ғой, бірақ бұл домбыраның фамилияма еш қатысы жоқ. Қалай екен, бұл домбыраның сөйлейтініне еш күмәнім болған жоқ. Қазақы адам түрінен көрініп тұрады ғой, сол сияқты домбыра өзіне тартты да тұрды. Сөйтіп ағама, «Енді бұл домбыра туралы ойлаушы болма» деп, орнына жүз сексен мың теңгеге жасатқан домбырам бар еді, соны салып жібердім.


Бұл домбыраны сол Петропавл жақта біреу қоқысқа лақтырып тастаған дейді. Оны біреу көріп ала салған. Ол тағы бір кісіге берген, одан біреу бір жарты арақ беріп алған деген секілді шым-шытырық шатысқан тарихы бар әйтеу. Қысқасы, соңында менің туған ағам бір ауылдасының үйінде сынып жатқан жерінен көрген де сұрап алған. Содан мен мұны шеберге беріп, сынығын таңдырдым ғой. Керемет істеді. Беттақтайын да ауыстырды, онысы енді өте сәтті шықты. Мойны жуан болғаны дұрыс еді, сәл жіңішкеріп кетті, оны мен де басында ескертуім керек еді, айтпаппын. Сөйтіп, шек тағылып, перне басылғанда ойлағанымдай, тіпті одан он есе керемет болып шықты ғой, сөйледі кәдімгідей. Армандаған күйлерімді қапысыз тартқызатына сендім. Ол қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.


— Қандай күйлер еді арманыңыз?


Өзі осындай домбыра жолықса деп армандап жүруші едім. Оның себебі, бала кезден бері Әбікен Хасеновтің тартқан күйлерін тура солай тартсам деген арманым болатын. Домбыраға енді қызығып жүрген 16 жасымда туған ағам Ербол, «Әбікен Хасеновті неге тыңдамайсың» деп айта беретін. Бірінші рет «Сарыжайлау» күйін тыңдадым. «Шіркін-ай, осылай тарту керек екен ғой» деп ойладым. Бірақ, ол кезде ессіз құштарлық қана еді, кейін саналы, кәсіби түрде жан-жағынан мойындадым. Басқа музыканттармен, керек десеңіз, әлемнің не бір мықты музыканттарымен салыстырдым. Әбікен Хасенов шынында теңдессіз музыкант. Мәселен, Леонардо До Винчидің «Моно Лизасына» адам қандай көңіл күймен қараса, картинадағы Моно Лиза да оған солай қарайды екен деп айтады ғой. Ал енді біз ұстазым Жанғали Жүзбай екеуміз Әбікеннің орындауындағы күйлерді талай тыңдадық, талай рет «осы жерін осылай тартқан» деп бекітіп тастаған кездеріміз болды. Бүгін қарасаңыз, екпінмен тартқан сияқты, келесі күні тыңдасаңыз өте баяу тартып отырады. Ғажап па? Ғажап! Енді осылай Әбікенше тарту үшін, соныкіндей домбыра керек болатын. Сол арманым осы домбыраны тапқан кезде орындалды. Кейін салыстырып көрсем, Әбікен Хасеновтің домбырасының үнімен бірдей.


Әбікен Хасеновтің орындауындағы «Қоңырды», «Бозайғырды» тура солай орындауды қай күйші арман етпейді? Ал оны солай орындау үшін сол кездегідей үн шығаратын домбыра керек. Мына домбыра сол арманға бір қадам емес, жүз қадам жақындатады ғой. Талантың жетсе, үстінен басып, тура сол деңгейде тартуға да болады.


Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан перне басу түрлері бар. Соларды істей алсаң, бұл домбыра керемет сөйлеп береді.


— Сонда осы күнгі көп домбыралар...


Қазіргі домбыралар сені дегеніне көндіреді. Олар рельс сияқты. Айтқанынан шыға алмайсың. Ал бұл домбыра сенің ырқыңмен жүреді. Ат секілді. Жұмсақ. Иірім-қайырымға көнгіш. Егер концертте күй тартып отырып бір қате жіберсең, қазіргі домбыралар шаңқ етіп, (өсекші қатындар секілді) қателігіңді паш етеді. Ал, мынаның дыбысы ондайды жасырып жауып кетеді, білдірмейді. Айыбыңды жасырады.


Жанғали Жүзбаев бір кездері саусақ басуға байланысты бір мәселе көтерді. Кеңес үкіметі кезінде домбыраның деңгейін қайтсек көтереміз деп, адамдар скрипка, балалайкада бар, саусақ басу әдістерін домбыраға ереже ғып енгізген. Сол кезде қазақтың өзінің саусақ басуы жоғалып кеткен. Әбікеннің, Мағауияның саусақ басуын көзбен көріп үйреніп алған шәкірт жоқ. Күйшілерді қуғын-сүргінге салғанда домбыраны отқа жаққан кезең болды ғой. Енді біз оны қайдан үйренеміз? Мен мысалы «Қоңырды» тарта алмай жүрдім. Бірақ тартқың келеді. Сөйтіп, ізденесің ғой. Олай көресің, бұлай көресің, бірақ үстінен түсе алмайсың. Ал енді мына домбыра қолыма тиген кезде, көзім шарадай жанды. Он алты жасымнан бастап, одан бері он тоғыз жылдай уақыт өтті, күнде десем де артық емес, Әбікен Хасеновтің жұмбағын шешемін деп келе жатырмын. Сол жұмбақ осы домбыра қолыма түспесе,сол күйі шешілмей кететіні анық еді. Міне, бұл домбыраның үні бұрынғы қариялардың дауысы сияқты. Біздің ауылдың шалдарына тартып берсең өлген аталары тіріліп кеп сөйлеп отырғандай тыңдайды.


— Ал Әбікен Хасеновтің домбырасы қайда?


Бар. Ықылас музейінде тұр деп естідім. Өзім шертіп көргем жоқ. Негізі музейлерде қаншама керемет домбыралар бар. Ақтоғайға барғанда бір домбыра көрдім, керемет шешен домбыра. Енді сақталып, тұрғаны дұрыс та шығар, білмеймін. Мына домбыраны да музейге өткізіп, ақша алмайсың ба дегендер болды. Ондай сөз адамды қорлау ғой.


— Әбікеннің күйлері қалай жазылып қалды?


Әбікеннің тарихы – трагедия. Өзі Көпбай деген би-болыстың тұқымы еді. Бала кезінен баршылықта өскен адам. Кейін аштыққа ұшырап, бес баласы, туыс-туғаны түгел қырылып қалған. Ең соңында бір қызы қалады. Соны аман алып қалам деп жанталасқан. Бір күні таңертең оянса қойнында жатқан қызының да денесі суып қалған ғой… Содан босып, Алматыға келеді. Сол жақта Сәкен Сейфуллинді табады. Сәкен бір амалын тауып театрға орналастырып, жаны қалады ғой жарықтықтың.


Білесіз бе, Әбікен қайтыс болғанда Шәкен Айманов үкіметке барып соңғы жұмыстарына бес мың сом ақша сұрайды, сонда министрдің орынбасары «Әбікенге бес мың көп» депті. Мәңгүрт қой! Шәкен Айманов күйіп кетіп: «Сонда сен бес мың сом бөлу үшін нешеуіміз өлуіміз керек?» деген екен. Әбікеннің қайта тумайтын қазақ екенін білген ғой олар. Әбікенді жерлеп жатқанда Ахмет Жұбанов «Болды, қазақтың он саусағын жерлеп жатырмыз» деген екен.


Әбікеннің күйлері таспаға сонда Алматыда жазылады. Мұраларымыздың сақталуы үшін Александр Затаевич, Борис Ерзакович, Латиф Хамидилердің сіңірген еңбегі ерекше болды ғой. Таланттарды, ондағы айырықша үнді таныған олар. Сондықтан да қажырмен еңбек етті. Борис Ерзакович: «Мен қазақ музыкасын нотаға алғаш түсіріп жүрген тәжірибесіз кезімде, әнді қайта-қайта айтқызғанымда шыдаммен өтінішімді орындаған дала орындаушыларына алғысым шексіз» деп жазыпты. Осыны оқыған кезде көзіме жас келіп, қатты тебірендім.


Ән мен күйді нотаға түсіруде өзіңіз де біраз еңбектендіңіз ғой. Жалпы, қайда білім алдыңыз? Күйшіліктен басқа ғылыми жұмыстарға қалай келдіңіз, кеңірек айта кетіңізші.


Павлодарда колледжде оқыдым, одан осы жақта музыка академиясын бітірдім. Одан соң Павлодарда бес жыл жұмыс істедім. Кейін үйленген кезімде келіншегім Нұрғаным бірінші курста Еркеғали Рахмадиевтің жетекшілігінде оқып жүрді. Ұстазы «бұдан мықты күйші шығады» деп жақсы баға берген соң, оқуын тастатуға қимай, өзім Астанаға көшіп келдім.


Сонда марқұм Базарәлі Мүптекеев мені фольклор орталығына жұмысқа алды. Дәл сол кезде Жанғали Жүзбаев елу жасқа келіп қалған екен, сол кісінің орындаған күйлерін нотаға түсіруді тапсырды. Содан өзім бар, Иманғазы Нұрахметұлы деген ағамыз бар, Нұрғаным бар үшеуіміз қырық шақты күйді нотаға түсірдік. Одан кейін Ғабдылхақ Барлықов деген күйшінің орындауындағы жиырма бес күйді нотаға түсірдік, ол екі кітап болып шықты. Кейін Қайрат Байбосынов орындаған төрт жүз әнді және де Затаеевич нотаға түсірген жүз шақты әнді редакциялап, кітап қылып шығардық. Сол кітапты дайындау барысында небір қызық жайттардың байыбына бара бастадым ғой.


— Мәселен?


Мәселен, «Гауһартас» әнін алайық. Оны Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев сынды алдыңғы әншілердің орындағанын тыңдадық. Бірақ ондағы ырғақ біртүрлі ер адамға келмейтіндей сезіле беретін. Рас қой? Ал Бибігүл Төлегенова апамыз орындағанда бұл ән қалай құлпырды? Керемет әуеледі, жұрттың көкейіне қона кетті. Алайда әннің сөзіне қарасақ: «Ажарың ашық екен атқан таңдай, нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай» дейді. Ер адам орындайтын ән. Яғни, жігіттің қызға айтатын сөзі. Енді неге ер адамның табиғатына келмейді. Сөйтсем, гәп басқада екен. Біз орындап жүрген «Гауһартас» Майра Шамсутдинованың орындаған нұсқасы болып шықты. Александр Затаевичтің кітабында бұл әннің екі нұсқасы да бар. Ер адам айтқан нұсқасы бар, ол басқаша. Ол енді ер адам айтса жарасып-ақ тұр. Жалпы, бізде әйел адамдардың ән айтуы қандай болған деген ой келеді.


Мұхаңның «Абай жолында» «…Әйгерім Зілғараның көп иірімді «Жиырма бесіне» салды» дейтін жері бар. Сол сөзді оқығанда ойланып қалып едім. Әсілі, әйел адам әнді қатты айқайға салып, созбалақтап айтпайтын болса керек. Әйелдің орындауында иірім-қайырымы көп болатын секілді. Оған Затаевич жазып алған әндердің нотасы да дәлел болады. Әйел орындаған әндерде иірім-қайырым көп, жыпыр-жыпыр болып жазылған. Ал ер адам орындаған әндер ондай емес.


— Бұл да бір жаңалық болды. Енді бір сұрақ. Сіз жеке концерт бермедіңіз бе? Репертуарыңызда қанша күй бар?


Мағауия Хамзин тартқан күйлердің барлығын дерлік тартамын. Ол кісі тартқан күйдің өзі қырықтан асады. Содан Созақ күйшілерінен, Байжігіттен тартамын. Әбікен тартқан күйден тек Жаппас тартқан дейтін бір «Қосбасарын» ғана білмеймін, ала алмай жүрмін. Бірақ жақындап қалған секілдімін. Одан басқасының бәрін тартамын. Жиырмадай күй ғой.


Келесі жылы Әбікен Хасеновтің туғанына 120 толады. Көктемде Әбікен мен Мағауияға арнап, кеш өткізбек ойым бар. Құдайым бұйырса, «Қосбасарды» сонда тартамын.


Не дейміз, аманшылықта болайық. Сол кеште қатқан терідей құрысып қалған құлағымызды жіпсітіп, құрышын қандыруға жазсын!


Әмин!





Әңгімелескен, Ұларбек Нұрғалымұлы, «Егемен Қазақстан»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар