Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қалдарбек Найманбаев. Таңертеннен түске дейін...

16.03.2018 3845

Қалдарбек Найманбаев. Таңертеннен түске дейін

Қалдарбек Найманбаев. Таңертеннен түске дейін - adebiportal.kz

қалдарбек найманбаев

Әлгінде ол көзін ашқанда үйдің іші қап-қараңғы еді. Оразбике де манағыдай емес, сәл-пәл тыншығандай-тұғын. “Намазым қаза боп бара ма, түн ішінде дірдектеп не азап”, - деп көрпені тас бүркеніп алған шал қалғып бара жатып, кенет қайта оянып кетті. Таң саз бере бастаған-ау; ірге жақ көгілжім тартып қапты. Сырттан тықыршыған тұяқ тысыры естіледі. “Бұ қайдан келген құрғырлар, - деп кіржиді. - Өрісті қойып, үй айналғаны несі?!”

Ши барқыттан тігілген қоңырқай жадағайын иығына іле сап, дамбалшаң асыға сыртқа шыққан. Шыққан бойы анадай жердегі төбешіктің ар жағына барып келді. Барып келді де, іргеден ұзай алмай жүрген бес-алты арық-тұрақ қозыларды итермелегендей боп ылдиға қарай ұзатып салды. Қайтып келе жатып кең көйлегінің өңіріндегі жалғыз түймені ағытып тастап, жалпақ алақанымен жалаңаш көкірегін сипалады. Көкірегін сипалаған бойы, әудемдегі қарауытқан қыраттарға көз жүгірткен. Қырат біткен дөңбекшіп төсегінен тұрғалы жатқан дөйлерге ұқсап кетті. Осы қазір мақпал көрпені лақтырып жіберіп, шетінен гүр-гүр етіп, өре түрегелетіндей.

Шәйі орамалдың сусылындай үлбіреген таңғы леп құрғаңқырап тұрған тамағын қытықтап өткендей болды. Сол, сол-ақ екен, жібектей ескен самал кәрі кеудені жан баспаған бір құздарға ұшырып бара жатқандай еді. “Бәтшағар, мына көктем қайтеді-ей, ай-шайға қаратпай алып кетер ме екен”, - деп қайтара күбірлеген. “Кәрілік дегенің мұндайда әншейін-ақ па деймін”.

Жан-жағына тағы асығыс көз жүгіртті де, аяғының ұшымен басып, жабықтан сығалап еді, іштен әйелінің “Уһілегенін” құлағы шалса керек, қапелімде шегіншектей берді. Шегіншектей беріп: “Апыр-ай, ұл болса нетті”, - деді. Дәл де, ақ сұрып дамбалының шұбатылған бауын қайта байлады. Байлап ап: “Ұл болар да, тілеуіңді бергір!” - деп жадағайын иығынан жұлып алды.

Енді жер-көкке тұра алатын емес. Бәйге торыға қарғып мініп, құйғыта жөнелетіндей. Жабықтан тағы сығалады. Оразбике дөңбекшіп жатыр екен. Уһілегенде көкірегі қарс айырылатындай. “Әй, дүние-ай!” - деп күбірледі. “Мына тентектің әуресі-ай, ә!?”

Сол кезде:

- Құдай-ай, қайда кетті екен қапелімде. Уһ! - деп Оразбике жан-жағын қармана берген.

Шал киіз үйдің есігін лақтырып тастап, кіріп келді. Кіріп келді де, қалт тұра қалды.

- Әлгі құрғырларды қайырып тастап ем…

- Уһ, - деді Оразбике.

- Мұндайда еркек байғұстың қолынан не келуші еді. Біреу-міреуді шақырамыз-ау, тегінде.

Оразбике үндемеді.

- Өйтпесе болмас… Мына түріңмен қиналып қаларсың.

- Түндікті ашса-шы.

Шал сыртқа атып шықты. Ер адамның түндік ашқанын жалғанда ерсі көретінін де ұмытып кетті. Дереу белдеудегі бау жіпке ұмтылды. Ұмтыла беріп: “Бұ құрғыр да ойға келмепті-ау”, - деп күбірледі.

- Уһ, - деді Оразбике тағы да.

Жүрегі зырқ ете қалған шал іргеге жақын кеп:

- Жай-жапсарың қалай өзі? - деді түк таппағандай.

- Қу жан-ай, - деп Оразбике ыңырана түсіп еді, шал Сапарбектің үйіне қарай құнжыңдай жөнелді. Бара жатып: “Тілеуіңді бергірлер тәтті ұйқыда жатыр-ау”, - деп қобалжыды. “Жөпелдемеде тұра қойса тәуір…”

Есіктің алдына кеп қапты.

Іштен еш дыбыс естілмеді. “Бәсе, айттым ғой, өстеді бұлар”.

Өзінен мүшел жас кіші інісінің отауына баса-көктеп кіріп барудың ретін таппаған ол кілт тоқтады. Сосын: “Қатын жанды неме, білем”, - деді. “Әйтпесе, осы уақытқа дейін кісі жатушы ма еді”.

Қанша аптыққанымен киіз есікті көтеріп тастауға бір түрлі бата алмады. Бірақ кете де алмады. Сөйтіп әрі-сәрі боп тұрғанда, осы Сапарбекті үйлендіргені есіне түскен. Сол-ақ екен, бәрі көз алдынан тізбектеліп өте берді. Сол-ақ екен, лезде-ақ аптығы басылғандай әлгі тізбекке біржола ерді де кетті.

…Осыдан алты жыл бұрын, күздің ортаңғы айының аяғына таман Арбақалдыдағы бір жамағайыны тосыннан тойға шақырған-тұғын.

Келін түсірген екен.

Бұлар бір қора боп барған.

Ертеңіне той басталды.

Мұндайда қыз-қырқынға алыстан болса да көз сала жүретін шал бұл жолы да келіншектің жанында отырған бойжеткендерді алдымен түгендеп шыққан.

Сонда осы Жұмагүл оған әп дегеннен-ақ сағынған жандай жылы ұшырап еді. Бойшаң десе, бойшаң. Тал шыбықтай бұралады. Білектей бұрымы боса-болмаса аш белден асып төгіледі. Жүріс-тұрысы да жібектей. “Бітімі бөлек екен” деп ойлаған ол. “Жігітіне жолықса, ертең-ақ сазандай бұлқынып шыға келмекші-ау. Әй, жастық-ай!”

Қыз көз алдынан кетпей қойды. “Неге өйтеді екен, бұл құрғырың”, - деп таңданды.

Болмаған соң Сапарбекті оңаша шақырып алған.

Тойдың ду-дуының ортасында жүрген жігіт:

- Көке, не боп қалды? - деген таңданып. - Қайтпақшымысыз?

- Өстіп жүре бермекпісің? - деді шал салған жерден.

- Той тарқамай жатып… Ұят шығар.

- Нені шатып тұрсың?!

- Ауылға қайту жайын…

- Өй, со да сөз боп па?

- Қайдан білейін.

- Өзіңдей жігіттер, мінеки, той жасап жатыр, үй боп жатыр.

- Е-е!

- Не ойың бар? Қане…

- Көке, ауылға барғасын-ақ әңгімелесе жатамыз да.

- Сен сөйтесің.

- Енді қайт дейсіз?

-Келіншектің жанында бойшаң, бұрымы білектей, үріп ауызға салғандай бір қыз отыр.

- Қайдам? - деді Сапарбек.

- Соған құда түсем.

Сапарбек жымың ете қалды. Жымың ете қалды да:

- Қайсы? - деді.

- Әйтеуір, сенің тақияңа тарлық қылатын қыз емес.

- Қызыл орамал біткеннің бәрін қарауылға алып жүретін әдетіңіз әлі қалмаған екен де.

- Өй, найсап. Не шатып тұрсың? Қартайғанша екі тізеңді құшақтап жүре бермекпісің?

Сапарбек төмен қарап тұрды-тұрды да:

- Сізге ұнаса бопты да. Қашқақтағанда қайда барам? - деді.

Шал күліп жіберді. Күліп жіберді де:

- Саған дауа жоқ шығар, - деді.

- Қайдан білейін.

- Бұ қай бұралаңдағаның, - деп шал аяқ астынан шатынап шыға келді. - Бағаналы бергінің бәрін далаға айтқан екенмін де. Ақпа құлақ бәле шығарсың бір.

Сапарбек күмілжіп, ештеңе дей алмады. Дей алмаған соң шал тағы тақымдай жөнелген.

- Барымызды сыпырып берсек те, о қыздан көз жазып қалмайық енді.

Ағасының мына сөзі шымбайына батып кетті, білем, Сапарбек тоңқ ете қалды. Өмірінде алдынан қия өтпеген ағасына зілдей ғып сен деп сөйледі.

- Аттан түсіп, “ассалаумалейкум” дегеннің бәріне бас тартам деп бірлі-жарым ешкі-лақты да шыдатпайсың. “Барымызды сыпырып берсегіңнің” ар жағында көп болса, Бәйгеторы тұрған шығар. Одан айырылсаң…

- Тәйт әрі, - деген шал. - Тәйт әрі! Бәйгеторыға шүйлігуін мұның. Нақ осыдан қатын алмай кетсең де… Үзеңгіге жармаспа.

“Ал немесе” деп Сапарбек іштей күліп тұр.

- Өй, нәлеті. Алдымен қыздың жылы ұшырағанын айт. Қалыңмалды қайтесің. Ар жағын есептемегеннің өзінде колхоз боп ұйымдасқанымызға биыл аттай төрт жыл болды.

- Бұл ауыл қашаннан қыздарын пұлдап үйреніп қалған. Оңайлықпен бере қоймас.

- Колхоздың маңдай алды орақшысынан қалыңмал сұрап көрсін, түге.

- Басқаға жүрсе де, бұған белсенділік жүрмейді.

- Жүргенде қандай.

- Көке, осындай желсөздің не керегі бар?

- Тәйт әрі, - деді шал. - Тілің шығайын деген екен, ә?! Өй, нәлеті. Дәл бүгін құда түсем. Дәл бүгін…

- Оу, қоя тұрсаңшы.

Қай-дан! Шал бұрылып жүре берді.

Сапарбек қайтсін, состиып тұрып қалған. Состиып тұрып: “Қарадай қырғынды қылды-ау”, - деп күмілжіді. “Иіні келсе, әлгі қыз құрғырын… Көрейінші өзін. Несіне өзеурей қалды екен?”

Шал үлкендер отырған үйдің жанында бос жатқан ер-тоқымның үстіне қонжиып отырып ап, жан қалтасына қол салды. Іле мүйіз шақшаны қағып-қағып, алақан толы ширатылған насыбайды тілінің астына тастап келіп жіберді. Тастап кеп жіберіп, шырт түкірді.

Сол-ақ екен, көз алды бусанып сала берді.

Сапарбектің шымылдық тұтылған үйді айналсоқтап жүргенін көзі шалып қалған шал: “Көкірегін аяқ қаптай ғып кіріп бармай ма екен. Өй, шірік”, - деп кіжінді. Кіжінгенімен де қоймай:

- Жетім баладай неменеге сүмірейіп тұрсың, - деп айқай салды. Енді кідірсе, шалдың жүгіріп келетінін сезген Сапарбек ықай-тықай жоқ келіншек отырған үйге қойып кетті.

Табалдырықтан аттай бере “Орта толсын!” деп еді, үйдегілер үндемеді. Үйдегілер дегенде келіншек пен қыздар шымылдықтың ар жағында отыр. Күбірлегендері еміс-еміс естіледі. Төрдің бір шетін ала төрт-бес жігіт үйіріле қалған екен. Кезек-кезек бірдеңелерді бытып-шытып, батсайы шымылдыққа қарап, ыржалақтап күле береді.

Түк таппағасын босаға жаққа отыра кетті. Әлі отыр, әлі отыр. “Келдің-ау, кеттің-ау”, - деп жатқан ешкім жоқ. Қаншалықты батырсынғанмен батсайы шымылдықтан аса алмай жатқан қисынсыз әзіл-оспаққа араласудың тағы ретін таппайды. Қолды бір сілтеп шығып жүре берейін десе, шалдан именеді. Үйден шықса болды, “Әй, не бітірдің?” - деп айқай салатынын айдан-анық. “Одан да отыра тұрайын” деп ойлады.

Бір кезде шымылдықтың ар жағынан:

- Өзің өңкей бір… Сойған түлкідей ыржалақтап күле бергеннен не шығады. Одан да ана су жаңа жігітке кезек берсеңдерші, - деген дауыс шықты.

- Жұлып алғандай ғып айтқан бұ қайсысы? - деді қызыл етікті, ботқа бет сары жігіт.

- Өйтпесе, тыңдайтын түрлерің жоқ.

- Сабағынан үзілгелі отырған біреуіңді осы қазір алып қашатын дәу болса, бердік кезекті.

- Қолдарыңнан келмегесін…

Қыздар сылқ-сылқ күліп жатыр. Шымылдықтың етегі бүлк-бүлк еткен сайын ып-ыстық бір леп Сапарбекті шарпып өтетін тәрізді. Шарпып өткен сайын: “Ылғи тілі мен жағына сүйенген бұларға не уәж айтам”, - деп әлекке түседі. Ал үндемейін десе, әлгі сары жігіт жеме-жемге келгенде түртпектеуден де тайынбайтын сияқты.

- Шымылдыққа қарап қашанғы телміреміз. Сөз саптауларыңызға қарағанда, тығылмақ ойнайтын уақыттан өтіп кеткен сияқтысыздар. Бері шықсаңыздаршы. Жүз көріселік, - деген Сапарбек әлден уақыттан кейін.

- Азаннан кешке дейін төрт бүктеліп орақ орып жүрген сізге бір сәтке болса да бой жазып, жұрттың жүзіне қараудың өзі жүдә таңсық шығар.

Қыздар қыран-топан күліп жатыр. Шымылдықтың етегі бүлк-бүлк етеді.

- Осы үйдегінің бәрін үптеп кететіндей пысықсынып кеп абайсызда маңдайыңды тасқа соғып алғаныңды байқамай да қалған шығарсың. Обал-ай, ә - деген жаңағы қызыл етікті жігіт сол екі ортада.

Сапарбек орнынан атып тұрып:

- Осындай бәтуәсіздіктің не керегі бар? - деп үйден шығып жүре берді.

Айтқанындай-ақ шал қарсы жолықты.

- Немене, сонша түтігіп? Қуып шыққаннан сау ма?

- Көке-ау, жайырақ сөйлесеңші.

- Даусымыздың қатты шыққанына бола айдап жібермейтін шығар. Одан да жөніңді айт.

- Не айтам…

- Көрдің бе өзің?

- Кімді?

- Денің сау емес шығар сенің.

- Бәрі шымылдықтың ар жағында отыр. Орталарында бәдік біреуі бар екен. Аузына келгенін шатып, есімді шығарды.

- Өстіп күйдіретініңді білгем. Құдай-ау, қылжақтап отырып шымылдықтың ішіне қойып кетпеймісің. Дәп қазір төбеңмен жүрсең де, саған жараса береді.

- Қойшы, көке. Бұл ауылға қыз іздеп келгенім жоқ.

- Сенің күйігің-ақ өтті. Анау Перне сияқтылар қоя ма, екі тізеңді құшақтап бойдақ жүргеніңді бетіме салық қып күнде пыш-пыштайды.

- Айта берсін. Кімнің аузына қақпақ боламыз.

- Өйтіп қиқаңдама.

- Әне бір жамалдағырдың тұсауы үзіліп кетіпті. Қайтарда ұстай алмай жүрерміз, - деп Сапарбек бас сауғалап, ауылдың іргесіндегі қырдың беткейіне үйіріле қалған жылқыларға қарай кетіп бара жатыр еді, шал тағы да айқай салды.

- Тоқта!

- Анау аттарды жайғайын да.

- Бір шетте жайымен жүрген жылқыда нең бар-ей? Өстіп оп-оңай құтылып кетпекшісің ғой. Жігіт деген әрқашан әмбебап, әрқашан лыпып тұрмаушы ма еді… Сен болсаң, сауырына қамшы тимесе, аяғын аттап баспайтын қыңыр ат сияқты кейін шегіншектей бересің.

Сапарбек уәж қайтарудан біржола қалды. Өйтпеске амалы жоқ. Ашуы ылғи мұрнының ұшында тұратын шал жұрттың көзінше-ақ салып жіберуден тайынбайды. Ендеше, ең оңтайлысы - үндемей құтылу.

- Неге үндемейсің? - деді шал. - Қатыннан қашатындай қай жерің кем. Белің бүтін шығар, не бопты. Колхоздың бастығы сен десе, ішкен асын жерге қояды. Неден тайсақтайсың? Бас екеу болмаған соң бәрі бекер.

***

Әлгі тұсауы үзілген атты жайғап боп, қырдың басына шыққан Сапарбек төмендегі тақтайдай аңыздан көз алмай ұзақ тұрды. “Бұл ауылдың егіні де биыл бітік шыққан екен” деп ойлады. Содан жаңа түскен келіншек отырған үйге қарап: “Көкемнің жер-көкке тигізбей жүргені - манағы бәдік қыз болса, жетіскен екенбіз”, - деген.

Бағанадан бері: “Маған неге қарамайсың”, - дегендей оқырынып тұрған Бәйгеторыға енді көзі түскен шал жадырап сала берді. Жанына кеп: “Қалай, батырым”, - деп сауырынан сипалады. Сосын: “Зар күйіңдесің-ау”, - деді өзеурей. Сосын: “Шіркін-ай, Бәйгеторы тұрғанда не арман бар”, - деп насаттанды. Сосын: “Бұдан артық байлықтың керегі жоқ”, - деп күпінді. Күпініп тұрып: “Әлгі қызға құда түспесем болмас”, - деген нығырлап.

Сол күні кешкісін Сапарбек ауылға қайтып кеткен. “Мән-жайға қанығып, ертеңдері-ақ қайтармын”, - деп шал қалып қойған.

Не керек, сонымен шал ертеңіне аяңдап қыздың үйіне барған. “Найзабайдың бойдақ інісі бар”, - дегенді естіген болулары керек. Ә дегеннен-ақ үлкен-кішісі бірдей кіржиіп шыға келді. “Мыналарың шетінен қияс болмаса нетті”, - деп ойлаған шал қашан да төтесінен қойып қалатын әдетіне басып:

- Мәймөңкелейтін ештеңесі жоқ оның. Қыздарыңа құда түсуге келдім, - деген.

Қоңқақ мұрын, абажадай үй иесі төмен қарап отырып-отырып:

- Бұл қай басынғаның, - деді. - Жалғыз өзің сопиып бұл қай келісің?

- О несі екен-ай, - деді жасы жер ортаға кеп қалған сұп-сұр әйел орнынан тұра беріп. - Ұят-тағы!

Шалдың сақалы селкілдеп кетті. Көзі шатынап, шекпенінің етегін қымтай түсті де:

- Немене, тақияңа тар келіп отыр ма,- деді үй иесіне алара қарап. - Сені әжептәуір кісі деп жүрсем… Әйтпесе, итім лағып па?

- Бүйтіп басынбас болар, отағасы. Қызымыздан құтыла алмай отырған біз жоқ. Әдет-ғұрып, ата жолы деген бар және де жалғыз үй емеспіз. Ағайын-туған, құда-жекжаттың ертең-ақ: “Бізден бөлектенгенде, қайда барар екен”, - деп жерге түкірмесіне кім кепіл.

- Маналы бері үркек ат сияқты шатқаяқтай бергенше, өстіп жөніне көшпеймісің, - деді шал дәу жастықтың біреуін өзіне қарай тарта беріп: - Құд-дайдың құдіреті!

- Ең болмаса, ат сабылтып, әдейілеп келсеңіз де бір сәрі еді, мұныңыз еріккеннің ермегі сияқты күлдібадам бірдеңе болды-ау, - деген үй иесі мәсісінің қонышын кезек-кезек тартқылай түсіп.

Шал табалдырықтан төрге дейін тағы бір шолып шықты. Обалы не керек, кең бөлменің іші мұнтаздай екен. Тіпті қазандықтың айналасында да оқшау жатқан қылау-сылау көрінбейді. “Ұсынықты, тақуа қыз болғаны да. Сапарбекке де сондайы керек” деп ойлады. Содан: “Әп дегеннен шүйліккенше, аңдысын аңдып, шым-шымдап сыр тарту керек еді, әттеген-ай!” - деп өкінді. Өкінді де қойды. Өйткені енді қанша өкінсе де, мәймеңкелей алмайтынын біледі. Болары болғасын:

- Сірібастанбай жөніңді айт. Сенімен құр уәждесуге келгенім жоқ, - деген.

- О заманда, бұ заман жігіт жағы жік-жапар боп жатушы еді, сіз немене өзі, баса-көктеп барасыз, - деп үй иесі қиястана күлмек болған. Бірақ онысы күңкілге ұқсап кетті.

Соған жәбірленгендей:

- Әлгі шәйнегіңе тас түсіп кетті, білем, - деп әйеліне алара қарады. - Бипаздай беретін несі бар, әкелсеңші.

- Мұншалықты көрмаңдай болармысың, - деп шал да шап ете қалды. - Төрде құдасы отырған соң бипаздамай қайтеді. Бипаздамай көрсін, кәні!

- Отағасы, қойсаңызшы, - деді үй иесі. - Меккеден келсеңіз де, мүжи бермеңіз.

Дастарқан жайылып, шай әзір болған кезде:

- Қызды шақырыңдар, шай құйып берсін, - деген шал.

Ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне қарады. Сол сәтте дәлізде біреу қараң ете қалған.

- Келе бар, шырағым, - деді шал. - Ұялма! Несіне ұяласың.

Қыз жай басып кеп, шешесінің жанына отыра кетті.

Шөлдеп келген кісідей шалдың шайға қанбай-ақ қойғаны.

Кесе-шәйнек жиналған соң:

- Ыстық әуметтеріңіз тақ-тұқ көрінеді. Кетпенгершілік болар, - деген үй иесі. Тауып айттым десе керек, миығынан күлді.

Шал қапелімде жарылып кете жаздады. “Нәлеті” деп салып жіберуге сәл-ақ қалған. Қамшының сабын қыса ұстаған күйі:

- Не шатып отырсың, - деген зілдене. - Неменеге күпінесің?

Үй иесі селк ете түсті. Селк ете түсетіндейі де бар еді. Шал қап-қара боп түтігіп кеткен екен. Аяқ асты секем алғандай:

- Қызымыз еркетотайлау, қайдан білейін, - деді. Қысылыңқырап айтты.

- О жағын уайымдамай-ақ қой, не болса да пешенемізден көреміз.

- Тақымдап қоймадыңыз-ау…

- Қыбыжықты қой. Қыбыжықтап қайтесің. Қамдана бер, сәтін салса, екі-үш күннен кейін ораламыз.

Шал тобылғы сапты жұп-жұмыр қамшысын екі бүктеп қысқан күйі асыға орнынан тұрды.

Қара сұр әйел ернін сылп еткізді. Сылп еткізді де қойды. Үй иесі де ләм дей алмады.

***

Небәрі бір аптадан кейін Жұмагүл осында келін боп түсті. Найзабай қарызданып-қауғаланып жүріп, үлкен той жасады. Тойдан кейін әлгі құдағиын да сый-сыяпаттап аттандырған.

Бұлар әлдеқашан енші алып, үй боп кеткен. Біреуден кем, біреуден ілгері дегендей түтін түтетіп отыр. Бәрін қойғанда, шалдың іштей шүкіршілік қылатыны - екеуі де колхоздың шаруасына әмбебап. Жиналыс сайын сый-сыяпаттан құр қалып көрген емес…

Осының бәрі оның көз алдынан лезде өте шықты. Өте шыққан бойы Оразбике есіне түсті. “Қара басыпты ғой, бұл қай тұрысым” деп ойлады да:

- Сапар-бе-ек! - деді дауысын көтере. Деді де, тына қалды. Әлі тұр, әлі тұр, іштен ешкім тіл қататын емес. “Таңғы ұйқының қаттысы-ай”, - деді күбірлеп. Күбірлеп тұрғанда толғақ қысқан әйелінің ыңыранғаны құлағына қайта келгендей болды. Шыдай алмаған шал:

- Жұмагүл, а Жұмагүл, - деді қатқылдау дауыстап. Уәделесіп қойғандай, іштегілер үндемейді. “Бұларды сүйреп шығармаса болмас”, - деп күбірледі. “Түні бойы көз ілмеген бе өздері”.

Үйге түскелі тұрған ұрыдай жан-жағына қарады. Болмаған соң есікті аша беріп:

- Сапарбек, - деді жұлып алғандай. Іше-шала іштен:

- Әу! - деген үн шықты. Артынша:

- Көке, - деді. - Неғып жүрсіз?

Шал жөткірініп алды да:

- Төсекте жатып тергеймісің, бері шықшы, - деді.

- Қазір, көке, - деді Сапарбек абдырап. Іле: “Жұмагүл, тұр”, - деп келіншегіне сыбырлады.

Дегбірі қашқан шал:

- Тілеуіңді бергірлер-ай, тұрғылары жоқ өздерінің, - деді. Сосын: - Бұ жастық шіркінді қойсаңшы, - деп күбірледі. Әй-шайға қаратпайды-ау. Сосын: “Біздің үйдегі де осы ғой”, - деп тағы күбірледі. “Бір желіксе, тоқтауы қиын, ал бір ұйықтаса, қатады да қалады, тіпті оята алмайсың”.

- Жұмагүл, тұрсаңшы, - дейді Сапарбек. - Әлгі шекпенді жер жұтып кеткен бе?

- Әне, ілулі тұрған жоқ па, - дейді Жұмагүл. - Қолыңа ұстатпаса, көзіңнің алдындағыны да көрмейсің-ау.

- Болды енді, - деп Сапарбек бұрқ ете қалды.

Шыдамы таусылған шал:

- Сапарбек-әй, Жұмагүлді тездетіп біздікіне жіберші. Ананың қыңқыл-сыңқылы көбейіп кетті, - деді де, бұрылып жүре берді.

Сол-ақ екен:

- Мынау тұра ма, жоқ па, - деген Сапарбек кіжіне. - Ұйқыда әкеңнің құны кетсе де, бол енді.

Айтарын айтса да, Жұмагүлдің түні бойы қол диірмен тартып шыққаны есіне түсіп: “Бұ байғұсқа да оңай емес”, - деген іштей. Сөйте тұра:

- Осыдан таң атсын, сені ме, - деп тағы жекіді.

Жұмагүл үн-түнсіз шығып кетті.

Шекпенін киіп жатып: “Өстіп үндемей діңкеңді құртады”, - деген Сапарбек.

- Әне, Жұмагүл келе жатыр, енді бір мәнісі болар, - дей дауыстаған шал сыртта тұрып.

-Үйбай-ай, - деді Оразбике.

Шалдың жүрегі зырқ ете қалды.

***

Таң атып қалыпты. Жаңа ғана анадайда ұйқыдағы дөй сияқты қарауытып жатқан төбелер лезде алыстап кеткен тәрізді. Мұрынға болар-болмас көк иісі келеді. Тұзсыз ас сияқты бірдеңе. “Бәтшағар, әлі жетіле алмай жатыр-ау”, - деп ойлады шал. Сосын:

- Бүгін шай іше алмассың, сірә. Үйде айран бар ма еді? - деді Сапарбекке қарап.

- Асығатын ештеңе жоқ. Кеше егінді біткеміз. Түстен кейін ауданнан өкіл келмекші екен. “Жиналыс ашамыз” деп жатқан бастық.

- Баяғы уәдеңнен шықтың ба? - деді шал.

- Шықпағанда ше?

- Мейлі де, - деді шал. Артынша: “Айналайын, абыройың арта берсін”, - деді. “Істеген соң маңдай алды болмағасын, бәрі бекер”.

Дүниеде діні қатты шалдың аяқ астынан елпектегенін бір түрлі ерсі көрген Сапарбек: “Мұнысы несі? Әлде үйдегі әбігердің әсері ме екен?” - деп мырс ете қалған.

Жайшылықта болса: “Сойған түлкідей неменеге жымсиып тұрсың”, - дер еді. Бұ жолы үндеген жоқ.

- Көке, жиналысқа барасыз ба? - деді Сапарбек.

- Барғанда қандай! - деді ол көтеріңкі дауыстап. - Қай жиналыстарың Найзабайсыз өтіп еді?

- Сірәсін айтқаным ғой.

- Мына байғұс қаңтарылып қапты ғой, - деп шал байлаулы тұрған Бәйгеторыны жетектеп алды да, құнжыңдап ауыл сыртындағы қырға қарай тартып кетті.

Алдына түсіп ап, өңмеңдеп бара жатқан шалға Бәйгеторы әлсін-әлсін қарап қояды. “Таң атпай жатып аптыққаны несі”, - дейтіндей. Шал болса, толғақ үстінде жатқан Оразбике жайын ойлайды. “Аузы күйген үрлеп ішеді” демекші, үміт пен күдік аралас бір сезім жүректі шымырлатады. Содан бірауық бүгінгі жиналыс жайын да ойлайды. “Колхоз шаруасы десе, - қашып-пысып, өзімдікі десе - өзеурей қалатындарға қаттырақ айтса, батырыңқырап айтса… Дарияның жағасына биыл қалайда қауын егу керек. Қолға түсіп тұрған оп-оңай олжаны құнттамаймыз. Бастық та кейде тоңмойынсып кетеді”.

Қайтадан Оразбике жайын ойлады. Кілт бұрылып, үй жаққа көз салды. Әлі тым-тырыс екен. “Ұзап кетті-ау”, - деп уһіледі. “Уһ”, - деп болып, ауылдың арғы жағындағы беткейді бір шолып өтті. Көңіл тоқтатар ештеңе таппады. Таппаған соң тағы да үй жаққа көз салған. Әлі тым-тырыс.

Әрі-беріден кейін өзінің өткен-кеткенін есіне алды.

Жас кезінде не көрмеді? Көзін ашқаннан Бимен байдың малын бақты. Сөйтіп жүріп, етік тігуді, киім тігуді үйренді. “Бименнің кебісін таразыға тартса - кемінде бір пұт болар”, - дейтін шымшыманы ауыл арасына таратқан да осы Найзабай еді. Шынында да, қыза-қыза келгенде: Күндіз-түні көз майымды тауысып тіккен қайран мәсі-кебістерім байдың сандығында шіритін болды. Атаңа нәлет-ай, не деген сірібас еді, соның сау тамтығы жоқ кебісін жамаймын деп-ақ күнім өтті. Онысы таразыға тартса - бір бұттан кем шықпас, - деп кіжініп қоятын.

Бері келе жарлы біткен теңдік алды. Найзабай белсенді атанды. Әнебір жылы әлгі Бименнің малын санағандағы оның ықтияттылығына көз көргеннің қаншалықты сүйсінгені өз алдына бір дастан. Ол ол ма, байдың дәу сандығынан өзі тіккен кебіс-мәсіні суырып-суырып алып, ауылдағы кемпір-шалға үлестіріп бергенін үлкен-кіші осы күнге дейін жыр ғып айтады. Өзі де қыза-қыза келгенде, Бименнің: “Дүние-ай, бүйтіп өтеріңді білсемші” - деп есік алдында жатқан жамаулы кебісіне қарай бергені әлі көз алдымда, - дейтіні де бар.

Кейін колхоз боп ұйымдасқанда да Найзабай қолындағы барын сыпырып берген. Маңдайына бірлі-жарым тұяқ бітіп, қоңданып қалған өзі қатарлы кейбіреулер жұртпен біріккісі келмей, қиқақтай бастағанда:

- “Көппен көрген - ұлы той”. Жаппай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жатқанда, сендердің мыналарың бір қарын майды шіріткен құмалақ сияқты болды ғой, - деп, бас-көз демей оларды тықсырып алған да осы Найзабай болатын.

Өстіп “белден басам” деп, жоғарыдан келген өкілден ескерту естігені де әлі есінде.

Оның бергі жағында, осы ауылдың маңдайына біткен жалғыз ісмері де өзі. Көңілі келсе, келістіріп-ақ тігеді. Бірақ Найзабайдың бабын табу да оңай емес. Бір атқамінер төрде отырып тентек сөйлеймін деп таяқ жеп қайтқан. Ал сырын білетіндер үндемей жеңеді. Ықыласы түссе қолынан келгенін аямайды. Күн демейді, түн демейді. Бірдеңеге, сірә, разы болып отырғанда: “Найзабай аман болса, осы ауылдағы үлкен-кіші, жыртық-жамау дегенді ұмытар әлі”, - дер еді.

Оңаша қалғанда ол көп ойланатын. Ойланып отырып өзінің жалғызіліктігіне налитын. Налымай қайтеді. Аппаққыз ғұмырында құрсақ көтермеген. Налымай қайтеді, жасы болса жер ортадан асып, көмбесі құрғырға да жақындап қалды. Налымай қайтеді, пұшпағы қанамады демесе, Аппаққыз байғұсқа тағар қылдай кінәсі жоқ. Өйткені бір жапырақ кемпір шадыр шалдың “құдай қосқан қосағы” ғана емес, тіпті әкесі де, шешесі де еді. Найзабайды ертелі-кеш алақанына салып, үпілеп қана отыратын. Обалы не керек, шал да осы күнге дейін Аппаққыздың сөзін жерге тастап көрген емес. Кейде қиқар мінезден қаймыққандар алдымен кемпірді жағалайтын.

Өстіп күндер өтіп жатты.

Екеуі де: “Дүние жияйық-ау”, - деп ойламайтын. Шалдың маңдайындағы бары - осы қараша үйі, жалғыз жүйрігі.

Жүйрік демекші, Найзабай ат баптауға кейіндері ден қойған. “Онысы - әлгі жалғызіліктігінен шығар”, - дейтін ауыл-аймақ. Шын болар, өйткені осы Бәйгеторыны құлынынан мәпелеп келеді. Қайда жүрсе де, көзінен таса қылмайды. Әншейінде қолы ашық шал Бәйгеторыны ешкімге ұстатпайды. Тіпті Сапарбекке де сенбейді.

Сөйтіп жүргенде тілеуі жанды. Күні жеткен соң Бәйгеторы сыланып шыға келді. Қайтсін-ай, кәрі көңілді желік қысты. Тосын желік қоя ма, көп ұзамай шабандоз атанған.

Осыдан аттай екі көктем бұрын, дәл наурыз көженің үстінде Аппаққыз дүние салды. Шалға қатты батқаны - ауырған жоқ, сыздаған жоқ, сап-сау жүріп: “Басым солқылдап алып барады”, - деп қисая кетіп еді... Үйді үй ғып отырған сол бір жапырақ кемпір екен. Бәрі қаңырап бос қалды. Шал қанша “берік болайын” десе де, тосын қаза еңсе көтертпей қойды. Содан талай күн үйінде бүк түсіп жатып алған.

Найзабайдың өстіп бүк түскені ауылдағы кей үлкендерге түрпідей тиіп еді. Сөз жата ма, шал олардың: “Мынау жаман ырым бастады. Еркеккіндік атаулының бойына таңба түсетін жүдә мін болды. Бұдан қайта кемпірінің соңынан кеткені жақсы еді де”, - дегендерін сырттай естіген.

Дүние-ай, басқа бір жағдаят болса, жаңағылардың жағасынан ала кетер ме еді, қайтер еді. “Қой, кімнің аузына қақпақ болам”, - деген. Деген де қойған.

Сөйтіп, лезде жетім бала сияқты жәутеңдеді де қалды. Көңіл түкпіріндегінің бәрін қас-қабағынан танып отыратын Аппаққыздың қадірін енді білгендей - жатса да, тұрса да жабығады.

Бұрынғылары әншейін екен, перзентінің жоқтығы да енді сезінгендей еді, ойына түссе, “аһ” ұрғанда аузынан жалын атады. “Ғұмыр бойғы сол жалғызіліктілікті жаба тоқып келген де Аппаққыз екен-ау, ой, дүние-ай!”

Ол кездері іс тікпеген. Іс тікпек түгілі, көкпары бар, бәйгесі бар - той-томалақтың өзіне селт етпейді. Бірақ бүк түсіп жатып алғанды қойған. Тек ертелі-кеш айналдырғаны - қырдың басы. Үйде отырады-отырады да, ойына бірдеңе түссе, қырға шықпай көңілі көншімейді. Тіпті кейде түн ішінде де жұрт оны қыр басынан көрер еді.

- Діні қатты бір опырылса, жаман опырылады екен, - деген бір күні Жұмагүл. - Қайнаға тіпті адам танымастай боп кетті ғой.

- Оған басу айтып әбүйір таба алмайсың. Өз-өзінен басылар, - деген Сапарбек. - Оңай деймісің. Ешкімнің басына бермесін мұны. Қартайғанда жалғыз қалғаны.

- Қай-қайдағыны айтпашы. Біз ше. Біз бөтен бе екенбіз.

- “Өзің өшсең де, атың өшпесін” дегенді ойламайды деймісің. Қазір күніне жүз толғанатын шығар. Қайтсін, - деп Сапарбек ауыр күрсінген.

- Қайдан білейін, әйтеуір, - деп Жұмагүл де ауыр күрсінген.

Шал сөйтіп ауылдан шеткерірек қалып еді.

О кездері Найзабайдың жалғыз пірі - Бәйгеторы-тұғын. Ер салмағаны болмаса, ертелі-кеш тізгіні қолдан түспеді десек, сірә, онша асып кете қоймаспыз. Әлгі қырға шығып бара жатқанда да Бәйгеторы ізінен қалмайтын. Ат дейміз-ау, ат болса да ол бұрынғы сәл нәрсеге елең ете қалатын мінезінен саппа арылғандай еді. Хас жүйрікке тән тәкаппарлығын да саппа тыйып, бүкіл тұлғасы да пәсейгендей, тек шалға әлсін-әлсін жәудірей қарайтыны болмаса, қызық-думанның бәрін жиыстырып қойғандай-тын.

Бәйгеторының өстіп басын көтермей қалғанына шал тіптен қатты налушы еді.

- Шырағым-ау, сенікі не. Жассың ғой. Көретініңнің бәрі алда, - дейтін Бәйгеторыға. - Менікін қойшы, менің бүгілгенімді есепке алма. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Желіккенмен бола ма?

Сонда Бәйгеторы шалға бұрылып бір қараушы еді. Қарап тұрып: “Осындай ауыр күндерде сенің жаныңда жүргенім - қандай ғанибет маған. Ой, дүние-ай, сені болаттан жаралған шығар деуші ем. Болат та жасиды екен”, - дер еді. Бәрін көзімен айтатын.

- Әй, бәтшағар, қойсаңшы, - дер еді сонда шал. - Сені шеттетіп жатқан кім бар. Шеттетсем, өстіп тізгініңнен айырылмай жүрер ме ем. Қайғыға ортақсың. Бәрін де бөле-жара көреміз.

Сонда Бәйгеторы басын көтеріп алар еді. Алар еді де, әне-е-бір қиырларға көз тастар еді. Көз тастап тұрып: “Тарыққан, жабыққан күндеріміз де артта қалар. Сонда қиқулап көкпарға да барармыз”, - дейтін. Үнсіз айтатын, бар болмысымен айтар еді.

Өстіп екеуі ауылдан ұзап кете беретін.

Ол кезде шалдың тағы бір пірі - Сапарбектің қарадомалақтары еді. Олар да ылғи “аталап” елпілдеп тұрушы еді, бала көңілі де бірдеңені сезе ме, Аппаққыздың қазасынан кейін тіпті шалды көрсе, айырылмайтын болған.

- Ата, бұрынғыдай неге күлмейсіз? Күлші бір, - дейтін үлкені.

- Тәйт әрі. Мен немене, сонда масқарапаз болыппын ба, - дейтін шал. Дейтін де, оны көтеріп алып, ұза-ақ аймалаушы еді. Сосын: “Дүние-ай, сенің жігіт болғаныңды көрер ме екем”, - дейді күрсініп.

- Көресің!

- Соған жазсын де.

- Ата, біз ше, - дейтін кішкентайлар қосарлана.

- Сендерден де айналдым. Мың мәртебе айналдым!

Шал жүрелеп отыра қалып, үшеуін де құшақтай алушы еді.

***

Сөйтіп ұзын-ырғалы күндер тізіліп өтіп жатқан.

***

Бір күні шал көптен иығына ілмеген түйе жүн шекпенін киіп, ешкімге сыр ашпастан Бәйгеторыға суыт қонған. Тек аттанып бара жатып Сапарбекке айтқаны: Белтораңғыдағы Аппаққыздың төркініне соғады. Екі-үш күн аялдар, бір есептен кідіріп қалуы да кәдік.

Содан бір апта өткен соң Найзабай “Қарақайға” екеу боп қайтқан. Келе сала үркердей ауылдың үлкендерін жиып, бата сұраған.

Сұқтана қарағандарға шалдың айтқаны:

- Кәрі қойдың жасындай қалған ғұмырымды жалғыз кешуге жүрегім дауаламады. Қазақтың еріккені қатын алушы еді, менікі еріккендік емес, тарыққандық.

- Осы отырған біреумізге ләм демей кеткенің болмаса, ниетіңді құп алғаннан басқа не айтамыз, - деген үлкендердің ши барқыт шапан кигені.

- “Үмітсіз - шайтан” деген, кім біледі, игіліктің ерте-кеші жоқ, - деді екіншісі қалпағын қолына алып.

- Әй, Найзабай, бұ қай желіккенің? Аппаққыздың жылын беріп болғасын-ақ ниет қылсаң қайтеді. Естіген жұрт к...н ашып күлмей ме, - деген Перне. Ылғи екеуі өстіп шекісіп қала беретін (Шекісіп қала беретіндейі де бар, баяғыда Перне колхоздан қашқақтағанда шалдың тізесі батқан). Бүгін де түлен түртіп отырса керек, өйткені болар іс болғасын, қиястандың не, қиястанбадың не.

Жайшылықта болса, Найзабай оны сыбап-ақ жіберер еді. Аппаққыздың аруағын қозғағаны қанша жанына батса да:

- Қисық сөйлемесең қыбың қанбайды-ау, - деген де қойған.

- Жөнін айтсақ та жақпаймыз бұған, - деді Перне. - Аруақ аттаған оңбайды деуші еді бұрынғылар. Мына пиғылыңмен оңбассың.

- Шық үйден нәлеті, - деген Найзабай күйіп кетіп. Шалдың құлағы шыңылдап, дір-дір қақты. - Шығасың ба, жоқ па!

Үйдегілер тым-тырыс. Бәрі де Найзабайға басу айтудың бекершілік екенін біледі. Бір жағы Пернеге де қой дей алмайды. Жалғанда оның тілі ащы, удай ғып бірдеңені айта салса, шал жағаласа кетуден тайынбайды.

Алдарындағы кесеге де ешкім қол созбады. Шетінен сіресіп қатты да қалды.

Оразбике де құп-қу боп кеткен.

Шал отырды-отырды да:

- Бұл нәлетіні қойыңдар. Өстіп жұрттың шырқын бұзбаса, көңілі көншімейді, - деді.

Шалдың жібігенін сезгесін иықтарынан зіл-батпан жүк түскендей бәрі жеңілейіп қалып еді. Тек Перне:

- Мені мұқатқаның - жетіскенің ғой, - деді.

- Сені мұқатуға жарасақ, атымыздың озғаны да, - деген Найзабай жадырай түсіп.

Оразбике кеселерді қайтадан сүртіп, жаңалап шай құя бастады. Есік жақта отырған Сапарбек:

- Еттің қамырын сала бер, - деді қаттырақ дауыстап. Сыртта жүрген Жұмагүлге айтса керек. Сол-ақ екен, буы бұрқыраған бір керсен етті көтеріп, Жұмагүл де кіріп келген.

- Тездетіп қамырын сала бер, - деді Сапарбек тағы да. Ет келгесін шай жайына қалды. Отырғандар қолдарын жуып, шаппаларын сүртіп болғасын, дастарқан қайта жайылды. Со кезде шал:

- Жас арамыздың жер мен көктей екені бәріңе аян. Оразбике, міне, пәлен демей ризашылығымен келіп отыр, - деп бір қайырып тастаған. Сосын: - О баста құдай қосқан қосағы аттан жығылып, мерт болған екен. Оған да екі жыл боп қалды. Өзі біздің марқұм кемпірдің жақын сіңлісі. Болар іс болды, енді “мұның жөні қалай” деудің реті жоқ, - деген. Сосын: - Қазақтың жас қатын алғаны жалғыз мен бе екем, шүкір, жерге қарап отырғаным жоқ, - деген.

- Шырағым, - деді Оразбикеге қарап төрдегі ши барқыт шапан киген шал, - қара шаңыраққа келген екенсің, алдыңнан жарылқасын. Бұл екі үйдегі ағайынды екеуі осы күнге шейін біреудің ала жібін аттаған жандар емес. Бірде басшы болсаң, бірде кішік боларсың. Абысын татуда - ағайын дос, өзіңнен артылатын билік жоқ.

Сонымен сөз біткен.

***

Көп ұзамай-ақ ұмыт болып бара жатқан шым-шым тірлігіне шалдың құмбыл кірісіп кеткенін ауыл-аймақ байқамай да қалған еді.

Дүние-ай десейші, енді, міне, сол Оразбике толғақ үстінде жатыр.

Шал елпектемей қайтсін.

Оразбикенің көзіндегі кірбіңді кеше-ақ байқаған-тын. Жүзі бұрынғыдан да бозғылт тартып, танауы қусырылып, қабақ шыта бергенін шал соған жорыған. Дегенмен кешке дейін батып ештеңе сұрамаған. Тек кешкілікте барып:

- Қалайсың? - деген шыдай алмаған соң.

Сол “қалайсыңды” күтіп отырғандай екен:

- Қайдам, сәті жетті білем, - деген Оразбике.

- Апырай, ә! - Неге екенін, шал шекпенін шешіп, жүктің үстіне лақтырып жіберді. Лақтырып жіберіп: “Бәсе, - деді. - Мен де соған жорып отыр ем.”

- Аман-есен аяқтанып кетсем, - деді Оразбике күрсініп. Шал қапелімде не дерін білмеді. Ғұмырында мұндай жағдаятты кешпеген. Кешеге дейін кешем деп те ойламаған. Кешем деп қайтсін, күдер үзіп қойғаны да қашан. Тек осы Оразбикемен отандасқалы бері бір буалдыр үміт түртпектей беретін. Сөйтіп жүргенде... Енді, міне, уһілеп отыр.

- Кемпір-семпір шақырсам қайтеді? - деген ол жақаурата. Оразбике оған көзінің астымен бір қарап, күлімсірегендей болды.

- Өзіңіздің жүгіргеніңіз ұят-тағы.

Ол ұшып тұрып, шекпенін қайта киіп алды. Киіп алды да:

- Жұмагүл де бір мезгіл хабар алса қайтеді, - деді. - Кеш батса, үйінен аттап баспайды.

- Отағасы-ау, әйел атаулының оттың басындағы тіршілігі таусылатын ба еді. Өзі колхоздың жұмысынан қажып қайтады, - деген Оразбике.

- Сапарбекте ес жоқ. Бір мезгіл айтса болмай ма, - деп шал тақымдай түсті. Іле есік жақта ілулі тұрған қамшыға көзі түсіп: “Бәйгеторы да бүгін әсіре елеңдеп, тыныш таппаған еді, ой, жарықтық-ай”, - деп насаттанғансыды.

Оразбике шапанын жамылып, іргеге қисая кетті. Өйткені әлгі бір нобай бәсеңсігендей еді.

- Қазір қолдан келсе, көз іліндіріп алғаның қалай, - деді шал.

Мына сөз Оразбикенің арқасынан сипағандай еді. “Шүкіршілік”, - деді іштей ысынып.

Маналы бері қараңғы үйде отырғандарын жаңа аңғарғандай, шал апыл-ғұпыл шам жақты. Оразбике ондық шишаны мөлдіретіп сүртіп қойған екен. Үйдің іші қызғылттау сәулеге кенелді де қалды.

- Бәтшағар, бұл ондық шам жанның рақаты екен ғой, - деп насаттанды. Сосын: - Оразбике, ұйықтап қалдың ба, - деді.

- Қайдағы ұйқы, әйтеуір ол-пұл тыншыған сияқтымын.

- Мына шамы құрғырды жақпай-ақ қояйын десем...

- Неге, жүдә, жақсы болды. Қараңғы үй көңілге кірбің түсіреді екен, - деді Оразбике. Бипаздап айтты. Тосын еркелік танытқандай.

Емеуріннің сияпатын жерге түсірмей қағып алған шал:

- Бірдеңені сезген екем-ау, - деген. Әттесі-ай, Оразбикемен отасқалы бері насыбайды қойып кеткеніне өкінді. “Шіркін-ай, бұйра-бұйра боп ширатылған қара қошқыл зымиянды алақанға толтырып ап, тілдің астына тастап жіберсең, лезде көздің алды бусанып жүре берер еді-ау”, - деп іштей тамсанған.

Бір кезде қисая кетіп еді, ұйқы баласы жоламай қойды. Әрі дөңбекшіді, бері дөңбекшіді, ақыры болмаған соң аяқ машинаны құрып жіберіп, түнімен іс тіккен. Сондағысының бәрі ер баланың киімдері. Ши барқыттан шалбар, ақ сұрыптан көйлек, дамбал тікті...

Әсіресе Перне сияқтылар: “Еркек кіндіктің еңсесін түсіретін тірлік”, - деп жата қап қиястанатын осы бір кәсіпке құлағалы бері дәл бүгінгідей қиюластырып, қыбын тауып, сірә, іс тікпеген шығар-ау!

Әлгібір нобай мазасын алып, әлсін-әлсін ояна берген Оразбике аяқ машинаның тықылдаған инесіне үңіле бүкшиіп отырған шалға: “Түн ішінде не тігіп жатырсың?”, - демекші боп талай оқталды. Қанша оқталса да, бата алмады. Ақыры ортаға қарай оңтайлана беріп еді, төрдегі жастықтың үстінде жатқан құйтақандай ши барқыт шалбарға көзі түсіп, аңтарылды да қалды. Бірдеңе деуге үні шықпайтындай, кірпігіне ыстық тамшы үйірілді. Сосын іштей: “Жарықтығым-ай”, - деген. Сосын: “Мың да бір шүкіршілік”, - деді. Сосын: “Мұны көрсеткеніңе де мың да бір шүкіршілік”, - деді тағы да. О кезде әлгі нобай да тыйыла қалғандай еді, шаршап кеп жұмсақ төсекке құлай кеткендей тұла бойы балбырап, бұрын-соңды сезінген жұмбақ бір күйге тап болған сияқты. Әлденеге іші-бауыры елжіреп, шым-шымдап алып барады. Омырауы бүлк-бүлк ете ме, қалай?! Әлде болар-болмас сыздағаны ма екен? Әйтеуір, неде болса, жүрек құрғырды шымырлататын мақпалдай алақанының жанап өткені сияқты құпия сезімге бөленгені анық еді.

Сол-ақ екен, шалдан көз айырмай ұзақ жатты...

***

... Ол Бәйгеторыны жетектеген бойы қырдан асып кетті.

Оқтау қолдан өткен астау сияқты терең сайға түскен соң шылбырды бос ұстап, әрлі-берлі жүрген де қойған. Әрлі-берлі жүргенде арғы-бергі бірдеңелер ойға түскенімен, оның бәрін үйде қалған Оразбикенің уһілі лезде ұмыттырып жіберді. “Қайтер екен”, - деп қобалжиды. Сосын: “Батпандай ұлды топ еткізсе, жүрегім жарылып кетер ме еді”, - дейді. Кенет шалдың құлағына шақалақтың іңгәлаған дауысы келгендей елең ете қалды. Тұра қап тың тыңдап еді, еркінсіген таңғы самалдың уілі екен. “Құлағы құрғырға не болған”, - деп құрғақ кейіді.

Көңіл шіркінде тоқтау бар ма. Кейде өмір бойы қол жетпес армандай болған сол кішкентай дәл қазір аттың жалына жармасып отырғандай, жетегіндегі Бәйгеторыға әлсін-әлсін бұрылып қарап қояды. Бәйгеторы да басын кекшитіп, иесіне тесіле көз тігер еді. “Әй, жануар, сен де бірдеңені сезесің-ау, осы”, - дейді. “Қара да тұр, бүгін шалды танымай қалуың да кәдік”.

Кеңкілдеп кеп күледі. Сосын шәйі көрпенің тігісіндей ирелеңдеп кете беретін ұзын сайдың арғы басына көз тігеді. Көз тігіп тұрып: “Әй, Найзабай, Найзабай, әсте бұл ғұмырыңда көрген азабың көп еді. Енді қартайғанда басыңа бақ-дәулет қонған екен, оған да шүкіршілік. Тек, ұзағынан сүйіндіргей...” - деген.

Сол-ақ екен, аяқ астынан дегбірсіздене бастады. “Үндемейтіндері несі”, - дейді. Шылбырды тартыңқырап, төбе басына шықты. Шыққан бойы уық белдеулері көнетоз туырлықтың сыртына тепкен қараша үй көз алдына кеп тұра қалған. Түндіктен сыздықтап қана түтін шыққаны болмаса, абыр-сабыр ештеңе білінбейді. “Бұ не болды”, - деп Бәйгеторыға қарады. Бәйгеторы не десін, әмір күткендей басын кекшите шиыршық атады. “Сенен жасыратын не сыр бар, батырым. Көңіл шіркін кәрі кеудені бұйым құрлы көретін емес, әр қиырға бір шапқылап, дегбірді алып болды”, - дейді.

Ол сәт шалқан даланы ақ мұнарға құндақтап, күн шығып келе жатқан. Келе-келе көз жетер қиырдың бәрі нарттай нұрға бөленді. Жер бетіне шашырай төгілген мың-сан сәуле енді ғана көзін аша бастаған әр көк қылтанаққа бір сүйкеніп, қонақтайтын тұғыр таба алмай, секеңдеп жүрген сияқты. Күн нұры қытықтағандай, қыр біткен аунақшып жатыр.

Күн көтерілген сайын Сырдың жағасындағы қалың ну да жақындап келеді. Іргедегі дарияны көрмегеніне де көп болған екен-ау. Дарияның бойына қауын егу керектігін ойлады. Содан бүгінгі жиылыс жайы есіне түсті. Бастыққа: “Аяғыңның астындағыдан басқаны көргің келмейді”, - демек болғанын ойлап, тіксініп қалды. “Өтпес балтамен ағаш жонығандай, қатты айтып, жұрттың шырқын бұзғанша, жайымен ғана жеткізсем, мені біреу даттай ма? Перненің зәразаптылығы да осы құйтақандай ауылға жетіп жатқан жоқ па?!”

Артынша бүйтіп босаңсығанын теріс көрген. Со Перне сияқтылардың: “Қатыны жас, қарны тоқ, басқаның ойбайын қайтсін, Бәйгеторыны баптап мінсе болды-дағы” демесіне кім кепіл, - деп қоңылтақсыды.

Әрі-беріден кейін: “Осы ауылдың кәрі-құртаңын жиып, өзім бас болмасам ол іс, сірә, бітуші ме еді”, - деген. Нықтап айтты.

Сол мезет үй жақтан ұшып келе жатқан Сапарбектің үлкен баласын көрді. Шалдың жүрегі лықсып, аузына кеп қалғандай болды. Балаға қарсы жүгірмекші еді, буын-буыны қалтырап, аттап баса алмады. Қолын ербеңдетіп келе жатқан қарадомалаққа “айтсайшы, не болды” демекші еді, тамағына тас кептеліп қалғандай, үні шықпады. Бар білетіні - шылбырдың ұшын қыса түскен. Бала жақындай бере:

- Ата, сүйінші, сүйінші!

Жаңа ғана қысып ұстап тұрған Бәйгеторының шылбырын бос тастай берген шал әлі құрығандай жүрелеп отыра кетті. Кең дамбалын түріп алған қарадомалақ жете бере:

- Ата, сүйінші, сүйінші! Апам ұл туды! - деп шалдың құшағына қойып кетті. Сосын: - Бөпенің іңгәлағанын мен де естідім, - деді. Сосын: - Сенбесең, жүр, кәне, - деді.

Шал сол отырғаннан ләм деместен көп отырды. Баланы да босатқан жоқ. Кәрі кеуде күмбір қағып, жүрек шіркін өрекпіп кетті. Алпыстың төртеуіне шыққанын ұмытқан сияқты. Жиырма бестегі жігіттей үстіндегі су жаңа түйе жүн шекпенге зорға сыйып отыр.

Қапелімде көңілі босап кеткені. Көзіне жас алу дегенді білмейтін кіді мінезді шадыр шал арғы жақтан лықсып кеп қалған ыстық тамшыларды жасыра алмады.

Әлден уақыттан соң: “Уһ”, - деді. Артынша: - Шын айт, балам, - деп тағы ауыр күрсінді. - Атаңды қинама. Шын айт!

- Өтірік десең, жүрсейші! - дейді қарадомалақ оның жеңінен тартқылап.

Ол тағы да үнсіз қалған. Ұзақ отырды. Баланы да босатқан жоқ.

Әлден уақыттан кейін:

- Ала ғой, балам. Қалағаныңды ала ғой, - деді де, шылбырды тартып қалды. Бәйгеторы тосыннан дүр сілкініп, шалды “тұр-тұрлағандай” оқыранып қойды.

Найзабайдың көзінен екі-үш тамшының тағы ытқып кеткенін көрген бала кенет шегіншектей берген. Орнынан атып тұрған шал:

- Тоқта, - деді.

- Не, ата?

- Көкеңе айт, әлгі тоқтыны соя берсін.

- Мақұл, - деп бала жүгіріп бара жатыр еді.

- Сені жын қуды ма, тоқта, - деді шал. - Әнебір серкеден де көз жазып қалмасын. Байлай салса да қағынды алмайды оны. Сосын Жұмагүлге айт, бауырсақты мол ғып пісірсін. Аянатын не бар. Аянатын не бар...

- Мақұл, - деп бала ойға қарай ұша жөнелген.

- Тоқта, - деп шал тағы айқай салды. - Бері кел.

Бала қалт тұра қалды.

- Әнеукүнгі жарты қап өрік-мейіз жүкаяқтың астында жатқан. Ұмытпасын, - деді.

Қарадомалақ қайтып бұрылған жоқ жүгірді де кетті. “Бәтшағардың қуануын”, - деді насаттанған ол құйын боп бара жатқан баланың ізінен көз алмай тұрып: “Бұлардың көңілі де бір, жауынның суы да бір”.

Шал Бәйгеторыны жетектеп қайтадан сайға түсті. Күн көзі қарсы беткейді лезде иемденіп алған екен. Жер бетін енді-енді тыстай бастаған көк қылтанақ біткен май жаққандай жылт-жылт етеді. Сайдың табанындағы жалғыз аяқ сүрлеу қазығын суырып кеткен аттың соңынан сүйретілген ала шылбырға ұқсайды. Шал сүрлеуге тесіле қарады. Тесіле қарайтындайы да бар - баяғыда Аппаққызды қойып келген күні абыр-сабыр басылып, ел аяғы саябырлағаннан кейін түн ортасы ауа осы соқпақпен сайды өрлей жүре берген, жүре берген. Сонда соңынан екі елі қалмай етекке жармасқан ауыр ойлардың ұштығына жете алмай, қабырғасы қайыса тарыққаны әлі есінде. “Айдалада қалдым-ау, ендігі күнім не болар”, - деп торыққан жоқ-тын, әрине, жалғыздығына налыған. Жалғыздығы жанына қатты батқан.

Дүние десейші, алма-кезексің-ау! Міне, өшкені жанды. Артынан тұяқ ерді. Өмір шіркіннің пұлға сатып ала алмайтын қымбаттығын ғұмырында осымен екінші рет сезінді. Біріншісі - өзіндей жақыбайларға теңдік тиіп, ел қатарына қосылғаны еді. Дүние-ай, десейші!

Шал Бәйгеторыға қарғып мінді, қарғып мінді де сайды өрлеп шоқыта жөнелді. Мәстектің бойына мін санайтын жүйрік лыпып барады. Келе-келе тіпті табаны қызып, ауыздықты тарта берген соң Бәйгеторының басын бос қоя берді. Ойпыр-ой-о-й, зулап бір кетті деңіз. Алдынан дауыл соққандай. Ілгері қаратпайды. Лезде қос жанардан жас парлады. Абайсызда ұшып кеткен қалпағына да қараған жоқ, әлі құйғытып барады. Құйғытып бара жатып: “Алпыс төртінде артыңнан тұяқ ерсе, көңіл шіркін құстай ұшады екен-ау”, - дейді. “Ұзағынан сүйіндіргей”.

Аспанның мөп-мөлдірін-ай! Күн төбеге тырмысып келеді. Мына жалпақ дүние бар уайым-қайғыны, тіпті жеңіл күрсінісін де мүлдем ұмытқандай көк күмбезінен маржандай төгілген сәулеге аузын ашып қарап қалған сияқты. Бәйгеторының да бүйірі қызған тәрізді. Аяқ тастасының әдемісін-ай жануардың. “Бұ да болса маңдайға біткен бақ шығар”, - дейді шал. Алапат қуаныш оны жүйріктің үстінен жұлып алғандай. Ештеңеге қарайтын емес, сайды өрлеп құйғытып барады. “Айналайын, Бәйгеторы, аянбашы. Екеуміз бір шер тарқатайық”, - дейді.

Ол қайта оралғанда төбенің басында аң-таң боп тұрған манағы қарадомалақты көрді.

- Балам, тәттіге қарқ боп қапсың ғой, - деді шал оның томпайған қалтасына бір қарап қойып.

- Апам берді.

- Иә, неғып тұрсың?

- Көкем шайға шақырып жатыр.

- Сосын не дейді өзі?

- “Үйінен қашып кеткені несі” дейді.

- Қарашы, өзін, - деп ол балаға жақын келді де:

- Бөпені көрдің бе? - деді.

-Қайдан. Есіктен сығалай беріп ем, Перне атамның үйіндегі сары әжем қуып шықты.

- Неге қуасың демеймісің?

- Сабайтын түрі бар.

- Әбден қаһарына мінген екен де.

- Әжемнің ашуы жама-ан, - деді бала ұртын томпайтып, - Жүрсейші, көкем күтіп қалатын болды ғой.

- Өй, күшік, күтсе неғушы еді, - деді шал. - Барамыз да.

Бала күліп жіберді.

- Мына жаман неме қайтеді-ей!

Сәлден кейін аяңдай басып, Сапарбектің үйіне келді.

- Көке, құтты болсын, - деді Сапарбек жымиып.

- Жаман неме көрінеді ғой, - деп ол төрге өте берді.

- Аузыңыздан түсіп қалғандай дейді Жұмагүл.

- Бәтшағар, маған тартса қор болмас, - деді шал. - Жұмагүл де жеткізген екен.

- Байғұс жүдә қуанып жүр.

- Қуанбағанда қайтсін.

Сапарбек ағасына жалтақ-жалтақ қарай береді. Қанша жалтақтаса да кәрі көңілдің қай құзарда жүргенін аңғару қиын еді. Бір білетіні - шалдың бүйтіп толқығанын көргені осы. Жайшылықта болса: “Шадыр мінездің кәріне ілініп қалармын”, - деп артық-ауыс ештеңе айтпас еді. Ал дәл қазір үстінен атан түйе өтсе де мыңқ етпейтін секілді. Соны сезген ол:

- Баяғыда-ақ, Аппаққыз жеңешем ризашылығын бергенде-ақ, қамдану керек екен де. Осы күні ер жетіп қалатын еді, - деген.

- Не шатып тұрсың, - деді шал. - Аппаққыздың аруағын қозғама. Осының бәрі соның тілеуі.

- Көкем өстеді енді, - деп Сапарбек қаймығып қалды. Сонда да шалдың уәжі екі ұшты көрінген. Екі ұшты көрінгесін:

- Игіліктің ерте-кеші жоқ, - дей салды.

- Мынау мені әбден итірқылжаңға салды-ау. Әлгі шайыңды әкелші.

Сол-ақ екен, сырттан жорта қақырынып: “Найзабай қайда?” - деген дауыс шықты.

- Пернекең келе жатыр, - деді Сапарбек.

Үйге селдір сақалы үшкір иегінің ұшына ұйлыға қалған қатпа Перне кіріп келді.

- Сенің қарадомалағың сүйінші сұрап барыпты. Жүрегі жарылып кетер ме екен деп ем, - деді ол. - Жер-көкте тұра алатын емес.

- Жоғары шық, - деді шал.

- Мәсімнің табаны түсіп қалды, - деді Перне.

- Оның жарасы жеңіл ғой, - деді шал жайбарақат.

- Иә, жас қатының ұл туған ба? - деді Перне. - Құдай қос қолдап бере сапты да.

- Қос қолдап берді ме, шымшылап берді ме, әйтеуір көпсініп отырғанымыз жоқ, - деді шал. Қатқылдау ғып айтты.

Сапарбек қипақтай бастады. Қит етсе, екеуінің де теріс-қабақтанып шыға келетіні бесенеден белгілі. Неде болса, алдын алмақшы. Содан:

- Пернеке, өстіп қуанып жатырмыз, - деген.

- Кәрішөңге көкең ұл тапқызып жатса, қуанбай қайтесің.

- “Игіліктің ерте-кеші жоқ” деген осы екен, - деді Сапарбек қыбыжықтап. Сол екі ортада шал Пернеге жалт қарап:

- Тілеуіңді бергір, бір-екі ауыз жылы сөзіңді аяймысың. - Түртпектей беріп неғыласың, - деген.

Ағасының кенет кішірейе қалғанына Сапарбек сұмдық риза болды. Риза болмай қайтеді: “Жөнімен тарқаса еді”, - деп қылпылдап отырған. Сол екі ортада:

- Сенің қатының қошқардай ұл тапты деп тәспімізден жаңылатын жайымыз жоқ, - деді Перне.

Қолындағы бос кесені дастарқанға тастай салған Сапарбек іштей: “Ойпырай, қайтер екен”, - дей бергенше:

- Сен неменеге кірпідей жиырылып отырсың, - деді шал Перненің жадағайының етегінен тартып қалып. - Таң атпай сені кім шақырды?

- Көке, қойыңызшы, - деп Сапарбек шыр ете қалды.

- Әулекіленбей жайыңа отыр, - деп Перне де шап ете түсті. - Сен сияқты төбенің басына шығып келгеніміз жоқ.

- Төбенің басына шыға алмаған соң қылтия бересің де. Төбенің басына шығу - не теңің?

Перненің ұрты бүлк ете қалды. Үшкір иегінің ұшындағы селдір сақалы да селкілдеп кеткендей болды. Басынан сөз асырмайтын қиқар жанына жолап кетсең “барқ” ете қалатын кәрі атандай қоқиланып:

- “Бай болса, бақырып бола ма” дегендей әбден мастанып біттің. Құдайыңды ұмыттың, - деді. Тістеніп, әр сөзін қайыс боп қатқан ағашқа шеге қаққандай ғып айтты.

Шал қатты тіксініп қалғандай еді. Жүзі құп-қу боп кетті. Қанша қағысқанмен қатар өскен кәрі шөңге мұндай иттікке барады деп ойламаса керек. Тіпті қаперінде жоқ жағдаят төтеннен тиген шаншудай қадалып, өкпесін қысып, езгілеп жатқан секілді. Енді болмаса, бүктеп-бүктеп, сайға лақтырып жіберетіндей.

Алғашқыда өстіп жәбір қысқандай еді. Нақақтан күйіп кететіндей көрген.

Енді келе-келе дүлей ашу буып алды. Қалш-қалш еткен бойы:

- Әй, нәлеті, “мастанып біттің” дегеніңнің төркіні не? - Соны айтшы! - деді.

Перненің қияңқылығын да атан түйе тарта алмайды екен:

- Белсенді болдым деп, жұрттың аузындағыны жырып алып жүргеніңді кім білмейді, - деп қойып қалғаны.

Мына сөз шалды қақ маңдайдан салып жібергендей болды. Тағы да жәбір қысқандай:

- Мынау не деп отыр-ей, - деген.

- Белсендінің бәрі сендей болса, жетіскен екенбіз. - Перне шақшасын қағып-қағып жіберіп, алақанын насыбайға толтырып алды да, тілінің астына тастай салды. Шалдың демін ішіне тарта тына қалғанына қарап: “Енді не дер екен”, - деп әдейі жайбарақатсынғаны болса керек.

Бір жанжалдың төніп қалғанын сезген Сапарбек дастарқанды өзіне қарай тарта беріп еді, шал қолындағы дәу кесемен Перненің қақ маңдайынан қойып-ақ жібергені. Ауыр кесе оңбай тисе керек, қан сау ете қалды.

- Өлтіре ме, мына әкеңнің... - Перне қос қолымен шекесін басқан күйі еңкейе берген.

Дастарқанды қан жуып кетті.

- Ажал айдап келген сені, - деді шал. - Нәлеті, “Басқа пәле - тілден” деген, міне, осы.

Сапарбек сыртқа жүгіріп шығып, есік алдында жатқан киізден бір жапырақ жұлып алып, отқа тастай салды.

- Жазған-ау, мұның не? - деген Жұмагүлге:

- Біздің көкем де қызық. Қарап отырып Пернекеңнің басын жарды. Киіз баспаса, қан тыйылар емес, - деді. Іле “Өзіне де сол керек, сауап болды”, - деп неге айтпадым деп өкінді. Сосын: “Көкемдер кісі-ақ қой. Біз сияқты мәймөңкелеуді білмейді”, - деп күпінді.

- Ұят бопты-ау, - деп Жұмагүл ернін бір сылп еткізді…

- Сен қатын байқадың ба, - деп ол Жұмагүлге жақындай түсті. - Көкем, жүдә, жасарып кетіпті. Жер-көкте тұра алатын емес.

- Қайтсін енді, - деп Жұмагүл қазанның қақпағын ашып жіберіп еді, жас еттің буы бұрқ ете қалды.

- Жарықтық-ай, - деді Сапарбек.

Басын таңып алған Перне теріс қарап жатып қалды.

- Бұл енді өстіп жатып алады, - деген шал.

- Жатпағанда қайтем, Найзабай таяққа жықты деп кімнен сүйінші сұрайды дейсің.

Екі шалдың лезде мәмлеге келе қалғанына аң-таң болған Сапарбек не дерін білмеді. Сол-ақ екен:

- Найзеке, - деген дауыс шықты сырттан.

- Бұлар кім, дүсірлетіп кеп қалған? - дегенше болған жоқ, шал сыртқа атып шықты. Оған ілесе Сапарбек те шыққан.

Ауылдың бес-алты жігіті екен. Атқа қонып алған.

- Егісті біткен той сіздің тойыңызбен қатар келді. Көкпар беріңіз.

- Бұлар сөйтеді енді, - деп шал кеңк-кеңк күлді.

- Бүгіннен қалған жан - жан, бүгіннен қалған мал - мал, анау серкеңізді екі-үш айналып әкеп тастаймыз.

- Серке ешқайда қашпас. Аттан түссеңдерші. Ет пісіп қалды, - деген Сапарбек.

- Көкпар шаба алмайтындар өстіп қазанның айналасынан шықпайды.

- Сендерге дауа жоқ шығар.

Қырдың басында жайылып жүрген Бәйгеторыдан көз алмай тұрған шал:

- Не сөз бар, қалағандарың болсын, - деген. Сайланып келген жігіттер қоя ма, әп-сәтте серкені тақымға басып кете барған.

- Мыналар қайтеді-ей! - Шал жан-жағын қарманғандай қалып танытты да, шекпенінің етегін сілкіп-сілкіп алды.

Дәп қазір жол жүргелі тұрған сияқты. Әлде тосыннан желік қысқаны ма?

- Далақтап-далақтап қайтып келер, - деген Сапарбек. - Әуселесі белгілі ғой олардың.

- Дүние-ай, Бәйгеторы да белін жазып қалар еді, - деген шал кенет.

- Пернекеңнің жатысы анау бүк түсіп. Асылықтың не керегі бар, - деді Сапарбек. Өйткені шалды шынымен-ақ желік қысқанын анық сезгендей еді.

- Құмарлық дейтін пәленің қыштап тұрғаны.

- Көке, бала боп кеттіңіз бе бүгін?

***

Әйтсе де, әлгілер ұзай бастағаннан-ақ шал тағат таба алмады. Әрлі-берлі үй айналып біраз жүрді. Болмады. Арғы-бергі біраз жайды құнттап, өз-өзінен алдаусыратпақ еді. Болмады.

Әрі-беріден кейін Бәйгеторыны асығыс ерттеп қойған.

Ақыры болмаған соң атқа қонды.

Үзеңгіге аяғы тисе, тасырлатып ала жөнелетін кей әулекі секілді шал да ауылдан шықпай жатып-ақ аттың басын қоя берген.

- Ойпыр-о-оой, - деді Сапарбек оның ізінен көз алмай тұрып. - Көкем байғұста ес қалмаған-ау!

Алғашқыда көкпаршыларды әудемнен орай құйғытып өтті. Бәйгеторының екпіні тау құлатардай. Тұяқ дүбірінен құлақ тұнады. Шал мұның бәрін місе тұтатын емес. “Бәйгеторы әлі де жазыла түссеші”, - деп келеді. “Әлі күнге сауырына қамшы тимеген саңлаққа бұл шабыс сөз боп па. Аянатын не бар”.

Көкпаршыларды тағы бір орағыта жүйткітіп келгенмен топқа кірмеді. Жақындай бере аттың басын іркіп қалған. Бүйірі қызған Бәйгеторы тосын тоқыраққа көнгісі келмегендей әрең дегенде тоқтады.

Аналар жан-жақтан қиқулап кеп, үпір-шүпір бола қалады да, біреуі серкені іліп әкетеді. Іліп әкеткенімен ұзаққа бармайды. Орта жолда тақымын босатып, тастап кетеді. Тағы жан-жақтан қиқулап кеп, үпір-шүпір үйіріледі.

- Мыналар көкпарды қор қылды-ау, - деп кіжінді шал. - Шетінен шешелерінен солақай боп туған ба өздері?..

Сол екі ортада арғы ауыл жақтан бір топ құйғытып келді де, әлгі үпір-шүпір додаға қойып кетті. Көрші колхоздың жігіттері екен. Қайдан құлақтанғандарын.

- Мыналар қайтеді-ей! - Шал қамшысын қыса түсті.

Жаңа ғана қиқулап жүрген жігіттердің екі-үшеуі додадан ығыса берген.

- Пай-пай, мыналардың машығына найза бойламайтын шығар, - деп шал додаға тосыннан қосылғандарға қызыға қарап қалыпты. Со кезде астындағы қарны қампиған мәстегі додаға жарамаған біреуі:

- Найзеке-ау, мыналар қоятын емес қой, - деді шалға жанаса беріп.

- Өңкей солақайлар, - деп шал атын тебініп қалды. Маналы бері жырынды желік қысып, қызынып тұрса-дағы додаға қойып кетуге бата алмаған Найзабай енді құмарлық отына түсіп бара жатқанын сезбеген еді.

Бәйгеторы лыпып шыға келді.

Көкпаршылардың кебежедей біреуі серкені тақымға басып алып, додадан сытылып шығып оқшаулана бергенде, арындап тұрған Бәйгеторы ала кеп жөнелген.

Шалдың көз алды - көк мұнар. Ол бүгінгі көл-көсір қуаныш үстінде кездескен құмарлық отына өртеніп кетуге бейіл. Бәйгеторының сауырына қамшы тигені де осы. “Көкпарды жібермейді”. “Мұны жіберсем, Найзабай атым құрысын!”. Көкпаршының тақымындағы серкені әлгінде өзі атағаны, енді оны тартып әкетсе ұят болатыны шалдың есінде жоқ. Тұла бойын құмарлық оты өртеп барады. “Тұңғышым туған күні…”. “Көкпар тартқанымның да алды-арты осы болсын”.

Кәрі көңілді құндақтап алған құмарлық Бәйгеторыдан әлдеқашан озып кеткен тәрізді. Оның қай қиырға тоқтарын кім білген. Әйтеуір, құрық тимеген асаудай көз ұшына қарай маңып барады.

Көкпарды алып қашқан кебежедей жігіт артына қарап-қарап қойып, атын төпей түседі. Ерге етпеттей жабысып алған. “Кәнігі көкпаршы болар” деп ойлады шал.

Оң қапталдан төбесі көрінген ауылға қарап еді, біреу жын ұрғандай далақтап шауып келе жатыр екен. Ә дегенше, қамшысын оңды-солды сілтеп, жан ұшыра жақындап қалды. Алдыңғы көкпаршыға көлденеңдей тартып барады. Енді болмаса, бүйірден қойып кететіндей. “Мына пәле қайтеді-ей”, - деді шал. “Бұл қай пері болды екен?”

Шал көкпаршыға жақындап-ақ қалған. Бәйгеторы жермен-жексен боп, ұшып келе жатқан. Әп дегенше әлгі біреу де қиқулап қолтық астына кеп қапты. “Қайт, кейін қайт!” - деп шал айқай салды. “Өлесің…”

Бәрі де көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті.

Далақтап әңгүдік алдыңғы көкпаршының алдына кесе-көлденең келе берем дегенде үлгермей қалды. Со бойда анау сытылып шығып кетті де, артындағы Бәйгеторы бар пәрменімен әлгі аттыға соқтығып, анадай жерге ұшып түсті…

***

Шалды таңертеңгілікте ғана тұңғышы дүниеге келген қараша үйдің оң жағына әкеп салды.

***

Ертеңіне шалды шығарып бара жатқанда Бәйгеторының көзіндегі мөлтілдеген тамшыны ешкім көрген жоқ.

Со түні Бәйгеторы қозыкеш жердегі қорымға барып, жас қабірдің басында мөлиіп ұзақ тұрыпты деседі.

Сол түні жарық дүниеге жаңа келген сәби де тыншу көрмей, көп жылапты деседі.

Сол түні - 1939 жылдың наурыз айының алғашқы түндерінің бірі еді деседі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар