Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САТИРА
Қайролла Айтбаев. Күлме досқа (сатира)...

16.10.2018 5279

Қайролла Айтбаев. Күлме досқа (сатира) 12+

Қайролла Айтбаев. Күлме досқа (сатира) - adebiportal.kz

Күлме досқа

1 сәуір күлкі күні дейді. Күлкі күні күлетін кісі де бар, күлмейтін кісі де бар. Күлетін кісінің аз-маз ауқаты болу керек. Яғни, газет-журналы, телевизоры бар кісі ғана күледі. Өйткені жұрттың жазғанын оқиды. Ал күлмейтіндерді күлдіру үшін клоун болғанша күлдіре алмайсың, онда күлмейтін кісіні алып ұрып қытықта шегі қатқанша. Тым артық кетіп өлтіріп алма.

Күлмейтін бір топ бар. Олар газет-журнал, телевизоры жоқтар. Көшедегі босқындар. Сын-сықақты бойын дарытпайтын қулар, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретіндер. Сырты күліп тұрса да іші ұлып тұратындар. Не жақсы, не жаманды біліп тұрады. «Әзілің жетсе атаңмен ойна» демекші, осы 1 сәуірде тісті басып қалу керек қой. Әрине, қарыны аш адам күлкіден гөрі жылауға бейім тұрады. Әйтеуір бірімізді біріміз алдағанға мәзбіз. Соған да тәуба.

Бір күні жұмыста Айлакер «Әй, Аңқаубай, сені директор шақырып жатыр» деп мені алдап қоя беріпті. Есікті қағып директорға кіріп келдім. Директор маған аң-таң қарап тұрып:

– Неге келдің? – деді.

– Сен шақыртқан соң, – деппін. Директор аң-таң қалды да: «Фамилияң» деді.

– Аңқаубай, - дедім. Алдындағы бір қағазды алып: «99 нөмірлі, Жуасбаев Аңқаубай бұйрық бойынша «қысқардыңыз» дегені бар емес пе. Төбемнен жай түскендей болды.

– Бала-шаға нанды қалай жейді? – деппін.

– Қалай жегені несі? Мен шайнап бермеймін ғой. Өздерің шайнайсың, – деп, дүр етті директор. Мойнымнан су құйылып, жолдасыма барсам, ол қарқ-қарқ күледі. Бүгін 1-сәуір, ешкімге сенбе, бауырым. Біреу күліп секіреді, біреу тоңып секіредінің кері болды.

– Директор не деді – деп, сұрады құрдасым.

Мен ренжіп тұрып: «99 нөмірлі бұйрықпен босадың» деді. Құрдасым одан сайын ішек-сілесі қатып кеп күлмей ме. Миын саусағымен шұқылап тұрып, бір шаригің жетпейді, – деп құрдасым одан сайын күлді.

– Ештеңе етпейді. Бәрі орынды, оның ішінде сен де бар екенсің, - дедім құрдасым Қылжақбасқа. Ол да не дейді? – деп талып қала жаздады.

– Мүмкін емес. Мен директормен жақсымын. Сендей басы қақиған емеспін, – деп ашуланып қалды. – Қайдан білейін, саған айта бар дегесін директордың сөзін жеткізіп тұрмын.

– Ол мені қысқартып көрсін, мен оның барлық қылмысын білемін, мына бес саусақтай. Енді барып білсейші, мен осы жерде тосамын, – деп құрдасым Қылжақбасты шығарып салдым. Қылжақбас өңі өрт сөндіргендей болып шықты.

Сөйтсе директор екеуін де қатырған екен.

Сергелдеңнің емтиханы

Қызыл танау боп жұмыс таба алмай жүрген Сергелдең өлдім-талдым дегенде бір жұмысқа келісті-ау. Бастықтарының бәріне қол қойғызып, енді соңғы техникалық қауіпсіздік комитетінің бас инженері Сұраубаевқа кеп тірелді. Кабинетінде жалғыз отырған Сұраубаевқа:

– Мына шірткі қағазыма қол қойып беріңізші, – деп сұрады Сергелдең.

– Немене, техникалық қауіпсіздік жағдайға қалайсың? – деп Сұраубаев жанындағы орындықты нұсқады.

– Енді күрек жұмысы ғой, бірдеңе білерміз, – деді Сергелдең. Әй, бала сен осы қай жердікісің? Шамасы ауылдың қазағы сияқтысың, –деді Сұраубаев.

– Дәл айттыңыз ағасы. – Сергелдең қыпылықтап қалды, қол қоймай мына бәле жұмысқа алдырмай қояр ма екен деген қорқыныш та көңіліне үрей туғызды.

– Ал ауылда қой-қой, қара мал, жылқыдан қалайсың?

– Е, Құдайға шүкір, әлгі коммерсанттардан қалған екі-үш қой, бір сиыр тайыншасымен, бір құлын қалды, – деді Сергелдең.

– Ал, бала, мен бір сұрақ қоямын. Оған жауап бермесең бір қой, екінші сұраққа тайынша, оған көнбесең есік ашық, жүре бер, – деп қалды Сұраубаев.

Бірінші сұрақ. Машинаңмен көшеде қатты ызғытып келе жатырсың, алдына көлденеңдеп кеп бір қыз бен бір кемпір кездесіп қалды. Осының қайсысын басасың? Сергелдең ойланып-ойланып тұрды да:

– Анау өрімдей қызды басқанша, асарын асап, жасарын жасаған кемпірді басамын, – деп қалды.

Сұраубай:

– Айта алмадың, бір қой. Жауабы тормозды басасың.

Екінші сұрақ:

– Тырдай жалаңаш қыз саған шар ұсынды, сен не істейсің?

Сергелдең:

– Апырм-ай, еркек емеспін бе? Қыз дегенде кімнің көзі қызармайды, – деп инженер ұсынған шарды үрлеп еді СПИД деген жазуы шықты.

– Ал жігітім, тайыншаңды әкелсең ғана жұмысқа түсесің... Сергелдең қаладан машина іздеп тайыншаға кетті.

Алқаштың ақылы

Зейнеткер Бейнеттің ұлы Алқаш. Алқаш арақты қойса мұрнымды кесіп берейін.

Шешесі Мүсәпір:

– Балам-ау! Таңертең бір шиша, түсте бір шиша, кешке бір шиша ішіп ұйықтай қалсаң болмай ма, бізді күні-түні мазаламай. Қырықтың қырқасына келген Алқаш:

– Әй, пәтшағар, Алқаш мына біз өлсек басымызды оңға қаратып кім қояды? – дейді Әкесі Бейнет.

– Әке, сен өлсең Құдайға шүкір, бір жәшік арақты алам да қаладағы стақандастарым аман болсын, бір-ақ күнде қоямын. Ол үшін зейнетақыға арзанға бір жәшік спирт алып қоясың, үш жәшік самопал шығады.

Нешесі Мүсәпір:

– Мен өлсем қалай қоясың?, – депті.

– Е, батямды қалай қойсам, жанына сені де солай қоям. Так что, осы бастан сенде бір жәшік спиртті алып қой.

20.07.1996 жыл

Коммерсант

Ендігі істемеген жұмысы коммерсант еді. Таңның атуы, күннің батуы, ақшаның соңына түсу керек. Бір облыстан товарды арзанға сатып алып, екінші облысқа қымбатқа сату. Қазір дүкендердің өзі саудагерлерден асып кеткен жоқ па?

Ендеше коммерсант деген атты қазір екінің бірі арқалап жүр. «Чау! Қайда істеп жатырсың» десе. Қалада, кім көріп жатыр ауызды толтырып «коммерсантпын» дей салады. Ол не қызмет? Ешкімге беймәлім. Бір күні жылпос орта бойлы, тапал сары Мырқымбай бір сөмке ақшасы бар бөтен ауылдың бір жігітінен жол сұрайды.

– Мына жол жақсы ма? Қайда барады? – деген сұраққа:

– Утром поедешь каткаком, вечером приедешь батпаком, – деп қалды. Шала қазақ қазақша каткак, батпақ знаешь, дальше не знаешь, – деп бұл да қырсықты.

– Дуй, дуй! Пока целый, – деп қалды бөтен жігіт. Мырқымбай «есің бар да еліңді тап» деп, өзіне-өзі ақыл айтты. Бірақ кеудесінде бір желік бар. Ол мына сумка толы ақшаның буы. Жолшыбай самолет болса да сатып алуға, Құдайға шүкір, жеткілікті. Содан белі қайсып жолға шықты. Ля деп құлағын ұстап бір орында секірді. Мырқымбай коммерсант саусақтарының арасын ашып маймылға сығалап қарады. Маймыл қолын шығарып, тағы да жерді жұдырығымен соққылап, саусағымен өз миын шұқылады. Онысы сенде ми жоқ дегені. Мырқымбай қайта саусақтарын қатарлап қайта баса түсті көзін. «Ля-ля, ля-ля» деп анадай жерде өзі сияқты тағы бір Жаяу Мұса тұрған сияқты.

– Әй, ол да бір коммерсант шығар, – деп жай тұрмай қышынып, қол былғап шақырғаны бар емес пе? Алыстан қараңдаған кісі дегені жақындаған сайын ұсқынсыз жүндес біреу. Өз көзіне өзі сенбейді. Маймыл. Құдай-ау, бұл жол тосып не ғып жүрген майсыл деп қалды Мырқымбай. Маймыл жүндес қолын ұсынды. Көзі күлімдейді. Бір кезде Мырекеңнің де бойы үйрене бастады. Маймыл шиқ етті де, өз көзін екі қолымен жапты. Сен де сүйт дегені ғой. Мырқымбай екі иығын көтерді, түсінбегендей. Маймыл айнала секіріп шыңғырды да жұдырығымен жерді бір қойып, сұқ саусағын найзадай түрткілеп, жерді тағы тоқпақтады жұдырығымен. Онысы сен дүндіксің дегені. Қап, мына бәле қайдан келіп еді жаныма деп тұрып қалды. Қызыл аузын арандай ашып, тістерін сақылдатып ақырып қалды. Мырқымбай селк етті де амалсыздан екі алақанымен бетін жапты. «Ля-ля, ля-ля, ля» деп маймыл Мырқымбайды алдап жүрді. Міне, коммерсант Мырқымбай талайды алдап ақша жасап жүр еді, енді өзін айдаладағы бір маймыл келіп алдап, бір сумка ақшаның көзін құртты.

Тақиялы періште

Ұлым Еркемайдың шашы өсіп кеткені сондай, оның не қыз, не ұл екені белгісіз. Мектепте бірге оқитын құрдастары ат қойғыш екен. Сабақ үстінде артта отырған Қарапәле деген бала дәл төбесіне бантик қондыра қойыпты. Содан бері бүкіл класс Еркемайды сол күннен бастап Аңқаубаева дейтін болды.

– Әке, менің шашымды неге алып бермейсің?

– Дүкенде шаш алатын машинка жоқ. Совхозда шаштараз да жоқ екенін білесің ғой.

Амалсыздан қайшымен Еркемайдың шашын алуға кірістім. «Төбеме шаш қалдыр, түгел алып тастама» деп ескерткен балама не «канатка» емес, не «ежик» емес, әрі-сәрі әйтеуір, дөңгелетіп төбесіне шаш қалдырып, дұрыстағандай болдым. Айнаға қарасақ ұлымыз бен екеуміз эстетикадан мақұрым екенбіз. Әйтеуір, жобасы келсе болды деп Еркемай мектепте сабаққа кетті. Онда тағы әлгі құрдасы Қарапәле «Еркемайдың шашын алған кісі де өте шебер екен. Жаңа мода бойынша мұны «тақия» деп қояйық деп күлдіріпті. Үйге Еркемай жылап келді. «Әдбен мазақ болдым» дейді.

Ендеше, ұстарамен түгел алып тастайын деп Еркемайды қайыра отырғыздым. Басы маса тайып жығылардай боп шыға келді. Еркемай келесі күні сабаққа тағы кеткені. Тағы балалар көргенін күлкі қылмай отырсын ба?

– Әке енді не істеймін?

Балам тағы жылап келді. «Енді не істе дейсің? Шаш алудың шебері емеспін. Ауылда шашатараз жоқ, енді шашың өскенше жүре тұр» деп қоям. Амал нешік, шаштараз жоқ жерде бала-шағамызбен кейде осындай атқа ілініп жүреміз.

Аудандық тұрмыстық қызмет көрсетушілердің құлағына алтын сырға. Бізді шаштаразшы болуға үйретіп кетсе екен дейміз.

Сықақбаев сөз алды

Бір жарым сағатқа созылған бөлімше жиналысында ауданның бірнеше басшылары отыр. Жиналыстың осыншама ұзаққа созылғаны жұртты әбден жалықтырды да, ешкім сөйлеушілерге назар аудармады. Артта отырғандар бір-бірімен әңгіме құрып, енді тіпті ұйқыға кетіпті. Мына қызықты қараңыз, енді біреуінің қатты есінегені сондай, аузы жабылмай қалды.

– Ойбай, Ұйқыбайдың жағы шығып кетті, – деп онымен қатарлас отырған Үсен ұшып тұрды. Манадан зерігіп отырған жұрт елең етіп орындарынан тұрды. Бүкіл зал іші аяқастынан абыр-сабыр бола қалды.

– Дәрігер келіп еді ғой, осында, – деп Үсен қатты айғалап жіберіп.

Артта әрі-сәрі боп жиналысқа қатысып отырған селолық дәрігер Киікбай түрегелді. Қолымен Ұйқыбайдың иек тұсын майдалай сипап өтіп, «все в порядке» деді маңғаздана сөйлеп. Олай болса енді Ұйқыбайға сөз берсек қайтеді, деді дәрігер даусын көтере, совхоз директорына қарап.

– Берсең бер. Бұған жетпегені енді осы еді.

Сөйтіп Сықақбаев тұңғыш рет мінбеге көтерілді. Талай жиналысты көрсе де өмірі мұндай жерде сөйлеп көрмеген Сықақбаев екі қолын сыбанып алып, сөзге кірісті. Залда отырғандар Ұйқыбайға ентелей қарасты. Бәрі де «енді не болар екен» деп күтіп отырған сияқты.

– Құрметті, жолдастар, – деп бастады Сықақбаев. – Осы мен түсінбеймін, қит етсе сөйлегендер неге осы мен сөйтіп жатырмын, мен бүйтіп жатырмын дейді а?... Неге осы мына сіз, - деді ол совхоз басшысын көрсетіп, Бұқпа Айлакерович, қит етсе жоспар орындалды, бәрі мықты, сақадай-сай деп осы неге көпіресіз? Содан шыққан нәтиже кәне? Қайта құлдыраған үстіне құлдырап барамыз. Монша жоқ, клуб әлі жөндеуде тұр, кино әкелмейді, айта берсе жолдастар, ұзақ мәселе. Екіншіден, бөлімше басқарушысының мінезі тоқылдақтың күнінен де ары, қит етсе былапыт сөздері аузынан қарша борап жүреді, осы да мәдениеттілік пе? «Бәрін айт та бірін айт» демекші, елдің жағдайына назар салу керек. Бұдан ары Сықақбаев сөйлей алмады, жағын ұстап мінбеден кетіп қалды.

Арада бір ай өтер-өтпесте Бұқпа Айлакеров орнынан түсті. Сол шамада ауруханадан жағына операция жасатып Ұйқыбай да шықты. Жаны жай тауып достарына қосылған Ұйқыбайға бәрі риза. Тіпті содан бері, Ұйқыбай мінбеден түспей, кемшіліктерді баудай орып жүрген көрінеді. Тек жағың ауырмасын де...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар