Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қайраткерлерді құрметтеу кімге керек?

27.10.2017 2551

Қайраткерлерді құрметтеу кімге керек?

(Нәзір Төреқұловтың туғанына 125-жылдығына орай)

Бір қисынды ой, қиялыңнан қанша қуып тастамақ болсаң да, бәрібір мазалай беретіні бар. Ол – қазақ деген елдің маңдайына біткен асыл текті қайраткер ұлдарына құрметі мен ізеті жайы.

Расында да халқымыздың арғы-бергі тарихында елеулі орны бар биік тұлғаларын көкке көтере марапаттап, жеріне жеткізе насихаттау кімге керек екен? Сол қайталанбас тұлғаларға ма, жоқ әлде бүгінгі ұрпаққа ма? Әлбетте, о дүниелік асыл азаматтарымыз енді ешқандай марапат та, мадақтау да қажет етпесі бесенеден белгілі. Сөйте тұра... осы біздер, бүгінгі ұрпақтарын айтамын да, неліктен насихат шаруасы әп деп қолға алына бастаса болды, әрі тарт-бері тартқа басып, қиынға жол салып, тырнақ астынан кір іздеуге құмармыз? «Ол анадай екен, мынадай екен» деп, әйтеуір бір ілгек іздеп жоқты қазбалап жатамыз. Әйтпесе «ол кісі пәленше туралы қисық-қыңыр әңгіме айтып, кедір-бұдыр мақала жазыпты» деп тағы да бір бүйірлеп кетеміз.

Тіпті өз дәуірінде атқарған қызметі мен бітірген жұмыстарына да әртүрлі күдік келтіру һәм сенімсіздікпен қарау әдетке айнала бастағандай.

Бір нәрсеге басыбайлы тоқтау айтып, мәңгілік нүкте қоятын кезіміз әлдеқашан келген сияқты.

Ол – кешегі арыстарымыз бен тұлғаларымызды қадірлеп-қастерлеу кезінде қоғам үшін жасаған үйдей еңбегін ысырып қойып, инедей кемшілігін қазбалап кетушілік;

Ол – аз ғана ғұмырында сәл-кем пенделік жасап, әредік шалыс басқан қадамдарын қайталап-еселеп еске салып, тағы да қоғам талқысына салушылық;

Ол – жершілдік, рушылдық, туысшылдық секілді «өнбес әңгімеге» тағы да от көсеп, бүгінгі күнге жетелеп әкеліп, «дау аулына» байлап-матаушылық!

Біздің осы шағын ойтолғамды жазудағы мақсатымыз – белгілі мемлекет қайраткері, қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов турасында бес-алты ауыз сөз айту болатын-ды.

Нәзір Төреқұлов, сөз жоқ, тарихтан ойып орын алған үлкен тұлға, ұлтшыл азамат. Оның есімін біз ұмытқымыз келсе де, тарих еш ұмыттырмасы тағы да шындық.

Өйткені ол:

– Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері;

– Білікті тілші-ғалым, лингвист;

– Алғашқы баспагер, редактор, публицист;

–Тұңғыш дипломат – қазақ;

– Қазақ топырағында латын әліпбиін негіздеуші;

– Әдебиет сыншысы, жазушы, аудармашы, ақын...

Биыл ұлтжанды азаматтың туғанына 125 жыл толып отыр екен. Осы мерейтойды ескеріп, Оңтүстік Қазақстан өңірі арнайы іс-шара жасап, қасиетті Түркістанда халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлағанын біліп отырмыз. Міне, осы шараға қатысу үшін бізді де арнайы шақырыпты. Ол үшін, әрине, алғысымыз шексіз.

Осындай үлкен шара алдында аз-кем ой толғап, өткен күндерге байыппен көз жүгіртіп, кейбір жәйттерге жан-жақты тоқтала кетуді жөн санаған жайымыз бар.

* * *

Бүгінгі Нәзіртанушылар, сөз жоқ, дара қайраткер есімін кейінгі ұрпағына әр қырынан таныстыруда ұлан-ғайыр шаруа бітіріп, елеулі істер атқарды, атқарып та жатыр. Қайраткер азаматтың толыққанды еңбегі, дипломаттығы, ғалымдығы, журналистігі, редакторлығы, т.б. қырларын молынан ашып көрсетуде соңғы жылдары Т.Мансұров, Б.Қойшыбаев, С.Сахабат, Д.Махат, С.Смағұлова, Х.Тұрсын, Н.Назаров, т.б. кісілер көп жұмыс жасағанын қадап айтса болғандай. Халықаралық «Нәзір қоры» да бұл бағытта өнімді іс жүргізіп, қыруар шаруа бітіргені өз алдына бөлек әңгіме. Бұндай өнегелі бастамашылдыққа дән риза екенімізді бұрын да айтқанбыз, қазір де сол ойымызды қайталап білдіре аламыз.

Осы орайда бір жәйт туралы кеңінен түсінік бере кетуді әркез өзімізге міндет санап жүруші едік.

Әрине, мерзімдік баспасөздегі бірқатар мақала-толғамдарда әредік біздің де есіміміз аталып, Нәзіртанудың қарлығашы болды деп жазып жүргендер кездесіп қалады. Бірден-ақ айталық, бұл басы артық сөз. Себеп?

Себебі мынада:

Нәзір Төреқұлов 1937 жылы «халық жауы» деп жалған жаламен ұсталып, көп ұзамай атылып кеткен соң, ұзақ уақыт ол кісінің есімі еш жерде аталмады. Тек 60-жылдардың орта шеніне қарай бірді-екілі шолу-мақалаларда аты атүсті айтыла бастады. Ал, ол туралы толығырақ жазылған мақала-зерттеулер өткен ғасырдың 80-жылдардың еншісінде. Айталық, Нәзірдің тіршілік кешкен ортасы хақында Б.Кенжебаев, өмір жолы туралы Р.Бердібаев, публицистикасы туралы Т.Қожакеев, дипломат-қайраткерлігі хақында Б.Қойшыбаев, т.б. терең қазып жазғанын біз білеміз. Бұл жерде С.Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясындағы «өзінше бағалау» туралы айтып жатпай-ақ қоялық.

Біз қай тұстан қосылдық?

90-жылдардың бас кезінде «Халық кеңесі» деген газетке «Біз Нәзірді білеміз бе?» деген көлемді мақала жариялағанбыз. Сол-ақ екен, жан-жақтан телефон шалушылар мен ұсыныс айтушылар қаптап кетті. «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттері мен «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдары менің жаңа мақала-толғамдарымды кезек-кезегімен жариялады. Тіпті 1995-1996 жылдары осы мақалалар негізінде түзілген толыққанды еңбегім екі дүркін жеке кітапша болып басылды. Ұстазымыз, профессор Т.Қожакеев «желкелегендей» болып, осы жұмысқа жегіп, ақыр аяғында сол кісінің жетекшілігімен «Нәзір Төреқұловтың рухани мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадық та. Ал, 2004 жылы Нәзір шығармашылығының екі томдық кітабын құрастырып, баспа арқылы басып шығаруға мұрындық болғанымыз тағы бар. Оның бер жағында Нәзір өмірінің соңғы сәттерін суреттейтін «Қараңғы бөлмедегі қара мысық» деген әңгіме және "Абақты-ғұмыр", «Сана дерті» деген екі тарихи драма жазғанымыз өз алдына бір төбе!

Жә, бүгінгі айтайын дегеніміз мүлде бұл туралы емес. Менің жазған дүниелерім өз кезегімен, сәті түскен уақытында таразыға салынып, бағасын ала жатар.

Айтпағымыз – кейбір аралас-құралас жүрген қаламдас әріптестердің аракідік сыңаржақ, көңілге тиетін жазбалары мен артық-ауыс әңгімелері. Елеусіздеу кісілерді былай қойғанда, атағы дардай қаламдастар арасынан «сол қайраткер Нәзірді насихаттап, өзіне арзанқол атақ жинап алғысы келген ғой» деген сөзді де естіп қалып жаттық. Тағы бір топ «достарым» былай дейді: «Нәзірді несіне төбеге көтере береді, ол өз кезінде Сәкен Сейфуллинді сынаған, сөйтіп ақсұңқар ақынға жала жапқан».

Ұзынқұлақ сөз өсек болар, әнебір жылы бір жас ғалым маған телефон соғып:

– Сіз Төреқұлов туралы кітап жазыпсыз, ол кісінің Сәкен туралы ойларымен мүлде келіспеймін, маған еңбегіңізді беріңіз, ашық айтылар сөз алда, – деді.

Мен бұған несіне шамданайын, жайбарақат қана:

– Екеуі де ұлт қайраткерлері, тарихи тұлғалар. Келіспесеңіз, сіз де өз ойыңызды жазыңыз, маған не дейсіз! – десем, трубканы қоя салды.

Сосынғы бір «достарым» өздерінше пәлсапа соғып, Нәзір Мағжан Жұмабаевты да көре алмады, орынсыз сынады деп тіс қайрайды.

Ау, егер Нәзір Мағжанды расымен жек көрсе, Мәскеуде өз жанына тартып, жұмысқа алар ма еді! Егерде Сәкенді мүлде ұнатпаса, «Темірқазық» журналында оның шығармаларына орын берер ме! Тіпті, әрбірден соң, кез-келген әдеби сын қатып қалған қағида емес. Төреқұлов кей реттерде қателесіп, артықтау сынаған болса, оның «сынын» түзеуге күш салалық, орынсыз жерлерін жұмсарталық. Бүгінгі ұрпаққа рет-жөнімен түсіндіріп бағалық. Бірақ, сол үшін аттан салып, бір-бірімізге тіс қайрап, ауыр-ауыр сөзге баруға бола ма?

Сөз теріп, әңгіме ширатып отырғам жоқ, алайда осы бір кертартпалау мінез-құлықтан байқалып қалып жатыр, біз әлі де өз қайраткерлерімізді бағалауда біржақтылыққа ұрына береді екенбіз. Осындай мінез түбі ұлтымызды жақсы жолға, сәтті бағытқа бастамасы анық! Алдағы уақытта өте сақ болар бір нәрсе – осы болса керек.

Тағы да айтамыз, Нәзір Төреқұловты насихаттау енді оған түк те керек емес, керісінше кейінгі ұрпағына ғибрат-өнеге болмақ! Ендеше, бүгінгі жас ұрпаққа дұрыс сөз жеткізіп, парасатпен әңгіме айтып, өнегелі мінез көрсетсек қане!

* * *

Ақыры әңгіме басталды ғой, ендеше көкейде жүрген кейбір түйткіл ойларды да айта кетелік.

Ең бірінші айтарым – мен тарихшы емеспін, сол себептен тарихшы ғалымдармен таласып-тайталаспаймын. Жазушымын. Драматургпін. Осыны біле тұрып, кейбір тарихшы «достар» әйтеуір сүріндіруді ойлай ма – ана жер, мына жерімнен түрткілеп, кемшілік іздеп бағады. «Тарихта несі бар» дейді.

Екінші білдірмегім – менің қаламгер «достарым» да тарихшылардан қалыспай, «не көркем әдебиетпен, не болмаса біржола тарихи тақырыппен айналыспай ма» деп сынағансиды. Бұл не? Бұның астарында не бар?

Шын сөзім – әу баста тарихи тақырыпқа барамын, содан абырой жинаймын деп үш ұйықтасам ойыма кірмепті. Жас күннен арман болған негізгі мақсатымыз – проза жазу-ды. Сосын ептеп драматургияға қалам сілтеп байқап жүргенбіз. Басты бағыт – бүгінгі заман һәм қазіргі өмір жайынан сөз қозғап, оқырман ойын ояту-ды.

90-жылдардың басында Алаш арыстарын қайта тірілту «шаруасы» қызу қолға алынған тұста, қазақ қаламгері ретінде бұғып қалуды өзімізге ұят санадық. Сосын да шама-шарқымызша Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Сапарбеков сынды ұлт тұлғаларының өмір-жолын зерттеп, тарихи эссе-очерктер жазуға талпындық. Бәрі де содан бастау алып кетті ме деп ойлаймын.

Кейінірек, осы жазбаларды барынша кеңітіп-дамыта отырып, «Түркістан өңіріндегі өркениет» (бұның ішінде Түркістан, Отырар, Сығанақтың арғы-бергі тарихы, Әл-Фараби, Арыстанбаб, Ахмет Иассауи, Сығанақи, оңтүстіктің ескілікті ақын-жыршы, күйшілері туралы да жазбалар бар) деген көлемді еңбекке жалғасты, оның өзі, қазір Сығанақи салмақтап байқасам, үш том боларлықтай сүбелі дүниеге айналғанына көзім жеткендей.

Бір нәрсеге бүгін де, тіпті барлық уақытта да басымды тіге аламын.

Мен қазақ көркем сөзіне қиянат жасағаным жоқ. Көркем шығармаларымда мейлінше әділ әрі талапшыл болуға тырысып бақтым.Өзім үнемі мемлекеттік қызметте жүрсем де, қолым қалт еткен сәтте әлем, қала берді орыс әдебиетін оқып-қадағаладым. Жақсыларынан солай жазсам-ау деп үйренуге тырыстым, нашарларынан бұлай жазуға болмайды деп бас тартып отырдым! Кемерлене жазып, кең толғап отыруға уақытым соншалық аз болса да, өзімді-өзім «азапты жұмысқа» жегіп жүріп, елу жасыма дейін Алаш арыстары мен бүгінгі ұрпақтарының талайлы тағдырын жан-жақты, кеңінен суреттеп-бейнелеген «Тар дүние» деген трилогия жазып бітіріппін. Оның бергі жағында ондаған повесть, елуге тарта әңгіме тағы бар. Ал, драматургиялық еңбектерім осы күндері республика көлеміндегі көптеген драма театрларында 10-15 жылдап үзіліссіз қойылып келеді. Бұл – аз еңбек пе? Бұл – ұлт әдебиетін қадірлеп-сыйламау ма? Бұл – ұлт көркем сөзіне адалдық болмас па? Көргісі келгендер көреді, көріп-бағалағысы келмегендерге амал қанша?

Биыл біз де алпыс деген айтулы жасқа толып отыр екенбіз. Бұл жас – не кәрі емес, не жас емес – орта жолдағы жолаушыны еске түсіретіндей. «Осындай жасқа толдым» деп той тойлауға да аса ықыласты емес едік. Әйтсе де жыл басында өзім туған Сыр бойындағы Жаңақорған ауданы арнайы шақырып, оқырмандармен жүздестіріп, құрмет көрсетті. Сосын Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұжымы студент-жастармен кездесу кешін өткізді.

Енді міне, Оңтүстік өңірі Түркістан қаласында өтетін Н.Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойы аясында мені де шақырып, ілтипат ниетін байқатуда.

Өзгелерден гөрі көбірек қаузап-зерттеп, өмір жолымен жақсы таныс болғандықтан ба, Нәзір Төреқұлов мен үшін бөлек тұлға, қайталанбас қайраткер. Осындай қазақтың арыс ұлының есімін өз халқына қайта оралтуға алғашқылардың бірі болып атсалысқаныма өзімді бақытты санайтыным да рас.

Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толып отыр.

Ендеше, Нәзір тойы бүкіл Алаш жүректі қазақтың тойы десек те артық болмас, сірә!

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар