Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қазақтың Қалқаман ақыны...

27.10.2017 11376

Қазақтың Қалқаман ақыны

Қазақтың Қалқаман ақыны - adebiportal.kz

( Қалқаман Сарин поэзиясының көркемдігі)

Кеудесіндегі жұдырықтай жү­­ре­гін ақта­­рып, бо­йын­дағы шабытқа ерік беріп, кеудесіндегі сезім құстарын жыр құсына айналдырып, поэзия әлеміне ұшыра алған тамаша ақын ретінде Қалқаман Саринді танимыз. Поэзия көгінде шабыт- құстың шарықтап қанат қағуы ақынның жанынан жарып ұшқан өлеңнің құдіреттілігіне байланысты екені сөзсіз.

Мұқағали Мақатаев:

Ақын болсаң, алмас бол тайпалмаған,
Сен айт менің ойымды, айта алмаған, - демей ме?!

Сөзіміздің дәлелі ретінде Қалқаманның бір өлеңі төңірегіндегі ойды ортаға салуды жөн көрдік.

«Күз бен біз» атты өлеңін қарайық.

Сары түсті сағыныштан күз Моншақ...

Өлеңнің алғашқы жолынан-ақ көрмедегі әдемі суреттерге кездесетін жандай алға қарай ентелей түсесің. Сыдыртып тек көз жүгіртіп оқып шығу мүмкін емес. Иә, дәл солай... Тұнып тұрған жанды суреттер еріксіз назарыңды аудартып, өлең өлкесіне ерте жөнеледі.

Сұр қалаға күздің сыңсу айтуы арқылы жансызға жан бітірген жанды көріністі астарлы оймен әдемі, ұтымды жеткізген.

... Көздеріңді тұрды менен жасырып,

Кірпіктерің қызғаншақ.

Соңғы уақытта поэзиядағы жалаң сөздерге қор болған «күйдім, сүйдімге» қойылған нүкте секілді. Шынымен де осы екі жолда лирикалық кейіпкердің сезімі шеберлікпен берілген. Ұлттық тәрбие үрдісі де көрініс тапқандай. Көзін ұяла төмен салып тұрған ибалы қыздың келбеті елестейтіні анық. Осы арада лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін беру ерекшелігі айқын көзге түседі. Ақынның өлеңдегі өзіндік өрнегін бұдан соңғы өлең жолдары дамыта түседі. Сызылып тұрған аруға ғашық жігіттің жүрегі былай деп сыр шертеді:

...Ал екеуіміз күзде ашылған бүршікпіз.

"Бұл жолда не бар?", - деушілер де табылар әрине. Бүршік көктемде жарады. Ал екі жастың махаббатының күзде бүршік жаруы – таңғажайып құбылыстай әсерлі. Ақын жүрегіндегі сезімін ерекше құбылысқа балағанын осылай тамаша жеткізе білген. Осы жерде Қалқаманның тамаша сыршыл ақын екендігі айқын сезіледі. Ақынның жан дүниесіндегі нәзік сезіммен астасып келіп,сөздер де тамаша айшықты өрнек құрайды.

Көз - жүректің айнасы. Абай айтқандай: « Ғашықтың тілі - тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл...»

Кірпіктерің күні-түні күзеткен,

Көзіңдегі сезім бе еді кіршіксіз. Кірпікті көздегі сезімнің күзетшісі деу керемет метафора, жай метафора емес, күрделі метафора. Еріксіз кейіпкермен бірге қуанып, бірге сезініп,бірге сырласасың. Оқырманын осылай тәтті сөздерімен, айшықты құбылтуларымен қанатты сезімнің құшағына бөлейді.

Бұдан әрі ақын ойын былайша сабақтай түседі:

Күннің әлсіз сәулесіне жылынып,

Көз ішінде керіледі кербез мұң. Осы жерде «Неге жадыраған күннің нұры емес?» деген сұрақ та тұруы мүмкін. Ау, мезгіл күз еді ғой. Күзде күн шуағы қандай болатын еді?! Міне!.. Күзде бүршік жарған қос сезім әлсіз шуаққа ғана жылынып тұр. Осы жолдар арқылы екі ғашық жүректің арасындағы біз білмес бір құпия бой жасырғандай ма қалай? Поэзиядағы ой тастау деген осы. Осы жердегі мына әдемі суретті айтпай кету мүмкін емес. Мұңның кербездене керілуі – әдебиеттегі шарттылық. Жансызға жан бітіру арқылы әдемі сурет көз алдымызға келеді. Келесі шумақтағы жасыл жапырақты ұрлаған ұры күз бір кездегі қос ғашықтың арасындағы сезімді еске түсіргендей екен-ау...Өйткені :

Үнсіздіктің үнтаспасын тыңдап біз, - деуі осыны аңғартады емес пе?!

Шарықтау шегін осылай шиеленістіре суреттеп алған ақын шешімі :

Еміс-еміс қос жүректің дүрсілі,

Естіледі, бұл - махаббат тылсымы.

Өзің жайлы ойларымды ұрлайды,

Күзгі жаңбыр. Тамшылардың тырсылы, - деуі заңдылық.

Бәрі өріле, жымдаса келе лирикалық қаһарман сезімінің туу, даму себептерін, барысын шынайы ашылуына бағындырылған.

Ақын жүрегі қимастық пен махаббатты ұштастырып, сезімді бағалай, бағамдай алады. Аталмыш өлеңде лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі тақырыпқа қатысты күшті шабытпен берілген.

Өлең құндылығы неде? Адам жанындағы сезімді, арпалысты жеңілдетпей, өз қалпында өрістетіп беруінде. Ең соңында белгілі бір сезімнің жеңуі, салтанат құруы да жоқ. Өмір күрделі, соған сай адам сезімі де сан қырлы. Ақын, міне, соған назар аудартады. Біз лирикалық кейіпкерді , яғни ақынның өлеңдегі жан-дүниесін шынайы қалпында танимыз.

Қазір таңда көркем шығармаларды талдау дегенде ондағы айтылар ойды жалаң мазмұндаудан біраз арылған тәріздіміз. Дегенмен де поэзияға келгенде әлі де олқылық байқалып жатады. Өлеңді толық саралау, оқырманға жеткізе білу жағының әлі де ақсап жатқанына назар аудартқымыз келеді. Енді өлеңді түсіну деңгейін жетілдіру, оқырман қызығуын арттыру үшін, өзімнің талдау, саралауларымды көпшілікке ұсынып, кейін жырды оқырмандар пікірлерімен бірлесіп сараптау көмегімен шығарма көркемдігіне көз жеткізгім келеді. Осы орайда ақынның тағы бір өлеңі туралы ойымды ортаға салсам деймін.

«Қарындас» деп аталатын бұл өлең мына жолдармен басталады.

Жарасады қарындас, сізге еркелік
Көзіңізден...
Күлесіз кіл зер төгіп.
Қолын бұлғар бір күні көктем құрбың,
Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп.

Қазақ қызының қысқаша портреті дерсің. Ерке қыздың күлкісі зер төгіп, айналаны құлпыртып жібереді. Ал осы жолдардан кейінгі екі тармақ оқырманды қызықтыра түседі. Ару қыздың алдағы күндеріне қарай ынтықтыра түсетін ой тастайды. Не болар екен деген ынтызар көңіл өлеңді одан ары оқуға жетелей түседі. Осы тұста айта кету керек, көктемді қол бұлғаған құрбыға балауы – жансызға жан бітіру. Ал арудың көйлегінің етегін күз көмкеруі ерекше әдемілікті үйлесімділікпен беріп қана қоймай, күз мезгілінде болар жаңалықты да жеткізгендей.

Еркелеңіз қарындас, еркелеңіз,
Өктемсініп келсе де өлкеге күз.
Бүгін – сіздің махаббат серігіңіз,
Мұңмен мәңгі боласыз ертең егіз,
- деген келесі шумақ нені аңғартады? Еркелеген ару қыз бен күзді қатар алып суреттеген? Әрине осы сауал ең бірінші кезекте көкейімізде тұрары хақ. Күз - поэзияда мұң, жабырқау көңілді, сағынышты білдіреді. Соларды күз арқылы қыз жүрегінен орын аларын ақын ақырын ғана майдалап, тігісін жатқыза жеткізіп тұрған жоқ па? Сондықтан да ол : « ...Бүгін - сіздің махаббат серігіңіз...» - дейді.

Иә, солай...
Көктемің күзге айналып,
Жүрек құрғыр солқылдап сыздайды анық.
Тағдыр желі нәп-нәзік жаныңызды
Тоңдырады сұп-суық мұздай қарып
, - деген келесі шумақты оқығанда «Айттым ғой... Бәсе...» - дейміз. Өйткені «көктем» жылылық белгісі, «нәп-нәзік» көрiктеуiш құрал болса, “күз”, сөзі мұң мен жабырқаудың рәмiздiк /символдық/ белгiсi іспетті. Көктемнің бірден күзге айналуының өзінде жүрек қалауы емес, тағдырдың жазуы бар ма деп қаласың. Оған нәп-нәзік жанды тағдыр желінің тоңдыруы дәлел бола алады. Тағы да "сұп-суық мұздай қарығанды" қосыңыз. Поэзиядағы дамыту міне осылай жүрсе керек-ті. Осы арада "жүректің солқылдап сыздауы" шарттылық ұғым. Ақын бейнелеудiң алуан амал-тәсiлдерiн: тұспалдау, шарттылық, әсiрелеу, тура айтып әйгiлеудi жарыстырып пайдаланып, лириканың жанрлық мүмкiндiктерiн кеңейту үрдiсiн көрсетіп отыр.

Не бар дейсіз, бұл күзде ұнатардай?
Жапырағы тоналған құба талдай.
Құлазимын. Өтінем, жыламаңыз,
Жыласаңыз, дәрмен жоқ жұбатардай
, - деп тағдырға дәрменсіздік танытқан ақын көңілін түсіну қиын емес. Сол себепті ақын өзін күздегі жапырағы тоналған құба талдаймын дейді. Лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін психологиялық параллелизм арқылы беру десек те қателеспеспіз.

Бұған дейін лирикалық кейіпкердің қызға деген жанашырлық сезімін тамашалап келген оқырман «Жапырағы тоналған құба талдаймын» - деген ескерту тұсында жігіттің де енжар еместігін, тек өзінің жеке сезімінен, махаббатынан, ару тағдырын жоғары қойғанын, әйтсе де, оны қимайтынын, соған қамығатынын аңғарта алады. Поэзиядағы «айтпай айту», «емеурінмен сездіру», яғни шалқар ойды осы бір жалғыз тармаққа сыйғызу да Қалқаманның шебер ақын екенін дәлелдей түседі.

Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп,
Қалың тұман түседі түзден төніп.
Бұл күндері жүргенмен бақыт құшып,
Бір күндері кетерміз біз де өртеніп... , -
деген шумақтағы ой Қалқаманның суреткерлігінің басқаға ұқсамайтын ерекшелігін, стилін дәлелдейді.

"Қалың тұманның төнуі" деген жолда кейіптеу арқылы ой астарлы жеткізілген. Көркем шығарманың шарықтау шегі деген бөлігі бар емес пе? Міне бұл сол тәрізді. Сондықтан да ақын өлеңде «...Бір күндері кетерміз біз де өртеніп..», - деген шешіммен түйіндейді.

Жарасады қарындас, сізге еркелік,
Еркелеңіз!.
.

Поэзияны тереңіне бойлай отырып түсіну мұнарасымен бағдарласақ, Қалқаман Сариннің өлеңдерін сыдырта оқу секілді жалаң тәсілдерге бой алдырмауымыз керек деген қорытынды туады.

Шыны керек, қазіргі мына заманда анда-санда болатын табиғаттағы сұрапыл апаттан ғана сақтанумен шектелмей, қазіргі рухани өмірімізде орын алып жүрген, тек сырт көзге байқала қоймайтын, тіпті елеусіз саналатын жоқшылық, жұтаңдық зардабына ұшырамауды да үйренуіміз керек. Ол жоқшылық, жұтаңдық – рухани жан дүниеміздің тоқырауы. Ол - теледидар, кино т.с.с. ғажайыптарын тамашалағанның жөні осы екен деп, көркем шығарманы оқымау, оның ішінде әсіресе өлең атаулыны түсінбей, сырғақсу апатына жол берілуі дер едім. Мұның бәрі нені көрсетеді? Қазақ ақындарының өлеңдерінің сыр-сипатын, мәнін ашу оңай еместігін, оған іздену, тер төгу қажеттігін дәлелдейді.

Соның ішінде Қалқамандай аса дарынды ақынның бір өлеңін болса да, қалың оқырманға жеткізе алсам, ұстаз ретінде шын бақытқа кенелер едім деген сеніммен осы бір мақаламды тамамдағым келеді.

Қорыта айтқанда, Қалқаман Сарин - сыршыл ақын.

Күз бен біз.

Сары түсті сағыныштан Күз моншақ,

Тағып алып тағы келді бізді аңсап.

...Көздеріңді тұрды менен жасырып,

Кірпіктерің қызғаншақ.

Сұр қалаға сыр айтады сыңсып күз,

Ал,екеуіміз күзде ашылған бүршікпіз.

Кірпіктерің күні-түні күзеткен,

Көзіңдегі сезім бе еді кіршіксіз?!

Сезім екен сақтағаны сол көздің,

Қиялға еріп бір әлемді мен кездім.

Күннің әлсіз сәулесіне жылынып,

Көз ішінде керіледі кербез-мұң.

Жасыл бақтың жапырағын ұрлап Күз,

Жатыр әне.Сірә біздер тым жатпыз.

Көше бойлап келе жаттық сырласып,

Үнсіздіктің үнтаспасын тыңдап біз.

Еміс- еміс қос жүректің дүрсілі,

Естіледі, бұл - махаббат тылсымы.

Өзің жайлы ойларымды ұрлайды,

Күзгі жаңбыр. Тамшылардың тырсылы.

ҚАРЫНДАС...

Жарасады қарындас, сізге еркелік
Көзіңізден...
Күлесіз кіл зер төгіп.
Қолын бұлғар бір күні көктем құрбың,
Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп.

Еркелеңіз қарындас, еркелеңіз,
Өктемсініп келсе де өлкеге күз.
Бүгін – сіздің махаббат серігіңіз,
Мұңмен мәңгі боласыз ертең егіз.

Иә, солай...
Көктемің күзге айналып,
Жүрек құрғыр солқылдап сыздайды анық.
Тағдыр желі нәп-нәзік жаныңызды
Тоңдырады сұп-суық мұздай қарып.

Не бар дейсіз, бұл күзде ұнатардай?
Жапырағы тоналған құба талдай
Құлазимын. Өтінем, жыламаңыз,
Жыласаңыз, дәрмен жоқ жұбатардай.

Еркелеңіз қарындас, сізге еркелік
Жарасады,
Күлсеңіз кіл зер төгіп.
Қол бұлғайды бәрібір көктем құрбың,
Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп.

Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп,
Қалың тұман түседі түзден төніп.
Бұл күндері жүргенмен бақыт құшып,
Бір күндері кетерміз біз де өртеніп...

Жарасады қарындас, сізге еркелік,
Еркелеңіз!..

Қалқаман САРИН

Айгүл Омарова,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар