Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақ әдебиетінің классигіне 90 жыл...

27.10.2014 5158

Қазақ әдебиетінің классигіне 90 жыл

                                                               jp.jpg

Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдық торқалы тойы қорытындыланды. Алматыдағы Ғ.Мүсiрепов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық балалар мен жасөспiрiмдер театрында салтанатты кеш өтті. 

91bb938d4c7161a52a43eb6eedd0241f.JPGМеркелік кеш, сүрлеуі бөлек сүбелі еңбектер жазған Б.Соқпақбаевтың шығармашылығындағы өткірлік пен сонылық, адами болмысы мен азаматтық өнегесін тағы да бір айшықтай түсті. 1924 жылы туған қаламгердің түйдей құрдасы, қазақ әдебиетінің ақсақалы, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Б.Соқпақбаевты халық жазушысы деп жатырсыңдар. Ол – үлкен сөз. «Халық жазушысы» указбен жазушы болмайды, халықтың қалауымен бола алады. Міне, Бердібек халықтың дара жазушысы, шын халықтікі. Ал бұл – Тәңірдің тумысынан, жаратылысынан, өз таланты, болмысымен де халықтың шын ұлы», – дейді жазушы жүрек жарды лебізінде. Сондай-ақ, жазушы Ә.Нұрпейісов «Жұлдыз» журналында редактор болған кезінде Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» деген әйгілі романын алғаш рет қолжазбадан оқып, қуанышпен журналға басқандығын айтты. 
Алайда Б.Соқпақбаевтың әдебиеттегі орны, шығармашылық биігі замандасы Ә.Нұрпейісов айтқандай айшықты болғанымен, әдебиет зерттеушілері мен сыншылары тарапынан «Соқпақбаев балалар әдебиетінің ғана жазушысы» деген тар өлшем, тысқары бағадан аса алмай отырғандығы өкінішті жағдай. «Бердібектің «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасы балалар әдебиетінің қайталанбас туындысы. Ал, «Қайдасың, Гауһар?» повесі, «Өлгендер қайтып келмейді» романы балаларға арналмаған. Бірақ бұл – атақты, әйгілі қазақ әдебиетінің классикалық шығармасы» – деп, бағалады жазушы Бексұлтан Нұржеке. Расымен де, қазақ қоғамы үнемі өресі биік жазушы, таңғажайып талант иелерін дер кезінде байқап, бағасына жете алмай кеш қалады. Бердібек Соқпақбаев та көзі тірісінде кеңестік идеологияның құрсауына түсіп, ұлттық болмысынан қожыраған қоғамдық санамен күрескен, жалғандыққа жанымен қарсы жазушы болды. «Б.Соқпақбаев қатал тұрмыстың, қатыгез қиыншылығымен қаншама рет бетпе-бет келсе де, мойымай ширай берді. Әділет үшін күрестен таймады», – дейді баяндамашы, сыншы Бекен Ыбырайымов. Баяндамада, жазушы шығармасындағы кейіпкерлер образы, мінез-құлқы, тіпті есімдерінің өзі Б.Соқпақбаевтың ішкі жан-дүиесін қарыған заманның запыранын, уақыттың асқынған әділетсіздігін, аяғынан ақсаған Кеңестік идеология мен мемлекеттік құрылымның кемшіліктерін мейлінше шенеп-мінеп, астарлы ақиқатқа көз жеткізетін шыншыл шығарма екендігі тереңінен қаузап айтылды. 
1413896783_l.JPGМерейтойға келген қазақ қаламгерлерінің бәрі де Соқпақбаевтың әдебиеттегі соқпағына тоқталып, әдеби сазды кештің мән-маңызын ашты. Ал сатирик жазушы Мыңбай Рәш Бердібек Соқпақбаевпен өткізген қызықты күндердің әзіл-әжуаларынан аз-кем естеліктер айтып, монологтар оқып, зал толы оқырманды күлкіге бөледі. Бұндай әзіл естеліктер Соқпақбаевтың адами болмысын ашатын, күнделікті дос-жарандары арасындағы әзілі жарасқан, тапқыр шешен ретінде де айқын көрсетіп тұр. Жиында сөз алған жазушы Дидахмет Әшімхан: «Бердібек ағамыз бір осындай жиын-тойға келсе, бір термеші сахнада терме айтып тұр екен. Терменің сөзі мынау: «Біріншіден не жаман, білімсіз болған сол жаман, екіншіден не жаман, еріншек болған сол жаман» деп шырқап тұрса, Бекең: «Мыңыншыдан не жаман, мылллжжжың болған сол жаман», – депті. Өмірде талай мылжыңдарды көріп жүрміз» – деп, Б.Соқпақбаев айтқан әзілдерді айта келіп, ««Менің атым Қожа» жазылғалы жарты ғасырдан асты. Бірақ Қожадай аты соншалықты кең таралған, бес-алтыншы класстың баласынан бастап, қартайған шалға дейін білетін қайсымыздың кейіпкеріміз бар?!» – деген сауал қойды әріптестеріне. Турасында да, Қожадай оқырманын мойындатқан даңқты кейіпкер қазақ балалар әдебиетінде бұрын-соңды кездескен жоқ... Тек қана Бердібектің еншісінде екен.
Салтанатты жиында ресми биліктегі мансапты өкілдерден де арнайы құттықтаулар келіп жатты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Сенат депутаты Н.Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің арнайы жіберген құттықтау хаттарын Б.Соқпақбаевтың ұрпақтарына табыстады. Ал Алматы әкімшілігі Б.Соқпақбаев тұрған Желтоқсан көшесіндегі үйіне ескерткіш тақта орнатып, Алмалы ауданынан бір шақырымдық көшеге жазушы есімін берген болатын. Енді бір мектеп жазушы атымен аталмақ. 
«Өлгендер қайтып келмейді» деген шығармасын жазып, келместің кемесіне өзі де отырып кете барған Б.Соқпақбаевтың сүрлеуі әдебиет әлемінде уақыт өткен сайын айшықталатыны даусыз. «Менің атым Қожаны» оқып, «Балалық шаққа саяхат» жасайтын қазақтың келешегі – жас тамырлар өркен жайып, ғасырлар көшкен сайын мәңгілік ұрпақ санасына Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары берік орныға түсетіні, одан сайын құндылығы арта түсетіндігіне сеніміміз кәміл.

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар