Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДА ӨМІРШЕҢ «ТҮРКІ ДИДАКТИЗМІ»...

11.07.2016 3058

ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДА ӨМІРШЕҢ «ТҮРКІ ДИДАКТИЗМІ»

ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДА ӨМІРШЕҢ «ТҮРКІ ДИДАКТИЗМІ» - adebiportal.kz



(Ерболат Баятұлының әңгімелері бойынша)


ерболат баятулы.jpg

Бәрімізге белгілі жайт белгілі бір әдеби әдіске сүйеніп жазылған әдебиет қазақ халқының өнер тарихындағы зор рухани құбылыс болған ұлы туындылар негізінде жасалды десек, оны дүниеге әкелген әдебиет алыптары қазақ әдебиетінің жетекші күші, сусындаушы нәрі ретінде өзін филологиялық кең ауқымда зерттейтін ғалымдар мүдделестігін, одақтастығын түзді. Жалқыны танымай жалпыны тани алмайтындығымызды Қ. Өмірәлиев: «Әрине, бұл жолдың өзі әдеттегі даңғыл жол да емес, өте қиын жол. Қиын болатыны – Абай сияқты бірінші объектінің өзі ауыр жол, осы жолды өзге әдіспен, өзге бір формамен зерттеп, суреттеп шыққан, біріне – бірі байланысты, өзектес, шарттас тағы бір қос жол – Әуезовтей ірі зерттеуші, ұлы суреткер салған екінші жол бар» (Өмірәлиев Қ. Абайтану мен Мұхтартанудағы жаңа өріс // Жалын № 2), – деп атап көрсетеді. Абай қара сөздерінің нұры түскен туындыларды оқыған шақта Мұхтардың салған жолынан айнымай, саналы да, парасатты ой айтуға көшесің.


Түркі дидактизмін әдебиеттанудан алшақтатып, оның қазіргі әдеби процестегі орын алуын көркемдігі төмендікке бағалау бізге кеңестік эстетикадан мұраға қалып отыр. Әрі Батыс әдебиеттануын жоққа шығарып, мұсылман Шығысының өз әдебиеттануы болуы керек екендігін ең алғаш ауызға алған Қадыр Мырза-Әли болды.


Сөз басын белгілі ақын, әдебиетші Қадыр Мырза Әлидің мына пікірінен бастайық:


«Бұдан он шақты жыл бұрын университетте лекция оқып жүріп мен де бір нәрсеге қатты мән бергенмін. Өз пәніме байланысты әдебиет теориясының көптеген оқулықтарымен танысып шығуыма тура келді. Соның бір де біреуі шығысты аузына алмайды. Мысалы, поэзия және оның түрлерін талдағанда сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин... сияқты еуропалық өлең түрлерімен шектеледі. Гётенің өзі шығыстың жеті данышпан ақынын білемін, жетеуі де менен мықты деген. Еуропа ғалымдары, ең болмаса, ұлы ақынның осы сөзіне мән бермей ме?! Ойланбай ма?! Олар қандай формада жазды екен деп толғанбай ма?! Егер олар да Еуропа ақындары секілді романс, ода, мадригал, баллада, терцин жазған болса неге мысал келтірмейді...


Жоқ! Олар арзу, бәйіт, ғазел, қасыда, мусаддат, мухаммет, мураббе, месневи, тахмис, тержибейді, теркиббенді... тәрізді толып жатқан өлең – жырдың шығыстық түрлерінде еңбек еткен. Еуропалық әдебиеттанушылар, немене, бұларды білмей ме? Орыс оқымыстыларынікі не? Олар неге бұл ежелгі мәдени әдебиетті аттап өтеді?! Түсінікті жәйт: еуропалық бірауыздылық, өркөкіректік.


Шынын айтқанда. Шығыстың өзі Орта Азиямен шектелмейді ғой. Жапония, Қытай, Үндістан секілді ұлы елдерді қайда тығып қоймақ?


Менің негізгі айтпағым, әрине, бұлар емес. Бірақ ілім – білім, ғылым туралы толғана отырып, осы бір әлемдік әділетсіздікті аттап өте алмадым.


Ерте ме, кеш пе мұның бәрі қалпына түсіп, әр нәрсе өз орнына келе жатар. Мәселе тек осыған қарап тұрған жоқ, әйтсе де, көрер көзге жасалған қиянат адамның көңіліне келеді. Мың – мың жылдық тарихы, мың – мың жылдық мәдениеті бар қытайлықтар әрқилы жаңалықтар ашып жатқан кезде Ұлыбритания аралында адамдар жартылай жалаңаш жүрген жоқ па еді?! Ендеше, соның бәрін жылы жауып қойып, ежелгі Шығыс, ежелгі Азия мәдениетін жоққа шығару асқан ақылдылық емес, әрине!» (Қадыр Мырза Әли. Жазымыш, - Алматы: Атамұра, 2004).


Бір әдеби текке адалдық бар, әр әдеби текке бүйрек бұрып тұрушылық бар. Алғашқы ұстаным – қазіргі милет әдебиетінде өнімді де, табысты еңбек етіп, шығармашылық мехнат кешіп жүргендердің басым көпшілігіне ортақ әдеби құбылыс. Ал, әдебиеттің әр тегіне өз қаламгерлік стратегиясында басымдық беріп жүргендердің саусақпен санарлық екендігі де дау тудырмайды. Өзім мықты да, мінезді ақын деп санайтын Ерекеңнің прозаға бейімі бар екенін қолыма тиген 14 әңгімесін оқыған шақта «жарымавтор» стилистикалық тәсілін қазақ прозасына өзіндік қолтаңбасымен әкелгендігіне бір жасап қалдым.


Әдеби процесте екі кері бағыт бар: бірі – ақынның прозаикке айналуы, екіншісі – прозаиктің ақынға айналуы. Ал, осы құбылыс біздің замандастарымыздың көз алдында өтіп жатыр.


Тіпті Платонның өзі де қазір бізге түсінікті мағынадағы ақындар мен философтар арсындағы көнеден келе жатқан «бөлінушілікті» қолдана алды. Ол бөлінушілік неден тұрады? Әрине, қаламгердің – көркем тілді философ, философтың – ғылыми тілді ақылман екендігінен. Ұлтқа белгілі ұғым (мифопоэтикалық түсінік т.б.) не көркем тілмен, не ғылыми тілмен зиялы оқырманға жол тартады. Көркем тілмен жазылған дүние алаш баласына не өлең тілінде, не қара сөздік ділмарлықпен ұсынылады.


Қазіргі қазақ прозасын қолжетімді алаштық асыл айнамен емес, еуропалық көзелдірікпен қарастыру дағдысынан арылсақ көп нәрсені ұтар едік. Бәленің бәрі «Ғұмарды» отаршыл Батыстың басы бүтін иеленуінде болып отыр. Шығыс прозасы мен Христиан прозасының генезисі бірлікте алынып қарастырылмауынан бүкіл мұсылман әдебиетті зардап шегуде. Бәрі де Веселовскийдің былықтыруынан бастау алды. Сюжет ешқашан ауысып алынбайды, бір әдебиеттен екінші әдебиетке шәкірттікпен қабылданады. «Оғызсой» («Оғызнама») бізде «Алпамыс» эпосына – гректе «Одиссейге» айналып шыға келді. Сақ мұрасын түркілер мен элиндер екі түрлі қабылдады. Бар болғаны сол. Ватиканның жымысқы саясатының арқасында Түркі («Алпамыс» эпосы) ұмытылып, оның грек тіліне аударылғаны («Одиссей») ұлықтанды.


Солай ма?...


Бәрі сақ дәстүрі «Құтты біліктің», еуропаша дидактизмнің қара сөздік бастау көзінде бұғып жатыр. Сақ дәстүрі иранға телінгендіктен үнсіз қаламыз. Бірақ...


Мадияр (венгер) түріктанушысы академик Юлиус Немеет 1912 жылы қазір бәріміз ден қойып келген түркілердің ата-жұрты тек Алтай ғана емес, сақтар мекен еткен Шығыс Еуропа мен Батыс Азия деген болжамын ұсынып, оны 1960 жылдарға дейін, өзінің қашан көзі жұмылғанынша қорғап келді. Міне, «Оғызсойдың» асыл тегі қайда жатыр!?..


Әдбиет ләззатқа батырып, әрі оқытады, не болмаса, оқыта отырып, ләззатқа батырады. Батыс осының соңғысын таңдап, «мәтін эротикасы» деген ұғымды енгізді. Дидактизмнен олар неге ат-тонын ала қашады!? Өйткені, Батыс прозасы анайы анекдоттардың («Декамерон» т.б.) негізінде өмірге келді. Шығыс прозасы ғибратты тәлімдік халықтық әпсанилердің негізінде пайда болды. Әрі Батыс елдерінде Мақтұмқұлы, Абай сияқты милеті әр сөзін аузынан тастамай айтатын «Милети Ұстаз» жоқ. Бұл жұртқа ой салатын жайт.


Қазіргі қазақ прозасында ортақ дәстүрден алшақтау бар, ортақ дәстүрді берік ұстану бар. Біз осы ортақ дәстүрді берік ұстануды Ерболат Баятұлының шағын әңгімелерінен аңғарамыз.


Эдгар По поэзияны ғибратнамалық құрал деп қарастыруды «Дидактизмнің күнәсі» деп атады. Әрі Батыстағылар бас жоқ, көз жоқ әдеби түсінуге ренессанстық ұғынымды жапсырмалауға болмайды деп, өздерінің бәрін Қарт Шығыстан үйренгенін жауып жасыруға тырысады.


Әлбетте, эстетика тарихын тезис және антитезис ретінде «dulce» (тоят) мен «utiles» (шарапат) ұғымдары тұратын диалектикалық түзілімге негіздеуге де болады. Әдебиет ләззат пен шарапат әкеледі. Осы екі компонентті бір-бірінен бөліп тастаушылық олардың өзара қарама-қайшылығына соқтырып, әдебиеттің ұлығ міндетті туралы жалғандыққа ұшыратады. Жалпы, Ерболат Баятұлы сынды қаламгердердің әңгімелерін оқыған шақта бір байқалатыны, олардың қаламгерлік стратегиясына қатысты «dulce» мен «utiles»-ті бірлікте алған орынды.


Аяр Батыс бізге өнер дегеніміз – «ойын» не болмаса, өнер дегеніміз – бұл «жұмыс» (прозаик «кәсібі», суретшінің «кәсіби дағды-машығы») деген қос концепцияны енгізіп үлгерді. Біздің отандық әдебиеттану оны әлі пайымдап үлгере алмай жатыр. Кеңестік эстетикалық ноқтаны үзіп, ой айтар болсақ, онда «Utiles» («Шарапат») дегеніміз ғалым тарапынан айырықша зер салуға болатын, ал, оқырман тарапынан «уақытты парасаттылықпен жұмсау» деген сөз.


Қосарланған өлшемнен («dulce» мен «utiles» ұғымдарынан) шығара отырып, әдебиет дегеніміз не, не болмаса, ұлығ әдебиетке нені жатқызамыз деп анықтауымызға бола ма? Өткен кездердегі эстетикалық дау-дамайлармен таныса отырып, біз өте сирек ұлы да, лайықты әдебиетті және «оның жанында жіп есе алмайтын деңгейдегі» әдебиеті әлдеқалай айырушылықты аңғарамыз. «Әдеби деңгейге жетпеген» «ғибратнамалық» әдебиеттің «шарапаты» барлығына күмәндану керек пе, мысалға – бұқаралық газет-журналдардағы (Шымқалалық басылымдардағы) туындылар. Бұндай әдебиетті «демалыстық» мақсатта өмірге келген таза «көңіл көтеруші» деп санай саламыз ба!? Дегенмен, оқырман қабылдауынан келіп шығатын «Әлемдік деңгейге (түркі дүниесілікке) парапар» және «(түркі дүниесілікке) парапар емес әдебиеттің» мәселесін шешіп алу керек.


Иделогиялық диктат арқау болған кеңестік қазақ әңгімесі бар да, түркі дидактизмі арқау болған кеңестік қазақ әңгімесі бар. Осы екі жазушылық стратегияның айырым белгілерін жас ғалымдар қозғай жатар. Бізге керегі – Ерболаттың «Түркі дидактизмі» өзек болған шағын әңгімелері.


Түркі дидактизмі өзек болған шағын әңгімелердің дүниеге келуі 1988 жылдардан бастау алды. Талай қаламгер осы жанрдың бағын асырды. Тек оған әдебиеттанушылық бағалау жасалмады. Біз өз бағалауымызды Ерболат Баятұлы әңгімелеріне қатысты сөз етуді қолға алып отырмыз. Жасаған әдебиеттанушылық түйіндеулерімізбен біреу келісіп, біреу келіспей жатса әркімнің өз қалауындағы дүние.


Ерболат тарихи факті мен алаштық дүниетаным ақиқаттарын қосыла өрілтеді.


А.Байтұрсыновтың жарының эпизодтық ғұмырлық бір сәті арқау болған «Жат келін» әңгімесін ұғынуды белгілінің өзгеше айшықтануы деп шектеу және оны суреткердің «көркем ұғынуы» деп қарастыру оңай дүние емес. Суреткер бізге назар аударды қойған дүниемізге зер салғызады ма, не болмаса, біз бұрын төңірегімізде орын алып жатса да көңіл аудармай жүрген нәрсемізге назар аударуға мәжүрлейді ме? Біздің есімізге нүтелермен немесе сызықтармен бейнеленген фигуралар мен әлпеттерден тұратын суретті жұмбақты түсіреді, өйткені, олар суретте басынан бастап болғанымен біз оларды әлдебір тұтастық, әрі бірлік ретінде қабылдамадық. Аға буын көсемсөздің жетегінде кетпей, алаш арыстарының ғұмырнамасы туралы өздік эстетикалық құндылығын ашқанын, жастар милеттік әйел образындағы бұрын әсем емес, тіпті типтік болып табылмайды деп саналғандардан (жезөкше, нашақор сұлулардан) әсемдікті тапты дегенді алға тарта аламыз. Дәл осы орайда ұлт прозасындағы жаңа «білім» туралы, жаңа «ақиқат» жайлы сөз ете аламыз ба? Бұған үзілді-кесілді жауап беру өте қиын, ең алдымен бұлар жаңа «перцептуалды (сезімдік) құндылықтардың», жаңа «эстетикалық сипаттардың» аға және іні буын тарапынан әдеби ашылымдары болған еді.


Неге эстетиктер өнердің өлшемі болып қызмет ететін әрі өнердің бөлінбес қасиеті болып табылатын «ақиқат» ұғымынан бас тартудан сырғақтайтыны енді түсінікті. «Ақиқат» дегеніміз әлдебір өте салмақты құрметтілік, өнердегі «ақиқатты» сөз еткенімізде біз өзіміздің оған деген қарым-қатынасымыздың байыптылығын танытып, өнерді ең асқақ құндылықтардың бірі деп мойындаймыз.


Біз оның үстіне қанша жерден парықсыз болса да, өнерді «бейақиқат» деп бағалаудан қатты қорқақтаймыз, бұлай ете қалатын болсақ, онда «жалғандыққа» қатысты кәріне мінген Платон сияқты күй кешеміз. Образды әдебиет дегеніміз – бұл «көркемдік», өз кезегінде бұл көркемдік сөзбен «өмірге еліктеу» болып табылады. Ал, осы «көркемдікке» «ақиқат» қарсы тұрмайды, керісінше, факті, басқа сөзбен айтар болсақ, «нақты кеңістік пен уақыт аясындағы тіршілік» қарсы тұрады. «Факті» дегеніміз әдебиет істес болатын әлдебір оғаштық.


Міне, осы оғаштықты «Жат келін» әңгімесінде:


«- Биссимилла! – Әйел осы сөздің аузынан қалай шыққанын аңдамай қалған. Енді бір сәт о, тоба, ішінен «Спаси бог! Спаси бог!» деп жалына тіл қатқанын анық білді. Жоқ, бұл мұсылмандықты қабылдап еді-ғой, енді мұнысы несі?! Дір-дір еткен саусақтарын ойымен тауып ала қойды да, алақанына күбірлеп дұға оқыған. Бойы сәл жеңілдеп қалғандай болған соң, жасқаншақтана тағы қараса, әлгі отты шырақ әлі жанып тұр екен. Енді мұның шайтан еместігіне сенді. Созалаңдап орнынан тұрған. Оң құлағы шың еткендей болған. Әлде біреу бұған,- «Осы шырақтың соңынан ере бер!» -дегендей болды. Әйел дауысы. «Қолдап тұрған Бибіфатима пірім шығар!» - деген санаға тығылған көмескі ой жылт еткен» деп қоюлатып: «Ертесінде аудан орталығы Меңдіқараға шұғыл тапсырмамен аттанған НКВД – нің екі чекисі малшы қыстағына жақын жердегі өзек бойынан ес-түссіз жатқан әйелді тауып алған болатын. –Ойбай-ау, мына орыс әйелі қайдан қаңғырып жүр екен! Қой, кім болса да адам баласы емес пе, аудандық ауруханаға жеткіз, өлсе сонда өлсін!! -деген милиция Иманғазы тілдей хатты бақташы Ыдырысқа беріп жатып. Ыдырыстың сабан төсеген ескі ат арбасында көздерінің алды көгіс тартып, ұясы шүңірейген, жағы суалып, әбден қажыған, мынау дүниеге ызалы, өкпелі кейіпте сұлық жатқан бақсыз, сорлы әйел Алаштың Ақаңы атанған Ахмет Байтұрсынұлының адал жары - ғазиз жан Бадрисафа екенін олар білген жоқ еді» деп аяқтаумен Ерболат алаш оқырманына ұсына білген.


Барша өнердің арасынан «ақиқатқа» өте-мөте талапкер әдебиет болып табылып, осы талап етушілік әлемді түйсінуге (Weltanschauung) негізделіп, кез келген көркемдікпен аяқталған туынды бойынан танылады. Философ пен сыншыға тән дүние өздік «өміртүйсінімі» («мировосприятие») арқылы бір суреткерді екіншісінен жоғары қою біршама ақиқат болып табылады, осы қағидаттың негізінде Элиот Дантені Шеллиден, тіпті керек десеңіз Шекспирден де жоғары қояды. Бұндай өзге елдің ғұламасын өз даналарынан жоғары қоюшылық ағылшын мәдени әлемін дүр сілкіндірді. Қазақты дүр сілкіндіру үшін өзгені емес, өз қаламгерлерімізді бірін бұрын, бірін кейін қойсаң жетіп жатыр. Кез келген ақыл тоқтатқан өмір философиясы белгілі бір мөлшерде ақиқаттылыққа иелік етеді, не болмаса, оған қалайда болмасын талпыныс жасайды. Ерболат тарихи баяншалық ізденіммен «Ғалия», «Жеріну», «Құланның ақыры» сынды новеллалары мен әңгімелерінде айтулы тұлғаларымыз Балуан Шолақты, Шоқанды және Сәкенді әдеби персонаж ретінде басқа қырынан беруге өзіндік әдеби ашылым жасаған.


«Ғалия» әңгімесінің финалынан көп нәрсе аңғарамыз:


«Ән біткенде барып, бір тыныстап алған әнші жігіт, - Балуан Шолақтың әні ғой бұл! – деп насаттана саңқ еткен. Әннің ақырына дейін әзер отырған бейтаныс жолаушы Бержанның шықшыт сүйегі бүлкілдеп, кертеш мұрыны сәңірейіп кеткен болатын. Қар сұр өңі қошқылданып, тұла -бойын билеген өрттен құтылудың жалғыз жолы осы үйден тез аттанып кету деп шешкен. Кеш қараңғылығына қарамай, үй иесінің қолқасына да құлақ аспай аттанып бара жатқан жолаушылардың ішіндегі бөртпе шәлілі әйел шаршы топтың алдында, «Сол Ғалия - едім!» айта алмағанына іштей қорынып бара жатты. Әлгі әйел осы ғұмырында бала көтеру бақыты бұйырмай, күйеуі Бержаннан жеген ащы таяғы мен азапты өмірін жеңілдету үшін Семейге барып, қайын жұртынан бір жетімекті бауырына салып әкеле жатқан Ғалия екенін, атақты Балуан Шолақтың Ғалиясы екенін олар да білген жоқ еді. Ауыр мұң мен аянышты тағдырды арқалаған қара пәуеске қара түннің қойынына сіңіп бара жатты».


Біздің ұғынуымыздағы әдебиеттегі ақиқат, әдебиетте көрініс беретін ақиқат желісі, яғни, жүйеленуі әм концептуалдық жағынан әдебиеттің шегінен тысқары тұратын философия дегенімізбен, бірақ оны суреткер өз дегеніне көндіріп, өз өрнегімен туынды бойына сіңіреді. Дәл осы мағынасында Данте туындыларындағы ақиқат католиктік теология және схоластік философиямен көрініс табады. Міне, дәл осындай мұсылмандық пен ұлттық философия Ерболат Баятұлының «Әйел жаны» әңгімесінде көрініс береді. Біз мұсылман ретінде шартты уақыт пен белгісіз кеңістікте орын алған автордың «ақиқат» фактілерге негізделген көркемдік қиялын тіксіне қабылдауымыз керек пе, әлде оны алаштық дүниетаным тұрғысынан құптауымыз керек пе!?


Әдебиет дегеніміз – білім формасы. Әлбетте, Аристотел өзінің атақты ережесін ұсынған шақта: әдебиеттің (поэзияның) тарихқа қарағанды пәлсәпашыл, өйткені, тарих «шындық өмірде болғанды сөз етсе, ол орын ала жаздаған, болуы ықтимал нәрселерді ауызға алады» деп осыны ескерді. Бірақта біздің заманымызда тарих та қатаң шектеулердің шыжырын үзіп, әдебиет сияқты еркін пән болып табылып, онымен терезесі тең бәсекелеске айналған кезеңде, әдебиет не жаратылыстану ғылымдары, не философия айналыспайтын өмір қатпарлары туралы білім береді деп жиі еститіндігімізді қаперден шығармауымыз керек. Егер де эстетик-неоклассицист, мысалға алсақ, доктор Джонсон, әлі күнге дейін поэзия «жалпының ұлықталуымен» кіндіктес деп бекемдеп келсе, керісінше, түрлі мектепке жататын замана назариятшылары (Бергсон, Джилби, Рэнс, Стейс және т.б.) бірауыздан поэзия жекенің бейнеленуі саласына жатады деп есептейді.


Енді «Жалпы ұлықталып, ондағы шетін оқиға бейнелеген» осы әңгіменің мәтіндік үзігін оқырман назарына ұсынайық:


«Апасы қою шайды демдеп жатып, - Пұшпағы қанамаған мен бір сорлы болдым ғой – дегенді айтып қалған. Күрсінгенін анық сезген. – Е, Қадиша-ай, көнесің, көнесің, енді не істейсің?! Алланың да, адамның да алдында абыройың ақ, жүрегің таза! – деген Рысқайшаның сөзі де анық естілген. Апасы жылаған секілді. Көздерінің жиегі қызарған сыңайлы. Жаулығының ұшымен сүрткен. – Ә, Бәтішжан, сен келгесің бе? Далаға бар ойнай ғой! – деп қолына екі шақпақ құрт ұстатып алдаусыратып шығарып жіберіп еді. Ертеңінде таңғы шайдан соң апасы бір жаққа жинала бастаған. Әкесі үйде жоқ болатын. – Бәтіш, сен де киін! – дедді анасы қатқылдау үнмен, - Алыс ауылға барамыз. - Қайда, кімге?- деп Бәтіш те сұраған жоқ. – Алақай, алақай апаммен ауылға барамын! – деп қуанып жүрді. Бір киерін киіп, тор атты ерттеп, Бәтішті артына мінгестіріп Қызылағашқа жол тартқан. Бір іске бекінген апасының қимылы ширақ еді. Жол бойы қызына тіс жарып ештеме деген жоқ. Қурайлыны асқанда Өкпетінің жазығы алдарынан мен мұндалап көрінер еді. Ауада желкем самал бар. Көз жетер жердің барлығы жаз қызығына малынып тұр. Анау алыста мұнар кілкиді. Мұның аттан түсе қалып жүгіргісі келген. Апасының толықтау белінен тас құшақтап алып, үнсіз отырды. Бір уақытта апасы ыңылдап ән салған. «Талдан таяқ таянбайды» деген сөзі анық естілді. Кейін білді ғой, сол ән «Бір бала» екен. Сонан кейін апасының ән айтқанын өмірі естімепті. Бұлар Қызылағашқа келгенде күн сәскеден ауып кеткен еді. Шеткері бір жұпыны үйге түскен. Саман үйдің табалдырығы биік, еңсесі аласа. Үйде екі әйел отыр. Бірінің жанары суалған соқыр екен. Екіншісі отыздарды орталап қалған сүйреңдеген сөзшең келіншек. Алыс жолда тақымы созылған Бәтіш келе салып ұйықтап қалыпты. – Тұр қызым, үйге кетеміз – деп, апасы оятқан. – Түу, мына бала дым сызбады-ау. Мына сүтті жолда қызыңызға бересіз! – деген әлгі сөзшең әйел бөтелкені апасының қоржынына салып жатып. Бәтіш енді байқады, әлгі келіншектің оң қолында ораулы бір түйіншек бар екен. Жып еткізіп түйіншекті мұның апасына ұстата қойды. Апасы – Бисмилла! - деп ақырын күмірлеп түйіншекті бауырына басты. Қаршадай қыз көзін уқалап, «бұл не болды екен?» таңданыспен қарап қалғаны сол еді апасы, - Бәтішжан, бұл сенің бауырың болады! – деді жұмсақ үнмен. Бұлар есікке қарай аяңдай жүрді. Сол сәтте төргі бөлменеден әлде адамның, әлде иттің қыңсылағаны секілді жайсыз дыбыс естілді. Өксік қысқан ащы үн. Булыға шығады. Сол сәтте тіл-ауыздан жұрдай болып отырған соқыр әйел, - Тәйт ары! Ойнап жүріп, от басқан салдақы! –деп қатты зекіп қалды. Құндақтағы нәрсете де шар етіп жылаған еді...»


Автор шетін оқиға «жолдан бала тауып алуды» күстаналап тұрған жоқ, қайта оның жалыплама ұғынымдағы «қубастықтан құтқару қырын» алға тартады.


Автордың бір ұтқаны өмірде болған нақты тарихи тұлғалар мен қазақ елінің әр өңірінде орын алған шартты фактілерді (ұрпақ жалғастығы туралы шетін оқиғаларды) өз әңгімелеріне асқан көркем айшықтылықпен арқау ете білгені.


Деректі прозаның жетегінде кеткен, мемуарлық құрғақ сөзділіктен арылған, қазақ әңгімесі «ғұмырнамалық» фактіге негізделген прозаны бұрынғы «бодандық санадан» арылтып, жаңа қырынан алаш оқырманына таныта бастады. Солардың арасында Ерболат Баятұлының реалистік әңгімелері өзінің дидактикалық тәлімділігімен оқшауланып тұр. Бұны әдебиеттанушы ретінде құптайтынымыз, қазақ реалистік әңгімелерінің жастар тарапынан жасалынып жатқан «әдеби прозалық эксперменттерінің» тасасында қалып қалмай өзінің екінші тынысын алғандығы қатты қуантады.


Қалайық қаламайық қазіргі жаһандасу дәуірі тұрғысынан алғанда әлемдік дидактикалық кеңістікте біз әуелі түркі дидактизмінің бір құрамдас бөлігі, одан кейін ислам дидактизмінің әдеби мұрагері, ең соңында орыс тілді әдебиеттің ықпалындағы ұғым-түсініктерден арылма қоймаған ұлттық әдебиет болып табылатындығымыз жасырын емес. ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысында қаламгерлеріміз осындай қалыптасқан тарихи-әлеуметтік, әдеби-мәдени жағдайға орай осы үш арнаның да әсерін сезініп, ондағы дидактикалық аңсарларды шығармашылық процестерінде кеңінен пайдаланды.


Тек әдебиеттану ғылымдағы Батыстық дидактизмнің даму жолдары, қалыптасу кезеңдері арқау етілген зерттеулерге өзек болған «дидактизм белгілі бір ағартушылық кезеңге ғана тән» деген жалған теорияны тас – талқан ететін кезең келіп жетті.


Әбіл-Серік Әбілқасымұлы, 

әдебиеттанушы ғалым



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар