Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Қазақстандағы іс-шаралар кітапхана «деңгейінен» не...

22.04.2021 3332

Қазақстандағы іс-шаралар кітапхана «деңгейінен» неге аспай жатыр? 12+

Қазақстандағы іс-шаралар кітапхана «деңгейінен» неге аспай жатыр? - adebiportal.kz

Бүгін «Егемен Қазақстанда» жарияланған, 23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай газет тілшісі жазған «Қазақ кітабының күні қажет» мақаласында әлем елдерінде дәл осы күні кітап оқуға ынталандыруға арналған іс-шаралар өткізіліп жататынын айтады. Алайда мұндай маңызды іс-шара біздің елде мемлекеттік деңгейде аталып өтпейтінін айтқысы келген тілші: «Ал Қазақстандағы іс-шаралар тек кітапханалар деңгейінен аспайды» деп, елдегі руханият жайын салыстырмалы түрде көрсету мақсатында кітапханаларды «іле кеткен» екен.

Бұл журналистің жеке деңгейін көрсете ме, немесе қазақстандық журналистиканың деңгейі осы ма, ол жағын білмедім, бірақ әлеуметті кітап оқуға ынталандыру жолдарын ары қарай жап-жақсы тәпсірлеп берген газет тілшісі кітапхананы неге «іле кеткені» бізге түсініксіз болып отыр.

Біле білсек, рухани іс-шараларды кітапханалар күнделікті өткізіп жататыны рас, бұл – кітапханалар өз қызметін адал атқарып жатыр, көрсетіп жатыр дегенді білдіретін болар, бірақ осындай үлкен басылымда жарияланған мақалада елдегі рухани жағдайдың өлшемі ретінде кітапханаларды «төмендетіп» алмауы үшін де мәдени деңгей, журналистік этика керек шығар?!

Анығын айтқанда, әлем бойынша көпфункционалды мәдени әлеуметтік институтқа айналып, қоғамның рухани дамуына белсенді үлесін қосып келе жатқан кітапханалар аз емес, еңселі елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапхана да заманауи жаңалықтарды өз қызметіне енгізуден қалыс қалған емес және қазақстандық кітапханалардың жаңаша дамуына атсалысып келеді.

Қазір жаңа технологиялардың дамуына байланысты жаңа үлгідегі әлемдік кітапханаларға енгізіліп жатқан жаңалықтар көп. Біз соларды қалт жібермей, елге әкелуге тырысамыз. Себебі, жаңа технологиялар дамыған сайын жаңа ұрпақтың кітапқа деген қарым-қатынасы да өзгеріп жатқанын білесіздер. Адамзат қоғамы қабылдаған сандық жүйемен бірге келген түрліше трансформацияларды есепке ала отырып, шетелдік кітапханалар өз функциясын жаңаша құрып жатыр. Соның ішінде, шығармашылық ойды дамытып қана қоймай, баланы дұрыс сөйлеуге де баулитын сторителлинг кітапханалар, компьютерлік ойындар арқылы жастардың танымдық зердесін жетілдіретін инди-мектептер, робот жасау технологиясы мен компьютерлік бағдарламаларды жасауға үйрететін кодинг клубтар қазіргі кезде қызметі көпфункционалды институт деңгейіне жеткен заманауи кітапханаларда жасақталуда. Сол сияқты, шетелдік Фергусон кітапханасы «Wonder Lab» жобасында жас оқырмандарына өз виртуалды шындығын ойлап табуға мүмкіндік берсе, Smart-кітапхана саналатын Мәскеудегі Ахматова кітапханасы өз оқырмандарын өткен тарихқа виртуалды саяхат жасауға шақырады. Осындай жаңалықтар елге де әкелінсе деген ой бізде де жоқ емес. Сондықтан былтырдан бері осындай жаңа үлгіде Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауынан «Балалар кітапханасы» салынсын деген ұсынысты айтып келе жатырмыз.

Биылғы жыл Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен «Балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы» болып жарияланды. Соған орай, күні кеше ғана «Қазақстан» арнасының «Бүгін» хабарына Әлібек Асқаров, Баянғали Әлімжанов, Ербол Бейілхан сынды белгілі қаламгерлермен бірге қатысып, балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне байланысты үлкен мәселелерді көтердік. Біз қоғамды кітап оқуға қаламгерлеріміз жақсы шығармаларын ұсынғанда ғана ынталандыра аламыз. Қазір біз әлеуметтің рухани кемелденуін үздіксіз насихаттаудың арқасында оқырманның бар екеніне көз жеткіздік. Ең көп оқылып жатқан кітаптар ретінде Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», Зира Наурызбаева мен Лилия Калаустың «Алтын тостағанды іздеу», Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем», тағы да басқа көптеген кітаптардың жақсы оқылып жатқанын айта кеткіміз келеді. Балалар мен жасөспірімдер оқуы жылында балаларға арналған жаңа кітаптардың жарыққа шығуын, театрларда балаларға арналған пьесалардың көптеп қойылуын, қазақ мультипликациясының дамуын қолдап отырғанымызды жеткізгім келеді.

Қазіргі кезде қазақстандық балалар жазушылары мен баспагерлер кітапхана қарашаңырағында тізе қосып осы және басқа да ауқымды жобаларды жасап жатыр. Жыл соңында нәтиже беретініне сенімім мол. Бұл 23 сәуір – Халықаралық кітап оқу күніне қазақстандық кітапханалардың қосқан үлесі деп білемін.

Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін жаңаша жаңғырту сынды үлкен бастаманы неліктен кітапхана көтеріп отыр, енді соның себебін айта кетейін.

Қазақстанның барлық кітапханаларының базасы жұтап, оқырманға оқитын жаңа дүниелер жетіспеушілігінен өткір мәселер туындағанда, біз жазушылар мен баспагерлердің басын қосып, мәселені бірге шешуді қолға алған болатынбыз. Кітап та насихат негізінде оқылады. Біз насихаттаған кітаптарды кітапхана оқырмандары тез алып қояды да, басқа сұраушыларға жетпей қалып жатады. Егер қаламгерлер кітабын жазып, баспагерлер жарқыратып шығарып жатса, кітапхана қорларына жеткілікті кітап жиі бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді. Оқырман кітап оқуға сонда бейімделеді деп ойлаймын.

Осы мақсатта кітапхана жанынан «Әдеби агенттік» құрып, кітап нарығын әлемдік тәжірибе жүйесімен Қазақстанда да дамытуда ғылыми негізде түсіндіруді қазір қолға алып жатырмыз. Ол жерге білікті әдеби менеджерлер, кітап маркетингі жүйесін насихаттайтын әдеби агенттер, қаламгерлер мен баспагерлер жиналды.

Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан қаласында «Болашақ» бағдарламасымен Америкада білім алған білікті азаматтар «Creative Yurt» алғашқы ресми әдеби агенттігін ашып отыр. Алдағы уақытта еліміздегі кітап нарығын алға жылжытатын әдеби агенттіктер көбейіп, сапалы кітаптардың көптеп шыға бастауына ықпал етсе, әлеуметті мақалада көрсетілген жолдармен оқуға ынталандыру да бірге жүзеге аса береді деген ойдамын.

Қоғамды рухани дамытуда осындай әлемдік тәжірибелерді ғылыми негізде зерттеп, барынша енгізуге тырысып жатқан Ұлттық академиялық кітапхананың жұмыстарына БАҚ өкілдері неғұрлым ақпараттық қолдау білдірсе дейміз.

Руханият жанашырлары кітапхана қарашаңырағында жұдырықтай жұмылып жатқанда, БАҚ та, мейлінше, қалыс қалмаса екен.

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА,

ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры,

педагогика ғылымдарының докторы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар