Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәрімжан Қазыбаев: Рейхстагта желбіреген жалау...

06.05.2016 2579

Кәрімжан Қазыбаев: Рейхстагта желбіреген жалау

Кәрімжан Қазыбаев: Рейхстагта желбіреген жалау - adebiportal.kz




Алдында гранит құрсанған Шпрее өзені. Одан өтетін Мольтке көпірін жау бұзып үлгермеген. Бірақ осы көпірге совет әскерін жуытпауға барын салары сөзсіз. Картада бәрі сайрап тұр. 674-ші Плеходановтың полкі рейхстагқа шешуші шабуыл жасауға әзірленуде. Ол шабуыл осы өзеннен өтісімен басталмақ. Шпреенің оң жағындағы бекініс керемет күштің апаны. Эсэсшіл батальондар, арнайы әзірленген «фаустниктер», зенит, авиация бөлімшелерінің ең таңдаулы бөлімдері осын- да төгілген. Әр үй емес, әр метр жер үшін қиян-кескі ұрыс болмақ.

Бірінші батальон бір кварталды тұтас алып жатқан көп қабаты биік үйдің ауласына келіп бекінген еді.

Таңертең ертемен батальондағы барлық командирлер комбат шақырады деген хабар алды. Штабқа кіре берістегі төменгі қабаттың бір бөлмесіне орналасқан екен. Твердохлебов мұнтаздай боп киінген. Жағасын ауыстырып, түймесінің бәрін жарқыратып тазарттыр- ған. Сақал-мұрты да жып-жылтыр боп алынған. Офицерлердің алды кіргенде кішкене флаконнан иіс су жағып тұрған-ды. «Батьканың» мұндай жасанғанын офи- церлер көрген емес-ті. Өзі де көңілді, жақсы тыныққан болу керек. Еңкіштеу денесіне ебедейсіздеу қонса да, гимнастеркасын жаңалап киіпті. Қарлығып шығатын дауысында көңілділік бар. Офицерлерге күлімдеп қарады.

— Жеңіс жақын. Біз ең алдыңғы шептеміз. Мені полк командирі шақырыпты. Шешуші шабуылдың жа- йы болса керек. Жиын-терін тұрыңдар!

— Кұп, жолдас майор! — деп офицерлер тік тұрды. Жұрт өзді-өзіне кетті. Күткендері комбаттың ендігі бұйрығы. Бәрі де елегізіп отыр. Қандай міндет, қандай қамал тұр алда.

— Комбат оққа ұшыпты!

Калай, қайтіп? Жаңа ғана мұнтаздай боп тұр еді ғой. Өлімі емес, бұйрығы еді күткендері. Жаңылыс айтылған лақап болса жарар еді, бұл хабар.

Жоқ, жаңылыс болмады, шын болды. Полк коман- диріне бара жатқан жолда жау оғы іліп түсіпті.

Рота, взвод командирлерінің бәрі де жүгіріп-жүгіріп жеткен екен. Бас киімдерін алып мелшиіп тұр. Рахымжан соңын ала келді. Жаңа ғана жарқырап тұрған «Батькасы» серейіп жатыр. Мана мұрын жарған одеколонның исі әлі кетпеген. Бірақ, онда тірі адамның үстінен аңқыса, енді өлі адамның үстінен мүңкіп тұр. Батальонның парторгі Искаковтың, политрук Васильченконың, 1-рота командирі, тәжік жігіті Атаевтың көзінде мөлтілдеген жас. Аяныш жасы, қарапайым да кішіпейіл командиріне деген қимастық жас. Жеңіс табалдырығында аяулы ақылшыларына ажал оғын ке- зеген мейрімсіз жауға деген ашу-ыза жасы.

Комбат оққа ұшысымен бір топ жауынгерлер бұққан жаудың сазайын беру үшін үстіңгі этаждарды тазартуға кеткен екен. Қолдарына арамза дұшпанның тап өзі түскен-түспегенін кім білсін, әйтеуір, бір топ немісті айдап келді. Бірақ, әкелген адамдары қарусыз. Айдасып келгендердің ішіндегі батальон штабының бастығы Николай Шепелев өліп жатқан комбатына көзі түскенде әлгі немістердің үш-төртеуін иектің астынан қонжи- тып-қонжитып жіберді. Көзінен ыстық жас ыршып- ыршып кетті. Қалғандарына тағы ұмтыла беріп еді:

— Немістің бәрі жау емес! Тоқтат! — деген Василь- ченконың зілді үні шықты.

Шепелев оп-оңай жуаси қойған жоқ. Тығылып, ішін белгісіз бір дүлей күш кернеп тұр. Еркіне жіберсе, көз алдындағылардың бәрін табан астында қырып тастайтын түрі бар.

Оның орнында кім де болса, солай етер еді. Төрт жыл бойы соғыста бірге болды. Осы батальонды өз қолымен шыңдап, өз баласындай мәпелеген командир болатын.

Әр солдаттың өлімі оны бір жасқа қартайтушы еді. Адьютанты оққа ұшқанда ағыл-тегіл болып жылағаны жұрттың бәрінің көз алдында. Сұм ажалдың жеткен жерін көрдің бе? Рахымжанның да денесі дір етті. Әлдене тамағына түйіліп тұрып қалғандай болды. Булығып, таңдайы кермектеніп кетті.

Өлді деуге қимай тұр. Әкесінен де мұндай тәрбие көрген жоқ. Өмірдің шытырман шимайын оқи білуді үйреткен осы адам еді. Қан майданда кім кімнің қабағына қарағандай.

Бірақ бұл барлық командирлердің көңіл-күйін тап басып оқып тұратын. Бойында адамға деген үлкен мейірім бар-ды. Сол мейірім қан майданның небір қиын минуттарында оның бүкіл командирлік тұлғасына нұр құйып тұратын.


Күні кеше өзі бас боп кепілдеме берді, партияға өткізді. Кепілдеме берерде айтқан сөзі әлі құлағында:

— Сен бірінші кепілдікті Одерде, одан кейін Берлинде алдың. Саған басты кепілдік беруші мына қантөгіс шайқас. Сендей жүректі ұлдарды партияның нағыз адал перзенті деу керек.

Сол адамның арыстай боп жатқаны-ай! Сұм-ажал неткен мейірімсіз ең. Кеше, кеше ғана «құтықтаймын» деп қолын қысқаны қайда?! Сол бір тарамыс қолдың табы алақанында емес, жүрегінде қалғандай. Өлді деуге сене ме, сенбей ме? Ажал шіркінде титтей болса да ақыл болсашы. Сұм дұшпан неткен қара жүрек ең. Қанға әлі тоймапсың...

Осы кекті сөздерді Рахымжан қасындағылардың да жүзінен оқығандай болды. Олар да өзі секілді зығырданы қайнап, өшпенділік отымен өртеніп тұр екен.

Қарсы алдындағы енді қайтып оралмас сапарға кеткен комбаттың да көзі жұмулы болғанымен, жұдырығы түюлі жатыр екен.


* * *



30 апрельге қараған түннің жарымында Шпрее өзені артта қалды. Шабуылшы батальондар жауды қыса берді, қыса берді. Өзеннен қайта өткізіп тастамақ әрекетінен ештеңе шықпады. Алдыңғылар бес этажды үлкен үйге жақын келді. Король алаңына, рейхстагқа бара- тын жолдағы ішкі істер министрлігінің үйі. «Гиммлер үйі» деп те атайды. Фашизмнің бас штабы да осында жұмыс істеген-ді. Әрине, бұл жұрттың бәріне аян емес. Шабуылшылар алдындағы түксиген, терезе, есігінің бәрі бітелген биік үйді ғана біледі.

Бұл күні ауа райының қандай екеніне жауынгерлер назар аударған жоқ. Күн ашық па, бұлт па? Әйтеуір, түнерді де тұрды. Шынында, аспанда оймақтай да бұлт болмаған. Түнерген сұрапыл соғыстың түтіні еді және ол Берлиннің үстінде ғана үйіріліп тұрды.

Бүкіл дүниені бір тарының қауызына сыйғызбақ болған «батырың», сол қауызға енді өзі кірердей жанталасты. Бұл үйдің әрбір кірпіші оққа айналып, қарсы- лық көрсеткендей. Рейхстагқа барар жолды ұстап тұр. Осы бір қарғыс атқан қанды ұя — рейхстаг қалса, бүкіл Германия аман қалатындай жанталасады.

Гитлер де жаннан безгендерінің миына солай деп құйыпты. Бұл маңға Ростоу қаласынан баскесерлердің жаңа тобын парашютпен әкеп түсіріпті. Бұл құпияны жаңа ғана қолға түскен тұтқын айтты.

— Біз империя канцеляриясының ішінде сапқа тұрдық. Гитлердің өзі келіп, «өлсеңдер өліңдер, бірақ рейхстагты бермеңдер!» — деді.

Мына айбат, арпалыс сол өсиеттің іс жүзіне асуы болу керек. «Гиммлер үйіне» үдемелі күшпен екі дүркін лап қойғанда, екеуінде де қатты қарсылықтан біздің әскерлердің беті қайтып қалды. Әсіресе, Тиргартен паркі тұсынан бас көтертпей ұрып тұр. Артиллерияның жақынға ататын орудияларынан от төгеді. Ал «Гиммлер үйі» қабаған иттей маңайлатпайды.

Шпрее өзенінен өтерде сәл тылсым тауып, бойын жиған, шешуші шабуылға әдейі әзірленген 674-ші полк — Плеходановтың полкі таң біліне лап қойды. Қан жоса төрт сағат шайқас. Танктер де жақын келді. Олардан атылған қуатты снаряд бітеу тас үйдің бүйі- рінен дем шығарып тесті. Бұл манағы жасқанудан кейінгі қайта жасалған қаһарлы шабуыл еді. Қандары қарайған солдаттар қандай қырғынға болса да қарар емес. Ет қызуымен танктердің үстіне шығып кетіпті. Жалаң бас, көмірдей қара шашы жалбырап, танктің үстінде Рахымжан да келе жатыр. Өрт сөндіргендей түтіккен. Алдыңғы танктен қарғып түскен солдаттар жаңа тесіктен өлген-тірілгендеріне қарамай уралап кі- ріп жатыр. Бұл полктің келуі осы бір қиын қамал боп тұрған үйдің тағдырын шешкендей болды.

Әне, осы үйдің терезесінен қарғыс атқан рейхстаг көрінді. Алды ашық алаң, төбесінде күмбезі бар секілді. Алдыңғы жағынан биікте атты адамның, кісінің мүсіні еміс-еміс көрінеді. Барлық терезесін кірпішпен бітеп тастаған, мола секілді. Сол моланың әр жерінен, әр тесігінен шайтан отындай пулемет оттары жылт- жылт етеді.

Бір кезде бұл үй паң-ақ көрінуші еді. Алдында Бисмарктың ескерткіші тұратын. Қолында қылыш. Әйнектен дөңгелене келтірілген биік күмбез өзге үйлерден ерекше етіп көрсететін. Күмбезден төменірек фронтон, атты адамның құйылған мүсіні. Салтанатты жағында зілдей-зілдей үйдің тіке биігіне дейін созылған мрамор діңгектер. Ол діңгектер айрықша ажар беруші еді бұл үйге. Оның алдында шыбын тайып жығылғандай жалтыр асфальт, сорғалаған фонтандар. «Гиммлер үйі» мен екі орта дөңгелене-дөңгелене салынған алаңдар, онда гүлдер өсетін. Көгеріп тұратын жапырақты ағаштар болатын.

Бұл көріктен қазір дым жоқ. Қаланың басқа жері сияқты бұл маңның да ойран ботқасы шыққан. Ағаш- тардың, алаңдардың орнында жентегі шыққан жер рейхстагқа дейін жап-жалаңаш, сұрықсыз боп жатыр. Бисмарк ескерткішінің орны да көрінбейді. Гүл орнында төгілген қан, ысқырған снаряд. Рейхстагтың бір кездегі самаладай терезелерінің орнында өрт шалған кірпіш. Мрамор діңгектердің жұлма-жұлмасы шығыпты. Соғыстың жегі қотыры сұрқын алып жіберген. Неміс басқыншылары қандай жиіркенішті болса, оның соңғы қанды ұясы да сондай. Тозығы жеткен моладай үңірейіп-үңірейіп көрінеді.

Бір кездегі әсем алаңдардан сау тамтық жоқ. Кесіп өткен үлкен ор. Рейхстаг айнала осындай ормен қоршалған. Танкке қарсы қазылған орлар. Сөйтіп, король алаңы енді король көрі, фашизмнің көрі секілді. Соғыс соқасы бей-берекет жыртыпты. Себіліп жатқан дән — өлім дәні.

Осы айналдырған 500 метр жердің өзі қанша адамның басын жұтарын кім білсін. Рейхстагқа жету үшін осы отпен, өртпен тыныстап, демігіп жатқан алаңнан өту керек.

Бірақ, осынау алаңның бір кездегі атақты Король алаңы, анау үйдің рейхстаг екенін ешкім білмейді. Мүмкін осы алаңда Гитлер жеңіс тойын жасамақ та болған шығар. Шабуылшылар әлі ешнәрсе білмейді. Қырғынына көз үйренген Берлиндегі көп үйлердің бірі екен деп жүр. Жаңағы «Гиммлер үйінің» әр баспалдағы үшін айқас. Бөлмеден бөлмеге, этаждан этажға көшудің өзі жөбішенді шепті бұзудан кем соққан жоқ.

Қан майданның қақ ортасында Давыдовтың батальоны мен Неустроевтың батальоны. Твердохлебов өлген соң 674-полктің бірінші батальонын басқару капитан Давыдовқа тапсырылған. Ал Неустроев көрші 756-шы полктен. Жауынгерлер жоғарғы этажға тіпті зеңбіректі де алып шығып барады. Бөлме сайын үйіліп- үйіліп қалған немістердің өз фаус-патрондары. Жігіттер оны атуды да игеріп алыпты. Жаңағы сұрғылт биік үй жақты жаудың өз снарядымен соғып жатыр.

Осы кезде генерал В.Чуйков бастаған Екпінді 8-ар- мия Бранденбург қақпасына таяп, ал генерал Н.Берзарин бастаған Екпінді 5-армия қаланың шығыс жағы- нан келіп қоршаған еді. Бәрі де рейхстагтың жан-жағынан анталап келіп қалған. Мұндай халге душар болғанын дұшпан да сезгендей. Сондықтан да, олар үшін бір-ақ жол бар. Ол — өлімге басты тігу. Міне, мынау өлер кездегі өшпенді қарсылық. Әсіресе, солтүстік-батыстан келген 150-ші дивизияның шабуыл бағытындағы жау аптығы күшейген үстіне күшейіп барады.

Рақымжанның взводы «Гиммлер үйінің» төртінші этажына жеткен еді. Әр терезе сұрғылт-сүреңсіз биік үй жақтан секунд сайын от букетін қабылдайды.

— Сізді подвалда комбат шақырады, — деген хабар алды.

Төменге, батальонның штабы орналасқан бөлмеге келсе, адам көп екен. Бәрі қабырғаға жабысып тұр. Бұл бөлменің терезесінен де нөсерше сауылдаған оқ. Политрук Васильченко қолымен қабырғаға жабыс дегендей белгі берді. Рахымжан да серейіп тұра қалды. Сәл толастайды да, от бұршағы қайтадан төпей жөнеледі. Жұрттың бәрінің көзі сұрғылт биік үйде. Сол үйдің әр кірпішін әркім анықтап көргісі келгендей.

Давыдов Рахымжанға қасына жақындауды сұрады. Еппен басып келді. Жаңағы елдің бәрі телмірген үй жақты саусағымен нұсқады да:

— Көрдің бе, рейхстаг! — деді.

Рахымжан біресе үйге, біресе комбатқа карады. Жүзінен өмірі күлкі кетпейтін Васильченко күлімдеген күйі қайтер екен дегендей өзіне қадала қалған екен.

— Арман ғып жүрген рейхстагымыз осы ма?

— Иә, иә. Ендеше сол рейхстагқа апарып ту тігу керек. Соны сізге тапсырамыз, жолдас лейтенант Қош- қарбаев!

— Құп болады!

— Міне полктен келген барлаушылар тобы. Бұлар да сізбен бірге аттанады. Яғни сізді, сіздегі туды қорғаушылар.

Рахымжан ту тігудің өз еншісіне неге тигенін сұрауға мұршасы болған жоқ. Әскери жағдайда айтты бітті, орындау қажет.

Бұл сыр Васильченко мен Давыдовқа ғана аян. Давыдов, әрине, жаңа келген адам. Полктен тапсырма алысымен ол политрукпен ақылдасты. «Кімді жіберу керек, кім лайық? Батылдың батылы, ептінің ептісі ғана». Сонда Васильченко Қошқарбаевты ұсынды. Оның Одердегі, Берлинге кіргеннен бергі, тіпті, күні бүгінгі «Гиммлер үйіне» жасаған шабуылдағы ерліктерін көз алдынан өткізді. «Жүрегінің түгі бар!». Марқұм Твердохлебовтың осы бір сөзі де ойына сап ете түсті. «Тек кана Қошқарбаевты жіберу керек!».

Ту да дайын болған екен. Васильченко Рахымжан- ның қолына туды берді де:

— Жолың болсын, Рахым! — деп бетінен сүйді.

Рахымжанның бойын суық тер басып кетті. «Тура ажал аузына». Сәл босап, осы тұрғандардың бәрімен қоштасқандай болды. Жоғарыда өз орнында Гончаровты қалдырған взвод жігіттерімен де қоштаса алмады-ау. Көз алдынан туған жер, өскен өлке өтті. Қазақтың кең сахарасы да қара баласын қапсыра құшақ- тағандай болды. Бұл сапардан аман оралуы екі талай!

Небір жүрек жанышқан ауыр ойлар қазір келіп, қазір жоқ боп сейіліп жатты. Қойнында сабына ораулы ту, аттануға әзір. Мұнымен бірге шықпақшы жауынгерлердің бәрі де ыңғайланды. Бірін-бірі үнсіз, іштей ұққандай. Біріне-бірі сәт сапар тілеп тұрғандай.

Сыртқа шығатын жалғыз ғана тесік бар, ол осы үйдің терезесі. Бұл терезені де дамылсыз өршелене атқылап жатыр.

От бұршағы бөлмені тағы бір соғып, басыла қалған сәтте Рахымжан сыртқа қарай мысықша атылды. Ұмар-жұмар болып бір шұңқырға топ ете түсті. Абиыр болғанда аман секілді. Өзінің артынан тағы біреу келіп жығылғандай болды. Бірақ кейін қарауға мұрша жоқ. Адамның сыртқа шыққанын сезгендей өзі секірген бөлменің терезесіне дұшпан пулемет оғымен қатты шүйлікті.

Басын бауырына тығып бұққан күйі қолтығының астынан ақырын сығаласа, екі адым жерде бір уыс болып біреу жатыр.

— Оқтан амансыз ба, жолдас лейтенант?

— Аманмын. Өзің ше?

— Мен де сау секілдімін. Бірақ басқалары шыға алмай қалды.

Бұл арада көп күтіп жатуға болмады. Не де болса ілгері жылжу керек. Бұлардан бұрын шыққан талай жайсаңдар жансыз жатыр. Жүректері зу ете қалды.

Рахымжан өз көзіне өзі сенген жоқ. Қап-қара, бұйра әдемі шашынан ғана таныды. Мынау жатқан бірінші ротаның командирі, тәжік жігіті Атаев. 

Жүрегі соғып, алқымына тығылды. Өзі де дәл осы бір жайсаңдар секілді жайрап жатардай сезінді. Осы ой келгенде селк етті. Сол қолымен қойнында жатқан туды сипап еді, төс қалтасына қолы тиді. Партбилет. Күні кеше алған билет. Майданда, ұрыстың алғы шебінде тапсырды оған. Ту, партбилет. Сол екеуінің тұсында лүпілдеп жүрегі соғады. Өз жүрегінің соғысы осы бір дүлей кезеңде өзіне айқын естіліп тұр. Жүрек тұсында билет, оның тұсында жаудың соңғы ұясына тік деп тапсырған ту. Ол — коммунист. Жүрегінің тынымсыз соғысы осыны сыбырлағандай болды.

Бойын дереу жиып алды. Артындағы жігітті қасына шақырды. Тұйғындай кіп-кішкене солдат. Жалғыз- дан гөрі бұл да ес. Терезеден екеуінің шыға алғанына шүкірлік етті. Бір-біріне серік қой. Алдыңғы 30 метр- дей жерде үйінді жатыр. Снаряд қопарған асфальт алаңның үйіндісі, аса үлкен емес. Одан басқа жан сая- лар жер жоқ. Бұтаны қалқан қылған мысықтай беті- мен жер сүзіп, қыбырлап жылжып келеді. Бұларды тірі жан деп ойлау қиын. Әлгі жер отыз шақырымнан қашық болды. Жеңіл шықса да, қан сорпаға түсті. Маң- дайларынан аққан тер қанды алаңға тамып келеді.

Өліп-талып, қара тұтып жеткен үйіндісі пана болмай шықты. Бұл арадан қазір қағып түседі. Ауызды ашып- жұмғанша, тап жандарынан снаряд гүрс ете қалды. Үй орнында жер көтеріліп көкке ұшты. Саудамыз біткен шығар деді екеуі де. Қорғайтындары басы. Әлден уа- қытта көздері бадырайып бір-біріне қарады. Аман екен. Ал енді бұл арада титтей де аялдауға болмайды.

Осы тозақ алаңында қалай сау қалғанын кім білсін, бір трансформатор будкасы тұр. Рейхстагтың төңірегін қоршап бекініс салып жүргенде құрылысшылардан қал- ды ма екен?! Анандай жерде, ұзыннан-ұзақ қазылған ордың жағасында қалқиып тұр. Оның сол жағында үш жерден қазандай ойығы бар үй орнындай темір-бетон плитасы жатыр. Бірақ ол жермен-жексен. Ес тұтқанда- ры будка болды. Мына өліктер осы будкаға жетеміз деп жетесінен үзілгендер ғой. Есіл ерлер-ай. Бәрінің де үнсіз жатқанын көрдің бе. Әйтпесе, осы жерге дейін келулерінің өзінде қандай ерлік жатыр. Танымайды, танымаса да бәрінің ерлігіне бас иді. Құрбан болған құрбылар. Мүмкін, көп кешікпей өздерінің де ақырғы демі осы арада үзілер.

Оқ нөсері кілт тына қалды. Будка қайдасың. Шы- бын-шіркей боп ұша жөнелгендерін біледі. Қасқырдан қашқан еліктей ағып келіп қойып кетті. Мал-жан аман болсын, мынадан жаңағы жер қамалдай берік еді. Кар- кас будканың оқ бөгер бұдыры жоқ. Әрі бұлардың кіргенін көзі шалып қалса, қорғаның емес, молаң болады дей бер.

Ендігі көңілге демеу 50 метр жердегі канал секілді танкіге қарсы қазылған ор, оның үстінде қолдан жа- салған жаяу көпір. Тәуекел. Тағы бір толаста ілгері қа- рай ыта жөнелді. Жанындағы серігі бұлдырықтай лы- пып тұр. Бұлардың шыққаны-ақ мұң екен, әлгі будканы бір-ақ төңкерді. Арт жақ әлем-тапырық болып кетті. Ордың іші тізеден су екен. Күп-күрең боп жатыр. Қан аралас секілді. Екеуі де қаталап кеткен. Жұтып-жұтып жіберді.

Жеткен бойы суға қойып кетті. Біріне-бірі тығылып бергі жағаға отыра қалды. Көпірдің де құр тамтығы. Қаңқайған қадалары. Көлденең жалғыз рельс қана жатыр. Судың түсі адам шошығандай лайлы. Бергі жағада қалу қауіпті. Немістерге нысана болуы мүмкін. Не де болса, арғы жағаға өту керек. Қададан қадаға жабысып әрең жетті. Бір қуыс тапты. Әкелерінің үйіне келген- дей қуанды. Дереу сынық темір тауып алып, әлгі жерді үңгісін кеп. Әбден терге малшынғаннан ба, болмаса жаңа каналға кеп құлағаннан ба, әйтеуір, оймақтай сау жер жоқ, малмандай су.

Қарғыс атқыр рейхстаг қашық емес. Бәрі айқын көрінді. Алдындағы зілдей-зілдей, биік-биік діңгектері, бітелген терезелері, шұрқ-шұрқ қабырғалар. Бірақ бұдан әрі жылжу мүмкін емес. Рейхстагқа дейін жап-жалаңаш. Жан саялар түк жоқ, бұдыр-бұдыр ашық алаң. Оның үстіне енді өз әскерлеріңнің оғына ұшырауың да мүмкін. Өйткені, біздің жақтың рейхстагты атуы күшейе түсті.

Амал таба алмай екеуі дал болды. Ұзақ отырды. Айнала от боп жанып, жер балқып кеткенге ұқсайды. Шыбын жаныңа сая болар ештеңе қалмағандай. Мәңгіріп бас та ауырды. Ойыңа нелер келіп, нелер кетеді. Ауыл... Тайтөбе, бірге өскен кұрбылар, ұстаздары. Соғыс еңсесін езген жерлестер. Олар Рахымжанның өлім мен өмір ортасындағы қыл үстінде тұрғанын біле ме?.. Қиялында Райхан кеп мұны құшады... Ту тікке- нін айтқысы келеді... Өзі де естіпті... Қалай естиді... Өмір шіркін тәттісің-ау, от ішінде «өлемін» деген ой- дан аулақ болғың келеді. Ал, мына азынаған айнала сені қанды тырнағынан шығара қояр ма екен.

Жауынгер достары Попов, Гичко, Серебряков, Киреев, Панталеев... Комбаты, сүйікті ұстазы Твердохле- бов! Солардың тоқтаған жүрегі... Солардың кегі...


Жоқ, әлде өзі де солардың жанына бара ма... Жоқ! Жоқ! Өкінішті-ау, осы бір тозақ алаңында өліп кетсе... Ертең жеңіс қой. Рейхстагты берген соң немістің несі қалады. Мұның алынатыны сөзсіз. Міне бұлар келе жатыр... Неге тоқтап қалды?

Сандырақ түс секілді бірдеңе. Осы ойлар әуені бір сәт жер қозғалтып мына атысты да естіртпейді. Бір оянып, бір ұйқтап, бір сандырақтап, бір есі кірген секілді бірдеңе. Басы мәңгіріп кетті. Бүкіл қаны басына шапқандай болды.

Солдаттың арқа сүйеп, медет тұтары Рахымжан. Офицер ғой, амал табар, айла істер. Рахымжан кімді медет тұтпақ. Ауық-ауық қойнындағы туды ғана қы- сып-қысып қояды. Көпірдің астындағы осы бір қуыс құт мекен болар ма екенсің, қу мекен болар ма екен.

Ауырмай сандырақтап отырған сәтте бір ой най- зағайдай жарқ етті. Қойнындағы туды жұлып алды да, бұрышына: «674-полк, лейтенант Қошқарбаев, қызыл әскер Булатов» деп жазды.

— Дұрыс істедіңіз, жолдас лейтенант. Өлсек, ең болмаса қай жерге жеткенімізді білсін.

— Өлгенің не? Өлу үшін шықтық па? Ту тігу үшін емес пе?

Рахымжанның өз көңілі де алай-түлей. Жаңағы айтқаны, әйтеуір, офицерлік қыр көрсеткен болғаны.

«Ту» деген сөз зілдей басқан ауыр ойды сейілтіп жіберді. «Апыр-ау, біз шыққалы көп болды, ту қашан көрінеді деп күтіп отыр-ау». Осы ой келгенде бетінен біреу осып жібергендей болды. Намыс оты тоңазыған денесін күйдіріп өтті. Дүниеде адамның өз ойымен алысқаннан, өзін-өзі айыпқа бұйырғаннан қиын нәрсе жоқ қой.


Әрине, олар осы кезде батальонда, полкте, диви- зияда, корпуста не болып жатқанын білген жоқ.

Корпус командирі, генерал С.Переверткинде де маза жоқ, дамыл-дамыл дивизияға телефон соғады.

— Жолдас Шатилов, жай қалай?

— Плеходановтың полкі қайда?

Ал полк ту ілгеріде деп есептейді. Офицер Қошқарбаевтың аттанғанын біледі. Бірақ ол өлі ме, тіре ме? Өліге қарай ой тезірек бұрылар. Өйткені, мына апат тірідей ілгері жылжыта қоймас.

Жоқ, олар тірі. Олар ажалдың әрбір метрінен аттап өтті, ерлікпен өтті. Ажал әзір батырларға бата алмай тұр. Сүйемдеп, қарыстап ілгері жылжып келеді. Тек ілгері... Өлім жөніндегі қауіпті жеңген олардың бойында бір күш бар. Сол күш ілгері сүйреп келеді. Анау қойнындағы ту сол күшке оралғандай. Көздерінен от шашқан кекті оқисың. Мәнсіз өлім емес, дәл қазір жеңіс керек. Жеңіс туын тігу керек. Сондықтан да, олар сақ. Сондықтан да, олар сәтті кезеңді күтіп отыр.

Осы ерлікті мынау бұлыңғыр түтін жасырғысы, жанышқысы келеді. Көлегейлеп көзден таса етеді. Бір шұңқырда қос жүректің тулап жатқанын ешкімге сездіргісі келмегендей. Олар қорқып жатқан жоқ. Қазір, міне, қазір алға ұмтылмақ.

Сабыр ет ғаламат! Сабыр етіңдер, тынымсыз күткен жауынгер достар. Төгілген қан жетер. Сол қанға ма- лынған мына туды сенген достарың нысанаға тірі апарсын! Шәйт, болса, қабірінде бас иерсіңдер. Бірі — 21- де, бірі — 18-де. Екеуі де он екіде бір гүлі ашылмаған өрендерің. Біріңнің артында балаң бар, біріңнің ар- тында анаң бар. Бұлардың артында кімі бар? Екеуі де детдомнан. Жоқ, мүсіркемеңдер, жарандар! Бұлардың да артында Анасы бар. Соның жасы тыйылсын деп жетті емес пе осы жерге! Соның сүтін ақтаймын деп сан майданнан ерлікпен өтті емес пе!

Қатыгез соғыс, мына қара түтін соның бәрін жасырғысы келеді... Қан сасыған қуыстан шығармауға құмартып тұр. Жатар ма екен қуыста жалыны бар жүректер... Және олар екеу ғой.

...Түтін түнегіне күн қараңғылығы келіп араласты. Мана сағат 12-лер шамасында шыққандар қоян қашты жерде ғана отыр. Шын сұрапыл осы екен.

«Біздің тудың көрінуін күткеніне көп болды-ау».

Осы ой екеуіне де біз тығып алғандай болды.

— Жоқ, енді аттану керек!

Аспан айырылғандай үн естілді. Жаңағы қараңғылық жұтып қойғандай жоқ болды. Айнала жап-жарық боп кетті. Міне ғаламат! Артиллерия рейхстагты мылжалап жатыр. Ине түссе табылғандай жарық.

Бұл жаңа үлкен шабуылдың алғы сөзі еді.

— Григорий, қолайлы сәт, кеттік!

Қол ұстасып ұшып келеді. Көздеріне түк көрінбейді. Құлақтары да тарс бітелгендей, жаңағы бір артиллерия үнін естімей қалды. Бәрін ұмытты. Осы сәт бұл дүниеде өздерінің бар екенін де ұмытты. Әлден уақытта аяқтары баспалдаққа тиді. Жүгіріп келеді, өрлеп келеді. Шын ба, өтірік пе? Үйдің қабырғасы, үлкен де зілдей діңгектер. Жау ұясы. Соңғы ұясы... Қолдары қабырғаға тағы тиді.

«Тірісің, тірісің!».

Жүректері осылай деп соғады. Бірақ одан да қатты тулатып тұрған бір жай бар.


Сәл естерін жиды.

— Шық иығыма! Ал мына туды.

Осы сөздің естілуі-ақ мұң екен, Григорий ыршып Рахымжанның иығына шықты.

— Жолдас лейтенант, қадайтын жер жоқ!

— Суыр кірпішін. Міне, мына тұсың терезе. Әлден уақытта Григорийдің:

— Все! — деген дауысы естілді. Жерге қарғып түсті. Рахымжан екеуі құшағының қалай айқаса кеткенін білген жоқ. Бірін-бірі сүйіп жатыр.

Тықыр естілді. Шошып кетті. Қаруларын кезене қалса, өзіміздің офицер екен.

— Кімсіңдер, қай батальоннан?

— Давыдовтың!

— Молодцы!

Осы сәтте уралаған үннен жер тітіркенді. Манағы өздері өте алмаған алаң үсті ине шаншар жер жоқ, қайысқан адам. Каптап келеді...

Бұл 1945 жылдың 30 апрель күні кешкі сағат жетіге жуық кез еді.

Нақ осы оқиғаны жазушы, Идрицк дивизиялық газе- тінің сол кездегі тілшісі Василий Субботин былай жазады:


Василий Субботин, жазушы, Идрицк дивизиялық газетінің сол кездегі тілшісі


«Күмбез төбесіне жеңіс туын тіккен Егоров пен Кантария.

Дегенмен, басқа да жалаулар мен тулар болған-ды. Бұл туралы сол кездің өзінде жазсам да, енді мен жау- жүрек екі жігіт туралы, бірақ олар барлаушылар Кантария мен Егоров қарекет еткен Неустроев батальо- нынан емес, Василий Давыдов батальонынан, — олар- дың қолына тиген әрі олар рейхстагқа бекіткен жалау туралы айтып бергім келеді.

Олар екеуі ғана қалған еді, төпеген оқ басқаларды адым аттатпады. Оман арықтың биіктеу жағасын са- ғалай жылжып, олар көпірдің астына паналады. Рейхс- таг тиіп тұр — осы тұстан оларға шомбал діңгектер мен салтанатты есікке жетелейтін баспалдақтар көрі- ніп-ақ тұр, бірақ жақындай түсуге қия бастырмайды. Қошқыл түсті қағазға оралған (терезені көлегейлей- тін қағаз жұлып алынған) Қызыл ту Қошқарбаевтың күпәйкесінің ішінде, кеуде тұсында жасырулы. Бас кө- теру мүмкін емес. Немістер рейхстагтың жоғары қа- баттарынан оқ жаудырып, болар-болмас жыралар мен қопарылып түскен асфальт қабаттарын қалқалаған сол- даттарымызды көздеп атады. Снарядтар алаңның тас- тарын сызғылайды. Арттағы үйлерді жалын жалмап жатыр. Гимнастеркасы олпы-солпылау, ұзындау, пилот- касы да кеңдеу, аздап үрей билеген, әлі бала есеп- ті бозбала, жұдырықтай ғана Булатов Қошқарбаевтың қолтығының астынан пана іздегендей тыпыршиды.

— Не істейміз енді? — дейді Булатов оның көзіне үмітпен жаутаңдап.

(Қошқарбаев — взвод командирі. Рақымжан Қошқарбаев — лейтенант. Булатов — жай ғана қатардағы жауынгер. Қошқарбаев — қазақ, Булатов — орыс, вяткалық).

Қошқарбаевтың айтқаны:

— Біле білсең, сәті түссе, туымызды ең болмағанда рейхстагтың баспалдағына бекітеміз.


Қолындағы жай ғана «төте шабуыл» жалауы болса да, олар «Ту» деуден танбайтын, әрі ол Кантария — Егоров тіккен жалау секілді әзірге тығыз тоқылған қалыңдау матаның бір бөлігі, жай ғана кездеме еді.

Олар сол кездемеге таңба түсіруді ұйғарды. Суға бір малып алған химиялық қарындашпен асығыс-үсі- гіс жазып тастап, төменірек полк нөмірі «674» санын, оның үстіне бөлімше нөмірін таңбалады.

Күн кешкіре түсіп, қас қарая бастасымен жаңа ша- буыл бастаудың сәті соқты, алға ілгерілей алған Сьянов тобына басқа екі батальон роталары да қосылды (Пят- ницкий басқарған алғашқы шабуыл сәтсіз болып, ол топ түп-түгел жусаған). Қошқарбаев Булатовпен бір- ге жатқан жерінен атып тұрып, баспалдақтарға қарай жанұшыра ұмтылды... Қабырғаңыз, кірпішпен бекітіл- ген терезе орындары мынау...

Булатов пен Қошқарбаев өз жалауын әуелі ортадағы діңгекке бекіткен, ал ғимараттың сол жақ бөлігі тазар- тылған соң, олар жалауын екінші қабаттың терезесінен шығарып тікті.

...Олардың туы кейін төбеге көтерілді, бірақ ол Егоров пен Кантария тіккен ту секілді күмбезде емес, бұғат астында, мұнаралардың бірінің қасында желбіреп тұрды».


* * *



2 май жылы болғанмен, бұлтты еді. Күн анда-санда ғана жылтың етіп, қайта жасырынады. Фашизмнің жен- деттерін көруге жиренгендей. Олар лек-легімен келіп қаруларын өткізіп жатыр. Еңселері түсіп, естері кетіп мәңгірген. Әншейіндегі сұсты, тәкәппар офицерлерінің де сұры қашыпты, сүмірейіп мойындарына су кеткен. Тура қарауға жүздері шыдамайды. Тарих алдындағы айыбын енді ұққандай. Кешегі немістің «жеңілмес ар- миясы» бүгін тұтқын. Жан-жақтан айдаумен ағылып келіп жатыр, келіп жатыр.

Бір полкі, бір батальонына біздің бір солдат қана ие. Оның жалғыз мылтығының қаһары жаңағының бәріне сұсты.

Осы масқараны Гитлердің өзі көрген де еді ғой? Жоқ, ол 30 апрель күні сағат 15-те өлерден 40 сағат бұ- рын үйленген «жары» Ева Браунмен (бұрынғы өзінің хатшысы) бірге уланып өлді. Адыра қалған герман үкі- метін Геббельс пен Борманға мұраға қалдырған-ды.

Геббельс Гитлер өлгеннен кейін де ойраны шыққан неміс қолбасшыларын шақырып алып, қарсылық көр- сетуді талап етті. Құрыған мемлекеттің құрдым премь- ері эфирден үкімет үндеуін оқытты. Онда:

— Немістер, саспаңдар! Батыс майдандағы бүкіл әскер шығысқа төгіледі, — деді. Бұл оның ең соңғы алдауы еді. Сол күні әйелі Магдамен бірге у ішіп ол да өлді.

Иә, осы бір екі-үш күннің ішінде қаншама тарихи оқиға болды. 30 апрель күні кешкі сағат 7-ге жуық рейхстагтан алғашқы Жеңіс жалауы желбіресе, сол күні түнде биіктігі 70 метрлік рейхстагтың күмбезі үс- тіне Жеңіс туы шықты. 1 май күні ертемен оны бүкіл Берлин көрді. Бұл 150-ші дивизияға тапсырылған ту болатын.

2 май күні таңғы сағат 6-да немістің танк корпу- сының командирі және Берлиннің коменданты, гене- рал Вейдлинг өзі келіп қолға түсті. Неміс әскеріне қарсылықты қойып, тізе бүгу жөнінде бұйрық берді. Дәл осындай бұйрықты сол күні үкімет атынан бір жарым тәулік канцлер болған Геббельстің орынбасары Фриче де оқыды.

Қару-жарақты өткізу, тұтқындарды қабылдау ұзақ- ты күнге біткен жоқ. Империя канцеляриясының бағы- нан немістің небір чиновниктерінің, генералдарының өлігі табылды. Бәрі де өзін-өзі атқан. Солдаттар «мас- қара өлім бағы» деп орынды атады бұл жерді.

Анда-санда дырылдаған пулемет үні естіледі. Бұл әлі де болса жеңілуді ар көрген есерлер еді. Көп ке- шікпей олардың да үні өшті.

Әр жерден ән, жеңіс әні, орыс әні естілді. Рейхстагтың алдын, Тиргартен паркін, Бранденбург қақпасын куаныш күйі кернеді. Қызыл Армияның солдаттары жеңіс биіне басты.

Әлемді аузына қаратпақ болған қанқұмар неміс фашизмінің күні осылай батты.

Апрель, 1965 жыл.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар