Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АЙМАҚТАР ӘДЕБИЕТІ
Қаршыға Есімсейітова. Сыр елінің сүлейлері...

07.08.2018 14033

Қаршыға Есімсейітова. Сыр елінің сүлейлері 12+

Қаршыға Есімсейітова. Сыр елінің сүлейлері - adebiportal.kz

Сыр елі қазақ әдебиетінің қайна бұлағы екенін жақсы білесіздер. Руханияттың келер болашаққа тұнығы бұзылмай жетуіне бірден бір бастау болатын жер де осы өңір. «Сыр елі – жыр елі» деп аталған топырақта талай ақын-жазушылар дүниеге келген.

Сыр бойынан шыққан кәсіби ақындарды айтқанда ең алдымен Әбділда Тәжібаевты сөз етеміз. Сыр топырағынан шыққан қаламгерлер – Әлібек, Асқар, Қалмақандар сонау 30-шы жылдары-ақ Ә.Тәжібаевтың өнеріне ризашылықпен қараған. Бұл күнде облыстық кітапхана ақын есімімен аталады. Көрнекті ақын, драматург Ә.Тәжібаевтың «Көне қоңырау», «Құрдастар», «Толағай», «Жаңа өрімдер» т.б. жыр жинақтарымен қоса «Оркестр», «Құтқару» атты поэмалары оқырманға жол тартты.

Қазақ әдебиетіне қырғи тілді ақын ретінде енген АсқарТоқмағамбетовтың де облыстың мәдениеті мен өнерін дамытуда сіңірген еңбегі ерекше. Оның өлеңдері, поэмалары, сықақ өлеңдері ұзақ жылдардан бері үздіксіз баспа бетінен көрініп келді. Алғашқы өлең жинағы «Еңбек жыры» деген атпен жарыққа шықты. Проза саласында «Сыр диқаны», «Асыл азамат», Ы.Жақаевтың өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады» повестері жарыққа шықты. Ақын өз оқырмандарына 70-тен астам кітап ұсынды. Бүгінде туған ауылы, орта мектеп, Қызылордадағы Мәдениет үйі мен қала көшесіне А.Тоқмағамбетов есімі берілген.

Таудан аққан мөлдір бұлақтай өнер өрнегін шығыс әдебиетімен Сыр сүлейлерін зерделеген қаламгер Қалқаман Әбдіқадыровтың алғашқы «Сырдария» өлеңі, нақты өмір шындығын бейнелейтін поэмалары газет бетінде жариялана бастады. «Қажымұхан» повесі, «Тапқыш», «Тәтті қауын» кітаптары республиканың балалар әдебиетін дамутыға айтарлықтай үлес қосты. Жазушының есімі «Мың бір түн» парсы ертегілерін қазақ тілінді сөйлетуімен қалың оқырманның есінде қалған.

Қалтай Мұхамеджанов – Қазақстанның халық жазушысы, комедия жанрын дамытушы болса, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нүрпейісов қазақ әдебиетінде кең құлашты көркем шығарма жазудың шебері ретінде танылды.

Өздерінің өрнекті өлеңдері, прозалық, сатиралық шығармаларымен төл әдебиетімізден лайықты орын алған Әбдікәрім Оңалбаев, Әбдікәрім Ахметов, Тілеген Шопашев, Рақмет Батырбаев, Айтбай Хангелдин, Сақтапберген Әлжіковтер мәдени өмірізде қалыптасқан дәстүрді жалғастырушылар болды.

Әдебиет аспанында құйрықты жұлдыздай жарық етіп көтеріліп, дүниеден ертерек озған Зейнолла Шүкіров, Қалжан Нұрмаханов, Сейділдә Төлешов, Әлішер Тоқмағанбетов, Жүсіп Қыдыров, Нәсіреддин Сералиев, Саид Баязитов, Жақсылық Түменбаев, Дархан Сапаров, Мешітбай Құттықов сынды өзіндік үні бар ақын-жазушыларда оқырман жүргіне сәуле құярдай шығарма қалдырды.

Сыр топырағынан шығып, өз туындыларында туған жер тарихы мен халық бейнесін кестелеп жазған ақын-жазушылардың қатарында белгілі қаламгерлер Оразбек Сәрсенбаев, Дүкенбай Досжанов, Әбрәш Жәмішов, Әбілмәжін Жұмабаев, Сейсен Мұқтарұлы, Жарасқан Әбдірашев, Ибрагим Исаев, Адам Мекебаев, Абдулхамит Мархабаев, Нұрхан Жанаев, Төлепберген Тобағабыл, Өтеген Күмісбаев, Қанапия Дәрібаев, Базарбай Исаев, Жақау Дәуренбеков, Сыдық Алдабергенов, Темірше Сарыбаев, Оразбек Бодықовтарды атап өткен орынды болар еді. Сондай-ақ, әлі де қаламын тербеп, туған жер тақырыбын қозғап жүрген белгілі қаламгер Тынымбай Нұрмағамбетов, Молдахмет Қаназов, Сұлтанәлі Балғабаев, Бақыт Сарбалаев, Сейфолла Оспан, Қуаныш Жиенбаев сынды ақындарымыз Иранбек Оразбаев, Шөмішбай Сариев, Жадыра Дәрібаева, Қайырбек Асанов, Қатира Жәленова, Нұртас Исабеков, Мәди Қайыңбаев, Есенғали Раушанов, Қуаныш Жиенбаев, Мағираш Серикова, Байбота Серікбаевтардың шығармашылығын қалың оқырман жақсы біледі.

Сондай-ақ, облыс көлемінде тұрса да әдебиет әлеміне құлаш ұрып, өрнегі мол өрісті шығармаларымен танылған қаламгерлер Қомшабай Сүйенішев, Сейіл Боранбаев, Асқар Кіребаев, Рүстем Жанаев, Сақтаған Есмаханов, Адырбек Сопыбековтер өз шығармаларымен Сыр елінің мәртебесін көтерген еді.

Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Әскербек Рахымбекұлы, Махмұтбай Әміреұлы, Айжарық Сәдібекұлы, Сайлаубай Жұбатырұлы, Шакизада Әбдікәрімов, Нұрмақан Елтай, Қаршыға Есімсейітова, Несібелі Рахмет, Орынбасар Әлжік, Ғазиза Әбділда, Дүйсенбек Аяшұлы, Әлмәмбет Әлішұлы, Бақытжан Абызов, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Қатира Жәленова әдебиет айдынында еркін жүзіп келеді. Жергілікті қаламгерлер ішінен Сайлаубай Жұбатырұлы, Әскербек Рахымбекұлы әдебиетшілер арасында жоғары бағаланған «Жалын» баспасының бәйгесін жеңіп алған .

Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы», «Күткен күн», «Соңғы парыз» туындылары қазақ әдебиетінде ғана емес, әлемдік әдебиетке қосылған үлкен үлес болып табылады.

Шоқ жұлдыздай жарқырап әдебиет көгіне өзіндік өрнегімен жастар легі көтеріліп келеді. Олар қазақ әдебиетінің бүгінгі жетістігі болашаққа жалғасы деп қуана айта аламыз.

Дүбірлі дүлділдердің ізі қалған,

Жүлделі жүйріктердің жүзі жанған.

Ежелгі Сырдың елі,жырдың елі,

Киелі,қасиетті Қызылордам,

– деп өзінің «Сырдария-жырдария» атты жинағында Махмұтбай Әміреұлы жырлағандай Сыр елінің сыршыл ақындары мен тереңнен тербеп жазатын қаламгерлерінің шығармашылығына кезек берейік.

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,

Қазақстан Жазушылар одағы

Қызылорда облыстық филиалының директоры


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар