Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойы өтті...

05.11.2014 8120

Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойы өтті

Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойы өтті - adebiportal.kz
Жазушылар-Одагына-80-жыл.jpg
Әрісі әлемнің, берісі Алаштың рухани мұхитына татымы мен толқыны өзгеше рухани құнды арна боп қосылған қазақтың әдебиетін бір шаңырақ астынан түлетіп ұшырған Қазақстан Жазушылар одағы өзінің мерекелі де мерейлі тойын атап өтті. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 80 жыл толуына арналған салтанатты пленум болды.
Қазақ руханияты мен әдеби бай қазынасының алтын қазаны болған Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойын атап өту шарасы ең алдымен Алматы төрінен барша қазақ даласына көз тігіп тұрған ұлы хакім Абайдың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Ұлттық әдебиетімізге көрсетілген құрметтің белгісі – гүл шоғын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев пен Қазақ­­стан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сена­тор Нұрлан Оразалин аса үлкен ілтипатпен Абай рухына, ардың ісі – әдебиеттің құді­ре­­тіне бас ие тұрып ескерткіш алдын­да­ғы мәрмәр тұғырға салтанатпен қойды.
Бұл күні бекзат өнердің ордасы – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының залында ине шаншар жер болмады. Алыс-жақын шетелдерден арнайы келген қонақтар сапында түрлі шығармашылық ұжымдар мен шығармашыл ұйымдардың өкілдері, халықаралық дәрежедегі әдебиеттің көрнекті тұлғалары, жазушылар мен аудармашылар бар. Бүгінгі көзі тірі классик жазушылар мен ақиық ақындар да, әдебиет көгіне енді самғап, келешегінен зор үміт күттіретін жаңа буын өкілдері де еліміздің әр түкпірінен арнайы атбасын бұрып мерейлі шараның ортасын толтырды.
Мерекелік шара Қазақстан Республикасының әнұранымен ашылғаннан кейін алғашқы құт­­­тықтау сөзді Қазақстан Респуб­­ликасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев алып, жиылған игі жақсылар алдында былай деді.
– Құрметті салтанатты жи­­ынға қатысушылар! Барша­ңыз­ды отандық әдебиеттің қара­­ша­ңырағы – Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойымен құт­тықтаймын. Одақ 80 жылдан бері руханиятымыздың алтын қазығы болып келеді. Бүгінде Жазушылар одағы жеті жүзден астам қаламгердің басын қосып отыр. Жазушыларымыздың, интеллигенцияның қоғамдағы орны әрдайым ерекше. Бұл жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы «Интеллигенция – жалпы – ұлттық құндылықтар жасаудағы ең басты күш» деп атап көрсетті. Мемлекет тарапынан да ақын-жазушыларымызға барынша қамқорлық жасалуда. Тек соңғы 3 жылда бюджет қаржысына 4 миллион данамен 1,5 мың аталымдағы кітап жарыққа шықты. Олар еліміздің барлық кітапханаларына таратылды. «Жаңа заман әдебиеті», «Тәуелсіздік толғауы», «Жаңа дәуір драматургиясы» сериялары тың туындылардың тынысын ашты. «Бабалар сөзінің» 100 томдығы да кейінгі ұрпақ жадын жаңғыртуға бағытталған. «Шетел қазақтарының шығармалары» сериясы шеттегі 5 миллион қан­дасымыздың рухани әлемі­мен таныстыруда. Осының барлығы Елбасының тікелей қамқор­лығымен жүзеге асырылуда.

                                            Рафис-Курбанов1.jpg
Келесі жыл ел тарихындағы белесті, мерейтойлар жылы. Қазақстан мемлекеттілігіне бес жарым ғасыр, Шоқан Уәлихановтың – 180, Абайдың 170 жылдығы болады. Оның арғы жылы Жамбылдың 170 жылдығы бар. Келер жылы Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын да атап өтеміз. Елба­сының тапсырмасымен осы мерейтойларға қатысты нақты жоспарлар да жасалуда, – деген Бағлан Асаубайұлы одан әрі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Құрметті салтанатты жи­на­лысқа қатысушылар! Сіз­дерді Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бұл еліміздің мәдени өміріндегі айрықша мәнді оқиға, әрі отандық әдебиет тарихындағы мерейлі белес.
Жазушылар одағы – 700-ден астам қазақстандық ақын-жазушының басын қосқан елі­міздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ – еліміздің мәдени өмірінің дамуына, моральдық және рухани құндылықтардың нығая түсуіне, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отырған іргелі ұжым.
Жазушылардың бүгінгі буыны – Қазақстан әдебиетінің ке­шегі Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсі­репов, Морис Симашко, Иван Ще­голихин сынды көптеген көрнекті тұлғаларының баға жетпес мұраларын лайықты жалғастырушы ізбасарлар.
Тәуелсіздіктің алғашқы күн­дерінен мемлекет жазу­шыларға қолдау білдіріп, қоғамдағы шы­ғармашылық орта мен ұдайы  жасампаздық рухты қалып­тас­тыруға қамқорлық жасап келеді.  Әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық бар, жас таланттарға Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы беріледі. Жыл сайын қаламгерлерге Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар тапсырылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық үздік авторлардың жүздеген кітаптарын шығару игі үрдіске айналған.
Рухани кемелдену, жал­пы­ұлттық құндылықтарды дамытып, бейбітшілік пен келісімнің асыл мұраттарын ұлықтау  – «Қазақстан-2050» Стратегиясы­ның басты міндеттерінің бірі. Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға белсене араласатын зиялы қауым осы міндеттерді орындауда шешуші рөлге ие. Қазақстан Жазушылар одағы алдағы уақытта да өресі биік зиялыларымызды елдік істерге ұйыстыра беретініне сенемін.Сіздерге зор денсаулық, береке-бірлік, шығармашылық табыстар мен сүбелі туындылар тілеймін! – делінген Елбасының қол қойған мерейтойлық құттықтау хатында.

                                              фото-Ю.-Беккера_BEK_0111.jpg

Бұдан кейін мінберге шығып, сөз алған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қазақ қаламгерлерін айтулы мерейтойы­мен құттықтады. Қазақ халқы: «Өнер алды – қызыл тіл», деп асыл сөзді әрқашан ардақ тұтқан. Арғы замандағы абыздар мен жыраулар, бергідегі билер мен шешендер сөз өнерімен жұртын баурады. Ұлы Абайдан басталатын қазақ жазба әдебиеті ұлттық мәдениетіміздің алтын жүзігі болып келеді. Өткен ғасырдың басында осы құдіретті өнерді Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер бастап өнегелі ордаға айналдырды. Осылайша Алматыда, қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған талғамы жоғары, тағылымы мол шығармашылық орта қалыптасты. Содан бергі Жазушылар одағының 80 жылдық тарихы Алматымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірімен біте қайнасқан бұл ұйым халқымызға қаншама талантты толқынды, көркем туындыларды тарту етті. Кешегі жыр алыбы Жамбыл бастаған жыраулар тобы Алматыда айтыс өнерін жоғары деңгейге көтерді. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды алыптар тобы небір классикалық туындыларын дүниеге әкелді. Кеше ғана арамыздан кеткен Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сияқты ақиық ақындар қазақ поэзиясын жаңа биікке шығарды. Осы бір рухани сабақтастық тәуелсіздік кезеңінде де жақсы жалғасын тауып отыр, дей келіп Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан Жазушылар одағы өзінің көбесін бұзбай, қатарын селдіретпей өз алдына қарашаңырақ тігіп, қазақ қоғамын рухани азықпен қамтамасыз етіп отыр, деді.
Одан әрі қала басшысы кеңес өкіметі күйреп, құндылықтар өзгеріске ұшыраған, қоғам жаңару сатысын бастан кешкен кезде өзге мемлекеттерде шығармашылық одақтардың тарап кеткендігін, тиісінше біз де қанша экономикалық дағдарыстарды ­бастан өткерсек те еліміз дамудың жаңа сапасына көшіп, аталмыш шығармашылық одақтарға қамқорлық көрсетуді жандандыра түскенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, Алматы қаласының төрінде тұрған Қазақстан Жазушылар одағының тарихи ғимараты еліміздің мәдени жәдігері іспетті терең тарихқа ие көне ғимарат ретінде қала көркі мен тарихын әспеттеп тұрғанын да сөз етіп, әкімшілік тарапынан оны күрделі жөндеу үшін 40 миллион теңге бөлінгендігін айтып өтті.
Қазақ қаламгерлерін айтулы күнімен құттықтауға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мінберге көтеріліп, бүгінгі таңда ел руханияты мен мәдениетіне орасан зор үлес қосып отырған әдебиет майталмандарына жүрекжарды тілегін арнады.
Салтанатты шарада Қазақ­станның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Олжас Сүлейменов, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстан Ғылым академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Жұрынов сөз сөйлеп, қаламгерлер қауымына деген өздерінің жылы лебізде­рін білдірді.
Сондай-ақ, айтулы мерекеге Еуразия Жазушылар одағы­­ның төрағасы Якуб Омароғлы, «Кардеш Калемлер» журналының бас редакторы Али Акбаш, Түр­кия Білім және ғылым минис­трінің кеңесшісі, жазушы Илтер Йешилай, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы аударма бөлімінің меңгерушісі Ясемин Водабле, халықаралық Баталист және маринист жазушылар қауымдастығының басқарма хатшысы, Ресейдің еңбек сіңір­ген қайраткері Валерий По­воляев, «Литературная газе­та» бас редакторының орынбасары Максим Замшев, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Рафис Курбанов, Әзербайжан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ильгар Пашаев, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Ақбар Рысқұлов, Тәжікстанның халық жазушысы Мумин Каноат, Башқұртстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Спар­так Ильясов, Қытай Халық Рес­публикасы «Этностық тобы­­­­­­­ның» бас директоры Иу Бинши арнайы келіп, шығармашылық ұйымға құттықтауларын жеткізді.
Пленумның қорытындысы бойынша жазушылардың атынан үндеу қабылданды. Онда Қазақстан Жазушылар одағының тарихы отандық зияткерлердің қажырлы еңбегімен мыңдаған жарқын беттері жазылған қазақстандық әдебиеттің жылнамасы екендігі, Жазушылар одағы Отанымыздың ұлы ойшылдары іргесін қалаған ізгі  дәстүрді жалғастыра отырып, ХХІ ғасырдағы шығармашы­лық қызметін ел игілігі жолында жалғастырып келе жат­қандығы және Қазақстан жазушылары тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің көркеюіне, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің нығаюына зор септігін тигізгендігі айтылған. Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен әзірленіп, табысты жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның рухани қазынасына сүбелі үлес қосқандығы, Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Зиялы қауым жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда басты күш болуы тиіс», деп атап өткендігі, Қазақстан Жазушылар одағы осы жоғары миссияны іске асыру үшін бар күш-жігерін салатындығы ерекше көрсетілген.
«Қазіргі басты міндет –жасампаздық еңбекпен ел іргесін нығайта түсу, мәдениетті, ғылым мен білімді дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазақстанның көркем әдебиеті бүгінгі таңда рухани жасампаздықтың маңызды рөлін іске асыруда және ұрпақтың бойына мейірімділік, ізгілік, толеранттылық, патриотизм идеяларын дарыта отырып эстетикалық талғамды қалыптастырудың жетекші құралы болуда.
Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойында  біз отандық әдебиетшілердің табыстарын бағалап қана қоймай, сонымен бірге одан әрі дамудың және әлемдік зияткерлік кеңістікке кірігудің жаңа бағдарларын межелейміз.
Жазушылар қауымының алдында тұрған міндеттер ауқымды да жауапты. Бүгінгі форум қазақстандық жазушылардың орасан әлеуетін Отанымызға және ел Тәуелсіздігінің идеалдарына рухани қызмет ету атты тарихи миссияға жұмылдырады» делінген үндеуде.
Мерекелік шараның соңы Қазақстан Республикасы өнер қайраткерлерінің қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар