Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ халқының санасындағы жауынгерлік рухқа аз-кем шолу

07.05.2020 884

Қазақ халқының санасындағы жауынгерлік рухқа аз-кем шолу 12+

Адамзат қоғамында меншіктік, мүліктік қатынастар қалыптасып, мемлекеттер пайда болуы – мұны қорғайтын әскердің де қалыптасу кезеңі болып саналады. Иә, алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде халық пен әскер бірдей ұғымда болғаны анық. Себебі, сырттан қауіп төнгенде мемлекеттегі әрбір қолына қару ұстай алатын ер азамат, тіпті қажет болса әйелдердің өзі қару-жарағын асынып, ел қорғауға шыққан. Отырықшы мемлекеттер қазынадан арнайы қаржы бөліп, тұрақты әскер ұстаған болса, жартылай отырықшы, көшпелі мемлекеттер қажеттілік туған жағдайда әр бес отбасы бір жауынгерді ат-көлікпен, қару-жарақпен, азық-түлікпен толықтай қамтамасыз етуге тиіс болған. Сонау Ғұн империясынан кешегі Қазақ хандығына дейінгі қазақ тарихына қатысты барлық мемлекеттердің әскери құрылымы осылай болды. Бірақ тұрақты бюджетті армия мен жалақылы сардарлар мен сарбаздарсыз-ақ жиырма бес ғасыр бойы барлық ұлы шайқастарда көшпелілердің атты әскері басым түсіп отырған.

Ерте күнде, отты күннен ғұн туған,

Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам.

Жүзімді де, қысық қара көзімді,

Туа сала, жалынменен мен жуғам, -

деп Мағжан Жұмабаев жырлағанындай, Сары теңіз бен Альпі тауының арасында еркін билік жүргізген ғұндардың Тұман, Мөде, Еділ қатарлы ұлы қағандары – біздің халқымыздың жауынгерлік рухының арғы бастауы еді. Еуропадағы буржуазиялық төңкерістер нәтижесіндегі ғылым мен техниканың жетістігіне сүйенген еуропалық отырықшы елдердің армиясы ХҮІІ ғасырдан бастап көшпелілерден басым түсе бастады. ХҮІІІ ғасырда бұл үрдіс дамып жетіле келе, мылтық, зеңбірекпен қаруланған кәсіби армияның азғана тобы көшпелілердің сан жағынан әлдеқайда басым қолының бетін оңай қайтаратын болды. Еуразия даласындағы қазақ, қалмақ, қырғыз, монғол, ноғай, түркмен, башқұрт т.б. ежелгі жауынгер халықтар осылайша, бірінен кейін бірі отаршылдық қамытын киюге мәжбүр болды.

Күш кеміді, айбынды ту құлады,

Кеше батыр – бүгін қорқақ бұғады.

Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,

Қан суынған, жүрек солғын соғады, -

деп Мағжан осы бір кезеңнің, бодандықтың қамытын киген қазақтың санасы сансырап, торыққан халін сипаттаған. Мағжан өлеңдеріндегі асқақ рух қазақ халқын «қан суынған, жүрек солғын соққан» бей-жай халінен серпілтіп, рухын оятуға әсер етпей қалған жоқ. Алаш арыстары «Оян, қазақтап!», «Маса» болып «ызыңдап», «Ұйымдас, ұрандас, жағалас!» - деп қайраттандырып баққанымен, ұлт рухының оянуына қас өктем күштер олардың асқақ үнін тұншықтырып бақты, ақыры шыбын жандарын қолдан жасалған зобалаңның жазықсыз құрбаны етіп өз ажалынан ерте қиды. Бірақ олардың асқақ рухы өлген жоқ, сәтті күні туғанда халқыменен қайта қауышты. Ондаған ғасырларға созылған өршіл рух қазақтың қанында өлмеген екен. Сонау көк түріктер заманында: «Жоғарыда Көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаратылған. Адам баласының үстінен менің үлкен бабам Бумын, Естеми қағандар отырған. Бұлар қаған отырып, дүниенің тқрт бұрышын алған. Дүниенің төрт бұрышы соларға қараған!» - деп, өздерін жер тәңірісіндей санаған ер халықтың ұрпағы қанында мемлекетшілдік сананың титімдей болса да тамшысы қалған екен. Сол көк түріктер заманынан әлдебір ғайыптың күшімен сонау ежелгі Өтүкенде, кейінгі монғол даласында сақталып жеткен тас ескерткіштердегі ұлттық рухтың өршіл қуаты осылай асқақтайды. Бұл заман:

Шүкір!

Елім ел болды.

Ерлерімді былай қойғанда,

Құлыма дейін өр болды! (Т.Медетбектің еркін жырлауы бойынша)

Бір замандарда ерікті ерлері түгілі, есіктегі құлына дейін өр болған, төрт төңірек, сегіз тараптағы барша халықтың атының басын бір кезеңге тіреген, түстігіндегі ежелгі көршісін ақ қорғанын ғасырлар бойы ұзартып, қалыңдатып, биіктетуге еріксіз мәжбүрлеген түркілердің бұлардан кейінгі ұрпақтары да ешкімге есесін жібермеген екен. Шығыстан қыбырлай қаптаған қытайға да, батыстан жөңкілген арабтарға да тойтарыс берген – біздің көшпелі бабаларымыз. Көшпелілердің сайыпқыран қағаны Шыңғыс хан мен оның ұлдары, немере-шөберелерінің лықсыған қалың қолының таңдаулы түмендерін құраған кешегі бабаларымыз Еуразияның байтақ атырабын ат тұяғымен дүбірлете жүріп, тарихта із қалдырды. «Күннің нұрынан жаратылған алтын ұрпақ» деп дәріптелген Шыңғыс қағанның ұлты, руы, діні, тілі туралы орынды-орынсыз таластар бүгінгі күні әлемжелідегі ондаған ұлт өкілдерінің көкпарына айналғалы қашан. Біз үшін анығы – Шыңғыс ханның Жошыдан тараған ұрпақтары Керей мен Жәнібектің бүгінгі Қазақстан мемлекетіне негіз болған Қазақ атты хандықтың негізін құрғандығы. Бұл заманда да қазақтың көңілі көкте, ерлерінің рухы биік, айналасындағы ірілі-ұсақты мемлекеттер еріксіз санасарлықтай жағдайда еді. Жәнібек пен Қасым, Хакназар мен Есім, Жәңгір мен Тәуке хандардың қалың қолы айбарлы, рухы өр, жорық жырауларының жырлары отты еді. Олардың сана-сезімінде қорқып-бұғу, кібіртіктеп ығу деген қалып күйлер мүлде жоқ, бір өңшең асқақ романтика. Күнделікті өмірдің күйкі күйбеңі жайлы жолдар мүлде дерлік жоқ.

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәпірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан

Сүйінішұлы Қазтуған! –

деп ен тоғайлы Еділдің бойында еркіндеп өмір сүрген Қарғабойлы Қазтуған жырау өзін көтермелей, асқақтата жырласа, ХҮІІІ ғасырда, қазақ пен жоңғардың ғасырдан астам уақытқа созылған өзара тынымсыз қаржасуының шырқау шыңында өмір сүрген Ақтамберді жырау Сарыұлы болса:

Майданда дабыл қақтырып,

Ерлердің жолын аштырып,

Атасы басқа қалмақты жұртынан шауып бостырып,

Түйедегі наршасын,

Әлпештеген ханшасын

Ат артына мінгізіп,

Тегін бір олжа қылар ма екеміз?! –

деп, қарсы келсе кім күшті, соның дегені болатын, ақ найзаның ұшына, ақ білектің күшіне сүйенген хандық дәуірдің бодандық күйден мүлде ада, арда күйінен хабар береді. Бұл замандағы қазақтың ой-санасынан хабар беретін бұл жыраулардың толғауларында әлдекімге кіріптарлық, шарасыздық халді мүлде ұшырата алмайсыз. «Қазақ жерінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы олар үшін қазақтың ерлік заманы болып саналады», - деп Шоқан Уәлиханов айтқанындай, Тәуке хан өмірден өткеннен кейін бытырау-тарау күйге түскен Қазақ хандығының уақытша болса да түтінін түзеген Абылай хан заманындағы ерлік рухты біз сол дәуірдегі жыраулардың поэзиясынан анық сезінеміз.

Мен – мен едім, мен едім!

Мен Нарында жүргенде

Еңіреген ер едім.

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім.

Ерегіскен дұшпанға

Қызыл сырлы жебе едім.

Бұл – бодандық дәуірдің басы ноқтаға сыймаған қаһарманы Ер Махамбет. Махамбет жырлары да алдыңғы айдынды жыраулардай өршіл, өткір болғанымен, бүгіндері сағымға айналған есіл де еркін өмірді еске алып, өткен шақпен сөйлеп отырғанын аңғарасыз. Махамбет дәуірі – қазақтың жауынгерлік рухының аямай жанышталуға түсе бастаған, садақ пен найза, қылыш пен шоқпардың күні кетіп, түзу мылтық пен ауыр зеңбіректің күні туған заман еді. Бодандық күйге түсіп, рухани отарлаудың темірдей құрсауы жылдар өткен сайын меңдеткен дәуірді зар-запа шеге жырлаушыларды кешегі кеңес дәуірі «зар заман ақындары» деп атады. Шындығында бұлар – отаршылдық дәуір ақындары еді. Тіпті отаршылдық дәуірге 1991-жылға дейінгі бірге алып қарастырса да еш әбестігі жоқ.

1917-жылы Ресейде Николай патшаның биліктен құлатылуы, Қазан төңкерісі – бодандықтың ауыр зардабын тартып жатқан қазақ халқына үлкен үміт сыйлады. Осы сәтте жоғарыда айтқанымыздай, елін бастар білімді де білікті, айтулы ерлер, Әлихан Бөкейханов бастаған «Алаш» арыстары қазақ халқының рухын оятып, ертеңге деген сенімнің үмітін жақты:

Арғы атам – ер түрік,

Біз қазақ еліміз.

Самал тау, шалқар көл,

Сарыарқа жеріміз.

Жаусын оқ, ақсын қан,

Шықсын жан, қорқу жоқ.

Алаштың жолында,

Жан қимақ ниетіміз! (М.Дулатов «Ғаскер өлеңі»), -

деп шырқаған Алаш әскері қалың бұқарадан қолдау тапты. Алайда күші мығым, мысы басым Қызыл Армия «Алаш» партиясына, алаш аламанына мүмкіндік берген жоқ. Алаш ерлерінің жанкешті еңбегі арқасында бүгінгі Қазақстанның ұланғайыр террриториялық аумағы межеленді, автономия болса да дербес республика құрылды. Бұдан кейінгі азамат соғысын, екі бірдей нәубет аштықты, екі бірдей дүниежүзілік соғысты, ондаған жылға созылған саяси террорды бастан кешіп рух жалауы жығылуға айналды, қазақтың. Тың игеру деген желеумен есепсіз тоғытылған жат жұрттардың есебінен өз жерінде отырып-ақ азшылыққа айналып, тілі мен ділі азғаны аздай, Абай мен Махамбет, Құрманғазы туған киелі топырақ ядролық сынақ алаңына айналып, радиацияның ауыр зардабын тартты қазақ.

Осылардың бәрінің өтеуіндей, қазақ халқы 1991-жылы қасиетті тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздік алғанына бес ай өткенде, 1992-жылы 7-мамырда Қазақста Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Міне, осы бір сәттен бастап тәуелсіз Қазақстан өзінің Қарулы Күштерін қалыптастырып, үздіксіз жетілдіріп келеді. Құрлық күштері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, Әуеұтқыр әскерлері, Ракета әскерлері мен артиллериясы, Арнайы әскерлер құрамына кіретін Қазақстан Қарулы Күштері таулар мен жазықтар, өзендер мен көлдер, теңіздер мен шөлдер арқылы өтетін әлемдегі ең ұзын шекаралардың бірін лайықты күзетіп, он тоғыз миллион халықтың мамыражай тыныштығын қамтамасыз етіп отырғанына Қазақстанның бейбіт тыныс-тіршілігі куә.

Бүгінгі күннің, азат елдің армиясының айтар әнінің сарыны да бөлек, мәтінінің талғамы да жоғары, рухы да биік. Тыңдаған жанның жүрегін шаттық пен мақтанышқа бөлеп, бойыңды шымырлататын, сөзіне әуені сай қаншама ғажап жауынгерлік әндер туып шықты. Бұл да болса, тәуелсіз Қазақстан Армиясының жауынгерлік рухын көтерудегі аса маңызды, әрі үздіксіз жалғасуға тиісті бағыт қой. Көкшетауда тұрған кезімізде әскери гарнизонның маңынан ертелі-кеш жұмыс-шаруамен ары-бері өтіп бара жатқанда іштен:

Қайда жүрсең, атамекен,

Көкейіңде жатады екен.

Күннің өзі ұясына,

Қимай оны батады екен, -

деп Қадыр Мырзалиев пен Ескендір Хасанғалиевтей қазақтың хас таланттарының сәтті тандемінен шыққан рухты ән аяқтардың сартылына қоса, кешкі тымықты жаңғырықтыра күркірей шырқалғанда, жүректі еріксіз мақтаныш сезімі кернейтін еді. Бұл да болса – қазақтың тәуелсіздігінің арқасы. Дегенмен, заманауи қаруымыздың барлығына, офицерлік-жауынгерлік құрамымыздың толықтығына, өршіл рухты әндеріміздің көптігіне тоқмейілденіп қарап отыратын заман – бұл емес. Қарап отырсаңыз, окоп қазып атысу немесе танкпен шабуылдаудың өзі кешегі атты әскердің зеңбірек алдындағы дәрменсіз күйіндей, күні өтіп бара жатқанын анық көріп отырмыз. Бұған Түркиялық «Байрақтар» ұшқышсыз ұшу аппаратының Сирия мен Ливия жерінде Ресейдің мақтаулы да таңдаулы қорғаныс жүйелерін бұзып өтіп, ірілі-ұсақты нысандарды тас-талқан етіп бомбалауы айқын мысал. Мұндай қаруды басқарушылар еш қауіпсіз жерде, компьютердің тінтуірімен-ақ дегенін істеп отырмақ. Ыбырай Алтынсарин атамыздың «Өнер, білім бар жұрттар...», - дейтіні осы.

Сондықтан да, тәуелсіз елімізді, Менделеев кестесіндегі элементтер түгел қойнауында жатқан қазыналы жерімізді жат көзден қорғап, сақтау үшін бізге биік рухпен қатар, терең білім де қажет. «Өз әскерін асырай білмеген ел, өзге бір елдің әскерін асырауға мәжбүр болады» деген, ертеден келе жатқан нақыл бар. Арғысын қайдам, бергі бірнеше ғасырлық тарихында мұны бір халық түсінер болса, қазақ түсінетіндей болғаны анық. Ресей, Мәнж-Шың империяларының өздеріне бағынышты қазақтарды алуан түрлі алым-салықтарымен тұралатқаны, алуан түрлі әскери құрылымдарды ел ішіне қаптатып, олардың ішіп-жемін, егістік-жайылымын жергілікті халықтың ризығы есебінен қамдағаны өз алдына, тіпті бүйірдегі Қоқан хандығы «қыз салығына» дейін салып, басынған жоқ па? Еріксіз күйреген Кеңес Одағының жұртында бұрынғы өзге он төрт одақтасқа ілесіп алға қадам басқан жас мемлекет Қазақстанның жеке армиясы құрылуы – тәуелсіздіктің шынайы жемісі болатын. Құрамында АҚШ бастаған қуатты державалар кірген әскери құрылым НАТО-ның өзі айбынынан сескенген Кеңес Одағының мол арсеналы мен әскери дәстүрлерін мұралап алған Қазақстанның өз армиясын құрғаннан бергі отыздай жыл ішіндегі жүріп өткен жолы баршамызға аян.

Осы ретте қазақтың өмірден ерте кеткен жан-жақты талантты ғалымы Серікбол Қондыбайдың (1968-2004) «Жауынгерлік рух кітабы» атты тамаша еңбегінің кіріспесіндегі мына бір жолдарды да қаперге алғанымыз дұрыс деп білеміз: «Бүгінде қазақтың өз мемлекеттігі, өз армиясы бар. Бір сөзбен айтқанда, қазақ өзінің дегеніне жетіп отырған сияқты. Бірақ қазіргі әскеріміздің жай-күйіне қарап отырып «қарның ашады». Бұл тек әскердің ішіндегі психологиялық ахуалға, қарулы күштердің материалдық-техникалық жарақтануы мен экономикалық-қаржылық жағдайына ғана қатысты айтылып тұрған сөз емес. Біз осылармен қатар, қатардағы жауынгерлерден бастап, жоғарғы офицерлік құрамның мүшелерінің рухани-патриоттың ахуалының тым төмендігін де айтып отырмыз. Ең ақыры дегенде, жауынгердің киетін киімінің сүреңсіздігі мен талғамсыздығы да, әскери терминология мен символика, ғұрып-рәсімдік комплексінің де жұпынылығы, ұлттық дәстүрлерден нәр алмай жатуы көзге ұрып тұрады». Ұлттық санасы сергек, қоғамдағы кінәратттың түп-төркінін қапысыз тап басар сезгір тамыршы, энциклопедист ғалым Серікбол Қондыбайдың бұл пікірді айтқалы да жиырма жылға жуықтап қалса керек. Қазақстанның ұлттық армиясын қалыптастырудағы байырғы дәстүрлерді, әсіресе терминологияны ескеру керектігін ескерте отырып, терең талдау жасаған ғалымның армиямыздағы жоғарыда айтып көрсеткен кемшін жағдайлар бүгіндері жойылған немесе өте аз мөлшерде деп сенейік. Себебі, барлығы да уақытқа байланысты емес пе.

Қазақ халқының санасындағы жауынгерлік рухтың әр кезеңдер бойынша көрінісіне аз-кем шолу жасағанда, осылай болды. Тәуелсіз елдің азат рухы әрқашан биік, армиясы айбынды болғай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар