Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қасымхан Бегманов: Өлеңге жарқ-жұрқ етіп келген жа...

23.12.2016 4265

Қасымхан Бегманов: Өлеңге жарқ-жұрқ етіп келген жастарды аяп тұрамын

Қасымхан Бегманов: Өлеңге жарқ-жұрқ етіп келген жастарды аяп тұрамын  - adebiportal.kz


13055481_495650823961999_323048377048165792_n.jpg


Кеше ғана ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағын алған ақын Қасымхан Бегмановпен кездесіп, ат үсті әңгімелесудің сәті түсті. Ақынның Астанадан Алматыға жолға шығар алдындағы екі-үш сағаттық әңгімесі «атан түйеге жүк болардай» әсер қалдырды. Кейбір кісілермен сұхбат ала алмай көп күн дайындалып, алдын-ала сұрағымызды жіберіп, артынан қуалап жүретінімізді жасырмаймыз. Айтары көп ақынның негізгі ойларын қағазға түсіріп, оқырман назарына ұсынып отырмыз. Шағын сұхбатымыздың өзінен ақынның шынайы болмысын аңғарғандай болдық. Екі кітап шығарып, төбесі көкке екі елі ғана жетпей жүрген жас ақындар осындай игі жақсылардың өлеңін ғана ұрламай, мінезінен де үлгі алса деген ойға келесің.



–Қасымхан аға, Сіздер поэзияға келгенде бәсекелестік өте қарқынды болды. Өткен ғасырдың аяғында әдебиетке кездейсоқ ешкім келген жоқ. Бүгінгі поэзияның мінезі өзгерген сияқты. Жарқ етіп «жұлдыз» болғысы келетіндер көбейді. Өзіңізді қай бағыттың ақыны санайсыз?



70-ші жылдардың соңында бір топ жас ақын әдеби ортаға келіп қосылдық. Ол кезде қолтаңбасы қалыптаспаған, бұлыңғырлау кезіміз. Бұл жерде «бұлыңғырлау» деген сөзді «кітабы шықпаған жас ақындар» деп түсіндіруге болады. Аламан бәйгеде жүз ат қатар шапса, мәреге қайсысы бірінші боп келетіні белгісіз ғой. Бәйгеде аламан аламанды өзінен ұзатып жібермейді.


Жалпы поэзия дегеніміздің өзі – аламан ғой. Кейбір жастар жарқ етіп бірден көрінгісі келеді, мен соны түсінбеймін. Мен де кезінде жарқ етіп көрінгім келген, бір қыздарға табан асты ұнағым келген. Сөйтіп жүргенде Тұманбай Молдағалиев ағам бір күні: «Поэзияда асықпау керек», - деді.


Жас кезде адам алып-ұшады. Кейін поэзияның бір күндік емес, ұзақ ғұмыр екенін түсіндім. Өлеңдегі ағаларым өмірден кете бастағанда есімді жинап алдым. Кеңшілік ағам өмірден озғанда, бүкіл әдеби орта күңіренді. Сүйегіміз үгітіліп, жанымыз ауырды. Біз ол кезде көше ақындары едік. Менің «Көше ақындары» деген өлеңім бар. Жалпы сол кезде қазақ әдебиетінің ортасына «көше ақындары» деген терминді еңгізген мен болатынмын. Орыстарда ол ұғым қалыптасқан. Біз «көше ақындары» десе көз алдымызға көшеде қаңғырып, ішіп жүрген біреуді елестетеміз. Әлі күнге дейін мен өзімді көше ақыны сезінемін.


Қырықтан асып аға болғаннан кейін ғана ойлы өлең жазуды ойлай бастадым. О баста өзім өлеңді қыздарға ұнау үшін жазғанмын. Өлеңге жарқ-жұрқ етіп келгендерді кейде аяп тұрам, ізінше жарқ-жұрқ етіп аққан жұлдыздай жоғалады. Сондықтан ішкі потенциалды сақтау керек. Қадыр Мырза Әлі мен туралы жазғанда:


- Бар мүмкіндігін сарқып пайдаланады, - деп айтты ғой. Шын мәнін де олай болмауы мүмкін. Себебі, мен ішкі қуатымды сақтаймын. Бірден таусылғым келмейді. Өмір деген бір айналым, екі айналымнан тұрмайды. Аламан бәйгенің өзі бірер сағаттан соң аяқталады. Ал, өмір қашан бітеді? Әрбірден соң поэзия уақытпен өлшеуге келе ме? Шын ақындар поэзияда мәңгілікке ғана жұмыс жасайды. Кейінгі балалар осыны түсіну керек. Төлеген Айбергенов өлеңнің киесі туралы:


Саясында болдым мен сан шынардың,

Мен жүз қызға ғашық болған шығармын.

Адаммын ғой шын сағыныш тән маған,

Бipaқ менің тамды бүгін көз жасым

Сол қыздардың бipiнe де тамбаған –

деп жырлап кетті.


Меніңше, Төлеген Айбергенов енді-енді өзінің потенциалын өлеңге тереңдетіп бере бастаған еді. Қазір «көгілдір» деген сөзді жастарға айтсаң түсінбейді. «Көгілдір» деген мен үшін романтиканы білдіреді. «Каспидің толқын таулары, Сенбісің көгілдір махаббатым» дейді Төлеген ақын. Қазіргі жастарға көгілдір махаббат туралы айтып көрші. Менің түсінігімде көгілдір деген түс – көз алдыма Төлеген Айбергеновты келтіреді. Дүниеден ерте өтіп кеткен ақындарды елестетеді. Сағат Әбуғалиев, Өмірзақ Қожамұратов, Марат Отаралиев, Өмірбай Сәуірбаев, Қаныбек Сарыбаев, Дүйсенхан Нақыпов, Танабай Нарманов, Артығали Ыбыраев, Мұратбек Дүйсенбеков, Нұрлан Маукенұлы сынды ғажап ақындарға балама болады.


– «Ғажап ақындардың бірі Өмірзақ Қожамұратов» деп қалдыңыз. Жалпы оқырман ол кісінің есімімен етене таныс емес. Есімі елеусіз, ескерусіз талантар жайында айта отырсақ...


Зейнолла Серікқалиев деген керемет әдебиет сыншысы болды. Бір жылдары Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен жүз ақынның кітабы «Отырар кітапханасы» деген сериямен басылып шықты. Содан жүз ақынның барлығы «Алаш» сыйлығына түстік. Сол сыйлықтың төрағасы Рымғали Нұрғали болды. Зейнолла Серікқалиев мүшесі екен. Ол кезде «Алаш» сыйлығы қазіргі Мемлекеттік сыйлықты алумен бірдей. Оны алу өте қиын болатын. Сол кезде шыққан «Сағыныш» деген кітабым сыйлыққа түсті. Бір күні Зейнолла ағам шақырып: «Сенің кітаптарың маған Өмірзақ Қожамұратовты есіме салады», - деді. Мен кәдімгідей шамдандым: «Қайдағы жоқ Өмірзаққа теңегені несі, Төлегенге неге теңей салмайды-ей!», - деп іштей шамданып қалдым. Сосын: «Аға, ол кім?» – деп едім: «Ой, айналайын, кейін айтамын», - деді. «Ешкім білмейтін Қожамұратовқа неге теңеді екен?», - деп іштей намыстанып қалдым (күлді). Кейін біліп жатырмыз, Өмірзақ деген – қазақтың ұлы ақыны ғой. Кітаптарын сол кісіден алып оқыдым. Сол жылы жүз ақынның ішінен Қанипа Бұғыбаева екеуміз «Алаш» сыйлығын алдық.


Төлеген Айбергенов, Марат Отаралиев, Сағат Әбуғалиев, Өмірзақ Қожамұратов сынды тағдырлы ақындарды мен көп оқыдым. Оның ішінде өзімнің өмірден ерте өтіп кеткен досым Нұрлан Мәукенұлы бар.



«Аузыңнан бір ұрып ақын қылып жіберейін бе?»



–Ақындардың өлеңі ұлттың ойлау жүйесінің өлшемі бола ала ма? Жақында жазушы Дулат Исабековтың «Шеттен келіп жатқан қандастардың бәрі шетінен ақын келеді. Онсызда ақындардан құтыла алмай отырмыз» деген сұхбаты шықты. Бұған қалай қарайсыз?


Ұлтқа қызмет ету дегеніміз – өлең жазумен шектелмейді, осыны жастар ұғынуы керек. Поэзия деген – көбіне жастыққа тән. Мен әлем поэзиясының жауһарларын түгел оқыдым. Өлең жазу дегеніміз – білім жарыстыру емес. Кейбір жастардың оқығаны көп, бірақ шығармасында ештеңе жоқ. Өте өкінішті. Оқыған-тоқығаның шығармаңда әсер етпегеннен кейін, ол өлең халықты да толқыта алмайды. Оқыған нәрсенің шығармаңда бір бояуы көрініс таппаса не пайда?


Дулат Исабеков – өмірдің өзін юморға айналдырып, мазақтап отыратын қаламгер. «Ол кісіні тек кітаптан ғана оқып, білдім», - деп жүрген адам қатты қателеседі. Мысалы, «Тіршілік», «Гауһартас», «Жасын» деген шығармалардың кейіпкерлерін мен қазбалап, зерттеген адаммын. Жазушының жанында өте көп жүрдім. Әке-шешемнің үйінде талай қонақ болды. Мен ол кісінің «Әпкедегі» прототипін жақсы білемін. Әпкесі бертінге дейін Түркістан қаласында өмір сүрді. «Гауһартастағы» шопыр жігіттің прототипі Амангелді деген жан досы әлі күнге дейін Дулат Исабековты траптан трапқа, перроннан перронға шығарып салып, күтіп алып жүреді. Өзі Шымкент облысында МАИ-дің бастығы болды.


Дулат ағаның қасында кей ақындар көп жүре алмауы мүмкін. Себебі, мен кейде өлең оқығым келетін. Сонда «аға, өлең оқиыншы» десем, «жарайды, бір өлең оқи қойшы», - деп жауап береді. Бір өлең оқығаннан кейін эмоциямен екінші өлең оқығың келеді, енді ақынсың ғой (күлді). Сөйтсең Дулат аға айтады: «Біздің ауылда Исахан деген көкем бар еді. Ол дастархан басында отырғанда «алып қойсайшы» деген сөзді ғана айтатын. Басқа сөз айтпайды. Соның ызасына тисең: «аузыңнан бір ұрып ақын қылып жіберейін бе, уайым-қайғыдан ақын болып кетесің», - деп Дулат Исабеков бізді мазақтап отырады. Осындай үлкен қаламгердің қасында қалай өлең оқисың? Бірақ бұдан Дулат Исабеков поэзия түсінбейді деп айта аламыз ба? Қазіргі көзі тірі классигіміз ғой.


Көп сыншылар «Қарғын» романындағы Жасынның прототипі Асқар Сүлейменов» деп қателеседі. Асекеңнің жанында да жүрдік. Жасын жүз пайыз Асқар емес. Жасынның елу пайызы – Дулат Исабековтың өзі. Осы тұрғыда әділетті болу керек. Менің түсінігімде шығармадағы Бағила ғашық болатын Жасынның прототипі – Дулат Исабековтың өзі. Ағамыз «Ай-Петри ақиқаты» үшін Мемлекеттік сыйлықты алды, бірақ «Қарғын» оқырмандар арасында сенсация жасады. Сол шығармасы үшін Дулат ағаға көп қыздар ессіз ғашық болғанын көзіміз көрдік.



Мен Орағаңмен ұзақ жүре алмай қалдым



–Сіздің өлеңдеріңізден кеңес үкіметіне арналған бірде-бір туынды кездестірмедік. Сіздер ақын болып қалыптасқан кезде өтпелі тақырыпқа соқтықпан ақын-жазушы некен-саяқ еді ғой...


Осы ретте Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» деген романын айта кеткен дұрыс. Романның басты кейіпкері – Кейкі батыр. Кейкінің руы – Құлан Қыпшақ. Совет үкіметінің жауы болды. Сондай кезеңде сол шығарманы жазудың өзі ерлік қой. «Ақан Нұрмановты өлтіріп кеткен» деген қауесет бар. Ол романды жалғастырып жазған Қалихан Ысқақ Бабайқорғанда әкемнің үйіне келіп, қонақ болды.


Сол жылдары Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаев бізге Түркістанға жан-жақтан келетін делегацияны күтіп алуға тапсырма берді. Оншақты түркі тілдес елдер жазушылар одағының бірінші хатшылары Түркістанға келетін болды. Қалихан Ысқақ екеумізді басшылық Түркістанға қонақтарды күтуге дайындалу үшін жіберді. Барсақ, Түркістан қалалық партия комитетінде жазушыларды күтіп алатын адам жоқ екен. Әкім қашып кеткен, елде ақша жоқ. Елі іші абыр-сабыр.


Содан Бабайқорғанға келіп Қалихан аға екеуміз он күндей менің әкемнің үйінде жаттық. Жазушыларды күтіп алатын жер іздедік. Жас кезім. Намыстанып барам. Қонақтарды қалайда күтіп алып, Түркістанды, Сауранды, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көрсету керек. Ол кезде Жазушылар одағының көк тиын ақшасы жоқ. Содан Қалихан Ысқақ айтты: «Қонақтарды неге осы үйде күтіп алмаймыз?» - деп. Мен айттым: «Мына үйден ұят емес пе, аға?» - деп. Бірақ бақшасында жеміс-жидек өсетін еді. Қарапайым үй болатын. Қазіргі күннің биігімен қарауға болмайды. «Жоқ ұят емес. Мына үйде керемет отырыс болады. Кейін өзің мақтанып айтып жүресің» - деді. «Қалеке, ертеңгі күнді қоя тұрайық. Ертең Қалдарбек Найманбаев екеумізді де одақтан қуып шығады», - дедім. Ағам айтты, «уайымдама, ешқандай әңгіме болмайды. Осы жерде күтейік» - деп.


1.jpg

Қасымхан Бегмановтың әкесі Сейітхан ақсақалдың қара шаңырағында



Сол жолы әкем алты қой сойды, өзімнің қаражатыма академиялық дастархан жасадық. Алыс-жақыннан келген қаламгерлерді арқа-жарқа болып менің туып-өскен үйімде күтіп алдық. Сол кеште Төлен Әбдік күй тартып, асаба болды. Сәкен Жүнісов ән шырқады. Қалдарбек Найманбаев, Оралхан Бөкей, Есенғали Раушан бастаған ақын-жазушылар, бір топ журналистер әкемнің шаңырағында қонақта болды. Әдемі отырыс өтті. Сол кешті ұйымдастыру барысында Қалихан Ысқақпен рухани жақын болып кеттім. Қалекең кейін кездескен сайын: «Әке-шешең аман ба» - деп сұрайтын болды. Сол жиынның соңында Оралхан Бөкей: «Сенің қандай ортада өскеніңді түсіндім. Анау махаббат туралы ғазалдарыңды «Қазақ әдебиетінің» бір бетіне жарқыратып берейін» - деді. Жас кезім, балаша қуандым. Алматыға барысымен біз Түркияға ұшып кеттік те, ол кісі Индияға сапарға кетті. Ол кісімен соңғы кездесу екенін біз қайдан білейік. Егер бізбен бірге Оралхан Бөкей Түркияға барғанда, мүмкін басқаша болар ма еді. Қалған өмірімізде інілі-аға болып өтетін едік. Мен Орағаңмен бірге ұзақ жүре алмай қалдым. Сол күні дастарханда үзіліске шыққан кезде Оралхан Бөкей әкеме, «мына балаңыз ақын болады. Бұдан кейін менің қасымда жүреді» - деп еді.



«Совет үкіметін боқтаған жоқсың ба?»



–Өмір сүруде өзіндік формула ойлап тапқан Өтежан Нұрғалиевтің өзі сізге арнап өлең жазыпты. Ел арасында ол кісі туралы қызық әңгімелер айтылып жүр. Қисық, қыңыр мінезді ақынмен тіл табысу қаншалықты қиынға соқты?


Өтежан Нұрғалиев менің туған ауылымда, әкемнің қара шаңырағында он күндей қонақ болды. Қасымызда белгілі сыншы Құлбек Ергөбек бар. Куәге тірілерді тартып әдейі сөйлеп отырмын. Саттар Ерубаевтың мерейтойын Түркістанда өткізетін болдық. Сөйтіп бір вагон қылып ақын-жазушыларды Түркістанға ертіп апардым. Ол кезде Сабырхан Асанов тірі. Конференцияда біраз ақындар президиумда отырады да, қалған ақындар залда отыратын болды. Президиумда «Сабырхан Асанов» деп жазылып тұрған жерге Өтежан Нұрғалиев отырып алыпты. Сөйтсе Сабырхан Асановқа ауа жетпей сәл ауырып, залдың ішіне отыра салған екен. Түркістанның әкімі жиналысты бастайын десе, зал гу-гу күледі. Сабырхан Асанов десе, Өтежан аға орнынан тұрып басын изейді. Мен сосын барып айтам ғой: «Өт аға, мұныңыз не, ұят болады ғой» десем: «Онда тұрған не бар, ана надандарға бір-екі сағат Сабырхан бола тұрайын да», - дейді. Әкім де қатты қысылып қалды.


Келесі күні Құлбек Ергөбек қоймай: «Өтежан Нұрғалиев екеуіңмен жастарға кездесу өткізейік», - деді. Бір үш жүз-төрт жүз қыз толған Түркістан университетінің залына Өтежан аға екеуміз кіріп келдік. Өтежан ағаның қандай өлең оқығанын айтайын ба? «Бірдеңе де күндер бататын, бірдеңеде таңдар ататын. Жойылсын қыздар насыбайларын сататын», - деген өлеңінен бастады. Бүкіл қыз ду ете қалды. Кездесуді жүргізуші Құлекең қатты қысылды. Сондай қызықтар болған.


Менің бірінші кітабым Жұмекен Нәжімеденовтың рецензиясымен жарық көрді. Тұсауымды кесті. Мен Жұмекен мен Өтежанның батасымен Сағат Әшімбаевтың қолдауымен алғашқы кітабымды шығарған адаммын.


Ең алғаш Сағат Әшімбаев менің дәптерге қолмен жазған өлеңдерімді сұрап алды. Сосын Өтежан Нұрғалиевтің қолына тапсырды. Ол кезде Өтежан «Жалын» баспасында редактор. Содан Күләш Ахметова апам айтты: «Сенің кітабыңды Өтежан оқымапты», - деді. «Политехникалық институттың студенті» дегеннен кейін, өлеңдерімді оқымай, лақтыра салыпты. Сен барып дәлелдемесең болмайды», - деді Күләш Ахметова. Содан батыл болу үшін екі стакан арақты тартып жіберіп, кешкісін Өтежан ағаның үйіне бардым. Өзімді еркін ұстадым. Тура алдына барғанда Өтежан ағам: «Бала, шарттасайық», - деді. «Мен қазір бір өлең оқимын, сосын сен бір өлең оқисың. Егер мен оқыған өлеңнен сенің өлеңің бір мысқал кем болатын болса, сенің кітабың шықпайды. Оған ренжімейсің. Осы сөзге тоқтайсың ба?» - деді. «Тоқтаймын»! – дедім батылданып. Оның үстіне әлгінде ішкен арағым осы сәтте басыма шықты. Сыртта екі-үш ақын күтіп тұрды. Содан Өтекең «Түйе, түйе, түйе» деген бір өлең оқыды. Ананы оқып жатқанда ызам келді. Кеудемде намыс оянды. Сосын менің «Жүгерілер» деген өлеңім болатын. Түгел ұмытып қалдым. Бала кезімде айдалада атам екеуміз жүгері егетінбіз. Сонда атыз-атызбен жүгеріні суарамыз. Қырдан су қашады да, төменде өсіп тұрған жалғыз талдың түбіне барып құяды. «Жалғыз талға егіннен су қашатын, Жүгерілер елжірей шуласатын» деген жолдар есімде қалыпты. Барымды салып оқып ем, Өтежан ағам: «Кеңес үкіметінен қашып кеткен эмигранттар» сияқты орнынан тұрып, қолымды алды. «Сен ақынсың, кітабың шығады, болды кете бер» - деді. Айызым қанбай қалды. «Аға, тағы да өлең оқығым келеді» - дедім. «Мен саған айттым ғой, кітабың шығады, кет!» - деді. Сенесің бе, сенбейсің бе, алғашқы кітабымыз осылай шықты. Ары қарай оқыған да жоқ. «Совет үкіметін боқтаған жоқсың ба?», - деді. «Жоқ» - дедім. Совет үкіметін боқтап нем бар, ол кезде жас баламын. Бірақ, комсомол туралы, партия туралы да бірде-бір өлеңім жоқ.



«Қазақ боп өмір сүру қандай қызық»



–Сіздің «Күреңбел» деген кітабыңыздың алғы сөзін Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиев жазыпты. Екі ұлы ақынның батасын алу үлкен жауапкершілік қой. Өлеңдегі ағаларыңыз сізді қандай ақыл-кеңеспен тәрбиеледі? Поэзияда біреу біреудің ауызына сөз салып бере ала ма?


Мен елуге толғанда Қадыр Мырза Әлі бастап, бір топ ақындар мен әншілер қостап Шымкентке бардық. Облыс әкімшілігі ұйымдастырып, жақсы күтіп алды. Сонда Қадағаң айтты: «Мынандай құрметті мен көрген жоқпын. Сен еліңе сыйлы екенсің Қасымхан» - деп. Біздің де әкетіп бара жатқан ештеңеміз жоқ. Бұрын әкімшілікте жұмыс істегенім көп көмектесті. Сол жолы менің туған жерім Кентау қаласына бардық. Маған мінгізген ақбозатты жұрттың көзінше: «Ұстазым, поэзия пайғамбары Қадыр Мырза Әліге табыс етем!», - деп сыйладым. Соған әлі күнге дейін қуанам. Ол кісілерден мен өмірді қалай сүруді үйрендім. Ақындық ғұмырымда сатқындық пен өсек-аяңды көп көрдім. Асқар Сүлейменов: «Қазақ боп өмір сүру қандай қызық жігіттер», - деп отыратын. Сол сияқты қазақ боп өмір сүрсең уақыт тез өтеді, ішің пыспайды. Біз өткен көше үнемі өсегі қардай борап жатады, артыңнан ит жүгіртіп, төбеңнен құс салады. Осының бәріне бізді Қадыр ағалар іштей дайындады. Қаршадай кезімізде өлеңге келдік.


Бір күні Қадыр ағаға мұң шақтым: «Мыналар өмір сүргізбеді ғой, аға!» - дедім. Қадыр аға ұзақ үнсіз отырып: «Сенің бір айыбың бар» - деді. «Сен өлеңді нашар жаза алмайсың. Сен бүкіл болмысыңмен егіліп-төгіліп жазасың. Сенің бүкіл жаратылысың ақын» - деді. «Бірақ, саған бір ағалық ақыл айтайын. Осыдан құтқаратын жалғыз жол – еңбек», - деді. «Мен қаншама замандастарды, ауылдастарды білем. Шын таланттарды білем. Бірақ еңбектенбеген. Қазір олардың ізі де жоқ. Уақыт деген жеп қойды. Еңбектен басқа сені ештеңе құтқара алмайды» - деді. «Екінші, сенде ағаларыңның да, інілеріңнің де жұмысы жоқ, не көрсең де өз толқыныңнан көресің. Көресіңді солар көрсетеді әлі!» - деді. Осыдан кейін мен қатты ойланып қалдым. Баяғыдай «кімді көрсе дос санап» жүруге болмайтынын тым кеш түсіндім. Сенің аппақ ниетпен айтқан сөзіңді кез-келген сәтте теріске шығарып, үстіңе жуынды құя салатын опасыздарды кездестірдім. Сені бармаған жерге барғызып, айтпаған сөзді айтқызады. Мен осы жасыма дейін негізгі кітабымды жаздым деп айта алмаймын. Әлі де негізгі кітабымды жазғым келеді. Мен осы уақытқа дейін өлеңдегі негізгі кітабымды жазуға дайындалдым деп ойлаймын. Көктемде сол үшін жиырма күнге Индияға кетіп қалдым. Біршама өлең жаздым. Бір поэманың сұлбасын жасап қойдым. Алғашқы бөлімдері қағазға түсті.


Баяғыда бозбала кезімде Тұманбай Молдағалиев пен Қалдарбек Найманбаев Шымкентке келіп, менің жұпыны үйімде қонақ болды. Алғашқы кітабым шығып, елпілдеп жүрген кезім болатын. Шымкент қаласында қарапайым инженер болып істеймін. Негізі менің мамандығымның қазақ тілі мен әдебиетіне еш қатысы жоқ. Содан ағаларыма өлең оқып бердім. «Көрсетпеді жолымды талай тұман, Естілмеді жаныма қалайтын ән. Кешір апа, кетемін Шымкентке, Қыз тұрмаған ауылда қалай тұрам» деген өлеңім бар еді. Алғашқы кітабыма шыққан, 40 жыл бұрын жазған өлең болғандықтан қазір толық ұмытып отырмын. Ауылда жүрген кезімде ұнатқан қызым қалаға тұрмысқа шығып кеткен. Содан туған өлең болатын. Сондай лирикалық өлеңдерімді Тұманбай ағам оқып, жоғары бағалады. «Иіс сабын» деген лирикалық өлеңім болған. Бозбала кезімде жазылған мөлдір өлеңдер ғой. Дастархан басында Тұманбай аға тост сөйлеп, мені мақтады. Кейін елуге толғанымда «Қасымхан Бегманов – махаббат ақыны» деп мақала жазды.


Кейін Тұманбай ағамен бір лифтіде кездесіп қалдым. Сонда ағам айтты, «Бала сен туралы бір мақала жазайын. Кітаптарыңды әкеліп берші. Өмір мәңгілік емес. Соңғы кездері сенің әндеріңді көлікте жүріп радиодан жиі тыңдай бастадым. Өте жақсы. Алдыңа біреу ән жазып бер деп келсе, ешқашан бас тартпа. Сонда сен түбінде бәрін жеңесің. Даңқың шығады. Мен де кезінде осы принціпті ұстадым», - деді. Бүгінгі таңда жүзге тарта әнге сөз жазыппын, соның елу шақтысы айналымда жүр. Қазір композитор көрсем қашатын болдым. Ән жазып жүретін уақыт жоқ.



«Шындықты ғана жазу керек»



–Қазір немен айналысып жүрсіз?


Айналысатын нәрсе өте көп. Қазір этнографияны зерттеп жүрмін. Осы бағытта үлкен-үлкен жобаларым бар. Келесі жылы қазақтың салт-дәстүріне қатысты «Дәстүр. Кеше. Бүгін. Ертең» деген жобам бойынша тұтас экспедиция ұйымдастырмақпын. Халық арасындағы этногрофтардың біздің редакцияға хабарласуларын сұраймын.


Менің әр айым, әр жылым есептеулі тұр. Қадыр ағамен өткізген жиырма жылға таяу уақытта ең бірінші ұқыптылықты, жауапкершілікті үйрендім. Шығармашылық адамына әр минут бағалы деп ойлаймын. Бір күні Қадыр ағадан: «Осының бәрін қалай меңгердіңіз?», - деп сұрағанымда: «Мен оны Ғали Ормановтан үйрендім», - деді.


«Жазушы» баспасында редактор кезім еді. Бір күні Ғали Ормановтың қолжазбасынан бір әріп қате кетіпті. Ол кезде өлеңді машинкамен басады. Содан Ғалекеңе звандап, сізден бір әріп қате кетіпті», - деп едім, Ғалекең: «Тиме, қазір келем», - деп айтты. Үйіндегі машинкамен сол әріпті сарт еткізіп ақ қағазға басып, алмаспен ойып, ерінбей баспаға алып келіпті. Мен оны түзете салсам болатын еді, бірақ ана кісі болмай өзі келді. Не деген жауапкершілік? Сол маған сабақ болып қалды», - деді Қадыр аға. Жазған дүниең «қыздың жиған жүгіндей» сұлу болуы керек.


Бір күні Ілия Жақанов ағам қоңырау шалды: «Мен Жымпитыға келдім. Оралдың жігіттері күтіп алды. Қадырдың шешесінің бейітінің басындамын. Сен қалам алып жазып алшы. Бейіттің басындағы жазуды «Даладан қызық көре алмай, Баладан қызық көре алмай. Қайдан да қызық көре алмай, Байдан да қызық көре алмай, Дүниеден өтті бір пенде. Ұлың Қадыр» деп жазыпты. Сен қазір Қадыр ағаңның жаныда жүрсің ғой, осының сырын өзінен ақырын суыртпақтап сұрашы», - деді. Соның алдында ғана Алматыда Ілия Жақанов пен Қадыр аға үшеуміз жақсы бір отырыс өткізіп, рухани демалыс жасағанбыз.


«Дәстүр» журналын ашып, шығарып жатқан кезім болатын. Бір күні көмекшім айтты: «Алматы облысы Талдықорған қаласында Қазпоштаның күндері өтеді екен. Біз де барып қатысайықшы. Оған «Егемен Қазақстаннан» бастап барлық баспасөздер газет-журналға жазылатын оқырман жинайтын көрінеді», - деді. «Енді мен де өзге басылымдардай отыз шақты, жүз шақты қызметкерім жоқ. Жетім бала сияқты қалай барамыз», - дедім. Содан көмекшім: «Аға барайықшы, жақсылы-жаманды журнал шығарып жатырмыз ғой» деп қоймады. Көңілін қимай: «барсақ барайық», - деп жанымызға Қадыр аға мен Рафаэль Ниязбекті ерітіп, жолға шықтық. Содан жолда кетіп бара жатқанда (көмекшім мен Рафаэль ағадан анықтап сұрауыңа болады) шешесінің құлпытасындағы жазудың себебін Қадыр ағадан жайлап сұрадым. Өлең санамда жатталып қалған. Соны оқып беріп едім, Қадыр аға солқылдап жылап жіберді: «Ай сайын 50 сом салып тұрдым. Шешемді Алматыға алдырдым, жерсінбеді. Сосын Жымпитыдан екі бөлме үй алып бердім. Мен жалғыз бала болдым. Маған бұл оңай тиген жоқ Қасымхан» - деп Рафаэль ағаға, маған, көмекшіме кезек-кезек қарады. «Шешем қолымда тұра алмады. Алматыны жерсінбеді. Өмірден өткеннен кейін сол өлеңді жаздым. Өмірдің шындығы солай болды. Есіңде болсын, шындықты ғана жазу керек» - деді.


Содан екі ағамды біздің этногрофиялық «Дәстүр» журналына «подписка» жасауға алып бардым, бізге кішкентай ғана бұрыш бұйырды. Бір кезде қарасам Қадыр ағам басқа басылымдардың қасына кетіп қалып, сол жақта «подписка» ұйымдастырып жатыр. Көмекшіме айттым: «Қадекеңді шақыршы», - деп. Ағаларыма еркіндеу едім. «Аға, сіз менімен бірге қайтасыз ба, әлде бөлек қайтасыз ба?», - дедім. «Әрине, бірге келгеннен кейін бірге қайтамыз ғой. Не болды?», - деді. Өзі үнемі ондыққа тигізетін сезімтал адам еді. Мен өмірімде ондай ақылды, сергек адам көрген жоқпын. «Бірге қайтатын болсақ аға, сіз мына жетім журналдың алдында тұру керексіз», - дедім еркелеп. «Жақсыдан шарапат» дейді, содан бастап ең көп оқырманым Алматы облысы болып табылады. Бір рет қана бардық. Әлі күнге дейін сол облыста біздің журналдың оқырманы көп. Кейде осыны ойлап, қайран Қадыр ағам есіме түссе көңілім босайды.



Шәмші Қалдаяқов менің үйімде картоп аршып отыр



– Сіздің сөзіңізге жазылған көптеген әндер ел арасында танымал болды. Ілия Жақановтың өзі сізді аттай қалап сөз жаздырған екен. Ұлылардың көбісінің көзін көрдіңіз. Соңынан ердіңіз. Шәмші Қалдаяқовпен ән жазудың реті келмеді ме?


Шәмші Қалдаяқов менің үйімде бір апта қонақ болды. Ол кезде Шымкент облысының комсомол комитетінде қызмет істеймін. Нұрдаулет Сәрсенов деген облыстың бірінші хатшысы шақырып алды да: «Шәмші Қалдаяқов келеді, соны сен күтіп аласың. Өзің қыдыртып, бабын табасың», - деді. Бірақ қаражат пен көлік бөлген жоқ.


Ол кезде бастық айтса, екі етпейсің. Күздің салқындау кезі. Үстіне сулық қалың киім, аяғында резеңке етік киген біреу біздің жұмыс кабинетіне кіріп келіп: «Менің бастығым қайссың?» - деді. Ол кезде Нұрлан Нұрлыбаев, қазіргі Түлкібас ауданының әкімі Әуелхан Тұрғынбеков, Жолдасбек Күзеубаев төртеуміз бір кабинетте отыратынбыз. Қағаздан бас көтере алмай жанталасып отырғам, қарасам – ұлы Шәмші Қалдаяқов екен. Облыстың хатшысы маған айтты: «Жұмысыңның бәрін таста, бара бер», - деп. Бірақ ішінен мазақтап отыр. Көк тиын берген жоқ. Жұмыстан босатқанын міндетсініп отырды. Қалтамда 20-30 сом ақша бар еді, соған қонақүйге апарайын деп ойладым.


Далаға шықтық. Жаңбыр жауып тұр. Такси ұстайын деп ыңғайланып едім, Шәмші аға: «Қайда барамыз?» - деді. «Сізді апарып қонақүйге орналастырайын», - деп едім: «Не, үйің жоқ па?» - деді. Ол кезде мен біреудің екі бөлмелі пәтерін жалдап тұрамын, шынымен үйім жоқ еді. «Аға, мен пәтер жалдап тұратын едім», - деп едім: «Болады сол, немене бізді пәтер жалдамады деп ойлайсың ба?», - деді. Не деген қарапайымдылық! Кәдімгі Шәмші Қалдаяқов! Содан кейін 2-3 айдан кейін қайтыс болып кетті. Ұлы Шәмші Қалдаяқов! «Үйіңе апар мені» деді. Сөйтсем, өзінің көлігі бар екен. Біздің үйге бардық. Ойнақтап тұрған жас кезім ғой. Ақын-әншілермен қаңғып кетіп екі күн үйге қонбағам. Әйеліме қарайтын бет жоқ. Үйге айыптымын. «Аға, мына подъезге кіресіз, бесінші қабатқа асықпай көтеріле беріңіз», - деп тез үйге кіріп кеттім. Ертерек әйелімнің көңілін тауып, мән-жайды түсіндірейін дегем. Көтеріліп есікті қақтым. Есік ашылғанша, Шәмші аға артымнан жетіп келді. Жеңгең есіктен шықты. Ақталып үлгере алмадым. «Рахила, Шәмші Қалдаяқов деген ағамыз осы кісі», - дедім. «Сәлеметсіз бе?», - деп ақырын амандасты. «Келін жақтырмай тұрсың ба, әлде сенбей тұрсың ба, мен Шәмші Қалдаяқов деген ағаңмын ғой», - деп қалтасынан мөрінің сиясы жайылып кеткен «Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты» деген куәлігін көрсетті. «Жоқ, аға сенемін ғой. Мына ініңіз екі күн үйге қонбай, кеп тұрғаны осы!» - деді. «Е, білем ғой бұл ақындарды», - деді Шәмші Қалдаяқов. «Аға, кешіріңіз сізге қатысы жоқ», - деп жатыр жеңгең.


Содан жалдамалы пәтерімізге кіргіздік, ол кісіні жатқызатын бір диванымыз болды әйтеуір. Төрімізге отырғыздық. Сәлден соң қарасам Шәмші ағам ас бөлмеде жеңгеңнің жанына барып, картоп аршып отыр. Неткен ұлылық! Содан жұпыны үйімде он күндей қонақ болды. Оған қазір Шымкентте тұратын банкир Әкім Нақыпбаев, ақын Қабылбек Төретаев, белгілі журналист Дәулет Исабеков сияқты азаматтар куә болды. Дәулет Исабековтың жеке үйінде монша бар екен, қой сойып бір күн сол үйде күттік. Келесі күнге де жоспар жасап, өзімізше қыдыртып жүрміз. Мен өлең оқимын. Содан Шәмші аға айтты: «Сен бала Созақ пен Шәуілдір туралы өлең жазшы», - деді. Содан кейін Созақ трагедиясы туралы, Шәуілдір туралы өлең жаздым. Екі-үш айдан кейін ағамыз қайтыс болып кетті. Шәмшінің «Отырардағы той», «Теріскей» деген әнін естігенде менің көз алдыма Шымкентте тұрған жұпыны пәтерім келеді. Сол жерде әйеліммен бірге картоп аршып отырған Шәмші Қалдаяқов келеді. Сенесің бе, сенбейсің бе, өзің біл!



Шонақ емес, Шанақ екен



–Кеңестік жүйенің кезінде «Созақ көтерілісі» туралы жазған керемет толғауыңыз бар екен. «Қатаң цензураға ұшыраймын» деген үрей болмады ма? Жас кезіңізде жазған осы толғаудың тарихын айтып берсеңіз...


Мені облыстық комсол комитетінің жауапты қызметкері ретінде қазақ аудандарына жұмыс бабымен жіберетін. Бір жолы Созақ ауданына жіберді. Сол жақтан Оразхан деген бір қызметкер күтіп алды. Малды сойған, шарапты әбден іштік. Содан таза ауа жұтып, есіктің алдына шықтық. Оразханға айтам: «Мен тұра алмаймын мына жерде. Аяғым дірілідеп тұр. Шараптан көп ішпедік қой», - деп. Оразхан «түшш» - деді. «Бұл жерде Аллаһулардың моласы жатыр», - деді. «Қалай?», - деймін ғой. «Созақ көтерілісіне қатысқандардың моласы», - дейді. «Мына жерден былтыр бес гектар жерді тегістедік те, егін ектік. Он гектар жерге жүгері ектік. Дәл аяғымыздың астында Созақ көтерілісіне қатысқандар жатыр», - деді. Осы сөзден кейін бірден сергіп, есімді жиып алдым. Толғаудың ең бірінші жолын дәл сол күні жаздым. «Төмпешіктер, молалар бір сыры бар, Сол сырдан қара перде бір сырылар. Құлағымда аттардың дүрсілімен, Аққудың қанатының сусылы бар» деген жолдар ойыма сол түні келді. Коммунистік партияның кезі болатын. Бұны көзбен көрмесе, сезбесе, әшейін адамдар жаза алмайды. Анау қалада отырған «блатной» ақындарың бұндай өлеңге бойлай алмайды. Өйткені олар обьектіні зерттеген жоқ. Тағдырды көру керек. Мың жерден Есениннің позасына кіріп алып «кабакта» ішіп отырсаң да, бұндай тағдырлы оқиғаларды көзбен көрмей, өлең жаза алмайсың.


Осы поэманы бір күні Асқар Сүлейменовке оқып бердім. Екеуміз Жазушылар одағының алдында кездесіп қалдық. «Бала, арбаң бар ма?» - деді Асекең. Көлікті арба дейтін. «Қазір табамыз», - дедім. Содан жедел такси тоқтатып, арақ сататын дүкенге тарттық. Әупірімдеп жүріп екі шөлмек арақ алып, Асекеңнің жұмысына келдік. Шекемізге қызу келгеннен кейін өлең оқыдым. Таңғы уақыт болатын. Асекең айтты: «Бала, қазір Әнуар Тарақ келеді», - деді. Сөйтсем, ол кісі бастығы екен. «Жылдамырақ кет» деген сөзі ғой. Менің толғауымда «Аз ғана үйлі тамадан, Хан болып шықты арадан, Шонақтың ұлы Сұлтанбек, Хан болып шықты қарадан» деген жолдар болатын. Кетіп бара жатқанда Асекең маған бұрылып қарап шынашақ саусағын, яғни шанағын көрсетті. Мен қатты намыстандым. Мынау қожаға осыншама өлең оқығанда шынашағын көрсеткені несі, бас бармаған көрсетпей ме? Бұдан артық қалай өлең жазуға болады? Олай болса, өлеңі құрысын!», - деп үйге жеткенше Асекеңе ыза болып бардым. Көпке дейін ойымнан шықпай жүрді. Ол Асекеңді соңғы рет көруім еді. Екі-үш айдан кейін Асқар Сүлейменов қайтыс болды. Кейін деректерді ақтарып отырсам «Шонақтың ұлы Сұлтанбек» емес, «Шанақтың ұлы Сұлтанбек» екен. Асекеңнен іштей кешірім сұрадым. Ренжігеніме әлі күнге дейін өкінем. Біз поэзияға осылай келдік. Сынап-мінеп отыратын ағаларым бар еді. Көз алдымда Асекеңнің шынашағын көрсеткен бейнесі қалып қойды.


Тоқаш Бердияров ағамыздың үлкен мектебінен өттім. Бір күні Тоқаш көкем мені Шымкентке іздеп келді. Ол кезде Шымкент қаласының троллейбустар эксплутациясының бөлімше бастығы болып қызмет атқаратын едім. Содан орысша жазатын ақын Халиолла Бәймен екеуміз Тоқаш ақын орналасқан қонақүйге бардық. Барсақ атақты Бауыржан Момышұлымен бірге отыр екен. «Мынау менің шәкіртім» - деп мені Баукеңе таныстырды. Содан Бауыржан Момышұлы бізге дастархан жайып, әдемі отырыс болған...



– Әдеби әңгімеңізге көп рахмет, аға! Сіз тілге тиек еткен ақын-жазушыларды жақыннан тани түстім. Солардың көзін көргендей әсерде кетіп барам...





Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар