Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақтың алғашқы дәрiгер қызы – Аққағаз Досжанова

12.05.2020 1481

Қазақтың алғашқы дәрiгер қызы – Аққағаз Досжанова 12+

Аққағаз Досжанова – Мәскеуде бiлiм алған қазақтың алғашқы дәрiгер қыздарының бiрi. Биыл халқымыздың тұңғыш ақ халатты абзал жаны атанған аяулы тұлғаның туғанына 115 жыл толып отыр. Бiр өкiнiштiсi, арпалысқа толы ХХ ғасыр басында қазақтың дербестiгiн аңсап, сол жолда бастарын бәйгеге тiккен ұлтымыздың бiртуар ұлдары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мiржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтармен бiрге жүрiп, ұлтжанды ағаларының алақанының жылуын сезiнiп, ұлт шаңырағының уығын қадауға қатысқан, қазақ қыздарының арасынан алғаш болып жұлдыздай жарқырап, «қараңғы қазақ көгiне, өрмелеп шығып, күн болуға ұмтылған» Аққағаз Досжанованы бүгiнгi ұрпақ бiле бермейдi.

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ 100 СОМ СТИПЕНДИЯНЫ НЕ ҮШІН ТАҒАЙЫНДАДЫ?

Иә, шынында, Алаш зиялылары алақанында аялап ұстаған, сонау 1922 жылы Түркiстан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесiнiң төрағасы қызметiнде жүрген Тұрар Рысқұловтың өзi жанына жақын тұтып, жүрек жылуын берiп, кеңестiң арнайы қаулысымен 100 сом көлемiнде стипендия тағайындатқан Аққағаз Досжанова кiм едi? Алаш ардақтылары неге оны жанына жақын тұтты?

Әңгiменi әрiден бастайық. Аққағаз Досжанова – 1893 жылы Ақтөбе уезiне қарасты Бөрте болысының 5-шi ауылында ауқатты шаруа отбасында дүниеге келдi. Анасынан ерте айрылып, ағасы Сағындықтың тәрбиесiнде өстi. Ретi келгенде айту керек, Аққағаз Досжанованың бiлiм алуына, дәрiгер деген қастерлi мамандықты таңдауына ағасы Сағындық Досжановтың ықпалы зор. Өйткенi Сағындық Досжанов заманында Алаш ардақтыларының сенiмдi серiгi болған, педагогтiк бiлiм алған, Алашорда қозғалысының батыс қанатын басқарған, Қырғыз Халық комиссарлары Кеңесiнiң, орталық атқару комитетiнiң мүшесi, Торғай облыстық халық ағарту комиссары қызметтерiн атқарған, осы облыстағы 1917 жылы 2-8 сәуiр мен 20-25 тамыз күндерi өткен құрылтайды ұйымдастырушылардың бiрi болды. Ағасының ақылымен Аққағаз Досжанова Орынбор гимназиясына оқуға түсiп, 1914 жылы үздiк бағамен бiтiрiп шығады. Бұл жөнiнде «Оренбургский Вестник» газетi арнаулы мақала жазып, гимназияда озат оқыған алғашқы қазақ қызының жетiстiгiн ерекше атап өтедi. Себебi ол заманда қазақ оқығандары, оның iшiнде қазақ қыздарының арасынан бiлiмге иек артқандар жоқтың қасы болатын. Аққағаз Досжанова сол уақытта «қазақ қыздары қараңғы, қазақ оқымайды» деген қатып қалған қасаң қағиданы бұзып, алғаш болып бiлiм өрiне ұмтылған қазақ қыздарының бiрегейi болды. Бiлiмге құштар, зерек, зерделi қазақ бойжеткенi Орынбордағы гимназияны ойдағыдай тәмәмдаған соң, Мәскеудегi жоғары әйелдер курсына оқуға түстi. Мұнаралы Мәскеуге жол тартқан қаршадай қазақ қызының бұл бастамасы заманында ерлiкпен пара-пар саналды. Өйткенi бұл уақытқа дейiн қазақ балаларының Мәскеу түгiл, өз елiнде оқуға мүмкiндiгi жоқ-тын.

Ташкенттегі қазақ оқығандары: М.Әуезов, Х.Досмұхамедов,

М.Жұмабаев, С.Қапин, М.Тынышбаевтар т.б.

Аққағазды ортаға алып суретке түскен сәт, 1922 жыл

МӘСКЕУДЕ БІЛІМ АЛҒАН БОЙЖЕТКЕН

Мәскеу саналы қазақ қызын тек бiлiм нәрiне сусындатып қана қоймай, зерделi жастың зейiнiн кеңейтiп, үлкен өмiр жолына үйреттi. Ой-санасы өстi. Орыс құрбыларымен қатар жүрiп, ол Мәскеуде бiлiм алып жатқан мұсылман студенттерi – татардың, әзiрбайжанның және Шығыстың басқа да ұлттарының жастарымен тығыз бауырластық қарым-қатынаста болды. Бауырлас халықтардың бостандығы мен теңдiгiн, тұтастығын ту етiп мұсылман жастарының арасында үгiт-насихат жұмыстарын жүргiздi. Мәскеудегi татар студенттерi қоғамының белсендi мүшесi болды. Орыс тiлiне жүйрiк, мәдениетiне қанық қазақ бойжеткенi 1917 жылы ақпан айында Мәскеудiң татар слободкасындағы медреседе бұратана халықтардың патша өкiметi езгiсiнен азат етiлгенi туралы орыс тiлiнде баяндама жасады. Ақиқатын айтқанда, Аққағаз Досжанова Мәскеудегi мұсылман жастарының көш басында тұрды. Айтар ойын жасқанбай ашық айтты, мұсылман бауырлардың сөзiн сөйледi. Қаладағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Сөйтiп жүргенде Аққағаз Досжанова науқасқа шалдықты. Жолдастарының көмегiмен клиникада емделiп, мәскеулiк дәрiгер, профессор Плетновқа көрiнгенiмен де науқасынан айыға алмаған соң туған жер топырағына оралуға мәжбүр болды. Осылайша талапты бойжеткен 1918 жылдың қоңыр күзiнде курстың «қайырымды медбике» бөлiмiн асығыс аяқтап, атамекенге аяқ басты.

Елге оралып, бiр жылдай ауылда тынығып, денсаулығын түзеп алған арманшыл бойжеткен әрекетсiз отыруды жөн көрмедi. Мәскеуде бiрер жыл оқып келгенi бар, бiлiм нәрiне толық сусындап үлгермеген талапты жас қайтсе де бiлiм алуға, өнер үйренуге құлшынды. «Талаптыға нұр жауар» демекшi, сол жылы бiлiмге iңкәр жүректiң арманы орындалып, Аққағаз Досжанова Томск қаласындағы дәрiгерлiк институтқа оқуға түстi. 1921 жылы бiлiм ордасын ойдағыдай тәмәмдаған болашақ дәрiгер осы жылы Семей облысының Абай ауданына келiп, тәжiрибеден өттi.

Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова,

Гүлайым Балғынбаева. Орынбор, 1914 жыл

ТАШКЕНТ: ТӘЛІМДІ ҒҰМЫР, ИГІЛІКТІ ІС

Тектi тұлғалар туған топырақта тәжiрибеден өткен бойжеткен Томскiге қайтып оралғысы келмейдi. Ойлы қыз ойлана келе, ақыл таразына салып бар қазақ зиялылары бас қосып, тiзе бiрiктiрiп жатқан Ташкентке баруды жөн көредi. Сөйтiп, тәуекелге бел буып, Ташкентке келiп Орта Азия жастарына арнап ашылған Түркiстан мемлекеттiк университетiнiң дәрiгерлер факультетiне құжат тапсырады. Мiне, Аққағаз Досжанованың қазақ зиялыларымен достығы, ағалы-қарындасты сыйластығы, ұлтжандылығы, жастарға деген қамқорлығы, мамандығына деген ерекше құштарлығы осы Ташкентте басталды. Оқи жүрiп, өз мамандығы бойынша қызмет еттi. Сабақтан тыс уақытында қалалық акушерлiк-гинекологиялық клиникада ординатор болып жұмыс iстедi. Қоғамдық жұмыстарды да назардан тыс қалдырмады. Ретi келгенде айту керек, Аққағаз Досжанованың Ташкентте жүргенде құштарлана кiрiскен игi iстерiнiң бiрi – панасыз балаларды қамқорлығына алып, оларды балалар үйiне орналастырумен айналысты. Орынбор, Жизақ, Самарқанд, Бұқар қалаларынан жиналған жетiмдердi қарсы алып, шұғыл жәрдем көрсету тобына жетекшiлiк еттi. «Бiр баланың маңдайынан сипасаң, мың перiште күлiп тұрады» демекшi, бiр емес бiрнеше балаға жүрек жылуын берген ақ халатты қазақ қызының бұл iсiн биiк парасат демей көрiңiз!

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВТЫҢ ҮЙІНДЕ ӨТКЕН МЕРЕКЕ

1922 жылы Аққағаз Досжанова көптен күткен, ақ арманына айналған Түркiстан мемлекеттiк университетiн тәмәмдады. Дәрiгер мамандығын қазақ қыздары арасынан алғашқылардың бiрi болып игерген қазақ бойжеткенiнiң бұл қуанышы Ташкент шаһарында «Жоғарғы басқыш мектептi, САГУ-дiң медицина факультетiн бiтiрген бүкiл шығыстың тұңғыш қызының күнi» деген атпен ерекше жағдайда атап өтiлдi. Қазақтың қайсар ұлдарының бiрi, сол уақытта Түркiстан Республикасы Атқару комитетi төрағасының орынбасары қызметiн атқаратын Сұлтанбек Қожанов Ташкенттегi бар қазақ зиялысын өз үйiне шақырып, дастархан жайды. Үлкен дастархан басында қазақ зиялыларының құдiреттi тобы қаршадай қазақ қызына үлкен өрiс тiлеп, сол жерде барлығы бiрауыздан Түркiстан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесiнiң төрағасы Тұрар Рысқұловқа озық ойлы, саналы, қазақ бойжеткенiне құрмет көрсетiп, арнайы қаулы қабылдау жөнiнде ұсыныс бiлдiредi. Ұсыныс жерде қалмай, бiз жоғарыда сөз еткен қаулы дүниеге келген.

Аққағаз Досжанова оқуын бiтiрген соң өз мамандығы бойынша гинеколог және педиатр болып халқына қалтқысыз қызмет еттi. Өмiрiнiң соңғы сәтiне дейiн бұл қастерлi мамандықтың туын түсiрмей өттi. Айтып-айтпай не керек, саналы ғұмырын салиқалы iстермен өрнектей бiлген, қалың өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай адам жанының арашашысы бола бiлген аяулы жан 1932 жылы 39 жасында ауыр науқастан дүниеден озды. Асыл тұлға қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де, артына өшпестей жарық iз қалдырды. Бiздiң көңiлге медеу, санаға демеу ететiнiмiз осы.

P.S. Қазақ қыздары арасынан алғаш болып бiлiмге ұмтылып, Мәскеуде оқып, өзiнiң ақыл-зеректiлiгi арқасында Алаш ардақтыларының құрметiне бөленген, алғашқы дәрiгер қазақ қыздарының бiрi – Аққағаз Досжанова туралы бұған дейiн де талай айтылды, жазылды да. Ендiгi мiндетiмiз – алғашқы дәрiгер қазақ қызына лайықты құрмет көрсету, оның игiлiктi iсiн келешек ұрпаққа ұлықтау. Ең бастысы, тұңғыш қазақ дәрiгер қызының есiмiн халық жадында жаңғырту.

Азамат Қасымның «Ел - әңгімеші» кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар