Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

02.05.2021 5532

Қатын 18+

Қатын - adebiportal.kz

(Әңгіме)

- Шәйнаған қатын екен! Ауыл әкімі - Құдиярдың үйге кіре салды аузынан сүрініп шыққан алғашқы сөзі осы болды. Әбжыландай алқымын буындыра түскен галустігін асығыс босатып жүріп, тағы қайталады.

- Шәй-на-ғаан, қатын екен! Төргі үйге төтелей салып, үстіндегі пиджагын жерге алып ұрды да және қайталады.

- Шәйнаған қатын екен! Әкесінің бағанадан бергі іс-қимылын бақылап тұрып, әрең шыдады білем пиджактың былтырғы шаңы бұрқ етісімен үш жасар бала да баж ете қалды.

- Әй, алшы мына баланы!

- Әй, не болды – ей! Өзінен бұрын сөзі жетсе де, әйелі тумысынан баптың адамы. Мама қаздай мамырлап ас үйден келгенше, оталып алған баласы бажылдап біраз жерге барып алған еді.

- Отағасы, шошыттыңыз-ау. Тыныштық па? Баланы қолына көтеріп әрлі-берлі алдаусыратып, ерінің еңсесі түсіп, қарашаның аспанындай қас қабағы келіспей тұрғанын көріп, Жанар ауызын баса қойса да, әйелдік түйсігі жеңіп, қазбалай түсті

- Жұмыста бір пәле болған ғой?

- Ештеңе!

- Былтырғы мектепке бөлінген ақшаны біліп қойды ма? Жыбырлаған жылан да білмейді-ау деп жұрттан жасырған сырын жаман әйелі көлденен тартып, көлгірісіп тұрғанда Құдияр шынымен күйіп кетті:

- Өй, жоқ! Шәйіңді қой!

Құдай ұрғанда, дәл мұнша төмпештейді деп кім ойлаған. Ауыл әкімі боп сайланып, аяқты алшаң басып жүргеніне биыл жетінші жыл. Бес жылын ханшадай найқалып, бюждеттен бөлінген көп ақшаны көкшуландай жұлып жеп, күншуақтай қалған қара сиырдай мизам тірлігі аяқ-асты былтыр бұзылғанды. Былайша айтқанда, ханшаға кәрілік, көк шуланға оқ, қара сиырға оқыра тиді. Бәленің бәрі әлгі қатыннан шықты. Ат төбеліндей ауылда Құдияр әкімнің жаға жыртысып, жақ сындырар анау айтты қарсы келер ешкімі жоқ-ты. Қарсы келгенде де, қара халықта қай бір қауһар бар. «Құдай салды біз көндік, әкім айтты және көндік» деп Мұхтар қойшының астындағы көк есектей қоп-қоңыр тіршілікте аяңмен кешіп жатқан көпшіліктің әкімде, әкімнің оларда шаруасы болмайтын. Күн көтеріле, әкімнің көк «нивасы» көкжөтелденіп, «аудан қайдасың» деп шаңдатып бара жатқанын көріп, ауыл тұрғындары «әкім бірденке бітіріп жүр екен» деп ойлайды. Күн құлай ауылға құлдилап келе жатып, ауданнан қайтқан әкім де «бірдеңке бітіріп жүр екем» деп ойлайды. Жаймашумақ тірлігі жорғасынан жаңылмай сусып жүре берер ме еді, кім білсін, өткен жылдан бергі Гүлжамалдың ылаңы болмағанда. Ауылдың төменгі жағында тұратын - әлгі әйел екі жыл бұрын ерлік қылып, мемлекеттік бағдарламамен наубайхана ашты. Әуел баста отчет үшін, Құдиярдың ұпайын түгендейтін бастама болғанымен, айналып келгенде, әкімнің абыройын төгіп, тағын шайқаған, түн ұйқысын төрт бөлген нағыз бәленің нақ өзі болды. Алдымен ауданнан, бара-бара облыстан қолдау тауып, Гүлжамалдың атағы аспандады дерсің. Нан салу деген не тәйірі. Жасы қырық беске жаңа ілінген Гүлжамал кәсібіне шындап кіріскен екен. Ауыл былай тұрсын, ауданды нан-тоқашқа тойдырып, облыстық әкимиятқа атын ойдырып алды. Қысқа мерзімде шаруасы дөңгелеп, айналасына айбарын бір байқатқан. Содан не керек, үш ай өтті ме, өтпеді ме Гүлжамал мінез шығарды. Мінезін алдымен әкімге көрсетті. Құдиярдың екі-үш жас үлкендігін ескеріп әкимиятта:

- Құдияр мырза, ауыл бар нанымды тауысып алар шамасы жоқ. Ауданға қатынап жүрміз. Ал жолдың сиқы анау. Жолды қашан жөндейсіз?!- деп тігісін жатқызғандай, тіс арасын ғана сыздықтатып, сызыла қойған. Мұнысы не жаман күйеуіне, не күйеуі тепкілеп жүрген көк жигулиға жаны ашығандық екенін аңғару қиындау болғанымен, әкім соңғысы деп ойлап:

- Биыл қаражат жоқ, келер жылы, Жамалжан,- деп жылы жауып, шығарып салады ғой, баяғы.

Ертесінде кеңсеге аудан әкімі қоңыраулатып тұрғанда, Құдиярдың есі шығып, тынысы тарылды. Жолды жаматып, былтыр жеген ақшасын биыл шығарып, көп-көрім әуреге түсті. Осы әуре-сарсаннан тұп-тұра екі ай мерзім бе еді, бәтір ау, әлде үш ай ма еді тағы бір ылаңның түтіні бықсыды. Гүлжамал ауданға «ауылымыздың светі-аптасына екі өшеді, әкім шара қолданбай отыр» деп қоңырау шалып, артыннан өзі де аудан басшылығына жолыққан көрінеді. Облыстан қолдауы бар әйелдің сөзін аудан екі етсін бе? Құдиярды қоңыраудың астына алып, табада қуырады.

Жарықтың жөнделетін жағдайы бар екені, бағаналарды ауыстыруға ақшаның бөлінгені тағы да өтірік емес. Әттең, екі жыл бұрын бөлінген ақшаның екі теңгесін таба алса ше. Үлкен қызы ұзатылатын кезде Құдекең сол жарыққа бөлінген ақшаға жарқыратып, той жасамай ма? Арты бұлай боларын кім білген?! Соңынан сонарда ізге түскен тазыдай, найсап Гүлжамал қудайлайтының күн бұрын білгенде, үлкен қызы байсыз қалса да, жарық беру мәселесін шешер еді. Ендігі міне, іс кері кетсе көжеге де тіс сынадының кері болып, Құдиярдың хәлі мүшкелдеп кеткені. Ойпырмай, бұлай «әкім» атанудан садаға кетсін. Ендігі жерде Құдияр ел ішіндегі әкімдіктен бұрынғы мал дәрігерлік жұмысын аңсауды көшті. «Күйсемей тұрған сиырды қуырдаққа, аунай беретін атты қазыға қия салатын, ол кез де бір шалқыған дәурен екен ғой» деп жүрді іштей тамсанып. Бірақ, сұрауы жоқ көп ақшаның қызуы басылмаған. Мансап та алтын іздегендей қоштаса салуға тым аяулы дүния екен. «Гүлжамал ер-тоқымын бауырына алып, қанша тулағанымен бір күні басылар, мамыражай заман орнына келер» деген үмітінің қол бұлғап, алыстан шақырып тұратынын қайтерсін.

Ал бағанағы ашу сол Гүлжамалдан болатын. Түс әлеті. Кеңсеге Гүлжамал кіріп келді:

- Сәлеметсіз!

- Ә, Жамал, кел төрлет!

- Жамал емес, Гүлжамал деңіз.

- Ой, енді біз былай еркелетіп дегендей, сонша неге ашуландын! Құдияр өтірік күле салды.

- Еркелететін адамды тапқан екенсіз. Жә, келген шаруама көшейін. Ауданға барғанда көрсететін рұқсат қағазыңыз орысша жазылыпты. Сол жазуыңыздың ішіннен бес қате шықты. Өзіңіз жаздыңыз ба, әлде сауатсыз орынбасарыңыз Қанипа қатын ба?

Ойбай, аудандағылар жатып кеп қарқылдағанда, кірерге тесік таппай қалды ғой.

- Жамалжан, кеңседе отырмыз. Ондай оғаш сөздерінді қоя ғой. Аптығынды басшы. Кәне, қай қате? Мүмкін емес.

- Ойбай, міне! Алдап тұрмын ба?!-деп Гүлжамал рұқсаттаманы үш бүктеп, Құдиярдың алдына жалп еткізді.

- Енді дәкөмент болған соң, қате кетеді. Түзейміз. Қазір,кім,Қанипа, мұнда кел!

Жәй тұрмай, Гүлжамал:

- Жоқ деймін-ау. Осындайларды әкімдікке кім сайлаған?! Істей алмасаңдар, орындарынды босатсандаршы! - деп тағы бір сабап өтті.

Ендігі жерде Құдиярда шаптығатын шама жоқ. Рұқсат қағазда бадырайып, бес қате тұрғаны рас екен. Қазақшалап қағаз жазуға әупірімдеп әрең шамасы кеп жүргенде Құдиярдың орысшадан күдер үзгені қашан. Тіпті, «қате жіберіппін-ау» деп жүні де жығылмады. Аудан тұрмақ, облыс сөзін сөйлеп тұрған осы «пәлекет» тезірек кеңседен кетуін тіледі. «Түзейміз, жөндейміз» деп шығарып салды. Ашуға мініп, пиджагын алып ұрғанның алдында осы бір оқиға бар етін. Әйелінің күрең шайын қанша сораптағанымен, қабағы жадырай қоймады. Ауылдың жаман қатыны «әкімдіктен кет» деп әкірендесе, қайдан басылсын. Не де болса, бұл Гүлжамалдың ауызын жауып, ауданға баруын тию керек. Осы ойдың ортасында отырып, тағы да шай құйғызды.

Шәйнектен төгілген күрең шай кесе түбін ұялап, Гүлжамалдың қолынан күйеуі – Екпінге өткенде көз байланып қалған болатын. Кәсіпкер екі жанның ауданнан қайтып, ертеңгілік сататын нанның есебін келтіріп, аз-маз дамылдаған шақ. Әншейінде әйеліннен қорыққанмен, Екпін шай үсті, содан соң ғана көлік жүргізетін сәттерде екпіндеп алады. Ал, Гүлжамалдан қорқатыны негізсіз емес еді. Тіпті оны қорқу деп атауға келмейді. Сыйластық дейікші. Гүлжамалмен шаңырақ көтергеніне биыл туп-тура жиырма бес жыл. Ойбой, сол уақыт ішінде Екпін не көрмеді. Ақылыннан бұрын, ашуы дайын тұратын Гүлжамал талай мәрте абыройын төгіп, екі аяғын аспаннан келтірді емес пе. Сөзі өтпеген жерде өзі өтіп, дауға жеңілсе даурығып барып, жұдырық ала жөнелетініне осы ауылдағы көп әйелдің көгерген көздері күә. Әйелі былай тұрсын ауылдың кей еркегі «құрысын, мінезі шатақ» деп, кейбірі момындары «Гүлжамалмен төбелесіп қалдым» деп сырт айналып жүретін. Екпінді де ығына жығып, талай отырыста алдына салып, ала өгіздей дедектеткені бар. «Әй, Гүлжамал, тура бар ғой, бір ұрам», -деп ащы сумен дос кезінде айбындайтын шағы ұмыт болған. Итініп, ұрсан-ұрға салып шақылдағанда тумысынан артық ет бітпеген - Екпін «қой,өзімді жазым қылар» деп ауада ілінген қолын қайтарып ала қоятын. Бұл мінезін Екпін Гүлжамалдың атасынан көрді. Ата қолында өскен еркекшора қыз тұсау көрмей өсіпті-міш. Қызбен емес ұлдармен, қуыршақпен емес асықпен өскен Гүлжамал бәйгеге шауып, қыз қууға түсіпті-міш. Ат құлағында ойнайтын қызға шаужайлап жету қайда, «бетінен сүйем» деп дәметкендердің көбін көк ала қойдай қып сабап, көзінің сорасын ағызған екен-міш. Бара-бара қыз қууға Гүлжамал түскенде жігіттердің бірінің аты ақсап, біреуінің тісі қақсап сайысқа түспей қалатындай болыпты-міш. Сүйіп қосылған әйелінің осы бір айбынды мінезінің жақсы-жаман тұстарын ойша түгендеп отырып, Екпін енді өзіне үңілді. Төрт ұлдың екіншісі. Қит етсе қолындағысын жіберіп қалатын әкесі, түртпектеп қиыс кетсе, тиып тастай беретін шешесі есінде. Балалық шағының базары ерте тарқап, тым момқан боп өсті. Тіпті, осы бір асау әйеліне де сөз саларда бір жаз жолығып жүріп, Гүлжамалдың «әй, сен енді мені ал» дегенде қалай қуанды десеңізші. Әйтпегенде әйелсіз қалар ма еді, кім білсін. Өткеннің осындай арғы бергісін ойлап отырып:

- Гүлжамал, сенің әлгі сөзіннің салмағы тым ауыр емес пе? – деп кесесін алдына қойды.

- Қай сөз?

- Алдында ауылда алты адам короновирус болып, әкім оның алтыншысы болып, іші өткенін айтамын.

- Е, онда тұрған не бар екен?

- Өзің бастап, әкім тышқақтап жатыр деген сөзің ше?

Гүлжамал мырс етті де:

- Рас қой енді. Құдайдың көзі де түзу ғой. Бес адамның ыстығы көтеріліп, тура әкімнің іші өткеніне болайын. Бес минут сайын сырттағы дәретханаға даяршыдай жүгіріп жүргенін өзің де көрдің,-деп міз бақпады.

- Қой, ондай сөз айтпа! Қайткенмен қалқайып әкім атанып жүрген адам! еуі дегенмен Гүлжамал не дер екен деп көз қиығын салып еді. Әйел болмағыр жайбірақат үстелін жинастырып не ұқтым, не бұқтымның ишарасын танытпады. Екпін де іштей “әй, қойшы” деп дастарханнан тұрып кетті.

Гүлжамал бастаған бұл жел сөз қурап тұрған ақтықта тиген өрттей ауыл ішін қаулап, Құдиярдың беделін тағы бір шайқаған. Құлағы түрік ауылдың әйелдері «әкім тышқақтап жатыр» деген піш-піш өсекке салып,бетін бұра күліп жүргенде, ауылдың жүгермектері де осы әңгімені іліп-ала жөнелген көрінеді. Өткенде көрші ауданнан бір атқа мінер келіп көшеден бір баланы ұстап алып:

- Кеңсе қайда, әкім қайда?- деп жөн сұраса. Әлгі жүгірмек танауыннан төмен атқылаған қос өзенін кері тартып қап:

- Әкимият әне, ал әкім тышқақтап жатыр,- демесі бар ма. Содан бері осы сөз біразға дейін алақандай ауылдың аспанын айналып жүріп алғаны.

Келесі күні сенбінің кешінде Құдиярдың алтыншы оқитын ұлы:

- Сізді әкем шақырады,- деп Екпінге шауып келді. Дәу де болса әлгі «тышқақ» жайлы сөз болар деп, барар-бармасын білмей тұрғанда, Гүлжамалдың көрші аралап кеткенін пайдаланып, кездесіп қайтпақ боп шешті. Ауылдың бас жағына аяндап жеткенше, әкімнің ашулы түрін қиялымен әрі-бері суреттеп, қобалжып Құдиярдың тура есігінің алдына тұрғанын жаңа байқады. Ішке кіріп, әкімді көргенде, әлгіндегі (қиялындағы) әспеттеген ойының әдіре қалғаны. Құдияр көңілді екен:

- Ооо, Екпінжан, аманбысың? Мал-жан аман ба? Оқудағы студент қыздарын жақсы ма? Кел, төрлет. Қысылма.

- Аманбыз, өзіңіз қалайсыз?

- Әй, әйелдерінді жіберіп қойып, өздерің бір соқпайсындар. Жаман ағаларынның хәлін айына бір біліп қоюға болады ғой. Ха-ха-ха!

- Ой, аға шаруа-шаруа деп

- Әзіл ғой, түсінеміз. Қайта келін екеуін мықтысындар. Қай үйге барсаң да сендердің пештеріңнен шыққан нанды жазбай танимыз. Әй, молодес! Кел, дастарханға!

Әкімге сай дастарханның белі майысып тұр дерсің. Не жерінді білсең болғаны. Әйтсе де бұлай арнайылап шақыруының бір себебі бар-ау деп Екпіннің іші қылт ете қалып еді. Ұмыт бола бастаған ащы судың дәмі ауызына қайта оралғанда, ол ойы да көміліп қалды. Әйеліннен қорыққан мен әкіммен ішуді өзінше абырой көріп, әйтеуір толтырған стаканды мөлиткен жоқ. Арада екі бие сауым уақыт өткенде ананың бір, мынаның бір басын шалып отырған Құдияр да шаруасының желісіне енді түсіп, сөзге көше бастады:

- Екпін, жағдай былай. Гүлжамалдың мінезіне өзін де қанықсың. Қайсы бірін айтайын.

- Иә, айып етпеңіз. Ондайы бар енді.

- Мінез кімде жоқ. Байлаулы тұрған байтал да мінез көрсетеді. Мәселе, мінез бар екен деп, жолды-жолсыз адамды шала беруге болмайды ғой. Дұрыс па?

- Дұрыс айтасыз

- Енді қызмет болған соң, кейде аспандайсың, кейде ақсайсың. Өзі сенде неше қыз бар еді?

Қызыңқырап қалған Екпін сасып қалды:

- Екеу, ә-үшеу!

- Вот, студент үш қызың бар. Ал, ұл керек. Солай ма?

- Керегі керек қой. Бірақ, Тәңірдің бергені осы үш қарғам болған соң...

- Нешедесіндер? Әлі жассындар. Қырықтың бесеуіне жаңа іліндіндер. Енді сен мықты болсаң, Гүлжамалға ұл таптыр. Солай ауылда да қарық қыл және өзің қарып бол! – деп Құдияр ойындағысын дүңк еткізіп еді Екпін қызарақтап тосылып қалған сыңайлы.

- Оныңыз дұр қой, әрине. Біз енді жасымыз кеп қалды дегендей...

- Түкте де емес. Жетпісбай, Сексенбайларды қазақ не, аспаннан қағып алып па, даладан тауып алып па? Шындап кіріссең бәрі де болады. Әй, өз қамыңды ғана күйттей бермей соңынан қалар қара шаңырағыңа да ие боп қалар мұрагердің де қамын ойласаңызшы.


- Рас, Құдеке. Сөзіңіздің жаны бар.

- Пай, ауылдың «міне» деген мужиктарының бірісің. Ойбой, ешкім де мәңгілік емес, құлағы қалқыйып Екпіннің ұлымын деп бір жүгірмек ертең осы ауылда шапқылап жүрсе арманныңның орындалғаны емес пе?

-Дұрыс айтасыз.

Артыннан ат тізгінін ұстап қалар ұлынның жоқтығы Екпіннің былайғы жұрттан қала берді, жұрағаттан жасырған жетім қозыдай маңырай беретін ойы болатын. Елден жасырғанын әкім әшкерелеп қойғанын алдымен жақтырмаса да, артыннан жаны ашып айтып отыр-ау деп сүйсініп те қалды. Садаға кеткір, ауылдың қамы ғана емес, әр адамның тағдырын көріп-болжап аландаған әкімнен, айналайын. Тура осы сәтте құшақтап алса құны төмендемейді ғой. Әйтсе де, олай етуге Екпіннің батылы жетпеді. Асығыс қоштасып, ішіндегі сөне бастаған үмітінің шоғын үрлеп қойып, үйіне бірақ тартты. Ал, әкімнің ішкі есебі басқада. Аяғы ауыр әйелдің сөзінде зіл болмас. Бала мен жаялықтың ортасында шауып жүріп, ауданды ұмытар. Тіпті, Құдиярдың құлақ етін жеуді де қояр деген есек дәме.

Осы ойын мына Екпін теріс көрмеген тәрізді. «Кәпірдің түрі жаман» деп Мәсти кемпір айтпақшы мекиенін сағынған қораздай үйіне тура тарқатан түрін көріп іштей алдымен тапқырлығына, сосын әлгінің аңғалдығына мәз боп қалды.

Құдиярдың кәлендәріна сенсек тұп-тура төрт ай бес күн өткенде ауыл ішін «Гүлжамалдың аяғы ауыр екен» деген сөз жайлады. Сонда әкімнің қуанғанын көрсеңіз. Сенер-сенбесін білмей, кісі салып та көрген. Рас екен. Адуынды қатын іші білініп, тіпті жуасып қалған көрінеді. Салған кісісі өткен жылы Гүлжамалдан өліп таяқ жеген ақсақ Жәміш болатын. «Ойбай жуасығаны былай тұрсын шәй іш» деп төрге оздырды емес пе дегенде Құдиярда күмән қалмады. Сол түні арқасынан ауыр жүк түсіп, алақсыз бір ұйықтады-ау.

Әйткенмен, қалың ұйқыда жатқан осы бір ауыл алдағы уақытта Гүлжамал босана алмай, дәрігерлердің қателігінен жатырдағы бөпесімен бірге өлім құшағына еніп кетерін де, Екпіннің есеңгіреп қаларын да, алақандай ауылдың көшін түзеп кемшілігін тізген өжет әйелдің енді жоқ боп кетерін де, Құдиярдың соңғы рет кешкілік есік алдында көп жыл қойып кеткен темекісін ширатып отырып “Шәйнаған, қатын екен” деп еш бір ашу - кексіз , жан ашырлық ниетпен айтарын да тіпті де білген жоқ.

Ал, жатырдағы бала ұл еді...

Қуат Айтқали


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар