Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қазақ поэзиясы әлемдік поэзиядан өз орнын іздеп жү...

04.02.2020 4666

Қазақ поэзиясы әлемдік поэзиядан өз орнын іздеп жүр 12+

Қазақ поэзиясы әлемдік поэзиядан өз орнын іздеп жүр - adebiportal.kz

Бұған дейін біреулер үшін – «жындыханадан шыққан жексұрын айғай-шуға» баланған, әдебиетті эстетикалық жаңару тұрғысынан сараптайтындар үшін – «болмыс нәтіне терең бойлаған» өлеңдер топтамасын ұсынған Шалқар Дәулеткелдінің шағын да жұмыр кезекті поэмасын оқырман назарына ұсынып отырмыз. «Әлемде қазақ поэзиясына тең келер поэзия жоқ» деген даурықпадан сәл арыла тұрып, «Қазақ поэзиясы әлемдік поэзиядан өз орнын іздеп жүр» деген байламға тоқтап, назар салу ләзім десек, сол міндетті ішкі жан айқайымен, ақындық түйсікпен түсінетін жастардың ішінде Шалқар Дәулеткелдінің орны бөлек дер едік.

Бұрынырақ жарияланған «Мың қаралы ақ көбелек» – мазмұны мен формасы арқылы поэзияның «ешкім айтпағанды айту» ғана емес, сонымен қатар бұрын айтылғанды жаңа мағына үстеп қайта түлету, сол арқылы өткенге қайыра соғу екендігін дәлелдеген поэма. Бірнеше бөліктен, бір қарағанда бір-біріне қатыссыз шумақтардан тұратын, ал ішіне енсеңіз, «балталаса ажырамас» бүтіндік бар зерделі сөзге толы туынды. Поэзияның бұл ерекшелігі сөзбен ауырған жандарды жадағайлықтан, жаттандылықтан, ұраннан оңашаға жетелейді. Әйтпесе, айтылмаған дүние кем. Бірақ кім қалай айта алды?! Айтқан дүниесіне, тақырыбына нені арқау етті? Қандай детальдарды, көркем образдарды пайдаланды? Бәрі осыған тіреледі. Ол поэманы оқырмандар әртүрлі бағалағаны да шын. Десе де, нақты тереңіне сүңгіп, әдеби талдау, өзара дискуссия жүргізген ешкім жоқ. Ол үшін де өре керек. Кеңестік қазақ әдебиетінің тотолитарлық «тұжырымдары» санаңызды торлап алған болса, әдебиеттанушы, доктор, академик атағыңыз болса да, бәрібір емес пе?! Мұндай поэмалар «өнер – өнер үшін» қағидасы арқылы қарасаңыз ғана өз құпиясын ашады және бүгінгі әдебиеттанудың тек әдебиетпен шектелмейтінін, мәдениеттану, философия, тарихтаным, психология ғылымдарымен де біте қайнасқан өнер екенін білетін кез әлдеқашан жетті.

Ал «Ызғар көзінен өткенде, абайлаңыз» поэмасы қазақ сөз өнерінің бүгінгі таңдағы зор табысы дер едік. Мұнда ақын торығу, өлім, аштық және қасиеті мен қасіреті қатар шарпысқан өмір жайында картиналар тізбегін, «Мен» мен «Ол» арасындағы көзге көрінбес байланысты сөз еткендей болады. Ашаршылық құрбандарының дамылсыз айқайын емес, сүйектердің тынымсыз «ызыңын», өмір сүру үшін күрестің мағынасыздық жайлаған беймазалығын («Сағатымен бірге жерлейміз»), пенденің тірішілік кешу жолындағы дәрмесіз «күресін» қайта-қайта еске салып отырады. Сұрапыл аштық құрбандарын еріксіз еске аласыз («...сүйектерді қазып алып, қайта қайнатайық»). ХХ ғасырдағы экзистенциалистік философияның Қалшыл мен Үрей билеген адам жандүниесін қалай зерттегені жадыңызда болса, бұл поэмада сол тереңдік (адам кім?) қайта-қайта шыңырауына сүйрейді. «Тағы бір айналым жасау», яғни, өмірді жалғастыру үшін бәріне дайын адамдық инстинкт қалың бояусыз һәм қауқарсыз нақышта беріледі. Мәресі – «Торығып тұрмын...».

Поэманың бір кілті «Торығып тұрмын» болса, поэманы оқыған адам тіпті күйзеліске түскендей күй кешеді. Ишаралар мен ілмектерге, ілкідегі аңыз-әфсаналарға бай шағын поэмадан поэзияның әуелдегі «аз сөзге көп мағына сыйдыру» құдіретін, қуатын көресіз. Бұл поэманы оқушының дайындығына, білігіне байланысты, әрине. Әйтпесе, алдыңғы бір жолдан кейін бетін жауып, кері шегінуге рұқсат. Сөйткен күннің өзінде ішіңізде: «Мен... неге бұлай?..» деген қыжылдың қайнары анық-ау... Ерік өзіңізде.

Айтпақшы, ақын поэмасында «ерік» деген сөзді екі-үш рет қолданады. Мұны адам аты яки кейіпкер екен деп түсінбеңіз (бас әріппен берілгенін ескертеміз), мұндағы Ерік – болмыс философиясына қатысты ұғым. Адам болмысын зерттеудегі іргелі ұғымның бірден-бірі десек те болады.

Поэма өзі не туралы?

Кіріспе бөлімде «жаңбыр», «көлеңке» ұғымдары алдыға шығады. Одан бұрын уақыттың «соққыларын», адам сүйегін жасытар тынымсыз соққыларын еске алады. Бірте-бірте өлім елесі, аштық аурасы көкірігіңді шарпиды. Сол үрейде, сол аштықта, сол мәйіттер арасында өзің қалғандай құлазисың. «Кешеден қалған», бүгінде жалғасып жатқан сұрақтар («Қайда барамыз?!» яки «Біз кімбіз?!») мазаны алады.

Екінші бөлікте осы сұрақтарға арыдан жауап іздейді. «Өзіңді шақыр, өзіңді тап, өзіңді таны». Демек, жанбай қалған жазбаларды қайта ақтар. Кеше кім едің? Бүгін кімсің? Соның бәрі ескі «жазбаларда» –өртенбей қалған рухани жадта сақтаулы. Кешегінің орнын басу үшін де күрес керек. Бірақ қайта түлесең де («гүл» сөзіне мән беріңіз) оны «дұрыс түсіну», жаңалыққа үйрену қиынның қиыны... «Баяғыдағы елеусіз тіршілікке қайта соғу аса көңілді болмас». Осынау қым-қуыт «аштықтан», мүрдесін сүйреткен елестен кейін «өз тынысыңды» өзің тани қояр ма екенсің?..

Үшінші бөлікте автор Ерікке жол ашады. Бұл – адам өз болмысын өзінің Ерігі арқылы қалайтынын, одан басқа жол жоқтығын, сөйте тұра, сол Ерік арқылы түптің түбінде мадақ пен мақтанның соңынан кететінін ишаралайды. «Қайтсе адам қалады адам болып?» сұрағына жауап та секілді. Адамды жеңуге болады. Ол өзгереді. Мына шексіз ғалам үшін ол миллиондаған жәндіктің бірі. Әлсіз. Әлжуаз. Тек... ішкі, арыдағы, түп тереңдегі «Мен» өзін шырқырап іздеуін қоймайды. Өмір философиясының күңіреністі толғанысы алдымыздан қайта шығады. Шопенгауэрлік бұл ширығу от-ағын сынды: «Дүние – ерік пен елес».

«Ызғар көзінен өту» – жеке адам үшін де, яки қауымдасқан жұрт үшін де сынақ, алапат сынақ... Әу бастағы мәйіт, ашаршылық, торығу сөздерінің мәні енді айқындала түскендей. Тұтас дәуір салған сынақ – «ызғар» көшкіні, діни тұжырыммен айтсақ, «қиямет-қайым» әр адамның басынан өтерін, ондай сынақтың кешегіден бүгінге жеткенін, ең бастысы «Менге» сансыз, үздіксіз «соққы» жасайтынын, жалпылық қасіреттен жалқылық қасіреттің мысқалдай кем еместігін, қайта сол жалқылықтың жанайқайы дүниені тұншықтырар қуатқа ие екендігін сөз ете отырып, «ызғарды» сан алуан мағынада аша түседі. Оқи отырып, аштық құрбандарының күңіренісі тірі бізде – солардың ұрпағы саналатын мыңдаған адлам бойында әлі де өмір сүріп жатқанын түсінгендей боласыз.

Біздіңше, бұл біздің аңдағанымыз ғана. Күрделі жасампаздықты қарапайым түсіндіруден өткен азап жоқ. Біз секілді шанағы шақты, толғамы тұсаулы пенделердің қолынан келері сол. Талдап, таразылайтын, арғы шүңетінен інжу іздейтін, мәртебелі оқырман, сіздерсіздер.

«Әдебипортал»

Суретте: Ақын Шалқар Дәулеткелді

Шалқар ДӘУЛЕТКЕЛДІ. ЫЗҒАР КӨЗІНЕН ӨТКЕНДЕ, АБАЙЛАҢЫЗ

(Поэма)

I


Кешеден қалған жиырма төрт сағаттың екінші бөлігі басталды.
Он екі мың үш жүз елу сегіз мәрте соққы, күн – жұма.
Мүмкін, жиырма екі мың тоғыз жүз тоқсан бес мәртеден кейінгі
кері санақпен қайталанған
Жұма күнге ұқсаған бір жексенбі.

Ашық күннің екінші бөлігі жаңбырға жұтылған...
Түннің жарық көшелері көлеңкелерге шырмалған...

Бір сәтте өзіңнен бірнеше көлеңке бөлініп шықса таң қалма,
Есікті ашқаныңда да, жартылай жабық қалдырғаныңда да,
Қалған ғұмырыңды өзіне босатуыңды сұраса көлеңкең.

Міне, әдеттегідей ауа мен желдің, су мен оттың тығыны ашылды.
Жеке адамға толассыз жаңалықтар легіне ілесу мүмкін бе?
Кешеден қалған сүю мен өшпенділік иесіне табысталмақ.
Топырақ топыраққа қайтарылады.
Кешеден қалған мәйіт жер қойнына тапсырылмақ.

– Білегіндегі сағат тілі қозғалыста ма?
– Оның уақыты баяу өтуде...
– Уақыттың ақыры бұл емес.
– Торығып тұрмын...
– Сағатымен бірге жерлейміз!

Бір кезде ашаршылық құрбандарының

сүйек үйіндісі үстіне салынған жол бойындағы

ашықтырып емдеу үйінде орын жоқ.
Бәрібір қураған сүйектің қураған сүйек туралы ызыңы үзілмейді:
«– Жер ошаққа көмілген сүйектерді қазып алып, қайта қайнатайық.
– Топырақ оның барлық нәрін өзіне сіміріп алған...
– Ол біздің екі күндік жол еңсеруімізге көмектеседі.
– Торығып тұрмын...»

Кешегіден қалған жол әлі аяқталған жоқ.
Жарыс жолағындағы, тұрақты айналмалы қозғалысқа –
Бүгін тағы бір айналым қосу керек.
Ашық күннің екінші жартысы жаңбырға тиесілі...
«Егер көлеңкеміз бізден қалған ғұмырымызды босатуымызды сұраса,
Біз қайда көшпекпіз?..
Алды-артымызды құрсаған түпсіз қараңғы түнекке ме?»

II


Бір күні ұйқысынан оянған ол бөлмелерді кезіп жүреді,
Қабырғасы сөгілген біздің үй кеңістікке қалықтап кетуден бұрын.
Үлкен терезе ішіндегі ағаш сағат жетіден бір минут өте бере –
Қоңырауын соққан таңғы уақыттан арыда,
Тозған бұйымдар арасынан...
Қытай кесесіне құйылған ыстық шайды алдына қойып жатып:

«Ызғар көзінен өтіп бара жатқан жолаушы;

*Бағбаннан азып шыққан өрмекші;
**Сыңар қанатын жанұшыра сабалап, өрмек үстінен өткен Тарғақ...
***Өлілерді оятпақ кім, тірілердің орнын баспақ па?
Шексіз, шетсіз қараңғылық ішінде күн сәулесі саған жетпеді ме?
****«Айырылғырдың түні қақ айырыл» дегенді ұмыттың ба?» дер ол...

Баяғыдағы елеусіз тіршілікке қайта соғу аса көңілді болмас –
Кешікпей түсінерсің:
Мен сенің көкірегіңнен бөлінген өз тынысыңның бір бөлігі екенімді.

Егер міндет жүктелсе –
Қисайған қабырғаларды,

майысқан омыртқа сүйектерді қайта қалпына келтіру;
Отқа тастағанда жанбай қалған бір бөліктен

ескі де көмескі жазбаларды оқу;
немесе жер асты жолдарының шығар аузын күзету сынды міндет жүктелсе...

Өзіңді сарқып болып, қалғаныңда қаңсып
Көкірегіңе көбелек түсіп кетсе кенет,
Тозаңданған гүл қайта өсер.

Бірақ сен оны қайта жұлып тастайтыныңа сенімдімін.

Дегенмен, мынаны есіңде сақта:
– Өз бөлшектерің сені күтуде.
– Өз бөлшектерің сені толықтыруда.
Бірі үшін бірін жоғалту керек болса да...
– Өзіңді-өзің шақыр!..
Ызғар көзінен өткеніңде жаурап қалмауды ескертем.

III


(Қасиетті көкірегім-ау, сен неге тыншымайсың?
- Ницше)


Кел, тамырымызға балта шабайық...
Ұзақ жыл езгісіне шырмаған Ерікке жайылған.
Әрі қарай еркіміз билесін.
Еркімізден шығып кеткенде,
Қазіргі біз болмаймыз, өзгеміз...
Біздің орнымызда бір болмыссыз Ерік...
және оның бейтарап иелігі мен сүйікті ісі қалады.
Бірде ол сүйікті ісін әлдене иеленіп алғанын сезініп, тағы да жоғала бастайды.
Байлаулы шоқпарын белінен шешіп,
Ол да қалпақтың және бір жұп бәтеңкенің,
Болмашы мадақтың иесіне айналып бара жатады.

Ызғар көзінен өткенде...

*{«Гилгамеш жырындағы» VI кесте, Гилгамеш пен Иштардың оқиғасынан}
**{«Ертөстік» – Тарғақ кұс пен Ертөстіктің оқиғасы}
***{Тағы да «Гилгамеш жырынан» Vl кесте. Иштар мен Анудың диалогынан қорытылған}
****{«Керқұла атты Кендебай» (айырылғырдың суы қақ айырыл) сөйлеміне балама}


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар