Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қаламгерлердің шығармашылық лабораториясы V

12.09.2017 2455

Қаламгерлердің шығармашылық лабораториясы V

Суреткерлік - талант екені рас. Тек сол қабілетті дер кезінде байқап, оның шыңдалуына жол ашу ғана жетістікке жеткізері анық. Бұл дүниеде қаншама адамдар өз мүмкіндігін толық пайдалана алмастан өмірден өтіп кетіп жатады екен. Ғалымдар оның басты себебін өзіне деген сенімсіздігінен деп түсіндіреді. Былай қарасаңыз ұлы істер тек табиғатынан тума таланттардың, ақылдылардың есебінен жасалады деген пікір қоғам дамуын әлі күнге дейін шеттетіп келе жатқан сияқты. Өйткені, әр адамның ішінде бүк түсіп жатқан бір таланты бары анық. Тек оған айқын мақсат, тәуекел, ізденіс керек. Айқын мақсатқа жету үшін уақыт пен тәртіптің жүйелілігі де маңызды. Ендеше, әлем таныған жазушылардың атақты шығармаларды дүниеге әкелу үшін күнделікті іс-әрекеттерін қалай реттегені туралы қызықты мәліметтерді назарларыңызға ұсынсақ.

Харуки Мураками: Қайталау да өздігінен маңызды іске айналады...

2004 жылы Мураками бір сұхбатында физикалық және ой-саналық әдеттері жайлы: Мен роман жазу үстінде күнделікті таңғы сағат 4-те ұйқыдан тұрамын. Сосын сағат 5-тен 6-ға дейін жұмыс жасаймын. Күндіз 10 шақырымдай жер жүгіремін немесе жарты шақырымдай суда жүземін (кейде екеуін де орындаймын). Содан біраз уақыт кітап оқимын әрі музыка тыңдаймын. Кешкі сағат 9-да ұйқыға кетемін.

Мен бұл күнделікті қалпымды еш өзгеріссіз ұстанамын, өйткені қайталау да өздігінен маңызды іске айналады. Бұл месмеризмнің бір формасы. Үлкен жетістіктерге жету үшін мен өзімді осыған міндеттеймін.

Бірақ, мұндай қайталауды 6 айдан 10 айға дейін ұстану көп мөлшердегі физикалық және моральдық күшті талап етеді. Сондағы, ұзақ роман жазу – өмір үшін күрестің бір бөлігі. Адамға көркем сезім қалай қажет болса, физикалық күш те сондай қажет»-деген екен. Естеріңізде болса, «қаламгердің шығармашылық лабораториясының» алдыңғы шығарылымдарының бірінде бұл жазушының музыка тыңдау өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткенін, жақсы шығрмалардың тууына музыка себеп болатыны жөнінде жазған болатынбыз.

Элвин Брукс Уайт: Жазушы шығарма жазу үшін жайлылықты күтсе, ештеңе жазбастан өмірден өтіп кетеді...

Атақты «Шэрлоттың желісі» шығармасының авторы Е.Б.Уайт The Paris Review әдеби журналына берген сұхбатында: «Мен жұмыс жасап отырғанымда ешқашан музыка тыңдамаймын. Ондай нәрселерге назар аударуға тырыспаймын. Және де қарапайым жерде отырып жұмыс жасау – менің әдеттегі ісім. Үйімде қонақ бөлмесі бар. Ол жер ас үйге, жертөлеге өтетін дәліз болып та саналады. Керек-жарақтар, тіпті телефон да сол жерде тұрады. Соған қарамастан, бұл өте жарық, көңілді жер. Мен бұл бөлмені жазба жазуға лайық орын деп санаймын. Соның нәтижесінде менің отбасым мені мүлде жазушы адам ретінде санамайды. Айқайлайды, шулайды, қалағандарын істейді. Егер бұл жағдай маған ұнамайтын болса, менің де өз баратын жерім бар. Жазушы жазба жазу үшін қолайлылықты күтсе, ештеңе жазбастан өмірден өтер еді»-депті. Жазушының бұл ойы да бір жағынан құптарлық.

Эрнест Хемингуэй: Мен әр таң сайын жазуға отырамын...

Хэмингуэй Джордж Плимптонға берген сұхбатында күнделікті іс-әрекеттері жайлы: «Мен кітаппен жұмыс жасаған кезде әр таң сайын жазумен айналысамын. Бұл кез маған ең қолайлы уақыт. Ешкім сені мазаламайды. Суықтан тоңып келсең, жұмысқа келіп жылынасың. Бастысы, мен бұл ісімнен ләззат аламын. Егер бұл таңғы әдетім қайталанбай, бір күн жазуымды қалдыратын болсам, мен өзімді бос адамдай сезінер едім»-депті. Байқағанымыздай жетістікке жеткен көп қаламгерлер таңда тұрып жұмыс жасағанды ұнатқан әрі әдетке айналдырған екен.

Генри Миллер: Белгіленген уақытта бәрін аяқтаңыз...

1932 жылы танымал жазушы әрі суретші Генри Миллер «Өсиет» атты кітабына өзінің күнделікті тіршілігін бақылау мақсатымен әр күнге арналған жұмыс жоспарын енгізген екен. Оларды қысқаша сіздердің назарларыңызға ұсынсақ:

  1. Жұмысты соңына дейін аяқтап үйрен.
  2. Ашуға бой алдырмаңыздар. Жұмысты тыныш әрі берекелі жасаңыздар. Барлығы өз қолыңызда.
  3. Көңіл-күйіңіз бойынша емес, кесте бойынша жұмыс жасаңыз. Белгіленген уақытта бәрін аяқтаңыз!
  4. Сен ештеңе жасай алмаған кезіғде де, жұмыс жасай аласың.
  5. Адамдармен бірге болыңыз! Олармен әртүрлі жерге барыңыз. Ұнаса, ішімдік ішіңіз.
  6. Кез-келген нәрсеге жүгіре бермеңіз! Жұмысыңызды ынтызарлықпен атқарыңыз.
  7. Сен жазғың келетін кітапты ұмыт. Нені жазып жатырсың, соны ойла.
  8. Әрқашан, бірінші, жазбаңмен айналыс. Достар, сурет салу, музыка, киноға уақыт табылады.

Курт Воннегут: Мен барлық уақытта жаттығамын...

1965 жылы Воннегут әйелі Джейнге өзінің күнделікті іс-әрекеті жайлы хат жазған екен. Хаттың мазмұны былай: «Мен таңғы сағат 5:30 оянамын. Сағат 8-ге дейін жұмыс істеп, үйден тамақтанамын. Содан сағат 10-ға дейін қайтадан жұмыс істеп қаланың біраз аумағын жаяу серуендеймін. Жақын маңдағы бассейнге жарты сағатымды арнаймын. Одан келген соң, түскі асымды ішемін. Поштаға келген хаттарды оқимын. Ал күнімнің екінші жартысын мектеп оқуымен өткіземін немесе сонда сабақ беремін. Мектептен шамамен кешкі 5:30 да келемін. Кешкі ас әзірлеймін. Кітап оқимын. Джаз тыңдаймын.Былай қарасам, мен барлық уақытта қозғалыста жүремін. Егер бұның бәрін тоқтатсам өзімді өмірден кенде адамдай сезінер едім...»

Майя Энджелоу: Ауыр жазбаның нәтижесі – жеңіл оқылымда

2013 жылы америкалық жазушы әрі ақын Майя Энджелоу The Daily Beast газетіне берген сұхбатында өз мансабын және күнделікті жұмыстағы әдеттерін жазған екен.«Мен ай сайын өз қаламдағы қонақ үйден бір бөлмені жалға аламын. Мен оған күнде шамамен 6:30 таман барамын. Ол жерде менің үстелім, орындығым және ваннам бар. Сондай-ақ менде Тезаурус Рогета, сөздік және інжіл де бар. Ол жерден бір пакет карта мен сөзжұмбақты да таба аласыз. Бұлар менің ақыл-ойымды дамытады. Менің керексіз болып қалған жазбаларым әрқашан жерде жататұғын. Оларды қоқысқа тастатпау үшін қонақ үй қызметкерлеріне бөлмеме кіруге тыйым саламын.Артық тазалау жұмысы болмауы үшін бөлмеден әдемі картиналар мен әшекейлерді де шығартып тастадым. Әр екі ай сайын есікке: «Құрметті Э́нджелоу ханым! Мүмкіндік болса сіздің төсек жаймаңызды ауыстырсақ. Ол өте ластанып кеткен болар» - деген хабарламалар іліп кететін еді. Негізі, мен ол жерге қонбайтын едім. Үйге қайтып келіп таңертең жазғандарымды оқып, оларды қайта түзетуші едім. Жеңіл оқылым – өте ауыр жазба. Егер ол шынымен де дұрыс жазба болса, онда жеңіл жазба дегеніміз сол. Шығарма оңды-солды жазылса оны оқу, түсіну қиынға соғады. Қолыңыздағы кітап қаншалықты ұғымды, тілге жеңіл жазылса ол, әрине, жазушының ауыр еңбегі». Атақты жазушының бұл әдеті қызықты әрі өнімді еңбектің алғышарты екені анық.

Барбара Кингсолвер: Бір бет жазу үшін жүз бет жазуыма тура келеді...

Пулитцер премиясына кандидат болған Барбара Кингсольвер оннан астам кітап жазған екен. Оның тоғызы Нью Уорк Таймстың бестселлерінен көрінді. 2012 жылы берген сұхбатында өзінің жазушы әрі ана ретіндегі күнделікті өмірін баяндады. Онда:«Мен таңертең ерте тұрамын. Өте ерте. Менің стандартым бар болғаны 4 сағат. Ерте тұруымның себебі, басымда көптеген ақпараттар, сөздер бар. Ондай кезде тек үстеліме жетіп, миымдағы дүниені параққа түсіру керек болады. Мен көптеген қағаздар жазамын және оны өзім білетіндей тастай беремін. Шығармаларымның сапасын осылай арттырамын. Маған алғаш «The Bean Trees» келісім шарт ұсынғанда бірінші баламмен перзентханадан үйге келген едім. Сол күні-ақ ана ғана атанған жоқпын, романистте болдым. Бұл екеуінің маңызы мен үшін бірдей еді. Маған әрқашан екеуімен де бір уақытта айналысуға тура келетін. Сондықтан уақытым өте тығыз болды. Кейінірек жұмысбасты ананың да жағдайы түзелді. Үлкен балам есейді, ал кішісі – 16 жаста. Балаларымды тәрбиелеумен қатар өз жұмысымды да атқарғаныма қуаныштымын. Жазба жазу уақыты, мен үшін, ең қымбат уақыт еді. Сондықтан, таңертең ерте тұрып, тыныштықта барлығын жасап алуға тырысатынмын. Жұмыс істейтін ана үшін уақыт әрқашанда тығыз. Және де мен өз отбасыма сондай ризашылығымды білдіргім келеді. Олар менің өмірімді қуанышқа толтырады. Мені қанаттандырып, маған шабыт береді»-деген екен. Барбара Кингсолвердің бұл сұхбаты қазақтың қаламгер қыздарының да басынан өткен, өтіп жатқан дүние секілді. Бұл жазбаны аударып отырғанда ақын Оңайгүл Тұржан апамыздың: Арқамызда, өлеңнің жүгі, жүрсін,
жұрт оны бірі білмей, бірі білсін.
Ас үйде шәй-қазанмен бірге қайнап,
әйелдің өлең жазған түрі құрсын-деген бір шумақ өлеңі еріксіз ойға оралады екен...

Натан Энгландер: Ұялы телефоныңызды өшіріңіз...

Қысқа әңгімелер жазумен танылған жазушы Энгландер өз сұхбатында қатып қалған жұмыс тәртібі жайлы айтып берді. «Ұялы телефоныңызды өшіріңіз.Шындығында, жұмысыңыз өнімді болсын десеңіз, барлығын өшіріп үйреніңіз. Ешқандай хат-хабарсыз, электронды поштасыз, Фейсбуксыз, Инстаграмсыз жұмыс істеңіз. Сіз жазба жазып жатқанда олардың бәрі тоқтап тұруы керек. Көбінесе (мүмкін, ақымақ болып көрінермін), жұмыс жазғанда құлағыма тығын тығып аламын, тіпті, тыныштық орнаған үйде болса да».

Карен Расселл: Жаман жазудан рахаттаныңыз...

Расселл тек бір ғана кітап жазып сол арқылы Пулитцер премиясының финалисті атанды. Ол The Daily Beast сайтына берген сұхбатында күнделікті жақсы жазба барысындағы күресін баяндады. Онда:«Мен көптеген жазушыларды білемін. Олар күнделікті сөз қорының көбеюі үшін жұмыс жасайды. Мен де көптеген сөз тудыра алар едім. Бірақ, мен үшін жазбамның сапасы маңыздырақ. Әрине, жақсы дүние оңайлықпен келмесі анық. Ол үшін көп еңбектенесің. Татымды нәрсеге қол жеткізу үшін 90% жұмысыңды қоқысқа тастауыңа тура келеді. Соңында «жаман» жазуыңыз да өзіңізге ұнайтын болады»-деген екен.

Эй Джэй Джейкобс: Өзіңді ондаған идеялар жасауға мәжбүр ет...

Джейкобс сұхбатында өзінің туындыларын жазудағы дағдысы мен жас жазушыларға біраз кеңестерін жазған екен. «Балаларым мені таңертең оятады. Сосын оларға таңғы ас дайындаймын. Мектепке жеткізіп тастаймын. Қайтып үйге келіп жазуға отырамын.

Мазмұндама жазғанды жаным сүйеді. Жазба жазбас бұрын алдымен, шығарманың жалпы мазмұнын, фабуласын келтіріп аламын. Содан оны ары қарай толықтырамын. Бірнеше сөйлем формаларын құрастырамын. Мұнда тыныс белгілері де маңызды қызмет атқарады. Соңында жазбам кітапқа айнала бастайды.

Мен жүргіншілер жолында серуендеп жүріп те жазу жазамын. Бұл идеяны Drop Dead Healthy жобасымен айналысып жүргеннен бастап жүзеге асырып келдім. Ол жобада «отырып жұмыс істеудің» адам өміріне қаншалықты қауіпті екені туралы зерттеулерді оқып шықтым. Шынымен, бір орында жұмыс істеу денсаулыққа өте зиянды. Менің бір кітабым жазуылу үшін 1200 миль жер жүрдім. Бұл дағды маған ұнайды. Біріншіден, ол менің ерте тұруымның себепкері»-депті.

Сондай-ақ, Джейкобтың жас жазушыларға кеңесі бар екен.

«Өзіңді ондаған идеялар жасауға мәжбүр ет. Әрине, басында барлығы жүзеге аспайтындай көрінуі мүмкін. Бірақ, солардың арасынан жалтыраған жақұттай туындылар да болады. Күніне 20 мин миыңызды жаттықтырумен айналысыңыз»-депті. Сіз де осы дағдыларды жүзеге асырып көруге тырысыңыз. Мүмкін, сіздің ұлы шығармаңыздың бастауы – әрекет етуде жатқан шығар?

Халед Хоссейни : Сіз бұны шынымен қалайсыз ба, жоқ па, сол туралы жазыңыз

Халед Хоссейни Ною Чарниге берген сұхбатында өзінің күнделікті іс-әрекеттері мен барлық жазушылар жасауға тиісті нәрселерді айтқан екен.

«Мен жазба жазғанда алдын-ала жобаламаймын. Бұны пайдалы деп санамас едім. Керісінше, маған өздігінен және тосыннан болған жайлар ұнайды.Сондықтан, бірінші жоба өте қиын болады деп айтар едім. Бұл сізді түңілтіп жіберуі де мүмкін. Мен ондай сәттерде ойымда не бар, соны жазатын едім. Сондай-ақ, маған көшіру стратегиясы өте қатты ұнайды. Бір жазба жазамын, оған көңілім толмаса қайта соны көшіріп жазамын. Сонда мен жазу барысындағы қателіктерімді түсіне бастаймын. Бұл сәтте жазудың барлық құпиясы өздігінен ашылады. Сіздің бірінші жазбаңыз ол – бар болғаны сіздің туындыңыздың нобайы, яғни сіз оған түс, өң, көлем,келбет бересіз.

Мен көптеген адамдарды кездестірдім. Айтуларынша, оларда кітап бар, бірақ өздері бірде-бір сөз жазбаған. Иә, сіздердің ойларыңызша, жазушы болу – өте қарабайыр көрінер. Бірақ жазушы адам күнделікті жазбамен айналысуы керек. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да. Мүмкін, тек бір оқырман үшін жазыңыз. Ол оқырман өзіңіз. Өзіңіз қажет ететін және білгіңіз келетін тақырыптарда әңгімелер жазыңыз.Және өзгелер нені білгісі келеді, сол жайлы ізденіңіз. Бастысы, уақытыңыз бос өтпесін...

Сіздерді бүгінгі таңда әдебиетте өз орнын қалыптастырып үлгерген қаламгерлердің жазудағы күнделікті дағдыларымен таныстырдық. Уақытты реттеу арқылы сіз де арман-мақсаттарыңызды жүзеге асырыңыз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар