Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ аниматорлары шетелмен шендесе алатын мультфильм түсірді (фото, видео)

05.07.2018 3716

Қазақ аниматорлары шетелмен шендесе алатын мультфильм түсірді (фото, видео)

Кеше Астана қаласында «Мұзбалақ» толықметрлі анимациялық фильмінің көрсетілімі өтті.

«Қазақфильм» АҚ түсірген анимациялық фильм көрерменнің жоғары бағасын алып, бүлдіршіндерге ұмытылмас әсер сыйлады.

Басты сюжеті адалдық пен сатқындықтың, әділдік пен жауыздықтың, достық пен дұшпандықтың ара-жігін ажыратуға құрылған, адам мен қыран арасындағы рухани байланысты көрсеткен көркем туынды заманға сай талаптармен орындалып, балаларға да, ересектерге қызықты болуы үшін түрлі әзілдермен, тарихи таныммен, ұлттық рухпен, салт-санамен көмкерілген.

Ұзақтығы 67 минутты құрайтын көркем туындының қоюшы-режиссерлері: Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы.

Сценарий авторлары: Ербол Бораншы, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Адай Әбілда.

Қоюшы суретшілері: Адай Әбілда, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы.

Композиторы: Әсет Даненов

Барлығы 40 шақты жас маман тізе қосып, айтулы туындыны 3 жылда жасап шығарыпты.

«Біз «Мұзбалақ» мультфильміне кірісуден бұрын «Тастүлек» атты қысқа метрлі анимациялық фильмді жасаған болатынбыз. Сол кезде «Қазақфильм» АҚ басшысы Бақыт Қайырбеков «Тастүлекті» көріп, ары қарай толықметражды етіп жасауды тапсырып, қолдайтынын айтқан. Содан бастап осы «Мұзбалақ» мультфильмін Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жасап шықтық», - деді Тұрдыбек Майдан.

Ал фильмнің қазақы танымы туралы ой айтқан Тілек Төлеуғазы: «Сценарийді де барлығымыз бірге отырып жаздық, мультфильмді жасау кезінде де ақылдаса келе түрлі детальдар қостық. Мұндағы әр детальды тек бойында қазақы қаны бар көрермен ғана толық түсіне алады деуге болады. Мысалы, қыран туралы мультфильм жасау үшін шетелдіктер жыл бойы зерттеуі мүмкін, бірақ бәрібір қазақтың өзіндей қанық әрі нақты мінез-құлқын бере алмайды. Біз аңға шықпасақ та, аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендермен еріп, аңды қалай тұзаққа түсіруге болатынын да шет жағалап көзімізбен көрдік. Қыранды қалай қондырып, тұғырына қалай отырғызу қажеттігін, атты қалай баптап, қалай жарататынын, құсты қалай қолға ұстауға болатынын біздей, яғни қазақтай ешкім білмесі анық. Сондықтан да ұлттық дүниелерді қазақтың өзіндей ешкім түсіре алмайды. Осының арқасында көрерменге ұялмай ұсынатын дүние жасап шығардық деген ойдамыз», - деп атап өтті.

Айтса айтқандай, фильмде саятшылық өнердің қыр-сыры, адам мен қыран арасында байланыс өте жақсы көрініс тапқан. Қаймағы бұзылмаған қазақы өмір, ауыл ақсақалдарының сөз саптауы, батырдың мәрт мінезі, жауыздың қырық түрлі айла-әрекеті, қыздың қылықты көзқарасы, бүлдіршіндердің балаң былдыры көрерменді еріксіз тартып әкететін бұл мультфильмнің болашағы зор деп білеміз. «Азаулының Стамбулдан несі кем!», - демекші, бұл фильм әлемдік прокаттарда қыруар қаржы жинап, көрерменнің көзайымына айналған АҚШ-тық «DreamWorks Animation» киностудиясы түсірген «Айдаһарды қолға үйрету» («Как приручить дракона») атты толықметрлі анимациялық фильмімен иық тіресе алатындай деңгейде жасалған. Алайда олардың алып студия екенін, мыңдаған аниматорлар мен миллиондаған қаржының жұмылдырылғанын ескерсек, қазақ жігіттерінің маңдай тер, ыстық жүрекпен жасап шыққан дүниесінің бағасы арта түсетіні айтпаса да ақиқат.

Осылайша өзіміздің жас аниматорлар қазақ мультипликациясын тағы бір сатыға көтеріп отыр.

Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Мұзбалақ, мультфильм
(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар