Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақтың қайсар қаламгері Рахымжан Отарбаев дүние ...

17.02.2018 6502

Қазақтың қайсар қаламгері Рахымжан Отарбаев дүние салды...

Қазақтың қайсар қаламгері Рахымжан Отарбаев дүние салды... - adebiportal.kz

Бүгін қазақ әдебиеті ғана емес, күллі қазақ халқы ауыр қайғыға душар болды. Қазақтың қайсар қаламгері, дарынды драматургы Рахымжан Отарбаев ақпанның 17-іне қараған түні 61 жасында Атырау қаласында дүниеден өтті.

Қаламгердің қазасына орай күллі қазақ жұрты қайғырып, бір-біріне көңіл айтуда. Қаламдас достары да, арқа сүйеп жүрген інілері де қайғыдан қан жұтып, көкіректері қарс айырыла, қош айтысуда...

Ұлықбек Есдәулет, ақын:

Рахымжан Отарбаев?!

Дүниеден өтті дегенге сене алмай отырмын.

Қандай азамат…

Алғаш көргенімде Жұмекен аға екеумізді өзі таныстырып: “Жастарың қатар, бірге жүріңдер. Рахымжан інім елден, Атыраудан енді келді, сен бұған бас-көз боп жүр” деп тапсырып, батасын беріп еді…

Бас-көз бола алмадым…

Ноқта киіп көрмеген асауға қалай ие боларсың!?

Мен оған “Қабырғасы қарағайдай қаба жалды қара айғыр” деген ат қойған едім. Жолыққанда осы теңеуімді қысқа қайырсам: “Сен менің титулдарымды түгелдеп, толығымен айт!” деп, ақсия күліп, қобыраған шашын жоғарыға бір сілкіп қоятын.

Қайта тумас қазақ, қайталанбас қаламгер ғой. Неткен өкінішті…
Бақұл бол, бауырым!

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, жазушы. ҚОШ, ҚАЛАМДАС ДОСЫМ, ҚАНАТТАС ДОСЫМ!.. (Рахымжанды қимастық қазасөз).

Ой, жалған дүние десе!.. Бірге жүре берердей, ұзақ жүре берердей, айрылмастай, ажырамастай, қанаттас ғұмыр кеше берердей көріппін-ау мына пәндәуи тірлікті! «Рахымжан дүниеден озыпты» деген суық хабар жан-дүниемді езіп жібере жаздағанын қарашы! Ай, Рахымжан, Рахымжан! Неге, неліктен мына алды мен арты оп-оңай алмасып кете беретін, саған да, маған да сәт сайын ауыр ой-салмақ сала беретін, екеумізге де көзінің тікесімен емес, құйрығымен қарап тұратын, екеумізге де аса жылы шырай байқатып, жүз жылыта бермейтін жалған дүниені тастап кетуге асықтың сен? Күрескер болуымыз керек демеуші ме ең! Қаламгерлік ерлікті мына біздер жасауымыз қажет демеуші ме ең! Жазғанымыздан әлі де жазарымыз көп дегенді мына сен ғана айтпаушы ма ең! Енді не істеймін? Бірімізбен біріміз құйрық тістесе, күні кеше ғана алпыс деген аса қызық емес, жақсылығынан жауапкершілігі көп арман- асуға көтерілген жоқ па едік! Сол биікке шығып алып, енді не істейміз деп сен де, мен де аңырып қалған кезіміз кеше ғана ғой, Рахымжан! Арман-жоспарларың көп еді, оны енді кім жүзеге асырар? Жазатын жақсы дүниелерің есіктен сығалап тұрушы еді, енді оған кім иелік етер? Бәрі де бас иесіз қалғаны ма, жалған-ай!..Қия алмай тұрмын өзіңді! Сене алмай отырмын мына сұрқы жаман суық хабарға! Бірақ амал қанша! Ерте ме, кеш пе - бәрімізді де соңынан ілестіріп алып кететін алыс сапар ол! Қош, қазақтың көркем сөзінің хас жүйрігі! Қош, менің қанаттас, қимас асыл досым!

Ақберен Елгезек, ақын:

Жұрт әзілдеп отырған шығар деп ойладым басында. Құдаймен де ойнап, ажалмен де қалжыңдасып отыратын ел едік қой. Сенбедім. Ұйқыдан оянып, үйдің ішінде ананы істегенсіп, мынаны істегенсіп сенделіп жүріп алдым. Көз алдымнан Рақымжан ағаның фотолары қаптап кеткен лента кетер емес. Шіркін-ай, құрығанда түсім болсайшы! Бұл қалай сонда?! Неге? Қалай?! Қалай кете салды?! Кететін кісі Рақымжан аға ма еді?! Мына қырық көрпе боп бөлініп, қырық пышақ төбелеске әзір тұратын қазағына "тәйт!" деп ұрсып тұрып, аталы сөзін айтар шағында адам кете ме?! Сенбеймін! Дұғаға қосар аз ғана ағаларымның ішіне кіретініңізді күні кеше ойлап па едім мен...

Екеуміз тылсым тақырыптарға қатысты сұxбат-кітап жазамыз деп жүрген едік. Мен сізге "Рақымжан аға, Сіз менімен ол кітапты жазуға әлі дайын емессіз ғой!" - деп әзілдейтін едім. Сіз таңқалғандай боп "Апырай, ә!" деп менің ішек-сілемді қатырушы едіңіз... Қайтейін-ай, қайтейін...

Алла Рақымына бөлесін, жан ағамды. Жаныңыз пейіште шалқысыншы, жан Ағам!

Жәлел Қуандықұлы, ақын:

Рахымжан Отарбаевтың қазасын естігенде

Жан-тəнімен адамға бақ тілеген,
Күндей жүрек тоқтады, батты демен!
Қазір менің жанымды жұбатуда,
Жалғыз сөз "Жақсы" деген.

Жақсы ағам-ай тұлғасы таудан биік,
Ар жолына өмірін салған қиып.
Хан Шыңғыстың жасы ма тамып түскен,
Жанарында Түркінің қалған ұйып!?

Жақсы сөзің - жұмағың, бақ-тұрағың,
Елің мəңгі сүйсініп татсын əрін.
Қайран, дана халқымның ұлылығы-ай,
"Жақсы өлсе" деп тілейтін жақсыларын...

Күрсінуде кең далаң жоқтап, налып,
Сене алмадық айтуға сөз таппадық.
Сен қайтқанда жүрегі қазақтың да,
Соғып кетті, бір сəтке тоқтап қалып...

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар