Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қалқаман Саринмен кездесу немесе өмірдің мейірімді...

22.12.2014 14298

Қалқаман Саринмен кездесу немесе өмірдің мейірімді бір картинасы

Қарашаның соңы болатын. Қалқаман Сариннің кітабын іздеген «Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау» колледжінің оқытушысымен жолықтым. Ақынды қонақ ретінде шақырып, әдеби-сазды кеш ұйымдастырмақ екен, мені де шақырды. 

                     IMG_9576.JPG

Колледждің мәдени іс-шара өткізетін залы тар болғандықтан, кездесу көрші тұрған Қарттар үйінде өтті. Зал толы көрермен, сахнада ақынның 2011- жылы шығармашылық кешінде оқыған  өлеңдерінен үзінділер көрсетіп, кездесу басталып кетті. Қаражорға биін тамашалағаннан соң, сахнаға кеш қонағы Қалқаман Сарин мен колледж  директоры Ахметов  Қайырғали Әкімбекұлы  шақырылды. Студенттердің тиянақты дайындалғаны кештің басталуынан-ақ байқалып тұрды. Ешқандай олқылық жоқ, керемет атмосфера орната алды. Өз кезегінде сөз сөйлеген ақын Қалқаман Сарин колледж басшылығы мен ұйымдастырушыларға алғысын айта отырып, өмірбаянынан қасқаша айтып өтті. Барлық оқырман сүйіп оқитын, көбіміз жатқа білетін  «Арқаттағы біздің үй»  деген өлеңі бұл кездесуде де бірінші  болып оқылды. Өлеңді ұйып тыңдаған көрермен бір сәт ауылға сапар шегіп келгендей болды.

                   IMG_9292.JPG

Одан кейінгі сағынышты: 
Қара нанға  сары май жағып алып жейтұғын,
Қара суға қанағат, қарын тойды дейтұғын.
Қара жаяу қайғысыз көше бойлап жүгірген,
Қарадүрсін кешегі сағындырды-ау кей күнім... деп «Қарауыл. Қара өлең» жалғап әкетті.
Ендігі кезекте Елена, Юлия, Екатерина атты студенттер ақынның өлеңін жатқа оқыды. Ұлты қазақ болмаса да, қазақша өлеңді жатқа айтып тұрған үш қызға зал ерекше құрмет-қошемет көрсетті. 

IMG-20141222-WA0008.jpg                  IMG-20141222-WA0015.jpg

Міне, «Сұрақ-жауап» айдарына да жеттік. Ақынға студенттер бірнеше қызықты сұрақтар қойды. Кеш одан бетер қыза түсті. Сұрақтар таусылғаннан кейін ақыннан тағы өлең сұрады. «Астана»,  «Әке» «Анашым» деген өлеңдер оқылды:
Асыл ана! 
Түсімде көрем сені,
Бұрынғыдай емессің неге еңселі?
Мен білсем, саған деген сағыныштың,
Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.

Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,
Елжіреп елесіңді құштым тағы.
Хат байлап қанатына жіберер ем,

Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі...  осы тұста  көрермен арасында бір әже жылап отырды. Оны көріп жүрегім бүріп кетті-ау... Студенттермен кездесу болса да залдың әрбір жерінде отырған ақ жаулықты әжелерді байқап қалдым. Бір адам – бір тағдыр ғой. Жанарларында ауыр мұң бар, әрқайсысы өз балаларын ойлап кетті ме екен... Қазыналы қарттардың бірі бұл мекемеге шарасыздықтан келсе, енді бірі мейірімсіздік пен қатыгездіктен келіп отыр ғой... 

IMG-20141222-WA0009.jpg              IMG_9713.JPG

Сәлден соң  колледждің дарынды студенттері ақынға арнаған өлеңдерін оқыды, ақынның ағалық тілегін қабыл алды. Кеш соңына қарай ақынға тағы да қосымша сұрақтар қойылды. Соның бірі «Кеш емес» бағдарламасы туралы еді. «Сіздер көтеріп жүрген мәселелер өте өзекті және сол бағдарламаның соңына қарай өз  шешімін тауып жатады. Қоғамдағы айтулы проблемаларға қатысты тақырыптарды сіз таңдайсыз ба?»  деген сұрақ түсті. Ақын болса, «Астана» телеарнасында ол  ток-шоудың  әр санын экранға шығару үшін көптеген мамандардың жұмыс істеп жатқанын, өзінің тек қана бағдарлама жүргізушісі екенін айтып жатты. Сөз арасында «Жақында ғана бағдарламада  үйсіз-күйсіз, Астананың шетінде өмір сүріп жатқан әже туралы түсірілім болып, ол кісі Қарттар үйіне алынатын болды...» деп айта бергені сол еді, залдан арбада отырған әжені бір келіншек ортаға алып шықты. Бағдарламаның тура сол санын  мен де көрген едім, бірден таныдым, ақын айтып тұрған әже осы кісі еді. Залдағы көрермендер де, Қалқаман Сарин де аң-таң. Аңтарылып тұрып қалған ақын, әжені таныған сәтте  сахнадан секіріп түсіп әженің жанына келді де «Апа, сіз осында ма едіңіз, қазір халіңыз қалай, денсаулығыңыз қалай?» - деп кештің сценарийіне біраз  өзгеріс енді. Әжеміз болса, осы жерге келгелі жағдайым жақсы  деп,  «Кеш емеске» және  ақынға алғысын білдіріп, батасын беріп  жатты. Осындай тосын жағдайға аяқ астынан тап болдық та қалдық. Көз алдына өмірдің мейірімді де шынайы  бір картинасын алып келген бұл кеш, студенттердің  жүрегіндегі мейірім отын одан сайын  лаулата түсті деп нық сеніммен айтамын. Естеріңізге сала кетсем, бұл әжеміз Өзбекстаннан көшіп келген. Біраз уақыт бұрын ұлы келінімен бірге кетіп, анасын жалғыз  тастап кетеді. Әркімнің әкелген тамағын ішіп, қала сыртында өте қолайсыз жағдайда өмір сүріп жатқан әжені «Кеш емес»  бағдарламасы түсіріп, осылайша мемлекет қарамағына алынып отыр.  Қарап отырсақ, жақсылық жасауға, мейірім сыйлауға шынымен де ешқашан «КЕШ ЕМЕС»...  

                      IMG_9813.JPG

Кешті қорытындылауға  колледж директоры   Қайырғали Әкімбекұлы сөз алды. Кеш «Туған тілім – тірегім» деп аталып, басты мақсаты студенттерді  қазақ тілінің сөз құдыретіне, тіл тазалығына, өлең өлкесіне сусындату екенін және де ол мақсаттың орындалғанын айтып өтті.  Колледждің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Шайкемелова Түгелтай Шайкемелқызы  тілге қатысты көптеген шаралардағыдай емес, сол бір қатып қалған форманы «бұзып», әдеби-сазды  кеш форматында өте ұтымды ұйымдастырған екен. Ол жайында кеш қонағы Қалқаман Сарин де ыстық ықыласын айтып жеткізді.  Кеш соңы «Жібек сезім» әнін орындаумен тәмам болды.
Замандасым Бауыржан Әліқожаның  «Қалқаман өлеңдерін оқи отырып, сен де суреттелген жайларды бірге сезінесің, бірге қуанып, бірге қайғырасың. Ақын өлеңдерінің жалпыға ортақ сипаты осында жатса керек» деген пікірі есіме түсті. Шынымен де, ақын өлең оқып тұра,  тыңдарман үнемі қосылып айтып отырады. Тіпті, сахнада өлең оқып тұрып ұмытып қалғанда, бір оқырман  залдан есіне түсіріп  жалғастырып жібергенін де өз көзіммен көргенмін.
... Менің мұңым, менің мұңым – мөлдір мұң, 
(Мұңсыз өмір сүре алмаймын мен бір күн). 
Түнгі аспаннан тұнық іздеп көз алмай, 
Қарап жатып қанша жұлдыз сөндірдім... деп жырлайтын   Қалқаман Сариннің қай өлеңін алсаңыз да, әрқайсысында өмір бар, мөлдір мұң бар, әуен бар, сурет бар, махаббат бар. Табиғаттың өзі тартқан ерекше талант иесінің замандасы болып жүрген біздің бақыт та бес елі.
Тағы бір өлеңінде:
«Жан мұңын, достым, көтердім,
Тағдырын адам таңдай ма?
...Жазмышты жазып өтермін,
Жазылып қойған маңдайға»  депті...
Ендеше, жазарыңыз да таусылмасын, ақын аға!


Әсел Мұздыбай

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар