Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қазақтың бекзат ақыны ...

29.06.2018 10477

Қазақтың бекзат ақыны

Қазақтың бекзат ақыны  - adebiportal.kz

Көрнекті ақын Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы турасында жазылған жас әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбайдың мақаласын ұсынып отырмыз.

Қазақ поэзиясының көгіндегі жұлдыздардың бірегейі, талантты ақын, дарынды суреткер Ғалым Жайлыбай шығармашылығы оқырманның ыстық ықыласына бөленген тұлға. Ақынның жауһар жырлары нәзік иірімдермен, сыршылдығымен, шынайылығымен дараланды. Оның сырлы да, сымбатты поэзиясы туралы Серік Қирабаев, Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек, Сейфолла Оспан, Қуанышбай Құрманғали, Серік Ақсұңқарұлы, Амангелді Кеңшілікұлы сынды тағы басқа бірқатар әдебиетшілер жоғары бағасын берді. Бұл пікірлер ақынның шығармашылық жолын оқырманға толық танытуымен құнды.

Биыл қазақтың Ғалымы, Ғалым Жайлыбай 60 жасқа келіп отыр. Ғалымның 60 жасы, мерейтойы – күллі қазақтың ортақ тойы, әдебиеттің мерейі. Егер, Ғалым Қасымның ауылында дүниеге келмей, я Мұса Жәлелдің елінде немесе Назым Хикметтің Отанында туылса, әлдеқайда ең жоғары сыйлықты иеленіп, еңбегі сол заматта ақ бағаланар еді. Расымен, солай болар еді. Амал нешік, кезінде қазақтың сұрапыл ақыны Қасым да өмірден өксіп өткен-ді. Қазақ сөзінің құдірет-күшімен ұлттық шеңберден шығып, әлемдік жауһар-ой деңгейіне көтерілген қазақтың айбоз ұлдары, кешегі қайран Қасымның талантты інілері – Жәркен Бөдешұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Жүрсін Ерман, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, осы Ғалым Жайлымбайымызға әдебиетіміздегі ең жоғары марапат – «ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағы әлі күнге дейін бұйырмағанына қайран қаласың... Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы, кестелі тілі туралы сөз қозғамау – мақсат емес, міндет. Міндет қана емес, біле тұра айтпау – күнә болар еді.

Ғалым Жайлыбай – сан түрлі тақырыпта қалам тербеп жүрген шығармашылық тұлға! Туған жер, отан, адам болмысындағы бекзат қасиеттер, отаншылдық рух ақын шығармаларының негізгі өзегі. Ақын Ғалым тәуелсіздік кезеңінде қалыптасқан дарын болғандықтан, поэзиясынан ұлттық идея, ұлттық рух, заман сыры сезіліп тұрады.

Академик Серік Қирабаев Ғалым Жайлыбай шығармашылығы туралы мынадай пікір білдірген: «Ғалым өлеңдерінің лирикалық қаһарманы – дала перзенті, тайға мініп жылқы баққан малшының баласы». Шынымен ақын туындыларынан еркіндіктің, өрліктің, намыстың, кеңдіктің, дархандықтың үні анық жүрекке жетіп тұрады. Мәселен, туған жерін арқау еткен «Жүректегі Жерұйық» өлеңінен ақынның отан-анаға, кең далаға деген сырлы сезімі көрініс тапқан:

Қобыздың сарынында есіл «Ерден»,

Ерденді туған халық өсіп-өнген.

Тарихтың тарғыл түсті керуенімен –

Бұл маңға бабалардың көші келген.

Тұмасы тұңғиықтың тұнар ма екен?

Жапанда жалғыз өскен шынар ма екен?

Жезқазған – жез даланың жезкиігі,

Ұлытау – ұлар ұшқан ұлар мекен...

Ғалым Жайлыбай поэзиясының басты ерекшелігі – табиғилығында, шынайылығында. Белгілі ақын Серік Ақсұңқар да Ғалым Жайлыбай поэзиясы хақында салиқалы пікірін білдіреді: «Ғалымның қай өлеңiн оқысаң да халық әнiн естiп, соның әуенiне елтiп отырғандай күй кешесiң. Әр өлеңi халық әнiндей қарапайым, табиғи, жатық».

Нәзік иірімдер, өрнекті тіркестер, мөлдір сырлар жүректің түбіне терең бойлап оқырманды сұлулыққа, ізгілікке үндеп, таза, іңкәр сезімдерге жетелейді. Бұл жөнінде Қуанышбай Құрманғали былайша толғанады: «Ақын Ғалым – өлеңдегі өрісін, жасыл жайлауын жазып-жаңылмай тапқан тегеурінді талант. Оның өлеңдерінің басты қасиеті – табиғилығы. Ақын өлеңдері еріксіз есіңді алып, сезіміңді елтітіп, көңіліңді елжіретіп, толқытып-толғандырып, сүйсінтіп-сүйсіндіріп, бірден баурайтын алапат қасиетімен жүрегіңді жаулап алады».

Мәселен, «Тобылғыжарған», «Даланың өзендері», «Күзеудегі қараша үй», «Сүмбіледегі сурет», «Ләйлә қыз», «Көзімнің тұңғиығында», «Құмдағы сексеуілдер», «Бұлақ басындағы бұлдырық», «Қара нөсер. Қараша», «Жыр жауған жылы күндерім», т.б өлеңдері заманауи лириканың үздік үлгілерінің бірі деуге лайық. Бұларда көркемдік те, идея да, ұлттық сарын да бар.

Көктемнің сұлу көріністерін сипаттаған «Тобылғыжарған» өлеңі идеясы оқырманды ойға батыратын, қиялға қанат бітіретін туынды. Тобылғының жарылуы, өзендер мен шалқар көлдер, құстардың ән салуы, құлпырған көк жайлау, ауыл тіршілігінің келбеті өлең арқылы көз алдымызға елестейді:

Көктем дегенің – көгілдір арман,

Көгертер кез бұл көңілді қалған.

Сәуірдің айы сәуле шашарда –

Тобылғыжарған, тобылғыжарған...

Қыратқа барсам жолыма жақын,

Бұлаққа барсам толып ағатын.

Тобылғыжарған бүршік жармаса

Тобылғы сынды торығады ақын...

Өлеңдегі метафоралар мен теңулер бұрын-соңды өзге ақындарда кездеспеген жаңашылдығымен ерекшеленеді. «Тобылғыжарған» жаңа өмірдің басын білдіретін символ деу әбден орынды. Табиғат құбылыстары мен адам жанының ішкі қатпарлары астасып оқырманды ойландырады, толғандырады.

«Бір тал үкі» жырын оқығанда көз алдымызға халықтың қасиеті, көненің үні, дархан даланың құдіреті келеді. Қазақ танымында киелі ұғым «Үкінің» құпиясын заманауи оқырмаға кестелі сөзбен, өрнекті оймен түсінікті етіп суреттейді:

Гүл жайнап әнге басса гүл-гүл өрен,

Кешеден қалып кеткен бұл бір өлең.

Басында сол қалқанның бір тал үкі –

Үп етіп жел сипаса үлбіреген.

Шемені байланғандай шерге бейне,

Бұл қазақ сезімсізді пенде дей ме?

«Басында Қамажайдың бір тал үкі...»

Көкеме қосыламын мен де кейде.

Аумасын бір күнінен бір күн мейлі,

Ән салса қайран көкем іркілмейді.

«Басында Қамажайдың бір тал үкі...»

Үрия үміті боп үлпілдейді.

Белдерден ән ұшырған бетегелі,

Бал еді сол бір күндер,

шекер еді.

Басқанда «Қамажайға» ара-тұра –

Көкем де көріктей боп кетер еді...

Ақын туған жерге, оның тамылжыған табиғатын қазақы ой мен қазақы пәлсапаның қадірін асырып жырлайды. Мәселен «Аспантау аққулары» өлеңін оқысақ бұған куә бола аламыз:

Көктемнің көз жасындай іркілмеген,

Кеудемде лықсып жатты біртүрлі өлең.

Аспантау аспанынан аққу көрдім

Мамығы ақша бұлттай үлпілдеген.

Көгерсе көк теңіздей көгілдір маң,

Көгеріп қайтар, бәлки, көңіл қырдан.

Аспантау асқарынан арай көрдім

Арыңды айдынына шомылдырған.

Ақ шуақ апайтөсін аймалапты,

Күнін де сағым сүйіп сайға батты.

Аспантау алқабынан ару көрдім

аршын төс,

алма мойын,

ай қабақты.

Ашылған ай нұрымен ерте гүлі,

Өлке бұл

Өренінің өр көңілі.

Тәңірі жарылқағыр Тәңіртаудың

Есейген етегінде ерке елігі...

«Аспантау аққуларын» оқыған әрбір адам керілген кең даламыздың тіршілігін, болмысы мен танымын танитыны анық. Осы ретте ақын поэзиясының қадір-қасиетіне баға берген Сейфолла Оспанның пікірін келтіргеніміз жөн: «...Ғалым өткеннің ой өрісіндегі бір тал алтын тіндей жол мағынасын іліп алып, оны өмір-өлеңінің өрісіне айналдырып, жаңа заманның даңғылына ұластырғандай жаңалық ашқан. Бұл жырлардың ұлы қасиеті көне үннің күмбірінен, өз көкірегіндегі тар қыспақтың тандырлы тағдырын тас-талқан етіп, халықтық үннің даңғылына ілестіріп, қапырықтан қазбауыр бұлтты дархан даланың өңіріне, оның жазира самал өтіне бір-ақ алып шыққан». Бұл ақынның жаңашылдыңына қатысты дөп айтылған тұжырым.

Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығында ұлы ақындардың рухына арнаған өлеңдер тобы ірі тұлғалардың ұлағатты өмірі мен өнегелі өнерін үлгі етеді. Абай мен Махамбет, Әсет пен Иманжүсіп, Мағжан мен Сәкен ақын үшін құрметті, қадірлі, таңдаулы ғұламалар.

Абай рухымен сырласқан өлеңінде ақын былайша тебіренеді:

Шыңғыстаулардың шындығы болып

Шабыттан туған ұлы Абай.

Заманның ішке сұмдығы толып,

Қаңтар боп кетті құралай.

Уақыт-мергеннің нысанасына

Жамбы боп талай байландық.

Қанаттың барда ұша аласың ба –

«Қалың ел, қазақ, қайран жұрт?»

Оң сапар болар намысқа еріп,

Көлікті болса көш егер.

Үш арыс туған – арыстан едік,

Тышқан боп кетсек кеше гөр...

Өлеңде ұлы Абайдың жүрегіндегі мұң-шеріне үңіледі, мұңдасып сырласады. Ақын жыр жолдарында Абаймен тағдырлас күй кешкендей өзінің жан сырын ақтарады.

«Рух» өлеңі сұңқар жырмен саңқылдаған ақын Сәкенге арналады. Бұл өлеңде ұлты үшін жанын берген арыстың күрделі тағдыры, сұлу ғұмыры, өнері мен ерлігі жыр жолдарына арқау болды:

Құлагерін көңілімнің қамшылама,

Сәкен десе ет-жүрек жаншыла ма?

Қара орманның қайғысын қара киіп –

Арсыздықтан келеміз аршып, аға!

Ғұмырыңды ғасырлар ұзартады,

Атанына азған жұрт мұз артады.

Сені қапқан қанденнің күшіктері

Бүгін бізге көздерін қызартады.

Күндей көркің көңілге медеу бекем,

Сырсандығын сезімнің бебеулетем.

Сұңқар дейді Сәкенді самғайтұғын,

Сұңқар деген Сәкенге теңеу ме екен?!

Ақбоз атты құлатқан жала-керме,

Магаданға мола іздеп бара берме!

Сәкен деген – халқымның рухы ғой,

Рухтарды көмбейді қара жерге.

Ғалым ақын дауылпаз ақынды халықтың рухына теңейді. Сол себептен Сәкен рухы мәңгі өлмейді. Не деген сұрапыл өлең еді!

«Қызыл іңір, Қызылжар», «Есіл ағады», «Кербетегелер», «Назымхат» өлеңдері – табиғаттың сұлулығына тамсанған, одан өмірдің мәнін мен мағынасын таныған адамның ой-сезімі.

«Есіл ағады» – әнге айналған өлең. Мағжанның жүйрік жырындай тегеурінді, ерке Есілдің сырбаз сұлулығын шабыттана жырлайды. Ал Кербетегені еске алғанда, ақын бойын еліткен сезім билейді.

Ақынның Шыңғыс, Баян, Ұлытау, Жидебай, Алматы, Жаңаарқа туралы өлеңдері туған елдің көркі мен сәні болып саналатын киелі жерлердің мөлдір көлдері мен саф ауасына, қасиетті топырағына деген зор құрметі сезіледі.

Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығының биік шыңы – поэмалары. «Ғалымның лирикалық қуаты қандай болса, эпикалық қарымы да соған жетеғабыл, тiптi одан да артылып жататынын “Ақ сиса”, “Киiк қашқан”, “Бiрегейдiң қызылы”, “Қара орамал” поэмаларынан анық көруге болады. Оларда сөздiң салмағынан гөрi ойдың салмағы ауыр. Интимдiк лирикасын азаматтық лирикасындай, азаматтық лирикасын интимдiк лирикасындай жазатын ақын дастандарында да қазақтың атойлаған асқақ рухы алдымыздан шығады да отырады» - дейді ақын С.Ақсұңқар.

Мәселен, «Қара орамал» поэмасы тұтас қазақ халқына қасірет әкелген, талай ерлерді жазықсыз азапқа салған Қарлагтың тарихын, онда қиянат көрген жандардың қилы тағдырын баян етеді. Бұл поэма тарихилығы және шынайы оқиғаларға негізделуімен бағалы. Тарихи деректерге сүйенсек Қарлаг туралы мынадай мәліметтер бар: «КСРО НКВД лагерьлерінің Бас басқармасына қарасты қапастар мен түрмелерде жалпы саны 4 миллионға жуық сотталғандар отырса, олардың 1 – 1,5 миллионнан астамы Қарлагтан өткен. Жалпы, ГУЛАГ-тың құрамында 61лагерь болса, Қарлаг соның ең ірілерінің бірі». Автор осы шындықты көркем тіл, жүйелі оймен оқырманға жеткізді. Дастан «Қарағанды лагері», ««Қарлаг» қақпасы», «Ахметжан Сармантайұлының «58-статья» күйі», «Қызжылаған», «Ирина Борхманның «Үзілген сапар» картинасы», «Мамочкина моласы», «Гармоншы.1973», «Тас пен ас», ««Қарлагтың» қара кітабы», «Қоңыртөбе», «Үш қағыс» атты тараулардан тұрады. Әр тарау жеке оқиға құрылған, бірін-бірі толықтырып, тұтас ұлттың қасіретін көрсетеді.

Поэманың алғашқы жолдарынан Қарлагтағы ауыр да азапты күндерді суреттейді:

Дүр сілкінтер дүниенің дүрмегі ауыр,

Күнде дабыр бұл тірлік

күнде дауыл.

Алаш жұрты

азаптың аралы ма –

Қарағанды лагері

Бұл не лагерь?..

Сарыарқаның қойнауы мәңгі жасыл,

деп ойлама ерке қыз,

қаңғыбас ұл!

Сен де міндің келместің кемесіне –

Қанды қасап жасаған, қанды ғасыр!

Ғалам да алаң өткенге

санам да алаң,

Көңіл айтсын адамзат

саған, далам!

Қарағанды лагері

қара түнек –

Қарағанның түбінде қараңдаған.

Тұтас поэмада ақын ұлттың қайғысын, онда азап шеккен тағдырлас халықтардың қасіреті, адамзатқа зұлмат әкелген жылдарды жүрегі қан жылап жырлайды.

Ғалым Жайлыбай қазақ поэзиясына тілі, бейнелілік сипаты, суреткерлігімен жаңалық әкелген тұғырлы тұлға. Оның жырлары – мөлдір, сыршыл, нәзік, шынайы, табиғи сипатымен оқырманға етене жақын. Әдебиетіміздің асыл мұрасы болып танылған өлеңдері өміршеңдігімен құнды.

Сөзімізді түйіндей келе, қазақтың бекзат ақынына зор-денсаулық, шалқар шабыт тілейміз!

Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар