Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қажыбек Айдарханұлы. Бүгінгі проза жаңару мен түле...

11.05.2021 2999

Қажыбек Айдарханұлы. Бүгінгі проза жаңару мен түлеу кезеңінде

Қажыбек Айдарханұлы. Бүгінгі проза жаңару мен түлеу кезеңінде - adebiportal.kz

Белгілі ақын, әдебиет сыншысы Қажыбек Айдарханұлы өзінің өр рухты, еркін ағыстағы өлеңдерімен оқырман қауымның жоғары бағасын алып келе жатқан қаламгер. Соңғы жылдары өз замандастары мен ел іші-сыртындағы ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы сын-сарап мақалаларын үзбей жариялап келеді. Осы орайда біз бүгінгі прозамыздың әл-ауқаты туралы аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

- Қазіргі прозамыз туралы сөз болғанда әуелі сізді не толғандырады?

- 2013 жылы қыркүйек айының орта тұсында Шинжияң жазушылар одағының ұйымдастыруымен республикалық жас қаламгерлердің мемлекеттік жиналысына қатысу үшін арнайы Бейжиіңге келдім. Жиналыстың күн тәртібіне сай орналастыруы бойынша біз Шаңхай, Лияу Ниың, Шинжияң сынды өлкелерден келген делегация бір топ болып өзара талқы жүргіздік. Әркім өзі келген қала, өлке, аймақтар әдебиеті хақында таныстырулар мен түсініктер беріп шағын баяндама жасадық. Мен осыдан бір күн бұрын жазбаша дайындап алған лекуиям бойынша барымды салып, қазіргі Қытай қазақ әдебиетіндегі жастардың шығармашылық бейнесі, беталысы, бағыт-бағдары туралы сөйледім. Менен кейін сөз алған Шаңхай қаласынан келген, «Өнім» журналының редакторы Зу-Зу дейтін әдеміше келген келіншек: «Мен қазақ әдебиетін аздап білемін, таяуда аударма арқылы «Ұйқы қашқан ұзақ түн» деген шығарманы оқыдым, бұл өзі магиялық реализм тәсілімен жазылған шығарма. Өте керемет, қазір еліміз әдебеитінде мұндай кесек шығармалар сирек. Кейін Шинжияң жазушылар одағымен хабарласып, дәл осындай өредегі аз ұлт жазушыларының шығармасын қажет ететінімізді білдірген едім, аударма жағында қиыншылық көп, аудармашы жетіспейтіндігін айтты. Шіркін, осындай шығармалар көптеп аударылғанда, тіпті де жақсы болар еді»,- дегені. Дәл сол жерде Шаңхайдан келген қаламгер Зу-Зудің бір шығарма арқылы қазақ әдебиетіне берген бағасын, артқан үмітін естіп, әжептауір көтеріліп, қуанып қалдым.

- «Ұйқы қашқан ұзақ түн» кімнің, қандай шығармасы еді?

- Сөздің шыны керек, ол кезде мен бұл шығарманы оқымағнмын. Кейін де бірден қолға түсіріп оқи қоюдың реті келе қоймады. Жақында ғана шығарманың авторы жазушы Құмарбек Жуанғанұлынан алып оқып шықтым. Бір ауыз сөзбен айтқанда повесть ұнады. Бекер тамсандырмағанын, жайдан-жай тілге тиек болмағанын шығарманың өзі дәлелдеп тұр. Шығарма пәлсапалық ой қортумен басталады. Онан ары қарашаның ұзақ түнінде ұйқысыздықпен арпалысқан кейіпкердің ұйқысыз түндегі мазасыз ойы өрбіп, естанды күйде еске алған, ойға оралған кешірмелерімен тұтас шығарма желісі өріліп, соңына дейін осы желіні бойлап дамып отырады. Тұтас повестьтің өн бойында магиялық реализмнің элементтері жетерлік. Түс, елес, аңыз, ертегі, әпсана, мифтер уақыт-кеңістік шектемесінен алқып өтіп, реал өмірдегі кейіпкерлердің ой-ағысына ұштасып сәтті өрілген. Әрине, біз айтып отырған бұндай ерекшелік хикая айтудың әлемдік машығында жоқ емес, әйтседе сол дүниелерді ежелден қалыптасқан ұлттық дүниетаным, құндылықпен, туған топырақта өсіп-өнген тылсым сырға толы айтылымдармен ұштастырып, Қытайдағы қазіргі қазақ прозасындағы жаңа бір беталыстың бағытын аңғартардай, жаңа мен ескіні, қиял мен шындықты сәтті жымдастырып, кедір-бұдырсыз белгілі деңгейдегі хикаятшылдық биіктікке қадам басқан. Айталық байғыз аңызы, шығармадағы кейіпкердің рухани-есінің ауытқуына байланысты ем-дом қабылдауы, Шолпан қыз елесі, қара тас киесі, зено сандырағы, ұйқы сұрау, бәрін құлантаза ұмытып қалу, үш аяқты құлын сияқты тосын құбылыстар...

- Магиялық реализм алғаш Латын Америкасы әдебиетінде бой көрсетіп, кейін әлемдік сипат ала бастады ғой.

- Иә, бір қарағанда қисынсыз сезілетін, тылсым сипат алатын магиялық ұғымдар арқылы шындықты бейнелейтін жасампаздық тәсілі Латын америкасының жазушылары байырғы индияндардың ежелгі әдеби дәстүріне мұрагерлік ете отырып, батыстың модернистік тәсілдерімен сәтті тоғыстырып, Латын америкасының өзгеше қоғамдық жағдайын, таңғажайып ұлы табиғатын баян етіп, жаңа бір хикаятшылдық стильді сомдап шығарғаны белгілі жағдай. Бұл шығармада біздің авторымызда өз топырағымыздағы магиялық құндылықтарды саналы түрде, мақсатты тұрғыда сәтімен кәдеге жарата білген. Енді бір айта кетер жайыт шығарма кейіпкері туралы болмақ. Шығарма үшінші жақпен баяндалады. Ол, яғни Есей, оның сыңары Есен, әкесі үшеуі шын мәнінде толық бір адам. Есей иогаға ұмтылушы, әкесі және басқалар Есен арқылы, әлде басқа бір жолдармен бізге (немесе көптің бірі болуға) сүйреуші. Мұның бәрі әке-шешесінің бұған үлгі қылып сыңарын көлденең тартуы, алғашқы махаббаты күлегеш қыздың оны өзімен бір адамдай болуды өлшем ету сынды жақтардан көрінеді. Мына бір үзіндіні оқып көрелік: «Екеуі бір құрсақтан бірге туғаны рас, тіпті, екеуінің арасына бірнеше минут уақыт қана аралаған шығар. Соған қарамастан, Есен үлкен, өзі кіші саналып келеді. Аттары бір әріппен ғана парықталып, Есен, Есей болды. Бірдей киім киді, бірге жатты, бірге тұрды, бірге ойнады. Орталауға дейін бірге оқыды. Әуелі, бірдей ыдыстан тамақ ішті. Жақыннан бері шешесі екеуің бір үйдің қызын алсаңдар дегенді шығарды. Мұның бәрін қойшы, мәселе сол үлкендердің өзінен шықты. Оның бар қимылын Есен меңгеруі, оның Есенше өмір сүруі керек болды. Ал Есен әкесінің зорлықпен жасалған қайталамасы. Тек айкезбе әдеті ғана ұқсамайды». Мінекей, Есейден Есенше өмір сүру талап етіледі. Ал оның өзі әкесінің қайталамасы. Жоғарыда айтқанымыздай үш кейіпкер тұтас бір «мен». Мұндағы тартыс иогаға ұмтылған «мен» және бізге қарай сүйрелеген екі «мен» ортасындағы тартыс. Повестьдегі кейіпкерлерді сомдау тәсілі осыдан біраз жыл бұрын оқыған жапон текті ұлыбритандық жазушы, 2017 жылғы нобель сыйлығының лауреаты Кадзуо Исигуроның «Қиыр таудағы мағынасыз елес» атты шығармасын бірден есіме түсірді. Ол шығармада да Этсуко және Сашитомоко, Марико және Кейко атты кейіпкерлер жеке тұрғанда толық адам емес, екі кейіпкердің болмысы ғана толық бір адамды құрайды. Яғни екі адамды – әрбір толық «менді» төрт кейіпкерге бөліп берген. Мұнда кейіпкер ретінде әрқайсысы толық бір-бір кейіпкер, ал адам ретінде толық мен бола алмайды. Сол арқылы автор діттеген мақсатын – қос сипатты мәдениет арасындағы қақтығыс пен қате түсініктерді бейнелеген. Қысқасы идеясын кейіпкерге айналдырған.

- Бұл өзі әлем әдебиетінде жиі ұшырасатын мотив қой?

- Мен бұл жерде Құмарбек Кадзуодан немесе Кадзуо Құмарбектен үлгі алды деп әулиелік танытпақша емеспін. Осы арада мына бір қызық дүниені қыстыра кетейін. Маялардың қиял-ғажайып ертегілері құрастырылған «Пополь. В» атты шағын кітапті оқып отырып, мынандай бір эпизотқа кездестім. Осы кітаптің «Хабаршы жануарлар» деген бір әңгімесінде, егіз ұл жер астындағы тәңірлермен (немесе жауыз күштермен) теңбіл доп жарысына түсуге аттанарда әжелеріне: «Біз кеттік, әже, қош тұрыңыз. Сізге аян беретін белгі қалдырып кеттік. Үйдің дәл ортасына бір тал жүгері егіп қойдық, егер ол қуарып семіп қалса, онда біздің өлгенімізді, егер көктеп өнсе біздің тірі екенімізді түсіндіреді»,- дейді. Осыны оқыған кезкелген саналы қазақтың есіне «Ертөстік» ертегісінде егеуін іздеп Төстік жолға шығар сәтінде, Кенжекей құба інгенді бураға шөгереді де «Не Төстік өлді деген күні ботала, не Төстік келді деген күні ботала» деп серт қылады. Сосын өз белін он екі құлаш торғын орамалмен тартады да: «Не Төстік өлді деген күні, не Төстік келді деген күні шешіл» деп серт қылады. Одан ары егіз ұл да, Ертөстік те жер астына түседі. Бұны қалай ойлайсыздар, кім кімнен үлгі қабылдады дейсіз. Жоқ әлде ұлы идеялар кеңістікте кезіп жүреді дейтін метафизикалық айтылымға сенесіз бе? Әрине, бұл басқа бір үлкен тақырыптың, фольклоар, аңыз, ертегілердің мотивтерін, генетикалық туыстығын зерттейтін ғалымдар жұмысы. Мені қызықтырып отырғаны екі ертегідегі сюжет жақындығы. Тәсіл туыстығы. Біз тілге тиек етіп отырған екі автордың шығармалары туралы айтарымыз ондай күрделі емес. Тек екі авторымыздың өзінен бұрынғы проза шеберлерінен, әлемдік әдебиеттегі озық тәсілдерден жақсы нәр қабылдағаннан екендігі еш талассыз аңғарылып тұр. Ал енді деңгей мәселесіне келсек, жақсы прозик мол идеялық мазмұн арқылы оқырманға өзі түсінудің әртүрлі мүмкіндіктерін қалдырады дейтін тұрғыдан Кадзуоның осы кейіпкерлер тағдыры, болмысы арқылы көтергені үлкен тақырып, оны беру, бейнелеу жолы да көмескі, сырлы әрі күрделірек. Екінші тұрғыдан: «Жақсы жазушының мән беретіні қоғамдық өмірдегі адам мен адам, тіпті, адамзат арманы үшін болған жанталас, одан өзін арылта алмайтын арпалысы. Барлығының да адам жандүниесінен басталатыны. Адам өзін-өзі құтқара алатыны»,- тұрғысынан келгенде екі авторымыз да ойдағыдай өреге көтерілген.

- Сіз айтып отырған жазушы Құмарбек Жуанғанұлы аға буын қаламгерлердің заңды жалғасындай ірі суреткерлердің бірі. Одан кейін де әдебиетімізде бірнеше буын алмасты. Солардың шығармашылығы туралы айта отырсаңыз?

- Еш өнер өзінен бұрынғы дәстүрден бірден қол үзе алмайды. Қол үзе алмайды екен, ендеше нәр алып, үлгі қабылдай отырып, өзінің ішкі қуаты негізінде тыңға түрен салады. Ішкі қуаты әлсіз, майексіздерді еліктеуден ары асалмай малтығып, шатқаяқтап жайдақ жүріспен шаң қауып қала береді. Құмарбек Жуанғанұлы Қытай қазақ әдебиетіндегі кемелдену, жаңару кезіндегі ерекше көзге түсетін, орыны бөлек, бүгінде көзі тірі тұлғаларымыз Жұмабай Біләлұлы, Оразхан Ахметұлынан бері жалғасып, Серік Қауымбайұлы жазушылар дәуіріне ұласып кететін проза шеберлерінің заңды жалғасы. Құмарбектен бері де тынымсыз жаңалыққа ұмтылған, ізденіс пен үздіксіз сүлеу үстіндегі ең кемі екі буынды құрайтын жазушылар шоғырын айтуымызға болады. Олар Хасен Аубакір, Баһар Бердібекова, Жанұзақ Жөкенұлы, Мұрат Ыбырайұлы, Зүлкапілдің Мұраты, Тілеуберді Қанабекұлы, Би-Хамит Нұрбазарұлы қатарлы қаламгерлер. Бірақ мақсат тізімдік жасау, тіпті ең кемелді шығарманы тауып шығу, оны оқырманға дәріптеу де емес, керісінше жаңа дүние іздеу.

- Олай болса аталған авторлардың шығармашылығы туралы қысқаша шолу жасай кетсеңіз?

- Жүктің ауырын артқа сиыра тұрып, қазіргідей жаңару кезеңіндегі көзге түскен бір шоғырдың ішінен Серік Құлжаханұлы мен Сипат Қазыкенұлының ішінара әңгімелеріне тоқтала кетейін.

- Бәрекелді.

- Әуелі Серіктің «Уақыт саудасы» атты шағын әңгімесін оқыдым. Шығармада қисынсыздық пен шындық «мен» арқылы алма-кезек беріледі. Оқып отырып шындықтан қисынсыздыққа, қисынсыздықтан шындыққа өтіп кете бересіз. Ашалап айтсақ жалпы сюжет қисынсыздықтан құралған. Бірақ оның астары тұнған шындық. Және өзге емес жан шындығы. Есіңізге Далидың «Есімдегі мәңгілігі» келеді. Бейне сол сурет силайтын эстетикалық әсердей шығармадағы абстрактылы ұғымдар сүреңсіз бейнесінде есте қалады. Сол бейнесінде тұрып, сізді ойлауға, шығармадағы оқырманға қалған бостықты іздеп табуға жетелейді. Өмірдің, тұрмыстың көзге көрнеу иланымды шындығы жоқ, тұрақты жағырапиялық кеңістікте жоқ сияқты, есесіне жоғалған уақыттан қалған уақыт, ізім-ғайым жадыдан қалған сәуле үміті ешкішектей жылтылдайды. Шығарманы оқу барысында уақыт кеңістіктен табиғи аттап өтіп тұрған «мен»-автор, автор-«мен» екеніне шүбасыз сенесіз.

Серіктің тағы бір тамаша шығармасы «Ескі сағат». Бұнда да алдыңғы әңгімесіне ұқсас бір детал бар. Ол сағаттың қоңырау соғуы. Екі шығармада да сағат бірнеше рет қоңырау соғады. Мұндағы сағат әсте уақыт көрсеткіші ғана емес, қайта уақыттың «меннің» жандүниесін қузауы, сағат маятнигі әр соққан сайын «меннің» санасына әсер етеді. Оны оянуға, ойлануға, әрекет жасауға қузайды. Бұл жерде әрекет аса маңызды. Алдымен қимыл, онан соң идея дейтін болсақ, шығармадағы «мен» үшін тіпті де солай. Серік Құлжахан шығармаларының ең үлкен ерекшелігі кейіпкерге ілесіп, аппаратқа түсіріп отырғандай кино әсеріне бөлейтіні. Ендеше, аппаратқа керегі қимыл. Дене қимылы, ой қимылы. Осы барыста аппарат көзі бірде стеорлы кеңістікке, бірде жазық бетке ауысып, «меннің» кешірмесін, жан айғайын, уайымын, үрейін, қателігін мен өкінішін, ұмыт болған өзі мен айна алдындағы немесе дәл сол сәттегі бөгделенген өзін үзіліссіз кескінге алумен болады. Осы екі шығарманың мейлі қайсысын да болсын, екі өлшемді жазықтық беттен үш өлшемді стеолы кеңістікке еш кідіріссіз емін-еркін өтіп кете береді. Әсіресе, соңғы шығармада шал, мен және бала – үш нүкте. Шал да «мен», мен де «мен», бала да «мен». Үш нүкте параллел беттескенде, тек бір нүкте қалатыны бәрімізге аян. Мінекей, шығарманың соңына да жеттік. Баланың күлкісі «мен» де солғын тартады. Сағат он екіні соқпайды. Шал да оралмайды. Мен «сағатқа қарап мелшиіп отыр, тоқтаған уақытқа байланып қыбырсыз қалған иаятниктің басы зілдей ауыр болып дәл осы сәттің еңсесін басып тұр...». автордың шеберлігі уақыттың тоқтауын, тіпті, мәннің аяқталуын жазықтық беттегі харекет арқылы бермейді. Қайта стеорлы кеңістікте асылып қатып қалған уақыттың мүсінімен емексітеді.

- Айтқан ойларыңыз орынды. Серік Құлжаханұлы қазіргі таңда өнімді жұмыс жасап жатқан авторлардың санатынан ғой.

- Иә, дұрыс айтасыз. Оның «Нөсер жауған» атты әңгімесі де жоғарыдағы шығармаларымен тыныстас келеді. «Меннің» күйзелісі, жан мазасыздығы, ой-сана дағдарысы. Үш шығармадағы ортақ ерекшелік сыртқы дүниеден оқшау «меннің» терезенің ішкі жағындағы монологы сипатты күй танытады. Бұл бәлкім, Серік жасампаздығына тән үлкен бір ерекшелік болып саналуы мүмкін. Терезенің ішкі жағындағы әлем «меннің» күрделі, сырлы, тылсымға толы ішкі жандүниесі. Осы шығармалардағы жазықтықтағы образ бейнелерден стеорлы кеңістіктегі образ бейнеге сәтті де шебер өтіп кете беретін өнер өрнегі, автордың өмір, тұрмысқа деген жінтікті көзқарасы, ұстанған ұстанымы мен одан да маңыздысы кино әдебиетін жақсы біліп, оны өз шығармашылығына еркін пайдалана білетіндігі.

- Ал, жоғарыда аты аталған Сипат Қазыкенұлының әңгімелері несімен ерекшеленеді?

- Сипат Қазыкенұлының «Алма иісі» деген қысқа әңгімесі бар. Шағын қоржаға алма сататын саудагер келеді. Алма сатып алу ойы болмаса да екі қызының көңілін қимай, тым болмаса көзайым болу үшін келген Әпіш ана екі қызының алмаға құмарта қараған бейнесін аяп, бір ағаш бидайдың шетінен жырып, жарты қап алмаға айырбастайды. Дегенмен астықтың пысуына бірәз уақыт бар. Жарты ай қаужал ететін астықты алмаға айырбастаған Әпіштің көңіліне алаң ұялайды, уайым ұлғаяды. Енді күйеуі келгенде не айтады. Сездірмеу керек шығар. Ақыры жеуден, көршілерге үлестіруден қалған алманы төрдегі жүктің астына тығады. Бірақ алма иісі аңқып тұр. Автор қаламындағы көзге көрінер, біз қағаз бетінен оқи алатын шағын оқиға осылай соңына шығады. Бірақ оқырман үшін шығарма әлі аяқталмағандай. Әйтседе, ендігі әңгімені жазушы жазбайды, қайта оқиғаның соңы немен тыныс табатынын әр оқырман өз көңіл түкпірінде жаза бастайды. Шығарманың тілі де, құрлымы да күрделі емес. Кәдімгі қазақы қарапайым ойлау жүйесі. Бәрі де түсінікті. Деседе автордың алғашқы жазған осы туындысы болашақ хикаятшының бейнесін бірден танытады. Шығарманың адамды ең қызықтыратын, бәрекелді айтқызатын тұсы аңқыған алма иісімен аяқталуы. Шығарманың осылай авторсызданып аяқталуы оқырманға өзгеше эстетикалық күй танытады.

- Осыдан кейінгі шығармашылығында жаңа серпілістер болды ма?

- Иә, Сипаттың «Айқаракөз» атты жақында жарық көрген әңгімесі бар. Шығармада бытыранды, жеке көріністер мен уақиға бөліктерін жинақтап, сайкестіріп, тұтас сюжет желісін ойдағыдай құрып, сәтті монтаж жасаған. Әңгімеде жалпы үш түрлі уақыт-кеңістік, кіріспені қоспағанда бес уақиға желісі бар. Маңызды желі екі түрлі уақыт пен кеңістік аясында жүреді. Бірі шипаханадағы оның соңғы сәтіндегі үзік көріністер. Енді бірі осы шақтан аттап өтіп екі рет барып қайтатын балалық шақ көріністері. Мәтін егілме сезім, қамырықты ойға, ашты мұңға, ауыр сәттегі шындықтан қашқалақтаған қиялға, кермек көңіл-күйге толы элегиялық сарында. Шығармадағы ол – әпке, яғни «мен» - бауыр. О дүниеге аттанған әпкеге деген қара сөзбен жазылған аза жырындай адамды тебіреніс, толқынысқа салатын шағын туынды да автор көп шиырға бармайды, өткен күнді еске алып, балалық шақтағы көп уақиғаның бәріне соғып отырмайды, керісінше кәсіби оператордай өзіне ең керекті үзінділерден тамаша монтаж жасап, сол арқылы болмысқа қузау салады. Менің түсінігімде көркем прозаның жазатыны да, зерттейтіні де реал өмірдің көзге көрнеу, бар адам кешіп жатқан қарекеті, тұрмыс тіршіліктің ішер ас, киер киім, жеңіл-желпі бергі беті емес, қайта болмыс. Әрқандай хикаятшы болмыстың келіп шығуын зерттеуші, қузастырып қазбалай індетуші. Сондықтан да бір болмысты жазамыз әрі соның шешімін іздейміз. Ал, ол жолдашеберлік таныту үшін тәсілге жетілу, кірпияздыққа бару, шығарма тазалығына, туынды бекзаттығына апаратын сорап.

- Сіз тілге тиек етіп отырған үш жазушының шығармасында ортақ үндестік бар сияқты?

- Біз тоқталып өткен үш жазушы да өз шығармаларында магиялық реализм тәсілін қолданған. Бұндай ізденіс өте қуанарлық, құптарлық жағыдай. Құмарбек Жуанғанұлын да ашық эпизот ретінде кірістіріліп отырса, Серік Құлжаханұлын да табиғи түрде қабысым тауып, шығармаға сіңіп кеткен. Сипат Қазыкенұлының шығармасында жолай кірістірілген уақиға ретінде беріліп, көмескі оқиға ретінде көрініс тапқанымен, өз жарасымдылығын жоғалтпаған. Француз жазушысы Маргарет Дуллас: «Жазушылық дегеніміз әңгімені баяндау емес, қайта әңгіменің арғы бетін жазу. Сондай-ақ түбегейлі баяндау. Бір әңгімені баяндаумен бірге, осы әңгімедегі бостықты жазу. Бір әңгімені баяндай отырып қағыс қалып бара жатқан хикаяны баяндау»,- деген екен. Біздің авторларымыз Маргарет талап еткен үрдістен толықтай өтпегенімен, сол деңгейге көтерілудің үмітті жолында. Бұл қазақ прозасын парасаттың тың биігіне көтерері сөзсіз.

- Қазіргі проза өзінің әлеуетін толық таныта алды ма?

- «Анна құрдымға бет алған бұзық әйел заты ма,әлде мейір, сүйіспеншілікке кенен әйел заты ма? Облонский өзімшіл жан ба, жоқ па? Толстой өзіне мұндай мәселемен сұрақ қоймайды. Сұңғыла оқырман да бұндай сұрақ сұрамайды. Сұрағанымен, бірақ оған өзі де жауап таба алмай дағдарып қалған оқырман өзі де аздап ақымақтыққа барып қойғаны, ал нағыз исалмас ақымақ бұндай сауал тастап әрі оған кесімді жауап айта білген оқырман»,- дейді философ, жазушы Жоу гофиың. Пороза қашанда тіл, құрылым, кейіпкер сомдау сынды үш типті толық қанағаттандырмай көркемдік танымға көтеріле алмайды. Мен жоғарыдағы үш авторды осы тұрғыдан талдап айтып отырмын. Прозамыз шын мәнінде жаңару, түлеу, өркендеу жолында екені анық. Дегенмен, аз санды ізденімпаз шоғырды айтпағанда көбіміз әлі де көне сүрдектен жаңылар емеспіз. Көбіміз еуропа немесе қытай әдебиеті сынды дамыған әдебиетте әлде қашан дәстүрге айналып кеткен модернизм, постмодернизм сынды әдеби тәсілдер керек пе, керек емес пе деген қарабайыр түсініктен арыла алмай жүрген сыңайлымыз. Бұл дер әсіресе поэзиямызда тым белең алып тұрған үрдіс. Іс-жүзінде изм белгілі бір тарихи-мәдени ойлаудың нәтижесінде қалыптасқан көркемдік тәсіл. Философтар «құдай өлді», «адам баласы дамудың абсалюттік кезеңіне көтерілді» деп талас тартсқа түсіп жатқанда, біз неліктен прозаның мүмкіндіктерін пайдаланып, дүниеге құдайдың көзімен қарайтын кемел дүниелер тудырмасқа деген заңды сұрақтар бас көтеретіні анық. Ел аузында осы тектес тәмсіл де бар. Бұл арада философия мен проза бір-біріне қарсы келді дегеннен гөрі, логикалық сарап пен философиялық танымның мүмкіндіктерін ұштастырып, классикалық үлгідегі бір ізділітен алыс кетіп, осы заман прозасы мен философиясы бір арнаға тоғысты деген жөн болса керек. Мұның өзегін Ницше мен Фрейдтың күллі әдебиетке жасаған ықпалынан анық көруге болады.

- Осы ретте бүгінгі прозадан көрінетін негізгі мәселелерді атап өтсеңіз?

- Кейде біз кәдімгі шындық пен көркем шындықтың арасын ажырата алмай қалатын сияқтымыз. Шындықты жазу деген бар нәрсені айна қатесііз көшіріп шығу емес қой. Бізге керегі көркем шығарманың йтпақша болған шындығы . ол әсте дастархан басындағы қысыр кеңес немесе екеу ара әңгімелерді қалдырмай баяндап шығу, сыртқы құбылысты қызықтап, мәнге үңілмеу емес. Жазушы Хан Дүң: «Мен өтірікті шын ғып жазғанды әрі бұл күнде жазушылардың машығына айналған әңгіме құрау тәсілін де ұнатпаймын. Қайта шын істі өтірік жазған ұнайды. Баталу нүктесі деген шындық пен жеке бастың тәжірбиесі, бірақ ол нысана емес. Менің нысанам өтірік, өтірік бөлігі. Яғни, әдебиеттің мәні ақпараттық шындықтан алқып өткен бөлігінде». Әңгіме жазу белгілі бір мәннен алғанда «өтірік айту». Сіңімсіз өтірік емес, үйлесімді, жетелі «өтірік». Ең құрығанда өзіңіз қалтқысыз сенетін сәби «өтірік». Бұл туралы Мураками, Мо Ян, Юи Хуа сынды қаламгерлер ара-тұра айтып келеді. Бұның ар жағында ұлы ұстаз Фолкнер жатқаны анық. Дегенмен бұл соншалық сүйкімсіз өтірік емес. Хикаятшының шеберлік жемісінен туындаған, шындыққа қызмет ететін, әдебиеттің абыройы үшін қашанда керек байыпты «өтірік».

- Бүгінгі проза туралы сөз болғанда тіл мәселесі де ешуақытта шетін қалған емес қой?

- Стиль – ойға жүгінсе, тіл – қашанда көркемдік баяны. Шикі материялға жүдеу тіл қосылып, көтерем шыққан шығарманы оқу барысында кібіртіктейміз де қаламыз. Содан шыдамың сарқылып, жалғасты оқудан қаласың. Салалас, құрмалас сөйлемдерді құрай алмауды, сөз таптарының салмағын бағамдай алмауды айтпағанда сөз қайталау өте көп кездеседі. Күнделікті ақпараттық материялдар да ғана емес, көмекші етістіктер қосынын көкркем шығарма да соншалықты жиі қайталауды кездестіреміз. Бұл жақсылық емес. Прозалық шығармалар мен аудармалар да көбіне етістікті өлтіреміз. Себебі, жазушыларымыздің сауаты төмен, ал аудармашылар бүгінгі әдеби ағымдар мен жаңа арналардан хабарсыз келеді. Сосын да тізеге салып «қазақшалаған» болады. Жоу Гопиыңның: «Шопенгауер сын есім зат есімнің жауы деген, ал зат есім етістіктің мүрдесі дер едім» дегені бар. Екі ауыз сөз. Бірақ сөздің тірі, жанды шығуына қай сөз табының маңызды екенін, әр сөз табының ара-парқы мен маңызын, міндетін білуді меңзеп тұрған жоқ па?.. Мұхтар Әуезов «Көркем әдебиеттің тілі» деген мақаласында: «Балақаев жолдас «ажарын көрді» демей, «ажарын сезді» дегенді сөлекет деп есептейді. Бұған қосылуға болмайды. Себебі «ажар» деген бет-пішінді ғана емес, ол адамның кейде іші, кейде тысы болып ауысып отырады. Ал адамның ішін атаған тұс болса, ол ішті көруге болмайды, сезуге ғана болады... «Ажарың ақ түлкідей қырдан қашқан» деген ескі өлеңде, түлкінің серейген құлағын, сүйір тұмсығын, жылтың қаққан көзін айта ма? Сол көрініп тұрған сипаттарына теңей ме? Жоқ, жүйрік, жылпың тағының қылығына теңейді»,- деп жазады. Сөзді образды, жандандырып, жаңартып қолдануда, сөздің тозыңқы ұғым ажарынан қашып, соны мағына үстеуге, күрделі көркем мәтін құрауға келгенде бізге таптырмас үлгі қазақ сөзінің зергері, қазақ мәдениетінің ұлы ұстазы Әуезов екені талассыз. Жоғарыда аталған мақалада Әуезов: «Жазушыныі көркем әдебиеттегі тілі тек жабайы жұпыны ұғымның тілі болып қана қоя алмайды. Ұғым, түсінікпен қатар, ой мен сезімге бірдей әсер етерлік айшықты тілмен әсем сөйлеу шарт. Дәм жоқ татымал тіл мен мәдениеті төмен адамдардың күнделік қалпында тұтынып жүрген шама-шарқына өлшенген әдеби тілі – көркем тіл болып жарытпайды. Поэзиялық тіл тудыратын әдебиет тілі бола алмайды»,- деййді. Біздегі әдеби шығарманың тілі туралы бұдан асырып бірдеңе айта алмаймыз.

- Жазу шеберлігі хақында не айтқан болар едіңіз?

- Әдеби тілмен бөле жаруға келмейтін тағы бір мәселе – жіңішкелікпен егжей-тегжейлі жазу. Бұны қимыл-қаракетті, портретті немесе белгілі ортаны, тұтас мәтінді, дәл шебер бейнелеу, жанды суреттеу деп ұқсақ та болады. Бұл тақырып туралы сөз болғанда Мағаз Разданұлының «Кебенек кигеннің тойы» атты шығармасындағы мына суреттер еріксіз ойға оралады. «Көмілмелі көк сұры тебен шапаны мен сақтиян саптамасы көнетоздығын білдірмей, Байдар бойына жарасып тұр. Ал малақайы жөнінде бірдеңедеу қиын. Әлде өлшемнен тыс кең тігілгеннен бе немесе Байдардың басы сонша қкшиып кеткен бе, әйтеу маңдайсыз малақай қазыққа кигізгендей қалтылдап, көңілі қалған бастан ыршып жерге түскісі келгендей еденге қарап тап-тап береді. Қырып тастаған сақал мұрты тепкіліесе кетпейтін ырыстай қайтадан қаптап, тебіндеп келеді екен. Екі ұртының ішіне кіріп су алып кеткеніне қарағанда, отыз тістің біреуіне де ие бола алмай қалса керек. Отырма қостың етегіндей делдиіп барып, ұш жағы қайта сүйірленген. Үшкірше мұрыны жымырылған ерінніңүстінен әдепсіздікпен аттап кетіпті. Сақалдан айрылған ұзын жетім иегі жоғары қарай қайқиып, мұрынымен өбіскелі аз қалыпты. Үлкен бір қабақ соқтаның астында жатқан көздері қырық найзалы үйге түскен күннің сағымындай жылтырайды». Бұл жай ғана портрет беру, суреттеу, қызыл тілді қызықтау емес, бұл нағыз кейіпкердің жанәлеміне үңілудің шебер де классикалық озық үлгісі. 2020 жылы 16 қыркүйекте Бейжиің педогогикалық университетінің жаңа оқу бастау салтанатында сөйлеген сөзінде Юи Хуа Джойс туралы қызықты дерек айтады: «Бірде енді жазып жүрген жас жігіт шығармасын көтеріп Жойсқа барады, мақсаты оның пікірін, көзқарасын тыңдап, тарбие алу. Шығарманы оқып болған Джойс, әңгіме ішіндегі поп пен махаббаттасып жүрген қызы екеуінің араға ұзақ уақыт салып барып кездескен сәтін өте жіңішкелікпен тамаша жазғанына қатты сүйінеді. Мқнда поп ат арытып, тон тоздырып, қиыр шалғайдан жол басып келіп, қыздың алдында пайда бола кеткенде, екеуі кездескен жерден бас салып қауышпайды, қыз әуелі аса ыждағатпен поптың кеудесіндегі крест белгісін сүйген соң барып, екеуінің құшағы айқасады. Джойстің дәл осы тұсқа берген бағасы жас жазушыны қатты көңілдендіреді. Сонымен Джойстің алдынан өз-өзіне симай қайтқан жазушы, әлгі әңгімесін өзі пәтер жалдап жатқан мейманханадағы жалшы қызға көрсетеді. Жалшы қыз оқып шығып, Джойсқа мүлде керағар пікір айтады. Дәл Джойс мақтаған жерін оқығанда, бұл жағдайды жазуың оңды болмаған, поп алыс жол басып, арып-шаршап келіп отыр. Осы барыста сөз жоқ крестің бетіне шаң-тозаң қонып қалды деген сөз. Сондықтан, менше болғанда қыз әуелі крест белгісінің шаңын сүртіп, сосын барып сүюі, одан ары поппен қауышуы керек... кейін бұл әңгімені естіген Джойс сен менен қалай жазуды үйренбей-ақ қой, әлгі жалшы қыздан үйренгенің дұрыс деп ақыл қосады. Лексия соңында Юи Хуа нәзік ирімдерді қалай егжей-тегжейлі, жіңішкелікпен жазу шеберлігін «Люс» сияқты ұлы шығармалардан оқып үйрену керектігін қайталай ескертеді. Жазушы Мо Ян «Қопарлыс» атты шығармасының ішінде әкесі ұлының бетін жанып жіберген бір шапалақтың өзін 18 мың әріппен жазып шығады. Сол кезде бұл шығарманы журналға баспақшы болып отырған «Халық әдебиетінің» бас редакторы, жазушы Уаң Мың оқып көріп, қол астындағы редакторға: «Мен қартайған екенмін. Егер қазіргімнен жиырма жас жас болғанымда, мына сүмелекпен бәсекеге түсер едім, бірақ қазір күйім келмейтіндей»,- депті. Бұл жерде Мо Янның соншама құнытты ізденгіштігінен тыс, Уаң Мыңдай аға буынны риясыз шындығы, жас қаламгерлерге деген шынайы қолдауы кісі сүйінерлік. Біздің классик жазушымыз Жұмабай Біләлұлы да бір басыңқы, көп бағыныңқы сөйлемдерді жиі қолданатын, тыныс белгісін де көркемдік құрал ретінде пайдалана білген сөз зергерлерінің бір егейі. Мықты сұңғыла жазушы әр шығармасын жазған сайын өзіне тән лайықты тәсіл іздеумен болатыны анық. Бұл өзі қажырлы, үнемі жұрт жаңалап отыратын қаламгерлерге тән жайт. Бүгінгі қазақ прозасы да өзінің ұлттық жүлгесін сақтай отырып, әлемдік әдебиет пен мәдениеттің озық үлгілерін барынша бойына сіңіріп, өзімізге ғана тән, өз болмысымызды айшықтайтын кемелдік өресіне көтерілуіміз керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар