Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қайрат Сейітқазин: ... ал ауылда ең атақты ақынмын...

02.08.2016 4128

Қайрат Сейітқазин: ... ал ауылда ең атақты ақынмын!

Қайрат Сейітқазин: ... ал ауылда ең атақты ақынмын! - adebiportal.kz

 

 

қайрат Сейтқазин.JPG

Үзік-үзік дала салған әнді ұққам,

ұлы жусан, паң селеуге жақынмын.

Жалғызы едім, жалбызы едім

сондықтан

ауылымда ең атақты ақынмын!

 

Әр еменнің астына бір сөзді ектім,

Әр теректің түбіне бір жыр құрап.

Біздің жақта ақ қайыңдар түркінің

Сымға тартқан сұлуындай сылқым-ақ.

 

Тобылғы сай - төре түскен жердей тым,

Қамыс біткен төлеңгіттер секілді.

Біздің жақта көкке қарай өрлейтін,

Самырсындар сұлтандайын жетілді.

 

Қына басқан қырқаларды қызықтап,

зердем менің, қырандарша қырағы.

Жол бойында жұматайдай бұзықтар

Ақ өліммен ойнайды да тұрады.

 

Қурай, қурай

биіктігі жылқыдай,

Өкпең қалмай өртенеді-ау көріп іш.

Біздің жақта толып піскен құлпынай,

Аңғал лепті ауыздарда ерігіш.

 

Қымбат маған көктемде айтар әр әнің,

Жазғы әуеннің иіріміне батырдың.

Сырласы едім, мұңдасы едім

даланың,

ал ауылда ең атақты ақынмын!

 

 

***

 

 

Күміс саусақ. Алтын кеуде. Ақ білек.

Жыр саулаған бұрымыңнан бақ тілеп.

Сенің көзің қарақаттан қап - қара,

Сенің ернің құлпынайдан тәттірек.

 

Сезімдердің аяулысы алғашқы-ай...

Төзім бітіп, сөздерім де жалғаспай.

Өміріңнің қиындығын білмеймін,

Көңіліңнің нәзіктігі рауғаштай.

 

Алақаның жылуы мол Күн шығар,

Еркелігің жібектейін түн шығар.

Көз қиығын тастап кетсең тасада,

Жігіт біткен жастығына тұншығар.

 

Теңей көрме періштеге, елеске,

Түсірмейді Ләйләні де ол еске.

Сұлулықта дарын жоқ деп кім айтты,

Сұлулықтың өзі дарын емес пе?

 

 

***

 

Алқа емес Ай шығар-ау жоғың, барын,
Шолпы емес Шолпан шығар тағынғаның.
Кешіңдер, жағасы алтын шоң ағалар 
Әуелден мен қыздардың жағындамын.


Сыры бар сыртқа шықпас құт-ұяны
сезіммен бөлеп жүрген құпиялы.
Мен көрген көзайымдай қыз біткеннің 
Бәрі де әдемі, әсем жымияды.


Түсірмей тұлпар түгіл тізгінге ылау, 
(Қыздар-ай, бақыт дейді - біздің жылау) 
Қазақтың даласында құлан үркек, 
Қазақтың даласында қыз мұңлылау.


Тәж құсап тұра алмайды бағында күн, 
Бұрымдай өлең еді сағынғаным. 
Кешіңдер, алшаң басқан шоң ағалар,
Әуелден мен қыздардың жағындамын.

 

 

Досым


Мұң кештірген заман-ай, Осындайда...

Осындайда, Құдай-ау, досың қайда?

Көл боп кеткен көңілге демеу болып,

Сағыныштың сазына қосылмай ма?


Келе жатқан кезінде көшің дара,

Көшің дара болғанда - төсің дала!

Ондай сәтте беті де бүлк етпестен,

Айтып, айтып тастайтын досың ғана!


Дауыл тұрса жер-көкті еледі ме,

Оған салса қайыңы, терегі не?

Қиын-қыстау шақтарда бұтағымды,

Қиып алып жаратсын керегіне!


Тағдырыңның лақтырар тасы бекем,

Достық десе, кей жанның хошы бөтен.

Осы күнге дейін де ойламаппын,

Менің досым біреудің досы ма екен?


... Достар керек! Достарсыз заман қайғы,

Жағдайыңа, көңіліңе алаңдайды.

Күнде күліп, жарқылдап, сырын бүгіп,

Жүретіндер досыңа саналмайды!


Қара бұлтын сейілтіп, Жойғанда аспан,

Маған ғана көрсетер айлаң - дастан!

"Дос деген кім?"- деп менен сұраса егер,

"Өмірім!" - деп айтар ем ойланбастан!

 

 

***

 

 

Білем, саған ұнаймын ғой,

ұнаймын

Ұнау деген - ісі емес қой Құдайдың.

Түн түрінген кірпігіңнен үзіліп,

Мұң көрінген көздеріңе құлаймын.

 

Сыбызғы да үзіп-созып ғасырға ән,

Ауыл жаққа өзге әуенін асырған.

Сені менен ақ қайыңдар қызғанып,

Сені менен қамыс шығар жасырған.

 

Маған енді түнгі аспан да күлмей ме,

Күлсе, күлсін!

Күлімсіреп күнгейге.

Сені сүю - Темірқазық жұлдызын,

Оңды-солды жылжытумен бірдей ме?...

 

Білем, саған ұнаймын ғой,

ұнаймын.

Сырласы боп қалған кезде Күн, Айдың,

енді өзгені түнгі аспанның астында,

Ұнатпауды,

Ұнатпауды сұраймын...

Новые сообщения

 

 

***

 

 

Ақ жауын

Сылдыр етті, сылдыр етті.

Сыртынан тереземнің сүртіп өтті.

 

Құрбыжан,

сені бір күн сүйікті етіп.

Ақ жауын кетеді әлі биіктетіп.

Бір тамшы сеніміне ынтызар ғып,

Бір тамшы көз жасына сыйып кетіп.

 

Дүние, мың жыл өтті

Өзгермеді.

Өзгерген біздер емес сөздер ме еді?

Баяғы өліп -өшкен еріндер мен

Баяғы ессіз ғашық көздер легі.

 

Ал маған басқа керек

Елемейтін.

Келмейтін.

Кездеспейтін.

Жебемейтін.

Маһаббат ақ жауындай керек маған,

Толассыз түні бойы себелейтін.

 

Ақ жауын

Сылдыр етті, сылдыр етті,

Сыртынан тереземнің сүртіп өтті...

 

 

***

 

 

Шашылған жердегі алтынға кім ие?

Ақынның кеудесі-күз кеуде.

Қайырлы болсын де, тәкаппар дүние!

Қайырлы болсын де сіздерге!

 

Қоладан жасалған мүсіндер тұрады,

Судағы үндемес балықтай.

Әсемдік әлемі күлімдеп тұр әні,

Сүйікті болудан жалықпай.

 

Бозала таң күліп атады Шығыстан,

Рахмани сәулесін көмкеріп.

Қайтардай қанқұйлы, ғасырлық ұрыстан,

Қайтамын бойымды еңсеріп.

 

Қария-шыңдардың ағарып самайы,

Бұлақ боп ағады көз жасы.

Жаңғырық есіткен сол жақтың талайы,

...Мәңгілік кім кепіл тозбасы?

 

Қара Жер, мен саған қарауды үйрендім,

Құстардың мөп-мөлдір көзімен.

Содан соң асқақтау ақындық күйге ендім,

Биіктік, айналдым өзіңнен!

 

Бойымнан табылған белгісіз бір кие,

Махаббат маржанын іздеуде.

Қайырлы болсын де, тәкаппар дүние!

Қайырлы болсын де сіздерге!

 

 

Оқтау

 

Ескі күндер санамда парақталып,

Бала едік, ә?

Болмашы талаптанып.

Бүлдіруден бірінші орын алып,

Кетесін-ай соңынан, ал, ақталып.

 

Қажыта алмай қуатын еңбек тіпті,

Бар жұмыстар сабырмен сен деп күтті.

Осы күні барлығын тастап кетіп,

Бастап кеткім келеді тентектікті.

 

Ұнататын қыздарды жылатып көп.

«Көрші шалдың мінейік құла атын!» деп.

Ұрлап кеткен заттардың айыбына,

Оқтауымен анамыз ұратын кеп.

 

Қона кеткен төбеме бақ құсындай,

Бұл оқтаудың тигенде, қаттысын-ай!

Көрсеткенде ерлікті,

Оқтау екеш,

Ауық-ауық арқама батты осылай!

 

...Өзді-өзіне көңілін толмағаны,

Жүрмін қазір сағынып сол баланы.

Тәубесіне келтірер есейгенде,

Бір оқтаудың қиын-ау болмағаны.

 

 

***

 

Тапқанменен көңілдің жарасымын,

Бұл жүректің, бәрібір, жарасы мың. 

Көң мен тердің иісі балағыма

Сіңіп кеткен ауылдың баласымын.

 

Сыңар еді ерттеулі жылқы маған, 

Кұлын-көңіл күзеуде шұрқыраған.

Еріндерім безеріп кеткен дейді, 

Жолдың құмбел шаңынан бұрқыраған.

 

Томар-томар түз кешіп жалаң аяқ, 

Ұйпа-тұйпа шашымды тарамай-ақ.

Қой мен қиял өрісте жайылғанда, 

Болған жалғыз серігім- ала таяқ. 

 

Қайда кеткен қараусыз қара тайым, 

Қара тайым өзімдей қарапайым. 

Қараша ауыл, арманым сенде қалған, 

Қара өлеңмен әлемді қаратайын! 

 

Кеткен кезде ескі үйлер қирап бәрі,

Азайғандай жастары, ширақтары.

Жаңалығы жоқ дейді ауылымның, 

...Үлкеймесе жай ғана зираттары.

 

 

Тақымқысқан

 

Дала болды өсірген ақылымды,

Дарханым-ай, 

Баптаған ақын ұлды. 

Атқа үйреткен кезінде нағашым да, 

Қысып ұста деп еді тақымыңды. 

 

Торы атымды қамшылап, өрге беттеп, 

Ұзағанмын алысқа жел жетектеп.

Күнес жайлап кеткенде күрең белді, 

Қамыс біткен айтатын елге жет деп. 

 

Кезбе құстар кес-кестеп жолымды жай,

Торығып та кетпес ед Торым бұлай. 

Шақырғандай болады осы күні, 

Мен жетпеген тағы бір тобылғы сай.

 

Көрсетіп ең, батыр-ау, осалдықты, 

Ерлігімнен дәл сонда шашау шықты. 

Ала - қашты...

Гүрс етіп, жер сүзіп ем, 

Танытқанда торы атым асаулықты. 

 

Нағашымның ақылын жиі алмадым, 

Мен сол кезде, Құдай-ау, ұялғаным...

Жылдар өтіп кетсе де арамызда,

Балалықты алтындай қия алмадым. 

 

Күндерім бар ентіккен, әрі ұғысқан,

Мен осылай жыр жаздым сағыныштан.

Тағдыр қысқан кезінде аңсадым-ай, 

Тақым қысқан кезімді алып-ұшқан...

 

 

Экспромт

 

Батысты ұнатушы ем қарап тұнық,

Батысқа бату, сірә, талаптылық!

Алтын Күн сиырдай боп қайтқан еді,

Сызығын көкжиектің жалап тұрып.

 

Мақпал-бұлт, шыныменен көшесің бе-ей?

Тұрысы – Астананың көшесіндей.

Ай ғана андағайлап шықты аспанға,

Келіннің жаңа ұсынған кесесіндей.

 

Құдайдың әмірімен жаратыла,

Кірмейді ақ құстардың санатына.

Сәулесі қараңғының төгіледі,

Қонбаған көп қарғаның қанатына.

 

Көрінбес көзге де енді ала таңы,

Қиқуы бұл құстардың қаратады,

...Қарғам-ау, ұшамын деп түсіп қапты,

Қарғаның ұясынан балапаны...

 

 

Туған күнімде жазылған жыр

 

Сұлу біткен секілді ғашық маған,

Жотасынан жиырманың асып барам.

Атам Қазақ айтқан ед қоянға да,

Арбасымен жетед деп асықпаған.

 

Тобылғыға күбі боп ысталғандай,

Ұзарғаннан-өмірім қысқарғандай.

Аға, осы жиырманың ар жағында,

Қыздар қандай

немесе құстар қандай?

 

Жастығында ғылымға қаныпты адам,

Мен де, міне, от болып жанып барам!

Жастық деген құс дейді қасиетті,

Күміскөлдің үстінде қалықтаған.

 

Бал-бұл жанған сезімнен көзі күлсін,

Көзі күлсін, мейір боп өзі күлсін.

Жастық деген әркімге тиесілі,

Кім қалай өткізсе де

өзі білсін!

 

Арамзаның түспесін құрығы анық,

Ақынмын деп айтамын жұлып алып!

...сосын ӨМІР ЖАЙЛЫ да бөсіп кетем,

жиырманың үстіне шығып алып!

 

 

***

 

Жаңбыр бүгін күні бойы сіркіреп,

Тамшы біткен жер бетінде секірді.

Қызыл арай қыздың беті үлбіреп,

Жылап жатқан секілді.

 

Салбыраған жасыл-әлем жапырақ,

Үзілердей тұрды дағы мұңайды.

Ауа менен тамшы толған атырап,

Ақ жауынды құрайды.

 

Маған қазір ауыл иісі сезіліп,

Сол баяғы сағыныштар оралған.

Ет-жүрегім еміреніп, езіліп,

Естелік-жыр жоғалған.

 

Сәлемімді ұшқан қаздан жолдамай,

Басып алған өр кеудімді күздей мұң.

Құбыланы іздеп жүрген молдадай,

Ауылымды іздеймін...


 

***


Айды алқа ғып өзіңе тағынғаның,

Менің мұңнан бір сәтке арылғаным.

Есіл жайлы ойласаң...

Бәлкім ол да,

Астаналық ақынды сағынғаның.

 

Бұл өмірдің арты – мұң, алды – сұрақ,

Кетер ме едім өзіңсіз жалғысырап.

«Сүйем сені» дегеннен осы күнде,

«Сенем саған» дегенің артығырақ!

 

Сара жолды сабылып салғанда алдан,

Мына меннен меңіреу жалған қалған.

Жарты әлемге жар салып іздегенде,

Таптым сені ақерке армандардан.

 

Таптым-дағы жоғалттым бағым ұшып,

Сездім сезбес жүректің жарылысын.

ЖАНЫМ ҮШІН бар әлем жыр жазады,

Сосын үнсіз жылайды жаным үшін...

 

 

***


Бәрінен жырақтаймын,

Түйінің түймей мүлде.

Мен сені ұнатпаймын,

Мен сені сүймеймін де.

 

Барым да жара-қайғым,

Басқасын сен деймін бе?

Көзіңе қарамаймын,

Сөзіңе сенбеймін де.

 

Аспаннан құс санаймын,

Құс болып түспе, мейлің.

Қолыңнан ұстамаймын,

Шашыңнан иіскемеймін.

 

Мұң болған ақынға сан,

Сөзімнен қайтпаймын да.

Жаныңа жақындасам,

Жаным деп айтпаймын да.

 

Жоламай жарлы ұғымға,

Бастысы – сен түсінсең?

Жүрегім барлығын да,

Істейді керісінше...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар