Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Қасым-Жомарт Тоқаев. «Беласу». Дипломатиялық очерк...

04.03.2022 3306

Қасым-Жомарт Тоқаев. «Беласу». Дипломатиялық очерктер.

Қасым-Жомарт Тоқаев. «Беласу». Дипломатиялық очерктер.  - adebiportal.kz

Биыл еліміздің егемендік алғанына 30 жыл толды. Тәуелсiздiк хақында күмбір-күмбір күй шертіліп, асқақ әуезді ән шырқалып, зиялы қауым өкілдері тарапынан жауһар жырлар мен ой-толғаулар да жазылды. Әйткенмен, осы бір қадірлі де қасиетті «егемендігімізді» қалай алдық? Қалыптасудың даңғылына қалай бет түзедік? Осы аталған сауалдардың жауабын «Беласудан» таппақпыз.

«Беласуда» бұғанасы әлі толық беки қоймаған еліміздің әлемдiк аренада ұстанған көп векторлы сарабдал саясатын оқып отырып еріксіз елжірейсіз. Алғашқы жылдары мемлекетімізге өз күре тамырына жан бітіріп, жүрек қағысы мен қанының ағысын бір қалыпта ұстай алатын, дағдарысқа төтеп беріп, сыртқы саясатын кәсiби деңгейде атқара алатын сенiмдi күштiң қажет болғаны – ақиқат. Осы кезеңде алғашқы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей мемлекетіндегі Сыртқы iстер министрлiгiнiң кәсiби маманы, тiс қаққан дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанға шақыруы бекер емес еді.

Елiмiздiң алдында тұрған мәселенiң негiзi — басқа мемлекеттердiң Қазақстан тәуелсiздiгiн мойындауы болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл очеркінде кертартпа әңгімелердің әсерінен қанша жерден көңілі жабықса да, халықтың үкілеген үміті мен сеніміне селкеу түсірмей, барша қиындықты еңсеруге тура келгенін айтады. Елбасының жүргiзiп отырған саясатын басқа елдердiң қолдауы үшiн де бiлiм мен бiлiктiлiк, саясаткерлiк пен тапқырлықтың аса қажет екендiгi, тiптi кейде өзара қарым-қатынас, сыйластық пен кәсiби жақындықтың өзi де кейбiр тұстарда көптеген мәселелердiң оңынан шешiлуiне себеп болатынына көз жеткiземіз.

«Осындай орашолақтау басталған жұмыс он жылдан кейiн саммиттi ойдағыдай өткiзумен аяқтады. Ал ол кезде бiз негiзгi күштi iстiң кәсiби жағына салдық. Отырысқа қатысушыларға құжаттардың алдын-ала дайындалған жобалары ұсынылды, олар халықаралық ұйымдарда қабылданған деңгейге сай келдi деген жоғары баға алды. Азия қауiпсiздiгi сияқты жаңа құбылыстың сапалық сипаттамалары туралы қызу да мүдделi пiкiр алмасу болып өттi» («Беласу» 373-бет).

Қасым Жомарт Кемелұлы кәнігі әбжіл саясаткер ретінде әлем елдерінің экономикалық ахуалын жақсы білген. Президентіміз Сингапурда болған жылдарын: «Сингапурда мен дипломаттық кәсiптiң түрлi дағдыларын меңгердiм. Тiл бiлiмiмдi жетiлдiруге және сараптамалық материалдар даярлауға көп еңбектендiм. Мен ондағы шетелдегi дипломаттармен iскерлiк байланыстар ұстауды, әртүрлi ведомствалардан келген әрқилы адамдары бар ұжымында жұмыс iстеп, өмiр сүрудi үйрендiм» – деп еске алады. Көреген ел басшысы дәл сол секілді Қытайдың iшкi-сыртқы саясатын танып-білу үшін Қытайдағы Кеңес елшiлiгiнде атқарған қызмет атқарған.

«Беласу» очерктік еңбегінде 36 жасында тарих ғылымының докторы атанған қытайтанушы Капица атты ғалымның жетекшілігін ескере отырып былай дейді: «М.Капица Қытаймен егес жағдайында ұнамды да қажет адам болды. Өзiнiң зор тұлғасымен, ой-өрiсiмен келiссөздер кезiнде қытайлықтардың мысын басып тастайтын. Кеңес тарапының қайсыбiр мәселелер бойынша дұрыстығын дәлелдеу кезiнде жүзiнен салқын мысқылды жымиысы кетпейтiн. Оның бастамасымен 30 елшiлiкте қытайтанушы – дипломаттар үшiн арнайы қызмет орны қарастырылды. Олардың мiндетiне КСРО үшiн стратегиялық мүдделi аудандардағы Пекиннiң iс-әрекетiн бақылау енетiн. Iссапар алдында қызметкерлердi қабылдай отырып, ол тапсырма берудi ұмытпайтын: «Оларға кедергi жасаңдар. Неғұрлым көбiрек қоқыстандырсаңдар жұмыстарыңды да соғұрлым жоғары бағалаймыз».

Қ. Тоқаев Пекинде өткізген 1983 жылы қытай жұртының дәстүр-тұрмысын, наным-сеніміне қызығушылықпен зерттеп жүріп көз жеткізген бір дүнием: «Қытайлықтар «жоқ» деген сөзден қашқақтап тұрады екен. Әсiресе ресми араласу кезiнде. Егер Қытай дипломаттары мәселе зерттеудi талап етедi десе, бұл жауапқа алданып қажетi жоқ, бұл – бас тарту, – дейдi.

«1993 жылы Пекинде болған келiссөздер уақытында Н.Назарбаев Цзян Цзяминге Семей және Лобнор полигондарына тексеру жүргiзу жөнiндегi бiрлескен жұмыс тобын құруға ұсыныс жасады. Қытай басшысы мейманның көңiлiн қалдырғысы келмедi, «зерттеу керек» дедi де қойды. Ал, бұл келiспеген жауап екенi мен үшiн айдан анық болатын. «Жоқ» деген сөз естiлмеген соң бiздiң ортамызда бұл жалған үмiт бiрнеше жыл бойы сақталып келдi. Менiң өз әрiптестерiме қытай менталитетiнiң ерекшелiктерiн түсiндiруiме тура келдi.

Қытай тарихын зерттей жүрiп, зияткерлермен әңгiмелесе келе мен қытайлықтар сана-сезiмi аса жоғары деңгейдегi ұлт екенiне көзiм жеттi. Олар өздерiнiң көне тарихын құрмет тұтады, оны мақтан етедi. Әлемдiк өркениетке берiк енген техникалық өнертабыстар дәл осы Қытайда пайда болды. Бұл жерде ең алдымен қағаз, оқ-дәрi, компас туралы сөз етiп отырмыз», – деп қытай халқының ерекшелiгiн айта отырып, автор қытайлар қандай елде тұрмасын бар мүмкiндiгiнше өз Отанына қызмет ететiнiне көптеген мысалдар келтiрген. «Қытайдың алғашқы атом бомбасы Лос-Аламостағы американдық зертханада жұмыс iстейтiн этникалық қытай-физиктiң тiкелей қатысуымен жасалғаны да таңқаларлық емес. ҚХР-дың ядролық бағдарламасын жасауға КСРО-да бiлiм және тәжiрибе алған Қытай ғалымдары үлкен үлес қосты. Реформа дәуiрiнде «хуацяо» миллиардтаған доллар инвестиция салып, Қытай экономикасына үлкен пайда келтiрдi. Мұны Пекин де көтермелеп отырады. Неғұрлым көзге түскен отандастарын өкiлеттi орган – Халық консультативтiк саяси кеңесiне енгiзедi. Қытайда азаматтық оның қаны бойынша танылады. Басқаша айтқанда, қытайлықтардың шетел азаматтығын алуы өз таңдауларында, алайда ол бәрiбiр «ортадағы мемлекеттiң» азаматы болып саналады», – дейдi.

Кәнiгi дипломаттың бұл мәселенi айтуында да үлкен мән болса керек. Оқырман осы мысалдардан өзiнше ой түйiп, тұжырым жасауға тиiс. Қытай қандай жат жерде жүрмесiн өз мемлекетiнiң мүддесiн көздейдi, өзiнiң Отанына жанын салып қызмет етедi. Осы тұста бiздiң ұлттың жаңадан құрылған мемлекетiне деген көзқарасы да солғын, отансүйгiштiк қасиетiнiң де осал екенiн айта кетудiң орны бар. Данышпан Абайдың: «…бiздiң қазақ сартты көрсе күлушi едi: «енеңдi ұрайын кең қолтық, …шүлдiреген тәжiк, …түйеден қорыққан ноғай, …сасыр бас орыс» – деп. …Қарап тұрсам, сарттың екпеген егiнi жоқ, саудагердiң жүрмеген жерi жоқ, қылмаған шеберлiгi жоқ. Бiрiмен-бiрi жауласпайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнiн солар бiледi, салтанат, әсем де соларда. Бiздiң ең байымызды «сасық қазақ» аяғың былғаныш, – деп үйiнен қуып шығады», – дептi. Қасым-Жомарт Кемелұлы жұртқа күлiп, өзгенi мазақ етiп, «өзi ғана» керемет болып отыратын қазақтың осы мiнезiн сол кезде-ақ сынаған. Сол кезде-ақ, малдан да басқа саланы үйренiп, өнерлерiн меңгерiп, бiлiп ал деп отырған жоқ па, ұлы ұстазымыз деп өзінің туған ұлтына сауал тастайды.

1998 жылы қазанда Ташкентте «Мәңгi достық» атты экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы шартқа да қол қойылған екен. «Айта кетер бiр жайт, өзбек мамандары өздерiн жақсы жағынан көрсеттi, оларды айтқанынан қайтару қиын, қайсыбiр мәселе болмасын, өте-мөте сауда-экономика саласына байланысты мәселелердi тым жетiк меңгерiп, келiсiм мәтiндерiн әзiрлеуде де мұқият жұмыс iстедi. Өкiнiшке орай, Қазақстан өкiлдерi жайлы олай айта алмаймын. Себебi, елiмiзде қаржы-экономикалық ведомствалар қызметкерлерiн күрт жасарту науқаны барысында iс жүзiнде барлық тiкелей өндiрiсте мамандар штаттан шығарылып, келiссөзге өңкей бiр тәжiрибесiз жастар барды. Олар қабiлеттi де болар, бiрақ өзбек келiссөзшiлерi тегеурiнi алдында жиi абдырап қала бердi. Ал, керiсiнше, тәжiрибелi мамандарымызды сақтап қалған салаларда келiссөздер бiрқалыпты әрi сәттi өттi. Бұл көбiне су проблемаларына, сондай-ақ шекараны делимитациялауға қатысты» («Беласу»).

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Қазақстан дипломатиясының қалыптасуына бiрден-бiр үлес қосқан тұлға. Автор «Беласудағы» соңғы сөзiнде: «…Тәуелсiз Қазақстан Президентiмен кездескенiме тағдыр маған қаншама ғұмыр берсе, соншалық ризашылық айтып өтем. Сол бiр қысқа кездесу болмаған болса, менiң туған жерге қайта оралуым екiталай едi, Өз Отаныма ғана емес, одан тысқары көптеген жерлерге де танымал болуым мүмкiн болмас та едi. Бұл үлкен жүректi адам менiң қабiлетiме сендi, сендi де оны өзiм туып өскен Қазақстан игiлiгi үшiн аямай жұмсауыма жол ашты», – дейдi.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар