Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Карлфельдттің өзі қаламаған Нобель сыйлығын алуы

07.04.2022 522

Карлфельдттің өзі қаламаған Нобель сыйлығын алуы 12+

1904 жылы ол Швед академиясына қабылданады. 1907 жылы әдебиет бойынша Нобель комитетінің құрамына өтеді. Ал 1912 жылы аталмыш комитеттің тұрақты хатшысы болып тағайындалады. Сол қызметті атқарып жүрген жылдары оған әлденеше рет Нобель сыйлығын ұсынған екен. Бірақ Академиядағы жауапты жұмысын көлденең тартып, қай жолы да үзілді-кесілді бас тартқан. Оның үстіне Швециядан басқа жерде мені кім таниды дейсің деп ағынан жарылған көрінеді. Әдебиеттегі әлемдік нөмірі бірінші сыйлықтан бас тартқан тарихтағы тұңғыш қаламгердің бұл жағдайда бірінші аргументін, сөз жоқ, парасаттылыққа балар едік. Оң қолымен беріп тұрып, сол қолымен қайтып алар ұятсыздықтан биік тұрған адамның әрекеті. Ал екінші аргумент... Ол да өзінің шамасын білген шын жазушының (бұл жердегі әңгіме талантқа байланысты емес) кісілігі.

Ол қаламгердің есім-сойы Эрик Аксель Карлфельдт. Швед ақыны. 1864 жылы 20 шілдеде Орталық Швецияның Авеста қаласына жақын маңдағы Фолькерн ауылында дүниеге келген. Ата-бабасы ауыл шаруашылығымен айналысқан. Әкесі Эрик Эрссон Карлфельдт – өз бетімен оқып жетілген заңгер (юрист-самоучка). Ақынның балалық шағы қайғысыз-қамсыз өтеді. Алайда Эрик Успаль университетіне түскен соң көпке бармай әкесі тез-ақ құлдырап кетеді. Сөйтіп әуелі әулеттік мұра саналатын Толфмансгорден имениесін сатып, артынша өзі де көз жұмады. Соның салдарынан студент Эрик Карлфельдт жеке адамдарға жалданып сабақ үйретіп жүріп, университетті 1902 жылы әрең аяқтайды. Бір жыл мұғалімдік істеген соң Стокгольм ауылшаруашылық академиясына кітапханашы болып орналасады.

Карлфельдтің артында қалған алты өлең жинағының алғашқысы – «Тұмса табиғат пен махаббат туралы әндер» ақынның отыз бір жасында жарық көреді. Аталмыш жинаққа енген өлеңдерде, тіпті, автордың одан кейінгі поэзияларында да туған жері Далекарлидегі шаруалар өмірі ара-тұра мистикалық бояулармен көмкеріле отырып молынан суреттеледі. Жалпы Карлфельдт поэзиясы этнографиялық дәлдігімен және дәстүрлі рух лирикасының тереңдігімен ерекшеленеді. Оның бар шығармашылығы қарапайым шаруа өміріне деген сағынышпен өрілген. Бұл ностальгия Швецияны жайлаған индустриализация мен урбанизацияның тоқтаусыз өрістеуінен туындаса керек.

Одан кейін «Фридолиннің әндері» мен «Фридолиннің ләззат бағы» поэтикалық жинақтары жарық көреді. Фридолин – артында автордың өз болмысы жасырулы тұрған лирикалық қаһарман. Фридолин – жартылай шаруа, жартылай ақын – өзін «шаруамен халықтың өзіндік қарапайым тілінде қауқылдасып, ал білімдар адамдармен латынша шүйіркелесетін» адам ретінде бейнелейді.

«Фридолин бағы» жинағында «Далекарли қабырғасындағы сурет» өлеңдер циклы бар. әдебиет сыншылары Карлфельдттің ең үздік өлеңдері деп, міне, осы циклды атайды. Онда автор інжіл мен түрлі аңыздардағы сюжеттер бейнеленетін халықтық дәстүрлі суреттер жайлы баяндайды. Және оны шаруалар сән үшін өз үйлерінің қабырғасына салады екен.

Карлфельдт өзінің туған Далекарлиін жырлаудан еш танған емес. Дей тұрғанмен оқырман кейінгі жылдардағы қаламгер поэзиясы баяғы жып-жылы лирикадан арылып, сұрғылт, суық реңк ала бастағанынын байқайды...

Замандастары «Карлфельдт сирек те болса проза жазумен айналысқан» деп әзілдейді екен. Өйткені оның артында қара сөзбен жазылып қалған екі әдеби мұраның біріншісі 1911 жылы дүниеден өткен және бір швед ақыны Густаф Фрейдингке арналған қазанама екен де, екіншісі – 1930 жылы америкалық жазушы Синкелер Льюиске Нобель сыйлығын табыстар сәтте сөйлеген алқау сөзі екен.

Сөз басында өзі де мойындағандай, отанында ел поэзиясын аспанға көтерген Карлфельдтті шынында да Швециядан басқа жерде көп ешкім білмейтін. Оның сыры мынада болса керек: ақынның өлеңдері көбіне швед шаруалары қолданатын ауызекі идиоматикалар мен архаизмдерден тұрады. Сол себепті оны басқа тілге аударуға екінің бірінің шамасы жете бермейді. Жағдай солай болған соң, сыншылар да аса мән бере қоймаған секілді.

Карлфельдт 1931 жылы 8 сәуір күні кенет қайтыс болады. Содан кейін-ақ баяғы әніне қайта басқан Швед академиясы ақын өмірден өткен соң алты айдан кейін оған әдебиет бойынша Нобель сыйлығын беру туралы шешімді дауысқа салады. Әсіресе Швед академиясының мүшесі әрі Уппсала қаласының архиепискобы К. Натан Сёдерблюм бұл шаруаға барын салған деседі. Әрине, академияның бұл шешіміне көпшілік, соның ішінде швециялықтардың өзі наразылық білдіреді. Тым құрығанда сыйлыққа өлер алдында ұсынылған адам болса бір жөн, өзі кетсе де еңбегі қалды деп марапаттау туралы шешім шығаратын деген секілді пікірлер де айтылады. Бірақ дегенінен қайтпаған кеңес бәрі бір о дүниелік Карлфельдтке Нобель сыйлығын береді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар