Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ фольклорының қалыптасу тарихы туралы

14.09.2020 4140

Қазақ фольклорының қалыптасу тарихы туралы 12+

Басы мына жерде.

Әлікей Марғұланмен қатар, қазақ эпосын тегі мен жанры жағынан бөліп көрсеткен келесі бір сүбелі еңбек иесі – фольклортанушы Әуелбек Қоңыратбаев. Ғалым қазақ эпостарын дәуірлік тұрғыда он кезеңге бөлген: 1. Ертегілік эпос. Бұған сонау сақ, ғұн т.б. көне тайпалық кезеңдерде шыққан, эпос пен ертегі әлі ара-жігін ажырата қоймаған кезеңде туған «Ер Төстік», «Құламерген», «Дотан батыр», «Мұңлық-Зарлық» қатарлы көне ертегілерді жатқызылған. Олардың көне болатыны, кейіпкерлері мен олардың іс-әрекеті мифтік ұғымдармен астасып жататындығында. 2) Еуразия даласында кейінгі қуаты жазу-сызулы көшпелі мемлекеттер қалыптасып, өз ізін қалдырған, атап айтқанда Түрік қағанаты дәуірінде туған жылнамалық эпостар жатқызылған. Бұған Монғолия мен Ресей жерлерінде біршама сақталған, әсіресе, Орхон өзені бойындағы тас ұстындарда бәдізделген Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегін жырларын енгізген. 3) Сырдария бойында қалыптасып, Кіші Азияға дейін қанат жайып, бүгінгіге жеткен оғыз дәуірінде қалыптасқан Оғыз эпосы. Бұл данегізінен жазба эопс екені белгілі Әлемнің бірнеше елінің кітапханасынан табылған «Қорқыт ата кітабы» жырлары- бұл кезеңнің басты рухани жәдігерлігі. 4) Еуразия құрлығындағы орасан зор жаулаушылық жорықтарынан кейінгі қалыптасқан бытыраңқылық тайпалық дәуірлерде қалыптасқан тайпалық эпостар. Қазақ әдебиетіне етене таныс, әсіресе орта ғасырлардағы көшпелі тайпалар арасында шыққан «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар», т.б. жырларды осы кезеңге жатқызған. 5) Шыңғыс ханның ұрпағы Ноғайдың соңынан ерген халыққа атау болған ноғайлы эпостары. Бұл топқа қазіргі қазақ даласынан Кавказдың терісітігіне дейін ен жайлаған халықтың ортасында туып қалыптасқан «Ер Тарғын» және Ұлы Отан соғысы жылдарында Мұрын Сеңгірбаев арнайы жырлап, руханиятымыздың алтын қорына сақтатып кеткен «Қырымның қырық батыры» цикльді батырлық жырларды жатқызған. 6) Тарихи эпостар. Аты айтып тұрғандай, бұл жырлар белгілі бір тарихи оқиғаға немесе тарихи тұлғаға қатысты туған жырлар. Патшалық Ресей отаршылыдығы арта түскен дәуірден бері қарайғы «Базар батыр», «Бекет», «Досан батыр», сондай-ақ 1916 жылғы оқиғаға қатысты туған «Бекболат батыр», «Амангелді» т.б. поэмалар мен дастандар жатқызылған. 7) Қазақ әдебиетінде ежелден қалыптасқан өнімді эпсотық жырлардың бірі – ғашықтық хикаялары немесе лиро-эпостық жырлар. Бұған қазақ даласында әр дәуірде туып қалыптасқан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман- Шолпан» т.б. эпостық жырлар жатқызылған. Шындығында, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры сонау түргештер дәуірінде туып қалыптасқан делінсе, «Айман-Шолпан» жыры ХІХ ғасырдың ортасында туған. 8) Қазақ халқына ежелден бері етен болған фольклорлық немесе авторлық көлемді жырлардың бірі – шығыс дастандары. Бұлар да көбінесе ғашықтық хикаяларына немесе діни сарында болып келетін жырлар. Олардың қатарында қазақ тілінде нәзирагөйлік үлгісімен жырланып, ел арасына кең тараған «Рүстем-Дастан», «Шәкір-Шәкірат», «Сал-сал» т.б. қиссалары бар. 9). Қазақ әдебиетінде авторлық эпостардың да мол қоры бар. Авторлық эпостарға әр кезеңдерде жеке ақындар мен жыраулар шығарған дастандар жатады. Оларға «Ер Еспембет», «Мүйізді Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Нарқыз», «Қарға батыр» т.б. жеке авторлық туындылар жатқызылған. 10). Кейінгі кезеңдерде, яғни Кеңес дәуірінде туған эпостар. Оларға Мәлік Ғабдуллин (Жақсыбай Жантөбетов «Мәлік батыр»), Жақан Сыздықұлы («Қос қыран») т.б. эпостық сарындағы туындылар жатқызылған.

Қаншама дәуірлерді, жылдар мен ғасырларды басып өтіп, бойына халықтың дүниетанымдық түрлі көзқарастарын барынша жинақтап, дәуірлік және дәстүр негізінде өзіндік арнасын қалыптастырған қазақ эпостарын тегі мен түрлері жағынан топтастыру – қалай боғланда да жеңіл жұмыс емес екені бесенеден белгілі. Мысал үшін, мұңдағы оғыз эпосы, тайпалық эпос, ноғайлы эпосы деп бөлек-бөлек қарастырылып берілген жырлардың бәрі – шындығында, барлығы да біркелкі «батырлық жырлар» болып саналады. Демек олардың ара-жігін ажырату қандай критерийге сүйенілуі керек? Өйткені, бұлар шығу тегі жағынан ғана болмаса, жанрлық түрі, мазмұндық сипаты тұрғысында барлығы бірдей батырлық жырлар екендігі талассыз ғой. Ал, келесі бір проблема: авторы белгілі эпикалық шығармаларды ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлі де толық жігі ажырамаған байланысына куә демесек, оларды да таза фольклордың үлгісі деудің қисыны келмейтіні тағы анық. Мысалы, Жақсыбай Жантөбетовтың «Мәлік батыр» дастаны – таза фольклорлық сипатқа да, жазба поэмалық сипатқа да ие туынды. Демек, ауыз әдебиеті туындысына жататын болса, онда оның сол әдебиеттің заңдылығына сәйкес екендігі нақты дәлелденуі керек болмақ. Нақтылап айтқанда, кейінгі ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде туып қалыптасқан эпикалық шығармалардың біразының белгілі авторлары бар деп есептесек те, олардың жасалуы жағынан көп нұсқалы болып келетіндігі, ондағы мазмұндық тұрғыда халықтың арман-тілегін, мұрат-мақсатын романтикалық сарында барынша жинақтаулары эпосқа тән белгілерге сәйкес келетіндігі тайға таңба басқандай анық қой. Бұл тұрғысында тарихи жырларға қатысты тұщымды ой-пікірлер мен арнайы зерттеу еңбектер де баршылық.

Қазақ эпосын зерттеу бойынша академик Мұхтар Әуезов, профессор Мәлік Ғабдуллин, Тұрсын Сыдықов, Сұлтанғали Садырбаев, Рахманқұл Бердібаев, Оразгүл Нұрмағанбетова, Бақытжан Әзібаева, Ысқақ Дүйсенбаев, Шәкір Ыбыраев тағы басқа да белгілі фольклортанушы ғалымдар еңбектерінде эпосты жанрлық тұрғыдан жіктеудің алуан түрлі нұсқалары берілгендігін атап өткен жөн. Жоғарыдағы атап өткен және басқа да белгілі фольклортанушы ғалымдардың тұжырымдарын ескере отырып, қазақ эпосын жанрлық тұрғыдан төмендегідей бірізділікпен жіктеу дұрыс деп танылғандығын көреміз: Атап айтқанда, 1. көне эпостар; 2. батырлық эпостар; 3. лиро эпостар; 4. қисса-дастандар; 5. тарихи эпостар; 6. Шынайы тарихи эпостар. Бұл атап көрсеткен жіктеу – эпостарды жанрлық тұрғыда саралауға қатысты бұрынғы-соңды көптеген нұсқалар арасында ең ыңғайлысының бірі екендігін, оған бажайлап ой жүгірткен адам бірден аңғаруға болады. Қазақ халқының ертеденг қалыптасқан бай эпостық мұраларын жанрлық тұрғыдан осылайша талдап жіктеу – жоғарыдағы атап өткен жырлардың дәуірлік шығу тегіне және біртіндеп қалыптасып дамуымен байланысты. Сондай-ақ олардың дәуірлік жағынан тақырыптарға бөлінуі де назардан тыс қалмауы тиіс. Эпостық туындыларды жанрлық түрлерге жіктеу мәселесінде ескерерлігі: жанр мен жанрдың аралық шекарасы өзгермеушілігі, эпикалық жырлар табиғатындағы өзгерістердің болуы.

Әр түрлі көлемдегі, мазмұндағы эпостардың әр кезеңде оқырмандарға, тыңдармандарға қалай қабылданатыны да өзекті мәселе болып саналады. Бұл – әр дәуірде берілген ақпараттарды қабылдаудың тәсілдері өзгеруіне де байланысты болып келеді. Мысалы, көне батырлық эпостардың шығу тегі мен қалыптасу заңдылығы бүгінгі оқырманды ертегілер әлеміне жетелейді. Бұл эпостар туған кездегі тыңдарманның қабылдау әсері мен қазіргі дәуірдегі тыңдарманынң түйсінуі – екібасқа екені анық. Мақаланың басында айтып өткеніміздей, эпостық туындының бұрынғы тыңдаушысы мен бүгінгі оқырманы арасында жер мен көктей айырмашылықтар бары да өмір шындығы болып табылады. Жалпы алғанда ел қорғаған батырлар ерлігін дәріптеу - ертегілерден басталғаны ақиқат шындық. Осы жанрдың дамуы тұрғысында айтқанда, сол ертегілердің қарасөзбен қатар, келе-келе біртіндеп прозадан поэзиялық құрылымға ие болып, одан кейін жетіліп, өсе келе көлемді эпос болып жырлағандығын көруге болады. Мұны біз қазақ фольклорының әйгілі «Ер Төстік», «Жерден шыққан Желім батыр», «Құламерген» т.б. ертегілерінің қарасөздік және жырға айналған нұсқалары болуымен түсіндіре аламыз. Нақтылай айтқанда батырлық жырлар дегеніміз – өмірдегі болған істің ертегілік болмыспен баяндалуы болуы да мүмкін. Сондықтан да кез келген батырлық жырларда өмірдегі адам мүмкіндіктерінен тыс немесе асқақ романтикалық сарындағы іс-әрекетке ие қаһармандар жиі кездеседі. Оның себебі, егер батырлық жырлар дәл осы асқақ рухтағы әдіс-тәсілдермен жырланып, жеңілмес рухпен өрнектеліп, орасан қалыпта сомдалмаса, онда мұндай туындының оқырмандар мен тыңдарманға әсері де тым күшті болмаған болар еді. Мысал үшін, Қобыланды батырдың жастайынан жауын жайратуы, астындағы Тайбурыл тұлпардың алты күнде алты айшылық жерді алуы т.б. гиперболалық сипаттарды айтуға болады.

Осы ретте эпос туралы сөз болғанда, көбіне оны жырлап, айтушыларға қатысты мәселелерге де үлкен мән берген дұрыс болмақ. Қндай да болмасын түрдегі эпостық жырлардың бастапқы, кейінгі айтушыларын болжалдап болса да іздеу – олардың алуан түрлі нұсқаларын салыстыру және көп нұсқалы болу себептерін ашу маңызды болып табылады. Фольклордағы осынау аса маңызды заңдылықты ескермей, әдетте көбінесе олардың тарихи шығу негіздерін ашуға ұмтылу – фольклортану ғылымын жалаң теорияға ұрындырып, жаңсақтыққа жетелеп келе жатқан жағдай болып табылады. Шынтуайтында, кез келген эпос әу баста қандай көлемде болды, қалай пайда болды, оның туып қалыптасу барысы қай кез және ол эпостың көлемденіп жарқырауына әсер еткен, басты жырлаушылар кім деген мәселелерді анықтау дегеннің өзі, негізінен тарих ғылымының қарастыратын мәселесі екендігін де анық білу қажет болмақ. Бұл жерде тарих пен әдебиеттану ғылымдарының өзара байланысы мәселесі жатыр. Жалпы алғанда ерлік туралы жырлар әу баста ертедегі тайпалар дәуірінде туған деген пікір жиі кездеседі. Дегенмен, кейбір зертетуші ғалымдар бұған да сыни тұрғыда қарау керек деп есептейді. Оның себебі, егер батырлық жырлардың барлығы ертедегі тайпалық дәуірде пайда болды деп санайтын болсақ, мұндай жағдайда бүкіл ертегілердегі ерлік пен даңқтың құны көк тиынға татымай қалуы мүмкін екендігін атап көрсететін зертетушілер де бар. Олардың айтар уәжінше, ертедегі тайпа дәуірінде отбасы ғана бар, тайпа әлі жоқ. Олардың эпостық желісіне арқау болған оқиға – отбасылар бір-біріне жаулық жасауы болғандықтан, дәл осы аласа белес арқылы мұндай даңққа жету мүмкін емес дейді.

Ал, батырлық жырлардағы пафос та бөлек. Оларда оқиға белгілі бір үлкенді-кішілі тайпалар арасында өтетіндіктен, қарсылас хас дұшпаны бастаған жау тайпа белгілі. Мұнда бір тайпаға жасалатын қастандық, жауыздық басқа тайпалардың тарапынан туады. Ол тайпаның ажулығына бұл тайпаның батыры қарсы тұрып, әділетті жеңіске жетеді. Міне, эпосты жырлаушының ең басты дүниетанымдық деңгей биігі дәл осы тұста анық көрінеді. Егерде эпосты жырлаушы жыршы аталғн батырлық ертегіні көлемді батырлық жырға айналдырар болса, онда оның таным биігін сол заңдылықты сақтайтынын жырдағы сюжеттен анық тани аламыз. Демек, эпосты айтушылар мен олардың таным көкжиегіне де мән беруіміз қажет болады. Осы тұрғыдан алғанда, эпосты айтушылардың өзін таным көкжиегі деңгейіне қарай бірнеше топтарға бөлуге тура келетіні анық. Сондықтан да эпосты айтуға, шығаруға қабілетті, суырыпсалмалық өнер адамдарын мынадай жіктеулермен сипататуға болатын шығар: жай айтушылар, кәсіби деңгейде айтушылар (жыраулар), қиссашыл ақындар. Олай бөлудің себебі: ертегілер, тұрмыс-салт жырларын, отбасылық ғұрып өлеңдерін аса үлкен есте сақтау және орындаушылық қабілетті қажет етпейтіндіктен, көптің ортасында жай айтушылар бастаса, көлемді әрі синкртетті орындаушылықты талап ететін эпостық жырларды алқалаған әлеуметтің ортасында кәдімгі кәсіби айтушылар айтатын дәстүр болған. Ал белгілі бір көпке танымал батырлық немесе ғашықтық эпосты тақырып қылып, нәзира үлгісімен әр кезеңде жырлағандар – кітаби, қисса ақындар. Жалпылай алғанда, мынадай бір заңдылық бар: батырлық эпосқа дейінгі көне эпостардағы жыр қаһармандары жалғыз өзі жүріп, тек өзінің отбасын қорғау мақсатында, өзі тұрып жатқан ареалда тіршілік етеді және әрдайым аңшылықпен күн көреді. Мысалы, өзімізге әбден атныс «Керқұла атты Кендебай» ертегісінің өлеңмен айтылатын нұсқасында дәл осы сипат барын атап өткен жөн. Бұл батырлардың жекпе-жекте айқасатын жаулары әрдайым мифтік кейіпкерлер болып келеді: мыстан кемпір, жеті басты жалмауыз, алып аждаһалар, жеті қат жер астында немес алты қабат аспанның үстіндегі, әдеттегі адамдардан мүлде өзгеше сипаттар мен кейіптегі болмыстар болып суреттеледі. Мұндай ертегілік эпостық туындылар пайда болу кезеңі тұрғысында аналық ерікті салт дәуіріне тән болып келеді. Сондықтан да мұндай ертегілік эпостардың басты кейіпкерлері көбінесе әйел затты болып келетінін аңғару қиын емес. Мысал үшін, қазақ ертегілерінде жиі кездесетін Перінің қызы Бекторы, Жалмауыз кемпір, Мыстан кемпір, жас қыздар кейпіндегі пері қыздары т.б. осының дәлелі. Эпостық ертегілердегі барлық пәле-жаланың қайнар көзі, бастаушысы және отбасына қасірет әкелетін қасіреттің қайнары – зұлымдықтың туын тіккен алпыс екі түрлі айлалы Мыстан кемпір болып жатады. Түрі ұсқынсыз, қулығына құрық бойламайтын Мыстан кемпір көбінесе, батырдың әлдеқалай сеніміне кіріп алған соң, ең алдымен батырдың әйелін азғырып, оны теріс жолға түсіреді. Мысал үшін «Жандыбатыр» ертегісінде осындай жағдай кездеседі. Жандыбатырдың әйелінің басын айналдырып, одан күйеуінің жаны қайда екендігін білу – Мыстан кемпірдің басты мақсаты болады. Бұл мақсатына жетеді де. Мыстан кемпір арқылы пайда болған осындай үлкенді-кішілі проблеманың ақырында, жолында кездескен көптеген қиындықтарды көре отырып, айлалы да қайратты батыр соның бәрін еңсереді. Ертегінің финалында қатерлі жаумен жекпе-жек айқасып, айқын басымдықпен кейде өзі, кейде өзге бір кейіпкердің көмегімен жеңіске жетеді. Эпостық жырлардағы және бір ортақ ұқсастық: батырдың жеңіске жетуіне ақыл-парасаты биік басқа бір әйелдің көмегі тиіп отыратындығы, немесе сол қиындықтармен басты қаһарманның әйелі екеуі қатар күреседі. Мысал үшін, «Ер Төстік» ертегісінде Кенжекей мен Ер Төстік жер асты, жер үсті жауларымен ақыл-парасатын жұмсай жүріп, бірлесе күресіп жеңіске жетеді. Мұндай ұқсастықтағы сюжеті бар ертегілік эпостар қазақ фольклорында аз емес. Айта кетерлігі, олардың бәрінде де матриархаттық сипат бар деуге әбден болады. Мұндай сипаттағы көне эпостарға «Құламерген-Жоямерген», «Дотан батыр», «Ер Төстік», «Жерден шыққан Желім батыр» т.б. ертегілік сипаттағы біршама көлемді ертегілер жатады. Ертегілік эпостарға қатысты, жоғарыдағы ойды түйіндей айтар болсақ, матриархаттық сипаттағы көне эпостар ғасырлар, дәуірлер жүзінде өз бойына халықтық көне мифологиялық таным-түсініктерді молынан сіңіргендігін көреміз. Және олар толық мемлекеттік құрылыс қалыптасқанға дейінгі балаң дәуірлерді көрсететін туындылар болғандықтан, кейінгі батырлық жырлар сияқты кейбір сипаттарға әлі де ие емес. Себебі, мұндағы ерлік батырдың отбасы және өзінің шағын мекені үшін ғана жасалады дегенді басында айтқан болатыбыз. Бірақ бұған қарап, шағын ертегілік эпостардың көлемді батырлық жырлармен сабақтастығы мүлде жоқ деуге тағы болмайды. Сондықтан да төменде атап өтілген көне эпостардың мазмұнына қарай іштей жіктелуін алдымен жақсы түсінген дұрыс болып табылады.

Әдетте, көне эпостағы батырлардың күші кәдімгі өмірдегі батырлардан ерек, аса ересен болады. Олардың бойындағы күштің алапаттығы соншалықты: олардың тітіретткен айқайынан ну орманның ағаштары қоғадай жапырылып, үйдей-үйдей тастар тозаңдай ұшып, тарыдай талқан болып, алып таулар жермен-жексен болып тегістеліп жатады. Осы бір ғаламат әсірелеу, гиперболалық өлшемдегі ерекшеліктердің жұқанасы кейінгі шыққан көлемді батырлық эпостарға даазды-көпті әсер еткенін көреміз. Мұны көпшілікке аса танымал «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» жырлары, «Қырымның қырық батыры» циклі және т.б. көруге болады. Атап айтқанда, батырлардың өзі де жылдам өсіп, ержетіп жатады. Жеті жасында жауға шабады. Батырдың өзінің іс-әрекетіне оларй, олардың астына мінген тұлпарлары да «астыңғы ерні қыбырлап, үстіңгі ерні жыбырлап» сөйлейді, иесімен «ақылдасады». Осынау ертегілік сипатқа орай, олар жалғыз өзі тұлпарына мініп жауға шапқанда алты айшылық жерді алты күнде басып өтетіні, алты құлаш қамалдан секіріп өтіп, бүкіл бір қаланың ішіндегі қырық сан қалың әскерді үш күн үш түн соғысып, жалғыз өзі жайратып жіберуі, олардың «суға салса батпайтыны, отқа салса жанбайтыны» секілді мифтік сарындар – біз атаған, алдындағы көне эпостардан қалған көптеген дәстүрлерді қабылдап, оларға тән сипаттар мен белгілерді өз табиғатына сіңіруіне байланысты екендігі анық. Қорыта айтқанда, қазақ батырлық жырларындағы ең басты мәселе – қаһарманның елі мен жері үшін қасекі жаумен айқасқа шығуы екендігі белгілі. Осы бір үлкен ізгі мақсат үнемі тайпадан біріккен ел болып қоғамдасу істерін тарихи тұрғыдан терең түйсінуді талап ететіні анық. Осы бір аңсар арман барлық фольклорлық туындылардың сарынында бар деп сеніммен айтуға болады.

Тұтастай алғанда, қазақ фольклорының үлкен бір саласы батырлық, ғашықтық жырлардың туып қалыптасуы турасындағы ой-пікірімізді жинақтап, түйіндейтін болса, олардың бір ғана критерийіне емес, алуан қырларын алып қарастыра отырып, қорытынды шығару қажет болады. Атап айтқанда, эпостардың болжалды шығу дәуіріне, біртіндеп қалыптасу кезеңіне, ондағы баяндалатын алуан түрлі оқиғалардың мазмұнына, кейіпкерлер мен олардың іс-әрекетіне, т.б. сипаттары мен белгілеріне қатысты болады. Эпостық жырлардың шығу кезеңдеріне байланысты түрлі дәуірлерге бөлу, жанрлық сипат-белгілеріне қатысты өзара топтастырудың да көптеген зертетуші ғалымдар ұсынған алуан түрлі нұсқалары барлығын да ескерген дұрыс. Эпостық жырлар – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтап, сақтап келген баға жетпес рухани байлығы. Қазақ фольклорындағы төрт жүзден астам үлкенді-кішілі эпостық жырлар – біздің төл әдебиетіміздің, тіліміздің қаншалықты бай екендігінің айқын көрсеткіші. Эпостық жырлардың көлемі жағынан да сан алуан екендігін ескер отырып, кейінгі дәуірлерде туып шыққан эпостық жырлардың аса көлемді бомайтындығын ақпаратты беру мен қабылдаудың тәсілі мен сипаты өзгергендігімен түсіндіруге болады. Эпостық жырлардың бұрынғы кезеңдердегідей көлемді болмайтындығының тағы бір себебі, оны сағаттар бойы мүдірмей жатқа айта білетін орындаушылардың да сирексуінен болар. Бірақ, анық дүние – қазақ халқының бұл эпостық туындыларды сақтап, қазіргі дәуірге жеткізуі, аз болса да, эпостық туындыларды жатқа айтатын жыршылар мектеп өкілдерінің болуы. Эпостық жырлары бар елдің бүгінгі ұрпақтарын патриоттық тәрбиеге баулу үшін қазақ балаларына мектепте оқып жүргенде-ақ эпостық туындыларды жаттатып өсірген дұрыс болмақ. Бұл тұрғыда қазіргі күні «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтушылар сайысы республикалық көлемде өткізіліп жүрендігінен хабарымыз бар. Бұл өте ілкімді іс-шара.

Осы және өзге де көптеген іс-әрекеттерге қарап, қазақ эпосының болашағы әлі алда деп сенім білдіруге болады. Қазақ фольклоры, оның ішінде батырлық жырлар ұрпақтар жадынан ешқашан да өшпеуі тис. Себебі, Жер шарындағы экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан ең дамыған әрі беделді мемлекеттердің халқы өзінің арғы ата-бабасынан мирас болып келе жатқан фольклорлық мифтерге еш шүбәсіз, имандай сенетінін көріп жүрміз. Осыны ескере отырып, болашақта біздің қазақтың кейінгі буыны да төл эпостық туындыларын құрметтеп, оқып танысып, ондағы өршіл қайратты үшін мақтан ететін сәт те келіп жетер дейміз.

Көрнекі суреттер ашық интернет көздерінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар