Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қажым Жұмалиев: Абай Және Қазақ Әдебиеті...

08.08.2015 3103

Қажым Жұмалиев: Абай Және Қазақ Әдебиеті

Қажым Жұмалиев: Абай Және Қазақ Әдебиеті - adebiportal.kz
Біз жоғарыда Абай творчествосын әр жағынан талдай отырып, оның қазақ әдебиетіндегі орнын, атқарған ролін, енгізген жаңалықтарын, қалдырған үлгілерін сөз еттік. Әйтсе де, Абай творчествосы туралы айтылуға керек ойларды, оның шығармаларындағы қозғалған мәселелерді түгел қамтыдық деп айта алмаймыз. Өйткені Абайдың көтерген проблемалары әрі терең, әрі сан алуан. Олардың әрқайсысы жеке зерттеуді керек етеді және зерттеліп те жүр. Сондықтан біз Абай шығармаларына жоғары мектептердің оқулығына қойылатын талаптар тұрғысынан келдік те, соған сай, ақын творчествосында қозғалған негізгі мәселелер жайлы пікір айтып, түюлер жасадық.
«Абай және қазақ әдебиеті» деген үлкен тақырып туралы сөз қозғау - ХІХ ғасырдың бер жағындағы бүкіл қазақ әдебиеті туралы айту деген сөз. Ол жөнінде қазірдің өзінде монографиялық жалғыз-ақ еңбек бар (А.Нұрқатов). Бұл монографияда осы тақырып кең түрде сөз болады.
Абай қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді дедік. Осымен байланысты екі түрлі жайтты тағы да қайталап айту артық емес тәрізді. Біріншісі - ол өзіне дейінгі қазақ әдебиетіндегі кемшіліктерді, оның өзіне тән байырғылықты қайталамауы, екіншісі - шығыс, батыс, орыс мәдениетін өз әдебиетіне үлгі етіп алуы, өз өлеңдерінің сапасын жоғарылатуы, ұлттық түрді сақтай отырып, оған интернационалдық нәр беруі, әдебиетімізді шын искусстволық дәрежеге көтеруі. Абай өлеңдерінің осы қасиеті, оның өз кезіндегі және өзінен кейінгі сөз өнерпаздарының барлығына да әсер етті және олар Абай сөздері жаңа құбылыс екендігін тек танып қана қойған жоқ, әркім одан өзінше сабақ алды, үйренді, өздеріне үлгі санады. Абай қаламына тән терең мазмұнды үздік образдар ой қозғап, жүрек тербетерлік әдістері өзінен кейінгі ақындарды еріксіз мойындатып, Абайдың шәкіртіміз деуге мәжбүр етті. Бұл Абайдан кейінгі қазақ поэзиясының бойына түгел сіңген және туысқан татар, башқұрт, қырғыз елдеріне де әсер еткен болатын. Өзінен соңғыларға Абайдың әсер, ықпалдарын сөз еткенде, біздің кейбір зерттеушілеріміз мәселелерді кең түрде қоя алмай, ақынның әдеби мектебінің шеңберін тарылтып, тек оның өз айналасынан ғана іздейді.
1950-1951 жылдар осы мәселенің айналасында талас пікірлер туып, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жиналысы өткізілді. Осы жиналыста жасаған баяндамасында академик-жазушы С.Мұқанов Абайдың шәкірттері туралы дұрыс, келелі пікірлер айтты. Абайдың әсерін өз айналасынан ғана іздемей және жай жақындық қарым-қатынас тұрғысынан емес, идеялық жақтары жағынан іздестіру, зерттеу қажеттігін көрсетіп, ол жөнінде көптеген фактілерге негізделген бағалы ойлар ұсынды.
Абайдың қазақ әдебиетінде салған жаңа жолы, соны арнасы барлығына ешкім күдік келтірмейді. Абайды қазақ әдебиетінің классигі деудің өзі әдебиетімізде Абайдың салып кеткен үлгісі болғандығын, ол үлгіні кейінгі ақындар өздеріне өнеге еткендігін көрсетеді. Екінші сөзбен айтқанда, Абайдың әдеби мектебінің барлығын мойындау деген сөз.
Абай өлеңдері басылып шыққанға дейін, әрине оған еліктеушілер, Абай сөздерін өз аузынан естушілер, қолжазбасынан оқығандар болғандығы рас. Жазба әдебиет өкілдерінен Ақылбай, Мағауия, халық ақыны Сапарғалилар - Абайдан тікелей тәрбие алған адамдар. Олардың әрі идеялық жақындықтары, әрі көркемдік әдіс-бірліктері Абаймен тамырлас. Тақырып таңдау, ескілікке қарсы жаңаны үндеу, суреттеу әдістерінің кейбір ұқсас жақтары ұлы ақынды еске түсіреді. «Қисса Жүсіп», «Медғат-Қасым» сықылды поэмалар шығыс, батыс, орыс әдебиетіндегі романтизм стилін жақсы білген Абайдың әсерімен жазылғандығына күдік келтіру қиын. Абай өмірбаянын жақсы білетін академик М.О.Әуезов өзінің Абай жайлы мақала-еңбектерінде бұл туралы фактілермен дәлелдеп, сан рет жазған болатын. Сондықтан оларды қайталап жатуды қажетсіз деп білдік.
Абай шәкірттерін, ең алдымен идеялық бірлестігі жағынан іздеу керек деген С.М.Мұқановтың пікірін біз де қолдаймыз. Бір ақын екінші ақынға еліктегенде, не оның стиль ерекшеліктерін қабылдағанда, бірінші орында тұратын - идеялық жақындықтары. Онысыз екі ақынның арасынан бірлік, жақындық іздестіру мүмкін емес.
Абай өлеңдерінің жинағы бірінші рет 1909 жылы баспа жүзін көріп, әдебиет жұртшылығы ұлы ақынымыздың творчествосымен молырақ танысуға мүмкіндік туды. Алдымен танысқандар әрине, қазақтың ұлтшыл және демократтық бағыттағы оқығандары мен ақын, жазушылар болғандығы рас. Бірақ Абайдан шын үйренушілер ұлтшыл ақындар емес, демократтық идеяны қолдаушы С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаевтар еді.
Спандияр Көбеев, С.М.Торайғыров, С.Дөнентаевтар жырлаған әйел бостандығы, оқу-ағарту, әлеуметтік теңсіздік мәселелері олардың өз кезіндегі тарихи-қоғамдық жағдайлармен байланысты туып, Абайдың идеясымен сабақтасты. Олардың бәрі де талантына бас иіп, демократтық-ағартушылық идеясын қолдаған ақындар. Әсіресе оның ой тереңдігіне, тіл көркемдігіне сұқтана қараған ақын ең алдымен Сұлтанмахмұт болды. Сондықтан да сол кездің талантты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров өзімен замандас, бағы ұшып, мақталып жүрген ұлтшыл ақындардың бірін де мойындамай, жаңа әдебиеттің туы етіп Абайды көтеруі кездейсоқ емес, бұл ұлы ақынымызды өзінің де, ендігі әдебиетіміздің де ұстазы білгендік, оныменен өздерінің идея бірліктерін айқын түсінгендік еді.
С.Торайғыров өз кезіндегі көркем әдебиетті, олардың авторларын сынай келіп: «...Бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа болады-мыс деген «жарып сал, жаңа әдебиетіміздің «нысайы», нұсқаған қол, көрсеткен жолы жоқ, құр «қатын ойбайға» айналып, әркім соны сән көріп бара жатқан соң, қазақ жазушылары-ау, алдарыңа салып айтып отырмын: құр «ойбай» дегенмен, ойбайдың да ойбайы бар ғой, жылаудың да жылауы бар ғой. Туыстағы тұрмыс дерті зығырданыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, ықтиярсыз, ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің сырқырарлық ащы, зарлы бебеулерін қағып, көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқатуымен анық ақ сүйек, аты жоғалмайтын «өлең» деп, «өнер» деп соны айтамын:
«Сырт көрінісі «қатын ойбай» тұрсын» шайтан ойбай болып көрінсе де, дәмі бар, маңызы бар «ойбай сол», қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғаған жүректің сығындысы (сол). Соның үшін ондай «ойбай», ондай «бебеу» табыла қалса, салған жерден өзі де дертке шипа бола кетеді. Қарасақ, бұл айтқанда өзін жұртқа әуез айтып көрсетушілік бар.
Мәселен, марқұм Абайдың:
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас...
Судырсыз сары қамқаны...
Сөзімде жаз бар шыбынсыз... - сияқты айтқандары артығынан шын. Шын жылаған көз жастың тамшысы, рас қайнаған сорпаның сөлі болғандықтарынан сезілмейді, сезілсе де, басқалардікіндей көзге қатты, көңілге суық тимейді, қайта өздеріңізді сүйіндіріп әкетеді. Осы айтылған ретпен болмай, күндікке ізденіп, өзінше ойынан ұйқасыңқырап шыққан, керекті-керексіз сөзді ауруы жоқ кісінің ыңқылдағаны, толғағы жоқ қатынның «бебеулегені» қандай жексұрын болса, бұ да сондай жексұрын болады. «Қисынсыз қышқырған қандай тантық» деп Абай айтқанның кебіне ұшырап жүргендер көп»1, - деді.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бұл сөздері сол кездегі ұлтшылдық бағыттағы «ойбайшылдық» пен пессимизм сарынындағы әдебиеттің идеялық, көркемдік бағытын сынау, кезі үшін де, келешегі үшін де келтірер пайдасы жоқ, құнсыз, нәрсіздіктерінің бетін ашу болса, Абай күрескен ана тілін шұбарлауға да жас ақын өз ұстазының үлгісінде жан-тәнімен қарсы шықты. Біз үзінді келтіріп отырған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» атты мақаласының екінші бір жерінде: «Қайта, бұрынғыларымыз хикаят болса да, тілі қазақша, рухы қазақ рухына қарай бейім келгендіктен, өзін сүйдіруші еді. Бұл жаңа «ойбайда шата тілдер көп араласқан. Кейде шүлдірлеп, кейде шолжақтап, жығылып, сүрініп жүрген жайы бар»2, - деп, сүрініп жүргендердің әрқайсысына сол кезде басылған кітаптардан мысалдар келтіріп, бәріне де өлтіре соққы беріп, тіл тазалығы үшін майдан ашты.
Сұлтанмахмұттың бұл көзқарасы - жалпы демократ бағытындағы жазушылардың ой-пікірлерінің жиынтығы. Олардың қайсысы болса да, Торайғыровтың сөзіне қосылатындығы даусыз.
Демократ ақын-жазушылар Абайға тақырып, демократтық-ағартушылығы жағынан ғана еліктеп, үйреніп қойған жоқ, оның творчестволық стилі, өлең құрылысы, тіл көркемдік жақтары жағынан да үйреніп, үлгі алды. Абайдан әркім өзінше сабақ алып, оның ақындық өнерін өзінше меңгерді. Ол үйренушілердің дарыны, білім дәрежесі, дүниеге көзқарастарының терең, саяздығымен байланысты. Мысалы, Сұлтанмахмұт Абай шығармаларының мазмұны тереңдігі жағына еліктеп, осы жағын өзіне сабақ етті. «Сырт көрінісі «қатын ойбай» боп тұрсын, «шайтан ойбай» болып көрінсе де, дені, маңызы бар ойбай сол, қайнаған қаның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы сол», - деп өзі айтқандай, жас ақынның аға ақыннан өз бойына сіңіргені - өлеңнің нәрі мен маңызы.
1С.Торайғыров. Таңдамалы шығармалар, 1957, 358-359-беттер.
2Бұл да сонда.
Шынында да Сұлтанмахмұт өлеңдерінің мазмұны терең. Не туралы жазып, өмір құбылыстарының қайсысын шығармасының тақырыбы етсе де, өлеңдерінде үлкен ой, келелі пікірлер айтып салады. Бұл - бір. Екінші, Сұлтанмахмұттың қай өлеңін алсақ та, өлеңнен біз тек өмір картинасын ғана көріп қоймаймыз, ақынның бар тұрғысын, жан дүниесін сезінеміз. Бұл - әсіресе оның лирикасына тән сипат. Қандай лирикалық өлеңдерін алсақ та, жанын ортаға сала жазу, қуанса да, қайғырса да шын жүрегінің соғуын аңғарту - Сұлтанмахмұтқа тән ерекшелік. Біздіңше, мұның да тамыры Абайда жатқанға ұқсайды.
Абайға көп еліктеген, одан үйренуге көп тырысқан ақынның бірі - С.Дөнентаев. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», әрине, Сәбит Дөнентаев Сұлтанмахмұт емес. Мәдениеті, таланты жақтарынан екеуінің арасында үлкен айырма бар. Тура айтсақ, Дөнентаев Сұлтанмахмұт тәрізді терең, творчестволық үйрену дәрежесіне көтеріле алған жоқ. Ұлы ақынымыз Абайдың демократтық идеясын қолдап, өзінше дамытуға күш салумен қатар, ол тек өлең түрлерін ғана үйреніп, Абайша жазуға тырысты. Революцияға дейін де, кейін де Абай үлгісінде көбірек жазған ақынның бірі - Сәбит. Оның «Ой», «Жүрекке» (жылдары белгісіз), «Абайға» (1918ж.), «Атылғандарға», «Темірге», «Елшілерге» (1924ж.), «Бір жыл өтті» (1925ж.), «Біздің колхоз бәйге алды» (1932ж.) өлеңдері Абайдың «Сегіз аяғы» мен «Бойы былғаң» үлгілерінде жазылған.
Мысалы:
Бәрі бала, жас (еді),
Бәрі ұйқыда мас (еді),
Барлық қазақ баласы.
Сонда ішінен жарқ етіп,
Ақыл, ойын сарп етіп,
Жөн бастаған данасы.
Қидық басты соңыңа,
Сол бастаған жолыңа.
«Елім» деп ең,
Еңіреп ең,
Елге бар ма ед бергенің?
Қақсағанда,
Бастағанда,
Алмақ па едің бермегін.
Бұның алдыңғысы «Сегіз аяқтың», соңғысы «Алты аяқ» түрлерінде жазылған өлеңдер.
Түр мен мазмұнды байланыстыруда Абай мен Дөнентаевтың арасында айырмашылық үлкен. Абай өлеңдерінде түр мазмұнның түрі болып, екеуінің өзара бірліктері жігін білдірмей жымдасып жатса, жоғарғы үлгілерде жазылған Сәбиттің кейбір өлеңдері айтайын деген ойына түрі дәл келмей тұрғандығы байқалады. Дөнентаев Абай емес. Сондықтан сен Абаймен неге тең түспедің деуге болмайды. Келтірілген факті, мысалдар Дөнентаевтың Абайды өзіне ұстаз санап, шама-шарқынша одан үлгі алып, үйренуге күш салғандығын мойындатады. Абайдың творчестволық ерекшеліктерін өз бойына толық сіңіріп, үлкен суреткер дәрежесіне көтеріле алмаса, ол - Дөнентаевтың кінәсі емес, мүмкіндігінің жеткен жерінің сол-ақ болғандығы. Барлық шәкірттің ұстазының деңгейіне жете беруі шарт емес.
Абайға еліктеуші, одан үйренушілер тек С.Торайғыров, С.Дөнентаевтар ғана емес, қазақ совет әдебиетінің негізін салушы Сәкен Сейфуллиннен бастап, қазіргі әдебиетіміздің алғашқы өкілдері түгел дерлік Абайды өздеріне үлгі тұтты, ұстаз ете білді.
Сәкеннің «Кел, жігіттер» (1917), «Өмірсіз ғашық» (1919), «Аққұс» (1921), «Қара жер» «Міне, көл», «Аққу», «Орман», «Дала», «Бозторғай», «Отарба» (1925) өлеңдері «Сегіз аяқ», «Алты аяқ» үлгісінде жазылған. Кейбіреулерінің Абайдан айырмасы шумағында ғана. Мысалы:
Аққұс көркем
Ақ төсін керген,
Көліңде, сәулем, сыңқылда.
Көлдегі еркем,
Ғашығым, еркем,
Сылаңда, биле, былқылда, - деген шумақты алсақ, буыны, бунағы «Сегіз аяққа» дәл келсе де, тармақ саны оған дәл емес.
Бұл өлеңде Сәкен буын санын «Сегіз аяқтан», тармақ, жол санын «Алты аяқтан» алып, өзінше шумақ құрған. Өлеңдері синтаксистік біткен ойды түйіндейтін шумақты алты жолға сыйғызған.
Абай үлгісінде жазылған өлеңдерінің саны жағынан Сәкен қазақ поэзиясында бірінші орын алады. Абай мен Сәкен араларындағы байланыс біздің әдебиетшілеріміздің еңбектерінде өте аз сөз болады. Кейде Сәкен Абай үлгісінде өлеңдер жазды деп өте шығады. Шындығына келсек, өткен өмір әдебиетінің классигі Сәкеннің творчестволық байланысы үлкен.
Жаңа заманның жыршысы, жаңа әдебиеттің басы, поэзиямызға жаңа түр енгізген өз стилі, өз бет алысы бар және оның өлең формаларын алып, жолын қуушы өз шәкірттерін тапқан С.Сейфуллин бір күнде дүниеге келе салған жоқ, үйрену, өсу дәуірін, тіпті еліктеу кезеңдерін басынан кешірді.
Сәкеннің оқытушылар семинариясында (1913-1916) жүрген кездерінде шығыс, орыс, батыс әдебиетімен жақсы танысқандығына «Қалтасында біреудің», «Дүниеде көркем күйлер көп» (1917ж., Саадиден), «Ой серігім» (1917ж., Шепкина-Куперниктен), поляк ақыны Мицкевичтен аударғандары дәлел. Әйтсе де ол өзінің жаратылысындағы өрлік, паңдығына қарамастан, шын ақын деп мойындап, өзін одан үйренушілер сатысына қойып, өз домбырасының құлақ күйін соның мотивіне сай келтіріп, творчестволық үйрену ниетімен өнеге еткен ақыны Абай болды.
Сәкен Сейфуллин «Ғазелге» (Абай үлгісімен) деп аталатын лирикасын 1915 жылы жазған.
Сөйлей көр, тіл мен жақ,
Сөзіңнің бәрі хақ.
Парыздай міндетің
Қалқаны мақтамақ...
Үлбіреп екі ерін
Бейне гүл қызғалдақ, - деп басталатын өлеңі Абайдың «Көзімнің қарасы» атты өлеңінің үлгісінде жазылған. Бұл екі өлеңмен таныс оқырмандарға мазмұны, көркемдігі, құрылысы, буын сандары, ұйқасы жақтарынан жақындық байланыстарының айқындығы, ақынның өзі «Абай үлгісімен» деп ескертпесе де көрініп тұр. Абайдан кейінгі ақындардан таза 6 буынды өлеңді бірінші рет қолданған - Сәкен.
Біздің бұл жердегі негізгі айтпағымыз - Абай үлгісінде Сәкеннің бірнеше өлеңдер жазғандығы ғана емес, творчестволық үйренудің бастамасын көрсету. Қазақ совет әдебиетінде Сәкен - өзінің творчестволық ерекшелігімен жеке-дара ақын. Сәкенді ақын ретінде түгел мойындаса да, түрі жағын, яғни ақындық мастерлігін мойындағысы келмейтіндер де табылады.
Біз алдыңғы пікірді қолдаймыз. Сәкенді заман тілегінен туған үлкен идеяны дәл жырлап беру үшін жаңа түр тапқан дәуір поэзиясының ірі сөз шебері деп білеміз. Жаңалық оп-оңай өмірге ене салмайды. Ондай сөзді бұрын естімеген құлақтың тоаңситыны рас. Бірақ жыл озған сайын негізі бар жаңалық өзінің қолдаушыларын да, үйренушілерін де көбейте бермек.
Біздің бұл жерде айтпағымыз - Сәкеннің Абайдан үйренуі, үлгі алуы ізденуге, қазақтың ғасырлар бойы өмір сүріп келген он бір буын мен жыр ағымы тәрізді өлең түрлерін өзгертуге болатындығын танытты. Соның алғашқы бастамасы - «Аққу» сияқты өлеңдер. Мұнда «Сегіз аяқ» пен «Алты аяқтың» бірінің буынын, екіншісінің тармағын алып, жаңа шумақтары әрі Абайға ұқсас, әрі одан өзгерек өлең етіп шығару болды. Бірақ Сәкен Абайдағы бар үлгіде ғана жазып, сонымен қанағаттанып қалған жоқ, ізденуін тоқтатпады. Қазақ өлеңдерін әртүрлі кестеге салып, интонациясын өзгертіп, сол арқылы жаңартпақ та болды. Осылай іздене жүріп, «Советстан» өлеңін жазды. Бұл - Сәкеннің әрі сәтті, әрі өзінің жаңа стилін жасаудағы алғашқы адымы. Сәкен Маяковскиймен осылай келіп түйісті. Орыстың революцияшыл новатор ақынының творчествосымен танысу, екеуінің идеяларының бірлестігі өзі туғызған жаңалығына Сәкенді сендіре түсті. Енді Маяковскийдің өлең өрнектерін терең зерттеп, оның да өзіне керекті жағын пайдаланады. Осылардың негізінде Сәкеннің қаламына тән жаңа өрнек қазақ поэзиясына енді. Сәкен бұл жаңалыққа алғашқы үлгі-өнегені Абайдан алса, сонымен қатар Сәкенде көркем сөз де, тамаша лирикалық нәзік образдар да, үздік сөз тіркестері де кездеседі. Бірақ осылардың бәрі де табиғи түрде қиысады. Ол басқалардай бір жазғанын сан оңдап, мүрсіндей етіп, барлық сөздерін қырлап, сырлап жатпайтынға ұқсайды. Кейде қалай болса, солай айтыла салған сөздер, толымсыз ұйқастар да кездеседі. Әйтсе де солар Сәкен қолданыстарында өлеңге нұқсан келтірмейді. Сол сөз, сол ұйқас тап сол жерде керекті, заңды тәрізді.
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жауған жауын,
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын, - деген үзіндідегі «Көкшетауы» мен «жауын» толық ұйқас емес. Бірақ тап осы жерде дәл солай ұйқасуы заңды. Өлең көркемдігіне де, дыбыс әуезділігіне де келетін ешбір кемшілік жоқ.
Сәкен өлеңдерінің қайсысы болса да, орысшаға аударғанда мағынасының, түрінің сақталуы жағынан басқа ақындарға қарағанда, анағұрлым дәл шығатындығын білеміз. Қай кезде болсын, өлеңде шешуші орын алатын - мазмұн. Маңыз, нәрі болмаса, қанша сырты сұлу болғанмен, ол шын поэзияның биігіне көтеріле алмайды. Сәкен өлеңдеріне тән негізгі ерекшелік - өлеңін мазмұнға құрушылық. Қандай сөз болса да, тек мазмұнның керек еткен сөздерін ғана қолданушылық. Қазақ поэзиясында бұл әсіресе Абайдан бергі, шын талант иелерімізде берік сақталған дәстүр десек, соның алғашқы ірі өкілінің бірі Сәкен және ол осы әдісіне әрдайым берік болды. Бұл мәселеде де біз Сәкен өлеңдерінің Абаймен байланыстылығын көреміз.
1915-1916 жылдардың өзінде-ақ Сәкенмен қатар Абайға көңіл аударып, еліктеуші, үйренушілердің бірі Жансүгіров Ілиястың да Абай үлгісінде жазған «Жыбырлақ», «Шым-шытырық», «Қалпымыз» атты өлеңдері Абайдың «Алты аяқ», «Сегіз аяқ» үлгісімен жазылған:
Ащы көңіл,
Тұщы өмір,
Төсек темір, бар ма дос?
Қайғы баптап,
Ойды шақтап,
Сырғанақтап жүрмін бос.
Пайдасыз ақыл,
Қайласыз ғафыл,
Өлуге орға секірер.
Дабырлы жолды,
Табылды болды,
Одан артық не тілер?
Ақыл, ой, талап, ар, намыс
Біздің елден жүр алыс.
Жастығы ма, әлде әдейі солай жазды ма, «Қалпымыздың» шумағы Абайдың «Сегіз аяғына» дәл келсе де, кей жолдарының буындары айнымалы болып отырады. 5 буынның орнына 4 буын, 8 буынның орнына кейбір жолы 7 буын болып қалатын жерлері бар. Бірақ көпшілік шумағы - «Сегіз аяқтың» өрнегі.
Келтірген үзінділер Абай өлеңдерімен тек түрі жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да үндес. Абайдың «Алты аяқ», «Сегіз аяқтары» өз кезіндегі әлеумет өмірінің ұнамсыз жақтарын шенеу, атқа мініп, ел басқарушылардың мінез-құлық, іс-әркеттерін ашына сынау, мысқыл, кекесінге айналдыру болса, Ілиястың өлеңдерінде де осыны көреміз.
Революция алдындағы қазақ ауылының шындығы: әлеуметтік теңсіздік, әр алуан алаяқ, сұм-сұрқиялық, ар-намысты аяққа басушылық, мәдениетсіздік, ел қамы, жұрт пайдасын емес, өз қамдарын ойлаушылық тәрізді іс-әрекеттерді көзімен көріп, жаны ауырған жас ақын Ілияс та кемшіліктерді ұстазы Абайдың үлгісімен сынау, шенеуді негізгі нысанасы етіп, оған ең қолайлы форма «Сегіз аяқ», «Алты аяқ» өлшемдерінің құрылысы деп ұққан да, сол форманы қолданғанға ұқсайды. Ілиястың революцияға дейінгі Абай үгісінде жазған өлеңдерінің бәрі де мазмұнына түрі сай келіп, сәтті шыққан.
1915-1916 жылдардан кейін бұл форманы бірнеше жыл тастап кетеді де, оған ақын 1921-1924 жылдар қайта оралады. «Жалшылар ұйымының жетісі», «Сапарда», «Жазушылар модасы» деген өлеңдер жазады:
Тұрмысы толғап,
Теңдігін қорғап,
Ашылдың ұйым жетісі.
Тарихта тұңғыш,
Бірінші қуаныш,
Бұл жетінің өтісі.
Жетілерің көркейсін,
Жетімдерің үлкейсін, - деген өлеңнің шумақ, тармақ, буын, бунақтары «Сегіз аяқ» үлгісіне дәл. Бірақ өлеңге оқырмандардың ой, сезімдеріне ететін әсері жағынан келсек, жоғарғы үзінді келтірген өлеңдердей емес, мұның негізгі себебі - мазмұнға түрінің сай келмеуі.
«Жалшылар ұйымының жетісін» ақын 1921 жылы жазды. Бұл - қазақ кедейлерінің бостандық-теңдік алған кезі. Қазақ кедейлерінің тұрмысын, правосын қорғайтын ұйым ашылғандығына өздері қалай қуанса, ақын да сондай қуанады. Сол ішкі шаттық сезімдерін сыртқа шығару үшін осы өлеңін жазған. Бірақ өлең ойдағыдай шықпаған. Өйткені «Сегіз аяқ» өлшемі -шадыман-шаттық көңіл-күйлерін беруге лайықты өлшем емес, керісінше, көңілдің қаяулығын, кернеген ыза, ашынған жан сырларын айтуға немесе өмір туралы терең ой, философиялық көзқарастарды жырлауға бейім түрлерінің бірі. Көңіліндегі қуанышын қаншама көтеріңкі етіп жырлайын десе де, өлең өлшемі ақынның құлашын жазғызбайтынын сезінгендейсің. Сезімдерінің шырқай биігі жақсы үміт дәрежесінен әрі аса алмай қалған:
Жетілерің көркейсін,
Жетімдерің үлкейсін.
«Сапарда» өлеңінде де осы сықылды мазмұн мен түрдің қабыспаушылығы сезіледі. Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ: ол - «сабасына қарай піспегі», түр - мазмұнның түрі болса ғана бағалы. Онысыз искусство жоқ.
Сөйтіп, жоғарғы мысалдардан Ілияс Жансүгіровтің де алғашқы поэзиялық қадамын Абайға еліктеу, одан үйренуден бастағаны, кейбір үйренулері сәтті, кейбіреулері сәтсіз шыққандығы аңғарылады. Бірақ Абайдан Ілиястың творчестволық үйренуінің негізгі салмағы сөз образдарына шеберлену, өмірдің әр алуан құбылыстарының сыртқы бейнесін дәл бере білу, образ арқылы ойлауға дағдылануда жатқанға ұқсайды.
С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Сәкен мен Ілиястарға қарағанда, Абайға соңырақ келген - Бейімбет Майлин. Оның Абай үлгісінде жазған алғашқы өлеңдері 1922 жылдан басталады. Б.Майлиннің Абай үлгісінде жазылған өлеңдері: «Оразада», «Жігіт пен қыз» (1922ж.), «Ғазиза» (1924ж.), «Жаңартты қазір жырды ауыл» (1929ж.) және екі өлең: «Әйт, шүу, ала атым» (1924ж.), «Ұлы топ алдында» (1925ж.).
Алдыңғы үш өлеңі «Алты аяқ», «Сегіз аяқ» өлшемдерінің үлгісінде жазылған:
...Қарыны кепкен,
Құдіреттен
Жұмақ сұрап бай отыр.
Тырс-тырс тасы -
Жан жолдасы.
Ірк-ірк еткен май отыр.
...Күн күлмей көктен,
Көзден жас төккен,
Малшы, малай, батырақ;
Бауырлап басқан,
Өсірмей жастан,
Бай еңбегін сатып ап.
«Құлшылық», «құлдық» күнді ауыл,
Жаңартты қазір жырды ауыл!
«Әйт, шүу, ала атым», «Ұлы топ алдында» өлеңдері 6 буынды өлең үлгісімен келеді. Біз Абай өлеңдері туралы бөлімімізде 6 буынды өлең өлшемін қазақ поэзиясына бірінші енгізген ақын Абай дедік. Сондықтан Абайдан кейінгі ақындар бұл үлгіні Абайдан алды деп айтуға әбден болады. Оның үстіне Б.Майлиннің Абай үлгісімен жазуы 1922 жылдан десек, соңғы екі өлеңінің жазылуы - 1924-1925 жылдар. Абай 6 буынды өлшеммен тек махаббат тақырыбына арналған лирикалық өлеңдер ғана жазған: «Қызарып, сұрланып», «Көзімнің қарасы», т.б. Абайдың бұл екі өлеңі де адамның сүйіспендік сезімін суреттеуде таласы жоқ өлеңдер және өзіне лайықты лирикалық әндері де бар. Сөз бен ән искусствосының бір өлеңде тоғысуы оның көркемдігін күшейте, әрлендіре түскен.
Майлин 6 буынды өлең өлшемін күнделікті тұрмыс мәселелерін жырлауға қолданған. Өлеңнің құрылыс жағы Абай өлшеміне дәлме-дәл келсе де, оқырмандарына әсері Абай өлеңінен әлдеқайда кем жатқандығы байқалады. Бұл ақынның әлсіздігінен емес. Өз стилінде Майлин - талантты, жақсы ақындарымыздың бірі. Бізше, жоғарғы айтқанымыз тәрізді, түр мен мазмұнның өзара қабыспауынан. Жалпы алғанда, 6 буынды өлең лирикалық тақырыптарды жырлауға лайық және әнмен сабақтасып жүруді тілейтінге ұқсайды.
Абайға еліктеуші, одан өзінше үйреніп, үлгі алушы қазақ ақындары тек аталып өткендер ғана емес, С.Мұқановтан бастап, Асқар, Тайыр, Жақан, Өтебай, т.б. қазіргі ақындарымыздың Абайға соқпай кеткендері жоқ. Олардың бәріне тоқталып жату оқулықтың шеңберіне сыймайды.
«Абай және қазақ әдебиеті» дегендегі біздің айтпағымыз - Абайдың әдеби мектебі не Абай шәкірттері деген мәселеде ХІХ ғасырдың екінші жарымынан бергі әдебиетімізде Абай дәстүрінің арнасының жатқандығы. ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақындар және совет дәуіріндегі қазақ поэзиясының ірі өкілдері - бәрі де Абай мектебінен сабақ алды, бәрі де сол ұядан ұшты. Бұл мәселеге осы тұрғыдан келсек қана, дұрыс түсіне аламыз.
Сонымен қатар, тек қазақ әдебиеті ғана емес, тіліміз туысқан елдер әдебиетіне де белгілі дәрежеде Абайдың әсері болды. Бұған кейбіреулердің күдіктене қарауы да мүмкін. Ең алдымен, Абайды оқыған туысқан елдер ақындарының кейбірі оның талантына тәнті болып, өздерінің онан ғажайып әсерлер алғандығын мойындаса, кейбірі Абай үлгісімен өлеңдер шығарып, өз әдебиетін жаңа түрмен байыта түсті.
Башқұрт халқының талантты ақыны Шәйхзада Бабичтің таңдамалы шығармаларына жазған алғысөзінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент, белгілі ғалым Ә.Харисов Шәйхзада Бабичтің Абай туралы айтқандарынан өте құнды фактілер келтіреді.
1913 жылы «Ғалияда» оқып жүрген кезінде, ол жазғы төрт ай демалысын тағы да Қазақстанда өткізді (Бабич 1910 жылдан 1911 жылға дейін қазақ ауылында бала оқытқан). «Арқа қазақтарында өткізген күндерім» деген күнделік дәптеріне және ақынның өзі туралы шығармаларына қарағанда, - деп жазады Ә.Харисов жолдас, - Қазақстанға бұл баруында қазақ ауыз әдебиеті және жазба әдебиетімен Бабичтің айрықшы шұғылданғаны көрінеді. Ол қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың шығармаларын беріле оқиды.
Өзінің күнделігінде «Құнанбаев өлеңдерінде, - деп жазады Бабич, - көңіл толқытарлық артықша күш бар, онан ерекше ләззат аласың, оны татардың Тоқайы, арабтың Имерлкәйсе дәрежесіндегі ақын деп білемін», - деген жазу бар.
Ол жылдар 18 жасар, басқа елдер әдебиетімен әлі таныстығы жоқ жас ақын Шәйхзаданың бұл - өзінше Абайға берген үлкен бағасы. Егер сол кезде Пушкин, Лермонтов, Байрондардың шығармаларымен таныс болса, мүмкін ол жоғарғы екі ақыннан басқа да Абайдың сыңарларын атаған болар еді. «Абай аудармасы арқылы Бабич алғаш рет Лермонтов поэзиясымен танысады, оның кейбір өлеңдерін жаттап та алады. Мысалы, ол Лермонтовтың «Выхожу один я на дорогу» деп басталатын өлеңін орысша да, Абай аудармасы арқылы қазақша да жатқа білген және олар оның жатқа айтатын ең сүйікті өлеңдері болған»1, - деп жазады сол мақаласының екінші бір жерлерінде Ә.Харисов жолдас.
1Шәйхзада Бабич. Һарланма әсәрләр. Өфө, 1958, 4-5-беттер.
Қырғыз поэзиясына Абайдың ықпал, әсерлерін сөз еткен қырғыз ғалымы, доцент Құлан Рысалиев Абайдың «Бай сейілді, бір пейілді» дейтін 6 жолдан құрылатын шумағын мысалға ала отырып, былай деп жазады: «Бұл өлеңнен ұйқастыра салынған тек түрін емес, қырғыз ақындарының өлең өлшемдерін де толық өз қалпында қолданғандығын байқаймыз. Мұны біз, әсіресе 20-30 жылдардағы жырлардан анық көреміз. А.Тоқамбаевтың 1930 жылы жазған «Тұтқын Марат» атты эпикалық поэмасының жыр құрылысын алалық. Поэма бастан аяқ алты жолды аралас өлшемді шумақтан тұрады. Шумақ ішінде буын жыр жолдарының буын сандары және олардың қиыстырылуы, ұйқасу түрлері де Абайдың «Бай сейілді» өлеңіне келеді:
Ичи күнгө (4) (а)
Ашық түрмө (4) (а)
Фашист, байлар қолунда. (7) (б)
Далай эрлер, (4) (в)
Түркүн шерлер (4) (в)
Чынжыр, түрмө, торунда... (7) (б)
Кейбір әдебиетшілер поэманың формасына В.Маяковскийдің әсері тиген деп жүр. Біздің ойымызша және фактілерге қарағанда, ақын жыр жолдарының буын құрылысын, сондай-ақ ұйқас түрін де Абайдан алған...
Қырғыз поэмасында алты жолды өлеңнің аабввб формасы әзір кең қолдануда...»1.
Тап осы тәрізді, Абайдың ықпал, әсерінде болған, одан үйренуші шәкірттерді біз ұйғыр, қарақалпақ әдебиеттерінен де кездестіреміз. Ол туралы кейбір қысқа мақала-еңбектерде жазылып та жүр.
Қорыта айтқанда, Абай - жалғыз қазақ әдебиетінің шеңберіндегі ғана ақын емес, ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы бүкіл шығыс әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі. Сол дәуірде Европа, орыс халықтарының шоң ойшылдары көтерген прогрессивтік, жалпы адам баласылық үлкен мәселелерге шығыс әлемінен үн қосып, шылбыр берген санамалылардың да Абай алдыңғы сапында болды. Ойы терең, түрі көркем, өзінше айтсақ, «Іші алтын, сырты күміс» сөз жақсысын жаза білген Абай - қазақ қана емес, туысқан елдердің де алдыңғы қатардағы көптеген талантты ақындарына ұстаз. Демек, біз Абайдың әдеби мектебін зерттеуді тереңдете түсуге міндеттіміз.

1. Құлан Рысалиев. «Қырғыз ырларының түзүлүшү», 1965, 185-186-беттер.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар