Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қарапайым оқиға – күрделі тұжырым

20.02.2017 1352

Қарапайым оқиға – күрделі тұжырым

Арасанбай Естеннің «Жесіржүрек» хикаяты – өтпелі кезеңдегі қазақ қоғамының әлеуметтік, психологиялық ахуалын танытатын шығарма. Онда қоғамдық проблема, ішкі қайшалыс, типтендіру, адамдардың әр-алуан мінез-құлқы айқын көрініс тапқан.

32d2fcf8bd28a78a471bc85f822d1ac4.jpg

Туынды 1993-94 жылдары жазылғанекен. Дәл осы кездерден арықтық қатынаспен дербестік динамикасына көзі қарақтылық танытып, қандай да бір ой қорытуға алғашқы қадамдар жасалған. Кескекті үзіп, ол қадамды – Арасанбай аға жасай алған. Бұған қаламгерлік қабілеттен бөлек, посткеңестік ортаға жат та әрі тосын тіршілік қағидасын екшеген белгілі бір деңгейде әзірлік қажет. Осы талаптарды ескеріп, талантты жазушы жаңа сипаттағы Тәуелсіз кезеңнің тырнақалды туындысын өмірге әкелді.

Күні бүгінге дейін қарапайым жұртты былай қойғанда Жазушылар одағының өзінде заман әлпетін бейнелейтін шығармалар жазылған жоқ» деген желеусөз желдей еседі. Өйткені, әдебиет саласындағы қоғамдық ұйымның өкілдері қазақ әдебиетіне жеткілікті түрде талдау, сараптау жұмыстарын жүргізбейді, жүргізбеген де. Әрі, қаламгерлердің дені өзінен басқа өзгені оқмайтын мешеуге айналған.

Тәуелсіздіктің тізгіні қолымызға тигенінің өзіне 2-3-ақ жыл өткен шақ. Соған қарамай көркем әдебиетімізде уақытпен үндестік, замана келбетін сипаттау ишаралары білініп отырды.

«Жесір жүрек» – өмірге атүсті қарайтын, лып еткен жылы сезімді өмірлік ұстаным деп ұғатын типтенген замандастар бейнесін жасап шығарған. Оқиға желісі – нанымды, тілі – жеңіл, оқуға – тұщымды. Сәнім, Әлиза сияқты кейіпкерлер – қарапайым жұрттың өкілдері. «Құрымбайдың жігітшілігіндегі» Құрымбай феодалдық (әлде кеңестік) қоғамның белді мүшесі болса, бұлар капитализмнің (әлде кеңестік) балалары.

Ерге шықса да мейірім таппай жүрегі жесір күйінде қалған әйелдің халі, әуелсіздік қолына тисе де дербестікті толық тұщына алмаған қоғамның халі – өтеұқсас.

Қаламгерқарапайымоқиғаданкүрделітұжырымжасап, оқырмандарынаұсынған. Тек көретін – көз, бағалайтын – парасат қана керек.


Шығарманың кілті мен құндылығы

Қабырғалы қаламгер Арасанбай Естеннің «Дүние бір қисық жол...» хикаяты да оқыған жанды бей-жай қалдырмайды. Оқиға желісі иіріміне тартып әкетеді. Жалпы, туындының композициясы жаңа стильде жасалған. Бүгінгі оқырманның сұранысын қанағаттандыратын-ақ туынды. Әсіресе, өмірді танимын деген зерделі жасқа қараңғы түнектен жол табуға жарайтын шырақ іспеттес.

Туындының өн бойынан кеңестік жүйедегі бір қазанда қайнаған ұлт пен ұлыстар этностық болмысынан ажырап, біртекті ойлайтын, тұрмыс кешетін халге жеткенін көресің. Жеңіл жүріс, ойсыз-парықсыз қадамдар «оспадар ойына келгенді істейді» дегенді айғақтай түседі. Мемлекет құраушы басты ұлттың өнегесі, мінез-құлқы ұсақ ұлттарды жолынан жаңылдырды. Яғни, бірінің баспанасы босаса бірі барып тұратын, біреуі өлсе әйелін екіншісі тайынбай алатын интернационалдық сипаттағы пенделер ядросы ол қоғамда әбден қалыптасқан.

Әсіресе, мұндай әлеуметтік дерт – азғындау сібір өңірінде жаңа өндіріс орнында қасақана ассимиляциялау саясатымен жасалды. Ал, сібірдің жергілікті тұрғындары мұндай кезеңнен өтіп, әлдеқашан Иван, Игорь болып кеткен еді.

Бұл қызу еңбек ордасына кеңестер одағының түкпір-түкпірінен тепсе темір үзетін жастар жиналып, жаңа болашақтың іргесін қалап жатты. Солардың арасында Асыл деген қазақ жігіті де жұрттан қалмай, бес жылдықтың балғасын солқылдатып соғып жүрді.

Әуелгіде 5 жылға жасалған келісімшарттан кейін тағы да 5 жылға қалуға үгіттеді. Жастықтың желеуімен зымырап 10 жыл өте шықта. Туған жерінің төрінде ата-баба аруағы, екі көзі төрт бола ғазиз анасы, асқар таудай әкесі күтіп отырды. Алайда, Асылды шаш етектен табыс тауып, дәулет құрмақ ой аялдата берген.

Осы тірлігіне еті үреніп кеткен жігіт одан кейін де алаңсыз дағдылы өмірін кешіп жатты. Қалай болса солай тірлік өткерді, арақ ішті, досы Гошаның әйелімен ашына болды... Ақыры құйымыр әйел күйеуін қуып шығып, Асылға тиіп тынды. Мұның да әуселесін әбден көрген соң Лариса үйреншікті әдетімен қынжылмай күресінге тастады... Бұл оның 3-ші күйеуі еді, төртіншісін тапты.

Сол кезде ғана жасы жерортасынан асқан жігіт туған жеріндегі Қасқабұлағының кәусарын аңсады. Кетуге оқталды, талай әрекет жасады. Ақырында жартылай есі бар, қаусаған шал болғанда жолға шықты.

Шығарма идеясы – туған жердің топырағына адасқан ұлдың табанын іліндіру еді...

Бұл сюжет – Асылдың өмірі емес, тұтас қазақтың тағдыры болатын. Ұлттық ұстанымнан адасқан жұрттың тағдыры болатын. Орыстандыру саясатымен рух күйреп, тек болар-болмас елдік нышан байқалар еді...

Идеологиялық айла-амал мен ақыл-ойды шайып, біртектес ұлт жасауға ұмтылып отырған империяның басқыншылығын әрі осы трагедияны – басқаша көрсету мүмкінемес.

Негізінде туған жер түрінде алынған нысана, ол – ұлттық болмысқа оралу болатын. Егде тартқан Асылдың түсіне енетін ата-баба аруағы – тәуелсіздікті көксеген Алаш идеясы. Ол – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан соң қазақ аспанын торлап жүрген.

Шығарма 1991 жылы жазылып бітіп, нүктесі қойылған. Сол жылы Қазақ Елі Тәуелсіздіктің тізгінін қолына алды. Ғасырлар бойы ата-баба аңсаған арман орындалды. Қазақ елі Ұлттық мұрат жолына түсті.

Шығарманың кілті ме нқұндылығы осында жатыр.

Уақыт тынысымен бірге қалам тартқан Арасанбай Естеннің жазушылық қарым-қабілеті мен тақырып таңдау талғампаздығы туралы әлі талай айтылатынына еш күмән жоқ.


Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар