Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Қарашаңырақтың» тұсауы кесілді...

25.09.2014 3612

«Қарашаңырақтың» тұсауы кесілді

«Қарашаңырақтың» тұсауы кесілді - adebiportal.kz
Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың «Салтанат» залында «Шалқар» радиосының Бас редакторы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, ақын Серік Сейітманның «Қарашаңырақ» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

                                        _MG_0467.JPG


«Қарашаңырақ!
Сенен асқан кие жоқ,
Атам кетіп, әкем қалған ие боп.
Әкем кетсе, орнын басар кенже бар,
Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ.

Алдында мен ұлы баба – Даланың
Амандығын күзетуші баламын.
Топырағым – түп төркіні түркінің,
Туысым да сүртіп кірсін табанын...» деп жырлаған ақын жүрегі бүгін елордалық оқырман қауымға өзінің әдемі жырларын сыйлады.

                                         _MG_0461.JPG

Ақынның бұл жинағына енген өлеңдердің тақырыптық мазмұны негізінен қазақи дәстүр, дүниетаным, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейді, қазақтың рухын серпілтетін патриоттық өлеңдер, екі поэма мен балладасы бар. азаматтық лирикалары мен өлең тақырыптарына сай «Шумақталмаған ойлары», «Отырардағы оқиға» поэмасы, сондай-ақ, қосымша ретінде «Қырсық қызға қолтаңба» балладасы енгізілген.

                                          _MG_0476.JPG

Кешті ақын, сатирик Көпен Әмірбек жүргізді. Талантты ақынның жаңа жинағының тұсаукесер рәсіміне сондай-ақ белгілі қаламгерлер Әшірбек Сығай, Серік Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айтұлы, Аманкелді Мырзабек және «Қазақ радиосының» директоры Мақат Садық мырза қатысып, жылы лебіздері мен тілектерін жеткізді. Құттықтау сөзінде белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай өз сөзінде: «Серік Сейітман – менің жақсы көріп оқитын ақындарымның бірі. Себебі, Серіктің жырларында табиғилық, ұлттық құндылық басымырақ. Қазіргі қазақ поэзиясында ақынмын деп жүргендердің көбісі төрт жол құрап ән шығарғанына мәз болып жүргендер. Поэзиямызды былғап біткендер баршылық. Қасиетті қара сөзді таптап кетіп жатқандары қаншама. Ақын болмай-ақ адам болып жүрсе де болады ғой. Бәріне бірдей ақын болу міндетті емес. Әдебиет – кісінің ойыншығы емес. Қазіргі поэзияның көрінісі пародия. Сен тумысыңнан, жөргегіңнен ақынсың. Жасай бер! Сенің поэзияң алысқа шабуы тиіс» деген шынайы ойы мен тілегін жеткізді. 

                                          _MG_0491.JPG

Сондай-ақ, Шолпан Қорғанбекова жетекшілік ететін «Көк түріктер» этнофольклорлық ансамблі, Халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің Бас жүлдегері, әнші Бауыржан Исаев, дәстүрлі әнші Жасұлан Базарбеков, күйшілер Сәрсенғали Жүзбай мен Ардаби Мәулет т.б. өнер тарландары өз өнерлерін ортаға салды.
adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар