Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Қайым Мұхамедханов туралы он дерек...

30.09.2021 5455

Қайым Мұхамедханов туралы он дерек 12+

Қайым Мұхамедханов туралы он дерек - adebiportal.kz

Қайым Мұхаметханов – қазақ руханиятындағы ірі тұлғалардың бірі һәм бірегейі. Абайдың інісі, Алаштың ірісі дейтіндей көп салалы ғалым. Ақын, жазушы. Абайтанудың, Шәкәрімтанудың негізін қалаушы. Биыл қайраткер Қайымның туғанына 105 жыл толып отыр. Осы орайда оқырман қауымға Қайым Мұхаметхановтың өмірі мен шығармашылығы туралы 10 дерек ұсынамыз.

Қайымның әкесі Мұхаметхан Сейітқұлов өз заманының зиялы азаматы болған. Алаш арыстарымен қатар жүрген. Абай, Шәкәрім әулетімен, ұрпақтарымен, шәкірттерімен жиі қатынаста болған. М.Сейітқұлов «Абай» журналының, «Сары-Арқа» газетінің шығуына ақшалай жәрдем жасаған жомарт, қолы ашық кісі болыпты. Орыс, араб, татар тілдерін жақсы білген Мұхамедхан Сейітқұловтың үйінде мол кітап қоры болған екен. Болашақ ғалым Қайым бала күнінен осы кітаптарды оқып, алаштықтардың көзін көріп, тәлімін алып, Абай, Шәкәрім жырларын мойынына тұмар ғып тағып өскен. М.Сейітқұлов ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының санасының өсуіне, қазақ зиялыларының қалыптасып, ұлт ісін ілгері жүргізуге бір кісідей жұмыс атқарған тұлға.

Гүлнар Міржақыпқызының деректеріне сүйенсек, Мұхамедхан Сейітқұлов 1911 жылы Міржақып Дулатовты кепілге ақша төлеп, тұтқыннан босатып алады. Міржақып пен Мұхамедхан қанды көйлек дос болған тұлғалар. Әлихан Бөкейханның Семейге келген сапарында бірге жүріп, Семейге ежелгі тарихи атауы Алаш қаласы атын қайтарып беру жолында бірге жұмыс атқарады. Бүгінде елге белгілі Шәкерімнің жалғыз фотосуреті де осы Сейітқұловтың отбасында түсіріліпті. Шәкерім қажының түрмеден босап шығуына да осы Қайымның әкесі тікелей көмек жасаған. Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» сияқты пьесаларының алғаш қазақ даласында саханалануына да жағыдай жасаған, қол ұшін берген. Осындай Алаш жолында аянбай қызымет еткен Мұхаметхан Сейітқұлов 1937 жылғы қанды репрессия тұсында 2 желтоқсан күні, түнде атылып кетеді.

Осылайша Қайым жас күнінен Алаш арыстарының өнегесін көріп, тәлімін алып өседі. Әкесі Мұхамедханның шаңырағы Алаш арыстарының арнаулы кезігетін, мәжіліс құрып, келелі істерді талқылайтын белгілі ордасына айналған. Алты жастағы бала Қайым алғаш рет Мұхтар Әуезовты да өз үйінен көріп, жастайынан танып өседі. Осы таныстық олардың тұтас өмір жолына, шығармашылық жолына жалғасып кетеді. Жалпы, Қайым Мұхамедхановтың өмірінде Әуезовтың алатын орыны ерекше. Екеуі ұстаз бен шәкірт ретінде от пен суды бірге кешеді. Сол кездегі Алаш ұранды, Абай рухты зерттеу жолдарына кезіккен солақай саясаттың қысымына, жауыздығына бірге төтеп береді.

1937 жылы әкесі атылып кеткенде Қайым 15 жаста болатын. Үйдің үлкені болғасын оған жұмысқа, тіршілікке ерте араласуға тура келеді. Ол осы кезеңдерде кемежайда жүк түсіруші болудан бастап әртүрлі салада тынбай жұмыс істейді. Отбасына кіріс табу үшін жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамайды. 1941 жылы Семей пединститутын экстернмен бітіріп, мұғалімдікпен қатар, мәдениет, ғылым саласында қызымет атқара бастайды. Осылай басталған бұралаң өмірінде Қайым Мұхамедханов 60 жылдан астам уақыт, педагогика саласына, жастарды, ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнайды. Әкесі «Халық жауы» атанып атылып кеткесін, Қайым да жастай қуғын-сүргінді көп көреді. Пединституттан да қуылады. Сол кезде әкесінің көнекөз досы Мұхтар Әуезов Қайымға рухани жақтан үлкен қолдау мен тірекші болады. Қайым да ұстазына өмірінің соңына дейін жан-тәнімен адал болып өтеді. Екеуі ұстаз-шәкірт болып бірге көп жұмыстарды атқарады. Әуезов атақты «Абай жолы» эпопеясын жазу барысында, шәкірті Қайымға арнаулы тапсырмалар беріп, көптеген деректерді Абай елінен алдырып отырады.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап Абай шығармаларына қуғын-сүргін жүргізіле бастағаны анық. Оның үстіне сол тұста Абай өмірінің куәгерлері сиреп бара жатқан. Абай шығармаларын жүйелі түрде зерттеу былай тұрсын, сөзін бұрмалау, қолжазбаларын жоғалту, таптық ұстанымға жат сөз иесі ретінде әдебиеттен аластату үрдісі жүріп жатқан. Міне осындай аласапыран тұста, Мұхтар Әуезов шәкірті Қайымға арнаулы Абай шығармашылығын қорғап қалуға, жалған жаладан арашалап алу, бастысы Абай мұрасын толыққанды сақтап қалу жолында арнаулы ғылыми тапсырма береді. Ол тапсырмалар үш бағытта еді. Бірі – Абайдың мұражайын жасақтаудың негізін, алғы шарттарын жасау. Яғни, ақынның әр жерде шашылып жатқан жеке тұтынған заттарын жинақтау. Екіншісі – Абайдың ұрпақтары мен ақын шәкірттерінің еңбектерін жинақтау, зерттеу, зерделеу болатын. Ал, үшіншісі – Абай шығармаларын текстологиялық тұрғыдан талдап, түпнұсқаны сақтап қалу. Міне енді, Қайым Мұхамедхановтың бүкіл ғұмырына ұласқан аса күрделі, тартысты шығармашылық жолы басталды.

Сонымен Қайым Мұхамедханов 1940 жылдан бастап елімізде тұңғыш рет Мемлекеттік әдеби-мемориалды Абай мұражайын құруға ат салысады. Бұл мұражайдың жасақталуы үлкен машақатпен іске асқаны сөзсіз. Барлығын басынан бастауға тура келеді. Алдымен Мұхтар Әуезов екеуі Семей қаласынан болашақ мұражай орналасатын ғимаратты таңдайды. Одан кейін Абайдан қалған жәдігерлерді жинаудың жапалы жұмысы күтіп тұрды. Қайым әріптестерімен бірге Абайдың өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысты 500 жәдігер нақтыланып, әрбіріне түсініктеме беріп, ғылыми сипаттамасын жазып шығады. Мұражай 1947 жылы Ғылым академиясының қарамағына өткенде, мұражайдың ғылыми қызыметкері Қайым Мұхамедханов Қаныш Сәтбаевтің бұйрығымен директор болып тағайындалады. Қайым Мұражай қабырғасында жұмыс атқара жүріп, Абай шығармашылығына қатысты ғылыми жұмыпен үздіксіз шұғылданады. Абайға, Шәкерімге, балалары мен шәкірттеріне қатысты көптеген ғылыми мәліметтер, құжаттар, фотосуреттер мен бірге ескі кітаптарды жинақтап, мұражай жұмысын барған сайын жетілдіріп отырады.

Абайтану ғылымында Қайым Мұхамедхановтың атқарған сүбелі дүниесі ол – Абайдық ақын шәкірттері мен ізбасарларына, әдеби мектебіне тұңғыш рет ғылыми негіздеме жасап кетуі еді. Абайдың алдын көрген, тәлімін алған, Абай ілімі арқылы әлем әдебиетін, мәдениетін таныған ақын, әнші, сазгер, ертегіші сынды сегіз қырлы, бір сырлы шәкірттері және олардың шығармашылығы Қайымға дейін жүйеленбеген еді. Қайым Мұхамедханов Абайдың ақын ұлдары мен шәкірттері, олардың шығармаларын жинақтап, реттеп, түсініктеме беріп, ғылыми айналымға түсіріп бір ізге келтіріп, арнайы ғылыми жүйеге түсіреді. 1940 жылдардан басталған ғылыми зерттеу ұзақ жылдарға жалғасады. Ақыры 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойында «Абайдың ақын шәкірттері» деген атпен төрт кітап болып шығады. Негізі бұл еңбек әу баста, ұстазы Әуезовтың жетекшілігімен жазылып жатқан ғылыми диссертация еді. Күрес пен тайталастың ортасында жүріп 1951 жылы қорғалған болатын. Бірақ сол кездегі сталиндік репрессия тарихи шындыққа құрылған бұндай еңбектерді қудалап тұншықтырумен болды. Сол кездегі күнделікті баспасөз бетінде Мұхтар мен Қайымның атына неше түрлі айыптаулар тағылып жатты. Ақыры мұның соңы Мұхамедхановты Абай мұражайының директорлығынан, оқытушылық қызыметінен шығарып, 1951 жылы 1 желтоқсанда біржола тұтқындаумен аяқталады. Семейдің, Алматының түрмесінде, Қарағандының жазалау лагерінде отырады. Түрмеде жендеттер тарапынан қинау мен азаптаудың неше атасын көреді. Қаншалық қиындық көрсе де Абайға, Әуезовке адал ұлттық идеясынан айнымайды.

Ғалым Қайым Мұқамедхановтың алдында тұрған, ұстазы аманат еткен кезекті жұмысы – Абай сөзінің түпнұсқасын анықтау, бұрмаланған сөздерді қалпына келтіру еді. Абай шығармашылығының текстологиялық мәселесі – әдебиетіміздегі ең күрделі мәселелердің бірі. Оның әртүрлі себептері бар. Ең әуелі Абай тілін, Абай сөзін қасақана бұрмалау. Сол кездегі саяси ұстанымдарға байланысты Абай сөзін діни терминдерден аластау. Көп оқырмандардың, зерттеушілердің қазақтың көне сөздері мен көне ұғымдарынан, шығыс әдебиетінен алынған ескі сөздерінен мағлұматының аз болуы. Сондықтан осындай ұшан-теңіз мәселелерді өз орынына қою үшін Қайым Абай текстологиясымен өмірінің соңына дейін айналысты. Қайым Абайдың барлық өлеңдеріне, қара сөздеріне, мақалаларына, көлемді поэмаларына тұтас шығармашылығына түсініктемелер жазды. Ақынның тіл қолданысын, ой барлауын жүлгелей отырып ақын сөзінің тазалығын сақтады. Ең бастысы, әркімге телініп жүрген 31 өлеңді, өз иесі Абайға қайтарып берді. Егер Қайым Мұхамедхановтың осындай жанкешті еңбегі болмаса, бұл күнде біз Абай сөзін мұрындықсыз бұқадай сүйрелеп жүрер ме едік. 1995 жылы шыққан Хакімнің екі томдығы Қайымның қайраткерлігінің нәтижесінде жарық көрді. Өйткені, сол жылдардың өзінде Абай сөзін бұрнағы қалпында жарыққа шығарғысы келген ғалымдар тобы да болыпты. Қайымның күрескерлік рухы осы жерде де көрініс табады. Қайым Мұхамедханов тек Абай, Шәкерім, Алаш қайраткерлерінің текстологиясын ғана емес, Бұқар жырау, Махамбет және ежелгі батырлық жырлардың да сөз саптасына, байырғы қазақтың сөз саптау, сөз қолдану мәдениетіне, ескі дүниетанымына сүйене отырып сол мұралардың тіл тазалығын, ой тазалығын сақтап қалады.

Ендігі бір сөз Қайым Мұхамедхановтың Мемлекеттік рәміздерге қосқан үлесі туралы. Мемлекеттік рәміз сол елдің халықараралық мойындалған, азат, жеке ел болғанының көрінісі. Соның ішінде әнұран – мемлекеттің басты рәмізі болып саналатыны анық. "Гимн" сөзі ежелгі грек тілінен шыққан, біздіңше «салтанатты ән» деген мағына береді. Қайым Мұқамедханов әуелі қалың оқырманға ақын ретінде танымал болған. Және ҚазақКСР-інің ең алғашқы әнұраны мәтінін жазған автор. 1943 жылы ҚазақКСР әнұранын жазуға байқау жарияланғанда Қайым 27 жаста екен. Жазған өлеңі бірден конкурсты жеңіп алады. «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған»,- деп басталатын өлең мәтіні қазыларды бірден елең еткізсе керек. Осылай басталатын қуатты өлең сол кездегі жасы енді отызға келген композитор Мұқан Төлебаевтың да шабытын тасқындатып жібереді. Әнұран аса сәтті шығады. Дегенмен, сол кездегі саяси атмосфера «Ер қазақ» деген сөзді аса жақтыра қоймасы анық еді. Сонымен қазылар құрамында болған Ә.Тәжібаев пен Ғ.Мүсірепов «Ер қазақты» «Біз қазақ» деп жалғыз ауыз сөзін өзгертеді. Қайырмасында «Жасасын Советтер Одағы, Жеткізген еркіндік, теңдікке»,- деп келетін жолдар, әрине, коммунистік талапқа сай, идеологияны нәсихаттайтын сөздер екені анық. 1992 жылы Егеменді Қазақстанның әнұранын жазуға байқау жарияланады. Осы жолғы конкурсте де Қайым Мұхамедханов жазған өлең мәреден келеді. Дегенмен, қазылар алқасы әнұран мәтіні «авторлар ұжымы» арқылы шығатынын ескерткен соң, авторлықтан бірден бас тартады.

Қайым Мұхамедханов қазақ әдебиетіне ең әуелі ақын болып келді. Өмірінің әртүрлі алмағайып кезеңдерінде де өлең жазуды тастаған жоқ. Бала күнінен бастап өлең сөзге әуес болған Қайым, ең алғашқы өлеңдерін әкесінің шаңырағына үнемі ат ізін салып келіп отыратын Алаштың зиялыларына оқып береді екен. Әкесі оны асыл сөзге ерте баулыса керек. Алғашқы өлеңдері 1936 жылдан бері қарай мерзімді басылымдар да жариялана бастайды. Өмірінде жүзден астам өлеңдер мен поэмалар жазған. Бірқанша түрік тектес ақындардың өлеңдерін тәржімалаған. "Карлаг" лагерінде түрмеде жатқанда Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» повесін қазақы қара өлең мәнерінде, қазақы ұғымда, қазақы танымда еркін тәржімалап шығады. Бұл - өзі ұстаз тұтқан Абай мен Шәкерімнен қалған әдеби үлгі еді. Қайым сол үлгіні жаңғыртқан бірден бір тұлға.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар