Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қазақ драматургиясындағы жаңа қадам...

04.10.2017 12303

Қазақ драматургиясындағы жаңа қадам

Қазақ драматургиясындағы жаңа қадам - adebiportal.kz

(драматург Жолтай Әлмашұлының бір пьесасы төңірегіндегі ой)

Осы қазан айының соңына қарай тарихи шаһар – Түркістанда қазақ ұлтының аяулы ұлы, қоғам және мемлекет қайраткері, тұңғыш дипломат қазақ Нәзір Төреқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай ауқымды іс-шара өткізілмекші.

Міне, осы шара аясында қайраткер туралы ғылыми еңбек пен пьеса жазған белгілі Нәзіртанушы-ғалым, жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлының да 60-жасқа толған мерейтойы аталып, тиісінше құрмет көрсетілмек. Сол мереке қарсаңында біз өнертанушы-ғалым Г.Каримованың белгілі драматургтің бір пьесасы төңірегінде ой қозғаған мақаласын жариялап отырмыз.

Әдебиеттегі драмалық шығармалардың өзге жанрдағы туындылардан ерекшелігі, біріншіден, оның адамзаттың рухани болмысындағы шынайы сезiм мен құштарлықты психологиялық жағынан оқырман мен көрерменнің жан күйзелiсiмен ұштастырып, заманның келелі мәселелерін барынша шынайы суреттеуiнде болса, екінші жағынан, драмалық шығармалар көркем туынды (мәтін) түрінде оқырманына әрі сахналық қойылым түрінде көрерменіне жетеді. Әрине бұларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Себебі, драма жанры сахна, театр үшін де, көркем туынды үшін де қажет. Сахна өнерінің қашанда қайнар көзі мен арқауы – ұлттық драматургия.

ХХ ғасырдан бастау алған қазақ драматургиясындағы туындылар классикалық әдебиет үлгілері болып саналатын құнды шығармалар. Атап айтсақ, қазақ топырағында драматургияны дамытқандар қатарында Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шанин пьесалары ұлттық классикалық дәстүр жолын қалыптастырды және тағы басқа кейінгі толқын драматург-қаламгерлер шығармашылығы арқылы жалғасты.

Әдеби туындының ішкі әлемі, оның құрамы мен құрылымы өте күрделі. Автордың көркемдік әлемі мен әдеби кеңістікті тұтастықта зерделеу – оның поэтикасын талдау. Демек, поэтика – осыған дейін әдебиет теориясы ұғымымен бара-бар деп түсінілсе, қазіргі таңда әдебиет теориясының бір бөлімі, әдеби шығарманың теориясы, әдеби туындының көркемдік құралдары, тілдік, композициялық, типтік құрылымы, түрі, жанры туралы ғылым деген анықтама беріліп отыр.

Қазіргі қазақ драматургиясының шеңберіне тәуелсіздіктің тұсынан бүгінгі күнге дейінгі жазылған туындыларды қарастырып келе жатқанымыз рас. Ал дәл осы кезең – ғасырлардың тоғысына сәйкес келетін, дәстүрдің жаңашылдықпен үндескен кезеңі. Кейіпкер болмысын танытудағы психологизмнің қызметі, көркем шығармадағы баян­даудың жолдары, суреттеудің жүйесі, көркем мәтіннің семантикалық, стилис­тикалық құрылымы жайындағы ізденістер – қазіргі қазақ драматургиясының жанрлық сипатын айқындайтын параметрлер.

Сондай-ақ қазақ драматургиясының бүгінгі даму үрдісіндегі ерекшеліктердің бірі – адам психологиясын, ішкі жан сарайын ашуға, толығырақ түсіндіруге деген ұмтылыс. Осындай бағыттағы әдеби туындылардың бірі – Жолтай Әлмашұлының «Жапон аруының арманы» атты екі актілі новеллалық пьесасы. (Бұл шығарма 2009 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» атты жабық конкурста жүлделі екінші орынды иеленген.) Шығармада баяндалатын оқиға Астана қаласында және қала сыртындағы кішкене бұлақ басында өтеді. Оқиға желісі прологпен – Астана қаласындағы ғылыми зертханадағы қызметкерлердің өзара қызу талқысынан басталады. Мұсаханның әңгімесіне құлақ қойған жас ғалымдар Қазанаттың өміріне аяныш білдіріп, оның жаңа ортаға – үйірге келіп қосылғандағы жай-күйіне алаңдаушылық білдіреді. Бірақ Мұсахан әңгімесінің соңы аяқталмай, барлығы жиналысқа асығып шығып кетеді де, шығарманың «идеялық» кейіпкері Тәукенің сөзімен аяқталады.

Шығарманың сюжеттік-композициялық желісі бойынша бірінші актінің бірінші көрінісі қаладағы мейрамханаға жиналған жастардың отырысы арқылы басталады. Кейіпкерлер диалогынан бұл отырыстың себебі айқындалып, Нұрмұхан мен Меңжан махаббаты Қозы мен Баянның махаббатына теңеліп, оқиға өрби түседі. Оқиға одан әрі отырыстан кейінгі жастардың жапон әртістерінің қойылымын тамашалау үшін театрға баруымен жалғасады. Осы тұста тағы бір кейіпкер – жапонның әртіс қызы Алеко театр сахнасында оқыған монологымен танылады. Алекоға Меңжанның сүйіктісі Нұрмұханның ғашық болып қалуы оқиға желісін шиеленістіре түседі. Тартыстың екінші желісі театрдан шыққан жастардың отырысындағы оқиғалармен жалғасады. Нұрмұханның Меңжанға деген сезімінің аз уақыттың ішінде Алекоға ауып кеткендігін кейіпкерлердің барлығы байқайды. Алеко үшін де Нұрмұхан жақсы жағынан көрініп, ол оны жақын тануға ұмытылады. Театрға дейінгі Меңжанның туған күніне арналған отырыста барлығы, соның ішінде Меңжан Нұрмұханнан ән орындауын өтініп сұрағанда, ол көптің тілегін қабыл алмай, тек Абайдың қара сөзінен үзінді оқып береді. Тіпті отырыстан кейін театрға бару ұсынысы тасталғанда, ертеңгі жұмысын сылтау етіп барғысы келмеген Нұрмұханның театрдан кейін тағы бір жерге отырыс ұйымдастыруға қарсы еместігі, екінші отырыстағы Нұрмұханның Алекоға деген көзқарасы – оның ыстық сезімі мен құштарлығын көрсетеді. Алдыңғы оқиғалардан Нұрмұханның Меңжанмен қарым-қатынасында бір мәжбүрліктің барлығы байқалады. Кейін бұл ертеңіндегі оқиғамен дәлелдене түседі. Шығарма желісінде Нұрмұхан, Жомартбек, Ясу микробиолог ғалым ретінде үлкен жаңалық ашуды көздеп, Семей полигонының орнына қияр мен помидор егіп, тәжірибе жасап жүреді. Суреттелетін оқиғаның ертеңіне олар сол аймаққа жолға шығып, тәжірибелік қияр мен помидорды жинап алуы керек болады. Бірақ оқиғаның шиеленісуі олардың осы мақсаттарының орындалмауына алып келеді. Алеко мен Нұрмұханның бірге кетуі, оларды іздеп келген Жомартбектің Нұрмұханға айтқан сөздері шығарма желісінің негізгі идеясын, проблемалық тұстарын айқындай түседі. Алекоға көңілі ауған Нұрмұхан енді Меңжанды қайтпек? Олардың үлкен зерттеу жобасына бірден-бір ықпал етіп отырған адам – Меңжанның академик атасы. Бір жағынан Жомартбек Нұрмұханға егер Меңжанмен аралары үзілсе, бүкіл жобамыз, мақсатымыз, еңбегіміз зая кетеді деп түсіндіріп әлек. Екінші жағынан Нұрмұхан досының Алекоға деген сезімінің бір сәттік, алдамшы екендігін ұғындыра алмай әлек. Бірақ сезімді мақсаттан биік қойған Нұрмұхан Жомартбектің сөзіне тоқтай қоймайды. Осылайша Жомартбек бүкіл мақсаттарының күл-талқаны шыққанына, ертеңіне қатты алаңдаушылық танытып, күйіп-піседі. Бұл ретте осы шиелініскен тұста екі жақты мәселе көтеріледі. Біріншіден, бүгінгі махаббаттың есепке құрылатынын меңзесе, екінші жағынан Жомартбектің «Осы біз, қазақтар, неге бір істі бастап алып, аяғына дейін жете алмаймыз... Сөйтсем бәрі де мінезде жатыр екен, Былқылдақтық...», «Біз әуел баста мақсатты дұрыс қоя білмейтін халықпыз. Бәрі де жол жөнекей шешіледі. Жол-жөнекей айқындалады» деген сөздері арқылы осы заманғы қазақ арасында кең жайылған келелі мәселені көтеріп тұр.

Әрі мақсатына жетуді көздеп, әрі досының жағдайын ойлаған Жомартбек қулыққа көшіп, Алеко мен Нұрмұханның қайта кездесуіне кедергі болуға талпынады. Бірақ тартыс шешімі кейіпкерлердің барлығының кездесіп, ой бөлісуі арқылы табылады. Осы тұста ұлттық намыс, ұлтаралық неке, махаббат сезімі, жеке мақсат, мүдде, экологиялық зардап пен жан дүниенің тоқырап, бүлінуі сияқты мәселелердің түйіні кейіпкерлер диалогы арқылы көрініс береді.

«Қазаққа келін бола алмайтынын» түсінген, ұлттық сезімді махаббат сезімінен биік қойған жапон қызы Алеконың арманы – адамдардың ішкі жан тазалығы, жанның тазалығы экология салдарынан зардап шеккен тән саулығынан да маңызды екендігін ұғыну, соған жету.

Драматург шығарма прологында баяндайтын Қазанатпен байланысты оқиғаның басын бастап, соңын эпилогта аяқтауының өзінде үлкен астар бар. Қазанат образын деталь ретінде ала отырып, автор әр ұлттың өкілі өз атамекенінде, өз ортасында өмір сүру керектігін, олай етпеген күнде «үйіріне үйрене алмай жан тәсілім етеді» дегенді жеткізеді.

Шығармадағы кейіпкер Тәуке – сырт келбеті құбыжық тәрізді болғанмен, ақыл-есі түзу адам. Автор Тәуке образын әр көріністің аяғында сахнаға алып шығып отырады да, негізгі түйінді кейіпкердің сөзімен бірде ашық, бірде астарлы түрде жеткізеді. Тәуке негізгі кеңістік ретінде алынған зертханасындағы зерттеу нысаны ретінде жүреді. Оның тәніндегі бұзылыстарды зерттеп жатқан Нұрмұхан мен Жомартбек сияқты жас ғалымдарға Тәукенің реніші бар. Тәуке болып жатқан оқиғаларды сырттай бақылай отырып, адам терісінің тыртығын зерттегенше, ең алдымен адамның ішкі жан дүниесіндегі бұзылыстарды зерттеп, солардың емін табуға неге ұмтылмайды деген сауал тастайды.

Шығармадағы оқиға барысы кейіпкерлері Нұрмұхан мен Жомартбек, Нұрмұхан мен Меңжан, Нұрмұхан мен Алеко және Мұсахан, Ясу, Гүлжан, Тәуке арасындағы диалогтар арқылы өрбиді. Тәукенің мына сөздері шығарманың басты идеяларын айқындайды:

«Осылар... осылар үнемі асығады да жүреді. Не бітіріп жатыр екен сонда? Қоғам мынау... Адам мынау... Бүлінбеген не қалды бұл тірлікте... Бүлінбеген не зат бар!...»

«Өмір спектакль дедің бе? Ол не? Махаббат хикаясы ма? Оны кім жазбады?! Кім сахнада ойнамады. Ал мықты екенсіңдер, сырты құбыжық, іші мұнтаздай тап-таза адамды ойнаңдаршы. Ойнай аласыңдар ма?».

«Мәселе терідегі тыртықта ма? Жоқ, жан дүниедегі тыртықты неге көрмейді бұлар! Неге соны білгісі келмейді...».

Жазушының бұл шығармасы психологиялық-лири­ка­лық тұтастықтағы драмалық сипатымен ерекшеленеді. Қаламгердің драма­лық пьесаларының сюжеттік-композициялық желілерін тұтас­ты­рып, әуелі оқырмандарын одан кейінгі көрермендерін баурап отыратын поэтикалық және лири­ка­лық-психологиялық сарынды, романти­калық-реалистік әуенді тұтас­тық. Драма кейіпкерлерінің әрқайсысының әрекеті, рөлі өзіндік бір реалистік мақсатқа негізделген. Заманның ең бір осал тұсына айналған полигон зардаптарының көрінісі ретіндегі адам тәніндегі өзгерістер оның жанындағы тоқыраумен салғастырыла беріледі.

«Жапон аруының арманы» шығармасында автор түрлі көріктеуіш құралдар арқылы өзіндік идеясын ашық түрде де, астарлы түрде жеткізе білген.

Алеко: Мен қазаққа келін болу үшін келгенім жоқ. Қазақтың қызы қазаққа ғана ибалы келін бола алады.

Нұрмұхан: Ал өркениет, Жаһандану? Оны қайда қоямыз?

Алеко: Оның бәрі де ұлттық сезімді өшіре алмайды.

Гүлжан: Өмір деген – ақ пен қара тартысы. Мәңгілік тартыс...

Алеко: Зұлымдық – ауқымы кең өрт.

Дәл осы диалогтардан жапон қызының арманын айқын көруге болады.

Түптеп келгенде, Жолтай Әлмашұлының «Жапон аруының арманы» пьесасы – көркем шындық поэтикасы өрнектерімен оқырмандар мен көрермендердің қабылдау ықыласына кенелген көрнекті туынды.

Тәуелсіздік тұсынан бүгінгі күнге дейінгі қазақ әдебиетіндегі қай драматургті алсақ та, пьесалардың кез-келгенін алсақ та, заманға лайық кейіпкерлердің шынайы бет-бейнесін көреміз. Өйткені қазіргі драмалық пьесалардың бәрі сахнаға лайықталып жазылады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі бүгінгі қоғамда жазылған пьесалардан әрдайым заманның бейнесі сезіліп тұрады. Қазіргі драматургиядағы көркемдік әлемнің өзіндік ерекшелігі деп те осы қырын айтуға болады. Еліміз егемендік алған жылдан бері театр репертуарындағы тарихи қойылымдар, драма, трагедия, комедия жанры ерекше дамып келеді. Сол жеткен жетістіктердің арасында жоғарыда бір туындысы талданған драматург-қаламгер Жолтай Әлмашұлының да ойып алар орны зор.

Қорыта келгенде, қазақ сөз өнеріндегі дәстүрлі негізі әдебиет шығармалары мен фольклор мұраларында (би-шешендер сайыстары, ақындар айтыстары, жар-жар, беташар, алтыбақан, т.б.) негізі қаланған ұлттық сөз өнерінің драматургия саласы қазақтың рухани мәдениетінің әлем өркениетіндегі көрнекті орнын да танытты. Қазіргі қазақ драматургиясы әлемдік классикалық дәстүрді шығармашылықпен қабылдай отырып, ұлттық топырақтағы осы өнердің өркендеуіне жаңашылдықпен үлес қосып келеді.

Гүлмира Каримова,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

университетінің докторанты, өнертанушы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1) «Өрілген өмір өрнегі» (пьесалар), Астана, 2012 жыл

2) Ж.Әлмашұлы, «Жеті жебе», Астана, 2012 жыл

3) Ж.Әлмашұлы, «Ел мен Елес», Астана, 2014 жыл

4) Ж.Әлмашұлы, «Сталинмен бетпе-бет», Астана, 2017 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар