Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қайрат Нұртастан «Найнти уанға» дейін немесе шалағ...

18.11.2016 5850

Қайрат Нұртастан «Найнти уанға» дейін немесе шалағай мәтін, шәлдір әуендер туралы

IMG_8747.JPG

Әр дәуірдің өз талғам-түсінігі, өз әуені мен өз тыңдарманы бар. Бұл ақиқат. Ұтымды шыққан жақсы әуен әркімнің-ақ жүрегіне жақын.

Сүйіктім-ау,

Әнсіз өмір мәнді ме?

Ән түзелсе, түзейміз ғой сәнді де, -

деп ақын-сазгер Мұхтар Шахановтың тамаша әнінде айтылатынындай, күнделікті өмір сәттерін әнсіз елестетудің өзі қиын. Ақпаратты жеткізу мен қабылдау жылдамдығы ғаламат өскен мынау ғасырда ән тыңдаудың мүмкіндігі де арта түскен екен. Осыған орай әнді бұрынғы сазгерлер жазушы еді, қазіргілердің көбі компьютер бағдарламасында «құрастыратын болғаны» да жасырын емес. Әншінің фонограммасы – ол тіпті бөлек әңгіме. «Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, әннің мәтіні мен әуеніне байланысты, тыңдаушыда туындайтын әсер – бұл басты әңгіме.

Жалпы алғанда ХХІ ғасыр – ақпараттық ғасыр. Ақпаратты жеткізу мен қабылдау жылдамдығы орасан артуы адамзат үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Мұны әсіресе, шоу-бизнес өкілдері тиімді пайдалана білді. Шоу-бизнестің талабы – кім өтімді тауар әзірлеп, тұтынушыға жылдам ұсына алады. Соның мерейі үстем. Осы тұрғыдан алғанда, біздің қоғамда әншілердің аты озып тұр. Олар туралы айтылғанда, ең алдымен Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі, Жанар Дұғалова, Серік Ибрагимов, т.б. жас буын әншілер ойға оралары сөзсіз. Әрбірінің өз бағыты, стилі, әкелген жаңалығы бар. Жаңалықтың түрі де көп. Арнби стилін қазақ топырағына әкелген «Орда» тобын айтсақ та жеткілікті. Q-поп пионерлері «Найнти уанның» жыры өзінше бір төбе.

Әрине, ізденіс жоқ емес. Ән, әуен болған жерде сөз бар. Сөз болған соң, оның мағынасы бар. Мағына бар жерде идея бар. Идея бар жерде белгілі бір ықпал, тәрбие бар. Ендеше, өзімізге эстарда жұлдыздарының ұсынып жүрген өнімдерінің, яғни «хит» әндерінің сөзі қандай сапалық деңгейде дегенге бір көз жүгіртіп көрелікші. Әрі-беріден соң, бұл біздің тұтынушылық құқығымыз ғой.

Ілкі дәуірдегі композиторлар өз әндеріне мәтін жазуға аса талғампаздықпен қарағандығы туралы аңызға бергісіз әңгімелерді білеміз. Ал қазір екінің бірі әнге мәтін жазғыш ақын, онның бірі ән жазғыш сазгер болған заманда, әнге, сөзге қойылатын талғам деңгейінің түсіп кеткендігі анық көзге ұрған дүние. Сөзіміз дәйексіз болмау үшін енді қазір көп орындалып, тыңдалып жүрген әндердің мәтініне көшейік:

Ең алдымен көзіміге түскені Қайрат Нұртастың орындауындағы «Байқа» атты әні (көбінесе «Қайраттың әні», «Жанардың әні» т.б. деп әншінің атымен ғана аталу үрдісі болғандықтан, авторы кім екенін білмедік).

Байқа,

Бағалай біл мені, қаламаймын сені

Ермегі болып өтуіңді жаттың.

«Қаламаймын сені» емес «қаламаймын сенің» болса керек-ті.

Ол сенімен ойнап жүр-ау, ойнап жүр-ау. Байқа...

Ол өзі де өзгелерді, өзгелерді ойлап жүр-ау, Байқа...

Өзгені емес, «өзгелерді» ойлайтын бұл қандай тұрақсыз жан екен? Расымен байқаған жөн екен. Мәтінді әрі қарай оқиық:

Бағалай біл мені,

Аялаймын сені

Мәңгі бақи бақытында бақтың.

Ол сөзімен гүл сыйлайды

Күн сыйлайды ойға

Сол ісімен алдайды, арбайды ол байқа

«Бақтың бақытында аялау» деген ұғым қазақта бар ма еді өзі? «Бақытың бағы» болса бір сәрі. Соңғы шумағында мынадай жолдар бар:

Дүрсілдеген тулап, жүрегіңді тыңдап,

Сыңар тауып сезім көлін шайқа.

Жаным-жаным.

Сыңар тапқаны дұрыс қой, бірақ «сезім көлін шайқа» деген айтылым орнында тұрған жоқ. Ән мәтінін жазған адам «сезім көлінде шаттан» дегенді айтқысы келген, бірақ, «шайқа» тілімізде мүлде басқа мағына беретін сөз. Қазіргі қазақ эстрадасында Қайрат Нұртастың десі басым. Кәрі де жас та Қайраттың әнін тыңдауға құмар. Тыңдарманы есепсіз көп әнші. Осыны ескерген Қайрат та миллиондаған көрерменнің ықыласына сай, орындайтын әндерінің әуенімен қатар, сөзіне ерекше мән беруі тиіс.

Және де бір ескерерлігі – Қайрат Нұртас орындайтын әндердің тоқсан тоғыз пайызы махаббатқа қатыстылығы. Махаббат – мәңгілік тақырып, оның түрі де көп екенін. санамаламай-ақ қояйық. Ана туралы бірер әннен өзгесі түгелдей тұрлаулы-тұрлаусыз, махаббатқа арналыпты. Жігіттіктің шыңы жиырма бестен өтіп, орда бұзар отызға беттеген танымал әншінің ұзын-сонар жылаңқы махаббаттан гөрі елдің рухын көтеретін патриоттық әндерге біршама басымдық бергені де жөн болар.

Патриоттық әндер дегенде, біздің есімізге «Көк тудың желбірегені», «Аманат» т.б. рухты әндерді орындаумен көрермендер көзайымына айналған Ибрагим Ескендір оралады. Бір-бірінен ажыратқысыз, бірөңкей жылаңқы, жылымшы әндердің берері не, халыққа? Ғашықтық туралы әндерді көп тыңдаудан әлі қалыптаспаған жастардың күйректікке салынып, жыныстық ауытқуға бейім болатындығы туралы айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып жатқан жоқ па! Бұл не бейғамдық, бұл не деген бітпейтін елік-солық. Әлгі Гитлер айтты дейтін,«кез келген ұлтты жаулау үшін ойлантпайтын, даңғаза музыканы үздіксіз бере бер, бере бері» бізде жүзеге асырылып жатыр ма деп те ойлайды екенсің.

Тыңдарманы мол жас жұлдыздардың бірі, «Кешью» тобының экс-әншісі Айдана Меденованың орындауындағы «Су» атты әні де хит болып тұр. Әншінің әні мен сәніне сөзіміз жоқ, алайда сөзі сын көтермейтіндігін айтқанымыз жөн. Ендеше, мәтінге келейік:

Лүпілі жүрегімнің бір өзіңде,

Тек сенсің керегі кейде.

Сұрайды, тыным таппай, тұр соқпай,

Күнде де, түнде де сені іздейді.

Жаныма керек, үрлейді шөлдеп,

Қажетсің ағзама, қажетсің сен ғана.

Өзіңсің керек, іздеймін шөлдеп.

Қажетсің, маған сен керексің секілді.

Осы келтірген шумақты қара өлеңнің де ақ өлеңнің де формасына жатқыза алмадық. Тек іркес-тіркес сөйлемдердің үйіндісі десек болар. Әуенмен әрленіп-сырланып, әйбат қыздың әдемі даусымен ән болып айтылып эфирге тарады деген болмаса, қазақ тілінің заңдылығын белден басқан мұндай шатпырақты ән мәтіні деуге келе ме?! «Өзіңсің керек», «Маған керексің секілді» дегенді есі дұрыс қазақ ақыны (егер ақын болса) жазды дегенге күмәніміз бар.

Қазіргі қазақ эстардасындағы мәтіннен өзге бір үлкен дерт – әуендегі ұлттық бояудың жоқтығы. Кеңестік кезеңдегі кейбір әндерден орыс мелодиясының ықпал-сарыны бар деп жүрсек, қазіргі әндерде ағылшын әлде афроамерикандықтарға тән ыңырсыған, қыңсылаған иірімдер дендеп барады. Мұны ұлтық төл әуеннің өзегіне түскен жұлынқұрт десек болар. Кешегі ғасырда ұлттық әдебиет пен өнердің иммунитеті мықты болғандықтан, тінінен ажырай қойған жоқ еді. Бұлай бола берсе, енді бір ұрпақ ауысқан кезде қазақ әуенінің тамтығы ғана қала ма деп қорқатынымыз жасырын емес. Өйткені, мектептен бастап ағылшын тілінде білім лып, қазақылықтың уызына толық жарымай өсуге тиіс балауса ұрпақ ертең кімнің әуенін тыңдайтын сыңай белгілі болып тұр.

Жалпы, өзге жұрттың ырғақ, өлшеміне лайықталған әндерді орынсыз тықпалау – жастардың репертуарында жиі байқалатын құбылыс. Мұндай жағдайда, бұл ән (немесе құрастырма) ұрлықы, не болмаса жазған адам ұлттық таным түсінігі таяз деген сөз.

IMG_8746.JPG

Қазақ сахнасында үлкен танымалдыққа ие әншілердің бірі – Бейбіт Қорған. Әншінің орындауындағы «Шалқы, менің шұғылам» – тыңдалымы көп әндердің қатарында жүр. Өзге шумақтарына көз салып жатпайық. Мына бір жолдарға көз жүгіртейікші:

Соқ, соқ жүрек, соқ жүрек, қозғал миым,

Ми қозғалмай ойды да қозғау қиын,

Жырсыз өмір мен үшін өмір немен?

Жырсыз өмір – мен үшін тозған бұйым.

О заманда бұ заман, ми қозғалушы ма еді. Ми қозғалудың баламасы «ми шайқалу», орысша айтқанда «сотрясение головного мозга» емес пе? «Жырсыз өмір мен үшін өмір немен?» дегенді де түсінбедік. (Мұхаңның осы жолдарын қабылдай алмайтынымыз рас).

IMG_8744.JPG

«Суперстар» жобасы арқылы алғаш көрермендер көзайымы болған Нұржан Керменбаев та танымал жұлдыздардың бірі. Әншінің орындауындағы «Жылайды жүрек» әнінің мәтініне көз салайық:

Жанымның ең нәзік сенсің бөлшегі,

Жарық айым, жан тәніммен сүйемін сені.

Мен үшін өмірдің жаным өзіңсіз,

Күндерімнің, түндерімнің бәрі көңілсіз.

Қуантсын өмір өртесін,

Бастысы – екі бөлмесін.

Өтінем, жанымнан алыс кетпеші,

Менімен мәңгі көктеші,

Жанымнан кетпеші.

Тұзы татымсыз, арзанқол мәтінді жазған адам «жанымнан кетпеші» емес, «қасымнан кетпеші» деп айтылатынында шаруасы болмаған секілді. Әннің қайырмасын оқиық:

Өзіңсіз жүрек жылап жүдеп

Қонады жанарыңнан мұңнан қара түнек

Куә ғой қалам, сенсіз маған өмір жоқ жаным

Өзіңсіз жүрек, жылап, жүдеп.

Бір ғана «Жылайды жүрек» емес, осы тақылеттес бір сарынды, әуенмен әдіптелеген жылауық әндердің жоғарыда айтқанымыздай, тыңдарман жасты боркеміктіктік, бей-жай самарқаулық, мазмұнсыздықтың тұңғиығына тартып бара жатқаны рас қой.

Саксофонын сыңсытып, өтімді деп бағаланған әндерімен танымал болған жастың бірі – Серік Ибрагимов. Серік әншінің орындауындағы «Махаббатым» әнінің сөзі мынадай:

Жүрегім менің, аруым керім

Саған жетпес қызыл қызғалдақ гүлдер

Дәл сендей көңіл, төкпейді нұрын Ай да Күн де...

Құдай-ау, о заман да бұ заман, «ақтың түсі ақ, қараның түсі қара» деп әлгі бір жарнамада айтылатындай, қызғалдақ – қызыл, сарғалдақ – сары болушы еді. Қазіргілерше «қызыл қызғалдақ» та болады екен-ау?! Осындай қойыртпақтарды ән мәтініне балап, оған жазылған әнді қалың жұртшылықтың алдына, үлкен сахнаға алып шығудан еш қымсынбайтын қазіргі жастардың арыны қатты. Солардың бірі «Renzo» тобының орындауындағы «Кездес» атты әннің сөзі мынадай:

Сүйген неге сөздерің есіңде, білесің оны

Ойыңдамын алыстап кетсең де білемін оны

Барамын жаныңа босқа уайымдама

Қалайша уақыт өтсе де таңдағаным сен ғана

Мазамды кетірме, қызғанып өзгеге

Арнадым осы әнді мыңнан тек бір өзіңе.

Өзге тармақтар мен ондағы шалағайлықтарға уақыт кетірмей-ақ қояйық. «Өзгеге қызғанбау» деген – соңғы кезде орыс тілінің синтаксистік ықпалымен тілімізге еніп бара жатқан құрылым. «Өзгеге қызғану», «Италияға жеңілу», «палуанға ұтылу» сияқты бұралқы тіркестер қарақұрттай қаптап бара жатқаны рас. Бұған қалай тосқауыл қоюға болады. Жылдар бойы айтылумен келе жатқан, баяғыда болған, көркемдік кеңесті қайта құрып, эфир мен экранға сүзгі құрған дұрыс па?

Әлде біздердікі жай ғана, босқа уақыт жұмсаған далбасалықтың кері ме? Жастар бәрібір өз дегенін істейтін сыңай аңғарылады. Заман жастардыкі, олардың өз таңдауы бар. «Жігітінен қазақтың дос таба алмай» деп Мұқағали ақын айтпақшы, айдың-күннің аманында қазақтың ондаған қаласынан концерт қоятын сахна таппай сандалған «Найнти уан» тобының мына бір рэпінен осы лепті аңғардық.

Сен..

Менің орныма тандаулар істегің келеді.

Менің айналама, өз əлеміңді құрастыруға тырысасың.

Бірақ...

Мен оны бұзып шығам

Себебі, сенің өзіңе қойған заңдарың мен тосқауылдарың

Менің шындығыммен сәйкес келмейді.

Сенің ойыңды қабылдай алмаймын.

Себебі, мен тым алыс кетіп қалдым.

Мен сенің болашағыңда өмір сүрмеймін,

Себебі өзімдікін құрастыру...менің қолымнан келеді.

Сенің өз жолын бар,

Ал менде өзімдікі, ал менде өзімдікі, менде өзімдікі.

Менің мақсатым бар

Қазақтың өнері, əлі əлемдік бәсекелестікте мойындатылады!

Сырттан тон пішкен бос əңгімелерді қойсаң

ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫҢ?

Мүмкін, біз расымен де сырттан тон пішіп, бос әңгіме айтып отырмыз ба? Оқырман, сіз қалай қарайсыз?

Асылбек Байтан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар