Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қазақияда қағаз қат па?...

15.08.2018 2676

Қазақияда қағаз қат па?

Қазақияда қағаз қат па? - adebiportal.kz

Ақын Исраил Сапарбайдың «Нан тапшылығына үйреніп едік, қағаз қатшылығына тап боларымызды кім білген?!.» деген сөзінің жаны бар. Сұрмергендерге ілікпейік, іліксек те, сөзімізді ірікпейік.

«Егемен Қазақстан» газетінде ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанов пен филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлбековтің «Көнеден жеткен құнды сөз» (23 ақпан, 2018) атты материал жарияланды.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі Т.Әлбеков пен ғылыми қызметкері Ю.Пилтанның Душанбе қаласына барған ғылыми іссапары кезінде Тәжікстанның Ғылым академиясынан XVІІІ ғасырда өмір сүрген тарихшы Қожамқұли-бек Балхидың «Тарих-и-Қыпшақи» атты қолжазба кітабының электронды көшірмесін алып қайтқан еді.

Қолжазба 1036 беттен тұрады, 1720-1722 жылдар аралығында жазылған. Бұл қолжазба елге жеткізілген соң, ғалымдардың талқысына салынып, жәдігердің қазақ халқының тарихына қатысты тұстарының аса мол екендігі белгілі болған.

Қожамқұли-бек Балхидің өзі айтқанындай қолжазбаны «...жағдайының жоқтығынан, қаражаттың кемшіндігінен...» кітап қылып шығаруға жағдайы болмаған. Ал енді осындай тамаша жәдігерді тауып тұрып, біз қандай қаракет таныттық?

Өкініштісі де осы – «қаржы жетімсіздігі аударманың жоспарланған көлеміне де өзіндік әсерін тигізбей қалмады», - дейді біздің авторлар да.

Күлеміз бе, жылаймыз ба?

Мұндай жәйттер жиі болып тұрады бізде. Қазаққа қатысты қай елден қандай қазына тапсақ та, оның құндылығы адам айтып жеткізгісіз болса да, оны жарқыратып көрсетейік десек – қағаз жетіспейді, қаражат жетпейді. Бұл мәселеде шынымен де жұпыны хәлдеміз.

Бұдан бөлек, жақында аталмыш институттың бастамасымен абайтанушылардың зерттеулері топтастырылған 35 томдық кітап жарыққа шықты! Құтты болғай! Бірақ әрбір томның таралымы – 30-40 данадай ғана. Оны кімнің қолынан табамыз?! Халық кітап оқымайды дегенде сондаймыз, алдымызға жан салмай сайрай жөнелеміз. Бізде мына бір жазылмаған заңдылық мықтап қазығын қаққан. «Ең бастысы мемлекеттік тапсырыс бойынша 50-100, 500-1000 данамен шыққан кітаптар – 18 миллион халықтан бұрын кітапханаларға түссе болды, сол миллион халықтың барлығы кітапханаға барып оқып алады». Бұл оқырманмен, олардың жағдайымен санаспау деген сөз.

Сондай-ақ 2013 жылы Алаш арысы – Жүсіпбек Аймауытұлының 6 томдығы шықты. Сол алты томдыққа қаламгердің 40 беттік қазынасы қаржының жоқтығына байланысты енбей қалған. Сенесіз бе? 40 бетке қаржы жоқ деп қарап отыру қандай аянышты. Біз өзімізге, тарихымызға, мәдениетімізге жаны ашитын елміз бе өзі?

Біз өркениетті ғасырда өмір сүріп жатқан шығармыз, бірақ рухани бұлақтан ажырап бара жатырмыз. Тау басынан аққан бұлақтың суы етекке жетпейді...

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар