Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Қаламгер қолтаңбасы ...

21.06.2018 13939

Қаламгер қолтаңбасы

Қаламгер қолтаңбасы  - adebiportal.kz

Қазақ әдебиеті тарихында қаламгерлеріміздің замандастарына өз кітабын жай сыйлау салты ғана емес, сол бауыр еті баласын – төл туындысын мөлдіретіп тұрып өз қолтаңбасымен тарту мәдениеті қай кезеңнен басталады? Бізге соны білу, табу – ерекше бір қазынаға жолықтыратындай болады да тұрады. Әттең, Абай Құнанбайұлы өз кітабының баспадан шыққанын көре алмай кетті ғой, бәлкім жыр жинағы көзі тірісінде шыққанда, ол да шәкірттеріне, жақындарына өз кітабын ерекше бір ықыласпен қолтаңбасын берер ме еді?!

Абайдан кейін Шәкерім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандар толқыны келді. Олардың кітаптары бізге жеткенімен де, одан өзіміз іздеген қолтаңбаларды ұшырату қиынның қиыны. Алаш мұраларын оқып отырғанда мәселен Жүсіпбек Аймауытұлының замандастарына қолтаңба беретінін оқыдық, бірақ өкінішке қарай, олар әлі табылған жоқ.

Ал бүгінгі күні қазақ әдебиеті тарихында жеке шығармашыл тұлғалардың қолтаңбаларына қатысты сөз қозғала қалса, әрине, ең алдымен Сабыржан Шүкірұлы және Гүлзия Пірәлінің еңбектері еске түсері хақ.

Қаламгер Ақселеу Сейдімбек, ғалым Ербол Тілешұлы қазақ тарихында «Қолтаңба» (2009 жыл) деген жинағы арқылы жазба мәдениетімізге жаңа жанрды әкелген Сабыржан Шүкірұлының кітабына жазған алғы сөзінде былай депті:

«Қолына қалам ұстаған әрбір адамның өз жазғанынан бөлек, ортасымен байланысы, қарым-қатынасы болады десек, міне оның таза адами қасиеттері, азаматтық ұстанымдары осы тұстан байқалмақ. Өзінің өскен, жетілген ортасын құрметтеу, айналасының ілтипатын бағалау, соған орай сыйластық білдіру – үлкен азаматтықтың белгісі».

«Қолтаңбадан» кейін «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Пірәлінің «Автограф» (2015 жыл) атты еңбегін айтуға болады.

Аталымыш кітапқа Мұхтар Әуезовтің өзінің перзенттеріне, жора-жолдастарына, замандастарына, әріптестеріне, қазақтың біртуар таутұлғаларына, қоғам қайраткерлеріне берген қолтаңбалары және Әуезовтің өзіне ұсынылған қолтаңбалары кірген.

Сонымен Алаш заманындағы қаламгерлеріміздің әдеби ортасы болмады, олар бір-бірімен қарым-қатынаста болмады, тіпті азаматтық ұстанымдары болмады, ортасын, айналасын құрметтемеді, сыйластық білдірмеді, қала берді оқырмандарына қолтаңба бермеді деуге бола ма? Әрине, жоқ. Бірақ қазақ зиялыларын бір-біріне айдап салмақшы болған сол кездегі Ресей патшалығының, Совет үкіметінің сұрқия саясаты үшін біз айтып отырған қолтаңба мәселесі де өзіңді өзің жау қолына ұстап берумен пара-пар секілді дүние болғаны ақиқат. Әйтпесе, қолтаңбалары қалмауы мүмкін емес. Мүмкін біз әлі таппай, көрмей жүрген шығармыз?!.

Осындай олқылықтардың орынын толтыру мақсатында қолдарыңыздағы «Қаламгер қолтаңбасы» (құрастырушы – Бауыржан Берікұлы) деп аталатын топтама жинақ – аз да болса ізденген еңбегіміздің нәтижесі демекпіз, құрметті оқырман. Сондықтан да қаламгерлердің қолтаңбаларының басын құрап, бір жерге топтастырып, тұтас кітапқа айналдырып отырмыз. Кітапта жүз қаламгердің қолтаңбасы орын тепкен. «Қаламгер қолтаңбасына» қазақ әдебиеті мен ғылымында өздерінің ерекше іздерін қалдырған талай-талай тұлғалардың бір-бірлеріне деген сыйластық қолтаңбалары енгізілген.

Шетел қаламгерлері жайында айтсақ, Париждің Ұлттық кітапханасы мен Лондондағы Британ мұражайында қолтаңбалардың ең бай коллекциясы жиналған екен. Шетелдіктер қолтаңба дегенде ішкен асын да жерге қояды емес пе?!

Ал Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада – Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Жағда Бабалықұлының жеке қолтаңбалары және Зәки Ахметовке, Тұрсынбек Кәкішевке, Әкім Таразиге, Мырзатай Жолдасбековке, Дүкенбай Досжанға ұсынылған қолтаңбалар, «Құнды тарту» бөлімінде әлем классиктерінің түпнұсқа қолтаңбалары сақтаулы тұрғандығын мақтанышпен айтуға болады.

Сонымен қатар, бұл жинақ – кітап жинау мәдениеті туралы ойға да жетелейді. Ал кітап – қаламгер мен оқырман ортасындағы рухани байланыстың алтын көпірі екені белгілі.

Белгілі адамдардың қолтаңбалары бәссаудаға түсіп, сатылып та жатады. Соның нақты бір айғағы – Уильям Шекспирдің қолтаңбасы бес миллион долларға сатылғандығы. Көрдіңіз бе, ұлы қаламгерлердің қоя салған қолының өзі осыншалықты құнды, қадірлі!

Біз де өзіміздің асылдарымыздың қолтаңбаларын қадірлейік, көненің көзіндей сақтайық, бағасына жетейік дегіміз келеді, ағайын.

Бауыржан Берікұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар